Arular.kz

Сынаққа толы Спасск сапары. 1 бөлім

Шұлығыңызды жетпіс сегіз сағат бойы шешпеген кезіңіз болды ма? Тоңсаңыз, қырық қабат киініп алып, аяғыңыздың сасығанында шаруаңыз болмай қалады екен. Бұл жердің ауа-райы мұндай мезгілде ерекше қатал болатынын қайдан білейін? Айналасы жазық дала болғандықтан тоқтамай соғатын жел сүйегіңнен өтіп кетеді. Кезінде Қарлагтың бөлімі болғаны жайдан-жай емес қой. Төрт күн бойы суыққа, әскери күн тәртібіне, жаттығуларға төзу физикалық әрі психологиялық тұрғыда да сынақ болды. Мұнда мені не айдап келді десеңізші?

Блог - IShyrak: Сынаққа толы Спасск сапары. 1 бөлім

Республикамыздың Қорғаныс министрлігі жыл сайын журналистер мен блогерлерге арналған әскери дискурс ұйымдастырады. Дискурс бесінші рет қатарынан өткенімен, өзім алғаш рет қатыстым. Астананың әскери әуежайынан алып кеткен әскери ұшақ Қарағандының әскери әуежайына қонды. Арнайы автобустарға отырып, қаладан 28 км қашықтықта орналасқан «Спасск» әскери қалашығына бет алдық. Блогқұрылтайдағыдай автобустан түскен бетте кешкі ас ішіп, сонан соң жайлы төсекке жайғасамыз ба деп ойлап келе жатқанмын. Кенет автобусымызды бір көлік кесіп өтіп, маска киген қарулы топ ішке басып кірді. Әрі қарай атылған оқтардың дыбысы, шыңғырған дауыстар естілді. Есеңгіреп, өз-өзіңді сақтау инстингінің әсерімен қауіп төндіруші тарапынан берілген барлық бұйрықты еріксіз орындайды екенсің. Басымызды көтерткізбей төмен қаратып отырғызып қойды. Қандай бағытта жүріп келе жатқанымыз, енді не болатыны белгісіз. Қарсылық танытпақ болған екі-үшеуін автоматтың шүйдесімен салып қалып, балағат сөздерді жаудырды. Миымда сан түрлі ойлар. “Қызық тамашалайын деп сапар шегіп келе жатқанымда лаңкестердің құрбаны болдым. Бітті.” Автобус бір жерге келіп тоқтады. Бізді жұлқылап сыртқа шығарып, қолымызбен басымызды ұстаған бойы жерге жатқызып қойды.

Блог - IShyrak: Сынаққа толы Спасск сапары. 1 бөлім

Блог - IShyrak: Сынаққа толы Спасск сапары. 1 бөлім

Блог - IShyrak: Сынаққа толы Спасск сапары. 1 бөлім

Блог - IShyrak: Сынаққа толы Спасск сапары. 1 бөлім

Біраз жерге дейін еңбектедік. Оқ пен шу басылар емес. Бір уақытта «Тұрыңдар» деген бұйрық естілді. Басымызды көтерген сәтте күліп, камераға түсіріп тұрған бір топ әскерилерді көрдік. Еш ескертпестен, психологиялық дайындық жүргізбестен олар БАҚ өкілдерін осылай сынап бастады. Сөйтсе жыл сайын жаңа келушілерді қарсы алу дәстүрі екен бұл. Сәуір айындағы шуткілеріңіз ойнап қалады.

(Жалғасы бар, оны да оқыңыз ))
" data-width="600" data-numposts="5">

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.