Өткен мен болашақты жалғастырған бата

Дастархан төрінде денелі ата отыр. Үстіне киген шапанның екі жақ өңірін бел тұсынан ұстап, үлкен қарнының үстіне кере қапсырып:
-Үйдің кішісі қайда, бата сұрасын, -деді.
Үстел басындағылар алақандарын жайып, бата бергенін тосуда.
Үйдің кішісі атаның дәл жанына жүгіріп келіп:
-Иллә әмин!, -дегенде, ата батасын бере бастады:
-Сұрасаң, бата берейін, -деп айта бергенде, атаның көз алдына осыдан жетпіс жыл бұрын орын алған оқиға көріністері жүгіре жөнелді.
Трактор дауысы кешкі ауыл тыныштығын бұзады. Кабинасы жоқ Т-40 тракторы. Он үш жастағы арық бала трактор жүргізушісінің орнын бірге бөліп отыр. Жаяу емес, көлікпен қонаққа бара жатыр. Бүгін оны алғашқы рет арнаулы қонақ ретінде шақырды. Жақын -жақпай, туыстар емес, ауылдың сыйлы ақсақалы қонақ етпекші.
Трактор жүргізушісінің басындағы қалпағы үлкен, қалқаншасы ұзын. Бұйраланып шыққан жалбыраған шаштары бар, отыз шамасындағы ақсақалдың ортаншы ұл баласы. Кішісінен бастап үлкеніне дейінгі жеті ұлдары да үйленген. Ақсақалға жиырмаға жуық немере сыйлапты. Барлық ұлдары жас кезіндегі әкелері секілді қалың мұртты жіберген. Сап түзеп тұрса, жаңылмастан әкелерінің әр кездегі көшірмелері.
Ақсақал жалғыз қонақ болып келе жатқан баланы күтуге үй-іші әзір, дастархан жасатып қойды.
Қараңғы даладан үй босағасын аттап кіргенде, жап-жарық болып түскен электр жарығы көзін ашытып, еріксіз жұмдырды. Бала көзін жарыққа үйреткен соң көргені: үстелдің екі жағында ақсақалдың ұлдары, немерелері, келіндері бар-жоғы отыз шақты адам. Ақсақал кемпірі екеуі төрде отыр.
Қонақ баланы дастархан басына отырғызды. Табаққа салынған ас қойылып, ақсақал асқа бата берді. Барлығы күнделікті үлкен отбасының машығында бір адамдай тамақтануына кірісіп кетті. Ақсақал анда-санда ұлдарынан күн қалай өткенін, қандай шаруа бітіргенін сұрастырып қояды, ұлдары қысқа жауап қайырады.
Ақсақалдың екі кішкене көзі баланыкіндей жайнап, күледі. Ақсақал бақытты адам. Ұлы Отан соғысын басынан өткізді, ең ауыр шайқастардан аман қалып, көрсеткен ерлігі үшін батыр атанған. Сексенге келді. Соғыстың аяқталғанына 40 жыл өтсе де соғыс тауқыметі туралы айтқанды ұнатпайтын. Оның есесіне сағаттар бойы немерелері туралы жүзі жарқырап, әңгіме ететін.
Қонақ баланы шығарып салатын уақыт келді. Ақсақал сыншыл, адам тани білетін. Үстел басын көзімен бір жүгіртіп шығып:
-Заман өзгереді, мына бала жол бастайды, сендер бұның артынан еруге жарайсыңдар, -депті.
Қолын жайып қонағына қарап, батасын бере бастады:
-Алдыңнан күн, артыңнан ай тусын.
Жол бастағанда жолың болсын.
Бастаған ісің оңды болсын.
Жамандыққа бассаң, аяғыңда тұсау болсын.
Жасаған жылың жүз болсын..., әумин, -деп бетін бір сипады.
Батаны естіген бала бүгінде өзі ақсақалдың жасын жасапты. Құлақта жатталып қалған батасы қонаққа шақырған үйдің кенжесіне айтылды.
-Әумин, -деп бетін сипап батасын аяқтады. Айтарым бар дегендей шал ойланған күйімен дастархан басында отырғандарға қарады. Қасында батасын алған баланың маңдайынан сүйген соң:
-Байқасам, өмірімде талай оқиғалар басымнан өтіпті, жақсылыққа жолым болып тұрыпты, қанша жамандық жасайын, кекшіл болып кегімді қайырайын десем де бір ыңғайы болмапты. Адамдардың жақсылыққа деген сенімі, жақсы сөздері жақсылыққа жетелепті. Қазір жалғыз құдай берген ұлымның қолындамын. Құдайға шүкір, өмірге разымын, үйге қайтайын, -деді де, дастархан басынан тұрып шыға беріске бет алды.
Бөлісу:

3 пікір

bizbike
осындай ақсақалдар көбірек болса, кейінгі ұрпақты тәрбиелейтін. Ай бірақ кейінгі ұрпақ ақшаның құлы болып кетті ғой, тыңдамайды да көбісі
bake
негізі, сырттан өзімді көрмекші болғанмын