Сұлулық құтқармаған әлем

Адамды қой, айтшы, қалай барамын,
Нашар түрмен мен Құдайдың алдына? ©


Блог - Medium: Сұлулық құтқармаған әлемБлог - Medium: Сұлулық құтқармаған әлемКеңес Одағындағы стилягалар естеріңізде ме?
Олар да бір дәуірдің еркелері, заманаға мәдени қарсылық танытқан толқын еді ғой. Бірақ сұрқай қоғамда жарқын көрінуге тырысқан бұл жастарда, негізінен, идеологиялық қайшылық айқын аңғарылған болса, біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз әлеуметтік парадокс та тудырады.

Конго. Браззавиль. Құдай оң назарынан тыс қалдырған бұл құрдым мекенде «Елу жылда ел жаңа» екенінен мақұрым қара нәсілді еркектер үшін бұл жарты ғасыр бір сәндік үлгімен өтті. Ерекше мәдениеті түрі, олардың ашық, қанық түстермен әспеттелген әсем киім-кешекке құмарлығы ХХ ғасырдың ортасындағы француз колонизаторларының киім киісіне еліктеуден бастау алған. Гуманитарлық көмек әкелген ұшаққа табынып кету секілді сенім түрі, карго-культ.

Жігіттердің тіпті арнайы ұйымы да бар. Ол SAPE (Société des ambianceurs et des personnes élégantes — элегантты адамдар қоғамы) деп аталады. Ұйымның ұлықтайтын тұлғасы -Андре Бернан Матсуа, 1922 жылы Парижге барып, француз дендиі (денди — өзін күтетін, мінез-құлық, сән, сөйлеу мәнерін көркем ұстайтын ХІХ ғасырдың әлеуметтік-мәдени типажы) секілді киініп оралған тұңғыш конголық. Оның суреті тіпті Конго тұрғындарының пәтерлерінде ілініп тұрады. Бұларға ұқсас мәдениет тек Гереро әйелдерінде ғана бар. Намибия, Ботсвана, Ангола жерін мекендейтін гереролық халықтың тарихында неміс колониализмінен қалған мәдени жұрнақ та әсем киім-кешекпен айқындалады. Өткен ауыр кезеңге, жалпы ұлыс тарихына құрмет пен тағдыр шендестірген қиындықтан аттап өтудің белгісі есебінде ашық, ұзын көйлектер мен ХІХ ғасырдың қалпақтары қалған.
.
.
Блог - Medium: Сұлулық құтқармаған әлемБлог - Medium: Сұлулық құтқармаған әлемАл біздің SAPE мүшелері өздерін адам тәнінің суретшілері деп санайды, Әр демалыс күндері олар барлар мен би залдарына жиналып, тұрғындардың қошеметіне бөленеді. Осынау импровизациялық парадтар қала мәдениетінің бір бөлшегіне айналып, зорлық-зомбылыққа қарсы және сұлулықты насихаттайтын шараға айналып кеткен. Оның үстіне, сәнқойлар — бейбіт күннің кейіпкерлері.Тек бейбітшілік пен тыныштық кезеңде ғана бұлай қайқаңдап жүруге болатын болар. Ал Конгоның саяси тұрақсыздау екенін ескерсек, онда олардың осылай жүре беруіне тілектестік танытуымыз шарт.

Бұл конголық сәнқойлар жарқын киімнен бөлек өздеріне еуропалық лақап ат та таңдап алады. Сондықтан, Африкаға карго айдап бара қалсаңыз, бір денди Алуа «Олланд», Серж «Пежо», Бенуа « Диор», Пьетро «Ролекс», т.с.с танысып жатса, таңғалмаңыз.

Жоқ, олар елдерінің кедейлік деңгейін білмейді емес, біледі. Керісінше, мұндай мінез-құлық арқылы олар осы жақыбайлықтың орнын толтырғысы келеді. Оның үстіне, олардың қатарында азын-аулақ тапса да, жұмыс жасайтын адамдар да көп, топтың негізгі дені — қарапайым шаруалар, мұғалімдер, таксисттер, пошташылар, дүкен иелері.
Сонда да Браззавильдегі көптеген қараторылар аш жүріп, осындай киім кию үшін қарызға белшеден батады. Әнебір жарнамадағы «Шөл — бәрі, имидж — кет әрі» деген слоган мұнда ойнамайды. Шөлден қысылып өліп бара жатса да, үстінде алқызыл пиджак пен көк галифе болса ғана ажалдың алдына арланбай бара алады. Әлеуметтік парадокстың зоры да осында. Браззавильде мұндай гардероб ұстау кемі 300 долларға шығады, ал бір айлық орташа жалақы мұнда 60 доллар екенін ескерсек…
Сол себепті зәңгілер «француздану» үшін банктен несие алып, ашқұрсақтанса да айына бірнеше доллар жиып қоюға тырысады.

Блог - Medium: Сұлулық құтқармаған әлемБлог - Medium: Сұлулық құтқармаған әлемАл сендер пәтер ипотекасы дейсіңдер…
SAPE ұйымының мүшелерін қысқаша «саперлар» деп атайды. Мұнда да бір тағдырдың нәзік ирониясы қылаң береді. Әлеуметтік саперлар ма?..
Жоқ, Браззавиль — кедейлікке кереғар сән әлемінің өмір сүретін ортасы. Құдды бір өмірдің өзіне кекесін тастап, жарлылықты тәрк еткен тәкаппарлық пен тектіліктің ортасы. Әрине, тектілік — жасанды, ал тәкаппарлық, сәнқойлық, пафос — шынайы. Зайырлы біздің көзқарасымызды өмір мерекесінің осыншама орынсыздығы мен осыншама ерекшелігі баурайтын сияқты. Жарқын келешегі жоқ аймақтың жарқын киіммен орнын толтыруы, жарқ-жарқ үміт оттарын қолдан жасап алуы. Әлемдегі көп елде, біздің елде де байқалатын үрдіс — жақсы өмір сүрмеу мен жақсы өмір сүріп жатқан қылып көрсетудің қабысқан тұсы, мейлінше асқынған сипаты, шырқау шегі. Сұлулық құтқармаған әлем.

Бірақ жақсы өмір сүруге тыйым салмайтының секілді, жақсы көрінуге де шектеу жоқ. Бүгін — демалыс күні. Конгоның суына ысқылай жуылып, темір шоқты үтікпен үтіктелген аппақ көйлек пен темір қорапшаның ішінде өз кезегін күтіп жататын біртонды галстук, басқа да қажеттілікке пайдананылып жүрген шүберекпен жылтырай сүртілген туфли мен түстері үйлеспесе де, өздерінше екі түрлі қанық түсті белдік пен шалбар тағы да бір Браззавильдің ескі қуыстарын кезуге тура қазір де әзір болар. Бұл — олар қалап алған өмір сүру мәдениеті.

Біз мұны ұға алмаймыз, мұның бәрі бізге біртүрлі, қисынсыз, орынсыз көрінетіні рас. Бірақ, қаншама ағым мен ұйымнан шүкір бұл қозғалысты да адамның өз таңдауы деп қабылдау керек шығар. Сұлулық кедейліктен құтқара алмаған әлемді, құрығанда, үмітсіздіктен құтқара алады.

Оның үстіне әсемдік пен сән тек Нью-Йорк, Париж, Миланда шоғырлануы тиіс деп кім айтты? Ішіне кіріп шықпағасын, сол мекенді мекендеп, ілкі тарихын бастан кешірмегесін тек өздерінің пікіріне ғана жүгіне аламыз. Ал олардың философиясы, ойлау жүйесі, сенімі мүлдем бөлек. Оларша, тәнді тойдыру шарт емес, бастысы — әдемі киім кию. Ал бұл — жанды тойдыру.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынды
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше