Бауырлас елдің басшылары Астанада бас қосты

Астана жаңалықтары: Бауырлас елдің басшылары Астанада бас қосты
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен құттықтады.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
– Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр, — деді Елбасы.
Қазақстан Президенті 2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылатынын мәлімдеді.
– Тағы да қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын! – деп Нұрсұлтан Назарбаев сөзін қорытындалады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше