Бла-бла

Тақырыпқа қарап, кей жайдарман командаларының сахнадағы бар тірлігі деп ойлап қалуға, баға беруге болар еді, ә? Неткен символизм… Бірақ, бұл жолы айтайын дегенім ол емес.
Жайдарманшыларды сынай отыра, мен сахнаға шығудың жауапкершілігін және оның артында қаншама еңбек жатқанын түсінемін. Әзіл жанрының микрофонға аузыңды қимылдатып берсең жеткілікті болатын басқа өнер түрлерінен қиынырақ екенін де білемін. Дегенмен, ізденіс барда бірнеше минуттық өнер көрсету қиын болмауы тиіс. Шыршалар-таяқтар, әлемде қаншама тақырып бар, жанр бар, оқиға бар! Туындылар бар! Әлем — үлкен! Ендеше, не ләйліп отырсың?!

Әуен таңдай білу — әр адамның талғамына қарай. Жеңіл, сөздерді қамти алатын ән таңдау және оның мүмкіндігінше көпшілікке таныс болғаны жақсырақ. Мәселен, шетел туындыларынан — Эрик Клэптонның «Лэйласы». Шедевр.


Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бiрiншi 1/8 финалдық ойын

Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман,  бiрiншi 1/8 финалдық ойын
Жайдарман — жайдары ойын, жақсы ойын. Маусымашарға барғалы да бірер айдың жүзі болды. Содан кейін Жоғары лиганың маусымын қадағалаймын дегенім енді өзіме жүк болды.
Осы уақыт ішінде әлдебір ерекше ештеңе бола қойған жоқ, аса бір мейірбандана қойған да жоқпын. Сондықтан, көзі қарақты демесек те, көзі кіржиген көрермен ретінде өткен ойындар жайлы өз ойыммен бөлісуді жалғастырамын.
Сөзсіз, бұл пікір жеке менің интеллектуалдық санама, әзіл түсіну қабілетіме және тәжірибеме негізделген. Бірақ, көптің бірі, пікір әртүрлі деп, жылы жаба салуға болатын жай емес. "Қырықтың бірі — Медиум Қыдыр" деген… Оның үстіне, менен өзге фундаменталдыға жуық шолу жасап жүрген пенде көргем жоқ, сондықтан күллі көрермен атынан жазылған мақала деп қабылдаңыз. Назар аударыңыз: көрермен, жанкүйер емес. Жанкүйерлерге, әдетте, объективтіліктің иісі мұрнына бармайды. Біз — ақиқаттың ақырғы Ақыртасы болмасақ та, бүйрегіміз ешкімге бұрып тұрған жоқ.
Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман маусымашары жайлы

Сіресі қатып, көңі кепкен блогымды жаңғыртуға не себеп? Соңғы жылдары қазақтілді Жайдарман ойындарының көрермені болып жүрмін. Мейірбан, ілтипатты көрермен деуге келмейді. Бірақ ойын ұнайды.

Сонымен, қайырлылау күн, жайдарманшылар, олардың көрермендері және керекинфоның кездейсоқ-тұрақты арамтамақтары!
Осы жолы Қазақстан КВН Одағының жыл сайын өткізетін лигаларын қалыптастыратын маусымашар фестиваліне барғанмын.
Маусымды кім ашса, сол ыстық. Ғм-ғм, жарайды, бұл мәтел бет туралы болатын, бірақ бұл жағдайда да ақиқаттан алыс кеткен жоқ. Маусымды тұрақты түрде Есен есімді ағай мен редакторлар қауымы ашады, ал олар сендерге анық ыстық. Ыстық болмай көрсін…
Әрі қарай

Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзімен

ОҒМ жазбалары: Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзімен
Сәлем, достар! «Ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбына тағы да онлайн-сабақтар легін жалғастыруды жөн көрдім. Бұл жолғы скринкасттарымның ерекшелігі – оған өзімнен бөлек қонақтардың қатысуы. Яғни «скринсұхбат» деуге болатын шығар. Скринсұхбатқа қонақ ретінде Codeo.kz cайтында IT-салаға қатысты тұрақты түрде танымдық посттар жазып жүрген энтузиаст жігіттер, достарым, IT-мамандар – Нұржол Табиғат, Садық Шерімбек, Абылай Әділханов, Ерлан Қамыров және Райымбек Егембердіні шақыруды жөн көрдім.

Ендеше кеттік, скринсұхбаттарды тыңдайық/қарайық!

ОҒМ жазбалары: Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзіменБұл скринсұхбатта Нұржол Табиғат Ақпараттық қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру және оның құрылымына шолу жасап өтеді.


ОҒМ жазбалары: Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзіменСкринсұхбатымыздың бұл бөлігінде Садық Шерімбек қарапайым қолданушыларды жеке ақпараттарды сақтаудың жолдары, жеке құпия сөздер мен әлеуметтік желі аккаунттарын қорғаудың басты қағидаларынан құлағдар етеді.


ОҒМ жазбалары: Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзіменАбылай Әділхановпен болған бұл скринсұхбатымыз қазіргі интернетте болып жатқан әрқилы байқаулар мен дауыс беру жүйелеріндегі қателіктердің алдын-алу шаралары практикалық тұрғыдан өрбиді.


ОҒМ жазбалары: Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзіменБұл бөлімде Ерлан Қамыров Linux амалдық жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздік потенциалдары, серверлік жүйелердің үлестері мен артықшылықтары бойынша сөз қозғайтын болады.


ОҒМ жазбалары: Ақпараттық қауіпсіздік: «Сodeo Team» көзіменРайымбек Егембердиев өзінің сұхбатында қазіргі таңдағы веб-сайттардың басты қатері болып саналатын DDOS шабуыл туралы және одан қорғанудың технологиялық шешімдері жөнін сөз етеді.

Codeo Team жігіттерімен бірге жұмыс жасау ұнап қалды. Құрамға қосылам-ау деймін :) Осы скринсұхбат форматын бөлек командалық жоба қылып алып кету ойымызда бар. Сәттілік тілеп қойыңыздар!

Коллаждарды әзірлеген Садық Шерімбек және Абылай Әділханов
Әрі қарай

Көз моншағың мөлдіреп қарай берші

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Көз моншағың мөлдіреп қарай берші
Мұң аққандай аспаннан әр күн таңнан —
Жылатқандай мен сені жаңбыр тамған.
Маған арнап жолданған әуез күтем
Самал арбап, жел түрткен әрбір талдан.

Бойда барым — тұнған шер, тұнған шемен,
Ойламағын келді деп бұл дәл сенен.
Әзірге ұнап, жанарды жаулағанмен,
Қазір бірақ қорқамын бір нәрседен:

Мас еткенің қылықпен жанға дем бе —
Паш етпедім атыңды таңғы әлемге…
Менікіндей жүрекпен күмәнданам,
Сенікіндей шын сезім бар ма менде?
Әрі қарай

Әнді онлайн тыңдауға, жүктеуге және сақтауға арналған сервистер

Музыка тыңдауға, сақтауға, жүктеуге, таратуға және сатуға арналған сервистер мен түрлі девайстарға арналған қосымшалардың тізімін ұсынып отырмын. Тізімге енгізілген сервистер мен қосымшалардың дені легальды музыка таратады. Қолданушылар тарапынан жүктелетін әндердің заңдылығына мән бермейтіндері де бар.
Бұл сервистерді «Авторлық құқық» деген ұғымды басына теуіп — тегін, «не дегенмен шығармашылық адамының еңбегі ғой» деп — шартты-ақылы немесе «тегін жатқан дүние жоқ» дегенге көндігіп — ақылы түрде пайдалануға болады.

Сонымен:

1. SoundCloud
Әлеуметтік желінің функцияларын бойына жинақтаған музыкалық сервис. Музыкалық контентті орындаушының аты-жөні, әннің немесе альбом атауы бойынша іздеуге болады.
Музыкалық композициялардан бөлек, подкаст пен аудиокітаптардың кішірігім таңдауы бар.
Әрбір тіркелген қолданушы өзінің жеке плейлистін құрады. Тізімініе саундклоудта бар әндердің ұнағанын қосып, не өзі де жүктей алады.
Қызығы сол, қолданушының тізіміндегі әндерді әлеуметтік желідегі достары тыңдап ғана қоймай, пікір қалдыруына «рұқсат етілген». Тағы бір ерекшелігі: тек әнді ғана емес, әннің қысқа үзіндісін екшелеп алып, пікір қалдыруға болады.
Саундклоудтағы әндерді тыңдау тегін. Сервиске жүктелетін әндердің санына емес, уақытына шектеу қойылған. Барлығы 2 сағат уақыттан аспайтын тегін лимит берілген. Жүктелген контенттің тұтас уақыты 2 сағаттан асса, ақы төлеуге тура келеді. Жүктелетін контентке лицензиялық шектеулер қойылмайды.
iOS және Android ОЖ-іне арналған тегін қосымшалары бар. Мобильді қосымшалары өзінің ыңғайлылығымен «жатып та, тұрып та мақтана алады».
"Әндеткен Youtube" атты жұрт қойған атауы да бар. Сервистің 40 млн қолданушысы болса, соның тек 5% ғана ақылы аккаунтқа ие. Қызмет ақысы: айына — 4 $. 12 $ «лақтырып» лимитсіздік мәртебесін иеленуге болады.
Легальдылығы сол: саундклоудта танымал әншілер, ірі-ірі мейджор лейблдар өздерінің ресми аккаунттарын ашқан. Өнімдерін сол аккаунттары арқылы таратып отырады.

2. «Яндекс.Музыка»
Ресейлік сервис. Әзірге 10 млн композия бар. Ән қоржыны үнемі жаңарып, толығып отырады. Контенті «ойдан-қырдан қашқан» емес, легальды. «Яндекс.Музыканың» кереметі сол, қайдан тауып алатыны белгісіз, сирек кездесетін әндерді осындан кезігеді.
Тіркелуді қажетсінбейді, сайтқа кір де тыңдай бер.
«Вконтактедегі» заңсыз әндерді тыңдап-тыңдап, ақырында ұяты бетіне шыққан жан үшін таптырмас мекен.
«Вконтактідегі» плейлистті сүзіп шығып, өзінде бар сәйкес орижинал аудиожазбаларға алмастырады. Автоматты түрде сәйкес плейлист жасап береді. Онлайн-радиосы да бар.
Дербис компьютерден браузер арқылы тегін тыңдалады. iOS, Android басқаруындағы смартфондар арқылы браузерден тыңдау ақысы — айына 149 рубль, мобильді қосымшасы — айына 199 рубль. Неге қымбат десеңіз, төлемнің 30%-ын Google Play және App Store дүкендері ұстап қалады.
199 рубль төлеген жағдайда: әндіжүктеп алуға, осылайша онлайн тыңдауға болады. Сондай-ақ, «Яндекс.Музыканың» мобильді қосымшасы әндерді микрофон арқылы «тыңдап», қай ән екенін «танып-біледі».
Айтпақшы, алғашқы айда пайдалану — тегін.

3. TuneIn
Менің «сүйіктім». Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 70 мыңнан астам радионың басын құраған. Радиостанциялар жиілігі, аймағы мен стилі бойынша жіктелген.
Қолданушы 70мың радиостанцияның ішінен не тыңдарын білмей, абдырап қалса, не тыңдауға болатынын TuneInнің өзі ұсынады. Ұнаған радиостанцияларды таңдаулылар қатарына қосуға, тәнті еткен әнді «лайктап», қажет болса Amozon дүкенін сатып алуға болады.
TuneInнің мақтанашы сол, ыңғайлы мобильді қосымшалары. Android, iOS, Windows Phone, Blackberryге арналған TuneIn атты тегін және TuneIn Pro атты ақылы қосымшалары бар.
Pro-нұсқаның артықшылығы, эфирді жазып алу мүмкіндігі. Тыңдау кезінде ұнаған тұстарын ерекшелеп, қайта тыңдай аласыз.

4. Deezer
Француздық өнім. Мұрағатында 25 млн музыкалық композиция бар. Ән, не альбом атауы, әншінің аты-жөні бойынша ізделінеді. Әндеріне көңіл толмаса, 30 мың радиостанцияның кез-келгенін таңдау ұсынылады.
Бір ай бойына тегін. Одан кейін айына тек екі сағат ғана тыңдау шектеуі қойылады. Шектеуді алып тастау үшін, айына 4 доллар төлеп тұру жеткілікті. Ал 8 доллар төлеп, әндерді оффлайнда да тыңдау рахаты беріледі.
Мобильді платформалардың барлық түріне арналған қосымшалары бар. Қосымшаларының браузерлік нұсқасынан еш айырмасы жоқ.

5. Google Play Music
Алпауыт компанияның сервисі. Өзім қолданбағандықтан ештеңе айта алмаймын. Білетінім: айына 9,99 доллар төлеу керек. Сонда лицензиясы бар әндерді онлайнда-оффлайнда тыңдауға, жүктеп алуға рұқсат етіледі. Таңдау мол.
Өз тарапыңыздан 20 000 әнге дейін жүктеуге болады.
Білетіндер: «Веб-интерфейсі керемет ыңғайлы. Нағыз меломандарға арналған»,- дейді. Рас-өтірігін қайдам… Меломан емеспін. Сол себепті де бұл сервиске ұшыраспаған болармын.
Universal Music, Sony Entertainment Group, Warner Music Group және тағы да басқа мыңдаған тәуелсіз музыкалық студиялармен келісім-шартқа отырған сервисте 22 жанр бойынша миллиондаған әндер бар.

6. iTunes
Appleдің мақтанышы. Музыка индустриясының астан-кестеңін шығарған сервис. Қолданбағанмын. Өйткені, Apple гаджеттерін ұстамаймын.
Тұтас бір альбомды, не жеке әндерді сатып алуға болады. Бір әннің орташа бағасы 0,99 АҚШ доллары тұрады. Бір айға жазылу — 20$. Ән қоры бойынша әзірге әлемде бірінші.
Легальды киноның да үлкен қоры бар. Ақысын төлеп, кинотеатрға бармай, жоғары сапада iOS платформалы кез-келген гаджеттен көруге болады.
Айтпақшы, бұл сервис Қазақстанда іске қосылмаған. Ресейдің өзінде ресми түрде өткен жылы ашылды.

7. Bandcamp
Музыка әлеміндегі жолын тәй-тәйлап бастаған әншілердің арасында өте танымал сервис. Әншілер өздерінің альбомдарын сайтқа жүктейді. Қолданушылар тыңдайды. Қаласа, сатып алады.
Бағаны әншінің өзі қояды. «Сатпаймын, тегін жүктеп ала берсін» десе де өзі біледі. Қолданушының да жомарттығына шектеу қойылмаған. «Осыдан бірдеңе шығады. Дауысы жақсы. Қолдап жіберейінші» деп, қалағанынша ақша құюына да ұлықсат.
Ән форматын әншінің өзі түрлендіре алады. Ең төменгі битрейт сападағы mp3 форматтан бастап ең жоғары битрейттегі flac форматқа дейін таңдау бар.
Әрі қарай

Балалардың "асабасы"

Қазір балалардың да мерекелеріне «асаба» шақыртатын заман болды. Тіпті үйлену тойына да басты асабадан бөлек балалардың көңілін аулайтын арнайы аниматор жалдайтындар бар. Мақсат, әрине, белгілі –әке-шешесінен қалмай еріп келген келген бала-шағаның шараға кедергі келтірмеуіне жағдай жасау.
Аниматорлардың міндеті — шоу-бағдарламаны жүргізіп, балаларды ойнатып, қызықтырып, көңілдерін көтеріп, олардың асып-тасып бойларына сыймай тұрған энергиясын сығып алу.


ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
Сондай аниматорлардың бірі — Ринат Жетібаев, 25 жаста.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Ринат, сіздің негізгі мамандығыңыз қандай? Бұл кәсіппен айналысуыңызға не себеп болды?
— Менің мамандығым – архитектор. Мамандық бойынша жұмыс жасап көрген жоқпын, 5 жыл оқып алған дипломым сандық түбінде жатыр. Оған себеп — мен бір орында отыра алмаймын, ылғи қозғалыста жүргенді жақсы көремін. Студент кезімде «Coza -Nostra» компаниясында аниматор болып жұмыс істейтін достарым мені өз ұжымдарына тартты. Ол кезде небәрі 2-курс студенті едім, «қосымша ақша артық етпейді» деген оймен келістім. Алдымен «Шрек» секілді жабық костюмдермен «үндемейтін» рөлдерде шығып, кейін «сөйлейтін» кейіпкерлерді сомдадым. Жүре-жүре костюм-шалбар киіп, «бабочка» тағып шоу-бағдарлама жүргізетін дәрежеге жеттім. Негізі өзім де оқушы кезімнен өнерге жақын едім, түрлі шараларға белсене қатысатынмын. Соның да септігі тиген болуы керек.

— Әлі де сол компанияда жұмыс жасайсыз ба?
Жоқ, қазір Ратмир атты досым екеуміз фриланс режимде жұмыс жасаймыз. Өзіміздің фото, видео, дизайн қызметін ұсынатын достарымыз бар, араласатын түрлі цирк әртістері, актерлер тобы бар. Солармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Тапсырыс болса қажет қызметке хабарласып, шақыра қоямыз.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Тапсырыс көп түсе ме? Клиенттеріңіздің контингенті қандай?
— Осы маусым айын алатын болсақ, менде қазір 8 шараға тапсырыс бар. Ал мамыр айында 5 шара өткіздім, оның ішінде туған күндер, бастауышпен қоштасу сынды шаралар болды.
Өзіміздің тұрақты клиенттік қорымыз бар. Арнайы ивент-агенттіктерден де тапсырыс болып жатады. Сонымен қатар шаралардан көріп ұнатқандар хабарласады. Ең мықты жарнама — ол біздің ұйымдастыратын шараларымыз.
Жалпы бұрын, айталық, 2008-де мұндай қызметті негізінен «қалтатылар» ғана пайдаланатын болса, қазір халықтың басым бөлігіне қолжетімді. Қызметіміздің ең арзаны 20 мың теңгеден басталады, ал қымбатына енді шек жоқ. Мысалы бір дөкейдің баласының 1 жасқа толу туған күнін бас-аяғы 5 миллион теңгеге ұйымдастырдым. Ал туған күн иесі тіпті ол шараға қатыспады десе де болады.

— Құпия болмаса айлық табысыңыз қанша?
— Әрқалай, мамыр айындағы жеке табысым шамамен 400 мың теңгені құрады. Бәлендей қиналып жұмыс істедім деп айта алмаймын, бос уақытым көп болды. Оның үстіне өзім жақсы көретін іспен айналысамын.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы
— Қазір балалар арасында қандай кейіпкерлер сұранысқа ие?
— Ол енді балалардың жасына байланысты. Кішкентай бүлдіршіндерге ресейлік «Фиксиктер» мультсериалының кейіпкерлері жақсы өтеді. Ал 7-8 жасқа дейінгі балаларға өрмекші адам, Бен Тен, Капитан Америка сынды супер қаһармандар керек. Одан үлкендеулері тіпті ешқандай кейіпкерлерді қабылдамауы мүмкін. Тіпті кейбір еркетотайлар аниматорларды тепкілеп, келеке етеді. Оларды таңқалдыру қиын. Сол үшін кейбір ата-аналар небір әрекеттерге барады. Мысалы біреу ұлының 10 жасқа толу туған күнін әскери тақырыпта өткізіп, арнайы міндетті әскер өкілдерін шақыртты. Олар шара болып жатқан жерге шынайы түрде басып кіріп, баланы туған күнімен құттықтады.

— Сонда қазақша кейіпкерлерге сұраныс жоқ па?
— Сұраныс бар. Алдыңғы жылы жаңа жылдық бағдарламаны толығымен қазақша кейіпкерлердің қатысуымен жасадық. Бағдарламада Алдар көсе, Аққу қыз, Бауырсақ секілді кейіпкерлер болды. Балалар жақсы қабылдады, бізге де тәуір пайда түсті. Мектеп, балабақшалардан бастап жеке жанұялар шақырды.

— Балалардың сіздің қойылымды қабылдамайтын кез жиі болып тұра ма? Ондайда тығырықтан қалай шығасыздар?
— Жиі болады. Әсіресе жасөспірімдер түрлі әнші-биші, цирк әртістерінің қатысуымен дайындаған шоу-бағдарламаға мұрын шүйіріп, гаджеттеріне үңіліп отырады. Ондай кезде, сіз сенбеуіңіз мүмкін, бізді өзіміздің бала кезде ойнаған ойындарымыз құтқарады. Балалар арнайы бағдарламаны былай ысырып қойып, қарапайым доппен атуды (выбивало) рақаттана ойнайды. Бала ол қашан да бала.

— Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап көрдіңіздер бе? Оларды қалай ойнатасыздар?
— Иә, бірде Алматыдағы онкологиялық емханада рак ауруымен ауыратын балалардың көңілін көтеруге бардық. Біраз қиын тиді, себебі олар белсенді ойын түрлерін ойнай алмайды, көбіне бір орында отырады. Ондайда проектормен ойнататын интеллектуалды ойын түрлерін пайдаланамыз. Түрлі жұмбақтар жасырып, балаларға барымызша жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстық.
Одан бөлек, үйде ауырып жатқан балаға сүйікті кейіпкерін шақыру жағдайы жиі кездеседі. Ол жай баланың бөлмесіне кіріп сөйлесіп, көңілін аулап шығады.

ОҒМ жазбалары: Балалардың асабасы — Қайырымдылық шараларына қатысып тұрасыздар ма?
— Иә, міндетті түрде. Соңғы рет Талғардағы балалар үйіне бардық. Ол шараға аниматорлардан бөлек еліміздің бірқатар эстрада жұлдыздары да қатысты.

— Қазір өнерлі жастар көп, оларға осындай кәсіп бастау үшін не керек?
— Бастысы бірге үнемі ізденісте жүретін команда, креативті серіктестер керек. Қазір құдайға шүкір интернет бар, шетелде өзгелердің не істеп жатқанын көріп, үйренуге болады. Шетел демекші, өзім АҚШ-қа кетуге ақша жинап жатырмын. Майамиге барып орыстілді туристерге бағытталған аниматорлық компанияда жұмыс жасап көргім келеді.

— Сәттілік!
— Рахмет!

2-5 суреттер Ринаттың жеке инстаграм парақшасынан алынды.
Әрі қарай

Мундиальға баратын 32 құрама

Футбол, тек қана футбол!: Мундиальға баратын 32 құрама
Бразилияда өтетін әлем чемпионатына баратын 32 құрама анықталды. Енді қызық болатыны, әрине, жеребе, Жеребе тарту рәсімі 6 желтоқсан күні Бразиляның Мата-ди-Сан-Жуан қаласында өтеді дейді ресми ақпарат көздері. Жолдама алған 32 құрама 8 топқа бөлінетін болады, жеребенің жолдас немесе жолдас болмауын анықтайтын ең қызықты сәт.
Әрі қарай

Балалық шағымның мундиалі

Не айтатыны бар, өткен ғасырдан бері түз баласы боп кеттік. Ойылда бастауыштан өтіп, шетінен қырып келе жатыр едім, ортаңғы ұлды қос рәдителдің ешқайсысы зәру көрмей, 10 жасымда қалаға оқуға аттандырып жіберді.
Түскен жерім дарынды балалар мектеп-интернаты деп аталады. Кәдімгідей емтиханмен қабылданған пысықтардың қатарынанбыз. Жыл он екі ай — үш қабатты, ескі, бірақ сыры кетсе де сыны кетпеген ғимараттамыз. Өтірік айтам, жыл он екі ай емес, оқу жылы бойына. Интернат — қызыл сары, тіпті оранжды сырланған, оның өзі ескіріп, кей тұсының кірпіші көрініп жатыр. Жергілікті атқамінер шпаналар фасадын одан әрі сорлатып кететіні бар. Бұл жатақханамыздан 100 метрде мектеп тұр, ол да бояушы, бояушы дегенге орай, сәбіз түстес қып сырланған. Ғимараттың ескі екеніне, Екінші Дүниежүзілік соғыста атқыштар бригадасының штабы болғанына мемлекеттің мұртын балта шаппайды. Мұрты жоқ, одан бөлек саяси тұтқындар салудайын салған екен ғимаратты, әлі 100 жыл қызмет қылатын сияқты.  
Әрі қарай