Wikileaks: жаңа, поп-секрет жанры

"...Қызыл кітап, бұл өзі — қызық кітап:
Сырты — жұқа, ал іші — қалыңырақ..."
© Қадыр Мырзалиев

Осы сайт жаһанды дүрліктіріп, дегбірімізді қашырды. Қалтырайтын жөніміз бар: енді Обаманы өз арамызда «қарабала» деп айтудан да қалатын түріміз бар.


Поп-тарих

Кімнің есінде болса, 90 жылдардың аяғында – 2000 жылдардың басында, кейін «фолькс-хистори», «поп-тарих» деген баға алған жанр қалыптасты. Ендігәрі бір ауыз тұжырым жазу үшін, мұрағат қопарып, қайсыбір ғасырдағы қабірді қазып, дулыға-сауыттардағы бедерлерді тіміскілеудің қажеті болмай қалды. Отыра қаласың да, Манаш Қозыбаевтың көзін ала беріп, жазып тастайсың. Ең қызығы: бетің бүлк етпейді.
Поп-тарихтың зерттеу аппараты да қызық еді. Ол тіпті сөздердің ұқсастығына да сүйеніп, фундаменталды тұжырым жасай беретін. Мысалы, Суворовты орысқа қимай тұрсаң, аласың да – «атасы Суыр деген қазақ болған екен» дей саласың. Тұжырымның сырттай абсурдтығына қарамастан, осындай «тарихпен» бір толқын өсті десе болады. Айтпақшы, Астананың қақ ортасында «телевизорды ойлап шығарған қазақ екен» деп жүрген біреу бар. Сірә, поп-тарих жанры әлі де жалғасын тауып жатса керек.
Wikileaks – поп-секрет жанры

Wikileaks – поп-тарихтың көрсеқызар қауымға арналған заманауи түрі сияқты әсер қалдырады. Дәлелдің көптігі сондай: қайсысынан бастап айтарыңды білмей, кейде біреуін де айта алмай қаласың.
Мысалы әйгілі, елшіліктердің «құпия хат алмасуына» шүйліксек. Меніңше мұнда бар ашылған құпия… іс қағаздарының американдық классификациясы ғана. Басқа құпия байқаған емеспін. Ие, бір жерлерде Саркози «жалаңаш король» деліне ме деймін. Оған француз патшасы сонша ренжіді деп ойламаймын. Лақап ат – қарабайыр практика ғана. Былайғы жұрт бастығын да көзін ала бере неше түрлі ғып айтады ғой, жасыратыны жоқ. Wikileaks-тің келесі «сюрприздерінде» Меркель – тауық, Елизавета патшайым – ешкі, Чавес – қояншық, Медведев – қолбала, Цзинь Тао – қысықкөз деген лақаппен өтсе де, халықаралық қатынастарда дәнеме өзгере қоюы күмәнді.
Көптеген «құжаттарды» оқып отырып, елшіліктегілер кәсіби барлаудан гөрі – салтанатты ішіп-жем кезінде қуыстарда айтылатын өсектермен айналысатынын көресің. Па шіркін, айтпақшы біздің премьер-министр клубта билепті! Бізге өкініштісі – өзінің туған әйелімен. Өсекке негіз жоқ: енді аузымыз қозған күйі қалып қойды. Ассанж да қызық: бейтаныс қызбен деп қосып жіберсе қайтеді екен…
Немесе, Қазақстандық авикомпаниялардың «Boeing» ұшақтарын алуына Мәскеудің жасап отырған кедергісі туралы «құжатты» алайық. Бұл «құжатқа» «SECRET» директивасын қоюдың өзі ұят. Себебі ондағы Мәскеудің жасап отырған қырсығы – Кедендік Одақ заңнамасынан өзінен-өзі шығатын әрекет. Тап осылайша, бұрынғы көрген киноны қайта қарап отырып, «қазір кейіпкердің саусағы шабылып қалады!» деп сәуегейлік жасауға болады.

Қисынға қайшы заңдылық

«Сыртқа байқамай мәлім болып қалған» құпиялардан өте-мөте қызық заңдылық байқауға болады.
Біріншіден – тек өткен оқиғалар туралы. Мысалы, Ирактағы контингенттің бейбіт тұрғындарды атқылауы. Зер салсақ, «о, зұлымдар!» демей тұрып, сәл салқынқандылық танытып, қисынға салсақ: a) Бұл құпияның қоғамдық салмағының уақыты өтіп кетті. Генералитеттің барлығы – зейнеткерлікте. Әрі Америкада, соғыс кезіндегі қимылға байланысты сот процессін ұйымдастыратын заңнамалық база жоқ. Оның үстіне американдықтардың ойрандары баспа беттерінде бұрыннан да жарияланып жүрген болатын. b) Кімнің кім екенін қарамастан ату – көше соғысында бұрыннан қалыптасқан тактика. Оны пайдаланғаны үшін америкалық-америкалықтың көзін ешқашан шұқымайды: «демократ болсаң да, иттің баласы, отандасымсың ғой».
Екіншіден – «құпиялардың» тиылмауы. Не десек те, CIA – әлемдегі ең мықты барлау ұйымдарының бірі. Тіпті, кішкене мекеменің өзі шоттары мен басқа қағаздарын шредермен турап отыратын заманда, мұндай ұйымның елшіліктердің тесіліп кеткен жерін бітей алмауы мүмкін емес. Тіпті ақпарат алмасудың жаңа алгоритміне көшсе де бір қайла қылар еді. Тіпті ең дөрекі көрсеткіш – Ассанж әлі тірі! Балақайдың қисынындай түйсігіміз болса, бұл «антұрған ашықауызды» кешегі екі жүз құжаты бар кезінде-ақ жоқ қылып жіберер еді.
Тоқетері, ыстық бәлішке өре түрегеліп жүгіре бермей, сабыр танытсақ. Мұндағы «құпиялардың» көбісін кафелерден де естіп жүрміз ғой. Кімнің кіммен жүретінін… Кім кімнің шатыры екенін… WikiLeaks – қала аңыздарына негізделген прожект қана сияқты, бауырлар.



Қол тисе, қарай кетіңіз:



Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше