«Астана» Мадридке ұшты

Астана жаңалықтары: «Астана» Мадридке ұшты

Бүгін Чемпиондар лигасының «С» тобында ойнап жатқан «Астана» футбол клубы Испания астанасы Мадрид қаласына ұшты.

21 қазаннан 22 қазанға қараған түні сағат 00.45-те мадридтік «Атлетико» командасымен кездесетін елордалық клуб «Висенто Кальдерон» стадионында матч алдындағы дайындықтарын өткізеді.
Әрі қарай

«Арай» саябағында «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің аллеясы ашылды

Астана жаңалықтары: «Арай» саябағында «Астана ақшамы»  және «Вечерняя Астана» газеттерінің аллеясы ашылды

Бүгін республикалық «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газеттерінің алғашқы санының жарыққа шыққанына – 25 жыл толды.

Бүгінгі мерекелік санында жарияланған басылымды мерейтойымен құттықтауында Елбасы: «Республиканың жаңа елордасы сіздердің көз алдарыңызда бой түзеді. Астанамен бірге оның жаңа басылымдары да қалыптасты. Газет беттерінде шырайлы шаһардың қызу тіршілігін айшықтап көрсетіп, өз оқырмандарыңыздың қатарын ұдайы көбейтіп келдіңіздер. Астаналық қос басылымға тың табыс, жоғары жетістік, ұжымдарыңызға денсаулық пен бақ-береке тілеймін!» деп шығармашылық ұжымның қажырлы еңбегін атап өтті.

Сондай-ақ, мерейтой иелеріне Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, Қазақстан Республикасы Парламентінің, дипломатикалық корпустың, жетекші бұқаралық баспасөз құралдарының басшылары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері жүрекжарды құттықтауларын жолдады.

Астана төріндегі «Арай» саябағында салтанатты жағдайда «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің аллеясы ашылды. Сонымен қатар, мерейлі датаға орай футболдан газет жүлделері үшін республикалық жарыс ұйымдастырылды. Бас бәйгені Қызылорда облысынан келген әріптестер ұтып алды.

«Ақшамдықтар» мерейлі мерекеге арналған поэзия кешін, көрме, оқырмандармен кездесу, сондай-ақ, бильярд және боулинг сайыстарын өткізеді.
Әрі қарай

Астанада Қарағанды облысының жәрмеңкесі өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Қарағанды облысының жәрмеңкесі өтеді
10-11 қазан күндері Астанада Қарағанды облысының азық-түлік жәрмеңкесі өтеді. Тауар өндірушілер жалпы сомасы 149,7 млн. теңгені құрайтын 850 тоннаға жуық өнім әкеледі. Бұл жолы ауылшаруашылық жәрмеңкесі «Хан шатыр» СОО алдындағы алаңда өтеді. Бұл туралы astana.gov.kz сайты хабарлады.

Астана қаласы Ауылшаруашылық басқармасының хабарлауынша, жәрмеңкеде ет өнімдері, балық және құс еті, шұжық, сүт өнімдері мен бал, сондай-ақ, жеміс пен көкөністің түр-түрі ұсынылады.

Қазақстан облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен өтетін апта сайынғы жәрмеңкелер Астана қаласы әкімдігімен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылады. Қала тұрғындары жәрмеңкеде тауар өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзанға сатып ала алады.

Еске салайық, Қазақстан өңірлері тауар өндірушілерінің қатысуымен өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелерінен бөлек, Астана мен Ақмола өңірінің тауар өндірушілері де өз өнімдерін халыққа ұсынады. Жәрмеңке елорданың үш ауданында: «Алматы» ауданында — Абылай хан даңғылы мен Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда, «Есіл» ауданында — Сауран көшесіндегі «Халыққа қызмет көрсету орталығының» алдындағы алаңда және «Сарыарқа» ауданында — Бөгенбай батыр даңғылындағы «Көктем» СО ұйымдастырылады.

Жүрдек пойыздарға жеңілдіктер жарияланды

Астана жаңалықтары: Жүрдек пойыздарға жеңілдіктер жарияланды

«Қазақстан темір жолы» АҚ жолаушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарына бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер жариялады, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

2015 жылдың 17 қыркүйегінен бастап төмендегі бағыттарда қатынайтын пойыздарға «Турист», «Бизнес» және «Гранд» вагондары бойынша 40%-ға дейін қосымша жеңілдіктер енгізіледі:

Астана жаңалықтары: Жүрдек пойыздарға жеңілдіктер жарияланды

Сонымен қатар, бұрын енгізілген тиімді жеңілдіктер мен жолаушылардың 3 санатына арналған дисконтты карталардың да күші сақталады:
  1. «Құрмет»60 жас пен одан ересек адамдар үшін 30%;
  2. «Жастар»16-25 жас аралығындағы жастар үшін 30%;
  3. «Саяхатшы»тұрақты жолаушылар үшін 10%-дан 20%-ға дейін.
Енді бұдан былай жаңа жеңілдіктердің арқасында дисконтты карталары бар жолаушылар «Бизнес» және «Гранд» вагондарын билет алса, жалпы көлемі 70 пайызға дейін жеңілдікті иелене алады.
Әрі қарай

Сенбілікке 81 мың адам қатысады

Астана жаңалықтары: Сенбілікке 81 мың адам қатысады
Сенбі күні Астана қаласында «Біз – таза қала үшін!» ұранымен жалпы қалалық сенбілігі өтеді. Оған 81 мың адам, 460 техника жұмылдырылатын болады, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Экологиялық айлық аясында Астанада қала аумағын санитарлық тазарту, көшелер, тротуарлар мен аудан аулаларын ретке келтіру, ағаш отырғызу, сондай-ақ Есіл өзені арналарын, Ақбұлақ пен Сарыбұлақты қоқыстардан аршу, арықтардағы кәріз жүйесін тазалау көзделген.
Жалпы қалалық экологиялық сенбілік кезінде 3300 ағаш отырғызылмақ. Оның ішінде жапырақты шегіршін, сүмбіл терек, қызыл тал, үйеңкі мен жиде ағашы бар. Сондай-ақ, мектептер, балабақшалар және медициналық ұйымдар аумағында 3000-ға жуық көшет егіледі.
Шараға қаламыздың көшелері мен аулаларын абаттандыруға ниет білдірген қала тұрғындары мен ұйым өкілдері қатыса алады.
Әрі қарай

«Астана» футболшылары Португалияға ат басын бұрды


Ертең елордалық команданың УЕФА Чемпиондар лигасындағы алғашқы қадамы басталады. Болгариялық маман Станимир Стойловтан тәлім алатын отандастарымыз Лиссабон қаласында жергілікті «Бенфикамен» алаңға шығады. Португалия астанасына негізгі құраммен бірге «Астананың» жасөспірім ізбасарлары да аттанды. Жастар командасының ойыны ертең Астана уақытымен кешкі сегізде басталады. Ал негізгі құрам түнгі 12:45-те кездеседі. «Бенфика» мен «Астана» арасындағы матчқа Тасос Сидиропулос бастаған грек қазылары төрелік етеді.

сілтеме
Әрі қарай

«Астана» велокомандасы кезекті жеңісін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнады


Клубтың көшбасшысы Фабио Ару «Вуэльта» велододасының шешуші кезеңінде жеңімпаз атанып, қызыл жейде иесі атанды. Осылайша, ол жалпы есеп бойынша голландтық велошабандоз Том Дюмуленді шаң қаптырды. Александр Винокуровтың командасы жеңісін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнады. Бұл ақтық мәре алдындағы 20-кезең болатын. Төрт бірдей таулы аймақты қамтитын күрделі айналымды еңсерген қазақстандық клубтың көшбасшысы Фабио Ару жалпы есепте Хоаким Родригестен 1,5 минутқа алда келеді. Енді бүгін испандық «Вуэльта» велобәйгесінің ақырғы айналымында жарысқа қатысушылар достық кезеңінде өнер көрсетіп, Мадридтің басты алаңында мәре сызығын кеседі. Айта кетейік, «Вуэльта-2015» көпкүндігі «Астана» велокомандасы үшін сәтсіз басталған болатын. Тәжірибелі капитан Винченцо Нибали жарыстан шеттетіліп, Паоло Тиралонго жарақат алып, ойынға қатыса алмай қалған еді. Үш аптаға созылған додада біздің команда бар күш-жігерін аямай, тер төкті.

сілтеме
Әрі қарай

«Мәңгілік ел» қойылымы еліміздің тарихи сәттерін паш етті


Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау мерекесі аяқталды. «Мәңгілік ел» атты театрландырылған қойылымды Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қырғызстан мен Әзірбайжанның да басшылары тамашалады. Қойылым барысында қазіргі заманғы Қазақстан аумағында 3 мың жыл бойында өткен айшықты оқиғалар бейнелеп көрсетілді. Қазақ хандығының 300 жылдық даму кезеңі салтанаттың ең жарқын тұсына, ал тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі қойылымның шарықтау шегіне айналды. 7 тараудан тұрған көрініс Керей мен Жәнібек құрған хандықтан басталып, осы күнге дейінгі Қазақстанның басынан өткерген тарихи сәттерін паш етті. Тек сахнаның өзіне 2500-ден астам адам көтерілді. Бір ғана Хан көтеру қойылымына 200-ден астам адам жұмылдырылған. Ал Құрманғазының күйін бірден 500 домбырашы орындап шықты. Көзбен көріп, құлағымен естігендердің айтуынша, мұндай деңгейдегі тарихи шоу елімізде бұрын-соңды болмаған. Шара кезінде мың бұралған биішелер мен күміс көмей әншілердің өнері де ерекше көрсетілді.

Толық нұсқасы: мына сілтемеде
Әрі қарай

Бауырлас елдің басшылары Астанада бас қосты

Астана жаңалықтары: Бауырлас елдің басшылары Астанада бас қосты
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен құттықтады.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
– Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр, — деді Елбасы.
Қазақстан Президенті 2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылатынын мәлімдеді.
– Тағы да қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын! – деп Нұрсұлтан Назарбаев сөзін қорытындалады.
Әрі қарай

Бұқараға бет бұрғызған Бұқа тартыс

Астана жаңалықтары: Бұқараға бет бұрғызған Бұқа тартыс
Ұлы дала елінің Сарыарқа төсіндегі ұлан-асыр тойында жұдырықтай жұмылған әр өңірдің жұртшылығы ауыл-ауыл болып, Қазақ елі монументінің қос қапталын жағалай қонды. Аймақтардың қаймақтары – таңдайына жыр тұнған ақын да, күміс көмей әнші де, дәулескер күйші де, апайтөс балуан да осында. Қазақтың дәстүрлі думаны қашанда ат шаптырып, күш сынастырмай өтпейтін. Үйреншікті үрдістен айнымай, осынау дүбірлі тойымызда ұлттық ойындарымыз төрден орын алды.

Бүгінге дейін Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Астана іргесіндегі ауылдарда жүйрік жарыстырып, асау үйреттік, теңге ілуден бауырлас елдердің басын қосып тұңғыш Азия чемпионатын өткіздік.
Ал, кеше елорда төрінде күшсайыстар тойдың көркін қыздырды. Жиналған көпшіліктің назары – әр облыстан сайдың сақпан тасындай сұрыпталып келген жігіттерде. «Күш атасын танымас» дегендей, салмағы атан түйеге татиын қайраты тасыған жігіттер алдымен «Бұқа тартыс» сайысында бақ сынады. Бұл тартысқа 22 балуан қатысты. Мықтылығы ептілігімен үндескен кілең күштілерден 4 жігіт іріктеліп, ширек финалда кездесті. Сонымен, «Бұқа тартыс» сайысында алматылық Евгений Шамрай бәрінен басым түсті. Финалда сүрінген Солтүстік Қазақстан облысының өрені Ілияс Елеусінов екінші орынды алса, Алматының тағы бір сырттаны Аманжол Нұрсұлтанов үшінші орынды місе тұтты.
Күш сайыстар осымен түгесілмей, «Бұқа тартыста» өзі үшін барын салған жігіттер «Арқан тартыс» сынында енді өз өңірі үшін жанын салды. Ширек финалға бәрін жығып жеткен 4 облыстың ішінен алдыңғы сайыста оқ бойы озық болған Евгений Шамрай бастаған Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Астана қаласының тобына бұйырса, үшінді орынға Солтүстік Қазақстан облысың оғландары жайғасты.
Бұл байқаулардың жеңімпаздары ертең Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған гала-концертте марапатталады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Әрі қарай