Әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған тұңғыш қазақ

Блог - Erbol: Әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған тұңғыш  қазақҚазіргі кезде «Kaspi Bank»-те «Kaspi қаһармандары» имидждік кампаниясы жүріп жатыр. Басты мақсат – өз күшімен жетістіктерге жеткен қарапайым қазақстандықтарды насихаттау. Бұған дейін әлемнің барлық шөлдерін бағындырған желаяқ Марат Жыланбаев, жеке балалар үйін ашып, 350 баланы тәрбиелеп, өсірген Тұяқ Есқожина басты кейіпкер болған. Жақында әйгілі альпинист Мақсұт Жұмаевтың қатысуымен жаңа кампания басталды. Қызық болғанда қазақстандықтардың көпшілігі оны қарапайым альпинист ретінде қабылдайды екен. Ақпарат, насихаттың аздығы. Kerekinfo оқырмандары үшін Мақсұт туралы ақпарат бере кеткенді жөн көрдік.

Мақсұт Жұмаев — 1977 жылдың 1 қаңтарында Батыс Қазақстанның Федеровка ауылында дүниеге келген.
Сырым батырдың ұрпағы. Батыс Қазақстан аграрлық университетін (ветеринар), «Қайнар» университетін (заңгер) бітірген. Альпинизмге кездейсоқ келген.

Сұхбаттан: 1 курсты біткен соң, Алматыға тәжірибеден өтуге келдім. Таныстарыммен жиі тауға шығып жүрдік. Алматыға келерде таныстарымнан сұрап алған жол сөмкені арқалап тауға шығу қолайсыздау болғандықтан, тауға арналған рюкзак сатып алмақ болдым. Ол кезде мұндай кәсіби жабдықты тек стадион маңындағы «Хантәңірі» деп аталатын арнайы фирмадан сатып алатын. Мен таңдаған сөмке 99 доллар тұрады екен. Ақшам жетпеді. Әлгі фирма қызметкерлері сөмкені алу үшін соларда бір апта жұмыс істеуге болатынын айтты. Сөйтіп, сөмкені иемдену үшін шетелдік туристердің жүктерін тасыдым. Ол кезде альпинистердің көбі осылай ақша табатын. Жұмыс барысында солармен танысып, ақыры альпинизмге келдім.

«KazTransCom» ААҚ оңтүстік филиалының заңгері, «Қағазы трейдинг» ЖШС әкімшілік бөлімінің маманы, «Тайлан» АҚ» ЖШС заңгері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дыбыс операторы болған. Қазір ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық әскер спорт клубының спорт комитетінің қызметкері. Әскерлерді таудағы дайындыққа үйрету тобының жетекшісі. Әскери шені лейтенант.

Әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын 14 тау бар, соның бәріне Мақсұт Жұмаевтың табаны тиген. «Дүниежүзіндегі ең қатерлі 14 шыңға шыққан 27 адам бар. Мен сол шыңдарға 12-ші болып шыққан жалғыз қазақпын», дейді өзі.

Айтуынша альпинизммен кәсіби түрде университет бітірген соң айналыса бастаған. Көп спорт түрлеріне қарағанда альпинизммен жастайыңнан айналысу керек деген қағида жоқ.

Ең бірінші шыққан шыңы — 1997 жылы Үлкен Алматы шыңы. Барлық альпинистің олимпиадалық алтын медалі – Эвереске шығу. Менде алғаш рет Іле Алатауына шыққан соң Эвересті бағындыруды армандадым, 2007 жылы мұны орындадым дейді.

Альпинизмге ең алғаш келгенде 6,7 мыңдық шыңдарды бағындырмастан, бірден 8 мыңдық биіктіктегі Шиша-Пангма шыңына шыққан (биіктігі – 8046 метр). 8 мың метр биіктікті бағындырған ең жас қазақстандық. Әрі 8 мыңдыққа шыққан ең жас альпинист саналады. Ол 8 мыңдық шыңға 23 жасында шыққан. Мұны әлі ешкім қаталамапты. Осы сапарынан соң, оны бірден Ұлттық құрамаға қабылданған. Сол кезде Қазақстанда «Қазақстан құрамасы – әлемнің ең биік шыңдарында» бағдарламасы болған. Бағдарламаның басты мақсатының бірі – Қазақстан имджін көтеру. Мұндай әлемнің бірде-бір елінде болмаған көрінеді. Қазақстан әлемде альпинистерден құрама команда жасақтаған бірінші ел. Бұл құрамада 50 альпинист болған екен. Оның 10-ы экспедиция барысында қаза тауыпты.

Аса биік болмаса да К2 шыңын 5 рет қатарынан бағындыра алмай, тек 6 рет барғанда шыға алдық дейді.
2003, 2005, 2007, 2009, 2010 жылдары бірде ауа-райы, бірде қалың қардың әсерінен мақсаттары орындалмаған. Ал, 2005 жылы таудағы лагерде шыңға өрмелейтін құралдарын ұрлап кетіп, шыға алмай қалыпты). Тау басында мұндай да қызықтар болып тұрады екен.

Шыңдарға қазақстандық альпинист Василий Пивцовпен бірге жұптасып шыққан.

Ең соңғы рет 2014 жылы Чогори шыңына (8611 м) шыққан. Сонымен альпинистік крьерасын аяқтаған.

«Альпинизм атақ та, даңқ та, байлық та бермейді. Тек оның берері жеңіскерлік сезімі. Тауға альпинистің керек-жарағынан бөлек, қасиетті Құранды, әкемнің фотосын, ойыншық арыстанды, Қазақстанның туын көтеріп шығамын. Ол ту менің бүкіл эспедицияма қатысқан. 8 мың метр биіктіктен асатын шыңға шығуға орта есеппен экпедицияға 2 ай кетеді. Ал тауға көтеріліп-түсуге бір аптадай уақыт жұмсаймыз. Қалған күндер дайындық жұмыстарына кетеді. Допинг сияқты қосымша қуат беретін заттардан альпинистер бойларын аулақ ұстайды. Спиртті медициналық көмек үшін аламыз» дейді ол.

Жары орыс ұлтының өкілі, ол да альпинист. Исатай есімді ұлы, Айлин деген қызы бар. Үшінші сәбиін күтіп отыр.

Мақсұт туралы 4 деректі фильм түсірілген. «Гималайский дуэт: Дхаулагири — Аннапурна», 2006, 18 мин, (Дворецкий/Жумаев/Пивцов). «Дотянуться до звезды», «Экспедиция „Клуба 7 вершин“ на К2», «Максут Жумаев. Рождённый быть горцем».

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше