#QazzaqDepression. Марстағы қазақ

  • Автор
Блог - patick: #QazzaqDepression. Марстағы қазақ
Марс бетіндегі қаззақты елестетіп көрдіңдер ме? Мүмкін турист, мүмкін ғарышкер. Марс тематикасы әлемде кеңінен тарала бастағанда бұл да әбден мүмкін нәрседей көрінеді.

Марсты игеру мәселесі кәдімгідей қолжетімді мақсат-мүддеге айнала бастады қазір. 2020 жылдан кейін тіпті экспедиция да жоспарланған. Арада жылдар өтеді, Марсты игеру кәдімгідей жолға қойылады. Тіпті туристер таситын коммерциялық ұйымдар пайда болады, жекелеген елдер ірі ғылыми-экспедициялық бағдарламаларға өз үлестерін қоса бастайды. Бұндай мүмкіндікті Қазақстан билігі де жібермейді, хуле Астана, Қазақстан брендтерін кеңінен насихаттау керек. Сол себепті күндердің күнінде Қазақстан өз ғарышкерін Марсқа жібереміз деп жар салады.

Әлбетте, Қазақстанның өз ғарыш бағдарламасын жасауға потенциалы жеткіліксіз. Сол себепті қазақ астронавтын бір еуропалық немесе халықаралық бағдарламаға қосып, сол арқылы жіберуге тырысады. Ғарышкердің атын да шамалап тұрмын, екі буыннан тұратын, шетелдіктер айтуға ыңғайлы есімі бар адам таңдалады, типі Талғат, Айдын. Скафандры шетелдік серіктестердің талаптарымен сәйкес болғанымен, қосымша «Astana», ''KZ' деген ебедейсіз жабыстырылған жазулар болады.

Старт күні телеарналардың барлығы космодромнан тікелей трансляция ұйымдастырады. Молда құран оқиды, өзі туып-өскен елді мекеннен бір ақсақал келіп бата береді. Тіпті бір мемлекеттік телеарна Марсқа жеткенге дейінгі қазақтың өмірін көрсететін видеотрансляция немесе арнайы репортаждар жасайтын ерекше бағдарлама ашып алуы мүмкін.

Халық ерекше әсерде болады. Иә, қарсы шыққандар болады. Бірақ олар да қазақ ғарышкерінің кеме ішіндегі қызықты видеоларын байқамай әлеуметтік желіде бөлісіп қояды. Сөйтіп, сырттай қарсы болғанымен, ішкі қызығушылығы бар екенін жасыра алмай қалып жатады.

Марсқа аман-есен қонғаннан кейін қазақ ғалымы Жоғарғы бас қолбасшы алдында тікелей телекөпір арқылы есеп береді және нақты тапсырмалар алады.

Қазақ ғалымының Марстағы сапары жүріп жатқан кезде Жерде үлкен өзгерістер басталады. Мысалы, Қазақстанда ғарыш зерттеулеріне қатысы бар бір мекемеге Марстағы азаматтың есімі берілетін болады. Осы кісінің құрметіне тағы бір ғылыми орталықтың құрылысы басталады, алғашқы іргетасын қалау кезіндегі видеосы Марсқа жөнелтіледі. Марстағы қазақ бұған тебіреніп, көзіне жас алған видеосәлемін жолдайды. Онда отандастарына риза екенін, Қазақстанға өлгенше қызмет етенін айтып тебіренеді. Қолдау білдіргендерге рахмет айтады және елінен жеткен кез-келген хат-хабарға риза болатынын жеткізеді.

Бұл тізбек реакциясын тудырады. Осыны естігеннен кейін түрлі мектептерден, жоғары оқу орындарынан видеосәлемдеме жөнелту тренді жолға қойылады. Ал мәдениет қайраткерлері өз арнауларын жолдайды — әншілер ән айтады, ақындар өлең шығарады.

Бұндай ықылас пен ілтипат қазақ ғарышкеріне ерекше әсер етеді. Еліне деген сағынышы күннен күнге арта түседі. Оның үстіне Жерден 400 миллион шақырым қашықта екені, 6 ай бойы салмақсыздықта ұшып келгені — бәрі-бәрі психологиялық салмақ салады. Елден жеткен түрлі хабарлар оны одан сайын депрессияға түсіріп тастайды.

Сосын ауылы жиі түсіне кіре бастайды: Атасымен бірге қой бағып жүр екен дейді. Аспан жаңбырдан кейін енді ашыла бастаған. Ауа жұп-жұмсақ, жусанның иісі мұрынды жарады. Дәл осы жерге келгенде оянып кете береді. Жусан!

Енді жусан туралы көп ойлана бастайды. Тіпті иісі мұрнына келгендей болады! Қайдағы иіс? Марста иіс түгіл, ауа да жоқ. Бірақ қазақ ғарышкерін бұл тоқтатпайды. Жусанның иісін бүкіл тұла-бойымен, бар болмысымен сезеді. Өз-өзіне сенбей, скафандрын мойнынан ағытып жібереді. Шлемін көтереді де, лақтырып тастайды. Келесі істегісі келген әрекеті — Марстың тозаңды атмосферасын бір жұтып, жусанның иісін татып көру еді. Бірақ шлем Марс топырағына түспей жатып, қазақтың беті алдымен Күн радиациясына шыжғырылып қалады, сосын оттегі жетпей гүрс етіп, қырылдаған дауыспен құлайды.

Ұқсас посттар

9 пікір

Basic
Бұл тізбек реакциясын тудырады. Осыны естігеннен кейін түрлі мектептерден, жоғары оқу орындарынан видеосәлемдеме жөнелту тренді жолға қойылады. Ал мәдениет қайраткерлері өз арнауларын жолдайды — әншілер ән айтады, ақындар өлең шығарады.

Бұл болған жоқ па? көрген сияқтымын))
patick
Болған жоқ деп кесіп айта алмаймын )
MickThatsMyNick
Ғарышкерлер Марсқа қонбай жатып, кеме ішінде кімнің аяғын марсқа бірінші тиеді деп сулифа ойнайтынын айтпадың. Бірақ нәтиже бәрібір өзгермеді, кеме Марсқа жақындап қалғанда қазақ есік алдында өзінен басқасын жолатпай қояды. Бірақ қалған ғарышкерлер жердегілерге бәріміздің аяқтарымыз марсқа бір мезетте тиді деп жалған ақпарат беріп жібереді. Ол қазақ Жерге оралысымен өзінің аяғы Марсқа бірінші тигендігін дәлелдеу үшін есік алдында тұрған кезінде видеокамераға жазылған таспаны ұсынады. Түптің түбінде Әділдік орнап, күллі әлем қазақты мойындайды! Өмірге келген кезде ата-анасының қойған Ақпантоқпанбет Кемпірқосақов деген аты-жөніне өлер алдында ақыры көңілі толады. ©
bake
Сюжет соңы мына бір ретро фильмдегідей ...
Miss_Ray
Мықты екен))) Ғалым болмасам да, айта кетейін: марс жерге қарағанда күннен алыс қой, бет шыжғырыла қоймайтын шығар.))) Сосын алты айда марсқа жету деген 2020 жыл үшін тым оптимистік болжам сияқты.
patick
Күннің жарығына емес, радиациясына шыжғырылып еді :)
Miss_Ray
еее, Марста магнит өрісі әлсіз екен, сіздің арқаңызда біліп қалдым)
Sebastian
Андай емес, беспонтовый депрессиф қой мынау
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.