Кіржиген көзқарас: Жайдарман маусымашары жайлы

Сіресі қатып, көңі кепкен блогымды жаңғыртуға не себеп? Соңғы жылдары қазақтілді Жайдарман ойындарының көрермені болып жүрмін. Мейірбан, ілтипатты көрермен деуге келмейді. Бірақ ойын ұнайды.

Сонымен, қайырлылау күн, жайдарманшылар, олардың көрермендері және керекинфоның кездейсоқ-тұрақты арамтамақтары!
Осы жолы Қазақстан КВН Одағының жыл сайын өткізетін лигаларын қалыптастыратын маусымашар фестиваліне барғанмын.
Маусымды кім ашса, сол ыстық. Ғм-ғм, жарайды, бұл мәтел бет туралы болатын, бірақ бұл жағдайда да ақиқаттан алыс кеткен жоқ. Маусымды тұрақты түрде Есен есімді ағай мен редакторлар қауымы ашады, ал олар сендерге анық ыстық. Ыстық болмай көрсін…

Ал фестиваль барысының қызуы ыстық болды ма? Әрине, оны пойыздармен бірнеше күн жол жүріп, ауыр-жеңіл реквизит көтеріп, баураған ойынның басты мерекесіне жиылған жайдарманшылар жақсырақ біледі.
Жалпы, иә, маусымашар, былай, маңызды. Бәрі осыдан басталады. Бірақ алда лигалардағы маусым бойы бар екенін қаперде ұстасаң, қанша сайыс түрі салпаң етіп кездесетінін ескерсең, ең үздік қалжыңдарыңды (әлде жартысын) көрінбейтін қоржын қалтаға да уақытша тығып қоя тұру да жөн сияқты. Ал егер барлық қазынаңды ортаға сап кеп отырсаң фестивальге… Онда еңбектену керек, терең еңбектену керек.
Жарайды, әлі танылмаған, телефизиялық лигада ойнамаған команда болсаң, онда баспалдақпен бірнеше саты көтерілу үшін бар жылы-жұмсағыңды әкеле беру айып емес. Бәрібір, лигаң жоғарыласа, бұл кезге дейінгі жинаған мұрағатың – 1/8-дікті толтыруға ғана жетсе шүкір, анық асып кете қоймайтынын түсінесің.
Екінші жағынан, биылғы маусымға қызығушылықты оятып, көрерменге жемтік тастайтын, жылдың жүрісін айқындап беретін де осы кезең. Галаның (Ғалымжанға қатысы жоқ, концерт жайлы айтып отырмын) асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?)
Фестивальдің бірнеше күндік графигі орындалды. Командалар редакторлық пысықтаудан өтіп, лигаларға бөлінді. Маусымға жоспар құрылды. Гала-концерт басталды.
Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман маусымашары жайлы
Гала-концерт демекші… Егер осы жазбаны ашып қойған болсаңыз, оның 31 қаңтарда өткен бірінші күніндегі командалар жайлы ой, немесе ойға құсарлық қатпарлы қара таңдақ қоймалжыңды оқуға тура келеді.
Фестивальде сәтті не сәттіге ұқсас өнер көрсеткен командалардан жасалған концерт өткен «Жастардың» ішінде кәрілер де отырғандай болды, негізі. Аздап. Командалардың осы қос күн ішінде көрсететін өнеріне қанғалы келген ағайынға соус боларлық не болды?

Бірінші болып «Сіздер үшін» командасы шықты. Біздер үшін өнер көрсететіндері рас болса, әу бастан біз үшін шығу керек. Кіріспе әнді айтып тұрғандары — бір-екеуі ғана. Бұл қалыпты да шығар, рөлдік бөлініс – әнші бар, басқа бар. Жоға, тым жақсы жазылған плюстік әуен ғой, тек сахнадағы бестік ауыздарын бәрі анық қимылдатса болады ғой. Халтуралауға болмайды, Астанада жиі келе берем деп ойлайсыңдар ма?
Тұлпар сынау, букмекерлік бәс жайлы әзіл — өтімді. Соңындағы кода – күлкілі де ойлы. Бірінші боп шығу ауыр екенін ескерсек, кешірімді.

«35 өрендері», 35-мектеп құрамасы екенін екі рет ескерткен бүлдіршіндер ҰБТ мен селфи жайлы әзілі залға жақсы жетті.

«Онлайн» командасы — махаббат, интернет жайлы қалжыңдар жайлы айтып келіп, салт дәстүрді сақтайтын командамыз деп басып жібергендері-ай! Хм… Парадокс, ә… Бірақ бұл Жайдарман.

«Достар» ма сосын шыққан? Семейлік команда. Әйтеуір, шығатын образдық кейіпкер болғаны есімде. Тек тұрақты түрде шығатын образ бола ма, әлде бір-бірнеше миниатюралық па? Маусым көрсетер, бұл команда перспективті сияқты, бірақ ол жайлы соңғы рет айтуым шығар, Жоғары лиганың командасы болмаған өздері кінәлі. Ал негізі, мына нөмірлері — шикі.

Оралдық «Гранттың» өнері жаман емес, бірақ кей жерлері екіұдай сезімде қалдырды. Сурет алып шыққасын – жыртатын әзіл алып шығу керек. Шаш үлгілері фотошопталған, иә, содан? «И, че?»
Ұзату жайлы әзіл – қалыпты, үнді фильмі жайлы қойылым – фишканы жақсы ұстап алған, қызық.

«IT»-де смайл жайлы әзіл – залға өтіңкіремеді, бірақ тұздық бар, ой да бар, жөні түзу шешім болды деп санаймын. Кодасы – жарай береді.

Темір жолшылар («ҚТЖ.кз») – өз саласы жайлы әзілдер айтады. Былай – иә, кең ауқымды алаң. Баян Есентаева жайлы әзіл жымитты. Сол апай жайлы болғанда, жалпы сырттай оқитындардың барлығы жайлы түйреуіш есебінде жақсы.

«Чехов аялдамасы» – хабарлаған қыздың «ң»-ға тілі келмейді. Ондайларды онсызда теледидардан көріп жүрміз, сондықтан, кешіріңдер, бірақ, бірдеңе қылыңдар. «Томпиды-ық» деп біткен әні екпінімен алды, сөздері — күлкілі. Күйеуге арналған рэп те жақсы. Кодасына дейін жымитып кетті. Жарайсыңдар!

36-мектеп – Жайдарманшылардың әншілермен ұқсас жері жайлы айтқаны, әні – қызық.

«Тараз-Астана» – Бах жайлы әзілі тапқыр. Бірақ примитивті. «Жо, сендер «Бах!» деген одағай дыбысты композитор фамилиясымен ұштастыруды өздерің ойлап таптыңдар ма?».
Администратор апай жайлы әзіл, полицеймен қағытпа – жеуге жарайды. Полицей үнемі шығатын образ ба?

Алматылық «Бой жетпегендер» командасы. Еріксіз жымитады. «Өтпелі кезең» жайлы – күлкілі. «Тағдырымыз сценарий авторына байланысты» деп өздері дөп айтты. Кодасы – жақсы. Шынымен де, бой жетуге сәл-ақ қалып тұр, сосын «не до жайдармана» боп кететін секілді… Көрерміз.

Медиктер (команда аты қандай?)– диаграммада дәм бар, бекер алып шыққан жоқ. Тойдағы жылқы сертификаты жайлы әзіл ұштастырылған, бірақ анау айтқандай тапқыр емес. Қалыпты.

«90-60-90» — Жалпы, қыздарға қарап күлу қиын. Мына «босанғаннан кейін де өзгермейтін» қыздарға біз күлдік. Өзіндік ирония шкаласы ұшып тұр. Қыздардың бірінің даусы – шіңклілдектігімен-ақ ми айналдырады. Мәтіндік төмен әзілді де осы дауыспен өткізетін сияқты. «Аватарға тек бетін қоятындар» дегенғ талай қақпас залымды жымитты. Батыр қыздар екенін айтып жіберді, иә, сахнада осылай қалжыңдау жүректіліктен екенін айту керек. Сөмкесін тонатқан қыз – күлкілі. «60!» дегенді айтқан атышулы қыздың даусы тіпті не сөз айтып жатқандығынан алаңдатады. Түсінесіздер ме, дауысы сөздің мағынасын ұғудан алаңдатады! Жарды бұл команда!
Тек алда осы қыздардың томпақтығы жайлы әзілдер жалықтыратын болады, сондықтан образ, материалды кеңейтуге кеңес берем.
Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман маусымашары жайлы
«Номад» — Ұлттық лиганың чемпиондары орысша ойнай жүріп те, қазақы акцентті әуезбен сөйлей беретін. Сондықтан қазақша ойнауға аса қиналған жоқ. Пародистік қасиет, иттің даусын салу, шаштараз жайлы әзіл – өтті. Аңырақай шайқасы да күлкілі. Қасқыр туралы ертегі – орташа, шұбалаңқы. Синхронды би, жалпы тәжірибе көрініп тұр, жинақы команда. Өте жинақы. Премьер-лиганың финалына барады.

«Фарм жастары» – жаңа атпен ескі таныстар күлкілі өнер көрсетті. Кішкентай фронтменнің дәулердің қасындағы парадоксалдьды абсурдтығы және түрлерін кекетуі тұшымды болды. Бірақ басқа ештеңе жоқ, әзірге 5 минутқа басқа ештеңе керек те жоқ, басқасы маусымға қалған шығар деп сенейік.

«Нұр Астана» — ескі форма, жаңа құрам. Әзілдері – ұзақ, тығыздығы орташа. Диалогтары максимум жымитты, Қасиет – көп сөзді өзі айтып жүр, бірақ ол актер емес екені маусымда ауыр боп тиюі мүмкін. Таныстырды бәрін, енді образдар рөлдермен ашылуы тиіс. «Автормен бірдеңе қып келісерміз» – жөн айтылған ой, айтқан адаминың өзі автор екенін ескерсек. Уэлком, бірақ қатты тырысу керек. Кейбір әкімдер мен бапкерлерге айтылатын: «Бекер қайтып келдіңдер» деген тіркесті сіздерге қатысты естімеймін деп сенемін.

«Бауырсақтар» – балдырғандар сүйкімді-ақ. Олардың жасы 4-5-те! Қалай өзі, әдейі қойған ба реттілікті? «Нұрдан» кейін сондай бір контраст. Оның үстіне мистер Елеукен де отқа май құйып…
Команда – әу бастан қошеметке тағдыры байланған ұжым.

Аягөз – Әнебір түрік әніне «Билейд деп ойлама!» деп бастады, бұл тапқыр шықты. Осындай фішкәлар көп болуы керек. Миниатюралары – күлкілі. Жоғары лигада нандары адал бұлардың.

Жаснар – басы сәл демікпелеу, өзара шымшыма, залмен флирт соңына қарай өте бастады. Осы қағытпаның әзіл формасы тапқыр табылған, әркімге бір әңгіме айту — ұзақтау, серпінді. Яки, «Михонның телефон шалғаны» деген тіркестің орнына кез-келген сөйлем қойсаң да, форматы мәтінге құралмағасын, кез-келген сөйлеммен-ақ өте береді. Машинадағы МАИ қызметкерімен фантазия – өте жақсы. Кода – жүрекке тиерлік. Ана – бұл қасиет. Жалпы соңғы сөздің күлкілі болмауын тек осындай жағдайда ғана ақтап ала аламын.

«Сырдарияның» барлық әзілі сандарға қатысты болды. Қызық екен. Жарайды, күлкі критериі жаман емес, сол үшін — окей. Жоғары лигада сәттілік.

АЭСА – Мейрамханның сән көрсетуінен басталды. Әдеттегідей салымды дауыспен мәтіндік әзіл. Өзіме ылғи өтеді. Образ – жалықтырмайды, таусылмайтын образ. Бірақ ситуациялық миниатюра аздығы маусымда кедергі болуы мүмкін. Кодасы – қуғынбайлыққа негізделген.

«Барыстар» — Эльдар визуалды одан сайын толып кеткен сияқты. Миниатюраларын хабарлау олардың өздерінен ұзағырақ. Яки бір сөзді қағытпалар. Орташа. Соғыстағы музыкант жайлысы — жақсы.
Сабыр Адайдың өлеңімен аяқтады. І-і, жарайды енді.

«Байланыс жігіттері» — әселсіздікті қалжыңға айналдырды. Өздері жайлы айтады, Есен ағамен брікөл ұстап қояды. Ұнайды бұл команда. Ақырғы кодасы – қасқырдың тік қарап өтетіндігі туралы. Тұжырымдалмаған ой. «Біз – әскери команда, және финалда 5-орын алсақ та, тік тұрған команда, өзімізді қасқыр секілді санаймыз...» деп басталуы тиіс кода еді. Ал былай көрермен өздері оны ойлап алуы керек болып қалды, ойлана алмайтындары ше, не істеу керек? Оларды ойладыңдар ма?

Жалпы өзі, бір команда айтпақшы, «5 минут былайынан жетіп жатыр». Соны барлық команда бірдей пайдалана алған жоқ. Алайда қазір лигаларға бөлініс аяқталғандан, бұл гала-концертте тек көрермен көңілін қанағаттандыру ғана қалған болатын. Шикілеу әзілдер бар, әзіл сапасы жоғарылары 50 пайыздан аспайды. Тұрақты, анда-санда шығып ми ашытып кететін образдар аз, жоқтың қасы. Коданың күлкілі емес, ойлысын айту үшін, оған дейінгі көрсеткендерің залды талдырып тастау керек. Синхробуффонада жанры соңғы кезде неге пайдаланылмайды? Фестиваль — нақ орны оның.

Рас, енді, сүйікті ойынды күйіктіге айналдырмауға әсіре ықпал еткендер де болды. Бірлі-жарым тәжірибелі команда, қыздар (бір ерекшелік бар: қыздар жара алмайды, жарса, кәдімгідей көрермен санасы күтпегендіктен, шок қылып жарады), сәбилер. Балапандар – ересектерге қарағанда әркез күлкілі, әркез ұтыс вариантында. Сондықтан да олардың жарысы бөлек. Баяғыда «Көз тимесіндегі» Азаматтың актерлігі ересек болғанымен, осындай артықшылықтың элементі болатын.
Бірлі-жарым команда уақытында әуенін даярлап үлгермей қалды. Сирек болғасын кешірімді, бірақ телевизиялық лигада жүргесін, енді жинақырақ болу керек. Формалар – көбінде біркелкі, не бірдей. Иә, біп-бірдей емес, бірдей стильде киінуге болатынын кей командалар ұмытпапты («Назар аудар» плэйед).
Биылғы фестивальдің интернетте онлайн көрсетілуі де көрерменге қол болды. Ал маусым… Арнайы жобаға кілең ығайлар, сығайлар, сосын сәбилер жиылған екен. Ол жоба өз қызметін атқарып, қызық сыйлап, бірақ жарыстық тұрғыда ең маңызды – Жоғары лига болып қала береді деп сенемін. Көлеңкесінде қалдырмасын деген күмән.
Жоғары лиганы мен маусым бойы бақылаймын әлі. Және олар туралы әлі жазамын.
Сәйкесінше, біраз команда жайлы бүгін соңғы рет әріп теріп отырмын.
Және, сеніңдер маған, олардың жолы болды.


Кіржиген көзқараспен, Medium

Сурет ресми сайттарынан алынды
Бөлісу:

13 пікір

zholantai
ыбылжыған тақырып :)
Medium
Диалекттеріңді тықпалама мұнда!
zholantai
«ыбылжыған» сөзі диалект емес, әдеби норма, сондықтан да диалект демей, бар қалпында қабылда!
Medium
Желсіз түнде жарық ай — әдеби норма саған!
asaubota
букмекерлер туралы әзілді студияға!
Medium
Эфирден қарап аларсың.
asaubota
айтпақшы, Астанаға қош келдің!
Medium
Кемі бір жыл келісімшарт бойынша осындамын енді, 10 қаңтардан бастап.
asaubota
мені танып тұрсың ғо?
Janasil
Екінші күнге пікіріңді күтеміз.
Medium
Дірілдеп күтіңдер!
merekeee
Бала-шаға біраз екен…
Кейбір команданың атауында дым креатив жоқ.
Бір кездегі тұрақты көрермен едім, сәні «Назар аудар», «Аралас»-тармен кеткен сияқты еді, биылғыларымен оралатын шығар, бақылайық!
Medium
Бір Мерекені танушы ем, және Жайдарманға қатысты креатив жоқ дегенді ол айтса, біртүрлі болушы ем.
Назар аудар — Арнайы жобада ойнайды, мысалы, сондықтан қарауыңа болады.