#QazzaqDepression. Марстағы қазақ

Блог - patick: #QazzaqDepression. Марстағы қазақ
Марс бетіндегі қаззақты елестетіп көрдіңдер ме? Мүмкін турист, мүмкін ғарышкер. Марс тематикасы әлемде кеңінен тарала бастағанда бұл да әбден мүмкін нәрседей көрінеді.

Марсты игеру мәселесі кәдімгідей қолжетімді мақсат-мүддеге айнала бастады қазір. 2020 жылдан кейін тіпті экспедиция да жоспарланған. Арада жылдар өтеді, Марсты игеру кәдімгідей жолға қойылады. Тіпті туристер таситын коммерциялық ұйымдар пайда болады, жекелеген елдер ірі ғылыми-экспедициялық бағдарламаларға өз үлестерін қоса бастайды. Бұндай мүмкіндікті Қазақстан билігі де жібермейді, хуле Астана, Қазақстан брендтерін кеңінен насихаттау керек. Сол себепті күндердің күнінде Қазақстан өз ғарышкерін Марсқа жібереміз деп жар салады.

Әлбетте, Қазақстанның өз ғарыш бағдарламасын жасауға потенциалы жеткіліксіз. Сол себепті қазақ астронавтын бір еуропалық немесе халықаралық бағдарламаға қосып, сол арқылы жіберуге тырысады. Ғарышкердің атын да шамалап тұрмын, екі буыннан тұратын, шетелдіктер айтуға ыңғайлы есімі бар адам таңдалады, типі Талғат, Айдын. Скафандры шетелдік серіктестердің талаптарымен сәйкес болғанымен, қосымша «Astana», ''KZ' деген ебедейсіз жабыстырылған жазулар болады.

Старт күні телеарналардың барлығы космодромнан тікелей трансляция ұйымдастырады. Молда құран оқиды, өзі туып-өскен елді мекеннен бір ақсақал келіп бата береді. Тіпті бір мемлекеттік телеарна Марсқа жеткенге дейінгі қазақтың өмірін көрсететін видеотрансляция немесе арнайы репортаждар жасайтын ерекше бағдарлама ашып алуы мүмкін.

Халық ерекше әсерде болады. Иә, қарсы шыққандар болады. Бірақ олар да қазақ ғарышкерінің кеме ішіндегі қызықты видеоларын байқамай әлеуметтік желіде бөлісіп қояды. Сөйтіп, сырттай қарсы болғанымен, ішкі қызығушылығы бар екенін жасыра алмай қалып жатады.

Марсқа аман-есен қонғаннан кейін қазақ ғалымы Жоғарғы бас қолбасшы алдында тікелей телекөпір арқылы есеп береді және нақты тапсырмалар алады.

Қазақ ғалымының Марстағы сапары жүріп жатқан кезде Жерде үлкен өзгерістер басталады. Мысалы, Қазақстанда ғарыш зерттеулеріне қатысы бар бір мекемеге Марстағы азаматтың есімі берілетін болады. Осы кісінің құрметіне тағы бір ғылыми орталықтың құрылысы басталады, алғашқы іргетасын қалау кезіндегі видеосы Марсқа жөнелтіледі. Марстағы қазақ бұған тебіреніп, көзіне жас алған видеосәлемін жолдайды. Онда отандастарына риза екенін, Қазақстанға өлгенше қызмет етенін айтып тебіренеді. Қолдау білдіргендерге рахмет айтады және елінен жеткен кез-келген хат-хабарға риза болатынын жеткізеді.

Бұл тізбек реакциясын тудырады. Осыны естігеннен кейін түрлі мектептерден, жоғары оқу орындарынан видеосәлемдеме жөнелту тренді жолға қойылады. Ал мәдениет қайраткерлері өз арнауларын жолдайды — әншілер ән айтады, ақындар өлең шығарады.

Бұндай ықылас пен ілтипат қазақ ғарышкеріне ерекше әсер етеді. Еліне деген сағынышы күннен күнге арта түседі. Оның үстіне Жерден 400 миллион шақырым қашықта екені, 6 ай бойы салмақсыздықта ұшып келгені — бәрі-бәрі психологиялық салмақ салады. Елден жеткен түрлі хабарлар оны одан сайын депрессияға түсіріп тастайды.

Сосын ауылы жиі түсіне кіре бастайды: Атасымен бірге қой бағып жүр екен дейді. Аспан жаңбырдан кейін енді ашыла бастаған. Ауа жұп-жұмсақ, жусанның иісі мұрынды жарады. Дәл осы жерге келгенде оянып кете береді. Жусан!

Енді жусан туралы көп ойлана бастайды. Тіпті иісі мұрнына келгендей болады! Қайдағы иіс? Марста иіс түгіл, ауа да жоқ. Бірақ қазақ ғарышкерін бұл тоқтатпайды. Жусанның иісін бүкіл тұла-бойымен, бар болмысымен сезеді. Өз-өзіне сенбей, скафандрын мойнынан ағытып жібереді. Шлемін көтереді де, лақтырып тастайды. Келесі істегісі келген әрекеті — Марстың тозаңды атмосферасын бір жұтып, жусанның иісін татып көру еді. Бірақ шлем Марс топырағына түспей жатып, қазақтың беті алдымен Күн радиациясына шыжғырылып қалады, сосын оттегі жетпей гүрс етіп, қырылдаған дауыспен құлайды.
Әрі қарай

Жер бетіндегі Қызыл ғаламшар

ЮТА штатындағы мына шөлді-қыратты мекен — Марс ғаламшарының тіршіліктен ада ландшафтын еске түсіреді. Дәл осы жерде марсиандық шөл дала зерттеу станциясы орналасқан. Жобаның басты мақсаты да сол, келер күндерде адамзаттың қызыл ғаламшарда әрекет ету мүмкіншіліктерін байқап көру. Мұнда түрлі тәжірибелер жүргізіліп, бұған қоса Марста және Айда пайдаланылатын техникалар ғарышқа жіберілместен бұрын, алдын-ала тексерістен өтеді.
Рейтер агенттігінің фотографы Jim Urquhart осы Жерде орналасқан Марсқа барып, ондағы тіршілікті көріп қайтқан екен.
Суреттер сөйлейді: Жер бетіндегі  Қызыл ғаламшар
Әрі қарай

Шоколадтың қалың қабаты

-Бля, ыстық тамақ бар ма сұрап көрші!
— Жоқ екен. Пирожки мен сникерстен басқа дым жоқ.
— Тьфу нақ, аш болсаң боқ жейсің деген осы екен, ала салшы екеуін де, сосын ішерге бірдеңе ал! Құрыған жер екен де…
Самат мұрнын тыржита досының қолындағы сникерсті алды да, бір сәт ойға шомып кеткендей болып, жымиды да, шоколадтан бір тістеді.
Дәм естеліктерді қозғап жіберді ме, әлде жағдай соған итерді ме, есіне балалық шағы түсіп кетті.
Әрі қарай

Сәлем бердік, "Аватар", кешіріңіз - "Джон Картер"


Қазақстандағы премьерасы 2012 жылдың 8-наурызына жоспарланған "Джон Картер" фэнтези туындысы мол әсер қалдырды. Өкінішке орай, бұның бәрін жақсы әсерге жатқызуға келмес. Толығырақ, тоқталайын.
Әрі қарай

Қартайтпайтын һәм жасартатын «әбілхаят суы» қашан пайда болатыны туралы

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ — Адам баласын қартайтпайтын құдірет ойлап табу — бүгінгі ғылымның бас ауыртып отырған мәселесі. Өзекті жанға бір өлім барын біле тұра, ұзақ ғұмыр сүруден үмітті адамзат «мәңгілік өмір» кілтін іздеу жолында тер төгуін доғармақ емес. Барлығының іздегені де, көксегені де бір — қартайтпайтын һәм өлтірмейтін «әбілхаят суын» ойлап табу.
Бұл бағыттағы ғылыми ізденістерге Астанадағы Назарбаев университетінің «Өмір туралы ғылым» орталығы да белсенді түрде араласып келеді. Оның тұңғыш жемістері мен соңғы заманауи жетістіктері жайлы сайт тілшісіне «Өмір туралы ғылым» орталығының бас директоры, хирургия профессоры Жақсыбай Жұмаділов әңгімелеп беруге өз ықыласын білдірген болатын.
Әрі қарай

Қадір түні және Марс

Бүгін, тамыздың 26-сынан 27-сіне қараған түн — Қадір түні. Бұл күні Құран Кәрім түскен. Қасиетті кітаптағы "Қадір" сүресінде бұл күн туралы былай дейді:

«Әлбетте, Біз Құранды Қадыр түнінде түсірдік. Қадыр түні не екенін білесіз бе? Қадыр түні мың айдан жақсырақ. Ол түнде періштелер мен Жебрейл ғ.с Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік түні таң атқанға дейін жалғасады».
Әрі қарай