Қазақстан балаларының дауысы шоуын кім жеңеді?

Балаңдықтарына қарамастан, ересектерге бергісіз күш-жігер танытып, өнер алаңында барын салып, бүкіл қазақ елін ауыздарына қаратқан өнерлі балалар екі айдан бері көрерменнің жіті бақылауында. Кезеңнен кезеңге сүрінбей жеткен өнерпаз бүлдіршіндерді ақтық мәре – финал күтіп тұр! Сәуірдің бірі күні үлкен өнер сахнасына жолдама алып, бас жүлде 3 миллион теңгені иемденетін қатысушының есімі белгілі болады!
Дүниежүзілік шоудың балаларға арналған нұсқасы елімізде алғаш рет өтіп отыр. Бірінші маусымда қатысушыларға үш баланың анасы Ева Бехер, бойжеткен қызы бар Жанна Орынбасарова және әзірге әке атанып үлгермесе де, балаларды өте жақсы көретін Әли Оқапов тәлімгерлік етті.
Жоба барысында әрбір тәлімгердің тобында 15 қатысушыдан болды. Кезеңдер барысында қатысушылар бір-бірімен тартысқа түсіп, финалға әрбір тәлімгерден екі өнерпаздан ғана шығады.
Қатысушылар әнді тек жанды дауыста ғана, жанды дауыстағы бэндтың сүйемелдеуімен орындайды. Ал финалда өнерпаздар Илья Башкатов жетекшілік ететін үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсететін болады.
Кішкентай жүректерімен өнерді барынша сүйіп, елдің ыстық ықыласына бөленген өрендерге тікелей эфирде дауыс беріп, қолдау білдіріңіздер. Ғаламат шоудың финалын 1 сәуір, сенбі күні Еуразия бірінші арнасынан сағат 20:30-да тамашалаңыздар!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше