Бұқараға бет бұрғызған Бұқа тартыс

Астана жаңалықтары: Бұқараға бет бұрғызған Бұқа тартыс
Ұлы дала елінің Сарыарқа төсіндегі ұлан-асыр тойында жұдырықтай жұмылған әр өңірдің жұртшылығы ауыл-ауыл болып, Қазақ елі монументінің қос қапталын жағалай қонды. Аймақтардың қаймақтары – таңдайына жыр тұнған ақын да, күміс көмей әнші де, дәулескер күйші де, апайтөс балуан да осында. Қазақтың дәстүрлі думаны қашанда ат шаптырып, күш сынастырмай өтпейтін. Үйреншікті үрдістен айнымай, осынау дүбірлі тойымызда ұлттық ойындарымыз төрден орын алды.

Бүгінге дейін Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Астана іргесіндегі ауылдарда жүйрік жарыстырып, асау үйреттік, теңге ілуден бауырлас елдердің басын қосып тұңғыш Азия чемпионатын өткіздік.
Ал, кеше елорда төрінде күшсайыстар тойдың көркін қыздырды. Жиналған көпшіліктің назары – әр облыстан сайдың сақпан тасындай сұрыпталып келген жігіттерде. «Күш атасын танымас» дегендей, салмағы атан түйеге татиын қайраты тасыған жігіттер алдымен «Бұқа тартыс» сайысында бақ сынады. Бұл тартысқа 22 балуан қатысты. Мықтылығы ептілігімен үндескен кілең күштілерден 4 жігіт іріктеліп, ширек финалда кездесті. Сонымен, «Бұқа тартыс» сайысында алматылық Евгений Шамрай бәрінен басым түсті. Финалда сүрінген Солтүстік Қазақстан облысының өрені Ілияс Елеусінов екінші орынды алса, Алматының тағы бір сырттаны Аманжол Нұрсұлтанов үшінші орынды місе тұтты.
Күш сайыстар осымен түгесілмей, «Бұқа тартыста» өзі үшін барын салған жігіттер «Арқан тартыс» сынында енді өз өңірі үшін жанын салды. Ширек финалға бәрін жығып жеткен 4 облыстың ішінен алдыңғы сайыста оқ бойы озық болған Евгений Шамрай бастаған Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Астана қаласының тобына бұйырса, үшінді орынға Солтүстік Қазақстан облысың оғландары жайғасты.
Бұл байқаулардың жеңімпаздары ертең Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған гала-концертте марапатталады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
bk
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше