DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «ЭКСПО көрмесі-2017» тақырыбында сауалнама жүргізді.
Оған Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 1760 адам қатысты. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-ы әйел және 27%-ы ер азаматтар.
Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.
Зерттеу 2016 жылы 6-18 мамыр аралығында жүргізілді.
Іріктеу ықтималдығы 95%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің максималды мөлшері 0,5%-дан аспайды.
Ел өміріндегі айтулы оқиға ЭКСПО халықаралық көрме жайлы қазақстандықтардың пікірі бір жақты. Жалпы, халықтың көзқарасы дұрыс. Бұл түйін зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 64%-ы көрмені өткізу мүмкіндігіне ие болған ел үшін
ЭКСПО-ң пайдалы тұсы – елімізде және әлемде ғылыми-техникалық прогресс дамиды, еліміздің халықаралық аренадағы беделі артады, үлкен кірістер, әрі инвестиция тартуға мүмкіндік туады және өзге елдермен тиімді байланыс орнатамыз дейді.
Сыйақы қорының жиынтық мөлшері 5,5 миллион теңгені құрайды. Өтінімдер 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 1 қарашаға дейін қабылданады. Жеңімпаздар (жүлденің лауреаттары) 2018 жылғы желтоқсанның бірінші онкүндігінде жарияланады. Толығырақ www.fpp.kz сайтында.
Конкурстың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасының Қоры. Конкурстың әріптестері: Қазақстан Жазушылар Одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
Конкурсқа қатысу үшін 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандық авторлар шақырылады. Бұрын еш жерде жарияланбаған еңбектер ғана қаралады.
«Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Балаларға арналған үздік шығарма». Осы төрт номинация бойынша әрбір жеңімпазға 1,5 миллион теңге беріледі. «Астананың 20 жылдығына арналған үздік шығарма» арнайы тақырыптық номинация биылғы жылғы конкурстың ерекшелігі болып табылады.
Конкурстың қазылар алқасының құрамына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері, қазақстандық әдебиетшілер және журналистер кірді.
Конкурстық жұмыстар келесі өлшемдер бойынша бағаланады: жанрға сәйкестігі, өзіндік ойлау қабілеті, авторлық ұстанымы, баяндау бірізділігі және көзқарасы, идеяның сонылығы, әдеби-көркемдік құндылығы, қиялы мен шығармашылық әдісі, эмоциялық және эстетикалық әсерінің тереңдігі. Конкурсқа түскен шығарманы объективті бағалау анонимдік принциппен қамтамасыз етіледі, еңбекті оқып отырып және ол туралы өзінің кәсіби пікірін қалыптастыра келе қазылар алқасының мүшелері автордың есімін танып білмейді.
«Алтын Тобылғы» жүлдесі жыл сайын қазақстан әдебиетіндегі жаңа есімдерді ашады, жастар мен қауымдастыққа жас қаламгерлердің өмірлік философиясын бейнелейтін қазіргі заманғы әдебиетті дамытуға көмектеседі. Осындай бірегей іс-шара Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын іске асыруға ықпал етеді.
Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөнінде штабтың отырысында конкурсты өткізу туралы бірқатар ұсыныстар қарастырылып, 2017 жылдың 6 қарашасы мен 27 қараша аралығында 22 күнтізбелік күнге созылатын конкурс жариялау туралы ортақ пікір қабылданды. Конкурсқа өтінімдер жеке және заңды тұлғалардан қабылданатын болады (шығармашылық топтар, жарнама агенттіктері мен фирмалар, суретшілер, сәулетшілер, жобалық ұйымдар, авторлық ұжымдар).
Сонымен қатар, үздік брендбукті таңдайтын сараптау комиссиясы құрылуда.
Конкурстың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша жақсы концептуалды жобаларды анықтау.
Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын атап өту, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда әрі қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылады.
Конкурстың қорытындысы бойынша комиссия үздік бренбукті таңдап, жеңімпазға 8 000 000 (сегіз миллион) теңге табыстайды.
Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай үздік брендбук (BrandBook) туралы байқау ережесі
Жалпы ережелер
1. Бұл ереже Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай үздік брендбук (BrandBook) – (фирмалық стиль), логотип пен ұран жасауға байқауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін анықтайды (бұдан әрі – Байқау).
2. Логотип – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы оқиғасының ерекшелігін жеткізе алатын, графикалық, әріптерден тұратын, бейнелермен, әріптермен, оюлармен т.с.с. біріктірілген көрнекі немесе көлемді белгі белгіленген кез-келген қисын (эмблема, сөздер, әріптер, сандар, бейнелеу элементтері, түстер қисыны).
3. Ұран – қала тұрғындары мен қонақтарының эмоционалды үміттерін құра отырып, қаламен байланысты (ассоциацияланатын) қысқа жеңіл есте қалатын сөйлем мен сөз тіркесі.
Байқаудың мақсаты мен міндеттері
1. Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай тарихи-мәдени сабақтастықты, сонымен қатар республика астанасының болашақ дамуының тенденцияларын ескеретін, қала имиджінің жаңаруына және оның өзіндік ерекшеліктерінің бекуіне әсерін тигізетін, бренд-бук, логотип пен ұран жасау бойынша үздік концептуалды жобаларды анықтау.
2. Үздік деп танылған логотип пен ұран Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда, сонымен қатар қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсартуға пайдаланылатын болады.
3. Байқаудың міндеттері:
Елорда брендбугін, логотипі мен ұранын әзірлеуге барынша қатысушылар санын тарту;
Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай ерекше логотип пен ұран дайындау мен құру.
Байқаудың әкімшісі
1. Байқаудың әкімшісі «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ (бұдан әрі – Басқарма) болып табылады.
Байқауды өткізу орны
1. Байқауды өткізу орны – Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, 5 қабат, № 539 кабинет.
Байқауды өткізудің шарттары мен тәртібі
1. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу үшін, сондай-ақ оның нәтижелерін жариялау мақсатында Астана қаласы әкімінің өкімімен Сараптама комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) дербес және сандық құрамы жасақталады.
2. Комиссиясы жұмысының негізгі формасы отырыс болып табылады. Комиссия жұмысының айқындығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оның отырыстарында тәуелсіз бақылаушылардың қатысуына рұқсат етіледі. Байқау комиссия отырыстарында бақылаушылар ретінде Астана қаласы мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа да мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, коммерциялық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатыса алады.
3. Комиссиясы келесі қызметтер атқарады:
Байқау талаптарына сәйкес келетін, келіп түскен материалдарды бағалайды;
Байқау жеңімпаздарын анықтайды;
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізеді.
4. Комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қатысушылардың көпшілігінің даусымен қабылданады. Қарау нәтижесі хаттамамен рәсімделеді және Комиссиясының төрағасымен бекітіледі.
5. Комиссиясының мүшелері:
нақты ұсыныстарды талқылауға, қарастыруға және сәйкестендіруге қатысады және Байқаудың жеңімпаздарын анықтау туралы шешім шығаруды қамтамасыз етеді;
Байқауға ұсынылған барлық материалдармен танысуға, сонымен қатар Комиссия отырысының хаттамасында жеке пікірін көрсетуге құқылы;
заңнама талаптарын сақтауға, Байқау ұсыныстарын әділ және бейтарап қарауға міндетті;
талаптарға сәйкес келмейтін қаланың жалпы принциптеріне қайшы келетін Байқау жұмыстарын кері қайтаруға құқылы.
Жеңімпаздарды марапаттау
1. Байқау нәтижелері бойынша жеңімпаздарға 8 000 000 (сегіз миллион) теңге көлемінде марапаттау туралы шешім қабылданады.
Байқаудың қатысушылары
1. Байқауға қатысуға шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері және фирмалар, суретшілер, архитекторлар, жобалық ұйымдар, аралық мамандықтар мамандары қатыса алады (бұдан әрі – Қатысушы).
2. Әрбір Қатысушы шексіз жұмыстар санын ұсына алады.
3. Байқауға қатысуға қаланың визуалды сәйкестігінің келесі элементтері кіретін байқау жұмыстары жіберіледі:
логотип — графикалық элементтер, кейіптер, әріптер, түрлі түсті шешімдер;
ұран — негізгі идея;
брендбук — фирмалық стильді пайдалану бойынша нұсқаулық.
4. Комиссия ұсыныстың уақытылы түспеуіне, жоғалуына немесе бүлінуіне жауап бермейді.
5. Байқау талаптарына сәйкес келмейтін, уақытынан кеш түскен немесе белгіленген талаптардың бұзылуымен жасалған байқау жұмыстары Байқауға қатысуға жіберілмейді.
6. Байқауға ұсынылған конкурстық жұмыстар қайтарылмайды және рецензияланбайды.
7. Байқаудың өткізілуі Байқау туралы ақпаратқа әділ, ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету және оны қоғамның бақылауы мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен сүйемелденеді.
8. Байқауға ұсынылатын жұмыстарда өзгенің әрленім идеясын (толығымен немесе ішінара) пайдалануға тыйым салынады. Бұл шартты орындамаған жағдайда, жұмыс байқауға қатыстырылмайды. Байқау жұмыстарының әрленімі авторлық құқықтарды, логотипке құқықтарды, тауарлық белгілерді, фирмалық атаулар немесе өзге де жарнамаға мүлкі құқығын қоса алғанда үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбауы қажет.
Байқауды өткізу және жұмыстарды ұсыну мерзімі
1. Байқау бір кезеңмен өткізіледі.
2. Байқауды өткізу мерзімі: 2017 жылдың 6 қарашасы мен 27 қараша аралығы.
3. Байқау жұмыстары қарастыруға баспа түрде келесі мекен-жай бойынша: 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, № 535 кабинет, 2017 жылдың 27 қарашасы сағат 18:00-ден кешіктірмей тапсырылуы қажет. Байланыс телефондары: +7 (7172) 556719, 556717.
4. Егер қатысушыға жазбаша түрде жұмыстың қабылданғаны туралы растау жіберілген жағдайда жұмыс қабылданған болып есептеледі. 5. Байқауға ұсынылатын материалдардың құрамы:
жобалық материалдарды дайындау кезінде қатысушыларға көркем авторлық шеберлік еркіндік мүмкіндігі беріледі;
байқау жұмысы графикалық және сипаттамалық бөлімдерден тұруы қажет және қағаз тасымалдауышта орындалуы қажет. 6. Байқау жұмысына келесілер кіруі тиіс:
1) графикалық бөлім (А4, А3 пішіндегі қағазда орындалады):
логотип пен ұранның авторлық идеясының бейнеленуі;
жобаның идеясы мен көркемдік шешімдерін көрсететін нобайлар, сызбалар мен суреттер (жоба авторларының көзқарастары бойынша таңдалады);
қалалық ортада авторлық идеяны пайдаланудың фотомонтажы немесе басқа бейнесі (визуализация).
2) суреттер .jpeg форматта ұсынылады, ажыратымдылығы 300 dpi-дан кем болмауы, электронды нұсқадағы көлемі 5 Мб-тан артық болмауы тиіс. Байқау шартының сұранысы бойынша қатысушы .cdr, .psd пішіндерінде байқаудың графикалық материалдарын ұсынуы қажет.
3) мәтіндік бөлім – қабылданған сәулеттік-көркемдік шешімдердің мәнін ашатын және негіздейтін брендбуктің рәміздерінің сипаттамасымен түсіндірме жазба.
Байқау жұмыстарына қойылатын негізгі талаптар
1. Байқау жұмыстарына техникалық талаптар:
идеяның түпнұсқалығы және Байқау мақсаттары мен міндеттерін ашатын көркемдік шешімдер кіруі;
ерекше, түпнұсқалы, заманауи, ықшам, көп қырлы графикалық элемент;
үш тілде ұран мәтіні (қазақ, орыс, ағылшын);
логотип бейнеленген графикалық файл;
түрлі-түсті шешім (түрлі-түсті және монохромды форматта басып шығару мүмкіндігі;
қала логотипін кәдесый және полиграфиялық өнімдерде пайдалану үлгілері;
кез-келген бетте (қағазда, картонда, шыныда, ағашта, металда) орналастыру мүмкіндігі;
технологиялық талаптарға сәйкестік (өлшемдері өзгерген жағдайда оқылу мүмкіндігін сақтау, түрлі-түсті және монохромды нұсқада бірдей сәтті көрініс);
Астана қаласының 20 жылдығына фирмалық стильді пайдалану бойынша жазбаша нұсқаулықты ұсыну. 2. Келесілерді дайындау және ұсыну қажет:
қала логотипі – кемінде 3 нұсқа;
қала ұраны – кемінде 4 нұсқа;
брендбук – брендтің тұжырымдамасының мәтіндік сипаттамасы, логотиптің түрлі-түсті шешімдері және оны әртүрлі беттерде пайдалану үлгілері. 3. Брендбукке келесілер кіруі қажет:
1) Логотип:
тұжырымдама (сипаттама). Фирмалық стильдің негізгі элементі ретінде фирмалық белгілінің тұжырымдамалық сипаттамасы. Белгінің идеологиясы;
логотиптің визуалды шешімі;
фирмалық белгіні басып шығарудың шарттары;
масштабтық тордың көмегімен фирмалық белгіні үлкейту/кішірейту жағдайлары; 2) логотиптің ұранмен үйлесе орналасу үлгілері:
тігінен;
көлденеңінен;
ярустық. 4. Логотиптің ұранмен үйлесе орналасу шекралары (рұқсат етілетін пропорциялары):
1) логотиптің түрлі-түсті гаммасы:
логотиптің негізгі түстерін анықтау;
рұқсат етілетін қосымша түстерді анықтау.
2) шрифт:
логотип пен ұранға шрифтті таңдау;
шрифтті пайдалану шарттары. 5. Логотип пен ұранның орналасу ережелері:
сыртқы жарнама, көше көрсеткіштері;
фирмалық киім, галстуктер, орамалдар мен шарфтар.
кәдесый өнімдері: блокнот, қалам, пакет, саптыаяқ, тәрелке, сағат, белгілер;
қалалық көлікті рәсімдеу
қоғамдық көлік аялдамалары және қаладағы навигация
қалада көрме және жарнамалық конструкциялар рәсімдеу
қаланы сыртқы брендтеу (пилондар, жарнама панельдері, қабеттік модульдер, ту конструкциялары, жол көрсеткіштер, пиктограммалар, навигациялық элементтер, кіші архитектуралық формалар). Конструкциялар саны тапсырыс берушінің келісімімен.
ғимараттар экстерьері: кіріс тобын, қасбеттерді, витриналарды, ілінетін конструкцияларды рәсімдеу. 6. Иллюстрацияларды пайдалану ережелері – графикалық кескіндер мен фотосуреттер. Суреттердің көңіл күйі, графикалық стиль, түрлі-түсті палитра. 7. Фирмалық стильмен жұмыс жасау тәртібі мен ережелері. 8. Пайдаланудың жіберілмейтін үлгілері
логотип;
шрифттер;
түрлі-түсті гамма. 9. Ұранға қойылатын негізгі талаптар:
ықшамдық, нақтылық;
шындыққа сәйкестік – сенімділік тудыруы және шындыққа сәйкес келуі қажет;
көз тартымдылық – адамдарға неге бұл қалада өмір сүргісі, бала өсіріп, оған үлес қосып, онда жұмыс жасағысы келетіндігінің жеке себептерін жеткізуі қажет;
қабылдауға қарапайымдылық;
түпнұсқалық;
ақпараттық;
есте қалушылық;
іс-әрекетке түрткі болу;
қала логотипіне сәйкес келу, логотиппен бірге тұтас образ жасауы қажет;
ұран мақсатты аудиторияның жиіркенішін тудырмайтындай жазылуы қажет: оңай оқылуы, айтуға күрделі сөздер мен абревитуралар болмауы қажет;
ұранның ешқандай саяси немесе діни себептері болмауы қажет;
коммерциялық кәсіпорынмен, брендпен, қызметпен немесе тауармен бірегейлену құқығына ие болып табылатын немесе ие болған ұран пайдаланылмауы қажет. 10. Логотипке қойылатын басты талаптар:
500х500 пиксельден кем емес, өлшемі 300 КБ кем емес графикалық файл;
қаланың логотипінің үш тілде мәтіні мен иллюстрациясы (қазақ, орыс, ағылшын);
түрлі-түсті шешім (түрлі-түсті, монохромды, рельефті басып шығару мүмкіндігі).
Авторлық құқықтар
1. Ерекше мүліктік және аралас құқықтар, дәлірек айтқанда жеңімпаздың логотипін пайдалану және жеңімпаз логотипін пайдалануға рұқсат беру немесе тыйым салу ерекше құқығы «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасына» ММ (бұдан әрі – Басқарма) беріледі.
2. Байқау жеңімпазы Басқармамен логотипке ерекше мүліктік және аралас құқықтарды беру туралы ақысыз түрде шарт жасасуы қажет.
3. Байқау нәтижелері жарияланғаннан кейін 5 күн ішінде конкурс жеңімпазы логотипке мүліктік авторлық және аралас құқықтарды беру туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда қазылар алқасы конкурс қатысушылары арасынан басқа жеңімпазды таңдайды.
4. Ұсынылған жұмысқа авторлық және аралас құқықтарды қоса алғанда үшінші тұлғалар талаптар, наразылықтар мен талаптар ұсынған жағдайда қатысушы оларды өз атына және өз есебінен шешуге міндетті.
5. Байқау ұйымдастырушылары Басқармамен жасалған келісім-шарт негізінде авторлық сыйақы төлемей ұсынылған материалдарды ақпараттық және жарнамалық-имидждік мақсатта жария түрде пайдалануға (тираждауға, материалдарды жалпыға ортақ мәліметке жеткізуге және т.б.) құқығын өзіне қалдырады.
Бүгін түнде Астананың миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Сағат 01:00 №1 перинаталды орталықта қыз туды. Ол ата-анасының тұңғышы. Анасы – №9 «Нұршашу» балабақшасының тәрбиешісі Арайлым Мұхамедьяр (1994 ж.т.), әкесі — «Астана-РЭК» маманы Олжас Мұхамедьяр (1992 ж.т.).
Қала әкімі Әсет Исекешев ерлі-зайыптыларды құттықтап, пәтер кілтін табыстады. Жас отбасы ата-анасымен тұрады, сондықтан бұл олар үшін нағыз тосын сый болды.
«Бүгін мен үшін қос мереке – әкемнің туған күні және қызым дүние есігін ашып отыр. Оның үстіне, пәтер кілтін табыстады. Мемлекет басшысына алғыс айтамын, жасалған жағдайлардың арқасында сап-сау қыз тудық. Ай сайын, жыл сайын халқымыздың саны арта берсін деп тілеймін. Әке мен ана болу бақытын әркімнің басына берсін», — дейді қызының есімін Саида деп қойған бақытты әке.
18 жылда ерлордада бала туу көрсеткіші екі есеге өсті, ана мен сәби өлімі 5 еседен артық төмендеген. Бұған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік денсаулық жүйесіне баса назар аударуының арқасында қолжеткізілді. Күн сайын елордада 75-80 бала туады. Өткен жылы Астанада 26110 нәресте, ал үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 13740 сәби дүниеге келген. Қаладағы перинаталды орталықтардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша қауіпсіз ана қағидаты бойынша жұмыс істейді.
Астанадада жыл сайын көрікті жерлер, ойын-сауық орталықтары көбейіп келеді. Есіл өзенінде катермен жүзу қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті серуеніне айналған.
Тамаша жаңалық, осы маусымнан бастап елімізде шығарылған «Kazboat-47» патрульдік катері қолданысқа беріледі деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz. Отандық катерлер қала ішінде Есіл өзенінің акваториясын патрульдейтін болады. Катер күн сайын сағат 14.00-21.00 қыркүйек айына дейін толыққанды полиция пункті қызметін атқарады.
Биыл Астанада ауа райының жылдағыдан ерте жылуына байланысты кеме жүзу маусымы 18-25 мамырда басталады. Қазіргі кезде алты жолаушылар кемесі жасақталып, көліктік бақылау органдарында аттестациядан өткізілді. 17 мамырда кемелер сынақтан өткізіледі.
Кемеде жүзу тарифтері өзгермейді. Ересектер үшін билеттің құны — 1000 теңге, балалар үшін – 500 теңге. Жолаушыларды отырғызу және түсіру «Кенесары» ескерткішінің жанындағы айлақта жүзеге асырылады. Катер «Кенесары» ескерткішінен Radisson қонақ үйі, Шұбар шағын ауданы, «Жыл мезгілдері» паркі және ескерткішке дейін айналып жүреді, маршруттың ұзындығы – 18,8 км. Кемелер қызметі күн сайын сағат 12.00-ден 21.00 дейін ұсынылады.
Бүгін Астанада Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу рәсімі барысында жауынгерлер зиратына Даңқ гүлшоқтары мен гүл себеттері қойылды. Жиналған қауым сарбаздар мен оркестрдің маршымен қаза тапқан жауынгерлер зиратының басына барды.
Салтанатты шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, ҰОС ардагерлері, ҚР Қорғаныс министрлігінің, түрлі конфессиялардың өкілдері, әскери бөлімшелер, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты.
— Бүгін Отаны үшін жанын құрбан еткен адамдарды еске алу үшін жиналып отырмыз. Ақмола өңірінен 30 адам Кеңес Одағының батыры атанғанын білесіздер. Олар әрқашан да жадымызда. Олар соғыстан аман оралып, еліміздің қалыптасуына да өз үлесін қосты. Біздің жанымызда жүргендеріңіз, бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқанымыз үшін рахмет, жасаған ерліктеріңіз үшін алғыс айтамыз, — деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай жауынгерлер зиратына елорда әкімдігінің, қалалық мәслихаттың, соғысқа қатысқандардың атынан гүл шоқтары қойылды.
— Құрметті жолдастар, бүгін сұрапыл соғыс жылдарын еске алып отырмыз. Майдандас жолдастарымыз әрқашан жадымызда. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Аға ұрпақ өз міндетін орындады, ал жастар – Отанымызды қорғау керек. Мемлекет тәуелсіздігін алды. Баршаға бақыт, денсаулық, қуаныш тілеймін! Ұзақ жасаңыздар! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Алексей Фролов.
Айта кетейік, ертең 9 мамырда Жеңістің 71 жылдығына орай «Отан қорғаушылар» монументінің жанында Даңқ гүл шоқтары мен гүлдер қою рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сағат 12:30 Тәуелсіздік даңғылынан «Отан қорғаушылар» монументіне дейін «Жаужүрек полк» шеруі жүріп өтеді.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Мемлекет басшысының төрағалығымен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті. Кеңеске Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарына, соның ішінде жер реформасына тоқталып, Үкімет қызметіне баға берді және тиісінше бірқатар шешім қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан Бес институционалдық реформа дағдарысқа қарсы кешенді жоспар болып саналатынын атап өтті.
– Әлемде қазір инвестиция тапшылығы орын алып отыр, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі байқалуда. Дамушы елдердегі инвестициялар ағынының қарқыны 20 жылда алғаш рет кері сипатқа ие болуда. Егер 2008-2014 жылдары Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 24 миллиард долларды құраса, былтыр ол 15 миллиард доллардан аз болды. Елдер арасында сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттер инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылғанын айтты.
– Сөйте тұра бұл салада еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1,5 мың долларды, Германияда – 2800, Францияда 3200 долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы жаңа техникаға, жаңа технологияларға, суғару жүйелеріне инвестиция салуға мұқтаж, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы әлем елдері шетелдік инвестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанына назар аударды.
– Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда бұл салаға әлі айтарлықтай инвестиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни жалға алынған жердің 0,06 пайызы ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – бүкіл дүние жүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нормалардың мәні тиісті топтарға жеткізілмегенін атап өтті.
– Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек бұл дұрыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды.
– Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ Үкімет жанынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалықтар, 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар екеніне тоқталды.
— Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отырмайды. Бірақ сіздер өз ұсыныстарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шешесіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің бір де бірінің де ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ. Ал бұл дегенің халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жүргізіліп жатыр ғой, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексі жөніндегі жұмысқа жауапты екі мемлекеттік органның, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанына назар аударды.
— Бұл министрліктердің жұмысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қабылдануы үшін түсіндіру жұмыстарымен айналысқан жоқ.
Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрі Е.Досаевтың қызметінде жіберілген кемшіліктерге байланысты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің қызметіне толықтай сәйкестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевты қызметінен босатуды, Ұлттық экономика министрлігінің салалық комитетінің басшы қызметкерлері мен басқа да жауапты тұлғалардың қызметіне сәйкестігі туралы мәселені қарауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкіметке жер қатынастарын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды.
Мемлекет басшысы ақпараттық саясат мәселесін де қозғады.
– Бүгінде бұл функциялар профильді емес министрліктің құзырында. Үкіметте бұл саланы ешкім үйлестірмейді, мемлекеттің ақпараттық саясатқа бөлетін қаражатын ешкім бақыламайды. Сондықтан қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, Бес институционалдық реформаның барысын тиімді қолдау үшін өкілетті орган – Ақпарат және коммуникация министрлігін құруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл ведомствоға мынадай маңызды міндеттерді жүктеуді ұсынды. Атап айтқанда, мейлінше өткір мәселелерді жедел анықтау және әрекет ету мақсатымен кез келген меншік формасының, соның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілердің ақпараттық кеңістігін мониторингтеу; барынша өзекті тақырыптар мен мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерттеу, халықтың ақпараттық сауалдары мен тілек-қалауын талдау және болжау; мемлекеттік ақпарат саясатын әзірлеу; барлық мемлекеттік органның ақпараттық қызметі мен белсенділігін үйлестіру және бақылау; мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды жоспарлау және мемлекет бөлген қаражаттың тиімділігін талдау; Отандық БАҚ-ты экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту; Электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапарын арттыру; дағдарыстық коммуникациялардың барынша пәрменді моделін құру; Халықпен, соның ішінде Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арналарын қамтамасыз ету.
Бұл ретте жаңа органды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, қаражат бөлу және оған барлық міндетті жүзеге асыру үшін айрықша өкілеттік беру тапсырылды.
Қазақстан Президенті ел дамуының өзге де негізгі мәселелеріне тоқталды.
– Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жұрттың күмән-күдігі бар екенін білемін. Сондықтан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл мәселе бойынша іс-әрекеттің жол картасын әзірлеуі тиіс. Бұл реформа барлық қазақстандықтарға қатысты, сондықтан оған ықылас жоғары болады. Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердегі оқу жылын ұзарту, үш тілде білім беруге көшу мерзімі туралы мәлімдемелеріне қатысты да жұрттың сұрақтары бар екенін білемін. Үкімет бұл ретте дәстүрлі тамыз мәслихаттарын пайдалана отырып, қоғамдық пікірге мұқият зерттеу жүргізуі керек. Туындап отырған мәселелерді талқылау және шешу үшін осы мәселелердің барлығына жаңа диалог тетіктерін – Қоғамдық кеңестерді белсенді түрде қатыстыру керек. Олар мемлекеттік органдардың шылауында қалмауы керек, оларда өткен пікірталастар БАҚ пен жұртшылық үшін ашық болуға тиіс. Әрбір министр мен әкімге реформалардың барлық бағыты бойынша қоғамдағы көзқарасты өз құзыреті шеңберінде мұқият талдаудан өткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бастамаларының мұқият түсіндірілуі маңызды екенін айтты.
– Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына қарай жылжып, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына ұмтылып отырғанымызды айтып жатырмыз. Бұл елдерде тағы бір ең басты стандарт бар, ол – Үкіметтің және оның мүшелерінің қоғам үшін күнделікті ашықтығы. Онда министрлер барлық туындаған мәселелерге қатысты әрдайым шұғыл пікір білдіріп отырады. Ал бізде ше? Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды. Біздің министрлер тіпті брифингтерде де журналистерден қашқақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандайда бір саладағы саясатты айқындайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы тек бірінші тоқсанның өзінде қазақстандықтар «Электрондық Үкімет» порталы арқылы 1 млн 200 мыңнан астам мемлекеттік қызметтерге қол жеткізгенін атап өтті.
– «Электрондық Үкімет» бірыңғай байланыс орталығына күн сайын 700 қызмет түріне қатысты 20 мыңнан астам сұрақ түседі. Бұл ресурс неге іске қосылмаған? Онлайн режімінде бірде-бір түсіндірме немесе кеңес болған жоқ. Халық сауал қоя бастаған кезде ғана «ояндыңдар». Жұртқа барлық нормаларды, оларды қалай қолдануды, кімге жүгінуді түсіндіру үшін Үкімет жанынан бірыңғай колл-орталық – «қызу желі» құруды тапсырамын. Бірде-бір сұраққа біліктілікпен жауап берілмей қалмауы үшін жауапты адамдарды да бекітіңдер. Бұл өңірлерге де қатысты, олардың әрқайсысында осындай кеңес беру орталықтары жұмыс істейтін болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс біздің елдің дамуына да әсерін тигізгеніне назар аударды.
– Одан зардап шегіп, жұмысынан немесе табысының біраз бөлігінен айрылған көптеген адамдардың бар екенін білеміз. Мұндай жандар кез келген қоғамда бар. Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан айтарым, біз ешкімнің ортақ шаңырағымыздағы татулық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайдалануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіпті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қоғамдағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғамдық ұйымның, барша қазақстандықтардың ісі, – деді Мемлекет басшысы.
Шара барысында елдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жөнінде Премьер-Министр К.Мәсімов сөз сөйледі.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Бұгіннен бастап «Smart Astana» қосымшасы Apple Store және Play Market-те қолжетімді болып отыр. Бұл қосымша арқылы қалалық автобустардың қозғалысын онлайн режимде бақылай аласыз, жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексеріп, интеллектуалдық байланыс орталығына өтініш білдіре аласыз. Сонымен қатар астаналықтардың қажетіне жарайтын басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
Қосымша арқылы пайдаланушылар нақты уақыт тәртібінде қоғамдық көлік қозғалысын, халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын бақылайды, сондай-ақ пойыз, электричка және қалааралық автобустардың кестесімен танысады. Қалалық автокөлік әуесқойлары Жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексере алады.
Астана қаласының astana.gov.kz ресми сайтының мәлімдеуінше, «Astana 109» айдары Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығына коммуналдық-тұрмыстық мәселелер бойынша өтініш білдіруге және Әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтер жөнінде кеңес алуға мүмкіндік береді.
«Smart tickets» айдарында 11 мәдениет нысанында өтетін іс-шараларға билетті онлайн сатып алуға болады. Жасақтаушылардың айтуынша жақында спорттық шараларға да билет сатып алу мүмкіндігі ұсынылмақ.
Бұған қоса, «Smart Astana» мектептердегі сабақтардың болмауы, тас жолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен ыңғайлы. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі бұдан әрі де толықтырыла түседі.
Сондай-ақ, қосымшаны коммуналдық және басқа да төлемдерді онлайн түрде төлеу, өз учаскелік инспекторын немесе учаскелік дәрігерін қарау ақпараттық сервисі, сондай-ақ қазақ-орыс электрондық сөздігі сияқты жаңа қызмет түрлерімен жүйелі түрде толықтырып отыру жоспарланған. Өз пікіріңізді айтып, сынап көргіңіз келсе, «Smart Astana» қосымшасын жүктеп алыңыз.
Елордада жұмыссыз жүрген азаматтарға жұмысқа орналасуға көмектесу үшін жыл сайын қалалық жұмыс берушілердің бос орындар туралы беретін өтінімдерін талдаудың негізінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.
Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, 2016 жылы білім жоқ жұмыссыз азаматтарды электрик, электргаз дәнекерлеуші, слесарь-сантехник, даяшы, шаштараз, контролер-кассир, тігінші, кран машинисті мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру көзделген. Бұдан басқа, сұранысы төмен кәсіптермен айналысатын жұмыссыз азаматтарды әкімші, гид-экскурсовод, аспаз, кондитер, іс жүргізуші сияқты мамандықтар бойынша қайта даярлау курстары ашылады. Өз мамандығы бойынша біліктілігін, разрядын арттыруға немесе жаңа компьютерлік бағдарламаларды меңгеруге ниетті жандар үшін бухгалтер, қауіпсіздік техникасы бойынша инженер мамандықтары бойынша курстар өтеді.
Сонымен қатар, жеке оңалту бағдарламаларына ие мүмкіндігі шектеулі жандар ішінен жұмыссыз отырған азаматтар төленетін қоғамдық жұмыстарға шақырылады.
Университеттер мен колледж түлектері қаржыгер, экономист, есеп және аудит мамандықтары бойынша жастар практикасына қатыса алады.
Жұмысқа орналасу мәселесімен Бейбітшілік к-сі 25, мекен жайы бойынша Жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады, тел. 57-88-86.