Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы

Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы

«Биткоин» сөзін алғаш рет осыдан 1 ай уақыт бұрын білдім. Сайттарда «Apple өзінің App Store-сінен соңғы биткоин-әмиянды алып тастады» деген жаңалық шықты. «Алпауыт компанияның мұндай шешіміне ілініп қалған не әмиян екен» деген қызығушылықтың жетегімен биткоин туралы іздендім. Биткоинның қызметі өзгеше болып шықты. Өзіндік бір әлем дерсің… Бақылауға көнбейтін, өзін-өзі реттейтін, инфляция түсінігімен мүлдем қабыспайтын биткоин деген не екен, сонымен…

Биткоин. Бұл не?
Биткоин (Bitcoin, BTC) — орталықсыздандырылған виртуальды валюта. Транзакциясы шифрленетін және қолдану аясы анонимді түрде болғандықтан биткоинды «криптовалюта» деп те атайды. Биткоин төлемдерінің желісі толықтай дерлік орталықсыздандырылғандықтан қадағалаушысы болмайды. Жүйенің қызметі мен қорғанысын қамтамасыз ету үшін криптографиялық әдістер қолданылады.
Сонымен, биткоин — виртуальды криптовалюта. Биткоинды төлем құралы ретінде пайдалану арқылы тауар сатып алуға, телефон байланысы, не хостинг ақысын төлеуге және тағы басқа төлемдер жасауға болады. Open source негізіндегі ашық код түрінде болғанымен анонимді, әрі сенімді төлем жүйесі ретінде танымал
Биткоиндерді сақтау, қабылдау және жіберу үшін жария идентификатор (мекенжай), қажетті баланс пен жасырын кілтсөзден тұратын әмиян қажет. Аударым жасау үшін қабылдаушының идентификаторы ғана сұралады. Идентификатор күрделі мәнді сандар мен әріптер жиынтығынан тұрады. Мысалы: 19noTg4T9TeFpT4ZTASvQxf7a1LYLSJa38.
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы
Жеке әмиянда биткоиндер мен жеке жасырын кілтсөз болуы керек. Идентификатор мен кілтсөзді кәдімгі өзіміз қолданып жүретін логин және құпия сөзбен салыстыруға болады. Логинді өзгелермен бөлісіп, құпия сөзді жасыратынымыз сияқты, мұнда да идентификаторды жариялауға болады. Ал кілтсөз мұқият қорғалуы шарт. Ұмыт болса, қайта қалпына келтірілмейді.
Әрбір қолданушы өз қалауынша әмияндар құруына болады. Шектеу жоқ. Бастысы, биткоиндері бар болса, болғаны. Әмиян құрү үшін интернетке қосылып қажет емес. Интернет байланысы транзакция жасағанда қажет.

Транзакциялардың анонимділігі
Биткоинды көп ретте анонимді төлем жасау құралы деп атайды. Әйтсе де әмиянды биткоинмен толтыру операциясы — символдық валютаны биткоинға айырбастау қызметтері, не биржа арқылы орындалса, онда әмиян иесінің IP мекенжайы жазылып қалуы бек мүмкін. Ондай жағдайда сол IP мекенжайды тінтіп, барлық жасалған аударымдар тізбегін анықтауға болады. Сондықтан да арнайы «миксер» қызметін ұсынатын сервистер жасалған. Бұл сервистер анонимді түрде жұмыс істейді. Есепшотқа пайдаланушылардан келіп түскен ақшаны араластырып, биткоинға алмастырып, сәйкес қолданушының жаңа әмиянына аударады. Осылайша, биткоинды алушының түбірін анықтау ісі қиындатылады.

Мәліметтер қайда сақталады?
Биткоин — орталықсыздандырылған тармақты жүйе. Демек, желіде бірыңғай басқарушы орталығы жоқ. Баланс туралы ақпарат пен транзакцияларды сақтайтын біртұтас база болмайды. Әр мәлімет биткоин иелерінің компьютерінде сақталады.
Әмиян-бағдарламаны компьютерге орнатқаннан кейін, ол басқа қолданушылардың компьютерінен тұтас мәліметтер базасын өзіне жүктейді. Сондықтан да қандай да бір дата-орталықты ешкім де бұза алмайды. Өйткені дата-орталығы жоқ. Дата-орталығы болмағандықтан ақпаратты жою, не өзгерту мүмкін емес. Айтпақшы, әмиян-бағдарламаны жүктемей-ақ, онлайн-әмияндардың бірін пайдалануға болады. Онда жасырын кілтсөз сақталады.

Биткоиндердің саны қанша?
Биткоиндердің кәдімгі ақшадан басты айырмашылығы — бірыңғай ақша жасаушы орталығының жоқтығы. Мысалы, АҚШ долларын кез-келген мөлшерде жасай беруге болады. АҚШ доллары ештеңеге байланбаған. Бұрын долларды алтын қорымен кепілдендірген еді. Алайда, 1933 жылы Алтын стандарты доғарылып, долларды алтынмен кепілдендіру 1971 жылы жойылды. Қазір доллардың халықаралық валюта ретіндегі мәртебесі АҚШ-тың әлемдік нарықтағы беделіне ғана байланысты сақталып отыр.
Міне, биткоиндер мен дәстүрлі валюталар арасындағы негізгі айырмашылық осыдан анық көрінеді. Биткоиндердің саны алгоритмді түрде 21 000 000 данамен шектелген. Одан асырылмайды. Бұдан келіп: «биткоиндер жетпей қалады екен?» деп алаңдауға да әсте болмайды. Өйткені, әр биткоинды 100 000 000 үлеске дейін бөлуге болады. Әр бөлшегі 1 Сатоши (Satoshi) деп аталады. Бұл атау — биткоиндерді жасаған адамның есімі, не адамдар тобының атауы құрметіне қойылған. Биткоиның құны — биткоиндерді төлем құралы ретінде қабылдайтын адамдар мен компаниялар тарапынан және биржалардағы сұраныс пен ұсыныс балансының деңгейіне байланысты белгіленеді. Мұндай биржалардың ең үлкені — Mt.Gox биржасы.
Дәл қазіргі таңда айналымға 12 млн данадан сәл-ақ асатын биткоин шығарылған. Биткоиндерді шығарып біту — 2140 жылы аяқталады деп болжанған. Өйткені, айналымдағы биткоиндер саны артып, биткоин арқылы жасалатын транзакциялар мөлшері көбейген сайын биткоиндерді шығару қиындай түседі. Сәйкесінше, жаңадан жасалатын биткоиндердің саны күннен-күнге азаяды.
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы
Биткоиндер танымал болғаннан кейін ішіне жария және жасырын кілтсөз сақталған металл монеталар құйыла бастады. Осы себепті көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында B қарпі бейнеленген металл монеталардың суреті жарияланады. Мұндай монеталарды eBay интернет-дүкенінен сатып алуға болады.

Биткоиндер қалай жасалады немесе майнинг дегеніміз не?
Биткоиндерді шығару процессі «майнинг» деп аталады. Майнинг — криптовалюталарды алудың жалғыз тәсілі. Майнинг процессі — компьютерлердің күрделі математикалық есептердің шешімін табуына негізделген.
Майнингтің мәні — Жердің әр нүктесіндегі компьютерлердің математикалық есептерді шешуіне және сол шешімдердің нәтижесінде биткоиндердің пайда болуында жатыр. Биткоиндерді жасау процессі — бірыңғай шығарушы орталық тарапынан қадағаланбайды. Ал оның тарамдалып орналасуы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Барлық биткоин-аударымдар жалпыға қолжетімді транзакциялар логінде жазылады. Тізбек арқылы майнерлерге беріледі. Майнерлер миллиондаған комбинациялардың арасынан бір ғана дара хэшті таңдап алады. Дара хэш — барлық жасалған транзакциялар мен құпия кілтсөздерге сәйкес келуі шарт. Алғаш болып тапқан майнерге 25 биткоин беріледі. Сондықтан да майнерлер бірінші болуға таласады. Дара хэш табылған сәтте барлық транзакциялардың блогы жабылып, биткоин жасау қайта басталады.
Майнерлердің іздейтін хэші — алдыңға блоктағы хэштен, соңғы 10 минут ішінде орындалған транзакциялар хэштерінің қосындысынан және кездейсоқ саннан құралады. Қорытынды хэш жүйенің шарттарын қанағаттандырған кезде барып қана шешімі табылады. Сондықтан да жүйе шарттарының өзгеруі хэштің табылу күрделілігін анықтайды. Шарттар — әрбір 2016 блок жабылған сайын бір рет өзгеріп отырады. 2016 блоктың есептелуі — екі апта мерзімге созылады.
Майнерлерді жабық торрент-трекерде файлды тарататындармен салыстыруға болады. Олар желінің p2p негізінде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Осылайша өзгелердің фильм немесе ән жинақ жүктеуі арқылы рейтинг жинауына мүмкіндік жасайды.
Биткоинға келсек, «таратушының» рөлін ойнайтын майнерлер қаржы жүйесінің жұмысын демеп отырады: транзакциялар өткізіп, барлық желілердің бірыңғай «келісімін» сақтайды. Өз ресурстарын сарп еткені үшін шын ақшаға оңай айырбасталатын биткоиндер жасайды.

Биткоин-фермалар
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысыЖасалған биткоиндер саны көбейіп, транзакциялардың мөлшері артқан сайын майнингке жұмсалатын күш те ұлғайып, математикалық есептер күрделеніп барады. Алғашында майнинг үшін қарапайым үй компьютері пайдаланылса, кейіннен «цифрлы кеніштер» озық бейнекарталарды пайдалануға көшті. Кейіннен арнайы жасалған құрылғылар қолданысқа енді. Бағдарламаланған чиптер іске жаратылып, бертінде оның орнын ASIS атты интегральды схемалар басты. Бұл схемалар хэш есептеуді жоғары жылдамдықта жүргізуімен және электр қуатын аз тұтынуымен ерекшеленеді.
Мысалы, Radeon HD 7990 бейнекартасының қуаты секундына 1,2 гигахэшті құрап, бірнеше ватт электр тұтынса, 125 доллар тұратын заманауи Red Fury атты ASIS-жүйесі 2,5 гигахэшті қорытып, секундына 2,5 электр қуатын тұтынады. Майнингке Nvidia бейнекарталары жарамайды. Бүгінде майнингпен айналысатындардың барлығы ASIS-ті пайдаланады.
Соңғы уақытта арнайы мамандандырылған биткоин-фермалар пайда болғаны жөнінде айтыла бастады. Ондай фермалардың ең ірісі Гонконгте орналасқан. Мұнда секундына 35 терахэшті қорытатын фабрика ашылған. Бұл фабрика тәулігіне 26 биткоин өндіреді.
Жаңа блок жасаудың сыйақысы жылдан-жылға азайып барады. 2013 жылдың басында 50 биткоин болса, бүгінде 25 биткоинға кеміген. 2017 жылға қарай 12,5 биткоинға дейін төмендейді.
Қайтарылмайтын транзакциялар
Биткоиндер транзакциясы кері қайтарылмайды. Сондықтан да биткоиндерді Paypal немесе несие карталары көмегімен сатып алуға болмайды. Көптеген адамдар биткоиндерді төңкерілген пирамида немесе ақша көпіршігі деп есептейді. Алайда, олай емес. Өйткені, биткоиндердің орталықтандырылған қадағалаушы органы жоқ.

Майнингпен айналысу тиімді ме?
Дәл қазіргі таңда кәсіби құрал-жабдықтар болмаса майнингпен айналысудан пайда жоқ. Биткоиндерді жасау шығыны — биткоинның құнынан асып кеткенімен қоймай, көп уақыт пен электр қуаты молынан жұмсалады. Қарапайым процессорлардың қазіргі жүйе талаптарын орындауға шамасы жетпейді.

Биткоиндерді қайдан сатып алуға болады?
Араларыңызда биткоиндерді сатып алуға ниеттілер болса, онда криптовалютаны сатып алудың ең қарапайым үш тәсілі бар.
Биткоин сатып алардан бұрын валютаны сақтайтын әмиян құру қажет. Әмиян құрудың ең сенімді тәсілі — күрделі ресми қосымшаны орнату. Әмиянға арналған ресми қосымшалардың күрделі болуына олардың сервермен үнемі синхронизацияны талап етуі себеп. Алайда, көптеген пайдаланушылар қарапайым әрі ұғынықты онлайн-сервистерді қолданады. Онлайн-сервистердің қауіптілігі сол, хакерлер тарапынан сервис қызметі бұзылса, қолданушылардың әмиянындағы барлық ақша өзгенің қолында кетеді.
Онлайн-сервистердің танымалдары: Blockchain, Coinbase, Strongcoin. Жария және жасырын кілтсөзді қағазға басып шығарып, сейфте, не банк ұяшығында сақтауға немесе Multibit альтернативті қосымшасын компьютерге орнатып, соны қолдануға болады.
Multibitті ноутбугіме орнатып көрдім. Биткоин сатып алатын қаражатым болмағандықтан қоржынымдағы биткоин саны 0-ді көрсетіп тұр. Бұл қосымшаның ерекшелігі сол, сервермен үнемі синхронизацияда болуды қажет етпейді.
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы

Биткоин сатып алудың үш тәсілі:

1. БИРЖАЛАР
Биржа — биткоиндер және басқа валюталарды саудалауға арналған алаң. Биржаның әр қатысушысы өзінің ішкі есепшотын толтыру, валютаның белгілі бір мөлшерін белгіленген бағада сату, не сатып алуға ұсыныс жасау мүмкіндігіне ие.
Қолданушылардың биткоиндерді сату немесе сатып алу кезінде келіскен құны -биткоин бағамын құрайды. Биткоин бағамы көптеген факторларға байланысты өзгеріп отырады. Тіпті криптовалюта әмияны қызметін ұсынатын сервистің бұзылғаны жөнінде айтылған қалжыңның шеті шықса, биткоинның бағамын жүздеген долларға құлдырап шыға келеді.
Биткоиндерді биржадан сатып алу үшін алдымен ақшаны биржаға салу керек. Биржадағы баланста ақша пайда болғаннан кейін саудаласуға қатысу қажет. Ол үшін сол уақыттағы биткоин бағамына қарап, биткоинның бағасын қоямыз. Егер сіздің қойған баға қабылданса, ішкі есепшотқа сатып алынған биткоиндер келіп түседі.

2. АЙЫРБАСТАУ СЕРВИСТЕРІ
Айырбастау сервистері биткоиндерді ақшаға және керісінше алмастыруға мүмкіндік жасайды. Биткоин бағасы ішкі курс бойынша есептеледі. Бұл тәсілдің биржадан артықшылығы — қарапайымдылығында.

3. ТІКЕЛЕЙ САТЫП АЛУ
Бұл үшін алдымен биткоинын сатуға құлықты сатушыны табу керек. Табылғаннан кейін сатушымен биткоин курсын келісіп, оның есепшотына ақша аударылады. Қайтарым ретінде ол сәйкес эквиваленттегі биткоиндерді жібереді. Биткоиндер жіберілмесе, демек сатушының алаяқ болып шыққаны. Сондықтан да сатушының репутациясын тексеріп алған жөн.

Tor дегеніміз не тағы?
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы
Tor — бұл анонимді желілік байланыс орнатуға жағдай жасайтын прокси-серверлер жүйесі. Torдың жасырын сервистері арқылы мекенжайы құпия сайттар жасалады. Өзінің IP мекенжайын анонимді түрде қалдырғысы келген қолданушылар .onion-сайттарға Tor бағдарламалық жабдықтауы арқылы енеді. Болмаса, кәдуілгі сайтттарға кіргенде өзінің IP мекенжайы жария етілмегенін қаласа, онда Tor желісін пайдаланады. Torдың ерекшелігі сол, мұнда анонимділік деген ұғым техникалық тұрғыдан қамтамасыз етіледі.
Torдың осыбір ерекшелігі заңның шеңберіне сыймайтын түрлі сайттардыы жасауға алып келді. Заңға қарсы әрекеттерді қаржыландыруда биткоинның таптырмас төлем құралы бола алады. Биткоинның бұл қасиеті — Tor мен биткоиндердің бірін-бірі толықтырушы ретіндегі рөлін арттырды.
Tor желісінің көмегімен әдеттегі браузерлерден ашылмайтын сайттарға кіруге болады. Мысалы, әдеттегі браузерлер арқылы .onion доменіндегі сайттарға ену мүмкін емес.
Демек, анонимділік деген ұғым алдыңғы қатарға шығып, аноним боп қалуға тырысқан қолданушылардың артуы — анонимділікті сақтау құралдарының артуына алып келді. Сұранысты қанағаттандыруға негізделген ұсыныстың ақыры Tor мен Bitcoinдердің әлеуетін арттыра түсті.

Bitcoin жүйесінің Torшылар ортасында танымал болуына не себеп? Tor желілеріндегі сайттардың ауқымы тарылмай, керісінше қанат жая түсуіне биткоиндердің сіңірген еңбегі қандай?

Silk Road онлайн-дүкені — есірткі ошағы
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы
Бұл сұрақтарға американың федеральдық тергеу бюросы тарапынан жабылған Silk Road онлайн-дүкені мысалында жауап беруге болады. Есірткі сатумен айналысатын бұл интернет-дүкенінің атауы да қызық. «Жібек жолы» деген мағына береді. Осындай кең шеңбердегі атауды иемденген интернет-дүкеннің саудасы биткоин төлемі арқылы жүргізілді. Silk Roadтың сөресінде психотропты заттардан (марихуана, есірткі) бөлек, электроника, порнографиялық материалдар мен таратуға тыйым салынған кітаптар да бар болатын-ды. Тұтынушылар бұл сайтқа тек Tor желісі арқылы кіретін. Іздеу жүйелеріне шықпайтын сайттың негізін салушы — Росс Уильям Ульбрихт. Өткен жылдың қазан айында Silk Road сайты жабылып, иесі тұтқындалды. Сайттың серверінен мыңдаған биткоиндер табылды. Онда сақталған биткоиндердің саны 30 мың данаға дейін жетіп, сол уақыттағы долларға шаққандағы бағамы 25 млн АҚШ долларын құрады. Осыдан кейін Silk Roadқа аналог сайттардың қарасы көбейді. Қазірдің өзінде Silk Road2 атты интернет-дүкен жұмыс істейді. Ондағы тауар түрлері алдыңғысына пара-пар болмаса да, өз тұтынушыларының қажетін қанағаттандыруға әрекеттеніп келеді. Төлемдердің дені биткоиндермен жасалады.

Assasination Market — кісі өлтіруге тапсырыс қабылдайды
Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы
2013 жылдың күзінде Tor желісінде тағы бір сайт іске қосылды. Assasination Market деген атаумен еніп келген бұл сайттың ұсынатын қызметі де адамдардың жасырын қалауларын қанағаттандыруға бағытталған. Assasination Market белгілі қоғам және саясат қайраткерлерін өлтіру қызметін ұсынады. Кісі өлтірушінің ақысын өтеу үшін сайтқа келушілерден сайттың биткоин-әмиянына биткоиндер жіберуді сұрайды. Тапсырыс орындалса, төленген қаржының 1%-ын өзіне алып қалады. Тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушы арасындағы делдал іспеттес.
Бұл биткоиннің Tor желісіндегі сайттарды жойылып кетуден аман сақтап, алға жылжытып отырғанын көрсетеді. Демек, Tor әлемі биткоиндермен қаржыландырылады.

Ал сол кезде...: Биткоин немесе Tor әлемінің қозғаушысы
Мен жоғарыда атышулы екі оқиғаны ғана мысалға алдым.Биткоинмен есеп айырыспайтындықтан, Tor желісі арқылы аноним сайттарға кірмейтіндіктен де осыбір параллельді әлемдегі әрекеттер әралуандылығынан білерім аз. Десе де, биткоин мен Tor желісінің арасындағы байланыстың алдағы уақытта күшеймесе, әлсіремейтіні анық. Өйткені, криптовалюталар анонимділікті сақтаудың жалғыз ғана сенімді құралы болып отыр. Ал, Tor желісі болса анонимдердің қайнаған ошағы.

превью мекені
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше