"Алау" мұз сарайы көп функционалды спорт кешеніне айналды

Күн жылынғалы «Алау» мұз сарайы көп функционалды спорт кешеніне айналды. Енді онда бадминтон, үстел теннисін ойнап, уақытыңызды көңілді өткізе аласыз, сондай-ақ, роллерлер үшін 400 метрлік жол жасалған. Коньки тебуге келгендер үшін шағын мұз корт дайындалды. Ал жақын арада «Алау» мұз сарайындағы ойын-сауықтар шағын гольфпен толықпақ.

– Біз Астанада бұқаралық спортты дамыту қолдаймыз. Сондықтан 1 мамырдан бастап барлық елорда тұрғындары мен қонақтарын біздің жазғы орталығына шақырамыз. Жазғы «Алау» спорт орталығы дүйсенбіден басқа күндері жұмыс істейді. «Алау» сағат 18.00-21.00 дейін жұмыс істейді. Келушілерге қолайлы болу үшін демалыс күндері үш сеанс ұйымдастырылады: біріншісі сағат 10.00-13.00, екіншісі – 14.00-17.00, үшіншісі – 18.00-21.00 аралығында, — дейді мұз сарайындағылар.

Астана жаңалықтары: Алау мұз сарайы көп функционалды спорт кешеніне айналды

Ересектер үшін билеттің құны 1000 теңге, балалар үшін – 500 теңге. Келушілерге икемді жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. 5 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға, зейнеткерлер мен III топтағы мүгедектерге 50% мөлшерінде жеңілдік жасалады. 5 жасқа дейінгі балаларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, көп балалы отбасылардан шыққан балалар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне кіру мен жабдықтар тегін беріледі. Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер үшін 20% мөлшерінде жеңілдік қарастырылған. Осылайша балалар кіру мен жабдықтар үшін 800 теңге төлейтін болады.

Астана жаңалықтары: Алау мұз сарайы көп функционалды спорт кешеніне айналды

«Алау» әрқашан өз қонақтарын қуантуға тырысады. Сондықтан орталық аумағында далада жағажай волейболын және шағын футбол ойнауға болады. Бұдан басқа, «Алау» МКҚК директорының орынбасары Ильдар Садықовтың айтуынша, биыл шағын гольф та енгізілмек.

– «Алау» еліміздегі адамдар көптеп келетін спорт нысандарының бірі, біз орталықтың беделін арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Биыл енгізілгелі отырған жаңалықтардың бірі – шағын гольф. Оның үстіне, балалар өздеріне лайық ойындарды таба алатындай отбасылық спорт орталығын жасағымыз келеді. Сондықтан кішкентай астаналықтар үшін арнайы үрлемелі батут құрылды, — деді И. Садықов.

Сондай-ақ, «Алау» МС әр түрлі турнирлер де өткізіледі. Жақын арада мұнда теннистен Елорда күніне орайластырылған Astana Сup – 2016 марафоны өтеді. 1 маусым -Халықаралық балаларды қорғау күні мұз сарайында ашық есік күні ұйымдастырылып, келушілердің барлығы орталыққа тегін кіріп, уақыттарын көңілді өткізе алады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

ASTRA PLAT көлік карталарын беру автоматтандырылады

Қоғамдық көлікте қатынау карталарын беру процессін автоматтандыруға байланысты жеңілдікті көлік карталарын беру пункті техникалық себептер бойынша жабық болады деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

«Астана LRT» ЖШС Төлем жүйелері орталығының мәліметіне сәйкес, техникалық үзіліс карточкалардың жалпы санының жартысы берілген уақытқа алдын ала жоспарланған болатын. Қазіргі кезде мамандармен 54 мың картаның 26 мыңға жуығы берілген.

«Процедура автоматтандырылған, оператор арнайы қосымшаға азаматтың мәліметтерін енгізеді, сонда қажетті картаның қай секторда, қай қорапта жатқанын көреді. Бұл бір адамға 2-3 минуттың ішінде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осы күнге дейін карталардың жартысы таратылды. Сәйкесінше, кейбір қорапта карта көп, кейбірінде аз. Сондықтан, біз қалған карточкаларды реттеу үшін техникалық үзілісті алдын ала жоспарлаған болатынбыз, — деді Төлем жүйелері орталығының директоры Сергей Попов.

Астана жаңалықтары: ASTRA PLAT көлік карталарын беру автоматтандырылады

Еске салайық, 2016 жылғы 4 мамырда қоғамдық көлікте «ASTRA PLAT» электронды жолақы төлеу жүйесін енгізу аясында «Жастар» сарайында азаматтардың жеңілдетілген санатына атаулы көлік карталары таратыла бастады. Жобаның бірінші кезеңін 31 мамырға дейін іске қосу және экспресс пен қала маңына қатынайтын маршруттарды қамту көзделген. Бұл жүйе тасымалдау қызметтері үшін қаржы түсімінің айқындылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Әрі қарай

Қабанбай батыр даңғылында көлік қозғалысы жабылады

Қабанбай батыр даңғылында Қорғалжын тасжолынан Республика даңғылына («Рамстор» дүкені жанындағы көпір) дейін жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты 22 мамырда аталған жол бөлігінде көлік қозғалысы жабылады деп хабарлайды Астана қаласы ікімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Астана жаңалықтары: Қабанбай батыр даңғылында көлік қозғалысы жабылады

Айта кетейік, 14 мамырдан 5 маусымға дейін Өзбекәлі Жәнібек көшесінің Айнакөл көшесінен Қошқарбаев көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы толығымен тоқтатылды.

Сонымен қатар, 13-23 мамыр аралығында Бөкейхан көшесінің Кенесары көшесінен Ағыбай батыр көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. 25 мамырға дейін Қошқарбаев көшесінің Момышұлы даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейінгі бөлігі жартылай жабылады.
Әрі қарай

Елбасы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековті қабылдады

Бүгін Елбасы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековті қабылдады деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz. Ә. Жақсыбеков Мемлекет басшысына елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы, негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.

Астана жаңалықтары: Елбасы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековті қабылдады

Кездесу барысында Қазақстан Президенті өңірлік жалпы өнімінің көлемі 4 триллион 560 миллиард теңгеге жеткен қала бүгінде өсім қарқыны бойынша елде бірінші орында тұрғанын айтты. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсімі байқалуда, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ол 770 миллиард теңге болды. Шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 2014 жылы 93 мың болса, қазіргі кезде 105 мыңға дейін жетті. Шағын және орта бизнес секторындағы қосымша құнның жиынтық үлесі қала экономикасының жалпы көлемінің 62 пайызына жуық. Биыл 2,1 миллион шаршы метр көлемінде баспана пайдалануға беріледі деп жоспарланған, 2014 жылы бұл көрсеткіш 1 миллионның шамасында болған еді.

Ақорда сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысы әлеуметтік даму индикаторлары арасынан жұмыссыздық деңгейінің төмен екенін және 6 мың бос жұмыс орны бар екенін айтып өтті. Өткен жыл қорытындысы бойынша, Астанада жан басына шаққандағы орташа табыс 3,7 миллион теңге болды. Елордада балалардың 84,5 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған, балабақшалар мен мектептер құрылысы жалғасуда. 2015 жылы жаңа туған 100 мың сәбиге шаққанда ана өлімі 7 адамға тең болса, биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш нөлге теңесті.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланы дамытуға капитал салу тиімді болып шыққанына, бүгінде оның орны толып жатқанына да назар аударды.

– Бұл – қуантарлық көрсеткіштер, ол мемлекеттің, бірінші кезекте қала әкімдігінің сындарлы жұмысының нәтижесі болып саналады. Осы жұмысты жалғастыру керек. Елорда барлық бағыт бойынша үлгі көрсетуге тиіс. «Ақылды қаланы», балама энергетиканы дамыту, жылумен жабдықтау, көшелерді абаттандыру, автотұрақтар салу бағытында көп нәрсе жасалуда. Қала жақсы дамып келеді және бұған қажетті өз қаражаты да бар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Бұл кездесу мен тапсырмалар нәтижесін хала тұрғындары жақын арада байқайды деген сенімдеміз.
Әрі қарай

Жедел жәрдем жұмысы жақсартылады

Сәуірдің 4 күні Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен елорда әкімдігінің аппарат отырысы өтті. Бұл жолы отырыста талқыланған өзекті мәселе қалалық денсаулық сақтау жүйесі жұмысындағы кемшіліктер болды.

Биыл қала әкімінің халықпен есеп беру кездесуінде Денсаулық сақтау басқармасына жедел жәрдем бригадасының шақырулар бойынша жету уақытын 10 минутқа дейін азайту міндеті қойылған болатын. Жедел медициналық жәрдем қызметін модернизациялау жөніндегі кешенді жоспар аясында елорда әкімдігі барлық қолайлы жағдайды жасағанына қарамастан «жедел жәрдем» жұмысында кемшіліктер бар. Жедел жәрдем қызметіне қатысты шағымдар әкімдікке әлі де болса, түсіп жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, жедел көмекті күтуге көп уақыт кетеді.

Астана жаңалықтары: Жедел жәрдем жұмысы жақсартылады

Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбековтың тапсырмасымен Жедел медициналық жәрдем станциясының қызметіне талдау жүргзілді, соның аясында қызметкерлер бригадалармен бірге шақыруларға барды. Бірлескен жұмыс нәтижесінде бірнеше себептер анықталып, ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда операторлардың ақпаратты кеш беруі мен кезекші ауруханаларда азаматтарды қабылдаудың сапасыз ұйымдастырылуы бойынша ескертулер жасалды. Бұдан басқа, жедел жәрдемнің шақырулар бойынша кеш баруының объективті себептері де бар, мысалы жолдардағы кептелістер, «Bus Lane» бақыланбайтын жолақтары, тұрғын үйлер аумағында заңсыз орнатылған шлагбаумдар. Осыған байланысты, сәулет, тұрғын үй инспекциясы басқармаларына, аудан әкімдіктері мен жергілікті полиция қызметіне де нақты тапсырмалар берілді.

Проблемаларды айтып өткенімен, осы денсаулық саласы жүйесіндегі жетістіктер де назардан тыс қалмады. Экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Елордада жаңа нысандар бой көтеріп, материалдық-техникалық база жақсартылуда, денсаулық сақтау саласы жүйесі мамандарының біліктілігін арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар, Жедел медициналық жәрдем қызметін модернизациялау жөніндегі кешенді жоспар аясында жедел жәрдем мамандарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша қосымша шаралар қарастырылған.

Астана қаласының әкімі мәселелерді жасырмай, шешу қажет екенін атап өтіп, бұл саланы үнемі назарда ұстайтынын айтты. Оның ойынша осы жұмыстардың нәтижесін бағалайтын халық болуы тиіс. Денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды талқылаған соң, өзінің орынбасары Ермек Аманшаевқа барлық ауруханалар мен емханалар бойынша мұқият талдау жүргізуді және Жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысын бақылауға алуды тапсырды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kzдеректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Қоғамдық кеңес көлік мәселесін талқылады

Сәуірдің 15 күні Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы барысында көлік инфрақұрылымы мәселелері қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелеріне жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі, ақылы автотұрақтар туралы баяндалып, қалалық жолаушылар көлігінде контактісіз карталармен электронды төлемдер жасау жүйесін пайдалану ережелері түсіндірілді.

Қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалану ережелерімен таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, аталған жүйе қала тұрғындарға көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы экономикалық және әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуге, соның ішінде көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін арттыруға, апаттылықты азайтуға және т.б. септігін тигізеді. Бүгінгі таңда алты көше, яғни 42 қиылыс ITS интеллектуалды көлік жүйесімен жабдықталған. Алдағы уақытта аталған жүйені тағы да 54 қиылыста енгізу жоспарланған, — дейді Е. Сүлейменов.

«Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Талғат Ардан бұл жүйенің әр жүргізушіге қозғалыс бағытына қарамастан бағдаршамның оңтайлы режимін болжауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Бұл бейімделуге болатын басқару, бағдаршамдар көліктер санын жолақтар, бағыттар бойынша есептейді, көлік түрін, оның жылдамдығын анықтайды, осының барлығы тәулігіне 24 сағат бойы әрбір 3 секунд сайын синхрондалады. Бағдаршамдар нақты учаскеде белгілі бір көлік санына сигналдың оңтайлы режимін анықтайды, — деді Т. Ардан жобаны таныстыру кезінде.

Отырыс барысында көлік қоюға арналған 9 мың орны бар ақылы тұрақ енгізу жобасы әзірленіп жатқандығы туралы мәлім болды. Бірінші кезеңде 910 тұрақ орны жасалмақ, жоба үстіміздегі жылдың мамыр айының соңына дейін іске қосылмақ.

Ақылы тұрақтар «Нұрсая 1» және «Нұрсая 2» тұрғын үй кешендерінің маңындағы «Нұржол» желегінің, «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесінің жанындағы көшелердің бойында, сондай-ақ, Ақмешіт, Түркістан көшелерінде және Қабанбай батыр даңғылының шығыс бөлігінде орналасады.

Астана жаңалықтары: Қоғамдық кеңес көлік мәселесін талқылады
— Онда ақпараттық қалқандар, электронды табло орнатылады, паркоматтар қойылады. Модеммен жабдықталған детектор асфальтқа кіріктіріледі, бұл бізге машинаның қай аймақта екендігін көруге мүмкіндік береді. 15 минуттың ішінде төлем жасау керек. Тұрақ орнының құны белгісіз, — деп түсіндірді Т. Ардан.

Отырыс барысында жобаның инвесторлардың есебінен іске асырылатыны атап өтілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері әзірлеушілерден жобаларды жүзеге асыру кезінде, соның ішінде үйдің маңындағы аумақтарда орын алуы ықтимал барлық жағдайларды қарастыруға шақырды.

Отырысқа қатысушылар елордалық көлік инфрақұрылымы объектілерін «Астана LRT» компаниясының басқаруына беру ережелерін және кабельдік кәріз бен инженерлік инфрақұрылымды пайдалану ережелерін бекітті.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Фото жұмбақ

Астанадағы ескерткіштерді таныту мақсатында фото жұмбақ ойынын бастадым.
Алғашқысы.
Мына жазулар қай ескерткіштің алдында жазылған.
Әрі қарай