“Трансформерді” көрдім, бірақ…

Көптен бері жұрттың шулап жүрген фильміне баруға қолым тимей жүр еді, көштен қалмай кеше дәл 6 шілде күні күннің астында Хан шатыр жақтағы көрмеден быжып кеткен соң, салқындап әрі кино көріп шығайын деп барғанмын. Көрдім, алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Сол баяғы Голливудтің көрерменін таң қалдырамын дейтін көп әлегінің бірі. Басты ролдегі баланың махаббатын киноға ваще не в тему қосып қойған. Кино туралы пікірімді айтпай-ақ қояйын, онсыз да басқа блогшылар жазып жатыр ғой. Менің бір байқағаным, Америка қандай фильм түсірсе де, орыс ағайындарды бір түртіп кететін әдет тауыпты. Чернобыльды қосқан мысалы. Сосын, “Солт” фильмінде де, ақырзаманды суреттеген “2012″-де, “Вавилонда”, сосын анау осы Трансформерде ойнайтын актер мен Харисон Форд ойнайтын “Доктор Джонсон” фильмінде де орағаңдарды бір орап өткен көріністер бар. Әлемнің құпиясын зерттеп ашуда екі алып империя бақталасқа түскен. Ғылымда да, әлемді басқаруда да орыс пен американың арасындағы бақайталастық қазіргі біз көріп жүрген блокбастерлерде астыртын болсын беріліп жүр. Режиссерлар мұнымен не айтқысы келді? Америка жақ “біз судан таза, сүттен ақпыз” дегісі келе ме сонда. “НАСА” иә әлеуетті құрылым. Орыстың да біз білмейтін қаншама құпия зерттеулерді жүргізіп жатқанын бір құдайым білсін.

Қазір байқап қарасаңыз, американдықтардың және орыстың психологиялық кітаптары да көбейіп кетті. Бәрінің де айтары бір ғана түйін. Жақсы позитивті ойласаң, арманың жүзеге асады. Оны бүкіләлемдік энергия күші арқылы жүзеге асыруға болады деп сәуегейсиді. Психологиялық кітаптардың айтары – жақсылыққа сен, сөз бен ой заттанады (мысли и слова материализуется) дейді. Демек, сөз бен ойдың заттанатынына сенсек, онда АҚШ-тың түсірген фильмдерінен шошынуымызға тура келеді. Америка осымен фильмдерінде қаншама рет Жер-Ананы топан судың астында қалдырды, басқа планеталықтар шабуыл жасап, қысқасы түгін қалдырмады. Мутанттар, зомби, вампир, қызтеке, көгілдірлер, бәрі-бәрі осы шетелдің фильмдерінде өріп жүр.”Обитель зла”, “Война миров”, “Послезавтра” т.б. кете береді. Қысқасы, ештеңеге таң қалмаймыз. Көрерменді үйретіп қойды барлық нәрсеге. Одан жұрттың қашан жалығатыны белгісіз. Жер-Ананың мазасын алатындай, жан түршігерлік көріністерге толы экшндерден көрерменнің ұтары не? Рухани қажеттілік ала алмадым осылардан. Әрине, салыстырмалы түрде бұндай фильмдер де қажет. Сенің, менің қарсылығымсыз мұндай дүниелердің әлі нешеме атасы жасалады. Оған ешкімнің күмәні де, таласы да жоқ. Сонда, көрермен үшін ұсынатын дүниенің бәрі міндетті түрде Жер-Ананы жоятын, адамзаттың нәсілін құртатын көріністермен “тойындыру” керек пе екен. АҚШ-тың киношник режиссерларының кейде не көздейтінін түсінбей дал болатын кездерім бар. Жарайды, бардық, көрдік, прокатқа миллиардтап, миллиондап табыс көзі құйылып жатыр. Сол ақша үшін осындай фильмдер түсіру қажет болса, ХХІ ғасырдың яғни үшінші мыңжылдықтың көрермендері үшін яғни адамзат баласының сұранысы осы, осы саладан ақша көп түседі дегенді әлемдік режиссерлар тез аңғарса, онда олар дегеніне әлдеқашан жеткен екен. Біз тек құрбандықпыз, біз тек оларға қаражат көзіміз. Біз олар ұсынған дүниені тамашалаймыз. Мейлі, ол жер жұтылып жатыр ма, жоқ, “Трансформердегідей” темірлер қиратып жатыр ма, бізге бәрібір тек киноны көрсек болды.

Қала берді, “Пила”, “Хостел” сияқты азғындықтардың өзіне шімірікпей қарай беретін көріністерге де етіміз үйренген. Бізді АҚШ-тың режиссерлері неге үйретпеді десеңші… Бастан өткермесек те бәрін білеміз, бәрін көргенбіз. Сонау бір қиянда жатқан Қазақ елінің өзінің кинотеатрлары жаулап алған бұл үдерістің қармағына біз де кірдік. Бір Астананың өзінде “Кинопарктің” қаншама филиалы бар. Әне табыс қайда жатыр. Бір ғана мысал, Хан шатырда 5-6 кинозал бар, құдай-ау соның бәрі көрерменсіз емес. Бірақ, Қуанышбаев театрында елдіктің керегесін қалаған ханымыз Кенесарының қойылымына дәл осылай ешкім қалың нөпірдей ағылып жатпайды. Себебі, жастарға қызық емес ондай нәрселер. Үшінші мыңжылдықтың көрермені шетелдің киноларының ығында кеткен, кете береді де. Талғам ауысты. Жаңашыл өркениетте тосын сыйлықтарға ұрпақ қашанда дайын болуы керек. Ата-баба рухы жер астында күңіреніп жатыр. Біз өткенді ұмытып, жер бетінде қайдағы түкке тұрғысыз, темір-терсектің шайқасқанына мәзбіз. Бейнебір ұланғайыр даланы солар қорғап бергендей.

Дұрыс, шетелдің де барлық ұсынған киноларын, басқасын көру керек, біліп жүру керек олардың қайда бағыт алғанын. Бірақ, өз ұлтыңды, өз киноңды, өз тегіңді де қатар алып жүретін өре болса, ештеңе демес едім.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше