ШАЙҚАЛҒАН ТАҒДЫР

Сұлужан атына заты сай әсем де көрікті бойжетті. Оған көз салушы жігіттер өте көп-тұғын. Бірақ өзінің сүйгені бар болғандықтан ешқайсысына алаңдамаған. Өмір – теңіз болса, адамның тағдыры толқын сынды екен-ау. Сұлужанның бейбіт аққан тағдыры бір күнде шайқалды да кетті.
...Құрбысы мұны серуендеп қайтуға шақырды. Сырлас қызбен біраз жүріп, көңіл көтергенде тұрған не бар? Сонда да болса әлденеден секем ала берді. Екеуі құрбысы жалдаған таксиге отырды. Біраздан соң қасындағы қыз:
— Мұнда туысқан әпкем тұратын еді. Соған кіріп, бір нәрсе бере кетуім керек еді,
деп көлікті жолдағы бір үйге бұрғызды. Зорлағандай етіп Сұлужанды да ертіп алды. Бұл аулада жүрген көп әйелді көріп тісініп қалды. Сонда да құрбысының соңынан еріп, оңашалау бөлмеге енді. Дастархан жайылып, шәй келген тұста құрбысы бірдеңені сылтауратып сыртқа шығып кетті де, артынша гүр етіп оталған жеңіл машинаның дауысы естілді. «Ол мені осында әкеліп, өзі қашып бара жатыр ма?» деген оймен орнынан көтеріле бергенде, қолдарына ақ жаулық ұстаған бір топ әйел кіріп келді. Олар есікті жапты да, аңырайып тұрып қалған Сұлужанның басына орамал салуға кірісті. Бұл шамасы келгенше қарсыласқанын ғана біледі, арғы жағы түс көргендей болып кетті. Есінен танып қалған қыз өзіне-өзі келгенде төсекте жалғыз жатыр екен. Бөлмеде ешкім жоқ. Есікті сыртынан құлыптап кетіпті. Бұл түктің мәніне түсінбей есікті ұрғылап, айқайға көшті. Сол кезде біреудің бері қарай жүрген аяқ дыбысы естілді. Бейтаныс жігіт есікті ашып ішке енді де бұған жымия қарап, өзіне үйленгісі келетінін айтты. Сұлужан оны өмірінде көрмеген. Бірақ арам ойлы құрбысының арқасында амалсыз тұтқынға түсіп отырғанын сезді де, жалына бастады. Сүйген жігіті бар екнін де жасырмады. Ал анау ештеңені тыңдар емес. Сөзге құлақ аспады, жалынғанына да көнбеді. Бұл сол үйге келін болып қалып кетті…
Түндерде дөңбекшіп ұйықтай алмай шығады. Көз алдына мұны өсектеп жүрген адамдар, кінәлай қараған өзінің ата-анасы, бұдан көңілі суыған сүйген жігітінің түрлері елестеп, тек соларды ғана ойлаумен болады. Ақыры ауырып тынды. Халі нашарлап бара жатқан келіндерінің дәрігерге көрініп қайтамын деген сөзіне иланған ата-енесі көне салды. Зорлықпен келін болып түскен үйге Сұлужан қайта оралмады. Олар да соңынан іздеп келмеді. Ал ауылда гу-гу сөз, әрине. Әркім әр нәрсе айтады, жап-жас өмірі тас-талқан болып, тағдыры талапайға ұшыраған қыздың жағдайын ешкім де анық білмейді. Жиырмадан енді ғана асқанда, болашаққа деп көптеген жоспарлар сызып қойғанда, сүйгеніммен ғұмыр бойы бірге боламын деп армандап жүргенде, тосыннан соққан дауылдан бәрі де быт-шыт болды. Үміті үзілді, сенімі жоғалды, атына кір келді, енді бұдан былай не істерін де білмейді. Адамдар мұны сыртынан саусағымен көрсетіп, табалап жүргендей түйіле берді. «Өз еркімен кеткен қыз неге қайтып келеді, бір қайнауы ішінде ғой» дегендей Сұлужанға күдікпен қарайды. Кейде жаны қатты қиналғанда өзіне-өзі қол жұмсағысы да келеді.
Үйден шыға алмай, еш кінәсі жоқ болса да жұртқа көріне алмай, іштей қуыстанып жүрген бақытсыз бойжеткеннің түпкі ойын сезіп қойды ма, әйтеуір бауырлары басқан ізін аңдып, он екіде бір гүлі ашылмаған жауқазынның ерте солып қалуына жол бермеді. Бірте-бірте осынау тірлігіне де, жайсыз жағдайына да көндіге бастады. Осынау сәтсіздіктің бақытсыздық еместігін түсініп жетіп, келешегіне қамданды. Бар жақсылықты алдағы күндерден күтті. Уақыттың емші екені рас. Әйтсе де жүрегінде бір ауыр тас бардай, сол тастың зілтабан салмағы кеудесін тік көтеріп жүруіне, көпшілікке тайсалмай қарауына мүмкіндік бермейтін сияқты. Іштей өзін алдап ертіп барып, бейтаныс жігітке жолықтырған құрбысын кінәлады. Өзі сүймейтін, тіпті бұрын-соңды көрмесе де қыздың болашақ тағдырын ойламай зорлықпен алып қалған күйеуін жазғырды. Сондағы әлсіздігіне, шарасыздығына қатты күйінді. Өмір дауылынан шайқалған тағдыры енді қайтып тіктеле ме екен? Қыздың нәзік жанын түсінетіндер табыла қояр ма екен?
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше