Эльвира Ерғалина. Әлеуметтік эксперимент: көшеде қызға қол көтеруге бола ма?

Блогер Эльвира Ерғалина қызық эксперимент жасап көрді. Абзал Сариев пен Азамат Тілеповтың көмегімен жүзеге асқан әлеуметтік эксперимент астаналықтардың біреудің жеке өміріне араласқысы келмейтінін көрсетті

Сіз ше, көшеде қызды ұрып жатса, көмектесер ма едіңіз?

Әрі қарай

Сен бақытты болуға лайықтысың!

Бүгін мен Эльвираны бетпердесіз көрдім. Ол сіз ойлағаннан өзгерек...:x


Суреттегі ақпаратты көру үшін суретті басыңыз! :-@d

P.S. Бұл сурет Эльвира Ерғалинаға байланысты белсенді түймеден тұратын 18 ақпарат және 17 видео, 1 аудио файлды қамтиды.


Сурет ішіндегі сұхбаттың жазбаша нұсқасы: l-)

ӘКЕМ ҮЛКЕН БОЛҒАНША АРҚАЛАП ЖҮРЕТІН

Мен көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Төрт ұлдың арасында өскен үйдің кенжесі әрі жалғыз қызбын. Туылуыма екі ай қалғанда Индира есімді әпкем қайтыс болған екен. Сөйтіп мен дүниеге келгенде бәрі мені әлпештеп, мәпелеп, еркелетін өсірген. Ең кіші ағаммен арамыз он жас. Анам қаталдау кісі, мен әкемнің қызы болып өстім. Әкем үлкен болып кеткенімше арқалап жүретін. Әкемнің қайтқанына екі жыл болды. Анам қазір жетпіске таяп қалды, сырқаттанып жүр… Қазіргі уақытта ағаларымның барлығы өз алдына үй болып шығып, әр қайссысының өз бала-шағасы, өз істері бар. Менің тілеуімді тілеп отырған жалғыз анамшым дүниеден қайтса Шымкент жаққа баруымды сирететін шығармын…

АУЫЛЫМА АҚЫН ДЕП ТАНЫЛҒАНМЫН

Мен мектепке бармай тұрып әріп таныдым. Айналамдағы қыздар үлкен болғандықтан, олар «Сабақ-сабақ» ойнап жатқанда солардан үйреніп алып, мектепке барғанымда еш қиналғаным жоқ. Мен мектепте тентек қыз болғанмын. Бірақ әкемнің тапсырмасы бойныша сабақтарымды беске оқитынмын.
Алтыншы сыныптарда өлең жаза бастадым. Ағаларым өлеңдерімді жинақтап, кітап етіп шығарып бергені есімде. Үйде әлі күнге дейін бір-екеуі бар, бірақ жұртқа көрсетуге ұяламын (күліп). Күні кешеге дейін тығып өлеңдер жазып жүретінмін. Кейінгі жазған өлеңдерімді ешкімге көрсеткен емеспін. Негізінен сыныптас, группаластарым мені ақын деп біледі. Ақындығымның арқасында ауыл, аудан, қалалықтан өтіп Республикалық жарыстарға қатысып жүрдім, Абай оқуларына барып келгенмін. Ол кезде мектеп тарихында ондай болмағаннан соң, ауылға ақын қыз болып танылып, ауылдың бәрі «Эльвира», «Эльвира» деп шулап жүрді. Оқушы кезімде мұғалімдерімнің барлығы мені жақсы көретін…
Кішкентайымнан ерке болып, қашанда адамдардың көзайымы болып өскеннен соң қазірдің өзінде үлкейіп кетсем де, кішкентайымнан үйреніп қалған сол назарды қалап тұрамын. Әлеуметтік желілерге суреттерімді де көп салатын себептерімнің бірі сол. Ерке болып өсіп, балалық шағым балдай өткенімен, мектеп бітіргеннен кейін оның бәрі сол күйі ауылда қалып кетті.

ЖУРФАКТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНЫНА ҚАТЫСА АЛМАДЫМ
Мектеп кезінен жазу-сызуға жақын болғаннан соң, сол кезден бастап журналист боламын деп ойлайтынмын. Мектеп бітіргеннен соң Алматыға кеттім. Бұл жақта журналистикаға тапсыру үшін алдын ала емтихандар тапсыратындығын білмегендіктен, қалып қалған екенмін. Журналистикаға жақын ғой деп филологияға тапсырдым. Сөйтіп жатақханаға келіп орналасып, өте қызықты басталған студенттік өмірім басталды.

МІНЕЗІМ АУЫР
Менің мінезім өте ауыр. Өте қырсықпын. Мінезімнің ауыр екендігін жақсы түсінемін. Сол қырсықтығым өмірімде көп қателіктерге ұрындырды. Сол үшін достарым теріс айналып кетіп жатты… Өйткені мені ешкім түсінбейді. Кейде өз-өзімді түсінбей қалып жатамын.

ДОСТАРЫМ АЗ
Мектеп кезінен менде тұрақты дос болған емес. Мүмкін қыздар жағынан тұрақты дос болған жоқ дегенім дұрысырақ болатын шығар. Ағаларымның арасында өскеннен кейін бе екен, маған негізінен қашанда жігіттермен достық қарым-қатынас орнату оңайрақ еді. Ал қыздар қашанда жанымда көп жүргенімен, ұзаққа тұрақтамайтын. Алдында айтқанымдай мінезімді көтере алмай қалады. Өйткені мен тік адаммын.

СОЛ ҚЫЗ АУРУЫМДЫ АЛЫП КЕТТІ ДЕП ЖОРЫДЫМ
Алғашқы жұмысым дипломымды қорғағалы жүргенде «Алматы» телеарнасынан басталды. Бірақ үш ай тағылымдамада, жұмыссыз жүре алмайтындығымды түсініп ол жақтан кетуге мәжбүр болдым. Сөйтіп бір группаласымның шақыруы бойынша супермаркетке сатушы болып түнгі сменаға жұмысқа орналастым. Күндіз диплом, түнде жұмыс істеу өте қиын болып, супермаркеттегі жұмысымнан айлығымды да алмай шығып кеттім. Сөйтіп жүріп дипломымды қорғадым. Университетті бітіргеннен кейін жұмыс табылған жоқ. Үйдегілер ақша жіберіп тұратын. Жұмыссыз жүріп, не әрі емес, не бері емес болып қиналып жүргенімде күзде әкімшілік жанынан құрылып жатқан бір компанияға аудармашы болып жұмысқа тұрдым. Жұмысым да, әріптестерім де өте жақсы еді. Енді бәрі орнына түсті-ау дегенде күздің соңына таяу бүйрегім ауырып, емханада қысымым қырық градустан түспей қатты қиналып жаттым. Қыста түсімде қайтыс болған группалас қызымды түсімде көріппін. Ол меннен бір аяқ киімімді сұрап келген екен. Сөйтіп мен түсімде «Бір аяқ киімді қалай киіп жүресің екеуін де ал» деп, оған қоса аяғың қажалып кетпесін деп «капрон» колготкиімді де қосып беріп жібердім. Таңертең оянсам, ауруымнан толық айығып кеткен екенмін. Таң қалдым, сол қыз ауруымды алып кеткен екен деп жорыдым…

ҚҰДАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ
Қыс өтіп көктем келді. Өмір өтіп жатты. Ол кезде Алматыда көп қабатты үйлердің төртінші қабатында тұратын едік. Бір күні үй жинастырып жүргенімде абайсыздан терезеден құлап кеттім. Құдайдың құдіретінің арқасында аман қалып, қазір жаныңда отырмын.
Ол уақытта менің омыртқам мен аяғым сынған екен. Есімді реанимацияда жинадым. Ол жақта өткізілген бірнеше операцилардан кейін, енді жүре алмайтындығымды айтты. Мүгедек болып қалғаннан гөрі өліп қалмадым ба деп жылаумен күндер өте берді. Сол жатқаннан сегіз ай жаттым. Сегіз айдан кейін біртіндеп отыра бастадым, ары-бері аунайтын болдым. Ең алғаш рет аяғыма тұрғанда жүруді ұмытып қалған екенмін. Аяғым жәй сүйек болып қалған, өзімді жаңа туылған сәбидей сезіндім. Біртіндеп қадамдар жасай бастадым. Дәрігерлер омыртқамды емдей беріп, аяғымды ұмытып кеткен екен. Гипсты шешкенде аяғымды қисайтып басатын болдым. Сыртқа шықсам адамдар маған біртүрлі қарайтын… Бұрын «Эльвира» деп ортасынын гүлі болып жүретін қыз бір сәтте аяғы ақсақ, қорқақ, ұяң қызға айналып шыға келді.

АЙҚАРАКӨЗДІ АШУ АРМАНЫМ БОЛДЫ
Жүре алмай төсекке таңылып жатқаннан соң, достарым, группаластарым келіп-кетіп жүретін, ол кезде агентті қолданатын уақытымыз. Құр жатпай оқып жат деп агенттен түрлі сайттардың сілтемелерін жіберіп жүретін. Ермұхамед Мәулен деген группаласым өзінің футболға арналған «Aladop.kz» деген сайт ашқалы жатқандығын айтып, сайтын көрсетіп тұратын. Сол кездерден бастап мен қыздарға арналған сайт ашқым келіп жүрді. Оның қалай болатындығын бәрін ойластырып қойған едім, бірақ жоспарымды дүниеге келген жоқпын. Сөйтіп жүріп on.kz-ке тіркеліп, блог жаза бастадым. Үйде жатқан адамға блог кәдімгідей ермек болды.
Біраз уақыт өткеннен соң ойымда жүрген сайтымды аштым. «Айқаракөзді» халық жақсы қабылдайды деп ойлағанмын. Онда қазақ қыздарын бұзу деген сынды ойлар болмады. Ол кезде орыстың қыздарға арналған сайттарындағы дүниелерді қазақшаға аударып сала берген едім. Жазба біздің менталитетке келмейтіндігін ойламаппын. Бірақ адамдар сол жазбалардан кейін бітті «Бұл бұзылған қыз» деп сыртымнан жаман атты етіп қоя берді. Енді-енді өмірге жаңа көзқараспен қарап келе жатқан маған ол қатты психологиялық соққы болды. Сол үшін көп жылайтынмын. «Аузың толған қан болса да, дұшпаныңа көрсетпе» дегенді ұстанып етіп, алдымнан кезіккен қиыншылықтарды жеңіп шықтым.
Уақыт өте келе Аршаттың айтуы бойынша Керекинфоға тіркелдім. Ол жақтағылар мені жылы қабылдады. Содан кейін алғаш рет Блогкемпке Астанаға келдім. Жаңа достар таптым, жаңа орта таптым. Кәдімгідей көңілім бөлініп, бұрыңғы күйзелістен шыға бастадым. Сөйтіп блог жазудың қызығына түсіп, блогерлер сынды қызық нәрселер жазғым келді, солар сынды көп лайк жинап, көп пікірталас туындайтын посттар жазғым келді.

КҮЙЗЕЛІС МЕНІ ХЭНДМЕЙДКЕ АЛЫП КЕЛДІ
Емделіп жүріп жұмыс істеп жүрдім. Адамдардың аяғыма қарай беретінінен мен күйзеліске көп түсетін болдым. Сол күйзеліс мені хэндмейдке алып келді. Өйткені құр отыра берсең өзіңді оймен жеп қоясың. Ал бірнәрсе жасап отырсаң кішкене жеңілдеп қаласың ғой. Солай солай хэндмейдпен айналысып жүрдім. Алғашында оны тек өзім үшін ғана жасайтын едім. Инстаграмға соңғы 1-2 жылда ғана сала бастадым. Тәжірибе уақыт өте келе жинала береді ғой, кейінінен интернеттен түрлі нәрселерді көріп, оған өз идеямды қосып жаңа хэндмейд заттарын жасай бастадым. Менің заттарымды инстаграмнан көрген оқырмандарым өздеріне де сондай әшекейлер жасап беруімді сұрап жүрді. Сөйтіп мен жасаған заттарымды сата алатын жағдайға жеткенімді түсіндім. Одан кейін оны бір бренд етіп қалыптастырсам, керемет етсем, былай істесем, былай істесем деген үлкен армандар болды. Бірақ бәрі қаржыға келіп тірелді.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНДІМ
Күндердің бір күнінде Аршат жаңа жоба ашылайын деп жатқандығын айтып Астанаға шақырды. Оның алдында Аида деген қыз KazTube.kz-ке шақырып жүрген болатын. Алайда өзім енді жазылып келе жатқанда Астананың суығынан ауруым асқынып кетеді ме деп қорқып жүрген едім. Аршаттың ұсынысына қызығып, содан екі жұмысымды біріктіріп Астанаға жол жүріп кеттім. Астанаға келгеніме өкінбеймін. Астана маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады, жаңа мақсаттар қойып берді, армандарыма ұмтылыс беріп, өзіме деген сенімділігімді қалыптастырды. Астанаға келгеннен соң KazTube пен Мұнарада қатар жұмыс істеп жүрдім. Казтюбтің контентін толықтыру керек болған кездерден бастап біртіндеп өзіме қызық деген тақырыптарда видео блогтар түсіре бастадым. Біраз таныла бастағаннан соң әлеуметтік желілердегі достарымның саны да арта бастады. Олардың саны артқан сайын өзіме деген жауапкершіліктің де артқанын байқап, бұрыңғыдай кез-келген нәрсені жаза бермейтін болдым. Көбісі маған «Астанаға барып есейіп кеттің», «Қазір бұрыңғыдай ойыңа келгенді жаза салмайсың» деп жатты сол кезде. Мүмкін есейгендік те бар шығар, бірақ мен өзіме деген жауапкершіліктің көп екендігін түсіндім деп ойлаймын.

БЛОГИАДАҒА ҚАТЫСУҒА ҚОРЫҚТЫМ
Блогиада іріктеу басталғанда Нұрберген, Асқар, Димаш сынды қанша жылдық тәжірибесі бар адуынды блогерлер қатысатындығын біліп, қатты қорыққанмын. Өйткені солардың жанында ешнәрсе жаза алмай ұятты болғанша, қатыспағаным дұрыс деп шештім. Сол кезде Аршатпен бірге жұмыс істеймін. Ол «Ешнәрседен қорықпа, көр. Не боларын ешкім алдын ала білмейді. Дым болмаса тәжірибе жинайсың. Егер оналтылыққа өтіп жатсаң оның өзі жақсы» деген болатын. Сомен мен қатысушы атанғаннан соң енді көп еңбектің, ізденістің қажет екендігін түсіндім. Сөйтіп алғашқы постымды қатты ізденіп, толғанып-толғатып жүріп жазғаным есімде. Жақсы ұпай алуым мені одан сайын шабыттандыра түсіп, бір шыққан биігімнен түсіп қалмайын деп тырмысып келе жатырмын. Қиын тақырыптарға баратын себебім ол да бір азғантай болса да бонус қосатын шығар деген ой. Блогиада маған үлкен мектеп болды. Көп нәрсе үйрендім. Блогиадаға жасап жүрген жұмыстарым арқылы қазіргі уақытта журналистикаға өтіп кеттім. Бүгінгі күні менің өзіме ұнайтын эксперименттер, тәуекел ету туралы репортаждар жасайтын жобаға жұмысқа орналастым.

АЙҚАРАКӨЗ САТЫЛАДЫ
«Айқаракөз» сайты менің Айқаракөз атануыма, атымның танылуына септігін тигізді. Сайт ашылғанда мен оған қаржы көзі ретінде қараған жоқ едім. Одан кейін оқырмандар саны 5000 мыңға жеткенде табыс табуды ойлай бастадым. Сөйтіп 1-2 жарнамадан аз-маз ақша тапқанмын. Бірақ одан кейін менің қызығушылығым басқа жаққа ауып кетті. Сөйтіп сайт жаңартылмай қалды. Өзім анда-санда қолым тигенде айына 1 реттен материалдар салып отырамын. Жазғы салбырлық бар, Блогиада бар сондықтан мүмкіндік болып жатса оны сатқым келеді. Оған бірінші себеп сайтты шарықтау шегіне жеткіздім деп ойлаймын. Қазнеттің оқырмандарының қандай тақырыпқа қызығатындары анықталды деген сияқты (күліп). Мені осы дәрежеге дейін жеткізген «Айқаракөз» болса, енді менің алға жылжуыма кедергі келтіретін «Айқаракөз». Сондықтан мен қазір өзімнін алға қойған мақсаттарыма қол жеткізгім келсе, «Айқаракөзді» өзге иесіне табыстауым қажетпін деп есептеймін.

ШАШЫМДЫ ЖАСЫЛҒА БОЯП АЛАМЫН
Өзім эксперимент жасағанды жақсы көремін. Әйел адамның жан дүниесінде немесе жеке өмірінде өзгеріс болатын болса ол шашына тиісе бастайды. Бірақ менің шашымның жиі өзгеруі менің тұрақсыздығымды білдірмейді. Өйткені шашымның менің жеке өміріме қатысы жоқ. Мүмкін басымдағы «тарақандарым» сондай тәртіпсіз бе екен… (күліп) бірдеңкені өзгерту қажет болса жылдам қол жеткізетін өзгерістердің бірі ретінде шаш үлгімді өзгертемін. Шашымның түсін, үлгісін өте көп өзгертетін адам ретінде байқағаным… Халық сары, қоңыр түсті шашқа да, ұзын, қысқа, тақырбас шаш үлгілеріне де үйреніп қалған. Соңғы шаш үлгімді қазір жұмыс істеп жатқан жатқан жобамда «Қарапайым қыздан жұлдызға айналу» деген тақырып аясында репортаж жасап, эксперимент жасағанбыз. Бұндай қызғылт түске шаштарын негізінен батыстықтар мен орыстың әйелдері бояғандықтан, қасы-көзі қап-қара болып шашы қызғылт қызға халық көп назар аударды. Көшеде кетіп бара жатсаң бұрылып қарайтындар көп еді. Қазір қызғыл түс кетті, енді шашым сарғаяды. Содан кейін шашымды жасылға бояп аламын (қалжындап, күліп)

САТЫБАЛДЫ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ТАПТАТПА
Негізі «Эльвиризм» деген шаблонды маған тағып қойған Сатыбалды Кербабаев болатын. Менің жәй әзіл болсын, жұрт әлеуметтік желілер арқылы дін мен саясаттан өзгеде нәрселерді талқыласыншы деп қалжын әңгімелер жазып жүретінмін. Мысалы, өйткенде «Жайдарманның» туған күнінде «Ас атасы нан, ал апасы кім?» дегендей. Соны Сатыбалды «мақалдарды өзгертіп айтатын, жоқ жерден прикол шығарып жүретін, күлкілі болмаса да күлкің келетін жазбаларға «Эльвиризм» деген атау тағып берді. Одан кейін ол достарымның, блогерлердің арасында қалжын болып жүрді де, бірде Алмас Тоқабаев оны «лайк» жинау үшін бәріне баратын деді ме, әлде өзінің суреттеріне көп «лайк» жинағыш деді ме сөйтіп жазып шығарған болатын. Негізі оның анықтамасы қате. «Эльвиризмнің» авторы Сатыбалды болғандықтан Сатыбалдыға авторлық құқығының тапталуына жол бермесііің дегім келеді.
Шындығында оның бәріне әзілмен қараймын. Өйткені менің қылықтарыма күлетін, әзіл ететін тұстары бар болса, демек менің жалпы сары массадан ерекшелігім бар деген сөз.
Әрі қарай

Блогиаданың жартылай финалы басталды

Қасқыр блогерді анықтайтын «Блогиада» сайысы қызып келе жатыр. Енді бұл доданың жартылай финалы басталды, шашасына шаң жұқтырмайтын мықтылар қалды. Блогиадаға қатысқан барлық блогерлердің ерен еңбегі бар, оларға алғыс айтып қою керек. Ал, енді бәйгеге түскелі жатқан дүлдүлдерге сәттілік пен шабыт тілейміз!
Кеше ғана өткен марапаттау рәсімін көре отырыңыздар
Әрі қарай

Блогерлер кітап оқи ма?

Арамызда жүрген блогерлер қазір кітап оқиды ма екен? Оқыса, қандай кітаптар оқиды? Қайдан оқиды?
Жалпы қазір қағаз кітапты оқитын адам сиреп барады, көбісі электронды нұсқасын оқиды. Кітапханаға ғылыми жобаға деректер іздеп баратындар болмаса, ешкім өздігінен көркем әдебиет іздеп баратындар жоқ сияқты.
Мына сауалнаманы көріңізші, кітап оқитындар да азайып барады
Әрі қарай

Блогтан - бизнеске

«Блог жүргізгеннен блогерге не пайда?»
Дәл осы сұрақ көпті мазалары сөзсіз. «Жарнамамен күремесе де, қасықтап ақша табуда» тұрғысындағы жауапты айта алмағандықтан (әзірге ҚазНетте жарнама жағынан табысты болған блогерді көрмедім), «Көзін тапқанға кез келген істе пайда бар,» — деп-ақ құтылуға болады.

Иә, шынында да, біле-білген жанға блог жүргізу — үлкен мектеп. Қандай да бір тақырыпты тарқатып жазу үшін әбден ізденеді, оқырмандарына қызығырақ пост ұсыну үшін ізденістен алған ақпараттарын тәжірибеге ұластырады. Соңында өзі ізденіп, өзі қаныққан сол тақырыпта әбден шыңдалып, маман боп шыға келеді.
Жазып жүрген салада шеберлігін әбден арттырып, еңбегін табыс көзіне айналдырып отырған жандар аз емес. Блогтан бизнеске қарай бет алған Қазнеттің бірнеше блогері жайлы біле жүріңіз.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеЛаура Мырзақоңырова, Дәмді әлем
— Күнделікті пісірген тамағымды, тәттілерімді Инстаграмдағы парақшама жүктеп жүрдім. Фолловерлерім қалай пісіргенімді жиі сұрайтын, пікір қылып бір-екі рет жазған соң басқаша жол іздей бастадым. Сөйтіп, damdialem.blogspot.com блогымды ашып, мәзірлерді сонда жазам деп шештім. Басында блог жүргізу, оны оқырмандардың талқылап, «рецептті» тағы сұрауы маған өте қызық болды. Аз уақыт ішінде блогыма неше түрлі тағамның мәзірі толып қалды. Өзім білетін тағамдар қатарын толықтыру үшін, блогыма жаңа мәзір салу үшін барынша іздендім, көп нәрсе үйрендім. Блогымды оқып, сол арқылы танысқан құрбыларым тапсырыс бере бастады. Біреуден біреу естіп, тапсырыс берушілер қатары да көбейді. Жеткізу мүмкіндігім болмағандықтан Ақтаудың ішінен ғана тапсырыс қабылдаймын. Көбіне кішігірім отырыстар мен туған күндерге тәттілер, торттар пісіремін. Үлкен тойға да тәттілер дайындап беруімді өтініп жатады, бірақ көп көлемде дайындайтын үлкен ыдыстарым жоқ. Оның үстіне, мұғаліммін, уақытым да көп емес. Тапсырыстарды түнде дайындаймын, себебі, екі баламды ұйықтатып барып жасамасам, әр нәрсені шұқып, маза бермей қояды. Табысым жаман емес, азық-түлікке кеткен ақшаны есептеп, екі еселеймін — бағасы шығады. Қазір блогымды сайтқа үлкейтіп жатырмын. Алдағы уақытта жеке ісімді кафетерий ашудан бастап, үлкен мейрамханаға дейін ұлғайту ойда бар. Бизнесім жүріп кеткенде де блог жүргізуді тастамаймын. Оқырмандарымды далада қалдырғым келмейді.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеӨркен Кенжебек, Өркеннің өрнегі
— Алғаш блог деген дүние барын 2008 жылы білгем. Қазір «Астана ақшамы» газетінде журналист боп істейтін Әділбек Жапақ желкелеп апарып, бір интернет-кафеден жеке блогымды ашып берді. Сондағы паролім есте қалмапты. 2009 жылы Асхат Еркімбай тағы бір ашып берді. Тағы ұмыттым. Қашан саналы түрде өзім қызығып, 2010 жылы мамыр айында Асхат пен Есенгүл Кәпқызы өткізген семинарға қатыспайынша, ұмыта бердім. Содан бері төрт жыл… Шеберліктің шыңына жеткен жоқпын. Шыны керек, 2010-2011 жыл аралығында 1-1,5 жылдай блогингтің құмарына түсіп, түн ұйқымызды бұзып, күніне 4-5 жазба жазған дәурен өтті. Кейін құмар басылды. Есейдік пе, білмедім, сайт ашып кеттік. Қазақтілді блогерлер әлі кәсіби бизнес жолына түскен жоқ. Бірақ, былтырдан бастап өзімді медиалектор ретінде позициялауды жөн санағам. Қанша дегенмен, сайт ашқан, жапқан, газет-ТВдағы 7 жылдық тәжірибеміз бар. Соны бөлісейін әрі «бере жатса, артық тиын қалта теспес» деп, лекторлыққа кіріскенмін. Ұсынысты ең бірінші Яков Федоров досым айтты. "Қазақстанның әр түкпіріндегі 13 Назарбаев зияткерлік мектептерінің оңтүстік-батыс жағын мен алсам, солтүстік-шығыс жағын сен алсаң," — деді. Келістім. Семинарларымды барынша қызықты өткізуге тырысқанмен, тақырыбым – саяси болғандықтан ба, сәл ауырлау өтеді. Көбіне семинар тақырыптарым – блог ашу, блогты жүргізу, жаңа медиа талаптары, әлеуметтік желілердегі медиамінез-құлық, журналистің ақпарат іздеуі, оның ұстанымы және т.б. Бізде қазақ тренер шықса, ол міндетті түрде ақшасыз, тегін семинар өткізу керек секілді көрінеді. Егер ақша деп қалсаң, онда сен — оңбағансың, патриот емессің. «Әй, уақытым бар, дайындығым бар,» — деп айтайын десең, түсінбей қалады көбі. Бірақ, жайлап сеңді бұзып келеміз. Бұрын әр семинарыма 10 мың алсам, қазір сол соманы 5-6 есеге көбейте салсаңыз, табысымыз шамалап қалады. Кейін бизнесім мықты боп жатса, блог жүргізуді тастауым мүмкін. Әлішер Елікбаев секілді әр семинарға кемі 1000-1500 доллардан берем деп жатса, блогты тастау… зәшем, ол қиын емес.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеӘйгерім Бегімбет, Әйгерімнің блогы
— Блогымда жазылып жүрген посттардан бөлек «Фотогалерея» деген айдар болды. Сол жерге түсірген суреттерімді салам да, артынша ұнатпай қалып, өшіріп тастаймын. Солай біраз уақыт салып, өшіріп жүрдім. Блогыма жақсы сурет салу үшін достарымды, көрші-қолаңдарды, айналамдағының бәрін суретке түсіріп, машықтандым, тәжірибе жинадым. Биыл көктемде ғой деймін, Шымкенттегі жекеменшік газет фотограф болып жұмыс істеуге шақырды. Мені Гугл арқылы тауыпты. Сонда қызмет етіп жүріп, таныстарыма, достарыма 10 тойды тегін түсіріп бердім. Мақсатым — білмегенімді үйрену еді. Қазір дос-жарандарымның тойына тегін барғанымнан бөлек, бір тойды бастан-аяқ түсіріп, барлық суретті флешкаға жазып бергенім — 5000 теңге, ал, альбом жасау 15 мың теңгеден басталады. Түсірген суреттерімді флешкасына жазып берген соң өшіріп тастап отырады екем, дұрыс емес. Тимур аға (Бектұр) «суреттеріңді жина, сайт ашып берем,» деген. Ол сайтты өзіме PR үшін пайдаланамын, ал блогты тастамаймын.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеРайхан Әкімбаева, Еркеқыз
— Керекинфо сайтына алғаш тіркелгенімде сондағы блогерлердің жазғанына қарап шабыттанып, қыз балаға арнап тоқыған дайын көйлегімді ілдім. Көйлек сүйкімді шыққан болса керек-ті, ең алғашқы тапсырыс та көйлек болды. Алғашқы постыма көптеген мақтау пікірлер жазылды, сол пікірлер мені ары қарай тек қана блог жазуға емес, сонымен қатар, тоқыма тоқуға да шабыттандыра түсті. Бір-екі постымнан кейін-ақ тапсырыстар түсе бастады. Алматылық блогер қыз өзіне саусақсыз қолғапшаға (митенки) тапсырыс берді. Бұрын-соңды ондай тоқымаған мен үшін жаңалық болды, ізденуіме тура келді. Әркез бір көйлектің схемасын іздеп отырып, басқа жаңа дүниелерге тап боласың. Көбіне кішкентай ұл-қыздарға тоқығандықтан жаңа дүниелер көзіңнің жауын алып, тоқымасыңа қоймайды. Байлыққа батып кетпесем де, пайдасын көріп жатырмын. Қазір жаз болған соң тапсырыс аз, күн салқындағанда көбейеді. Кейде физикалық жақтан үлгермей қалып жатамын. Жеке дүкен ашу ойымда болғанмен, нақты жоспар жоқ. Әзірге осы темппен-ақ қолымды шынықтыра берейін. Тапсырыстар тым көп болып жатса, дүкен емес, фабрика ашып жіберемін-ау… Шымкентке көшіп келгенімізде интернетке шыға алмай, блог жазуым тоқтап қалған-ды. Содан бәсеңдеп қалдым. Кейін жазып көрдім, бірақ бұрынғыдай алып-ұшып тұрған шабыт болмаған соң ба, қалды. Блог жазуыма еш кедергі жоқ, тек жалқаулығым басып тұр.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеАйжан Кәрібаева, Кербезful
— Менің салам видеоблог болған соң, ең алғашқы видео түсіре бастағанда «бьютиблогты міндетті түрде жасап көремін» деген ой болған. Өйткені, қазақтілді аудиторияға дәл осы сала жетіспейді деп ойлаймын. Қазірше бьютиблог саласын видеоблогыма енді-енді қосып келе жатырмын. Екі видеом бар, бірінде кешкі макияж жасау жолын көрсетсем, екіншісінде шаш үлгісін, маникюр жасау бар. Ең бастысы, өз тәжірибеңмен бөлісемін, өзіме көмектесетін, өзім қолданатын нәрселерді жеткізіп отырамын. Негізі хоббиді кәсіпке айналдыру тек дұрыс ойға, икемге байланысты. Сол себепті бьютиблогымды бизнеске айналдыру жоспарда бар. Қазірше оған тек жақсылап негіз салу керек. Баян (тәтем) екеуіміздің онлайн-дүкеніміз бар. Ол жерде қыздардың әшекейі, көзілдіріктер, сұлулық пен сәнге арналған бұйымдар сатылады. Онлайн-дүкеніміз Инстаграм арқылы жұмыс істейді, енді оны бьютиблогпен байланыстыруымыз керек. Оның барлығы біраз уақыт пен тәжірибені керек етеді. Өйткені, бұл — Баянның да, менің де негізгі жұмысымыз емес. Тікелей онлайн-шоптың табысы жап-жақсы. Табысты қайтадан айналымға салып отырамыз. Бизнесіміз дамып кетіп жатса, блог жүргізуді тоқтатпаймын. Өйткені, бұл жерде бизнестің көзі — блог емес, блогтың көзі — бизнес болып отыр. Сол себепті менің қызығушылығым бизнесте емес, блогта. Екеуін бір-бірімен байланыстырып, екі жаққа да пайда әкелгім келеді.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнескеРахат Ғизатолла, Сарықазақ
— Блог жүргізіп жүріп, суретке түсіре бастадым. Суретке түсіре бастаған соң, фотоаппарат және оның аксессуарлары туралы, суретке қалай түсіру керек секілді тақырыптарды жаза бастадым. Болашақта осы тақырыпта видеоблог жүргізем деген жоспар бар. Фотографияда теория мен практиканы қатар алып жүру керек. Бірақ, техника мен уақыт тапшылығына байланысты практикам аздау секілді. Айналы фотоаппаратты қолға алған сәттен ақша табу жағын қарастыра бастадым.
Алғашқы клиентке өте қатты қобалжыдым, екі жастың лав сториі болатын. Алғашқы емес, әр клиентке қобалжимын. Өйткені, әр адамның ерекшелігі бар, фотосурет арқылы оның тән сұлулығымен қатар жан сұлулығын, мінезін көрсете білуің керек. Бизнес деп айту маған келіңкіремейтін сияқты. Өйткені, мен өзге мамандық бойынша тұрақты жұмыс істеймін. Ал, фотография — қосымша. Сондықтан одан түсетін ақша да — қосымша табыс. Ақша көбіне фотоаппараттың өзіне жұмсалады, фототехникалық аксессуарлар сатып алуға кетеді. Фотосуретке түсіре бастағалы жазуым азайды. Бір нәрсені суреттеп жазып отырғанша, бір фотосуретпен ойыңды жеткізіп тастағың келіп тұрады. Тіпті суреттің астына коммент жазуға да ерінетін болып кетіппін. Егер техниканың тілін жақсы білсең, ізденісің жақсы болса, бұл кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады.

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске


Өзімде де хобби және қосымша табыс көзі ретінде алып жүрген іс бар. Ол — қолөнер. Қолөнер туралы блог жазып, тәжірибе жинамасам да, шыңдалуыма бірден-бір себепкер болған — блогер-достарым. Алғаш рет әшекейді өзіме жасап, әлеуметтік желіге суретін салғанымда блогер-достарым мақтау пікір жазған. Сол мақтауға қомпаңдап, одан сайын әдемі, ерекше дүниелер жасауға асығып жүрдім. Солай-солай бір жұмысымнан келесісін асырамын деп жүріп, кішігірім шебер боп шыға келдім. Тапсырыс беруді бастаған да — мақтап жүрген жандар еді, жарнамасын күшейткен де — солар . Тапсырыс Фейзбук және Инстаграм арқылы келеді. Қазір табысым жақсы. Болашақта жеке бизнесті қолға алғым келеді. Үлкен мақсатыма қарай адымдап келемін. Арманыма жететініме сенем!

Блог - aikarakoz: Блогтан - бизнеске
Әрі қарай

Қалың қалай, қазақша караоке?

Көңіліміз түсіп, құлазыған сәтте де, қуаныштан жарылып кетер шақ туса да — ыңылдап әндететініміз бар. Тіпті достарымызбен бас қосып, дауысты кеңге салып ән шырқау үшін караокеге жиі барып жатамыз.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Корей елінде пайда болған бұл жап-жақсы дүние талайлардың ішкі запыранын ақтарып, «жынын шығаруға» көп көмектесіп тұрады. Өзгені қайдам, өзім караокеде ән салып қайтсам, іште тұншыққан бүкіл проблемаларымды айқайлап шығарып тастағандай болам.

Астананың барлық караоке-клубтарында болғам жоқ, бірақ, осы уақытқа дейін барған 5-6 клубтың қайсысына кірсем де, жұрт орыстардың әнін шырқап жатады. Өзім де солай. «Караокеде қазақ әндеріне сұраныстың болмау себебі неде» дейсіз ғой?!
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?Бас қаладағы адам көп жиналады-ау, бағасын халықтың қалтасы көтереді-ау деген караоке-клубқа бет алдым. Мұнда қазақ әнін айту үшін сізге сыртында «Раша» деген жазуы бар каталогты қолға алуға тура келеді. Бірден соңғы парақтарын аша қойыңыз, қазақ әнін алғашқы беттерден іздеп, сатып алған уақытыңызды текке жоғалтасыз. Тіпті, соңына жетем дегенше кенет ерініп қалып, көзіңізге түскен орысша әнді айта салуыңыз да ықтимал. Бұл бірінші себеп деп қойыңыз.

Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?
Ақтарып отырған парақтарыңыз таусылуға шақ қалып, каталогты «жабамын-ау» деген тұста қазақ әріптері көріне бастайды. Он шақты парақтағы тізімнің саны 200-дің о жақ, бұ жағында ғана. Әннің аздығы сонша, қазақша барлық әнді лезде айтып тастап, үйіңізге ерте қайтып кетуіңіз мүмкін. Екі. Үшіншіден, кілең ескі әндердің ішінен үнемі «Белгісіз жан» мен «Сүйген жүректі» ғана орындап, ұйықтап жатып та айта алатын дәрежеге жеттім. Өздері көрсетіп қойғандай, 2010 жылдан бері қазақ эстрадасының әндері жаңармаған. "Қызыл өрікті" айтып, достарыңызды қыран-топан билетемін деген жоспарыңыз быт-шыт болады.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?Домбырамен әп-әдемі айтып жүрген әнге караокеде дауысыңыз жетпей, шиқылдап қаласыз. Тіпті, қасыңыздағы адамдардан ұялып, көңіл-күйіңіз түсіп кетеді. Дыбысталуы нашар, аражировкасы тіптен жылатып жіберетін әннен гөрі жақсы өңделген өзге тілдегісін айтып, өзімнің "әжептеуір әнші екеніме" қомпаңдап қалғаным артық. Бұл — төртінші себеп. Бесіншісі тіпті күлкілі. Әнді беріліп айтып, дауысыңыз енді ашылып келе жатқанда суреттегі «иман қанаты талған» сияқты сөздерді оқып, еріксіз күліп жібересіз. Дауысыңыз бір жақта, әніңіз бір жақта. Мәтіндегі аяқ алғысыз қателерді көре-көре, сол күйі жаттап, ақындардың қатесіз жазғанына күмәнданатынды шығардым. «Бұл қателерден өздерінің хабары бар ма, неге түземеске» деген оймен бірнеше қатені суретке түсіріп алып, әнді орындаушылар мен мәтін авторларының пікірін білдім.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?
Мейрамбек Бесбаев, әнші:
— Ой, айтпа, мәтіннің қате берілетіні — бір. Сосын шетелдің, орыстың әндерін алайықшы, аранжировкасының оригиналы шығады, айтуға өте ыңғайлы, сапасы да өте жақсы. Біздікілер осы жағын қолға ала алмай жатқан сияқты, өкінішті. «Сағындым Алматымды»-ның мәтіні әлі күнге түзелген жоқ, аранжировкасын кім жасағанын бір Құдай біледі. Өзім караокеге көп бармаймын, анда-санда барып қалғанда достарым айтып, күліп жатады. Караоке иесіне де, барлық жерге ескерту жасап шаршадық: «иә-иә» деп, шығарып салады. Директорым да айналысты мұнымен, баяғы жартас — сол жартас. Өзім соттасу дегеннен аулақпын, бірақ, қателердің тезірек түзелгенін қалаймын. «Көзіңнің мөлдірін-ай» әні дейсің бе, оны мен айтқан емеспін.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?Қалқаман Сарин, «Жібек сезім» әнінің сөзін жазған:
— Анда-санда караокеге барғанда қазақша әндердің мәтінінде қате көптігін жиі байқайтынмын. Бірақ, өз сөзіме жазылған әнде қате барын дәл қазір сенің аузыңнан естіп тұрмын. Караокенің өзінен болсын, әндерін дайындайтын қандай да бір студиядан болсын біреу маған хабарласып, рұқсат сұраған емес. Ол әндерден пайда тауып жатыр, маған гонорарын да берген емес. Ақшасын қойшы, халық игілігіне қолданып жатса — қуаныш. Қазір екінің бірі караокеге барады ғой. Сонда қате толы өлеңімді оқыса, менің репутацияма, ар-намысыма, шығармашылығыма нұқсан келмей ме? «Ой, ана пәленшенің ұйқасы да жоқ, басқасы да жоқ, керемет ақындығы қайда,» деуі мүмкін. Бұл нәрсені бей-жай қалдырмау керек.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?
Қарақат Әбілдина, «Ал, құрбым» әнін орындаушы:
— Қазақша караокедегі әндердің сөзі де, өңделуі де, дыбысталу жүйесі де, бәрі қате екенін білемін. Маған ұнамайтыны да — сол. Орыстың, шетелдің аранжировкасы ұрып тұрған әндерін айтқанда, ән айтып жатқаныңды сезінесің. Ал, қазақтардікінің барлық жағынан сапасы төмен. Сондықтан ел караокеде қазақша ән айтқысы келмейді, айтуға ұмтылмайды да. Ол да болса әдейі жасалып жатқан саясат па деп қаламын кейде. Менің ғана емес, барлық әнде қате бар, қайсыбірін түзей бересің?! Караокемен айналысатын ұйымдарға сауатты өнім шығару туралы талап қою керек.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?
Назира Бердалы, «Сүйген жүрек» әнінің сөзін жазған:
— Мен караокеге бармаймын. Мұндай қателер туралы бірінші рет естуім. Ешқандай караоке-студиямен келісім-шарт жасасқан емеспін. Бірақ, «Абырой» авторлар қоғамының мүшесімін. Менің шығармаларым караоке, кафе-ресторан, тойларда орындалып жатса, солар жауап беруі тиіс.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?Ақбота Керімбекова, "Қош, махаббат" әнінің орындаушысы
— Өзім караокеге бармағандықтан әнімнің мәтіні қате екенін білмеппін, сізден естіп отырмын. Маған біреу келіп, «осылай жасағалы жатырмын» деп рұқсат сұраған жоқ. Қателердің түзелгенін қалаймын, кімдер жасағанын табу керек. Өзім қандай да бір шара қолдануға уақытым жоқ.
Блог - aikarakoz: Қалың қалай, қазақша караоке?Астананың біраз караокесіндегі әндерді ұсынған Ресейлік Studio Evolution караоке-жүйесінің сайтындағы нөмірге хабарластым. Владимир есімді жігіт сұрақтарыма: — "Әнді авторлардың өздері береді, ал, халық әндері үшін ешкімнен рұқсат сұрамаймыз. Мәтінде қате кеткеніне біз жауапты емеспіз, ол — программадан. Программа кейде қазақ әріптерін оқымай қалады. Келесі айда әндер жаңарады. Енді әр ай сайын жаңа әндерді каталогқа қосып отыратын боламыз," — деп жауап берді.

Авторлар «рұқсат бермедік» дейді, әнді пайдаланғандар «алдық» дейді. Әй, екінші тараптың айтып отырғаны жалған-ау. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Заңның 16 бабы, 5 тармағында:
Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi,
делінген.
Өз авторлық құқығын қорғаймын деген өнер иесіне бәрі түсініктірек болу үшін Зияткерлік меншік құқығы комитетінің маманынан кеңес алғанды жөн көрдім.
Зияшова Райкен, Авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру басқармасының сарапшысы:
— Егер автордың рұқсатынсыз әндері қолданылса және одан қандай да бір қателер табылса, сот арқылы мәселені шешуге болады. Ол үшін автордың қателерге дәлелі болуы керек. Егер арыз келіп түссе, біздегі арнайы бөлім караоке өнімдерін дайындаған студиялардың рұқсат алған-алмағандығын тексереді. Бұл іспен айналысуға әнші, ақындардың уақыты жоқ болса, сенім өкілдері арқылы шеше алады.

Құрметті әншілер, ақындар, композиторлар, қазақ өнерін жасап жүрген майталмандар!
Еңбегіңіздің еш кетуіне жол бермеңіз! Караокедегі қазақ әндерінің тағдыры сіздердің ғана қолдарыңызда, сіздер ғана түзей аласыздар. Талап күшейсе — сапа да артады. Халық сапалы ән айтсын десеңіз, авторлық құқығыңыздың бұзылмауын қадағалаңыз. Бұл барша караоке тұтынушыларының атынан айтқан үндеуім болсын
Қазақша ән айтқым келеді!
Әрі қарай

"Қазіргінің рэкеті": "Қоятын уақыт болады мұны да..."

Қаланың қым-қуыт тірлігі таңертең жұмысқа барып, кешке үйге қайтумен, демалыста үйге азық-түлік тасумен аяқталатын сияқты, біздіңше. Жооқ, түнде жорыққа шығатын, тіршілігін түскен қараңғымен бірге бастайтындар да бар. Соның бірі — «түрлі мәселелердің түйінін шешуші», қазіргінің рэкеті.

Қолыңның екі мағынасында да ұзын болғаны қандай жақсы, досымның көмегімен осынау қауіпті кәсіп иесінен сұхбат алудың орайы түсті.



Баха. Жасы отыз бірде. Бойдақ.

Блог - aikarakoz: Қазіргінің рэкеті: Қоятын уақыт болады мұны да...

— Кәсібіңіздің нақты және қазақша атауын білмей отырғаным...
— Қылмыскер (күліп). Қылмыскерден басқа атау айта алмайсың.

— Мафия дейміз бе?
— Қазір мафия деген жоқ. ОПГ дейді. Организованная преступная группа. Қазақшасы — ұйымдасқан қылмыстық топ. «Рэкеті» бар, «отморозогы» бар, «решаласы» бар, бәрі сол ОПГ-ның ішінде. Топтың «старшийы» болады. Жылдан жылға бұл саланың сөздері өзгеріп келеді. Бұрын рэкет деген сәнде еді, қазір ОПГ.

— Бұл салаға келуіңізге не себеп болды? Ақшаның жетіспеуі ме, әлде жұмыстың табыла кетпеуі ме?
— Себеп болғанда… Ауылдың баласымыз. Мектепті «5»-ке бітіргенбіз. Тілді біраз білеміз. Спортта жүргесін сыртыңнан байқайды. Сосын тартады өздеріне. Жастық дейсің, желігесің, алып-ұшып тұрасың. Басында жәй араласып жүресің тірліктерге, одан кейін қалай кіріп кеткеніңді байқамай қаласың. Ақыры, ол сенің кәсібіңе айналады. Жұмыс іздеу дегенде… Мұны жеңіл кәсіп деуге де келмейді. Үнемі денсаулығың қауіпте, өзің қауіптесің, өмірің қауіпте. Тұрақты график жоқ, белгілі бір уақытта алаңдайтын жұмысың жоқ болған соң өзіңе ұнап кетеді. Бұл салада жүргеніме он шақты жыл болды.

— Демек, ақша табудың ең оңай жолы...
— Ақша табу ешқашан оңай болған емес. Әр саланың өзіндік қиындықтары болады. Біздің саланың да нюанстары мен нонсенстары көп, қиындықтары көп. Әзірге ең қолайлы кәсіп осы болып тұр.

— Ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне не кіреді?
— Мысалы, мейрамхана, клубтарды алайық. Ондай жерлерде тұратын күзетшілер екіге бөлінеді. Бірі – «Күзет» деген сияқты ресми агенттіктердің қызметкерлері, екіншісі – біздің жігіттер. Көп төбелес болмайтын жерлерде заңды түрде жұмыс істейтін күзетшілер тұрады. Адам тамағын ішуге ғана келетін не келіссөздер жүргізетін мейрамхана сияқты орындарда төбелес болмайды. Ал, клуб, «забегаловка» сияқты жерлерде жиі жанжал шығады. Ондайда иелері өздері-ақ біледі: агенттіктің күзетшілерінен гөрі, жұмысқа «шешетін адамды» алған дұрыс. Былай айтқанда, жігіттері бар топты, бандиттерді алған дұрыс. Өйткені, олар «по-черному» шешеді. Барады, төбелесу керек па – төбелеседі, төбелеспейтін жер болса – желкелеп алып шығады да далаға: «давай, бауырым, саламалейкум, қош бол» дейді. Сол сияқты, точкалар болады, түрлі бизнестер болады. Көп қызметі.

— Әр істі шешкеніңіз үшін клубтың иесі шамамен қанша ақша төлейді?
— Жағдайға байланысты. Адам басына 85-90 мың, 100 мыңға дейін кете береді. Қандай орын және қай жер екеніне де, графигіне де байланысты. Негізгі уақыт түнгі оннан таңға дейін жалғасады.

— Қарамағыңызда неше нысан бар?
— Айтпай-ақ қойса бола ма?

— Жарайды. Жоқ дегендегі айлық табыстарыңыз қанша?
(күліп) Адам басына ма? Адам басына 300 мың деп айта берейікші. Теңге.

— Адамды жарақаттап жатқанда «өлтіріп алам» деп қорықпайсыз ба?
— Кез келген пенде қорқады. Өзіңді жарақаттап алудан да қорқасың, ұрып жатқанда қолың басқа жеріне тиіп кетсе, дұрыс тимей қалса да қорқасың. Адамның талып қалуы 5 секундтық нәрсе ғой.Төбелесте талып жатқан адамның пульстарын тексеріп отыратын уақыт жоқ. Төбелесесің – құлатасың – жүре бересің. Артынан ойланасың.

— Оқыстан адам өлтіріп алған жағдай бола қалса, клуб сияқты демалыс орнының иесі ала ма жауапкершілікті?
— Жоқ, Құдай сақтасын, адам өлімі әлі болмады. Адам өлімі болса, жасаған адамның ізі білінбей қалмайды. Топан төбелес болып жатқан жерде "өлтіріп алмаймын" деп өзіңе «гарантия» бере де алмайсың. Ондай жағдай болса… кинодағыдай ғо. Ондай оқиға болған жоқ деп, барынша жасыруға тырысасың. Істеген адамды басқа қалаға жібересің. «В бега» дейді ғой, былай айтқанда, в бега кетеді. «Дело» тынышталмайынша жүреді қашып. Бірақ, ол басылмайды. Іздеу жариялайды. «Розыскта» «дело» жабылмай қалады. Сондықтан қатты зақым келтірмеуге тырысасың. Аяқ-қолын сындырып алсаң, ізіңді білдіртпей кетуге тырысасың.

Блог - aikarakoz: Қазіргінің рэкеті: Қоятын уақыт болады мұны да...

— Жасаған қылмыстарыңыздың артын жуып-шаю үшін қандай шара жасайсыздар? Тапқан ақшаларыңызды жетімдер үйіне бөліп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып дегендей… Ең болмаса, ақыреттен қорқу деген бар ма сіздерде?
— Жоқ. Ондай шаралар істемейміз. Ниет. Күнәсіз адам жоқ қой жалпы. Жұма намазға барып тұрамыз.

— Сұмдық қорқынышпен өткен оқиғаңызды айта аласыз ба?
— Әр тірліктен кейін қорқасың ғой. Үйде анаң бар, әкең бар, оларға кесірі тиіп кете ме деп қорқасың. Мысалы, бір жерде үлкен тірлік болды делік. Сөзге келіспей қаласың да, төбелес те, атыс та басталады. Біреуді қатты зақымдап қоясың. Ол реанимациядан шығады. Зақым алған адамның да артында біреулер тұр. Олар біз жайлы сұрастыра бастайды. Қайдан келдің, кімсің, қай мекен-жайда тұрасың дегендей. Сондайда ата-анаң үшін қатты қорқасың. Өзің балалардың арасында жүргесін қатты қорқа бермейсің.

— Ата-анаңыздың хабары бар ма кәсібіңізден?
— Жоқ, білмейді. Бірақ, сезеді ғой.

— «Жұмыстарыңыз» түнде басталады. Ата-анаңызбен бірге тұрады екенсіз, күн сайын түнде шығып кететініңізді қалай түсіндіресіз оларға?
— Енді… ондай жастан өттік қой. Үйге қомақты ақша алып келіп жатқанда да «қайдан алдың» демейді. Үйренді. Іштей сезетін де шығар немен айналысатынымды.

— Ал, махаббат жағы қалай? Өмірде сұсты көрінесіз. Даусыңызда зіл бар. Сөйлесуге қорқатын қыздар бола ма?
— Қорқады. Түрімізге қарайды да:-«сен бандитке ұқсайды екенсің,»-деп бастайды әңгімені. Бірақ, қыз ұнағасын оныңды жасырасың. Ұнауға тырысасың. «Жжжоқ, мүлде ондай емеспін, сүттен ақ, судан тазамын,» -деп айта алмайсың оларға. Шет жағасын жеткізесің бәрібір. Кәсібімізді біліп қойып, аулақ жүрген қыздар көп болды.

— Үйленуіңізге кедергі келтіреді деп қорықпайсыз ба?
— Қоятын уақыт келеді ғой мұны да. "Қашанғы бұлай жүре берем" деп ойлайсың. Бұдан шығатын уақыт болады өзі. Сана-сезімі бар адам ерте болсын, кеш болсын түсінеді де, қояды. Сосын намаз бастап кететіндер бар. Бірақ, түрмеге отырмағанша тынбайды. Түрмеге отырғаннан кейін барып түсінеді, отырмайынша — жалғастыра береді. Негізі бұл тірліктің бәрін қойғаннан кейін үйлену жоспарда. Ер жігітке үйлену ешқашан кеш емес. Қырыққа жақын үйленсең де балаң болады.

— Мейлі, қойдыңыз делік. Үйлендіңіз. Ұмытылды. Бірақ, бірнеше уақыттан соң өткеннің қателігі қайта оралып, отбасыңызға зарар келтіреді деген қорқыныш ше?
— Қазір оны ойлауға кеш. Қайтуға жол жоқ.

— Болашақ жарыңызға қойылар ең басты талап қандай болмақ? Осы тірлігіңізге келісу ме?
— Жақсы әйел болса, болды. Әке-шешемді дұрыстап бақса.

— Сізге тұрмысқа шығар қыз да жүрек жұтқан болу керек шығар. Ыдыс-аяқ сылдырлай қалса, үйреніп қалған қол сарт ете қалып жүрсе оған қарай...
— Жоқ, бізде әйел адамға қол жұмсау деген болмайды.

— Сіз басқа тәрбие бергенмен балаңыз осы жолға кетіп қалса, таңдауын өзгертуге тырысасыз ба?
— Кетіп қалса, ештеңе өзгерте алмайсың. Өзіміз сияқты мұндай жерге басын бір сұғып алса, шыға алмайды: кірді – кетті. Сондықтан баланың тәрбиесін осы бастан ойлау керек. Кез келген ата-ана өз баласының жақсы болғанын көздейді.

— Қарапайым адамдар сияқты көшеде уайымсыз, қорқынышсыз, үрейсіз жүре аласыздар ма? Әлде алақ-жұлақ етіп, барған жерден тез кетіп қалуға тырысасыздар ма?
— Жалғыз жүрмеуге тырысамыз. Мысалы, мен досымды ертіп жүремін әрдайым. Маған тигізер зиян болса, ол – өлтіріп кету. Бірақ, адам көп жерде, көшеде жайдан-жай өлтіре салмайды ешкім. Олар да қорқады.

— Дене бітімдеріңіздің өзі-ақ үздіксіз спортпен айналысатындарыңызды айтып тұр. Неге жарыстарға қатысып, елдің намысын қорғамасқа?
— Бұл салаға спортта жолы болмай қалғандар келеді. Демеуші таба алмай қалған, сәтсіздікке ұшыраған спортшылар келеді.

Қаруларыңызға рұқсат берілген бе?
— Жоқ. Ұсталып қалған жағдайда «разводить» етесің ғой. Ақшамен болсын, басқалай болсын.

— «Крышалардың» да «крышасы» бар дейді, рас па?
— Бар.

— Осы салада жұмыс істейтін қыздар бар ма араларыңызда?
— Жоқ. Ондай қыздар жоқ. Қажеттілігі туып жатса, қыз табылады. Өздері осындай тірліктерге жақын қыздар көп қазір. Солардың біреуін ұстап аласың. Болмаса, таныс жігіттерге өтініш жасаймыз сондай қыздарды тауып береді.

— Сіздерге келіп, қатарларыңызға қосылам деген адамдарға қойылар талап қалай болады?
— Қаладағы кез келген адамды қабылдай бермейсің. Ол адамға әбден қарайсың, психоанализ жасайсың, қандай адам ол, қайдан келді, не істей алады. Әр жерден ала салып, «бізбен бірге жүресің, біздің айтқанды істейсің, біздің адам боласың» деп, қасыңа бір лохты отырғызып қоймайсың.

— Мысалы, қандай сынақ болуы мүмкін?
— Жеңілдеуінен бастайды. «Анадан ақша ал, мынадан ақша ал, ана точкаға бар, мына точкаға» бар деген сияқты.

— Осы салаға келсем бе деп жүрген жігіттер болса, не айтар едіңіз? «Жоламаңдар» дейсіз бе?
— Бастысы — спортты тастамау керек. Кез келген жағдайға дайын боп жүру керек. Кез келген. Ішпеу керек. Өзіміз де жоқпыз ондайға. Денсаулық қымбат, денсаулық.
Бұл салаға кеткенімізге өкінеміз дей алмаймыз. Ойланып қалатын тұстар болады. Бірақ, ендігісі тым кеш. Нанымыз осы. Әзірше. Бұдан ары қарай қалай болатынын Құдай біледі. Кімнің тірі болатыны да, кімнің өліп қалатыны да белгісіз. Алда болатын нәрсенің бәріне дайынбыз.

— Сұхбаттасуға келісім бергеніңізге, сұрақтарға ашылып жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Эльвира Ерғалина
Әрі қарай

Эльвира Ерғалина. Блогерлер Еуразиялық экономикалық одақ туралы

Еуразиялық Экономикалық Одақ құрылды. Шартқа қол қойылды. Енді «ары қарай қалай болады екен» деген сауал көптің көкейінде жүр. Бқл Одақ туралы блогерлер не ойлайды? Өздеріңізге белгілі блогерлер, Қазнетке танымал тұлғалар Эльвира Ерғалинаға Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы ойын айтады.

Әрі қарай

"Айналайын баладан, тауып алған даладан"

Әкемнің қызы болдым. Әкемнің қасына жататынмын, қарнына шығып алып, түспей қоятынмын  Тіпті, 4-5 сынып оқушысы болғанымда да арқалатып қоятынмын өзімді. «Аһ» дегенде аузымнан түсіп қалдың," дегеніне Құдайдай сенетінмін  Нағыз шындықты қашан білгенім есімде жоқ,өзімнен үлкен көрші қыздардан есіткен сияқтымын.

"Қазіргі балаларды ата-анасы қалай туады екен?" Жүргізген видеосауалнамам бойынша олар іштен шығатынын біледі. Өзіңіз көріңіз

Әрі қарай

Эльвира Ерғалина "Кешкі шәйда" қонақта

Жетінші арнаны көресіздер ме?
Сол Жетінші арнада керемет жобалар жасалып жатыр. «Айна сөздік» бағдарламасының өзі не тұрады? "Қыздар арасында" бағдарламасы арқылы түрлі ақпараттарға қанығып жүрген қыз-келіншектер қаншама? «Кешкі шәй» бағдарламасында еліміздің жұлдыздары келіп, шынайы сұхбатымен бөлісіп жатады. Жұлдыз болғанда тек өнер адамдары ғана емес, түрлі саланың өкілдері келеді қонаққа. Соның бірі блогер, өздеріңіздің достарыңыз — Эльвира Ерғалина «Кешкі шәйға» қонақ болды. Түрлі сауалдарға жауап берді. Қасқыр блогерді анықтайтын Блогиада туралы да айтты. Блогерлер арасындағы жұлдыздарын да айтты. Сіздің де атыңызды атаған шығар, көріңіз  

Блог - kaztube: Эльвира Ерғалина Кешкі шәйда қонақта
Әрі қарай

Жігіттер сатылады!

Блог - kaztube: Жігіттер сатылады!
Жігіттер сатылды! Иә, иә, сатылды. Анау-мынау емес, танымал тележүргізушілер сатылды
Кім сатылды, не үшін сатылды, қаншаға сатылды, бәрін мына сілтемеден көре аласыздар. Өте қызықты жоба болды. Алдағы уақыттарда тағы да ұйымдастырылып тұрса екен дейміз.
Әрі қарай

Эльвира Ерғалина. Жарылқап Қалыбаймен сұхбат

Блог - kaztube: Эльвира Ерғалина. Жарылқап Қалыбаймен сұхбат

Жеңіс күнінің қарсаңында Гитлер туралы білдей бір журнал жазды. Анау-мынау емес, ғұламалар туралы жазып жүрген журналдың бұл әрекетін көпшілік түсіне алмай, наразылығын білдірді. Солай дауға, шуға ұласты. Журналдың бас редакторы Жарылқап Қалыбай мырза сотқа тартылды. Бәрі не себепті, қалай басталғаны туралы блогер Эльвира Ерғалина Жарылқап мырзадан сұхбат алды. Көріңіздер.
Әрі қарай

Эльвира Ерғалина. Біз қандай телесериал көреміз?

Блог - kaztube: Эльвира Ерғалина. Біз қандай телесериал көреміз?
Блогер Эльвира Ерғалинаның кезекті видеосы шықты.
Бұл жолы Эльвира елімізде көрсетіліп жатқан телесериалдар туралы видео түсірген екен. Бұл видеода отандық сериалдар мен шет елден сатып алынатын сериалдардың айырмашылығы, еліміздің экономикасына тигізер зияны туралы айтады. Шетелдік сериалдардың арқайсысын нешеге сатып алынады, отандық сериалдардың әрбір сериясы нешеге түсіріледі сол туралы айтылады.
Қымбат ақшаға сатып алған шетелдік сериалдардың елімізде тигізіп жатқан зияны қандай, сол туралы да кішігірім зерттеу жүргізеді.
Видеоның астында «Ескерту! Бұл видеода айтылатын отандық сериалдарды түсіруге кеткен сома нақты емес, қателесуіміз де мүмкін» деген ескертпесі де бар. Көріңіздер
Әрі қарай

Жігітпен танысу оңай ма?

Блог - kaztube: Жігітпен танысу оңай ма?
Жасырын камерасымен жорыққа шығатын Эльвира Ерғалина тағы да бір қызық видео дайындады. Ол бұл жолы жігіттер қыздармен көп таныса ма екен, әлде қыздар жігіттермен көп таныса ма екен, соған эксперимент жасап көрді.
Жалғыз отырған жігіттің жанына барып, «танысайықшы» деп тұрған қыз сырт көзге қалай көрінеді? Қыздың ондай әрекетін жігіттер қалай қабылдайды?
Көп адамға жасалмаса да, осы жігіттердің өзі көп нәрседен хабар береді.
Көріңіздер.
Әрі қарай

Балгер арқылы күйеуге шығу мүмкін бе?

Блог - kaztube: Балгер арқылы күйеуге шығу мүмкін бе?

Өміріңізде бір рет болса да, балгер не көріпкелге барып көрдіңіз бе? Ол не деді? Алдымен сізді мақтады, иә? Мақтаған бәріне жағады. Сосын өзіңізден аз-аздап ақпарат ала бастайды да, оны өтірік араластыра отырып, өзіңізге қайта айтып береді. Сіз «рас, ей» деп қаласыз. Үйге барған соң айналаңыздағыларды баруға үгіттейсіз. Балгердің өтірікті айтқаны үшін ғана қалтасы қампая береді. Солай алданып жүргендер көп.
Блогер Эльвира Ерғалина қолына камерасы мен диктофонын алып, балгерлерге барып қайтты.
Мына сілтемеден көріңіздер.
Әрі қарай

Блогкемп - 2014. Блогиада. Қарағанды.

Блог - kaztube: Блогкемп - 2014. Блогиада. Қарағанды.
Биыл Қарағанды қаласында өткен IV Блогқұрылтайдан блогер Эльвира Ерғалина видео дайындап әкелген болатын. Өткен посттарымызда атап өткендей, Эльвира түсіріп келген видеоларды үшке топтастырдық: Блогқұрылтай, Блогиада және Қарағандыға саяхат.
Бүгін Блогиада жайында түсірілген видеоны ұсынамыз.
Бұл видеода Блогиаданың келесі турына өткен 32 қатысушы өз әсерлерімен бөліседі және Блогиаданың алдағы уақыттағы ережелері мен тәртіптері түсіндіоіледі.
Кімнің 32 қатысушы арасында бар екенін көріңіз.
Сіздер үшін :)