Мұхтар ШЕРІМ.«ӘЙЕЛІҢМЕН ҚЫДЫРЫП КЕЛЕЙІНШІ...»

Блог - Satira: Мұхтар ШЕРІМ.«ӘЙЕЛІҢМЕН ҚЫДЫРЫП КЕЛЕЙІНШІ...»Тал түсте тарпа бас салмасам да, көршімді көріп, тұра жүгірдім, қағып кете жаздап, қаңғалақтай озып барып, табан тіредім де, қайта жүгіріп келіп, қолын қос қолдап алдым. Әйтпесе, үйіне кіріп кетсе, күзетшісі жібермейді.
--Аға, Наурыз мерекеңізбен құттықтап тұрып құшақтайыншы!
--Желпініп жәйша жүрсің бе, көрші? Не болды?—деп сұрады ол менің құшағымнан құтылып болған соң.
--Бір нәрсе сұрайын деп едім…
--Екі нәрсе сұра, үйге кірсеңші…
--Сіздің үй мен біздің үй… Біздікі сіздің «времянкаңызға» да жарамайды… Сіз… сіз депутатсыз, бизнесменсіз, миллионерсіз…
--Ал, жарайды, сұрай ғой, не сұрайын деп едің?
--Негізі...—деп қипақтадым мен,--ол сізде де бар, менде де бар… Бірақ…
--Көршіден аяғанды ит жесін, айта бер.
--Ит жемесін енді… Бересіз ғой?
--Беремін дедім ғой.
--Сіз сондай ақ көңіл, сондай мейірімді миллионерсіз аға. Басқалар сияқты халықтың қанын, жанын сорып, байып жатқан жоқсыз. Өз еңбегіңізбен…
--Ия?
--Аға, не ғой… Бүгін кешке әйеліңізбен қыдырып келейінші…
Осы сөзді сорғалатып, екпінімді жорғалатып, жылдам айтқанмын, басымды көтеріп, бетіне қарасам… Билеп кеткен көздері мен, көрпешедей жиналған маңдайын көрген жоқпын, қайта сондай жылы-ы жымиып тұр. Сұрарымды сұрап тұрсам да, ішімнен: «Мына кісі жынды ма? Әйелін бере салғаны несі?» деп ойланып қалдым.
--Әйеліммен?—деп сұрады ол.
--Ия… жеңгеймен…
--Пожалыста,--дегенде бар ғой, шалқамнан түстім, көзім қарауытып кетті. Осындай да демеуші, осындай да қамқоршы болады екен-ау! Мен байғұс битімді сығып, қанын жалап отырғанымда, мына сөзі сай-сүйегімді балқытып жіберді. Жайылған қамырдай, былқ-сылқ еттім де қалдым.
--Не үшін сұрап тұрғанымды сұрамайсыз ба?—деппін сасқанымнан тұрып жатып.
--Ағаң халық үшін қызмет етуден қашқан емес. Бір басымда төрт әйелім бар. Қайсысын қалайсың?
--Ж-жоға, осы үйдегі жеңешем жетеді. Өзіңіз білесіз, жағдайым жын-шайтандарды күтіп жіберуге де жарамайды. Несиемді өлгенше төлейтінім тағы бар…
--Жеңшеңді ала ғой. Басы бүтін...—деп көршім күлімсірегенде бар ғой, тағы да шалқамнан түстім.
--Жерге жата бермеші, не болды сізге?—деп сұрады ол.
--Кешіріңіз, Наурыз мерекеңізбен!—деппін аузыма сөз түспей.
--Әйелімді қайтармасаңыз да болады…
--Жо-жоқ, үш-төрт сағатқа қана керек еді… Қайтып әкеп беремін. Былай ғой… сіз мені дұрыс түсініңіз, Наурыз мерекесіне байланысты біздің мекемеде кеш өтетін еді. Бәрі әйелдерімен барады… Ал, менің әйелім… Сорылған кәмпит сияқты арық… Мерекеге киетін көйлегі де жоқ… Наурыз көжеге тиын таппай отырғанда… Айтайын дегенім, сіздің әйеліңізбен қыдырып барсам, жұрт таң қалар еді! «Байғұс бар тапқанын әйеліне жұмсайды екен ғой!» деп бас шайқар еді… Өмірімде бір рет шенеуніктердей шіреніп жүргім келіп еді…
Мұндай көңілшек көршіден айналмайсың ба? Берді! Жеңгей де қуанып кетті. Той-думан дегенде домалай жөнеледі екен! «Екі-үш сағатқа ғана көршінің уақытша әйелі болып қайтасың!» деген күйеуінің ескертпесін есікке қыстыра салды… Наурыз мерекесі кешінде жүрміз, қолтықтасып. Жұрттың бәрі маған басын иіп, көңілді сәлемдесетінді шығарды. «Бүгінгі дұшпан төплиіңе емес, әйеліңе қарайды» деген сөз рас екен-ау! Бәрінен де жеңешемнің қылығы қытықтап өлтірді! Мойнымнан иіскейді, бірақ тиіспейді… Содан үйге қайттым. Өз әйелім төркінінде болатын, түннің бір уағында телефон шыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем, көршім «кісінеп» тұр:
--Адам емес екенсің ғой, әйелімді қайтармайсың ба?—дейді. Сасқанымнан:
--Ойбуу, кешіріңіз, ұмытып кетіппін ғой!—дедім. Жылағым келіп, жеңешеме қарасам: «Үш күндесім бар ғой, өлмейді! «Жоғалтып алдым!» дей салшы! –де-еп жатыр… Құдайым-ай, бір пәлеге душар болмасам еді, енді қайттім?
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше