Трайбализм шоғын көсеушілер кімдер?



Негізінде трайбализм деген терминнің мағынасын – жүзге бөлінушілік деп түсінемін.
Кезінде отарлаушы Ресей кең байтақ қазақ жерін оңай жаулап алу үшін, қазақ халқының осындай осал тұстарын шебер пайдалана біліп, «бөліп алда, билей бер» деген саясатын күні кешеге дейін жүзеге асырып келгенін тарих айғақтайды ғой.

Ал қазір егемен ел болып, өз билігіміз өз қолымызға тигенде, сол трайбализм деген пәле жаңаша түр, жаңаша сипат алып, басқаша айтқанда жалпы халықтық қауыпты іс-шараларға айналып бара жатқанға ұқсайды, және сол бәленің отын үрлеп жүргендер өзіміздің кейбір қазақ тілді ақпарат құралдары сияқты көрінеді.
«Дат» газетінің №1 нөмірінде белгілі қоғам қайраткері Ә.Қосановтың «фейсбуктегі» жазбалардан деген үзінділерінен мынадай сөздерді оқыдым да таң қалдым. «Трайбализм мен өсекизм кейбір БАҚ-тың анық тенденцияларына айналып барады. Қазақ баспасөзін құртатын қаржының аздығы, не билік тарапынан жүргізіліп отырған цензура емес, дәл осы кеселдер! Және де жоғарыдан осының бәріне бата беріп отырған бір күштер бар сияқты!» Таң қалғаным — мемлекеттік дәрежедегі белгілі саясаткердің мен сияқты шала сауатты, қарапайым оқырманның көптен көкейінде жүрген ойын дөп басқаны.
Сонау бала кезімізден сүйіп оқитын «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алашымның» соңғы кездері Батыс өлкеден шыққан биліктегі азаматтарымызды сын садағына жиі ала бастағаны алаңдатады. Соның ішінде ала бөтен Аслан Мусин жөнінде небір жөн-жосықсыз айтылып жатқан әңгімелер қаншама?!
Құдай-ау нелер айтылмады?! Жаңаөзендегі жазықсыз жандарды атқызған, бұйрық бергізген Мусин екен деп жақтары талмастан қақсағанын елдің бәрі біледі. Тіпті, Б.Рысқалиевке арандату үшін бұзақылар тобын жібергізген екен деп те естідік. ҰҚК басшысы Н.Әбіқаевтің беделін түсіру үшін Арқанкергендегі шекарашыларды қырғызған да Мусиннің ісі екен деп те шығарды. Бір басылымда Мусинді Сталиннің қанды қасапшысы Берияға теңеп, «Қазақтың Бериясы» деген айдар тағып қойды. Мемлекеттің бәленбай миллиард қаржысын жымқырған Атыраудың әкімі Б.Рысқалиевті шетелге қашырып жіберген Мусин болып шықты.
Сонда дейміз-ау, қаншама құзырлы органдар бар, қаншама күштік құрылымдар бар, ай қарап отырғаны ма? Бірнеше миллиардтап жоқ болып жатқан қаражаттың бақылаушысы, іздеушісі жоқ болғаны ма?
Германияға емделуге барған Мусиннің артынша «Ойбай, қашып кетіпті» — деп те шығарды.
Жақсы, дегендеріне жетті ғой, Мусинді президент әкімшілігінің басшысы қызметінен кетірді, енді басына тыныштық орнаған шығар десек, «Жас Алаштың» жаңа жылдағы кезекті санында елбасының кезекті ауыс-түйістерін саралай келіп, ендігі кезек бас прокурор мен ішкі істер министрі деп жазыпты. Себебі, бұлар да Мусиннің адамдары депті. Мусин бұл адамдарды басқа құрлықтан, басқа елден жетектеп әкелген жоқ қой. Кезінде осы елде туылып, оқып-тоқып, қызмет сатысында өсіп жетілген қазақ елінің таза қанды қазақ азаматтары емес пе?!
Бұлай Батыс өлкеден шыққан бірлі-екілі азаматтардың соңына шырақ алып түсуді трайбализм демей не дейміз?! Жоғары жақта болып жатқан қателіктер мен жөнсіздіктерді бір адамның басына таға салудың өзі жөнсіздік. Біздің елді бір ғана адам — президент басқарып отырғанын естен шығармауымыз керек емес пе? Барлық мемлекеттік маңызы бар мәселелер сол кісінің дегенімен жүзеге асырылмай ма?
Сіз болып, біз болып дегендей, А.Мусинді кетірдік. Қонжитып К.Мәсімовты отырғыздық. Не ұттық, болашақта ұтарымыз не?
Негізінде, А.Мусинді аса ұстамды да сабырлы, салқын қанды азамат екен деп қалдым. Баспасөзден талай мәрте оқыдық емес пе, аса ірі көлемде жер иеленуші депутат Ромин Мадинов деген «ар-ожданыма тіл тигізді, өтемақы талап етемін» деп, тілшісімен қоса бүкіл газет ұжымын сотқа сүйреген жоқ па еді?! Сондай-ақ, шеттегі байлығымды елге жариялап қойды деп, Қ.Қожамжаровтың әйелі де Г.Ерғалиеваны сотқа сүйрелеп, ақыры газетін, ғаламтордағы сайттарын жапқызып тастағанын көзі қарақты оқырманның бәрі біледі.
А.Мусин ондай сорақы істердің біріне бой алдырмай, өзін сабырға жеңдіріп отыр. Мемлекеттік ірі шенеуніктерге тән салқынқандылықты, ұстамдылықты осы кісіден ғана көріп отырғанымыз өтірік емес.
Сонау 60-шы жылдары КСРО-ны Н.С. Хрущев басқарып тұрғанда, терістегі астықты облыстарды Ресейдің қарамағына қоспақ болғанда, министрлер кеңесінің төрағасы ма, әлде Қазақ ССР-і Жоғары кеңесі президумының төрағасы ма (есімде жоқ) қазақ халқының келешегін қара басынан биік қоя білген асыл азамат Жұмабек Тәшенов қарсы тұрып, жолын кескен екен. Ол кезде бала болсақ та естігенбіз.
Н.С.Хрущев арам ойын іске асыру үшін сол кездегі Қазақ ССР-ін басқарған Д.А.Қонаев атамызды басшылықтан босатып, орнына Исмаил Юсупов деген ұйғыр біреуді қойыпты. Сол ұйғырдың қолымен астықты өлкелерді — Батыс Қазақстанды, Ақтөбенің біраз бөлігін Ресейге, мұнайлы түбекті Түрікменстанға, мақталы Оңтүстік облысты Өзбекстанға қосып беріп, бүкіл Шығыс пен Жетісуды «Ұйғыр автономиялық республика» етіп құрмақ болған деседі. Н.С.Хрущев арам пиғылының жүзеге аспауына, қазақ мемлекетінің бөлшектенбей қалуына Л.И. Брежнев бастаған саяси бюроның Кремльдегі жасаған төнкерісі басты себеп болған дегенді құлағымыз естіді.
Бірді айтып, бірге кетеміз-ау, билік мансабын ел мүддесі жолында мансұқ ете білген, астықты өлкелерді Ресейге беруге табандап қарсы тұрған сол асыл азамат — Жұмабек Ахметұлы Тәшенов еңбек жолын біздің облыстан бастап, 1952-1955 жылдар аралығында облыстың, қаланың өркендеуіне зор үлесін қосқан екен. Өкініштісі, сондай ірі тұлғаға қаламыздағы қаптаған Тургенев, Некрасов сияқты көшелердің біреуінің атауын қия алмай отырғанымызда.
Мәсімовке байланысты 1960 жылдарды еске алып отырғаным түсінікті болған шығар. Өткен тарихтың опық жегізе жаздаған жәйттерінен сабақ алғанымыз жөн-ау.
Қарап отырсақ кіші жүзден биліктің биік мансабына барып жатқан тұлғалар көп емес екен. Кезінде Ж.Досқалиевті қандай күйге түсіргенін көрдік. Енді А.Мусинді елбасының қасынан кетіргенін көрдік. Тағы бірде «Тасмағанбетов таққа отырса» деген мақала оқыдық. Бұл жайды Тасмағанбетовты Елбасыға бақталас, жеккөрінішті етіп көрсету үшін арандату мақсатында жасалған тірлік деп білемін. Демек, тағы бір батыстық азаматты аяқтан шалу үрдісі іске асты дей беріңіз.
Мақсатым А.Мусинге ара түсіп, сөзін сөйлеу емес. Менің ара-ағайындығымды қажет ете де қоймас. Тұрақты жаздырып алып, жастана жатып оқитын жаныма жақын екі газетім «ДАТ» пен «Жас Алашым» құйтұрқы саясат ұстанушы, ел тұтастығына зиянын тигізетін, ниеттері лас әлдебір топтардың қолшоқпарына айналып кетпесе екен деген жанашырлық пендеуи тілек қой.
Айтылған сөздерді өзімнің жеке пікірім деп қабылдағайсыздар.

P.S. Мақала бұрынырақ «Жас Алаш» газетіне берілген болатын. Газет ұжымының ықшамдап, бірқатар өзгерістермен баспаға бергендеріне түсіністікпен қараймын.

Мырзағали Қартеменұлы.
Зейнеткер.
Әрі қарай

болашақ ана

Әр күнi әр қызбенен ойнап күлген
Балын татып жеп жүрген әрбiр гүлден
Болашағын ұлтының ойлай ма екен
Болашақ аналармен ойнап жүрген
Әрі қарай

дін жайлы

Өттi уақыт, кеттi уақыт,құм уақыт
Бiреуге тыныш, бiреулердi шулатып
Аллаға қайт өтпей тұрып уақытың
Ажал жетіп кетпесi үшiн сорлатып

********************************

Ақыл-ес бездi мүлдем адамзаттан
Құлшылыққа лайық қой тек Жаратқан
Пенделiгiн iстеп жүр, құлшылығын
пенделерге арнайды көрде жатқан

*********************************

Өтiрiк жынды болып, әңгүдiктеп
Қалтаға салып қойдық арды бүктеп
Тiршілікпен ұмыттық құлшылыкты
Жүз жылды айырбастап мәңгiлiкке

*********************************

Дiндi бiреу терiс деп жамандайды
Ислам мен секта бiр деп тәналмайды
Дiн бiреу,әркiмдердiң дiнге балап
жүргендерi дiн болып саналмайды
Әрі қарай

8-наурыз

Сегiзiншi наурыз деп жарына гүл сыйлайды
Бүгiнгi күн мейрам деп үйдi де өзi жинайды
Бiр жылдағы бiр күндi әйелiне арнайды
Осы күнi әйелдерге мадақ жырлар жырлайды
Басқа күнi ол серi жарын еске алмайды
Ойын, бойын, мүшесiн жамандықтан тыймайды
Осылайша дiнсiздер өзiн-өзi алдайды
Ал исламда әйелдi жыл он екi ай сыйлайды
Әрі қарай

Адам қанағаты

Кешегі күндерді еске алатын сәттерім болады, балалық шақ… Адамның өмір жолына енді ғана аяқ басатын кезі бұл. Ата-анаңды қуантып өмірге келдің, көз қуанышы болып өстің, бүгін, міне, есейдің. Кешегі балалық шағыңды түшіркене бір еске аласың. Кез келген ұсақ жақсы жаңалық болсын, ертеңгі күніме сенім беріп, демеп тұратыны бар. Әр нәрсе, үңіліп қарасаң, бір үлкен бақыт. 
Балдәурен шақ — өзінің сыр сандығыңды ашқан кезің. Енді өмір ағымымен сен де өз ғұмырыңды кешудесің. Барған сайын өзіңе бір жаңалық ашасың. Мен өмірді күрделі есепке ұқсатамын. Соңғы шешімін табасың ба, жоқ па, белгісіз, алайда бұл саған берілген жалғыз ғана есеп — шешіп көруің керек! Қателестім деп санымды соғып отырмайын, жоқ. Басқа тәсілді қолданамын, еш тартынбаймын. Қате — өмірдің құрамындағы қоспа деуге бола ма екен, қалай. Онсыз өмір — өмір болмас, сірә… Одан да тәуекел деп, аяғымды алға басуым керек. Менің шағын өмір картамда биік таулар да, қисық жолдар да бар, төзім шекарасымен шектелген мемлекетімнің атауы — Адам қанағаты. Бәрі де Өмір деген патшаға бағынады. Мен өз өмірімді жақсы көремін. Бүгін мені анам ұйқымнан оятты, ояндым, оқуға келдім. Міне, бақыт!
Әрі қарай

Өткен мен болашақты жалғастырған бата

Дастархан төрінде денелі ата отыр. Үстіне киген шапанның екі жақ өңірін бел тұсынан ұстап, үлкен қарнының үстіне кере қапсырып:
-Үйдің кішісі қайда, бата сұрасын, -деді.
Үстел басындағылар алақандарын жайып, бата бергенін тосуда.
Үйдің кішісі атаның дәл жанына жүгіріп келіп:
-Иллә әмин!, -дегенде, ата батасын бере бастады:
-Сұрасаң, бата берейін, -деп айта бергенде, атаның көз алдына осыдан жетпіс жыл бұрын орын алған оқиға көріністері жүгіре жөнелді.
Әрі қарай

«Тіліне түкіргендер өзгеге болады құл...»

Тіліне түкіргендер өзгеге болады құл,
Тілімізді жылатты тарихтағы жетпіс жыл.
Ана тілі – Анаң! Осыны анық біл!
Өзгерсе де әлем, өзгермеу тиіс Ана тілі!
Жақау

Ананың сүті. Иә, барлық адамға таныс ұғым болса керек. Меккеге анаңды арқалап үш барсаң да, анаңның сүті тұрмақ, тіпті сені қиналып толғатқан кездегі бір демін де ақтай алмайсың. Бұл да түсінікті нәрсе.
Мұқаң атамның (Мұхтар Әуезов) айтқаны бар емес пе: әкеміз қанша жерден ғалым болса да, тәрбиені тезек теріп жүрген анамыздан аламыз деген. Бұл да ақиқаттылық, жалғандығы жоқ нәрсе.
Ананың сүтін ақтай алмайды екенбіз. Сонда ананың сүтін ақтауға ұмтылмауымыз керек пе? Әлде өстім-өндім, ананың сүтін қайтем, күлкімді келтірмеші ме?
Жалпы, әрбір нәрсенің өз орны, өзіндік бір ақысы бар екенін кез келген пенде білсе керек. Әйтпесе деймін-ау, неге адамдар құқығы тапталған жерде өз ақысының өтелуін талап етіп жатады? Талап қылмақ не керек, талапсыздық болса егер?
Сәбидің анасына қылмақ бір ақысы – екі жыл мерзіміне жуық анасының сүтін ему. Алайда бұл күнде көптеген сәбилердің мұндай ақылық ісі дұрыс өтелмей жүр. Аналардың өз ішінен шыққандарды қаншалықты дәрежеде сүймек болса да, ақылық істі өтемей жүргендеріне, өз міндеттерінің маңыздылығын сезінбей жүргендеріне жол болсын демекпін. Әкенің де сәби алдындағы бір ақысы – мән-мағынасы бар дұрыс есім қою. Олимпиада, Азиада, «Бірдеңемания», «Шірдеңеиада» деген секілді есімсымақтарға айтарға сөзім жоқ. Жәрар!..
Бала тәрбиесі анасының жатырында жатқанда-ақ басталып кететінін көпшілік біле бермесе керек. Әкенің де баласы алдындағы ең бірінші кезектегі міндеті – дұрыс жар таңдау. Дұрыс жар дегеніміз кіндігіне таққан сырғасы, тырысқан шалбары, оған қоса үстіндегі тырысқаны бар, тағы басқа пәлесі бар әурет жерлерін көрсетіп, айшықтап тұратыны жарасқан қыз емес. Мұсылман болсаңыз, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты емес пе: «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлді алмаңдар», «Жар таңдасаңдар, діндарлығына мән беріңдер» деген түсінікте. Жәрар! www.muftyat.kz, www.muslim.kz қазақша сайттарында бұл мәселеге қатысты көптеген мәліметтер бар. Сонда оқи жатарсыздар. Қазақ бола тұра өз ана тіліңізді білмесеңіз, онда «сіздейлерге» www.azan.kz сайты түсініктірек.
Тақырыпты аша түссем, ана сүтінің маңыздылығы жайында мынадай мәліметтер бар екен. Әр ана өз сәбиін 6 айға дейін ана сүтімен қоректендіруі қажет. Ол иммунитетті қалыптастырады, баланың дамып-жетілуінде маңызды рөл атқарады. Балалардың сырқаттануы мен шетінеуін едәуір төмендетеді. Емшекпен қоректендіру — ана мен баланың арасындағы биологиялық және эмоциялық терең рухани байланыс, әйел өміріндегі ең бақытты да қуанышқа толы сәттердің бірі. Алғашқы алты айда тек емшекпен емізу — қаламаған жүктіліктен сақтанудың сенімді тәсілі. Ананың босанғаннан кейінгі физикалық жағдайы емізген кезде жақсарады. Әрі ана сүтімен қоректенген бала анағұрлым аз ауырады. Ғылымда да ана сүтінің ақуызға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, микроэлементтерге бай екендігі ерекше айтылған. [1]
Ана сүті иммунитеттің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді, аллергияның, ас қорыту органдары ауруларының даму қаупін азайтады. Қазіргі таңдағы әр түрлі қолдан жасалған сүттер жас нәрестеге қандай да бір зиянды әсерін тигізуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеуінше, қырықтан асқан адамдардың көбі кішкентай күнінде жасанды сүтпен қоректенгендіктен, қант ауруына шалдығып жатады екен. [2]
Ана сүтінде альбумин деген белок бар. Оның пайдалы қасиетінің бірі — сиыр сүтіне қарағанда қажетті май қышқылдарының бәрі бар. Балаға жасанды тамақ бергенде іштері кеуіп, қатып, ішекте шаншу пайда болуы мүмкін. Бұндай жасанды тамақпен қоректенген балалар жиі ауырады. Салмағын аз қосады, тістері кем шығады. [3]
Ананың сүті — жаңа туған нәрестені бірден-бір қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын Аллаһ тағаланың жаратқан теңдессіз ғажайып тағамы. Қазіргі заманғы технологияның көмегімен дайындалатын балаларға арналған жасанды қоспалардың (сүттердің) ешбірі де Аллаһ тағала жаратқан ана сүтінің қоректік және бактерияға қарсы сапасына мүлдем тең келе алмайды. «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы емшек емізеді. «(Ей, адамдар!) Маған да, ата-аналарыңа да шүкіршілік етіңдер! Түптің түбінде, қайта оралатындарың — Менің алдым» («Лұқман» сүресі, 14-аят). Ана сүтін емген баланың тыныс алу жолдары мен ас қорыту жүйелері жұқпалы індеттерге қарсы тұра алады екен. Сүттің құрамында болатын қорғаныш ақуыздары (антитела) жұқпалы вирустар мен бактерияларға тікелей соққы береді. Сәбидің ағзасына қажетті қорғаныш жүйесінің элементтері, яғни қорғаныш ақуыздары мен иммундық жасушалар оған ана сүті арқылы дайын күйде беріледі. «Ана баланың емшектегі уақытын толық сақтағысы келсе — оның мерзімі толық екі жыл» («Бақара» сүресі, 233). Ана сүті ананың қатысуынсыз, яғни бұйрығынсыз өзінен-өзі ағзада өндірілетіні белгілі. Сонымен қатар, сәби ағзасының қажеттілігіне қарай сүт құрамының өзгеруі де ананың қатысынсыз жүреді. Ана өз денесінде сүттің қалай өндіріліп жатқанын және неден тұратынын да білмейді. Бұл деректердің бәрі Аллаһ тағаланың бар екенін, Сол ғана Өзі жаратқан тірі жаратылыстарына қорек сыйлайтынын, олар қай кезде нені қалап тұрғанын Ол ғана білетінін және Аллаһ қана ананың ағзасында сәбидің өсуі мен толыққанды өмір кешуі үшін ғажайып қоректік затты жасайтынын сөзсіз дәлелдейді. [3]

Дерек көздері:
1. Жетпісбай Жанахметов, облыстық салауатты өмір салтын
қалыптастыру орталығының баспасөз маманы. Ана сүті бой өсіреді. Ақтөбе газеті. 7 тамыз. 2012 жыл.
2. Жадыра Сейілханқызы. Ана сүті – бал. Алдаспан газеті. 10 тамыз.
2011 жыл.
3. М.Телишева, №3 қалалық емхананың бала дәрігері. Ана сүтінде
қуат бар. Атырау газеті. 5 тамыз. 2008 жыл.
4. Қазақстан жаңалықтар порталы. Ана сүтінің кереметтері. 9
наурыз. 2013 жыл.
Әрі қарай

Жетімін жылатпаған ел едік…

Қоғамымызда даулы мәселеге айналып отырған өзекті жайттардың бірі – жетімдер мәселесі. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ата-бабамыздан қалған сөздің өзі халқымыздың жетімін жылатпағанын, жесірін қаңғыртпағанын меңзейді. Сондықтан біреулер «жетімдерімізді сатуға қатаң тыйым салу керек» десе, енді біреулер «олардың шетелдік болса да, ата-ананың жылуына бөленгені дұрыс, сондықтан оларды асыраушысы табылса, сатқанымыз дұрыс» деседі. Бірақ қазіргі таңда шетелге бала беру жағынан әлем бойынша үшінші орын алып отырғанымызды ескерсек, қоғамымызда бала сату туралы пікірдің басым түсіп отырғанын аңғарамыз.
Осы орайда «Жаңғыру» қоғамдық қоры «қамқорлыққа зәру балалар мен шетел азаматтары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу» тұрғысында жүргізген сараптаманың қорытындысы осындай. Орын алған бұл жағдайдағы басты мәселе де – осы уақытқа дейін жетім балалардың күйін күйттейтін бірде-бір заңды құжаттың болмауы. Өйткені осы уақытқа дейін шетел асып кеткен балаларымыздың көбінің тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.
Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, шетел асып кеткен балаларымыздың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі болса да, аталмыш конвенцияның бұл ел алдында күші жоқ. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі конвенцияға қол қойғанымен, АҚШ сенаты оны ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. АҚШ қана емес, басқа да ірі-ірі мемлекеттер бұл конвенцияны мойындамаған. Бұл тұрғыда конвенцияның мойындалмауы себепті біздің елдің де шетел асып кеткен балалардың өміріне араласа алмау қаупі зор болмақ.
Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құраса, соның 46 мыңнан астамы түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отырғандар екен. Оның ішінде 16 мыңдай бала – мемлекеттің қарауында. Мемлекет қарауынан шетелдіктердің қамқорлығына ауысып жатқан балаларымыз да баршылық. Сандарды сөйлетсек, бүгінге дейін 6014 бала шетел асқан.
Соңғы он жылда еліміз бойынша 37 450 бала асырап алынды. Оның ішінде қазақстандық азаматтар — 28 мыңнан астам бала (77 пайыз), баланың шетелдік туысқандары — 500-ге жуық бала (1,2 пайыз), шетелдік азаматтар 8 мыңнан астам бала асырап алған. Шетел асқандарды таратып айтсақ: АҚШ — 6406, Испания — 600, Бельгия — 343, Германия — 173, Канада — 167, Ирландия — 140, Франция — 131 бала (21,8 пайыз).
Осы ретте айтқым кеп отырған мәселем мынандай.Бәрімізге белгілі жақында Франция елінде бір жыныстылардың некеге отырып, олардың бала асырауларына болатындығын заң жүзінде бекітілгенді. Қауіптің көкесі сейілер емес. Францияға берілетін біздің қаракөздеріміз осындай азғындалған отбасының қарауына түспейтініне кім кепіл.Осы мақалам арқылы жоғарыдағыларға осы мәселеге байланысты заң немесе қатал шара қолдануларын сұраймын.

Айтпақшы, еліміз шетелдіктерге бала беруде 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың да алдына шығып отырғанын айта кеткен жөн. Осылайша шетелге мұнай шығарудан әлем бойынша төртінші орын алсақ, бала беруден үшінші орынға шығып отырмыз. Елімізде шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар. Ал агенттіктің бір баланы шетелдіктің иелігіне заңдастырып беруден табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды. Ал бұл ақша кімнің қалтасына құйылып, кімдердің қалтасын томпайтып жатыр? Бұл жағы тағы беймәлім. Шынтуайтында, біздің мемлекеттік органдар тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысады екен.

Сонда жетімдердің жебеушісі кім?
Шетел асқан жетімдердің құқын қорғайтын заңдық құжаттың жоқтығы – өз алдына, өз еліміздегі жетім балалардың құқының қорғалуы да көңіл көншітпейді. Республикамыздағы жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп-интернатта 8 987 бала тәрбиеленеді. Бұл балалардың барлығы дерлік кәмелеттік жасқа толғаннан кейін көшеде қараусыз қалады. Не мамандығы, не басында баспанасы, тіпті жанашыр ағайын, туған-туысы жоқ мұндай балалардың қылмысқа да жиі ұрынатынын мамандар растайды. Осылайша не шетелдегі, не еліміздегі жетім балалардың болашағына қамқор бола алмай отырмыз. Ал бұл мәселелердің барлығын заңдық тұрғыдан ғана реттей алатынымызды ескерсек, елімізге «Жетім балалар туралы» жетім балалардың мүддесін қорғайтын заңның қажеттігі айқындала түседі. Неміс халқының Ата заңының 7-бабында арнайы шетелге адам сатуға қатаң тыйым салынған. Бізге де шетелге бала шығаруға заң жүзінде қатаң тыйым салатын кез жетті деп ойлаймын.. Ау, олардың бейкүнә жанарларын жат жұртта жәутеңдеткенше, неге шетелге бала сатуға біржолата нүкте қоймаймыз? Қандайма қиын-қыстау кезеңдерде де жетімін жылатпаған ел едік қой. Енді не болды бізге?..
Әрі қарай

ХАЛЫҚ МҮДДЕСIН ҚОРҒАЙТЫН ӘКIМДI КӨРЕР МЕ ЕКЕНБIЗ?

Мемлекеттi құрайтын, сақтайтын, өркендететiн, қорғайтын халық екенiн бiлiмiз. Сол мемлекеттiң iшiнде халық — сыртқы жаулардан, өзiнiң қауiпсiздiгiн, саяси-әлеуметтiк құқықтарын қорғауға, өзiне бағынышты, бақылауда болатын өкiмет /билiк/ жүйесiн құрады. Оны демократиялық қоғам деймiз. Ондай қоғам азаматтары билiкке: жеке басының мансабы, атақ, баю үшiн емес – халық мүддесiне адал қызмет жасап, халықтың жақсы өмiр сүруiне тер төгу үшiн, әдiл сайлауда, халықтың қалауымен келедi. Олар халықтың емес, жай бiр азаматтың көңiлiн қалдырғанның өзiнде өз еркiмен билiктен кетуге барады.
Халықтың бақылауында жоқ өкiмет /билiк/ мыңның құқы бұзылып, жүйкесiн тоздырып, аздырып жатса да мiз бақпайды. Олардың түйсiгiнде – бақ, абырой отырған креслоларында. Сондай жандарға жаным ашып, аяймын: бiр күнi креслодан айырылатын күнi келетiнiн ойлап. Олар да өз замандасымыз, жақсы өмiр сүрiп, бақытты болсын: тек қоғамды азғындататын, мансапқор, әдiлет жолынан тайғандарынан Алла өзi сақтасын. Мен әзiргi билiктегiлердi жақтап, кемшiлiгiн айтайын деген ойым жоқ. Кiмнiң-кiм екенiн көзi ашық, көкiрегi ояулары өз бағасын бере жатар. Әзiр бiр басшының кемшiлiгiн айтып, сынасаң: өзiне сын көзбен қарап, неге халықтың көңлiнен шыға алмай қалдым демейдi. Керiсiнше, кемшiлiктi айтқан адамды жаудай көрiп, айналасындағы жағымпаздар шие бөрiдей шулап, шабуылға шығады. Ең ақылдылары, бұзақыларға тапсырыс берiп қорқытады, таяққа жығады. Айналып келегенде атшысы да, қосшысы да бәрi өз қандастарымыз, замандастарымыз. Себебi неде? Менiңше, бiрiншi рухани азғындығымызда ма деген ойдамын. Неге десеңiз? Жан-жақты бiлiмдi, рухани бай, мәдениеттi адамдар өте мейiрiмдi, әдiл… болады.
Бiз, жергiлiктi әкiмдер, депутаттарымыз түнде ұйқы көрмей, күндiз табандарынан тозып халықтың құқықтарын, мүддесiн қорғап жүр деп айта аламыз ба? Ия, қорғайды дегендi сирек естимiз.
Қоғамдық көлiктерде қашан жолақы қымбаттағанша көлiк қожайындарының жар құлақтары жастыққа тимедi. Құрғақ уәденi үйiп-төктi, қызмет көрсету сапасының артатындығына сендiрдi, оған халық қалаулыларын да иландырды. Ақыры дегендерiне көндiрген соң, уәде де қалды жайына, сапасын да ешшкiм назарға алмады, «баяғы жартас – сол жартас».
Күнделктi өмiрде билiк тарапынан: халық жеке құқықтарына қатысты қызметтерiн сезiнбегендiктен, қайдан есiтiп, бiлсiн? Жай жолаушылар көлiгiнiң қызметiн алайық. Мақала жазу себебiм де осыған байланысты. Әзiрше жолаушылар көлiгi қымбаттаса да, жүрiсiнде, тасымалдау мәдениетiнде өзгерiс жоқ. Оны бақылайтын органдар, көрсе де көрмей, бiлсе де бiлмей отыр. Себебi, сол жемқорлық. Күнделiктi жүргiзушi беретiн ставкасы… Ал халықтың қиналып, жүйкелерi тозғандарымен iстерi жоқ. Америкада қоғамдық көлiк кестесiнен 15 минут кешiксе, «дабыл» көтерiп, көлiк минстрi орнынан кетуге дейiн барады екен. Бiзде бiр сағат кешiккенi тұрмақ, бүкiл бағыттағы автобус жүрмесе де былық ететiн басшы жоқ. Қаламыздағы №70, №19, №4, №66 автобус-маршруттары тым сирек жүреді. Өткенде вокзалға барам деп №19-шы аквтобусты күттім.15 минут өтті, 20 минут өтті, жарты сағаттан кейін бірақ келді, жарықтық. Неге кешіктіңіздер сұрасам? Біздің уақытымыз сондай деп жауап қайтарады. Орбитадан КарГУ-ға бару үшін №70-ші автобусты күтесің. Таңғы 8-де шығып, ол автобусты тағы да жарты сағаттан көп уақыт күтесің. Оны күттің не, күтпедің не?!
Әр күнi қоғамдық көлiкке мiнемiн, бiрақ мен күткен бағыттағы автобустарды бiршама күтуiме тура келедi, кестемен жүрсе де, кешiгiп жүредi. Бiр-бiрiмен жарысқан, желiккен жүргiзушiлер (бәрi емес) мәдениеттен де жұрдай. Жол-жөнекей ұялы телефонмен әлдекiмдермен ұрысады, сыбап боқтайды. Әр аялдама сайын ақша жинаушылар көпшiлiктен түсетiн жанның бар-жоғын сұрайды. Түсетiн адам жоқ болса аялдамаға тоқтамай, құйғытып өте шығады. Кейде тiлiмiздi кәлимаға келтiрiп, қашан межелi жерiмiзге жеткенше жанымызды шүберекке түйiп барамыз. Көпшiлiктiң көңiлiне жаға ма, жақпай ма, жүргiзушiлердiң шаруасы жоқ, барынша музыканы қатты қойып, онсыз да жүйкесi жұқарған, жұрттың жүйкесiне тиедi. Ал, кешкi сағат 19-дан соң қоғамдық көлiк күту бекер.Иа, солай. Бұл мақаламды оқыған кез келген қарапайым халықтың айтатыны да осы деп ойлаймын.
Демократиялық елдердегiдей әкiмдердi халық сайламаған соң, халықтың көңлiнен шығуды ойламайтыны белгiлi ғой. Халық сайласа, «құқықтарыңды қорғай алмадым, бiр сағат көлiк күткенiңiзге өзiмдi кiнәлi санаймын» деп, өз еркiмен орнын босатар едi. Адамдардың жүйкесi көлiктiң жүрмеуiнен жиi жұқаратын болған соң, Қарағанды қаласының әкiмi тың назарына ұсынып, халықтың мұқтажына көңiлдерiн бөлер ме екен деп жаздым. Мақаладағы мәселеге әкiмдер, депутаттар назар аударар деген ойдамыз.
Әрі қарай