Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бiрiншi 1/8 финалдық ойын
Жайдарман — жайдары ойын, жақсы ойын. Маусымашарға барғалы да бірер айдың жүзі болды. Содан кейін Жоғары лиганың маусымын қадағалаймын дегенім енді өзіме жүк болды.
Осы уақыт ішінде әлдебір ерекше ештеңе бола қойған жоқ, аса бір мейірбандана қойған да жоқпын. Сондықтан, көзі қарақты демесек те, көзі кіржиген көрермен ретінде өткен ойындар жайлы өз ойыммен бөлісуді жалғастырамын.
Сөзсіз, бұл пікір жеке менің интеллектуалдық санама, әзіл түсіну қабілетіме және тәжірибеме негізделген. Бірақ, көптің бірі, пікір әртүрлі деп, жылы жаба салуға болатын жай емес. "Қырықтың бірі — Медиум Қыдыр" деген… Оның үстіне, менен өзге фундаменталдыға жуық шолу жасап жүрген пенде көргем жоқ, сондықтан күллі көрермен атынан жазылған мақала деп қабылдаңыз. Назар аударыңыз: көрермен, жанкүйер емес. Жанкүйерлерге, әдетте, объективтіліктің иісі мұрнына бармайды. Біз — ақиқаттың ақырғы Ақыртасы болмасақ та, бүйрегіміз ешкімге бұрып тұрған жоқ.
Наурыздың басынан бері 4 ойын көрдім. 1/8 финалдық ойындар. 4 ойынды да көріп алып барып, асықпай шолу жазуға себеп — төрт ойыннан кейінгі қосымша өткен командалар жайлы да айта кету және соған баға беру. Екіншіден, көрерменнің осы постты оқығаннан кейінгі ішкі кіжілі басылмай тұрып, ұзамай эфирдің шығу ықтималдығы. Үшіншіден, жай ғана, 4 ойынды салыстыру мүмкіндігі. Төртіншіден, сіздер төртбұрышты сиқырлы қораптан қарап алсын, сонсоң — осы шолуды оқысын (қолдасын, боқтасын, т.б. — ред.) деген ниет.
Эфир жуық. Ендеше «Жариялау» тетігін басайын.
Балкон төмен түскесін зал лық толды, көрермен кәдуілгі сайыстық форматтағы ойынды аңсап келгендей. Ойында зал бауырмал, командалар тұрмақ, әділқазыларды жылы қабылдап отырды. Жалпы, биыл жюриuе жаңа тұлғалар кеп, көзайым болды.
Бірінші команданы «Осы маусымнан күтері мол, жетері асқақ» деп таныстырған жүргізуші-Президент осы ойыннан кемі 1/4-ке өтерін күткен болуы керек. Вице-чемпиондар — «Аграрка сарбаздары» әдеттегідей қазақы формамен, капитаны қазақы-қазақы формамен шықты. Кіріспесінде Наурызға қатысты, «Көбесі сөгілу» сыңайындағы көне сөздерді күткеніміз рас, иә. Айтты да, сәл жаңылып.
Шырша жайлы айтыстардан жиі естіген сөз де айтылды. Жоға, өзектісі өзекті шығар, күлкілісі қайда? Ұрсып айтуға Қайназаров та жетеді бізге.
Мүмкін, стиль, қалыптасқан қолтаңба дейтін шығарсыңдар, бірақ мына бір әуелгі псевдо-патриоттық менің ығырымды шығарып болды. Былтыр — иә, жюри жалаулы, қарсылас қалаулы болды ма, тұтас маусым бірсыдырғы өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Бірақ, күлкі критериін басқаша түсінетін сияқты ауыл шаруашылығының болашақ мамандары.
"Қазақстан дауысы" — қалыпты нөмір, бірнеше жерде жымиттты. Видеоблок — қызықты, әдетте сәлемдесуді осылай аяқтау уәжіп. Бірақ бір ұзақ әлсіз диалогтар, бір жақсылау нөмір мен жай сәлем жолдаған видеоблоктар (жұлдыз амикшілер болса да) — вице-чемпиондардың ісі емес.
Шымкент жастар құрамасының сәлемдесуі «Эхехей, сәлем-сәлем-сәлем, кхе-кхе-кхе» деген стильде бір деммен қаралады. Әзілдері жеңіл, қаймақтың бетіндегі қалқымасы секілді терең емес қалжыңдар. Бірақ залда отырып көруге бір кәйіп!
Фронтмен де, қыздар да өз рөлін жақсы ойнайды. Әр тақырыпқа араласа беретін ару, әсіресе.
«Балалық шағы Токиода өткен мынаның» — дурка ғой, бұл, дурка! :) Миниатюраларда — осы стайл: Үндістан супермаркеті — «шыңқылдақ құрылғы» ойлап табылған әдісі, не қыз бен жігіттің диалогы да жақсы. Өзіме жағатын стиль емес, бірақ бұл — жайдарман болды. Кәдімгі залға жағатын жайдарман. Қош келдіңіздер, қысқасы.
«Күлкі терапиясы» әнші жігітті алып шыққанынан аса бір ұтымдылық көрмедім. Иә, Ғабиден үшін осының бәрі жасалған болса...
Ал көйлектің түсі — иә, бұл жақсы! Жайдарман — бұл әзілмен қатар, актуал, сондықтан етене таныс тақырып күлкі шақырмай қоймайды.
Дәрігер, десантник, үнді қызы туралы миниатюраның финалы — күтілген нәрсе, бірден тауып алуға болады, бірақ окей.
Билері мен оны әзілмен байланыстыруы, сонсоң найза жайлы әзілі — орташа. Залдан көргенге жақсы. :) Кодасы — қағытпа, болады.
«Тұңғыш астана» кіріспесі орташа, кейін сәтті әзілдер болды: 8 наурыз, 17 ғасырдағы хабарландыруы, банкеттен кейінгі әкім — бәрішіңкілдеген актерлікпен бекітіліп, қалжың қағазына оралып берілген кәдімгі өмірдің бет-бейнесі. Ал сайлау бюллетендері жайлы әзіл — гениалды! :) Жоға, қарапайым, бірақ берілу формасы тамаша. Оны соңына қою арқылы тұтас сайысты жандандырасың. Міне, тактика.
«Альянс Семей» биіне дауым жоқ. Сайыстың көркем бөлігі ретінде ұпай әкеле алуы тиіс өнер. Бірақ әзілің де сай болса.
Шын айтсам, би — яки қимылдық-визуалды әзілге ұмтылғандарыңызды мен қолдаймын. Басқа-басқа, бірақ осы стайлды сіздер жасай аласыздар.
Бірақ бұл күн — жай-жай шықты.
Сөздерді ауыстыру — банальды идея, дегенмен әлде де күлкілі қылуға болар еді. Тек тым лайт болды.
Президентпен таңғы ас іштім секілді «обманкалар» — жақсы, негізі. Бірақ жарнаманың өзінде жұрт ойлаған ой кейін басқа нәрсені меңзесе, енді сіз бастапқы нүктеге қайтып келіпсіздер: жарнамадан кейін жұрт ойлаған нәрсе емес, әуелгі негізгі мағынасы болып шықты. Бәрібір тәуір бірақ.
Балалармен видеоблок — «подставной» :) Бірақ идеясы жақсы.
Транспарантар алып шығуларыңыз — өзіме ұнайды, тек әзіл критериі әлде де күшеюі керек. Кода — орташа, екіұдай.
Ширатуда басында — cұрақтар жауаптан күлкілілеу болады. Мәңгілік жайдарманның мәңгілік «бичі». Бірақ оңтүстіктің командалары сәттілеу ойнады кейін — актерлік һәм интеллект жағынан да. Әсіресе, Қызылорда. Семей де ойлы жауаптар берді, негізі. Оны Рожиннен басқа көп ешкім жоғары бағаламады.
Ох, иә, мистер Елеукеннің ескерпесі орынды: сұрақты қағазға қарамай айту — бұл алғышарт, тіпті ескертуге тұрмайтын қағида болуы тиіс.
Қайым айтыста да оңтүстіктіктер залдың реакцияcын көбірек шақырды. Әділетінде, бұл ширату біршама жақсы болды. Себебі, түрлісін көргенбіз...
"Үй тапсырмасы" сайысында «Күлкі терапиясы» актуалдың элементтерін қосқанына плюс. «Ей, тыңдаш, сен неге сондай дерізкәясің?» Факс жайлы да қызық идея — жалпы орташа. Осы командада бірдеңе бар, негізі. Қазақ еместерден басқа да бірдеңе бар деймін!
«Альянс» Семей — кемі 2 адамның "ң"-ға тілі келмейді. Музейдегі түн жайлы қойылым.
"Қазақ, сен немістерді доппен қорқытпақшысың ба не?" — о, бұл супер!
Идеясы — «Музейдегі түн» фильмінен, бірақ бұл айып емес. Мүмкін қалжың мен тапқырлықтың бәрін сығып ала алмағандай сезім қалды.
«Аграрка сарбаздары» — «8 наурыз — Максимнің туЫЛған күні». Ха! Тағы да сол патрио… элементтері.
Орташа. Тек соңғы «Сенің де мерекеңмен» деп гүлді қайтарғаны ғана ұнады.
"Шымкент жастар құрамасының" бірінші фразасынан жымидым да, сол толқынмен соңына дейін отырдым. Жарайсыңдар! Осы қарқынды жоғалтпаңдар, тек ежелгі қазақтардың образын эксплутатациялаудан басқа да ойларға жүгінуді қаперлеріңе алыңдар. :)
Қызылорданың идеясы қызық, тұшымды әзілдер болды. Бірақ неліктен соңғы қойғанын ұқпадым, Шымкенттің қойылымынан бір саты төмен. Кодасы — классикалық қорытынды ой, дұрыс, қысқасы.
Аграрка сарбаздары сәлемдесуде, ширатуда одан да азырақ ұпай алуы керек еді. Бірақ қазір оның еш маңызы жоқ.
Әдетте, сайыстардың бәрінде фаворит — келесі жылы да фаворит. Тек қана қазақ КВН-інде вице-чемпиондар келесі маусымның 1/8 ойындарынан ұшып кетеді. Ұшқанда да, 18-ден 15-ке кіре алмай қалықтайды. Қауырсындар. Келесі маусымда сәттілік!
Альянс Семей тікелей келесі кезеңге өтпегенімен, жалпы алдағы оқиғаларды барлай отырып, түптің түбінде 1/4-тен табылуы заңды деп ойлаймын. Менің олардың Күлкі терапиясынан төмен тұруы керек екендігіне жалпы күмәнім болды.
Қызылорданың актеры — даусының ащылығын жиі пайдаланып, кейде әсіре артық ойнап жібереді, Бірақ — бұл жақсы актер, әсіресе осындай дауысы бар бол тұра, қыз сияқты тым қатты майысып, образданбайтыны үшін. Осы мәнермен-ақ қосымша рең беруге болады.
Шымкент жастар құрамасы — каламбурларға шебер, фронтменнің де дауыс мәнері қойылған. Жақсы команда.
Тұтас алғанда, жюриге претензиям жоқ. Болмағаны дұрыс.
Командалар ойын барысында қайталау фишкаларын (көбіне ширатуда) көбірек пайдалануы тиіс сияқты. Сондай-ақ, залды бір ырғаққа түсіріп алу керек, әйтпесе, кейде сапалы әзіл де өтпей қалуы мүмкін. Егер басында бастарын айналдырып жібермесең. Немесе, керісінше: «селден» кейін жай қалжың да өтіп кете беруі мүмкін.
Командаларға жюридің жаңа екенін ұмытпау қажет, «бізді бәрі таниды» деген ойды серік етпей, бұрынғы фишканы жалғау не есіне түсіру сәттерінде осыны өз назарына алу керек. Тіпті әр жаңа қазы — жюримен флирт-әзіл де ойлап табудың жаңа мүмкіндігі.
Тақырып аясында формат пен ситуация таңдау мәселесінде кеңтараптылық бар, қиялдарына дау жоқ. Жалпы ойын деңгейі — бірінші ойын үшін тәп-тәуір, тек келесілері одан төмен болмайды деп санасақ. Ал келесілері… Келесілері — келесі жолы.
пы.сы. Мына видеоны мен «Ютуб-тен» тен тауып алдым.
Назар аудар жеңіп, кеткелі Жайдарман да қалды… мен үшін… уақытша.