Тіленші қарттар

Блог - KerimAyankyzy: Тіленші қарттарҚарағандыдағы Орталық көшені бойлап келе жатып суық жерде отырған қайыршыға көзім түсті. Шын мәнінде қайыршыға емес, бүрісіп, алдына қалбыр қойып отырған қарияға.
Осыған дейін де бірнеше жерде алақан жайып отырған қарияларды көргенім есіме түсіп, жанына жайғастым. «-Тоңған жоқсыз ба?» — дедім аяушылық білдіріп. «-Жоқ, суық емес» — деп астына төсеп алған қалың ағаш тақтайшаны көрсетті. Әңгімеміз осылай басталды. – Балаларыңыз қайда, неге бұлай отырсыз? – деп мән жайды сұрадым. Әлбетте, күнкөріс көзі. Үлкен екі баласы мен немересін осы қарт тіленшілікпен асырап отыр. Екі баласы да мүгедек. Ұлы ішкілікке салынып, соңында үлкен дертке шалдыққан. Тамақты өздігімен жей алғанымен, ас асқазанға, бойға батпайды. Асқынған асқазан ауруы. Қызы болса 3-ші топтағы мүгедек. Көзі әрең көреді. Және бастауышта оқитын немересі бар. «Ел ақша тастайды, күнкөріске жетеді, маған тек – ұят» — деді көзіне жас алып қария. Жасы 82-ге келген әжейдің жұмыс істеуге еш қауқары жоқ әрине. Амалының жоқтығынан көшеде ақша сұрап отыруға бел буған. Блог - KerimAyankyzy: Тіленші қарттар
Бетін жуған тамшылардың өзінде қаншама мұң, «Ұят» сөзінің астарында іркіліп қалған қаншама сөз барын оты сөнген жанары айтып-ақ тұр. «-Үйдің өзін күтетін, жинайтын адам керек, оны кім жинайды? Менің қауқарым жетпейді, балалар болса – анау», — деп үйі бар болғанымен, оған еш жағдай жасалмағанын айтып мұңайды. Сол маңды торуылдаған Полицей ағайлар болса, «Бұл жерде отыруға болмайды» -деп қарт ананы отырған жерінен қуып жібереді екен. Бейнетінің зейнетін көретін шақта ешкімнен қамқорлық көрмей, өткен-кеткенге осылай жәутеңдеп отырған қарияның тірлігі жаныма батты. Бұл жалғыз қария емес, орталықтың өзінен қол жайып отырған бірнешеуін кезіктіресіз. Қарттардың бар екені тек бір күнде ғана түседі есімізге. Ол – қарттар күні. Сол күні оларға құшақ-құшақ сыйлықтар алынып, жылы сөздер арналады. Басым көпшілігі – ардагерлер мен қарттар үйіндегі ата-әжелерге назар аударады. Күннің суығында жұқа киіммен қайыр тілеп отырғандар ше? Ертеңгі қыстың қақаған аязында олардың күні не болмақ? Қамқорлыққа өте зәру көшедегі қарттарға назар аударса екен биліктегілер. Басына түскен қайғымен бөлісіп, кішкене болсын қол ұшын созса тіленші-қарттар саны азаяр ма еді? Қазыналы қарттармызға көшеде емес, үйдің төрінде, немерелеріне ертегі айтып отырған жарасады емес пе?! Оларға бір күнде ғана емес, әр күн сайын құрмет, қамқорлық жасалуы тиіс. Бізде болса тіленші қарттар саны әр жерде күн санап көбейіп бара жатыр. Қариясын далаға қаңғыртпаған ел емес пе едік? Қайдасыз қазақ баласы? Анаңыз, ата-әжеңіз — күздің, қоғамның қара суығынан тонып қалды ғой…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше