ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕЛЕР БЮРОСЫ БАС АССАМБЛЕЯСЫ 155-СЕССИЯСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАСАЛДЫ

Астана қаласы.
13 маусым, 2014 жыл.

«Rixos President Astana» қонақүйінде ЭКСПО-2017 Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Ермегияевтың Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 155-сессиясының қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихаты болып өтті.

Баспасөз мәслихатында сөз алған «ЭКСПО-2017» Комиссары – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев шетелдік қатысушылармен келіссөздер басталғанын және инвестициялық әріптестіктер орнатылып жатқанын жеткізді.

«Көрме өткізудің халықаралық талаптары бойынша, Туды алмайынша ЭКСПО көрмесінің кешендерін салуға біздің құқымыз жоқ болатын. Бірақ климаттық жағдайларды ескере келе, ХКБ бізге сәуір айынан-ақ құрылысты бастай беруге келісім берді», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Ермегияев. Ол сондай-ақ, көрмеге дайындық жұмыстарының кесте мерзімінен ешбір кешікпей жүргізіліп келе жатқандығын, құрылыс қарқынының күннен күнге арту үстінде екенін айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Франция астанасы Париж қаласында маусымның 11-і күні Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 155-і сессиясы өтіп, онда Қазақстан Көрме байрағын қабылдап алған болатын.

12 маусым күні Ұлттық компания басшысы Т.Ермегияев Бурабайдағы шетелдік инвесторлар кеңесі отырысы аясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа байрақты салтанатты жағдайда табыс етті. Елбасы көрменің Тіркеу құжаттамасын сәтті қорғап, көрме туын абыроймен қабылдап алғаны үшін ұлттық компания басшылығына алғысын білдіріп, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстарына оң бағасын берді.

Айта кетейік, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес Көрме туының Қазақстанға табысталуын ерекше қуанышты жағдай деп бағалаған болатын. «Мен Қазақстанды ЭКСПО-2017 көрмесінің тіркеу құжаттамасын сәтті қорғап, Халықаралық көрмелер бюросының туын қабылдауымен құттықтаймын. Қазақстанда барлығы өз уақытында жасалып жатыр. Қазірдің өзінде бұл ел көрме өткізуге таңдаудың дұрыс жасалғанын дәлелдеп берді», — деген еді Бас хатшы.

Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) 1931 жылы көрмелерді ұйымдастыру мен өткізу жұмыстарын реттеу мақсатында құрылған.

Оның штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Қазіргі таңда әлемнің 168 мемлекеті Көрмелер бюросына мүше болып табылады.

ХКБ құрылымы төрт комитеттен тұрады: атқару комитеті, әкімшілік-бюджеттік комитет, регламент комитеті және ақпараттық қамтамасыз ету комитеті.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 3 айға – 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылмақ.

Көрмеге 100-ден аса мемлекет, 10-нан аса халықаралық беделді ұйымдар мен инновациялық технологиялар саласындағы көшбасшы компаниялар қатысады деп күтілуде.

Қосымша ақпараттар бойынша «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметіне төмендегі телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады:

+7(7172) 919463 e-mail: pressa@expo2017astana.kz

www.expo2017astana.com
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше