Бетперде

-Қайырлы күн, қымбатты көрермендер! Әр сенбіде өздеріңіз сағына күтетін, ашық әңгіме алаңы «Бетперде» бағдарламасы өз жұмысын бастайды! Сонымен, біздің бүгінгі қонағымызыз қай министрліктен келіп отырған жұмбақ күйінде қалуын өтінген министр ағамыз!

-Министр мырза, бағдарламамызға қош келдіңіз дей отырып алғашқы сұрағымды қойып кетсем. Бетіңізге неліктен маска киіп шықтыңыз және ол неге түлкінің маскасы?
-Қош көрдік. Мен ел алдында көп жүретін болған соң және бағдарламаларыңның атының өзі «Бетперде» болғандықтан осы масканы киіп келуді жөн санадым. Ата-бабаларымыздан қалған сөз бар ғой «Заманың тазы болса, түлкі боп қаш» деген, сол сөзді менің өмірлік ұстанымым ретінде біліңіздер. Бұл маска дегендеріңіз қымбат екен ғой. Бақандай екі жүз теңге тұрады!
— Ағыңыздан жарылғаныңызға рахмет! Бұл ашық әңгіме алаңы болғандықтан біздің сұрақтарымызға да ашық жауап бергеніңіз жөн екенін біліп отырған секілдісіз. «Халық айтса қалып айтпайды» деген сөз бар. Сіздің Астана мен Алматыдағы екі үйіңіз, Бурабай мен Балқаштағы қос-қос демалыс орыныңыз халықтың ақшасының арқасында салынған емес пе екен?!
-Өте орынды сұрақ! Халықтың көкейіндегі сұрақты қойып отырсың сен бала. Айтайын, ол құрылыстардың барлығын тікелей өз ақшама салдым. Халыққа ондай ақша қайдан келсін…
-Рахмет… рахмет… ал, сіздің кенже қызыңыздың мініп жүрген соңғы маркалы «Лексус» көлігі ше? Өз ақшасына алды дейін десек 16 жастағы қыздың ондай табыс табуы мүмкін емес секілді?
-Бұның да мәнін түсіндіре кетейін.Осыдан жарты жылдай бұрын шамасы қызыма «Мектепте қарның ашып қалмасын, мына ақшаға тамақ алып іш» деп екі жүз теңге берген едім. Бала емес пе, тамақ ішудің орынына «Бингоның» екі билетін алыпты. Сәтін салғанда бір билеті астындағы машинасын ұтып берсе, екіншісі қомақты қаржы ұтып отбасымызбен бір қуанғнымыз бар еді…
-Түсінікті, түсінікті… немереңіздің сүндет тойында Дженифер Лопес ән шырқаған деп жүр мына жұрт…
-Патшадан жасырсаң да жұрттан жасыра алмайсың деген. Бірақ мынаны біле отырыңыз. Мен немеремді қатты жақсы көремін.Сенбесеңіз телефон қоңырауымды Заттыбектің орындауындағы «Немерем» әні тұр. Сондықтан да оның барлық өтінішін орындаймын. Мысалы, сол тойда Джет Ли мен Джеки Чан да болды. Неге деп сұрасаңшы менен.

-Неге?
-Сол. Немерем, «Дед, Джет Ли мен Джеки Чан төбелессе қайсы жеңеді?» деп сұрай беретін. Содан екеуін алып төбелестірдім.
-Қайсы жеңеді екен?
— Біле алмадық. Қан-қан болған екеуін асаба жігіт арашалап алды.
-Ол екеуін арашалап жүрген асабаңыздың атын білсек.
-Ол екеуін анау–мынау арашалай алмайтынын біліп Большой Джон Маккартиді де алдырғанбыз ғой. Біздің асаба оған ым қағып еді қолма қол арашалап алды ана екеуін.
-Министр мырза, тақырыптан ауытқып бара жатқан секілдіміз. Елімізде соңғы уақыттарда елеулі оқиғалар көптеп орын алып жатқаны бізді қуантады. Сонда да болса айтыңызшы, бізге кезектен тыс сайлау өткізту не үшін қажет болды?
-Бауырым, сенен де халықтан да кешірім сұрауға тура келіп тұр. Соткам мәшинемде қалып қойыпты. Бұл сұрағыңа келесі бағдарламаңда жауап бере жатармын-деген министр мырза студиядан асыға басып шығып кетті…
Бөлісу:

1 пікір