«Бос орындық» терапиясымен өміріңізді РЕТТЕЙ АЛАСЫЗ

Бұл гештальт-терапиясының техникасы арқылы кез келген адам арнайы маманның көмегінсіз-ақ, ешқандай қаржы жұмсамай-ақ өміріндегі ретсіздікті жөндей алады.

Өміріңізді реттей алмай жүрсіз бе? Орта жолда аяқталмай қалған ісіңіз көп пе? Күн ортасында-ақ есінеп, шаршап қаласыз ба? Бұның бәрінің себебі — бір-ақ нәрсе. Ол ішіңізде қордаланып жиналған агрессивті эмоциялар. Оны сыртқа шығармайынша, өміріңіздегі ретсіздікке шалынып, сүріне бересіз. Ал, шлак және токсинді ас қалдығы секілді бұл эмоцияларды сыртқа қалай шығаруға болады?
Бұл орайда көмектесетін әдіс көп. Соның бірі – неміс психиатр-дәрігері Фредерик Саломон Перлздің«бос орындық» деп аталатын гештальттерапиясы.

КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН?
Белгілі психотерапевт Фредерик Перлз «Бос орындық» гештальттерапиясын мынандай адамдарға арнап құрастырған:
— әлдекімге ренжіп жүрген адам (туысы, досы, жан жары, перзенті, әріптесі, көршісі, бастығы және т.б.);
— өткен шақтан қалған ренішті ұмыта алмай жүрген адам (бұрынғы жігітіне, мектепте бірге оқыған құрбысына, бірнеше жыл бұрын бір ұжымда жұмыс істеген әріптесіне, ажырасып кеткен әйеліне, басқамен бас қосқан күйеуіне және т.б.);
— ата-анасына өкпелі адам; — бауырларына (аға, әпке, іні-қарындас, сіңліге) ренжулі адам;
— әлдебіреуге уақытысында айтылмай қалған сөздері бар адам;
— сағынышы, ғашықтық сезім ішінде тұншығып жатқан адам;
— үнемі өзінің ішкі даусымен келісе алмайтын адам;
— басына түскен оқиғаға тура қарағысы келмей жүрген адам;
— түнде тамақ жеу, тәттіге құмарлық секілділерге нәпсісін тежеуде әлсіз адам;
— зиянды әдеттерге тәуелді адам;
— өзіне сенімсіз адам;
— өзіне не қажет екенін, өз мүмкіндіктерін білмейтін адам;
— өзін-өзі таппай адасып жүрген адам;
Егер, сіз осы тізімнің қатарынан өзіңізді көрсеңіз, онда бұл гештальт-психологиялық терапияны орындауға дайындалыңыз.

НЕ ҚАЖЕТ?
Сізге ешкім кедергі болмайтын оңаша, тыныш бөлме және екі орындық қажет. Сонымен, ішіңіздегі қай агрессиялық эмоция кірінен құтылып тазарғыңыз келеді? Реніштен бе? Егер ренжіткен адам көп болса, оның әрқайсысымен әр күні жеке-жеке диалог құрасыз. Және бір адаммен терапия өз мәресіне жеткенше бірнеше күн диалогты жүргізу керек.

ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛАДЫ?
Бөлмеде сізден басқа ешкім болмағаны дұрыс. Ешкім кірмес үшін есікті ішінен кілттеп қойсаңыз да болады. Сондай-ақ, ойыңызды, сөзіңізді бөлмейтін тыныш уақытты таңдаңыз.
1) Екі орындықты бір-біріне қарама-қарсы қойыңыз. Екі орындық арасы шамамен 1-2 метр болсын.
2) Өзіңізге ұнаған орындыққа жайғасып отырыңыз. Қарама-қарсы орындыққа ойша ренжіткен адамды отырғызып қойыңыз. Иә, әрине ойша елестетіңіз!
3) Диалогты бастаңыз! Оған не үшін ренжулісіз? Айтыңыз. Осы уақытқа дейін ренішті ұмыта алмай жүргеніңізді, оның жасағаны опасыздық екенін немесе достыққа жатпайтынын… ойыңызға қандай сөз келіп тұр сыртқа шығара беріңіз. Қызыл тіліңіз сайрасын, іште айтылмаған сөзіңіз қалмасын.
4) Эмоцияңызға ерік беріңіз. Шындығында ол адам сіздің қасыңызда жоқ қой. Сондықтан қысылмаңыз, ұялмаңыз. Жылағыңыз келсе жылаңыз, айқайлаңыз. Қабырғаны ұрғыңыз келсе, оған да рұқсат.
5) Орныңыздан тұрып, бос орындыққа отырыңыз, яғни орын ауыстырыңыз. Енді сіз әлгі адамның рөліндесіз. Ол сіздің қазір айтқан сөздеріңізге не деп жауап берген болар еді деп ойлайсыз? Жалпы, өз қалауыңыздағы, одан естігіңіз келген сөздерді айтсаңыз да болады. Ол айтуы мүмкін емес деген сөздерді де айта беріңіз.
6) «Ол» сөйлеп жатқанда сізде сұрақ туындай қалса, орныңызды ауыстырып айтарыңызды айтыңыз. Осылай ішіңізде сөз қалмағанша, эмоционалды тұрғыда жеңілдегенше диалогты жалғастырыңыз. 7) Айтатын сөздеріңізді алдын ала қағазға жазып алсаңыз да болады.
8) Ойша емес, дауысыңызды шығарып, сөйлеп диалог құрасыз.

СОНДАЙ-АҚ…
* «Бос орындық» техникасында тек реніш ғана айтылмайды. Сонымен қатар, белгілі себептерге байланысты сездірмей жасырған ғашықтық сезім мен айтылмай қалған сезімге толы сөздер де диалогқа қатыса алады.
* Өз-өзіңізбен келісімге келе алмай (мысалы, диетаны бұзбай қатаң ұстау, спортпен айналысуды бастау, зиянды әдетті тастау т.б.) жүрген кезде де бос орындыққа ойша өзіңізді отырғызып, диалог құруыңызға болады.
* Маңызды кездесу алдындағы қобалжудан арылу үшін, жаңа жұмысқа орналасу кезіндегі әңгімелесуге, я болмаса жарысқа дайындалу барысында да «бос орындық» гештальттерапиясының жәрдемі зор.
* Тіпті, бұл терапияны эмоциональдық мәселесі бар адамдар ынжықтықтан құтылу үшін, сенімділікті арттыру мақсатында да пайдаланса, көмектеседі.

ТЕРАПИЯНЫ ҚАЛАЙ АЯҚТАУ КЕРЕК?
Көңіліңіз тазарғанша, іште реніш қалмағанша «бос орындық» терапиясының техникасын күнде қайталай беріңіз. Алайда, әр күні терапияны жағымды эмоциямен, сізбен диалог құрған (ойша) адамға алғыс айтып, оны кешірумен және кешірім сұраумен аяқтауды қатаң есте ұстағаныңыз жөн. Бұл өте маңызды!
Басқа мәселелерді, басқа бөлмедегі адамдарды ұмытып эмоциямен диалог құра білсеңіз, онда гештальттерапия да мәреге жетті деп сеніңіз. Тағы да ескертемін, терапия оны кешірумен және ол адамға алғыс айтумен аяқталуы тиіс.

НӘТИЖЕ ҚАЛАЙ БАЙҚАЛАДЫ?
Гештальттерапия бұл физикалық денемен жұмыс істеу емес. Сондықтан да сіз нәтижені бірден «көре алмайсыз». Бұл жанмен жұмыс жүргізу болғандықтан, бастапқыда ешнәрсе сезбеуіңіз де мүмкін. Бірақ та, көп ұзамай-ақ өміріңіздегі оң өзгерістерді, айналаңыздағы адамдардың, отбасы мүшелерінің сізбен қарым-қатынасының жақсарғанын аңғарасыз. Еркін әрі терең тыныс алып, жаныңыз кеңіп, бойыңызға күш-қуат құйылғанын байқайтын боласыз.
Сонымен қатар, іштегі эмоция сыртқа толық шыққанда оның нәтижесі құсу, бас, тамақ ауруы секілді белгілермен де көрініс беруі мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ.

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше