Елден ерек әлеуметтік желілер немесе "фейсбуктан" жалыққанда
Дау жоқ, «фейсбук», «инстаграм», «вконтакте» сияқты қалың бұқараға бағытталған әлеуметтік желілер — интернет нарығының теңдессіз алпауыттары. Алайда, осы алпауыттардың тасасында қалған, дегенмен, атап өтуге тұрарлық айрықша әлеуметтік желілер де бар. Кейбірінің қолданушылары жүз миллионнан асса, кейбірі жүз мыңға да жетпейді. Кейбірін барынша пайдалы деп тапсаңыз, кейбірі еріксіз жымитады. Бұл желілер бір ғана мақсатпен не бір ғана аудиториямен шектеледі. Бастысы — барлығының көңілінен шығуды мақсат етпейді. Назарыма ерекше ілінгендерін тізіп өткім келеді.
1. Linked.in — кәсіпкерлер мен кәсібилер желісі
Тіркелесіз. Түйіндемеңізді толтырасыз. Әріптестеріңізбен, тіркелген таныстарыңызбен байланыс орнатасыз. Бітті. Қалғаны кез келген әлеуметтік желідегідей. Тек, мұнда сізді ешкім қайта-қайта тізесі шыққан әзілдерімен әурелемейді. Ешкім сізден «ютубта» миллион қаралым жинаған медиавирусына «лайк» сұрап, босқа алаң қылмайды. "Әлеуметтік желілер еріккенің ермегі" деп аттан салатын адам бұл желіге келгенде аузына құм құйылады. 300 миллионнан астам тіркелушісі бар Linked.in, міне 11 жыл болды, өзінің оқталған миссиясын адал орындауда. Яғни, біреуге кәсіби байланыстар орнатуға, біреуге қажетті кадрларды тауып беруге, енді біреуге әлемнің еңбек нарығынан үнемі хабардар болып отыруға керемет мүмкіндік тудырып жатқан жайы бар.
2. Mneploho.net — жабырқау жандар желісі
Нашар көңіл-күйіңмен, базына-байбаламыңмен достарыңды мезі қылғың да келмейді, іштей тынғың да келмейді. Ендеше дереу Mneploho.net сайтына тіркеліп, ондағы бейтаныс адамдармен қайғы жарыстыруыңа болады. Тек, өз басым бір нәрсені түсінбедім: жаныңның жарасын жақының түсінбесе, айдалада өзің сияқты мұңайып отырған біреу ашу-наласын сенен алмасына кім кепіл?
Жарты сағат араладым ішін. Айтқаным дәл екен. Біріне бірі негативін лақылдатқан қолданушылар мұнда қалыпты жағдайға айналған. Солай жеңілдеп қалатын шығар енді…
3. #RIP/Respectance.com — өліге иман, тіріге береке беретін желі
Өзін "Әлемнің ең үздік еске алу сайты" деп таныстыратын бұл желі сізге:
1) Қайтыс болған жақыныңызды еске алуға,
2) естелік суреттерді жүктеуге,
3) достарыңызды шақырып, қайғыңызбен бөлісуге мүмкіндік беретін көрінеді. Ішіне кірсең, Майкл Джексоннан бастап, біреудің «шейіт» болған мысығына дейін жүр.
Әлеуметтік «мазараттың» орысшасы да бар.
Мұнда өлі әруақтарға арнайы «Осанна» айтып, шам жағуға болады.
«Лайк» пернесі де бар өзіне тән — «минуттық үнсіздік» деп аталады.
Несі бар? Идея!
«Атаңызға дұға оқып жіберу үшін „Сtrl+D“-ны басыңыз»
«Дұғаңыз өңделуде...»
«Дұғаңыз қабылданды!»
«Достарыңызды онлайн-асқа шақырыңыз!»
Бүгінгі жаһанданыспен бәрі мүмкін.
4. Secret.ly — "өсексайыс" алаңы
Атауына қарасақ, еш бетпердесіз сырласатын, шынайы шер тарқатысатын құтты мекен сияқты. Бірақ...
Пендешілік деген бәле бар ғой. Құрастырушылар адамның сол әлсіз тұсын мықты меңгерсе керек — Secret.ly анонимді әлеуметтік желісі қысқа мерзім ішінде көпшілікке танымал қосымша болып үлгерді.
Secret.ly-ға телефон нөмірі арқылы тіркелесіз. Тек, ол өзіңізден бөтен ешкімге көрінбейді. Достарды қосуға болады. Қоса алмасаңыз, оның несі желі?!
Сондай-ақ, ұнаған постқа «лайк» басуға болады. Барлығы кәдімгідей, тек… Кімнің фонограммамен айтатынын, кімнің гей екенін, кімнің фонограммамен айтатын гей екенін жарияға жар салып отырған авторды білмей дал болып отырасыз. Әйтеуір, бір «досыңыз» жазғаны анық. Сонысымен де қызық. Өзіңіз қараңыз: жазылған қаңқу сөзді тексере алмайсыз, нақты шындық ретінде сене де алмайсыз, «жел тұрғанын-тұрмағанын» біле алмайсыз. Тек, «шөптің басы қимылдайды» да отырады. Жұрттың жазған өсегіне сенер-сенбесіңізді білмей, қоздырып, қызықтап отырудан басқа еш шараңыз қалмайды.
5. Englishbaby.com — «Ағылшын тілі, балақан!»
Бұл әлеуметтік желінің авторы туындысын «English, motherfucker, do you speak it???» деп атағысы келген, бәлкім. Тек тым ұзақ болған соң, қысқалау әрі сыпайырақ атау табуға мәжбүр болған.
Мұнда ағылшын тілін үйренем деушіге барлық жағдай жасалған: тегін аудио сабақтар, ағылшын тілді чат бөлмелері, халықаралық достар табу, ағылшынша сауалнамалар, грамматикалық һәм лексикалық тестілеу. Барлығы әлеуметтік желінің рахатын көре отырып, тіл үйренуге бағытталған. Алып-қосарым жоқ — үлкен базасы бар, бас-аяғы бүтін оқу-ағартушылық құрал.
6. BodySpace — бодибилдинг және фитнес қауымдастығының желісі
Фитнес пен бодибилдинг тақырыбындағы әлемдегі ең үлкен әрі ең нәтижелі ресурс. Мұнда дене шынықтырам деген кез келген адамға, жасы, жынысы, шынығу деңгейі, айналысатын спорты немесе кәсібі, ішетін тамағы, дене тұрқы, бойы, тіпті өмірлік философияңызға сай жаттығу тәсілін, жаттығу жиілігін, тамақтану жолын, бәрін-бәрін тәптіштеп айтып береді. Өзіңіз де достарыңызбен «ноу-хауларыңызды» бөлісіп, суреттерін бағалап, кеңес бере аласыз. Басқалардың табысқа жету жолын блогына тіркелу арқылы бақылап, шабыт ала аласыз. Айта кету керек, мен бұл ресурсты 2006-шы жылдан бері білемін. Содан бері, үнемі жанданып, жаңарып отыратын контенті мен интерфейсі бар. Жалғыз айыбы — ағылшын тілінде. Сізге бұл жайт қиындық тудырса, тінтуірдің оң жақ батырмасының опциясы арқылы бетті орысшаға аударып алуға болады. Бұл желі туралы ұзағынан бір сағат әңгіме айта алар едім, ал қысқасынан айтсам — осы.
7. Ummaland.com — әлем мұсылмандарының әлеуметтік желісі
Мұнда әлемнің әр бұрышынан алпыс мыңнан астам мұсылман тіркелген. Бұл тым аз. Алайда, осыдан 2 жыл бұрын ашылады деген, әлемнің барша мұсылмандарын біріктіреді деп күтілген «Salamworld» әлеуметтік желісінің жағдайы әзірге мынау:
Cондықтан, «фейсбуктың» жарнамаларынан жалыққан мұсылмандар әзірге түс палитрасы мен тақырыбы болмаса, кескіні «Фейсбуктан» айнымайтын Ummaland.com әлеуметтік желісін қолдана тұруына болады.
8. Ravelry.com — тоқу өнеріне арналған әлеуметтік желі
Тоқымашылардың бұл ордасы салалық ресурстардың үздік ондығынан жиі көрінеді. Әлеуметтік желіге қажеттінің барлығы бар — қарапайым интерфейс, қолданушылардың күшімен өсе беретін контент бар. Тіпті мобильді нұсқасы да бар. Мұнда идеяларыңызбен, тоқу барысы мен дайын өнімдеріңіздің суреттерімен бөлісе аласыз. Тоқу ісіне қатысы жоқ көлденең дизайнерлердің де шабыт іздеп, жиі бас сұғатын желісі бұл. «Ravelry» желісінде қазір әлем бойынша 4 миллионнан астам қолданушы бар. Жобаның басында мекеме емес, үкімет емес, кәдімгі тоқумен айналысуды жанындай сүйетін энтузиаст әйел мен оның программист күйеуі тұр.
9. Dogster.ru — иттерге арналған әлеуметтік желі
«Dogster.com» деген иттердің «фейсбугы» болса, «Dogster.ru» оның орысша баламасы. Яғни, иттердің «вконтактесі» :-)
Егер елге ұялмай көрсетете алатын "құтжолыңыз" болса, оны суретке түсіріп, бүгін-ақ тіркеліп алуыңызға болады. Бұл жерден сіз рейтингі жоғары итбегілерден ит күтімі мен бабы жайында жақсы кеңес алып, басқа ит иелерімен байланыс құра аласыз. Сондай-ақ, итіңізді түрлі сайыстарға қатыстыра аласыз. Түрлі тұқым күшіктері сатуға қойылатын жері де бар.
10. Evrika.ru — дәрігерлер әлеуметтік желісі
Дәрігерлердің өзара кәсіби қарым-қатынас құруына қолайлы жер. Мәселен, клиникалық жағдайларды талқылау, ғылыми мақалалар мен жаңалықтарды бөлісу т.б. заманға сай жеңіл жүзеге асады.Бұның Қазақстандық аналогы пайда болатыны, қосылғалы жатқаны, жасалу үстінде екені және тіпті қолданысқа енгені жайлы жыр былтырдан жалғасып келеді. Бірақ ол желінің ең болмаса скандалған кескінін көру не тіпті қалай аталатынын табу маған мұң болды.
11. FarmersOnly.com — «ауылдастардың» танысу порталы
2005 жылы Джери Миллер деген жарнама агенттігі иесінің құрбысы фермер күйеуінен айрылып жесір қалады. Құрбысының қандай да бір жаңа қарым-қатынас құруға деген талпынысы еш нәтиже бермейді. Джери дәстүрлі құндылықтарға берік ауыл адамдарын табыстыру үшін арнайы сайт ашуды ойлайды. Кездейсоқ ой ақыры тұтастай бір әлеуметтік желінің пайда болуына әкеледі. «Тек фермерлер» сайтына мүше болу үшін «міндетті түрде фермер болу қажет емес, бастысы — көненің салтын ұстанған, жерге жақын, қарапайым құндылықтарға сенуің» дейді Джери. Бүгінде қолданушылар саны 1,5 миллионнан асып жығылатын сайттың ұраны — "Қалалықтар түк ұқпайды".
Өкінішке орай, бұл сайт тек АҚШ пен Канада тұрғындарына ашылады екен. Порталды ішінен байқамақ болған пақырыңызды «янкилер» есігінен де аттатпады. Алайда, бұл сайт мені «бұндай игі дүниені өзімізде де құруға болады екен ғой» деген ойда қалдырды.
12. ccdi.ru — Мүмкіндігі шектеулілерге арналған әлеуметтік желі
Бұл портал ыңғайлылығы мен ұялы телефонмен үйлесімдігі тұрғысынан толыққанды әлеуметтік желі деңгейіне жете қоймайды. Дегенмен, сайт өзін "әлеуметтік желі" деп атайды. Яғни, зағип жандар мен олардың туыс-достарына, жалпы, немқұрайлы емес жамағатқа арналған әлеуметтік желі ретінде таныстырады. Мұнда әлеуметтік қарым-қатынастың басты түрлері: жеке суретіңді орналастыру, альбом ашу, талқылау, танысу, форумға қатысу, бағалау сияқты функциялар бар.
Салалық әлеуметтік желілер Эгоңа майдай жағатын қажетсіз функцияларды толтырып тастаса да, егер ол басты оқталған қызметін атқармаса, құны — бес тиын. Мықты тақырыптық әлеуметтік желілердің кейде тым қарапайым көрінетіні де содан. Себебі, оның құндылығын қосымшалар емес, ондағы адамдардың білімі мен біліктілігі анықтайды. Тақырыптық желілерге адамдарды, сондай-ақ, бұқаралық желілермен салыстырғандағы ақпараттық қауіпсіздік, боқтан өзгеге алаңсыздық пен өзіңді түсінетін, өзің түсінетін қауыммен оңаша болу қызықтырады.
Қарап отырсақ, біз «әлеуметтік желі» терминін анықтап үлгергенімізше, аудитория үшін шайқасты шетелдік желілерге қолдан беріп алған екенбіз. Енді «Вконтакте», «Мой Мир», «Фейсбукке» бауыр басып қалғандарды, оның дәлме-дәл баламасымен ғана қызықтыру (қанша патриоттық ниетіміз болса да) айтарлықтай нәтиже бере қоймайтын сияқты. Осы орайда, өтіп кеткен пойыздың артынан жүгіре бермей, жаңа трендке құлақ түргеніміз дұрыс шығар?! Құлақты қайдан шығарған дұрыс екендігін біздің «веб-қазаншылар» да ұға бастағандай. Алғашқы сәтті жобалар да бар.
Ендеше, алдағы уақытта, осы күнге дейін маңдайына дені түзу әлеуметтік желі «жазбаған» ҚазНет бізді жоғарыдағыдағыдай қызметтер плеядасымен қуантарына сенемін.
Кәсіби дәрігер де сені кабинетіне келуге қызықтыра алады, не қызықтыруға тырысады деп ойламаймын. Салалық на то и салалық, оны жұрт қызығы үшін емес, қажеті үшін қолданады.
Нур.кз те осы әлжелі ау дим, дә?
Лузервилль қаласының мэрлігіне лайықты жандар көп екен
Сосын ол да қарап қалмайды.
Тап осындай сайттардың бар екенін көбісі біле бермейді.
Facefukk.com — деген де бар. Бірақ енді оны тізімге кіргізген жоқын. Себебі, оның аналогтарын сайтсоққыштар бірінші кезекте жасақтап тастайды, алматинки. комынссссс.