Нағыз қазақ!

Ең алғаш Астанаға студент болып келген кездері «Нағыз қазақ осылар»(Вот настоящий казах) дегенде кекетіп жатқандай көретінмін. Бірақ, ойымды айтуға орысшам жетпейді. Үндемей жүре бердім. Орысшам жетілгенде бәріне айтармын дегенмін іштей.
Орысша үйрендім. Біреуден әрі, біреуден кері. Тіл білген жақсы. Бірақ, оны шет тілі деп санамайды ғой бізде. Өмір сүруге ғана керек. Жүре келе пікірім өзгерді. Өзім сияқты қара домалақтарды шын құрметтегеннен айтқан екен. Бірақ енді өкініп жүрмін. Өкінбей ше? Сол уақыттағы ауылдық ойдағы, қаймағы бұзылмаған қазақылығымды жоғалтып алдым. Бәрі де байыбына бармай көтерген көкіректің кесірі.
Шет елдің тілі мен мәдениетін жоққа шығарудан аулақпын. Тек, өзімнің өткенімді ұмыта бастағанымды енді түсіндім. Бәрінен ең ауыры — кеше туған тәтемнің (әпке) қоңырау шалып «Уақытыңды алсам ренжімеші...» дегені болды. Жүрегімді жұлмалап жатқандай сезім кештім. Демек, бұған дейін қоңырау шалғаны үшін ренжігенім болғаны ғой. Сонда менің ата-анасын апта бұрын бекітілген кесте бойынша қабылдайтын Еуропалықтардан айырмам қанша? Олар сөйтеді екен деп күлеміз. Қайта олар мұнысын жариялы жасайды. Жасандылық жоқ. Ал біз ше?
Жоқ, мұным болмайды! Бірді айтып, екіншісіне кетіп қала бердім. Қысқасы, нағыз қазақ бола алмасам да, бауырларымның серігі бола білейін. Олардан артық отаным жоқ. Сіздер де өздеріңізді жоғалтып алмаңыздар!!!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше