Қазақстандық рэп-орындаушылар танымал спортшыға арнап, бейнебаян түсірді

Ең тартысты спорттық жарыстардың бірі – аралас жекпе жектен M-1 Challenge 76 халықаралық турнирі 22 сәуір Назрани (Ингушетия) қаласында өтеді. Аталмыш халықаралық аралас жекпе жекте ел намысын аралас жекпе жектер бойынша Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, аралас жекпе жек бойынша әлем біріншілігінің вице-чемпионы Сергей Морозов қорғайтын болады.
Талантты спортшының жанкүйерлері қарағандылық рэп-орындаушылар Әкежан Лұқпанов пен Антон Зенин спортшыны қолдап, ән жазып, бейнебаян түсірді. Ондағы мақсаттары – қазақстандықтарды отандасымызға жанкүйер болуға шақыру. www.youtube.com/watch?v=gVXfd_CazbU&feature=youtu.be
— Барлығы ойламаған жерден болды. Досым Әкежан Сергейдің мықты жігіт екенін, керемет күресетінін айтты. Осылайша біз өз спортшымызды қолдап, бейнебаян түсіруге бел будық. Бұл – қанаттандыратын ән. Онда тек спортшымызға деген қолдауымыз ғана емес, Отанымыз – Қазақстанға деген ыстық ықыласымызды жеткіздік, — деді B.u.ll.d.o.G деген лақап атты рэпер Антон.
Рэп-орындаушы Әкежан DIEZO Лұқпанов:
— Мен өзім екі жыл жекпе жек өнерімен айналысқанмын. Және Сергей Морозовты көптен байқап жүрмін. Оның күресу мәнері, адамгершілігі ұнайды. М1 Global халықаралық компаниясымен келісімшарт жасасқан алғашқы қазсқтандық спортшы болғанына қарамастан, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан. Сондықтан оны қолдағымыз келді.
Халықаралық турнирде қазақстандық спортшының қарсыласы бразилиялық чемпион Фабрицио Сарраф болмақ. Сергей Морозов турнирге дайындықтың негізгі кезеңін аяқтады. Қазіргі таңда ол тәжірибелі бапкерлерімен туған қаласы Ақтөбеде жаттығуда.
— Әрине, алға түспей-ақ қояйын. Алайда, тек жеңіске деген ұмтылыс бар. Мен онда жеңу үшін барам. Бұл жекпе жектің мен үшін маңызы үлкен. Өткен жолы Ингушетияда жеңіліс тапқан едім… Маған бойымды тіктеп, қарымта қайтаруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Мені ондағылар жақсы біледі, маған жанкүйер болып, қолдау көрсетуде. Жеңіс не жеңіліс болатынын тек ринг шешеді. Тек шаршы алаңда ғана қарсыластың қандай артықшылықтары бар екені түсінікті болады. Алайда мен жеңіс үшін бара жатырмын», — дейді спортшы.
Айта кетейік, M-1 Challenge – 2008 жылдан бастап өткізіле бастаған аралас жекпе жектер бойынша турнирлердің тұтас топтамасы. Содан бері әлемнің түрлі елдерінде 75 турнир өтіп үлгерді. 2010 жылы командалық жарыстан алшақтап, чемпиондар белдігін бес салмақ дәрежесінде ойнату туралы шешім қабылданды.
Халықаралық аралас жекпе жекті қазақстандықтар Еуразия бірінші арнасынан 22 сәуір күні 23:00-де тамашалай алады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше