Астанада Дүниежүзілік Түркі ойындарына арналған жаңа нысан салынады

Алматыда Дүниежүзілік Түркі құрылтайы жоғарғы кеңесінің «Интеграция – дамудың алғышарты» тақырыбында отырысы өтіп жатыр. Отырысқа түркі халықтарының өкілдері қатысып, түркі халықтарының рухани-мәдени саласындағы өзекті мәселелерді талқылауда. Отырысты Талғат Әбдіжаппаров басқарып, жүргізуде. Бұл отырысқа Башқұрт, Хакас, Тува, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Кипр, Саха елдерінен келген түркітанушы ғалымдар, қоғам қайтаркелері қатысып жатыр.

2 шілде күні Қырғызстандағы Шолпан Ата қаласында орналасқан Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Орда» мәдени орталығында өтеді деп жоспарланған Дүниежүзілік Түркі халықтарының құрылтайы мәдени орталыққа бомба қойлығаны туралы телефоннан түскен жалған террорлық хабарламаның кесірінен өтпей қалған еді. Осылайша, 21 елден делегат жинап, құрылтай өткізуді өз мойнына алған Қырғыз елі өз жауапкершілігін атқара алмай, атаулы жиын басталмай жатып, тығырыққа тірелді. Осындай сәтте құрылтайға барған қазақ делегаттары және «Аттила» көшпенділер мәдениетін сақтау орталығы» қоғамдық қоры құрылтай жоғарғы кеңесінің ресми отырысын Алматыда өткізу жайлы бастама көтерді. Бастама алыс-жақын шетелдерден келген делегаттар тарапынан қолдау тауып, әр елден келген делегация өз орталарынан өкіл таңдап, Алматыдағы жиынға аттандырды. Осылайша, бүгін Алматыда құрылтайдың жоғарғы кеңесінің отырысы өз жұмысын бастады. Кеңес жұмысы екі күнге жалғасады делініп отыр. Қырғыз елі тарапынан тығырыққа тірелген құрылтайды құтқарып, делегаттарды Алматыға әкеліп күтіп, ресми отырысты өткізіп жатқан Қазақстанға түркі халықтарының өкілдері алғыстарын жаудырып, тарту-таралғыларын жасады. Қазіргі уақытта кеңес отырысы 2018 жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отырған «Дүниежүзілік түркі ойындары» жобасын талқылап, түркі ойындарының мән-маңызын делегаттарға түсіндіріп, әрбір түркі халықтарына тән ойындар жайлы жан-жақты мәлімет айтылып, талқыланып жатыр. Бұдан соң «Аттила» атты дүниежүзілік көшпенділер орталығын құру жобасы талқыланбақ.

Кеңес отырысында 2018 жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отырған «Дүниежүзілік түркі ойындары» жобасын президент Н.Назарбаевтың қолдап, Астанадан түркі ойындарын өткізуге арналған нысан салуды тапсырғаны айтылды. Қазақстан президентінің бұл қолдауын түркі халықтарының өкілдері үлкен ризашылықпен қабылдады.

Ұйымдастырушылар кеңес отырысының екінші күні Астанада өтеді деп отыр. Астанада құрылтай делегаттары EXPO көрмесін аралап, Қазақстан президентіне арнайы сыйлық табыс етеді деп күтіліп отыр.

Дүниежүзілік түркі халықтары құрылтайының жоғары кеңес отырысында талқыланып жатқан мәселелерді және фотосуреттерді құрылтайдың facebook-тегі парақшасынан көре аласыздар.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше