Отбасы деген

Блог - Aygaya: Отбасы деген

Бір күні үйге азық-түлік толы, қара зіл пакеттерді сүйреп келдім. Жігітімнің үйде жатқанын білемін. Мұрнынан суы ағып, салқын тиіп жатқан еді.

Кіреберістен дауысымды қаттырақ шығарып: «Мына пакеттерді алшы» дедім.

Ол болса көрпеге оранып алған, ыстығы басылмай, терлеп-тепшіп жатыр.

«Менімен осы еш жұмысың жоқ иә сенің?» деп, зекіп қалды.

«Ауырып жатқан адамды мазалаудың не керегі бар? Шеш те аяғыңды, апара салмай ма соларды асүйге» деп ойласа керек.

Мен болса сол кірберісте әлі тұрмын. Реніштен өкпем жарылардай, көзіме жас та толып қалды. Еркек дегенің ауырса да еркек болып қала беруі керек емес пе? Ыстығың көтеріліп тұрса да, жұбайыңа көмектесіп, жүкті қолынан алудың несі қиын сонша? Мен бір рояльді тасы деп те жатқаным жоқ. Бар болғаны пакеттер. Бар керегі бір минут уақытың.

Сол күні қатты керісіп қалғанымыз есімде. Екеуіміздің де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Дұрыс екендігімізді дәлелдеу отбасымыздың берекесінен маңыздырақ еді.

Бұл бір 14 жылдай уақыт бұрын болған жәйт еді. Жаспыз, әрқайсысымыз отбасы ұғымындағы сөзіміз жүрер аумақтың кеңірек болуына шайқасып жүрген кездер…

Жігітімнің көлік айдауды енді-енді үйреніп жүрген кезі. Әлі де бойында күмән менен қорқыныш бар.

Мен бір концертке кеттім. Концерт біткенде, сағат тоғызға таяу ең жақын метроның маңайыан алып кетуін өтіндім.

Концертім он жарым дегенде бітіп, жігітім сол метроның жанында екі сағат күтіп қалды. Залдан шығып, метроның әлде де алыстау екендігін, және мына аяқ киіммен жеткенімше кемінде тағы жарты сағат өтетінін ұқтым.

Жігітіме қоңырау шалып, концерт залының дәл алдына қалай жету керек екендігін түсіндіре бастадым. Ол кездері навигатор деген жоқ. Кәдімгі қағаз карталар заманы. Инструкторсыз көлік айдап жүргеніне бір-ақ апта болған жігітім, қайда қалай бару керек екенін түсіне алмай қойды.

Метроға қарай беттедім. Дала қараңғы. Аяқкиімім ыңғайсыз. Жеткенімше аяқтарым қажалып-күстеніп, «бірден келе қоймады, алдымнан шықпады» деп ашуға булығып жеттім.

Жігітім болса маған ызалы. «Осы әйелдер өздеріне не керек екенін де білмейді» десе керек.

Сол күні қатты керісіп қалғанымыз есімде.

Екеуіміздің де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Дұрыс екендігімізді дәлелдеу отбасымыздың берекесінен маңыздырақ еді.

Отбасын құрғанымызға біраз жыл болды.

Кеше кешкісін басымның сақинасы ұстап қалды. Дәріні сіміріп алып, көрпенің астына тығылдым. Балалардың ойнап-күлгендегі шуы шыдаттырмастай қинап барады. Бірақ, балалы үй базар ғой. Екіге енді толған қызым қайдан түсіне қойсын. Қайта-қайта құшағыма еніп, ойнағысы келеді. Басымның ауырғаны сонша, қиналғанымнан тіпті ыңырсып жаттым.

Қалай ұйқыға кеткенімді аңғармай қалдым. Жігітім балаларды далаға серуендеуге алып кеткен екен. Ауа райы серуендейтіндей болмаса да, бір жарым сағаттай жүріп келді. Жел уілдеп, жаңбыр себелеп тұрған. Олар оралғанда мен оянып кеттім. Басымның ауырғаны да басылғандай.

Жігітімнің де жағдайы оңып тұрмаған екен. Бірнәрседен уланған-ау шамасы мазасы болмапты. Бірақ, екі аурудың біреуі өзін қолға алып, екіншісіне оңалуға мүмкіндік беру керек екендігін түсінген еді.

Әрине, ол да жатып алып, екеулеп ыңырсудан жарыс өткізсек болар еді. Бірақ ол даланың райына қарамастан, мені құтқарар серуенге балалармен бірге кетуді ұйғарды.

Ал, өткен аптада, ол ауырып жатқанда, мен де жігітім үшін дәл осылай істеген едім. Дұрысы – өзім үшін. Себебі оның тезірек сауыққаны маған да керек.

Осыдан үш жыл бұрын, жүкті кезімде той атқарып жүрдім. Тапсырыс берген той иелері «тек қана сен» деп, қандай да бір бөлмеге менен бұрын кіріп жүрген қарныма мән бермеген еді.

Той болар күні жігітім де корпоративке баруы керек болды. Сол жерде марапаттау кеші өтіп, оған да алғыс хаты табысталатын болған. Таңертең көйлеген үтіктеп, галстук таңдап қойдым.

Кешкісін жастармен тұрған суретімді жібердім. Боянып, сыланып, әдемі көйлегімді киіп алғанмын. «Қара, жаным, қарны қампиып тұрса да, қандай әдемі иә сенің әйелің» дегендей.

— Биік өкшелі аяқ киім кигенбісің? — деді жігітім. Жүктіліктің соңғы айларында аяқтарымның тым қатты ісініп ауыратынын білуші еді.

— Иә, енді бұл той ғой. Тәпішке киіп, қолыма капельница іліп жүрмемйн ғой, енді, — дедім мен.

— Өкшесі жоқ аяқ киім ала кеттің бе? Әлде ауыстырар ештеңе жоқ па?

— Жоқ, ала шықпаппын, — деп күрсіндім. Осындай күнделікті заттарды ойлай бермеймін. Ауыстырар аяқ киім алуды ұмытқан екенмін.

Екі сағаттан кейін, корпоративін тастап, үйге соғып, жеңіл аяқ киім тауып, маған әкеліп тұрған жігітімді көрдім.

Дәл сол сәтте аяқтарым әбден ісіп, жаным қиналған еді. Жігітімді көргеннен қатты қуанып кеттім.

Аяқ киімімді ауыстырып отырып: «Мараптың ше?»- деп сұрадым. Күйеуімнің маңызды іс-шараны өткізіп алатынына алаңдаған едім.

— Міне менің марапатым! – деді ол, басымен ішіме сілтеп.

Отбасы дегеніміз – жарыңның қажеттіліктерін өзіңдікінен маңыздырақ көре білуіңде, және бұл ұстанымыңның саған ешқандай жайсыздық тудырмауында.

Әр қайсысымызда әлі де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Бірақ оны бір-бірімізге тықпыштауды доғардық. Себебі біз үшін бақытты болу дұрыс болудан әлдеқайда маңыздырақ.

© Ольга Савельева
Әрі қарай

Қарау оңай ма? ("Сүю оңай ма?" әніне пародия)

Көктем. Көшеде келе жатып, небір сұлу мүсінге еріксіз сүйсініп, көттерге көз сүрінеді. Төреғалидің орындауындағы «Сүю оңай ма?» әнімен ыңылдап келе жатасың да, ырықсыз былай деп әндете жөнелгеніңді де білмей қаласың:

Блог - saken-d: Қарау оңай ма? (Сүю оңай ма? әніне пародия)

Көттер, көттер, көттердің сұлуын-ай,
Көктем келіп, қызықтап жүрмін ұдай.
Темір, темір, темірдей жігіттердің
Көңілдерін ерітіп, бұзуын-ай.

Біреуі балдай,
Біреуі мұздай.
Қарайсың талмай,
Мойынды бұрмай.
Көттер-ай қандай,
Ойымды бұзды-ай.

Ээээх! Көшеде көз сүрініп, жүре алмай қалдық қой.
Әрі қарай

Моника

Блог - BakytgulSarmek: Моника
Әйнегі арзан қауырсын қара көзілдірік киген таксиші жігіт бит тістеген әйелдей сағызды алдыңғы тістерімен былай да солай уатып, иегін дір-дір етіп әлі шайнап келе жатыр. Тіпті түкірігін көпіршітіп шашып, сағызын үріп-жарып алды. Мен терезеден көз алмай сыртқа келе жатқаныммен оның жалтақ-жалтақ етіп бетіме бір, қысқа етегім жетпей қалған жалаңаш тіземе бір көз жүгіртіп отырғанын сезіп келемін.
Төбесіне тырбиған сұр жыңғылдар өскен құм төбелердің арасынан үйлердің мүк басқан сарғыш шатырлары да көріне бастады. Ауылдың бейнесі салақ әйелдің көйлегіндей солғын тартыпты.
Ана төбелердің бержағында орналасқан бейіт қоршауы ентелеп жол жиегіне жетіп қалыпты, мола көбейген ғой. Таксиді тоқтатып, далаға шықтым. Бұрын бейіт қоршауының ең шетіне қаланған бауырымның бейітін әрең таптым, ортасына қарай жылжыпты. Күн жеген құлпытастың жазуы өшуге айналған, бейіт тастары мүжіліп, үгітілілген. Менің де сағынышым сейіліп, күрсінуім азайыпты. Көзімнен жас шықпады, мұңайған да жоқпын.
Қаңылтыр көліктің қабырғасын сөгіп түсірердей даңғырлатып магнитафонның музыкасын бар дауысына шығарып қойған мына есалаң таксишімен ұрысайын дедім де ерініп қалдым.
-Болат ақаның қызысыз ба?
-Ммм…
-Болат ақа дүкеннің алдында мас болып жүр екен, басым ауырып тұр деген соң шамалы ақша беріп кетіп едім алдында…
— Ммм…
-Сізді бір жерде бастық дейді ғой…
-Ммм…
Әкемнің оған қарыз екенін ескерте отырып, мас болып жүргенін қоса атап өтіп өзінің пәсін көтеріп алғысы келгендей қауырсын көзілдірігін бір дұрыстап, иығын қомдап қойды. Базардан алынғалы үстінен шешіліп көрмеген кір-кір көйлегінің жағасын дұрыстап, көзілдірігінің үстінен маған қарады.
Кешке таман Болаттың қызы келіпті деп көршілер, туыстар жинала бастады. Амандық-саулықтан соң әрқайсысы бастан аяққа дейін сын көзбен мұқият қарап алып жатқандарын байқадым. Ертеңгі күнге талғажау қылар жаңа өсек керек шығар оларға.
Шай ортасында сыртқа шықпақ болып ауызүйге шықсам қазан жақта жүрген келіндердің бірі есік алдында сыңары тоңқайып жатқан туфлиімнің бірін аяғына өлшеп киіп қарап тұр екен. Ыңғайсыз жағдайдан аулақ қашып, әзілге көштім:
-Ініме дұрыс қарап жүрсең, туған күніңе беріп жіберемін осындай туфли. Бетіндегі қоңыр секпілдерді қанға тотыға қоюланып, ұялып қалды.
Көктемнің жылы күні болса да үстіне киіп алған қалың тоқыма көйлегінің етегі делеңдеп ана жақтан Моника жүгіріп келе жатыр. Елуге жақындап қалған жасына қарамастан ақыл есінің кемдігі мен тілінің мүкістігіне бола бала-шағаға дейін Моншақ деген әсем атын ұмытып, Моника дейтін. Еркелету ме, көзінің қыли, мұрынының пұшық екенін мазақтап, ұсқынсыз түрін сұлу Моника Беллучимен салыстырып атады ма, ол жағы маған әлі күнге белгісіз. Бас салып құшақтап, түсініксіз былдырлап асығыс сөйлеп жатыр. Мойыныма ып-ыстық жас тамып кетті.
-Қой, Моника, үлкен қыз жылай ма? Болды, қой, -деп арқасынан қағып жұбатсам да қояр емес. Бетімді сүйіп-сүйіп, сілекейден құрғақ жер қалдырмады. Айран ішті ме, әлде құрт жеді ме білмеймін, сүйген жерлерінен ашыған сүттің иісі шығып тұр.
Құлағындағы ауыр темірден соғылған сырғасы дір-дір етіп солқылдап тұрып жылайды. Бұрын тілін аздап түсінетін едім, қазір тіпті ұмытыппын.
Мені босанар уақытында шешем перзентханада Моникамен бірге жатыпты. Құшағындағы балпанақтай сәбиін кеудесіне басып, қуыршақтай қызықтап жүрген кезінде туыстары бала бағуға оның қабілеті жоқ деп алаңдап, ұйықтап жатқан кезінде жөргекке оралған бөбегін баласы жоқ ерлі-зайыптылардың құшағына салып жіберген. «Бөпесінің жоқ екенін біліп Моника аңырап жылап, ешкімге жұбанбады. Сүт толған омырауы тасырайып, кейін жара болып, әбден қиналды сорлы» деп айтып отыратын мамам. Өксігін басып, жасқа шыланған дымқыл кірпіктерін үздіксіз қағып, көзін жыпылықтатып, мамамның қасына келіп жөргектегі маған ұзақ қарап отырады екен.
Желкілдеп көз алдында өстім Мониканың. Ағайындарының үйінде тұратын Моникадан су тасу, қой бағу, егіннің шөбін жұлу жұмыстары артылмайтын. Қолы босағанда бізбен бірге доп ойнайды. Ойнап жүріп елеусіздеп келіп мені құшақтап алу, балалармен керіскенде қарсыласымды мен үшін түйіп құлатып жіберу сияқты қылықтары үйреншікті болып кетті.
Міне, сол Мониканың жүрегі жарылардай егіліп жылап тұрысы мынау. Көз жасының білегімен сүрте салып, етегін түріп, қарынындағы бір қарыс тыртықты көрсетіп жатыр. «Қой, ұят болады» деп етегін жапқаныма қарамастан былдырлап айтқан арызынан жақында соқырішектен ота болғанын түсіндім.
Ауылда болған екі-үш күнімде Моника менің жанымнан шықпады. Таң атпай тістері түсіп қалған қызылиегін мыжырайтып күлімдеп келіп тұрады. Кеш батқанша менің жанымда.
Ойыма қай сайтан салғанын кім білсін:
-Бөпенің папасы кім?-дедім қолымда әлди жатқандай құшағыммен ауаны қармап көрсетіп. Шошынып қарады. Құбыжық көргендей тоқыма көйлегінің етегі далаңдап жүгіріп кетіп қалды. Және жолында жатқан құман-шылапшындарды аяғымен қағып, ауызүйді азан-қазан қылып кетті.
Кешке қарай ретсіз қиылған шашы жалбырап, есік жақтауынан сығалап тұрған Мониканы көрдім де сыртқа шықтым. Айналасына алақ-жұлақ қарап алақаныма бірдеме қыстырып жатыр. Әскер киімін киген үш жігіт түскен ескі фото. Шеті жиырылып, бояуы өше бастаған сарғыш фотоға үңіле қарап, екі орыс жігіттің жанында тұрған сұлу мұртты жігітті шырамытқан сияқтымын. Саржа әженің Алматыдағы үлкен ұлы болса керек. Ауылда өткен бір-екі тойға келген кезінде дене бітімі сұлу жігіт ағасын ауылдағылар тамсанып біраз әңгімелеп еді. «Әйелі театрда ойнайды екен», «Ұлдары шетелде оқиды екен», «Саржаны келесі жылы шетелге курортқа алып барамын депті», «Профессор екен өзі», «Тіпті ана жарымес Моникаға да сырға алып келіпті» деген әңгімені аңыз айтқандай өршітіп еді.
Саржа кемпір кенже сіңілісі Мониканың ақыл есі кем болса да мүгедектерге арналған үйге тапсырмай өз үйінде ұстады.
Суреттегі мұртты жігітті нұсқап «Бәбә» деді. «Папа» дегені шығар. Көзінің ағы молайып, жан-жағына ұрланып қарады да саусағын ерініне тақап «Түшшшшш» деп ымдады. Неге екенін өзім де білмедім, бұрыннан өзім білетін құпия сияқты, бұған аса таңырқай алмадым. Мүмкін тосын жағдайларға, ақылға сыймайтын кейбір келеңсіздіктерге, небір сорақылықтарға әбден етім үйреніп қалған шығар.
Таңертең күн шықпай қалаға кеттім. Ұйқысынан тұра сала арсалаңдап біздің үйге жетіп келген Моншақ менің кетіп қалғанымды естіп мұңайған шығар, мүмкін қорсылдап жылады…
Әрі қарай

Оскар 2018: Кім жеңеді?

Киностан: Оскар 2018: Кім жеңеді?4 наурызда Америка киноакадемиясының «Оскар» киносыйлығы үлестіріледі. Биыл фавориттердің үздік үштігінде:
  • Гильермо дель Тороның «Су пішіні» фэнтези-мелодрамасы — 13 номинация
  • Кристофер Ноланның «Дюнкерк» әскери драмасы — 8 номинация
  • Мартин Макдонахтың «Эббинг, Миссури шекарасындағы үш билборд» драмасы – 7 номинация.
Енді биыл «Оскарды» кім алады деген сұраққа жауап іздеп көреміз. Болжамды осыған дейін үлестірілген әртүрлі киножүлделер негізінде жасайтын боламыз:

Сонымен біздің болжамды түйіндесек, тізім былай болады екен:
Үздік фильм, үздік актриса, екінші пландағы үздік актер, үздік түпнұсқа сценарий — «Эббинг, Миссури шекарасындағы үш билборд» (Фрэнсис МакДорманд, Сэм Рокуэлл, Мартин МакДона)
Үздік актер — Гари Олдман («Ауыр кезең»).
Екінші пландағы үздік актриса — Эллисон Дженни («Мен, Тоня»).
Үздік режиссер — Гильермо дель Торо («Су пішіні»)
Әрі қарай

Адамды адам еткен - арақ

Блог - patick: Адамды адам еткен - арақДарвиннің теориясы бойынша маймылтектес тіршілік иелері еңбек арқылы саналы адамға айналды. Бірақ еңбек етпес бұрын маймылдар ағаш басынан жерге түсуі керек қой. Дәл осы тұста арақ көмекке келеді.

АҚШ-тағы Дартмут колледжінің зерттеушілері осындай тұжырым ұсынып отыр. Оны мен өзіміздің National Geographic Қазақстан журналынан оқып қалдым. Осы қуанышты жаңалықпен бөліскім келіп кетті.

Мақаладан үзінді келтірейін:
«Берклидегі Калифорния университетінің физиологі Роберт Дадли – «мас маймыл» болжамы жайлы алғаш ой ұсынған адам. Оның ойынша, ағаштан жерге түсуге батылы барған примат жемістің жаңа түріне қол жеткізді-міс. «Егер сен алкогольдің иісін сезіп, жемісті өзгелерден бұрын алсаң, ол – сенің артықшылығың, – дейді Дадли. – Сен өзіңді жеңімпаз сезініп, калорияға да қарық боласың». Бұл өзгеріс өз кезегінде жаңа өмір салтының пайда болуына итермеледі.[1]».

Оны мен қалай елестетем? Он шақты миллион жыл бұрын ата-бабаларымыз жердегі жыртқыштардың кесірінен ағаш басында тіршілік етеді. Бірақ ағаш басындағы азық шексіз емес, сондықтан пісіп жетілген, иісі бұрқылап жерде шашылып жатқан жеміс-жидектерге қалай да қол жеткізу қажет болады. Сосын ішінен бір батылы аса сақтықпен жерге түсіп, бұзыла бастаған жемістің дәмін татып көреді. Бұзылған жеміс ашытқы бөлетіні белгілі. Ал ашытқы дегеніміз бүкіл алкоголь атаулының негізі. Көп жеп қойғаннан кейін әлгі примат бабамыз аздап көңіл-күйі көтеріліп, тіпті маңайдағы жыртқыштарға сес көрсетіп қояды. Сосын ол енді жемісті жерден теріп жеуді әдетке айналдырады. Өйткені ол әрі тәтті, әрі көңіл-күйді көтеріп, ерекше сезімге бөлейді. Артынан басқа приматтар да оның ісін қайталайды. Оларға да ұнайды. Уақыт өте келе „адам болғысы“ келген маймылдар уақытының көп бөлігін жер бетінде өткізуге бейімделеді. Ал әрі қарайғы эволюцияны менсіз-ақ өздерің білесіңдер: тас қарулар, от жағып үйрену, пісіріп үйрену, дәнді-дақылдар теру мен оны егу және ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы.

Алкоголдің адамзат дамуы үшін рөлі бұнымен бітпейді. Көне дәуірдің ғұламалары қалдырған, біздің заманымызға дейін сақталған тарихи һәм мәдени мұралар мен жәдігерлер арақ-шараптың көмегімен дүниеге келгенге ұқсайды. Өйткені алкоголь адамға шабыт сыйлайды. Шабытсыз бұл жақұттар пайда болмас еді. Тағы да НатГео дерегіне жүгінеміз:

»Шынтуайтында, жер-жаһанда дәнді-дақылдардың түр-түрінен жасалған алкоголь жайлы деректер өркениеттің алғашқы кезеңінен бастау алады. Пенсильвания университетінің биомолекула археологі Патрик МакГоверн: «Мұның бәрі жай сәйкестік емес», – дейді. Оның айтуынша, Тас дәуіріндегі ғұрыптардан бермен адамның ақыл-есін өзгертіп жіберетін ішімдік атаулы шығармашылыққа шабыт бітіріп, тіл мен өнердің дамуына серпін берген. Адамзат тарихының шар­уашылық жүргізуден бастап, жазудың пайда болғанына дейінгі дәуір аралығына көз жіберсек, оның қай-қайсысында да ішімдікпен бір байланыстың болуы әбден ықтимал. «Әлемнің әр түкпірінен табылған бұлтартпас деректер алкогольді ішімдіктің адамзат мәдениеті үшін маңызды роль атқарғаны анық, – дейді МакГоверн. – Отыз жыл бұрын бұл дерек дәл бүгінгідей мақұлдана қоймаған еді». Әзіл-шынын араластыра сөйлеген МакГоверннің айтуынша, ішімдіктің адамзат баласының ажырамас бір бөлігіне айналғаны сонша, біз енді өзімізді «Хомо ішкіштер» деп атасақ та болатындай.[2]".

Осыдан келіп адамдардың араққа құмарлығының себебі де анықталатындай. Демек бұл біздің қанымызға сіңген әуестік, бізді ғасырлар бойы алға жылжытып келген инстинкт. Ендігәрі ішкішті кінәлауға асықпа, өйткені бұл геніне программаланып қойылған нәрсе.

Ендеше алкоголь өнімдерін жеккөрінішті қылып көрсету әдетімізден арылып, оның адамзат тарихындағы маңызды рөлін мойындайтын кез келді, ағайын.

Сілтеме:
[1][2]: «Тоғыз мың жылдық құштарлық» © National Geographic Қазақстан, 2017
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 23 желтоқсанындағы шығарылымында қойылған сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 23 желтоқсанындағы эфирінде Тәуелсіздікке арналған арнайы жоба ойын өтті. Маусымға қатысушы команда өкілдері жүргізушілермен бірге сауалдарды талқылады. Ойын 8:3 есебімен аяқталды.

by MERmukhanov :
Қазақтың (тәуелсіздік) тарихындағы бір миф мұны/мұндай әрекетті өз тәуелсіздігін 1920 ж.ж. жылы алған мемлекетке телиді. Алайда шын мәнінде, ол – одан бір жарым ғасыр бұрын тәуелсіздігін алған елге тиесілі. Бұл аталған елдердің қарым-қатынасы виза беруді тоқтатуға дейін ушықты. Танымал мифті атаңыз.

Шыңғыс Айтматовтың кейіпкері оны желін астындағы сүт тамшысына теңейді. География білгірлері оны номинал түрде белгілі детективпен байланыстырар еді, ал ата-апаларымыз оны тұрмыстық қажеттілігіне байланысты ескі атауымен біледі. Оны атаңыз.

ОНЫҢ біріншісі 90 жылдардың басында Алматыда өтті. Екіншісі Түркістанда болды. Мысалы, бір ақпараттық агенттік ОНЫҢ соңғысына Молдова Республикасы Парламентінің депутаты Богдан Кайдарович Цырдя қатысқанын жазады. trt.net.tr, «Егемен Қазақстан», «Әдебиет» порталы сияқты ресурстар оған қатысушыларды оның атауынан туындаған сөзбен атайды, алайда Уикипедия Қаржы-экономика сөздігіне сүйене отырып, бұл туынды сөзді фирма-кәсіпорындарға қатысты қылып түсініктеме береді. ОЛ деп отырғанымыз не?

by asaubota :

Қазақстанда кен орнындағы қалаларға нақты бір химиялық элементтің атын беріп қойылған қала аттары бар. Мысалы Хромтау, Никельтау. Дәл осы сипаттамаға сай келетін тағы бір қаланы атаңыз.

1945 жылы Индонезия Нидерланд королдігінен тәуелсіздігін жариялады. Бұл оқиғадан кейін басқа бір корольдік Индонезияға қарсылық хатын жіберді. Алайда тарихи фактілерге сүйене отырып, бұл хаттағы тақырып қанағатандырылмады. Индонезия қай корольдіктің қарсылығына ұшырады?

«Брейнсторм» командасы:

Жақсы альфалар туристік жабдық сататын Лимпопо магазинінде шамамен 70 мың теңге, 200 доллардай тұрады. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын басқа бір альфа бұдан 36000 есе қымбатқа бағаланған еді. Альфаны атаңыз.

Шөл даладан басталатын бір алыс сапар үшін мамандар жыртқыштардан қорғанатын репеллент, қармақ, судан құтқару құралдарын ала кетеді. Бұл сапар басталатын елді атаңыз.

«Арулар» командасы:

1960 жылдары Кеңес Одағында бұл қауіпті іспен айналысатындар мұрнына тіс патасын, ерніне жынысына қарамастан далап жағып алатын. Қауіпті кəсіпті айтыңыз

Ресейлік сериалдың кейіпкері жаңа жыл мерекесін қарсы алуға Парижге барады. Ол жақта мейрамханада жергілікті тұрғынмен танысады. Жергілікті тұрғынның есімін атаңыз.

«Жаңа астаналықтар» командасы:

Қазақ әдебиетінде өшпес "із" қалдырған туысқан 2 кісі өмірден өтсе де, жолдары әлі күнге жалғасып жатыр. Атаңыз.

Қазақстанның xалқы ең тығыз орналасқан облысында туып, батыстың ең үлкен облысында жерленген Қазақ xанын атаңыз. Аталмыш xанға деген xалықтың көзқарасы бір жақты емес.

Аудионұсқаны мына жерден табасыздар.
Жалпы Қазақ радиосының тікелей эфирін мына сілтемеден тыңдауға болады.
Әрі қарай

2017 жылдың үздік посттары

Блог - asaubota: 2017 жылдың үздік посттары

2017 жылда блогосферада және КерекИнфо платформасында пәлендей белсенділік болмаса да біраз пост жазылды. Жылдың үздік посттарымен танысайық.

2017 жылы жазылған посттардың ең көп оқылғандары:

  1. Димаш Құдайберген «I am a Singer» жобасына қалай қатысты?
  2. EXPO билеттеріне қатысты 7 сұрақ
  3. Ninety One — Su Asty / Су асты
  4. Назардан тыс қалып жүрген 6 эроген аймақ
  5. Қарызға ақша сұраудың тиімді 5 әдісі
  6. Димаш Құдайберген. Кеше және бүгін
  7. Некеден кейінгі адамның өмірі қалай өзгергені туралы 11 сурет
  8. Мен көрген Атырау
  9. Маған ұнайтын футболшылар
  10. Тақтар ойыны. 7-маусым, 1-серия. Қыс түсті

2017 жылы жалпы КерекИнфода ең көп оқылған посттар:

  1. Іштегі баланың жынысын анықтау
  2. Таныстырсам өзімді…
  3. Үйде жүріп арықтаудың жолдары
  4. Секс туралы жігіттер сенетін 6 өтірік (+18)
  5. Зодиактар және оларға мінездеме
  6. Еркектердің жыныс аурулары. Урологпен видеосұхбат
  7. Эротикалық жұлдызнама
  8. Өт жолдарын емдеу
  9. Гүлзухра апаймен өткен түн
  10. Секс туралы қызық фактілер
Әрі қарай

Қазақстан Тәуелсіздік алатынына сенімім шексіз еді…

Кеше 16 Желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай Измирде білім алып жатқан қазақстандық студенттер Измирдегі Алаш Қазақ жайлауында атап өттік. Жайлаудың иесі Шеризат ақсақал соңғы уақыттарда сыр бере бастаған денсаулығына қарамастан зиярат етуге келген қазақ жастарын көріп, көңілі босап қатты толқыды. Екі сағат бойы дастарханда бірге отырып, әңгімесін айтып, өсиетін жеткізді. Үлкен дастархан жайып қонақжайлылық танытты. Қазақы дастарханда ыстық бауырсақпен қою күрең шай ішіп, қымыз бен палау жеп жастар ауылға барғандай әсерде қалды. Шеризат Доғру ақсақалдың бір сөзін қысқартпастан осында жеткізуді жөн көрдім…
Түркияда тұрып жатқан қазақтар әр түрлі жағдаймен Ата жұрт Шығыс Түркістаннан Түркияға көшіп келген. Көштің себебі – Ресейде коммунизм орнап, Қазақстанның талан-таражға түсуі, дінге тыйым салыну, мал-мүлкінің тәркіленуі. Ауыл мен қыстақтардың колхоз бен совхоз ретінде ұжымдастырылуы. Осының бәрі бір қазаннан жеп ішуді міндеттеді. Қазақстанда жүзеге асқан осы режимді Шығыс Түркістан басшылары да іске асырғылары келді. 1935 жылы Шығыс Түркістан үкіметі мемлекеттендіру саясаты шеңберінде бүкіл халықтың мал-мүлкін тартып алмақшы болды. Діни кітаптарды жинап алды. Ұлттық рухты жоқ қылу үшін қолдарынан келгенін жасады. Бұл зұлымдыққа шыдамаған қазақтар алдымен қытайлық мұсылмандар (дүнгендер) тұратын Гансу-Синхайға көше бастады. Шығыс Түркістан үкіметі, бүгінгі Шынжаң Ұйғыр Автономиялық Районы, бұл көшті тоқтатуға тырысты. Құрлықтан және әуден шабуыл жасап, осылайша соғыс басталды. Екі жақтан да көп шығын болды. Осы соғыста қазақтардың көш басшысы, Есілхан батырдың әкесі Әліп Жамысбайұлы тұтқынға түсіп, азапталып өлтіріледі.
Ал, қалған қазақтар көптеген шығынға ұшырап, малдарымен бірге Гансу-Синхай мұсылман аймағына жетеді. Бірақ ол жерде де қиыншылықтарға тап болады. Мұсылман аймағына көп малмен барған қазақтарға жергілікті халық өріс тауып бере алмайды. Сондықтан жергілікті халық қазақтарды үкіметке жиі-жиі шағымданады, соның нәтижесінде дау-дамай пайда болады. Қазақтарды қытайлық мұсылмандар өлтіреді, қысым басталады. «Мұсылман ел» деп барған жерінн үміттері ақталмай, қазақтар тағы да көшуге дайындала бастайды. Бұл жолғы бағыт – Үндістан-Пәкістан. Топ-топ болып ол жаққа көшкен қазақтар малының 90%- ын, адамдарының 80%-ын шығындап, межеге жетеді. Ол кезде Үндістан мен Пәкістан бір еді. Аз уақыттан кейін екіге бөлінді. Бөлінген кезде қазақтар мұсылмандар көп орналасқан Пәкістан жағында қалады. Климаттың ыстығынан оба секілді ауруға душар болады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей өздері Тибеттен азып-тозып келген қазақтарға бұл қиынға соқты. Осыншалықты қиыншылықтарға қарамастан олар Пәкістанның әр жерінде қолдарынан келетін өнерлерімен күн көруге тырысты.
1949 жылы «Соңғы қазақ көші» ретінде белгілі Әлібек Хәкім мен Сұлтан Шәріп бастаған көш Гималай асып, Үндістанның Кашмир қаласына жетеді. Пәкістандағы қазақтардың басшылары Әлібек Хәкіммен хат алмасады. Әлібек Хәкім бұдан кейінгі мақсаты Түркияға жету екендігін жазады. Пәкістанның әр жерінде тұрып жатқан қазақтардың рубасылары бас қосып, Түркияға көшуге шешім қабылдайды, Түркияның Пәкістандағы елшілігіне өтініш білдіреді. Түрік үкіметі Кашмир мен Пәкістандағы қазақтардың өтініштерін қарастырып, шамамен 5000 қазақты қабылдайды. Түрік үкіметі өздерін «Ата жұрттан келген қандастар» ретінде танытқан қазақтарға көмек қолын созады. Шығыс Түркістаннан шығып, Пәкістан мен Үндістан арқылы 1954 жылы Түркияға ата жұрттан келген соңғы қазақ бауырларын Түркия үкіметі үлкен қуанышпен қарсы алады. Келгендердің қайда, қандай жерге орналасқылары келетіндіктерін анықтау үшін анкета өткізеді. Анкетаның нәтижесінде бір бөлігі «Орта Азиядағы Алтай таулары секілді суық жерге орналасамыз» десе, бір бөлігі «жазық жерде өмір сүреміз» деп жауап береді. Осыған орай, Түркия үкіметі қазақтардың бір бөлігін суық, қарлы аймақ Кайсерінің Мұсақажы, Яхиялы ауылдарына, бір бөлігін Орта Анадолыда Нийде Ұлылышлы деген жерден Алтай ауылын құрып, сонда, ал енді бір бөлігін Ақсарай-Сұлтанханы мен Конияға орналастырады. Ішінде мен же болған Әлібек Хәкім тобын Салихлиде Құртылыш деген махалла құрып осы жерге орналастырды.
Түркияға келген қазақтардың көпшілігі ата жұрт Шығыс Түркістаннан келген. Бұдан басқа II Дүниежүзілік соғыста Қазақстаннан Германиямен соғысу үшін әскерге алынып, сонда тұтқынға түсіп, кейін елге қайта алмай Түркияға келгендер де бар. Жалпы, Түркиядағы қазақтардың саны 25000 шамасында.
Түркиядағы қазақ мәдениетінің ошағы «Алаш» ауылы, толығырақ айтқанда Алаш қымыз фермасы қашан, қандай мақсатпен құрылды?
Эгей теңізінің маңайында, көрікті Кемалпаша ауылының жанында, Ниф тауының баурайында орналасқан. Қазақта мынадай мақал бар, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген. Егер, бәлкім, туған жерімде болсам, қазақтың әдет-ғұрпына мұншалықты көңіл бөлмес едім. Шет жерде жүрген, отанын сағынып жүрген адам ретінде қолымда мүмкіншілігім болса не істер едім деп ойлап жүруші едім. Түркияға келгенімізде көк тиынымыз болмады. Бірақ қырық жылдық әр саладағы еңбегімнің арқасында қолыма белгілі мөлшерде қаржат жиналды. Ойлаа келе, бұл қаржымен бір ферма құруды жөн көрдім. Ферманы құрмай тұрып, тек қазақ халқы үшін ғана емес, өз ортамда жүрген түрік халқы мен Түркі әлемі үшін не істеуге болады деп зерттей бастадым. Егер тек қазақтарға ғана бағытталған әрекет жасайтын болсам, бір ұлттың тармақтарын бөлек ұлт деп қабылдап, бізді бөлуге тырысатын жауларымызға қызмет еткен боламын деп ойладым. Әсіресе, Анадолыдағы түріктерге ұмыт болайын деген мәдени мұрамыз «отау» (киіз үй) мен «қымызды» танытудан бастайын дедім. Сол мақсатта Алтай тауларына ұқсайтын Измирдің Кемалпашасына қарасты Ниф тауының баурайын сатып алдым да тарихта аты қалсын деп «Алаш» атадым. «Алаштың» бірнеше мағынасы бар. Соның бірі түркі бірлігіне шақыру ұраны. 1987 жылы Түркия стандарт институтының 2008/34147 нөмірімен «Алаш Қазақ Аңғары» патентін алдым. Алаш қымыз фермасын құруда басқа мақсатым бар еді. Османлыдан бері Түркиядан басқа жердегі түркілер бастарына қиын күн туғанда, Түркияны паналады. Анадолы түріктері ешқандай ақы сұрамай, одарға құшақтарын айқара ашты, ішерге ас-су, паналайтын баспана берді. Бұл басқа елдерге нәсіп болмаған жақсы қасиет, қонақжайжылық. Осы жақсылықтарына бір сый ретінде Анадолы түріктерінде ұмытыла бастаған екі құндылығымызды қайта жандандыру үшін осы ферманы құрдым. Түрік мәдениеті мен Түркі әлеміне қызмет етіп келе жатқанымызға отыз жыл болып қалды. Ферма құрылып, отау тұрғызылғаннан бері Наурызды тойлап, Түркі Әлеміне қатысты конференциялар ұйымдастырып келеміз. Ешқандай пайда ойлаған ақылды кәсіпкер Түркия халқының түп мәдениетінде сирек кездесетін, ұмытылып кеткен жылқы фермасын құрып, кішкене екі емшекті биені күніне әр екі сағатта бір сауып, жалпы сегіз-он рет сауу сияқты машақаты көп ата сусынымыз қымызды танытуға бел байлай алмайды. Бұл – іштен шыққан ұлттық сезімнің күші, жігерлігі.
«Қазақстан» Түркиядағы қазақтар үшін нені білдіреді? Туған жер ме? Отан ба? Әлде атажұрт па?
Қазақта «қырық жылда момынға да бір зауал» деген сөз бар. Кеңес Одағы әлемдегі екі алпауыттың бірі болып тұрғанда да Қазақстанның сыртындағы біздер «Күндердің бір күнінде бұл дәурен өзгерер, Қазақстан тәуелсіз ел болар» деген үмітпен қмір сүрдік. 1972 жылы Түркістан жәрдемдесу қауымдастығы атынан шығарған «Ұлттық өлеңдер жинағы» кітабының мұқабасына Қазақстанның тәуелсіздігін үміт етіп, Хан Тәңірі тауының бір сілемі болған Алатауды салдырдым. Таудың етегіне бір киіз үй салдырдым. Отау (киіз үй) – орманы қалың бір аңғарда сарқырап ағып жатқан өзеннің жағасында еді. Отаудың тек қаңқасын салдырдым да киізін салдырмадым. Отаудың үсіне түркілердің санасындағы еркіндік пен азаттықтың белгісі – Алтайдың ақ иықтв бүркітін салдырдым. Қазақстан тәуелсіз ел болғанда жаңағы отаудың киізі жабылады деп ойладым. Күндердің бір күнінде Қазақстаннан бастап барлық Түркі мемлекеттерінің тәуелсіздіктерін алатындығына сенімім шексіз еді. «Өзім көрмесем де, балаларым немесе немерелерім сол күнді көреді» деген сеніммен өмір сүрдім. Аллаға мың шүкір, бүгін Қазақстан және басқа түркі мемлекеттері тәуелсіздіктерін алды және отаудың киізі жабылды. Қазақта «өлсем де өкінбеймін» деген бір сөз бар еді. Иншалла, бұл тәуелсіздік мәңгі болсын. Түркиядағы және басқа елдердегі қазақтар, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда жүректері жарылардай қуанды дей аламын. Сол күні Түркия Қазақстанмен бауырлас ел екендігін дәлелдеп, Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел болды. Бұл ізгі қадам Түркиядағы қазақтар үшін де үлкен қуаныш болды.
Менің ойымша, көшпен бірге келген қазақтар үшін Қазақстан --негізгі Отан. Түркияда туып өскен қазақтар үшін болса, ата жұрт. Бір-бірімізге соншалықты жақын халық болғанымызға қарамастан, неге Түркиядағы қазақтар Қазақстан үшін диаспора болады? Қазақстандағы түріктер Түркия үшін диаспора бола алмайтынындай, түркі елдеріндегі қандастарымыз бір-біріне диаспора болмауы керек деп ойлаймын. Әзірбайжан президенті Хайдар Әлиев айтқандай: «Біз – бір ұлт, екі мемлекетпіз» немесе «Бір ұлт, көп мемлекетпіз».
Түркияға келген қазақтар туған жерлерінен мал-мүлкімен бірге көш ретінде келмеді. Зұлымдықтан қашып, қиын шарттарда отбасылары бөлініп келді. Біреулері жарынан, біреуі жақынынан айрылып Түркияға жетті. Тркияға келгеннен кейін естерін жиып, өздеріне келіп отбасын құра бастады. Еңбекқорлығымен жергілікті халықты баурап алды. Тектері мен аталарының аттарына дақ түсірмей, ешкімге мұқтаж болмай, бала-шағаларын өсірді. Әдет-ғұрыптарын жоғалтпау үшін тұратын қалаларында қауымдастықтар мен қорлар құрып, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырып отырды. Той мен астарда міндетті түрде бас қосып тұрды. Бастарынан өткен осыншама қиыншылыққа қарамастан, тіршіліктерін жалғастыра білген Түркиядағы қазақтар Қазақстан халқы мен мемлекетінің құрметіне бөленді деп есептеймін. Ал ендігі негізгі мәселе – Түркиядағы қазақтардың тағдыры. Түркияда тұрып жатқан қазақтардың болашақта Қазақстанмен байланысын үзіп алмауы үшін естерін жиып, екі баласы бар болғандар бір баласын, үш баласы барлар екі баласын Қазақстанда оқытуы керек және қазақтармен үйлендіруі керек. Қазақстанда жұмыс тауып, өз елінде орнықты жұмыс жасау керек. Қазақстанның болашағы жарқын екені белгілі және көптеген елдерге қарағанда әлдеқайда тұрақты. Осылай болған жағдайда қазақы болмысын сақтап қалады деп ойлаймын.
«Елу жылда ел жаңа» дейді. Біздің Түркияға келгенімізге алпыс жыл болды. Қарттарымыз арғы дүниеге аттанып кетті. Жастарымыз Мұхтар Шаханов айтқандай, түрі ғана қазақ, ал басқа жағынан түрік болып кеттік. Бұдан басқа ұысынысым мынау: Түркия мен Еуропада көптеген қазақ балалары университетте білім алып жүр. Осы балаларды жаз айларындағы демалыстарын қауымдастық пен өорлар арқылы Қазақстанда өткізулерін Қазақстан үкіметі тұрақты түрде ұйымдастырса жақсы болар еді деп ойлаймын.Жеріміз кең, халқымыздығ саны аз. Дүниежүзі қазақтары тұрып жатқан жерлеріне сіңіп кетпей, Қазақсандағы жобалардан да орын алып отырулары керек.
1954 жылы Түркияға келгенімізде Түркия халқы қазақтарды онша танымайтын еді. Өйткені Кеңес Одағы жабық есік режимінде болғандықтан, сыртпен байланысын үзген болатын. Ақпарат өткізбейтін. Түркия көп нәрсе біле алмайтын. Түркиядағы оқыған зиялылар тарихқа сүйеніп, қазақтарға қара қырғыз, қырғыздарға қырғыз дейтін. Біз «Қазақстаннан келдік» дегенде, халық: «Қазақстан Түркияның қай жерінде?» – деп айтатын. Алғаш бізді көргенде, не татар, не қытай немесе жапон деп ойлайтын. Сондықтан өзімізді қазақ деп таныту қиынға соқты. Сол мақсатта біз Салихлы Түркістандықтар Жәрдемдесу Қауымдастығы атынан «Түркістан» ұлттық би тобын құрдық. «Қара Жорға» биінен бастап, көптеген халық биін білетіндер үйретті. Ұлттық киімдерімізді киіп шерулерге шықтық. Алаш Орданың елұраны «Арғы атам – Ертүрік, біз Қазақ Еліміз» деген плакаттар жазып, ән айтып Түркияның түрлі қалаларында, әскери мектептерінде өзімізді таныттық. Таныту барысында сахнада алдымен қазақтар туралы мәлімет беріліп, сосын барып концертімізді бастайтын едік. Ол кездерде топтың жүргізушісі, түркі әлеміне ғашық жас жігіт, бүгінде үлкен профессор Ахмет Бижан Ержиласун еді. Түріктер Қазақсанды атажұрт деп біледі.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Түркиядан көптеген кәсіпкерлер Қазақстанға барды, бірақ, олардың орыстанып кеткенін кеткенін кқріп мұңайып қайтып келді. Қазақтар тарихи санасына байланысты түріктерге мән берсе де де, алғашқы кездесулер жақсы әсер бермеді. Яғни, алғашында қазақтардың түріктерден, түріктердің қазақтардан көңілі толмады. Кейіннен ірі түрік кәсіпкерлер қарқынды жұмыс істей бастағаннан кейін түріктердің абыройы көтерілді және екі жақта бірін-бірі түсіне бастады. Ал бүгінгі таңда екі бауырлас ел бір-бірінің қадірін білетін екі мемлекетке айналды. Екі елдің қарым-қатынасының мұншалықты жақсы болуының ең негізгі себебі – түбі бір ұлт болуында деп ойлаймын. Қазақстанның аз уақытта қол жеткізген жетістіктеріне таңданбайтын адам жоқ. 20-30 жылдық жобаларды 10-15 жылда атқарды. Солардығ бір үлгісі елорданы Алматыдан Астанаға көшіруі болды. Бұл заманда бір елдің ішінде бірнеше ұлт тату-тәтті өмір сүре алмай отырғанда, Қазақстанда 130 ұлт бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл жетікстік Қазақстанның Ататүрік сынды көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екендігін айтуымыз керек.
Әрі қарай

Қоғамдық көліктердің жұмысы астаналықтарды қанағаттандырады ма? (ВИДЕО)



Автобустардың санын қай бағытта көбейту керек? Жылы аялдамаларды қайда орнату қажет? Қай бағдардағы автобустар қозғалыс интервалын сақтамайды? Дөрекі кондукторларды қалалықтар көбіне қайда кездестіре алады?

Қала билігіне арналған көмек елорда әкімдігі медиа орталығы тілшілерінің блиц-пікіртерімінде.
Әрі қарай

Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Блог - BakytgulSarmek: Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)
Көрші үйде тұсаукесер той болып жатыр. Қағаз ақшалар мен карта тасталған кілемнің шаңын бұрқырата соғып, ер адамдар карта ойнауда. Құс жастықты шынтағына басып, ойыншылар шеңберінен қалыс отырған папам жымиып анда-санда жанындағыларға қызығушылықпен қарап қояды. «Ол неге ойнамай отыр екен? Ақшасы жоқ па екен? Өскен соң көп ақша тауып беремін, ол да мына ағалармен бірге карта ойнайтын болады» деп ойладым. Осыған ұқсас інімнің сөзі есіме түсіп кетті. Былтыр күзде бір тойда арақ ішкендер төбелесіп, «мөлдір су» жүрген жерден құр қалмайтын әкем сол төбелесте еріні қанап қалған. «Өскенде каратист боламын. Сосын папамды ұрғандарды аямай тебемін» деп еді ол.
Карта ойнынының қызығы біткен соң ас үй жақта жүрген мамамның жанына бардым. Қазандағы қайнаған сорпа буының арасынан бастары қылтиып-қылтиып дабырласып жүрген бес-алты әйелдің әңгімесі бүгінгі бесіктойға келмей қалған Сұлушаш туралы екен.
-Былтыр қоңыр пальто, биыл қаракөк пальто киіп жүрген. Ақшаны қайдан табады десек, тірліктері белгілі екен ғой.
-Ұрлықпен келген ақша не қайырын берсін?!
-Дастарханында үнемі алма-кәмпит тұрады.
-Неше жылға сотталыпты?
-Білдей бір мекеменің ақшасын жымқыру дегенің оңай шаруа емес. Кемі он жылсыз шыға қоймас.
Әңгімелерінен түсінгенім Нұрдәулеттің әкесі ақша ұрлап түрмеге түсіпті. Дөңгелектерін тот баспаған су жаңа велрсипедімен мақтанып үй алдынан күніне екі-үш рет өтетін. Қазір жағдайы қалай екен?
Тұсау кесу рәсімі басталды. Балақайдың аяғына ала жіп байланып, тақия киген атай күміс қайшымен тұсау кесті.
-Ала жіптен аттама! Қадамың шалыс басылмасын. Ер жет!-деп тілек айтып жатты жамырасып отырғандар.
Жанымда отырған мамамнан:
-Мама, ала жіптен аттама деген не сөз? деп сыбырладым.
-Ұрлық қылма, біреудің тапқан еңбегіне ортақтаспа деген сөз. Адал болып өсуі үшін жасалатын ырым,- деді.
Есіме жаңағы Нұрдәулеттің түрмеге жабылған папасы түсті де:
-Сонда Нұрдәулеттің папасын кішкентай кезінде ала жіппен тұсауын кеспеген болып тұр ғой?- дедім.
Ойланып жауап беруден гөрі өзіме ескерту жасағанды жөн көрді де:
-Келесіде үлкен апалардың әңгімесін тыңдама, ұят болады, — деп құлағымды шертіп жіберді.
Қонақтық біткен соң үйге келе жатып Сұлушаш апаны көрдік. Түгі жылтыр қызыл кілемді далаға жайып қойып, қағып жатыр екен. Әншейінде әдемі дүние көрсе көзі қызатын мамам бұл жолы қызыл кілемге мән бермеді. Сұлушашқа көзімен ғана амандасқандай ырым жасады да өтіп кетті. Өзін жаңа ғана өсектегенін сезді ме немесе көңіл күйі жоқ болды ма ол бізге бұрылып қарамастан кілемді құлашын кең жайып тұрып ұра берді. Біраздан кейін де сапалақ тиген кілемнің дауысы жаңғырып біздің үйге дейін естіліп тұрды.
«Тұсауды ала жіппен кесу керек еді» деген ой басымнан шықпай қойды.
ІІ

Қыс түскенде папам ауылдың жігіттерімен қосылып теңізден балық аулайды. Ауланған балықтарды сатып ақша табады. Ақша көп болған күні дүкеннен бізге тәттілер алып келеді. Әкелген тәттілерді балық құралдары, қажетті заттары бар сумкасына салып алады ма, әйтеуір балықтың дәмі шығып тұратын. Мамамның алақанына қыстыратын ақшаның шетіне кейде балықтың қабыршақтары жабысып қалатын.
Соңғы кездері папам тәттілер әкелуін сиретті. Қармағына балық түспей жүр екен. Ырымшыл мамам «Қолыңа көз тиген» деді де, қармағына қызыл жіп байлап берді. «Дорбаны да жаңалап ауыстыру керек. Келетін пайданың көзін байлайды» деп балықтың шылымымен қаудырлап, әбден ескірген дорбаны пеште жанып жанған отқа тастап жіберді.
Бірінші сыныпта кітап салған қызыл сөмкем бар еді. Мамам соны сандықтан алып шықты да:
-Қызыңның «беске» толған сумкасы ғой. Жақсы ырым шығар. Осыны ұста. Сырт жақта кім мән беріп қарасын, бәрібір ғой,- деді.
«Бестікке» толы деген атынан гөрі, көз тиюден қорғайтын қызыл түсіне көбірек мән бергенін сезіп те отырмын. Папамның алпамсадай арқасында менің қызыл сумкам оймақтай ғана болып қалды.
-Құтты дорба болсын,- деді мамам күбірлеп.
Менің қызыл сөмкемнің арқасында кешке тәтті жейтінімізге сенімді болып, ініме қарап жымың- жымың етіп қоямын.
Кешке балықтан келген папам қызыл сөмкені елеусіз табалдырыққа қоя салды. Балықтың шылымы жұқпаған, тап-таза күйінде тұр екен. Демек қармаққа балық түспеген…

ІІІ

Құрылысқа жұмысқа тұрған папам соңғы кездері жұмыстан мас болып келуін жиілетті. Жұмыс басында кешке таман шаршағандарын басу үшін арақ ішеді екен. Мамамның күрсінісі көбейді. Мотоциклдің алдына отырғызып қыдыртудан қалған папам үшін інім де мұңайып жүр. Туғаннан музыкаға қабілеті жоқ папамның «Ахоуу, бұраң бел, Қамажай» деп түсініксіз сөздермен барылдап ән айтатыны менің де жүйкеме тиіп жүр. Ауладағы дос балалардан ұят.
Сау болған күндерін зерттеп, есептеп жүрген мамам мынандай қорытындыға келді:
-Байқаймын, әкелерің көк көйлегін киген күні мас болып келеді. Соны кимеген күндері ішпей келіп жүр екен.
Әйтеуірі бір шарасы болу керек деген үмітпен бар кілтипанды көк көйлектен көрдік.
Ертеңгі күні жұмысқа кеткелі жатқан папамның жанында қипақтап тұрдым да:
-Пап, мына көк көйлекті кимей-ақ қойшы… — дедім міңгірлеп.
-А?
-Сол!
Мамама қарап едім, актрисаларға еліктеп қара қарындашпен сызып алған қасын жиырып-жазып көк көйлектен айырылма дегендей ым жасап тұр екен. Қасын қай уақытта бояп үлгерген деп ойланып жатуға уақытым жоқ, көк көйлектің бір жеңі киіліп қойды. Көк көйлекті киіп кетсе мамамның да қабағынан қар жауып, ашуын бізден алатынын да сезіп тұрмын. «Шешуші сәт таяп қалды" дедім іштей, мынадай көркем сөзді қайдан жаттап алғанымды есіме түсіріп жатуға да уақыт тапшы. Көйлектің киілмеген бір жеңінен тартып шешіп алдым да, сыртқа қарай жүгірдім.
-Өй, өй… Не болды мынаған?- деп тұтығып жатқан папамның сөзін аяқтатпастан, есікті тарс жауып сыртқа қарай жүгіре жөнелдім. Тілі салақтап Ақтөс менімен ілесе шапты.
Ызаланып жылап келемін. Үйдегі салқындыққа кінәлі көк көйлекпен көзімнің жасын сүртіп алдым. Көйлектен тер мен арақтың иісі шығады екен. Шамалы уақыт өткен соң үй жаққа жақындап едім, боз көйлегін киген папам ұзап барады екен.
Кешке жақын папаның арақ ішіп келмейтінін, бізбен бірге дастарханда отырып күліп- ойнап әңгіме айтатынын, бізді мотоциклмен қыдыртатынын ойлап көңілім жадырап жүр. Мамамның да қабағы ашық, бауырсақ пісірді, жер үстелдің дастарханын ауыстырды. Қонаққа жайылатын оюлы көрпешені жайды. Ыңылдап әндетіп жүріп, інімнің тырнағын қиды, мұрынын сулы шүберекпен сүртіп тазалады, кекілін қайырып қойды. Батып бара жатқан күннің сәулесіне боз көйлегі оттай боялып келе жатқан папамды алыстан көрдім. Жақындаған сайын жүрісінің шалыс екені байқалды. Тағы да мас болып келе жатыр екен. Бізге боз көйлек те көмектеспеді…
Әрі қарай