#QazzaqDepression. Қаде

"Қазақтың тойы бітпесін" © Халық мәтелі
Блог - patick: #QazzaqDepression. Қаде
Сәби
Сәби шетінесе қайғы ұзаққа бармайды. Көбінесе адамдардың көңіл-күйі бір қалыпты-сабырлы болады. Көңіл айтуға келген адам қарасы да көп болмайды. Адамдар тез тарайды. Әдетте қырқы, жүзі дегендер болмайды. Үшінші-жетінші күнмен шектеле салады.

Қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп жүреді.

Жас
Жас шетінесе — ата-ана ғана қатты қайғырады. Өлім себебі көбінесе үшеу: армиядан темір табытпен келеді, желігіп жүріп жол апатына ұшырайды немесе көшеде біреумен ілініп төбелестен қайтыс болады.
Жерлеу кезінде ғана бәріне ауыр болады. Үші мен жетісінде қайғырып жүрген адамдар саны минимумға жетеді.

Қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп жүреді.

Орта жас
Кенеттен кеселге тап болған 40-50 жас шамасындағы адамның қазасы. Көптен сырқаттанып жүргендіктен ол кісінің өлімі көпшілікке жаңалық бола қоймайды. Дегенмен туыстары дауыс салады. Қаденің соңы естеліктермен бөлісуге ұласады: қайтыс болған адаммен болған оқиғалар, айтқан сөздері, мінез-қылықтары.

Қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп кетеді. Бұл позицияға олардың орнына ойын балалары бекітіледі.

Қария
Жылап-сықтау аз болады. «90 жас деген той ғой» — деген репликаны жиі естуге болады. Көпшілігі күліп жүреді, тіпті қабір басында анекдоттар естіп қалуға болады. Негізгі рәсім аяқталған соң — тоймай қалғандар, немесе жылы-жұмсақ дәметіп жүргендер қариямен жақын болғанын сылтау етіп қалып қояды.

Үлкендер жағы гарба ойнайды, ал қазан-ошақ жақта шаруаға көмектесіп жүрген жігіттер ішіп жүреді. Олардың орнын басуы тиіс жасөспірімдер тығылып темекі шегіп жүреді, немесе атыспақ ойнап жүреді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше