БІЗДІҢ ТІРЛІК

Неткен тірлік?!
Бес күндігім – бес ғайып,
Өз-өзіме тағып қайтем босқа айып?
Жазмыш сірә жазуынан жаңылмас,
Өмір-өлім – ұғымдағы қос қайық!..

Өтіп жатқан уақыт емес, біз екен,
Қисық жолды мен қалайша түзетем?
Өтіп жатыр бәрі жүрек арқылы,
Қыс-жаз өтер, көктем өтер, күз өтер.

Жалқы жүрек?!
Жалғыздығым – лүпілдек,
Әр лүпілден жыр ағады шүпілдеп.
Сол зәмзәмнан ұрпағым да ұрттар-ау,
Бабам айтқан: «суға сайтан түкірмек!»

Олай болса, мен түкірдім сайтанға,
Ерегістен кеткен есем қайтар ма?
Керек маған періштенің пәктігі,
Ақиқатты білгендіктен айтам да.

Тірлік дейді?!
Бес ғайыбым – бес күндік,
Ерте жылап туғандықтан кеш күлдік.
Жазмыш сірә жазуынан жаңылмас,
Өмір-өлім – ұғымдағы қос құрлық!..
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше