Жетімін жылатпаған ел едік…

Қоғамымызда даулы мәселеге айналып отырған өзекті жайттардың бірі – жетімдер мәселесі. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ата-бабамыздан қалған сөздің өзі халқымыздың жетімін жылатпағанын, жесірін қаңғыртпағанын меңзейді. Сондықтан біреулер «жетімдерімізді сатуға қатаң тыйым салу керек» десе, енді біреулер «олардың шетелдік болса да, ата-ананың жылуына бөленгені дұрыс, сондықтан оларды асыраушысы табылса, сатқанымыз дұрыс» деседі. Бірақ қазіргі таңда шетелге бала беру жағынан әлем бойынша үшінші орын алып отырғанымызды ескерсек, қоғамымызда бала сату туралы пікірдің басым түсіп отырғанын аңғарамыз.
Осы орайда «Жаңғыру» қоғамдық қоры «қамқорлыққа зәру балалар мен шетел азаматтары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу» тұрғысында жүргізген сараптаманың қорытындысы осындай. Орын алған бұл жағдайдағы басты мәселе де – осы уақытқа дейін жетім балалардың күйін күйттейтін бірде-бір заңды құжаттың болмауы. Өйткені осы уақытқа дейін шетел асып кеткен балаларымыздың көбінің тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.
Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, шетел асып кеткен балаларымыздың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі болса да, аталмыш конвенцияның бұл ел алдында күші жоқ. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі конвенцияға қол қойғанымен, АҚШ сенаты оны ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. АҚШ қана емес, басқа да ірі-ірі мемлекеттер бұл конвенцияны мойындамаған. Бұл тұрғыда конвенцияның мойындалмауы себепті біздің елдің де шетел асып кеткен балалардың өміріне араласа алмау қаупі зор болмақ.
Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құраса, соның 46 мыңнан астамы түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отырғандар екен. Оның ішінде 16 мыңдай бала – мемлекеттің қарауында. Мемлекет қарауынан шетелдіктердің қамқорлығына ауысып жатқан балаларымыз да баршылық. Сандарды сөйлетсек, бүгінге дейін 6014 бала шетел асқан.
Соңғы он жылда еліміз бойынша 37 450 бала асырап алынды. Оның ішінде қазақстандық азаматтар — 28 мыңнан астам бала (77 пайыз), баланың шетелдік туысқандары — 500-ге жуық бала (1,2 пайыз), шетелдік азаматтар 8 мыңнан астам бала асырап алған. Шетел асқандарды таратып айтсақ: АҚШ — 6406, Испания — 600, Бельгия — 343, Германия — 173, Канада — 167, Ирландия — 140, Франция — 131 бала (21,8 пайыз).
Осы ретте айтқым кеп отырған мәселем мынандай.Бәрімізге белгілі жақында Франция елінде бір жыныстылардың некеге отырып, олардың бала асырауларына болатындығын заң жүзінде бекітілгенді. Қауіптің көкесі сейілер емес. Францияға берілетін біздің қаракөздеріміз осындай азғындалған отбасының қарауына түспейтініне кім кепіл.Осы мақалам арқылы жоғарыдағыларға осы мәселеге байланысты заң немесе қатал шара қолдануларын сұраймын.

Айтпақшы, еліміз шетелдіктерге бала беруде 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың да алдына шығып отырғанын айта кеткен жөн. Осылайша шетелге мұнай шығарудан әлем бойынша төртінші орын алсақ, бала беруден үшінші орынға шығып отырмыз. Елімізде шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар. Ал агенттіктің бір баланы шетелдіктің иелігіне заңдастырып беруден табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды. Ал бұл ақша кімнің қалтасына құйылып, кімдердің қалтасын томпайтып жатыр? Бұл жағы тағы беймәлім. Шынтуайтында, біздің мемлекеттік органдар тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысады екен.

Сонда жетімдердің жебеушісі кім?
Шетел асқан жетімдердің құқын қорғайтын заңдық құжаттың жоқтығы – өз алдына, өз еліміздегі жетім балалардың құқының қорғалуы да көңіл көншітпейді. Республикамыздағы жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп-интернатта 8 987 бала тәрбиеленеді. Бұл балалардың барлығы дерлік кәмелеттік жасқа толғаннан кейін көшеде қараусыз қалады. Не мамандығы, не басында баспанасы, тіпті жанашыр ағайын, туған-туысы жоқ мұндай балалардың қылмысқа да жиі ұрынатынын мамандар растайды. Осылайша не шетелдегі, не еліміздегі жетім балалардың болашағына қамқор бола алмай отырмыз. Ал бұл мәселелердің барлығын заңдық тұрғыдан ғана реттей алатынымызды ескерсек, елімізге «Жетім балалар туралы» жетім балалардың мүддесін қорғайтын заңның қажеттігі айқындала түседі. Неміс халқының Ата заңының 7-бабында арнайы шетелге адам сатуға қатаң тыйым салынған. Бізге де шетелге бала шығаруға заң жүзінде қатаң тыйым салатын кез жетті деп ойлаймын.. Ау, олардың бейкүнә жанарларын жат жұртта жәутеңдеткенше, неге шетелге бала сатуға біржолата нүкте қоймаймыз? Қандайма қиын-қыстау кезеңдерде де жетімін жылатпаған ел едік қой. Енді не болды бізге?..
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше