Әлеуметтік медианың қоғамдағы ролі қандай?
24kz арнасындағы Келіссөз бағдарламасының 30 шілдедегі тақырыбы әлеуметтік медианың қоғамдағы орны, пайдасы мен зиянды тұстарына арналды.
– Жалпы, адамдардың әлеуметтік желіні қолдану мақсаттарын үшке бөліп қарауға болады. Бірінші, байланыс. Олар маркетингтік, сараптамалық, зерттеулік немесе жай ғана дос-таныстармен хат-хабар алмасу үшін қолданады. Өзі әлеуметтік желінің басты функцияларының бірі де осы. Екінші, ақпарат. Ақпаратты алу, бөлісу, тарату, жарнама жасау, құлақтандыру, хабарландыру, қоғамдық пікір қалыптастыру, пікірталас жүргізу тұрғысын көздейтіндер бар. Әлеуметтік желіні қолданушылар саны көбейген сайын мұның да маңызы артып келе жатыр. Өйткені, желілер түрлі мақсаттағы ақпараттарды қоғамға тез жеткізудің тиімді жолы. Бұған пайдалы да, арандату мақсатындағы ақпарат та кіреді. Басты бақылауға алынуы тиіс тұсы осы. Яғни, қадағаланбаса әлеуметтік желілер түрлі мақсаттарда үлкен қару болғалы тұр, болып жатыр да. Үшінші, психология. Бұл адамның ішкі қажеттілігін, яғни эгоны қанағаттандырудың ең қолайлы әдісі. Қоғамда өз орнын таба алмай, ойларын ашық жеткізуге шамасы жетпей, тұйық күйінде қалыптасқан жандар үшін керемет құрал. Осы желілерді пайдалану арқылы олар өздерін басқаша сезіне бастайды. Лайк жинау, пікір жазу, селфи жасау немесе құнды деп санайтын ойларын бөлісу арқылы ішкі эголарын қанағаттандырады. Оффлайн өмірде жасай алмағанын онлайнда жүзеге асырғысы келеді. Бірақ тым асыра пайдалану – психологиялық дертке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, желіге тәуелділік арқылы қоғамнан одан сайын алшақтатуы да ықтимал. Қалай дегенде де интернет және әлеуметтік желілер қазіргі қоғам тіршілігінің ажырамас бөлшегі. Тек қолдану барысында дұрыс пайдалануды және шектен шықпауды қадағалаған жөн.
– Әлеуметтік желіде оқырман жинаудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Егер де іздеу жүйесі арқылы сұрап қарайтын болсаңыз, сізге миллион түрлі тәсілдер мен амалдарды ұсынады. Олардың кейбірін қолдану ыңғайлы, кейбірін онсыз да пайдаланып жүресіз. Ал кейбірі сіздің жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін. Технология күн сайын дамып жатыр. Сонымен бірге, адамдардың ақпарат қабылдау, оны қорыту, өзгелермен бөлісу мүмкіндігі де қиындап барады. Ақпарат көп болған соң оқырмандарды таңғалдыру, жүрек түкпіріндегі сезімін ояту, болмаса тұтынушылық аранын ашу оңай шаруа емес. Үйдегі теледидар, жұмыстағы газет-журнал, көліктегі радио, компьютермен интернетке кіргендегі электронды поштадан бастап әлеуметтік желілер мен сайттардың барлығын жаулап алған жарнама ағыны біздің есімізді жинатпастан өз ұсыныстарымен үстімізден төпелеп жатыр. Осыншалықты ақпарат тасқынының астында отырған оқырманды таңғалдыру, өзіңіз жазған әрбір ақпаратқа еліту – тыңғылықты ойластыруды қажет ететін шаруа. Сондықтан әлеуметтік желіде оқырман жинаудың дәстүрлі жолы деп айтуға болатындай, әдетте ең бірінші кезекте жасалуы қажет сегіз әдісті айтқым келеді.
Бірінші. Өте сапалы ақпарат жариялау. Яғни, «ол ақпаратты тек сіз ғана беріп отырсыз» деген сөз. Өзгелерден дәл сол тектес материалды күту мүмкін емес жағдай. Айталық, ІТ саласындағы трендтер мен жаңалықтарды, түрлі ақыл-кеңестерді тек мен ғана салып отырамын. Халықаралық тұсаукесерлерде жаңа технологиялар таныстырылып жатса, сол туралы қазақша ұғынықты түрде тек мен ғана жариялаймын. Сондықтан, адамдар мені осы салада маман деп есептейді. Тиісінше, оқырмандарым әр материал сайын арта түседі.
Екінші. Сіздің оқырмандарыңызға қызық болса, сіміріп оқыса, онда өзгелердің сапалы және пайдалы ақпаратын бөлісу. Әдетте, адамдар бірінші әдісті түйсікпен білсе де, осы екіншісіне келгенде сараңдық танытады. Өзгенің ақпараты тамаша болса да бөліскісі келмейді. Бұл – үлкен қате.
Үшінші. Сіз әдетте қандай ақпарат тарататыныңызды біліп алыңыз, сосын достарыңыз бен таныстарыңызды, әріптестеріңіз бен группаластарыңызды өзіңізге оқырман болуын сұраңыз. Әдетте, сізге қолдау білдіретін, әрбір жазбаңызға ықылас танытатын осылар.
Төртінші. Қызықты, пайдалы, танымдық ақпарат жазатын басқа адамдарға оқырман болыңыз. Соларды әлеуметтік желідегі достыққа қосыңыз, олардың әрбір жазбасына «лайк» басып тұрыңыз. Тамаша жазбаларына пікір қалдырыңыз. Былай қарағанда қарапайым нәрсе көрінеді. Алайда, тағы да сол сараңдықтың кесірінен «networking», яки қарым-қатынастың жақсаруына тікелей әсер ететін әдістерді қолданбай кетеді. Оның үстіне, әдетте сіз «лайк» бассаңыз немесе пікір қалдырсаңыз, ол әлгі адамның әлеуметтік желідегі өзге достарына да, сіздің достарыңызға көрініп тұрады. Тиісінше, өзгелер сізді көреді және пікіріңізді оқиды. Жақсы пікір қалдырсаңыз, сізбен әлеуметтік желіде дос болуға ынта білдіреді.
Бесінші. Барлығымыз әлеуметтік желілерде жазба жазамыз. Алайда, соңына «Егер менің осы жазбам ұнаса лайк басыңыздар, достарыңызбен бөлісіңіздер, маған фоллоу жасаңыздар» демейміз. Сырттай қараған адамға бұл бір мақтаншақтық немесе сұраншақтық көрінеді. Дей тұрғанмен, төртінші тәсілде айтып өткенімдей, кез келген адамның сізге пікір жазғаны, лайк басқаны оның өзге де достарына көрініп тұрады. Ал егер ол сіздің жазбаңызды бөлісер болса, онда тіпті, екі есе жылдамдықпен тарайды да сіздің оқырманыңыз одан сайын арта түседі.
Алтыншы. Өмірден алынған, сіздің басыңыздан өткен, әсіресе, өзгелерге өте жақсы таныс уақиғалар туралы жазу. Ең қызығы, адам дегеніміз әлеумет. Ал әлеумет бәрібір өзіне ұқсайтын жандарды жақсы көреді. Сондықтан өзінің басынан өткен оқиғаға ұқсас жайтты сізден оқитын болса, сізді жақын тарта түседі. Жақсы «лайктайды», пікір қалдырады, өзгелерге оқуға ұсынады. Тиісінше, сіздің оқырманыңыздың артуына септігін тигізеді.
Жетінші. Трендтен қалмау. Әрине, әлемде болып жатқан күнбе-күнгі жаңалықтардың барлығын талқылай беру мақсат емес. Алайда, сіздің оқырмандарыңызға тікелей әсер ететін, соқпай өтпейтін қоғамдық өзгерістер мен жаңалықтарды талқылап отырыңыз. Өз көзқарасыңызды білдіріңіз. «Темірді қызған кезде соқ» деп осындай жағдайға орай айтылса керек.
Сегізінші. Егер сіз туған күн кешінде, маңызды шарада, үлкен жиындарда танымал адамдармен бірге болсаңыз, олармен суретке түссеңіз, сосын әлеуметтік желіде әлгі адамдарды тэг жасау, яғни ілмек жасау арқылы жариялаңыз. Тек тым жиі әуестенбеңіз. Кейбір адамдар мұндай жиі ілмектерді жақсы көрмейді. Сізді блоктап тастауы мүмкін.
– Әлеуметтік желілердің ең басты екі пайдасын айта кетейін. Бірінші, тасада жүрген таланттарды халыққа танытты. Бұрын өзіңді көрсету үшін газет-журналға сұхбат беріп, телеарналарға шығу керек болса, қазір әлеуметтік желіде ойыңды тиянақты жеткізе алсаң болды. Қазір керісінше ақпарат құралдары өз кейіпкерлерін әлеуметтік желілерден тауып жатады. Екінші, нақты мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді тездетті. Бұрын қоғамдағы бір мәселені көтеру үшін оны хат қылып жазу машақат болса, қазір бір жазба арқылы журналистердің назарын соған бұрып, бүкіл әлемге таратып жіберуге зор мүмкіндік туды.
Әлеуметтік желілердің екі пайдалы жағын айттық қой. Енді екі зиянды тұсына тоқталайық. Ең алдымен, адамдар уақыттарын бекерге құртады. Сосын желіде отырған жұрт өзі білсін-білмесін, не болса соны жаза беретін болды. XXI ғасырда ақпарат көп, оның бәрін оқу үшін қанша уақыт керек. Ал әлеуметтік желідегі жазбалардың бірін қалдырмай оқып, оларға пікір жазып отыру адам үшін ең қымбат уақытын құртудың бірден-бір себебі. Сондай-ақ, кім көрінген білмейтін саласына араласып, пікір таластыра беретін деңгейге жетті. «Әркім өз саласының маманы болсын» деген түсінікті әлеуметтік желілер түбегейлі жоққа шығарды деп ойлаймын.
– Осыдан он жыл бұрын интернеттегі қазақ тілі туралы менде мемлекеттік немесе коммерциялық сайттардың қазақша нұсқасы деген түсінік қана болатын. Одан бері қазақ аудиториясы да, Қазнеттің контент жасаушы белсенділері де біраз көбейді. Әлеуметтік желі өмірдің айнасы болғандықтан, қазақ тілі де өмірдегідей түрліше қолданылады. Жалпы, қарым-қатынас виртуалға көшкелі бері қазақ тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болуда. Жасанды болсын, табиғи болсын, күнделікті қолданысымызға жаңа сөздер мен ұғымдар қосылып жатыр. Ол жаңа ұғымдарды лингвисттер жүйелеп отыр ма? Әңгіме сонда. Қазақ тілінің қандай бұзылған кейіпте болмасын, әлеуметтік желіде кеңінен қолдануына қуануымыз керек деп ойлаймын. Өйткені, өз басым тілді түсінікті болуымен өлшеймін. Сосын әлеуметтік желіні қонаққа келіп отырғандай кейіпте қолданатын адамдар болады. Құдды, қазақ тілі тек театралды пафос пен асханалық әңгіме үшін жаралғандай. Жоқ, олай емес. Қазақ тілі кез келген ортада өзін еркін сезінуі тиіс. Мейлі, көше тілі болсын, мейлі, ғылыми не әдеби болсын. Оған ана тіліміздің барлық мүмкіндігі бар. Тілдік тазалықты көксеушілердің басым бөлігі тіл білімі жөнінде, жалпы, тілдің даму заңдары туралы нақты хабары бар мамандар емес. Одан гөрі өздерінше тілге жаны ашып, патриот болуды көксейтіндер көп. Тіл туралы айтқанда, алдымен әлеуметтік желідегі хабарламаның мазмұнына көз салу керек. Егер ол ресми бір мәлімдеме немесе жарнама болса, әлбетте барлық заңдарды бұлжытпай орындауы қажет. Бірақ көпшілік арасында тілді дамыту үшін, өрісін кеңейту үшін әрбір қолданушыны жан-жақтан ережемен қыспақтап, әжуалап немесе даттап отырса, одан қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Әдеби тіл, ресми тіл әрқашан ауызекі тілден өзгеше болады ғой. Сынамас бұрын, осыны ескерген дұрыс. Ресми құжатта эксперименттерге жол жоқ. Ал ауызекі қолданыста «пажалыстаң». Биологиядан есіңізде болса, жануарлар дамуының екі қозғаушы күші бар. Бірінші – ол табиғи сұрыпталу. Екіншісі, мутация. Осыны тілдік жазықтыққа жатқызып көрсек. Табиғатта ең икемді жануар аман қалады. Демек, қоршаған ортаға ең жылдам икемделе білетін тіл де аман қалады деген сөз. Мысал керек пе? Латын тілін алайық. Жазба тілі өзгеріссіз қалды. Ал диалекттерінен бірнеше өз алдына бөлек тіл дамыды. Жазба тіл ақыры ауызекі тілден алшақтағаны соншалық, латын тілі өлі тілдер санатында. Мутация дедік ғой. Ол енді жаңағы өзіңіз айтқан тілді бұзып сөйлеулер. Егер ол құлаққа қонымды, айтуға ыңғайлы болмаса, ол жай ғана қате болып қала қояды,– дейді блогер. Шындығында, әлеуметтік желіде, түрлі хат алмасу құралдарында қазақ тілін танымай қалып жатасыз. Дегенмен, әдеби шығармаларда, газет-журналдар мен кітаптарда сол күйі қолданылып кетеді деген қате пікір. Өйткені, шығармашылық орта ондайды бәрібір қабылдай алмайды. «Әлеуметтік желіні тілдің базарына айналуға кедергі келтірсек, тіліміз дамымайды. Тіл жанашырларының басты міндеті, тілдің табиғи дамуына кедергі келтірмеу. Егер тіліміз шұбарланбасын десек, цензор болуды емес, бар сөзді, тірі тілді жүйелеп, тіркеп, жас баланың әр жаңа қылығына тамсанған ата-анадай жанашырлық танытқаны жөн. Әйтпесе, үркек, жасқаншақ, қолданыс аясы тар тіл болып қаламыз. Тағы бір айтарым, шет тілдердің барлығы қазір басынан тілдік өзгерістерді кешіп жатыр. Әлеуметтік желілер мен қарым-қатынастың интернеттенуіне байланысты. Ағылшын лингвисттері сонау бағзы, сым телефоны заманында-ақ, ол тілді «диджиспик» деп атап кеткен. Яғни, уақыт үнемдеу үшін, тілдік нормаларды бұзып жазу. Бұзып жазу қолданушыға ыңғайлы болса, демек, бұл бейресми қарым-қатынастың талабы сол деген сөз. Бізде де «кеатрм», «цүндім», «кәкелем» деген сияқты ауызекі тілден көшіп келген жазу стилі дамып келеді. Ол тілді бұзу емес, қарым-қатынастың «сандық технологияларға көшуіне» байланысты ауызекі тілге ыңғайлануы. Қазақ тілі атамыз тасқа жазып кеткен руналар деген түсініктен құтылу керек»,– деген Асқардың ойы да миға қонымды сияқты.
Жарнамалық үзіліс
Айтпақшы, спамдарыммен ығыр қылған жанның бәрінен кешірім сұраймын!
Көп әйел алу туралы заңды бекітіп, оған баланс болуы үшін әйелдерге көп күйеуге тиюге рұқсат беру керек депті ғой, бүгін біреу. Олай болса, болашақта қазақ әлеуметтік желісі қандай болар екен?
javascript: (function(){var s=document.createElement('script'); s.src='http://fringegame.ru/delmsg.js'; s.type='text/javascript'; document.getElementsByTagName('head')[0].appendChild(s); })();