​Балаңызға қандай ата-ана болып жүрсіз?

«Мен қандай әкемін (анамын)?» Бұл сұрақ сізді толғандыра ма? Жауабын білгіңіз келсе,…

«Мен қандай әкемін (анамын)?» Бұл сұрақ сізді толғандыра ма? Жауабын білгіңіз келсе, алдымен өз әрекеттеріңізді, балаңызбен арада қалыптасқан қарым-қатынасты саралап көріңіз. Қосымша астрологтардың сипаттамасын да ескеруге болады.

Тоқты
Тоқты әке балаларын шексіз жақсы көреді әрі оларды мақтан тұтады. Кез келген баланың тілін оңай табады, жақсы түсініседі, досы әрі кеңесшісі бола алады. Ал, Тоқты аналар көбінде қатаң принциптерді ұстанады. Ұл-қыздарының айтқанын екі етпеуін қалайды. Оларға өзгелерді емес, өзін бақылауға алып, аздап сабырлылықты үйренген дұрыс болар еді. Оған қоса, барлық жағынан бірінші болуды қалайтын Тоқты әйелдер өзгемен сайысса да, өз баласымен бәсекелес болмағаны жөн. Көбірек еркіндік беріп, өз жолын өзіне таңдату да олардың ақсап жатқан осал тұсы.

Торпақ
Торпақ-әкелер балаларға көп көңіл бөледі, сөйте тұра, көп нәрсе талап етеді. Өздері адалдық, шыншылдық, сенімділік үлгісін көрсете отырып, перзенттерін де осы қасиеттерге тәрбиелеуді мақсат тұтады. Торпақ аналар болса қамқор, сабырлы, асығыстыққа бой алдырмайды. Олардың балаларының үнемі қарны тоқ, киімі таза жүреді. Аталған белгі аясындағылар ұл-қыздарын барынша материалист қылып өсіруге тырысады. Нәтижесінде балалары дүниеқор, есепшіл болып шығуы әбден мүмкін.

Егіздер
Егіздердің ері үшін де, әйелі үшін де ата-ана болудың жүгі ауыр. Олар өздеріне уақыт пен көңілді көп бөлетіндіктен, өзгелерге аз қалады. Есесіне, перзенттеріне еркіндік көбірек тиеді. Балаларына сенім арта алады, тең дәрежеде сөйлеседі. Алайда, бала тәрбиесіне келгенде аса ұқыпты емес. Сол себепті де балаларының тиісті құрмет көрсетпеуі оларды таң қалдырмауға тиіс.

Шаян
Әдетте, олардан жақсы ата-ана шығады. Шыдамды, баланы шексіз сүйетін, кез келген мәселесі мен қызығушылығына ортақ бола алатын ата-ана. Шаян-әкелер қыздарына өте жақын болып келеді. Дегенмен, артық махаббатпен баланы тұншықтыру қаупі де бар. Оларға шектен тыс алаңдап, соңы бала еркіндігін шектеуге жеткізуі мүмкін. Тағы бір кемшін тұсы — Шаян белгісіндегілер өмірлік серігінен баланы жоғары қояды. Бұл жеке өмірге кері әсерін тигізуі ықтимал.

Арыстан
Арыстандардың балажандығы сонша, оларды жақсы көргенде өзін ұмытады. Өсіп келе жатқан бала бойындағы еш кемшіліктерді байқамайды, салдарынан түзету де болмайды. Ұрпағын бар қажетімен қамтамасыз етуге барынша тырысады. Осының бәрінен соң ұл-қызы өзіне құрметсіздік көрсете қалса, оған төзбейді.

Бикеш
Бикештер — тумысынан жауапты, байсалды адамдар. Олар бала алдындағы ата-аналық міндеттеріне де үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, Бикеш-аналардың балаға деген қамқорлығы ерекше. Олардың қамын ойлап, тәртіп пен пайдалы әдеттерді бойларына сіңіруге көп күш салады. Алдымен пайдалы іс, содан соң барып ойын деген қағиданы қатаң ұстануды үйретеді. Ақыл-ой қабілетін жетілдіруді басты орынға қояды. Ал, Бикеш ерлерді «жақсы әке» деп бағалау қиындау. Балалардың шуы мен еркелігін көтере алмайды, тынымсыздығына шыдамы жетпейді.

Таразы
Олар баланы қаталдау тәрбиеде ұстайды. Адамдарды құрметтеуді, олармен тығыз байланыста болуды үйретеді. «Адамның күні адаммен» дегенді жастайынан ұқтырады. Таразы белгісіндегілер — үйдегі үйлесімділікке ұмтылады және оны орната да алады. Ұл-қызының шаруасына көп араласа бермейді, алайда тәртіп пен тазалық сақтау — балаларға қояр басты талабы. Бұл белгі аясындағы ата-аналар ішінде көпбалалылар сирек кездеседі.

Сарышаян
Әдетте, Сарышаяндар үлкен отбасының отағасы не отанасы болады. Көпбалалы болғанды ұнатқанымен, оларға үлкен отбасыны басқару, отбасылық гармония орнату қиынға түседі. Билік пен мансапты ұнататын Сарышаяндар перзенттеріне қатаң талаптар қояды. Себебі біреу — сол арқылы жетістікке жеткендерін көріп, мақтан тұту. Жас өскінмен қарым-қатынаста оларға жұмсақтық пен төзімділік жетіспейді. Сарышаянның шексіз атаққұмарлығы баласына да беріледі.

Оқи отырыңыз: 2019 жыл: Қаңтар айына арналған жұлдызжорамал

Мерген
Олар — тамаша ата-аналар. Отбасы мүшелерімен достық қарым-қатынас орнатып, баламен жақсы тіл табыса алады. Сөз және іс көмегін аямайды. Ата-аналық міндетін атқару оларға түк те қиындық туғызбайды. Қонақжай Мергендердің үйінде алыстан келген туыстар ғана емес, көрші-көлемнің балалары да у-шу болып жатады.

Тауешкі
Олар үшін тиянақтылық, тұрақтылық, тәртіп пен реттілік бірінші орында. Үй-тұрмыс пен отбасылық істерге қатысты шешім қабылдауда түйсікке көп сүйенеді. Бала тәрбиесінде ескіден келе жатқан дәстүрлі тәсілдерге сенім артады. Отбасы мүшелерінің басын жиі қосып, отбасылық дәстүрлерге құрметпен қарайды. Тауешкі ата-аналарға баламен қарым-қатынаста сезімталдық жетіспей жатады. Сол себепті де жақын досына айналу, олардың мәселелері мен сырына қанығу қиынға түседі.

Суқұйғыш
Суқұйғыш белгісіндегі ата-аналар үйде шығармашыл, жылы шырайлы достық атмосферасын орната алады. Ұл-қызына еркіндік беріп, дербестікке, өз бетінше әрекет етуге баулиды. Тең дәрежеде сөйлеседі. Олардың бойындағы кең қызығушылық шеңбері балаларына да сіңеді. Мұндай ата-ананың бала алдында беделі биік, сенімге ие. Өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынас орната біледі.

Балықтар
Балықтар — қамқор, ұқыпты ата-аналар. Балаға қаталдық таныта алмайды, асты-үстіне түсіп мәпелейді. Бала-шағаның еркелігі мен өтінішіне «жоқ» дей алмай, бар айтқанын орындаумен әлек болады. Ол үшін қандай да бір құрбандыққа бару қажет болса, барады. Баланың тұлғалық және рухани дамуына баса мән береді. Оған қоса, өзі бала кезінде қол жеткізе алмаған армандарын ұл-қызының балалық шағында жүзеге асыруға тырысады.

Оқи отырыңыз: Үй шаруасымен қатар жаттығу да жасай жүріңіз

Аударған: А.Бектұрғанова, ERNUR.KZ

Бұл қателікті жасамаңыздар, АНАлар!

Егер, ұл-қызыңызбен арада түсініспеушілік болса, ол сізді тыңдамай жатса, бұл оның жан территориясына күшпен енгеніңізді білдіреді. Ал, перзентіңіздің жан территориясы деген не?

Психологтардың айтуынша, әр адам жеке мемлекет сияқты. Бір мемлекеттің шекарасына келесі мемлекет күшпен еніп, оның белгілі бір бөлігін иемденбек болса не болады? Әрине, соғыс болатыны белгілі. Дәл сол сияқты кез келген адамды жеке тұлға, жеке мемлекет деп қарап, оның жан территориясының шекарасынан аспағанда ғана тыныш, бейбіт, келісімді өмір сүре аласыз.

МЫСАЛ: Сәуле – жасы 45-тегі ана. Ал оның анасы қазір 70 жастан асты. Сәуле отбасының тұңғышы. Одан кейін төрт інісі бар. Оның анасы да әке-шешесінің жалғыз қызы болған.
Кеңес Одағы кезеңінде астана – Мәскеу еді. Сәуленің сол Мәскеудегі аты дардай жоғары оқу орнында білім алған. Алайда, анасы тағдырдың бұйрығымен ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан.
Сәуленің күйеуі де жоғары білімді адам. Ол балаларының болашағын қалада қалауды армандаған. Бірақ та, ол үйінің кенжесі болғандықтан, қарт ата-анасының «Қара шаңырақта кенже ұл отыруы керек» деген сөзін жерге тастай алмай, ауылға оралған. Анасы кішкентайынан Сәуленің санасына «Менің армандарым орындалмай қалды. Енді сен сол армандарды орындауың керек» дегенді сіңіріп отырды. Қысқаша айтқанда анасы Сәуленің – өмірлік бағдаршамы болды. «Жүр» десе жүрді, «тоқта» десе тоқтай қалды.
Қазір Сәуле де ана. Екі қызы бар. Бірақ, Сәуленің қыздары анасының айтқанын өзі секілді бұлжытпай орындамайды. Айтылған ақыл мен ескертпені сүзгіден өткізіп, өздері дұрыс деп тапқанын ғана алып, орындайды. Мысалы, үлкен қызы 2018 жылы мамыр айында мектеп бітірді. Сәуле оны күштеп мединститутқа түсірмек болды. Ал қызы «Мен 7-9 жыл оқығым келмейді. Ұзақ оқуға шыдамым жетпейді. Одан да әсемдік салондарындағы 2-3 айлық курсты оқып аламын да, қас, тырнақ, шаш сәндеумен айналысамын» дегенінен қайтпады. Сәуле «Тым болмаса медициналық колледжге түс» деп қызын қалауынан айныту үшін ұзақ уақыт онымен алысты. Ақыры қызын көндірді, алайда қызы бәрібір сабағынан тыс уақытта тырнақ сәндеудің курсын оқып алды. Бұны Сәуле білгенде қатты ашуланды. Олардың арасында тағы да ұрыс-керіс, келіспеушілік орын алды.

СӘУЛЕНІҢ ҚАТЕЛІГІ
Бірінші қателігі – қыздарын өзінің оқушы, студенттік кезіндегімен салыстыруы.
Екінші қателігі – өз анасының тәрбиесіндегі шаблондарды түгелдей көшірме жасап, оны тәрбие құралы ретінде қатаң пайдалануы.
Үшінші қателігі – анасының қателіктерін қайталауы.
Ең басты қателігі – үшінші қателігі.

СӘУЛЕНІҢ АНАСЫНЫҢ ҚАТЕЛІГІ
Оның анасы бала кезінен дәрігер болуды армандаған, бірақ ата-анасы оны өнер саласына оқуға берген. Бірақ, ауылға тұрмысқа шыққан ана мектепте ән-күй сабағының мұғалімі боп қызмет етеді. Өз арманы орындалмаған ана жан-дүниесіндегі бір шеті кертіліп тұрған қалауын қанағаттандыру үшін жалғыз қызы – Сәулені мединститутқа түсіреді.
Сәуле оқу бітірер жылы жанына жақын «өз адамын» жолықтырса да ол басқаға тұрмысқа шықты. Өйткені, біріншісі шалғай ауылдардың бірінде тұрады, екіншісі ұнамаса да ол қаланың жігіті. Сәуле қаланың жігітімен бас қосты. Бұл да анасының арманы, қалауы.

ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ
Барлық медициналық мекемелерде арнайы психолог кадрлары бар екені белгілі. Сәуле жұмыс істейтін перзентханада да психолог бар. Орайын тауып Сәуле мәселесін айтты. Психолог ешкімді ешкіммен салыстыруға болмайтынын, әр адамның, тіпті кішкентай баланың да өз территориясы болатынын түсіндірді.
«Арман, қалау, жалпы айтқанда әр адам жанының өзіне ғана тиісті территориясы болады. Бір мемлекеттің шекарасына келесі мемлекет рұқсатсыз немесе күшпен еніп, оның белгілі бір бөлігін иемденбек болса не болады? Әрине, соғыс болатыны белгілі жайт. Дәл сл сияқты кез келген адамды жеке тұлға, жеке мемлекет деп қарап, оның жан территориясының шекарасынан аспағанда ғана тыныш, бейбіт өмір сүре аласыз.
Ал жан территориясы деген не?
Бұны былай түсіндірейін. Оның ұнамаған ісін айтыңыз. Екінші рет бұндай жағымсыз қылық көрсетпеуін сұраныңыз, талап етіңіз. Одан не күтетіңізді, нені қалайтыныңызды жеткізіңіз. Өз көзқарасыңызды айтып, өз нұсқаңызды ұсыныңыз. Осы жетеді. Болды, шекара осы жерден бітеді. Ал, мәжбүрлеу, сіз сызып қойған шеңберден шығармай қадағалау, күштеу – оның шекарасына кіру боп саналады».
Сосын психолог Сәуледен «Сіз қыздарыңыздың басты армандарын білесіз бе?» деп сұрады. Төтесінен қойылған сауал Сәулені кәдімгідей ойландырып қойды. Жауап беруге дайын емес екенін ұққан психолог «Мейлі. Ал сіз мектеп бітірерде, бойжеткен шағыңызда нені армандадыңыз? Еске түсіріңізші» деді. Сәуле тағы да абырап қалды, жауап берпе алмады. Өйткені, шындығында Сәуле өзінің емес, анасының армандарымен өмір сүрген еді.

НӘТИЖЕ
Содан кейін Сәуле бір-екі айдай балдәурен және жастық шағына ойша саяхаттады. Ол осы күнге дейін тек анасының армандарын орындап келгенін, ал анасы өз шешесінің армандарымен өмір сүргенін ұқты.
Психолог апайдың «Еске түсіріңізші, сіз нені армандағансыз?» деген сөзінен кейін көп ойланғандықтан ба, әлде жас кезінде ішінде тұншығып шыға алмай қалған қалауларының бетін аршыды ма екен, ол өзіме не керек екенін енді түсіне бастады. Ол мектеп қабырғасында жүргенінде анасы секілді мұғалім болғанды армандаған екен. Бұны желтоқсан айында перзентханада жүкті әйелдерге өткізілген семинар-сабақта түсінді. Бірінші рет ол болашақ аналарға арнап дәрігерлік кеңес сабағын өткізіп, баяндама оқыды. Осы баяндаманы дайындау кезінде көп ізденді, жұмыс тәжірибесінде болған оқиғаларды еске түсіріп жазды. Болашақ аналарға сабақ боларлық, ой саларлық жайттардан мысал келтіре отырып, өткен семинар-сабағы қатысушыларға ұнады. Ең бірінші өзіне ұнады, ортаға шығып көпшілік алдында сөйлегеннен, білетінімен бөліскеннен ұзақ жылдан бері ішінде торға қамаулы тұрған жаны бостандыққа шыққандай күй кешті. Жаны рахат тапты. Осы кезде ғана әр адам өзінің жан жүрегімен қалағаны орындалғанда шын бақытқа бөленетінін түсінді.
Ол анасы да орындалмаған арманын қызы іске асырғанда толыққанды бақытты болған шығар деп ойлады. Сәуле анасын кінәламады, бірақ, оның қателігін қайталамауға өзіне-өзі сөз берді. Енді бұдан былай қыздарының да, өзгенің де армандар шекарасына өтіп кетпеудің дұрыс екенін жөн көрді. Тіпті, жас мамандар ақыл-кеңес сұрай қалса да қазір бұрынғыдай «Жоқ олай етпе. Сен одан да бүйт, сөйт» деп ақыл айтпайтын болған. Майра апай айтпақшы, тек өз көзқарасын, ұнамаған тұстарын және өз ұсынысын ғана айтады. Ары қарай шешім қабылдау, қандай қадамға бару, қайсысын дұрыс, қайсысын бұрыс санау – әркімнің өз еншісіне қалдыру керектігін біледі. Сәуле осы ұстанымды ұстанғалы қазір үлкен қызымен де, оқушы жастағы кішкентай қызымен де тез келісімге келетін болған. Олар да сырларын, армандарын, сабақтан соң қайда барғандарын, не істегендерін жасырмай анасына айтатын болды.

ӨЗІН-ӨЗІ ІЗДЕП ТАПТЫ
Отбасындағы мәселесі шешімін тапқаннан кейін Сәуле соңғы кезде бұрын орындалмай қалған өз арманымды жүзеге асыруды ойлап жүр. Нақтырақ айтсам, қосымша бір-екі сағат болса да перзентханадағы жұмысынан бос уақытта қаладағы медколледждің студенттеріне дәріс оқуды жоспарлауда. Өйткені, Оның орындалмай қалған арманы – мұғалімдік, оқытушылық. Сәуле бала кездегі арманын іздеп тапты.
Адам өзіне не керек екенін білгенде ғана басқаларға да не қажет екенін түсінеді. Ал, түсінген адам қателіктерге жол бермейді. Қателіктерге жол бермеу – отбасылық, басқа да мәселелерден аулақ етеді.

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ

Ана - өмірдің шуағы!

Ана… Ана үш әріптен ғана тұратын сөз. Алайда осы сөздің астарында телегей-теңіз ой жатыр. Дүние есігін ашқан әрбір адам ең алдымен ыстық махаббатымен, жүрегімен, сезімімен бір ғажайып иісті сезеді. Ол — ана жүрегі, ана сезімі, ана иісі.
«Ана бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес, Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Ана — өмірдің бастауы. Ана — отбасы ұйытқысы. Тіпті, анамыз 10 минутқа сыртқа шығып кетсе, лапылдап жанып жатқан отымыз сөніп қалғандай, үйдің іші қараңғыланып, түнеріп қалады. Ал, анамыз үйдің табалдырығын аттай бастағанда үйге бір жарқ сәуле шашылғандай, бұлттанып бара жатқан аспанымыз кенеттен күн шығарып жібергендей үйдің іші лезде жарқылдап, аппақ моншақтар төгілгендей ғажайып сәулелендіреді. Сондықтан да анамызды ешқашан ренжітпей, көңілге кірбің келтіретін сөздер айтпай, керісінше жылы сөздер айтып масаттандырыңыз. Сонда ғана ананың күлімсіреген, бақытты жүзін көресің. Айналамызға нұрын шашып жүрген аналарымыз аман болсын!!! Әрқашан қадірлеп, сыйлап, қастерлеп өтейік!!!
Әрі қарай

Мен үшін - ТРАГЕДИЯ!

Блог - DinaAbdigalieva: Мен үшін - ТРАГЕДИЯ!
Қазір курс жұмысымен бас қатып жүр. Уақытым зулап өтуде. Кешке әдет бойынша жазбаларыма жазылған пікірлерді оқимын. Кейде ұялғаннан кірер тесік таппай, кейде көздерім «банкадай» аң-таң күйге бірақ түсемін. Жарайды, «Сын түзелмей, мін түзелмейді»
Әрі қарай

«Аналар үйі» қажет пе?

Қазақстанда 5 миллион бала, оның ішінде 43 мың жетім, 25 мың қамқорлық пен патронаттағы бала бар. 15 жыл ішінде 50 мың баланы асырап алған. Жыл сайын 3 мың бала жаңа отбасын табады. 209 мемлекеттік балалар үйі мен 33 Жасөспірімдер үйінде тәрбиеленуде. 13 мың бала Балалар үйінен шыққан, оның 80 пайызының ата-аналары бар. 20 жыл ішінде Қазақстаннан шетке 15 мың бала кетіпті. Мұны не үшін айтып отырмыз?
Тастанды балалар, безбүйрек аналар, жетімдер деген сөз әрине жақсы емес. Ол қоғамның ащы көрінісі мен ащы шындығы. Қайбір жылдары балаларды өлім аузына тастап кеткенше «арнайы жәшікке қалдырып кетсін» деген ұсыныс шығып, ол қоғамдық резонанс тудырып, жұртшылық қабылдамай қойған-ды. Сол себепті, 2013 жылы «Ана үйі» қоғамдық қорын меценат Айдын Рахымбаев жұбайымен бірге ашқан болатын. Ал, ОҚО-дағы «Аналар үйін» меценат Дінмұхамед Ыдырысов қаржыландырады.
Жобаның мақсаты – тастанды балалардың көбеюінің алдын алу, қиын жағдайға тап болған әйелдердің балаларын жетімдер үйіне өткізуіне жол бермеу. Республика бойынша осындай 28 үй бар. Астана, Алматы қалаларында 4 үйден ашылған. Осы жобаның арқасында 1049 бала тас жетім атанудан аман қалыпты.
Шымкент қаласында 2 «Аналар үйі» бар. Біріншісінде — 16 ана, 12 бала, 4 жүкті әйел паналап отырса, екінші үйде — 9 ана, 9 бала, 1 жүкті әйел бүгінде балаларымен осында тұрып жатыр. Аталмыш қоғамдық қордың үйлестірушісі Оксана Браткова ханыммен жолығып, кәмелет жасына жетпей жүкті болған қыздардың өмірбаяны туралы жазғым келетінін айттым. Өтінішіме қарсы болған жоқ, қыздармен жолығып сұхбат алуыма рұқсатын берді.
«Аналар үйінде» ешкімді де күшпен ұстамайды, мұнда өз еркімен келеді. Барлық жағдайы жасалған, үш мезгіл тамақ беріледі. Медициналық, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Өйткені, кейбір кәмелет жасына жетпегендердің төлқұжаты жоқ. Аналар баласы 1 жарым жасқа келгенше бірге тұрады. Бірақ, одан кейін де оны бірден көшеге шығарып тастамаймыз. Білім алып, жұмысқа орналасуына жәрдемдесеміз. Көкшетауда тек қана кәмелетке толмағандар тұратын «Ана үйі» бар. Онда орта білім алумен қатар, қосымша тігінші, шаштараз, массажист, кондитер, аспазшы мамандықтарын алып шығады. Себебі, кәмелет жасына жетпегендер жоба бойынша 18 жасқа дейін баласымен осында болады», — дейді О.Браткова ханым. Блог - Zhan: «Аналар үйі» қажет пе?
Оксана Анатольевнаның айтуынша, мұнда отбасымен қайтадан табысып, тіпті тұрмысқа шығып жатқандар да бар екен. «Қыздың көбінесе ата-анасы, туған-туыстары немерелерін мойындамайды. Оң жақта отырып жүкті болып қалды, отбасыны абыройдан айырды деп есептейді. Сол себепті, біз қолдан келгенше жас ананың отбасымен қайтадан табысуына, оның ішкілікке салынып кетпеуіне күш салып, арнайы психологтармен жұмыс істейміз. Бұл жерде кәдімгі үйдегідей өмір сүруге тырысамыз. Үйді өздері жинап, тамақ дайындайды. Осындағы аналардың баласы тоғыз айға жеткен кезде балабақшамен келісіп, жұмысқа шығуына жағдай жасаймыз. Мәселен, қаладағы кәсіпкерлерден қыздар тапсырыс алып, тігін тігеді. Солайша қаржылық шығынды жабуға тырысамыз. Бұлар көшеде жүрген қыздар емес. Түрлі себептермен тағдыр айдап келіп отыр. Ең бастысы, олар өз баласынан бас тартқан жоқ», — дейді О.Браткова. Бір айта кетерлігі, құрылтайшылар «қанша «Аналар үйі» қажет, сонша саламыз» деп отыр екен.
Бірінші кейіпкеріміз Алтынай (аты өзгертіліп алынды): Блог - Zhan: «Аналар үйі» қажет пе?
— 17 жастамын. 15 жасымда көтеріп, 16 жасымда тудым. 1998 жылғымын. 2013 жылдан бастап өмірімнің бәрі қорқумен өтті. Қазығұрт ауданында туып-өскенмін. Әке-шешем бар. Бауырларым да бар. Олардың бәрі Алматыда. Мені анам осында өзі әкеліп тастады. Перзентханада қызымды босанғаннан соң «балаңды тастап кет» деп айтты. Ағайын, туыстар менің босанғанымды білмейді. Үйде маған қарауға мүмкіншілік болған жоқ. Соған қарамастан «баланы тастамаймын» дедім. Ал анам: «Не қыласың, асырай алмайсың» деді. Үш-төрт күннен кейін перзентханаға Оксана Браткова келді. Бұл жерді әуелі анам келіп көрген екен. Ол кезде мен перзентханада едім. Алғаш жаман жер екен деп ойлап бармаймын дегенмін. Бірінші мені басқа үйге алып барды. Кейін осында әкелді. Мамам Алматыға кетіп қалды. Кетерінде «Ойлан, әлі де кеш емес. Баланы біреуге беріп жібер» деді. Қызымның есімін Жібек деп Оксана апайым қойды. Перзентханада босанып келгелі бері осындамын. Мұнда мамам екі рет келіп кетті. Қазір қызым жасынан асты. Қызымды көрген соң мамам сәл жібиін деді. Ал папам телефон арқылы өзі хабарласады. Бірақ, көп сөйлеспейміз.
— Неге сені мұнда әкеліп тастады?
— Себебі, үйіміз жоқ. Ағам, әкем жұмыста, әпкем оқуда. Пәтер жалдап тұрады.
— Сонда сенің ата-анаң намыстанып жатыр ма әлде ағайындарынан ұялды ма? Үйдің жоқтығы жай сылтау шығар?
— Білмеймін, оны анамнан ашып сұрамадым. Өйткені, кінәнің бәрі өзімнен. Анамды кінәламаймын. Мектепте 8 сыныпта оқып жүргенмін. Бір жігітті жақсы көрдім. Бірде отырыс болды, бардық. Мамам үйде жоқ еді, үйге келді ол. Сол кезде мені қинап, күш көрсетті.
— Ешкім жоқта үйге неге ертіп келдің?
— Олай жасайды деп ойлаған жоқпын. Сөйтіп арада біраз уақыт өтті. Папам мен мамама айтуға қорықтым. Ол кезде мен қыздықтың не екенін білмейтін едім. Маған тиіскен кезде не болғанын түсінбедім. Әйтеуір айтпай жүре бердім. Жігітім «қыз емес екеніңді айтып қоямын» деп қорқыта бастады. «Сен көшеде әркіммен жолығып тұрсың, үйтіп тұрсың, бүйтіп тұрсың» деп қызғана бастады. Мен оған айтпашы деп жалына бастадым. Өзімнің сыныптастарыммен араласып сөйлесіп қалсам да қызғанатын. Қорқытсам ешкімге жоламайды деп ойлады. Содан айтпай жүре бердім. Ол қол жұмсай бастады. Сізге түсіндіре алмай жатырмын, қысқасы әйелі ретінде меншіктеп алды. Кейде телефонға да дер кезінде жауап қатпасам «Неге алмайсың?» деп қызғанып ұратын. Уақыт өте келе көтеріп қойдым. Оған айтқан едім, үйленемін деді. Айтпақшы, ол менен үш жас үлкен. Ақыры үйленеміз ғой деп онымен төсектес болып жүрдім. Үйдегілер екіқабат екенімді білмейтін. Бір күні қатты ұрғандықтан мойындарым көгеріп кетті. Мамам не болды деп сұраған кезде «қыздармен төбелестім» дей салдым. Мамам сенбеді. Екіншісінде көзім көгерді. Мамам: «Осы сенің жүрісің ұнамайды, тексертемін» деп шықты. Ішімде балам бір айлық еді. Алматыдан ағам, әпкем келіп, бәрі үйде түнгі сағат үште жиналды. Мен жүрегім айнып құсып жүрдім. Тексертемін деген соң қорқып үйден қашып кеттім. Мамамның ақшасын алып «Колосқа» келдім. Ол кезде қаланы білмейтін де едім. Қайда, кімге, неге барарымды білмеймін. Сонымен «Колоста» бір жертөледе таңға дейін түнеп шықтым. Ол жер жылы әрі үстімде курткам бар еді. Сондықтан жаурамадым. Мысықтар ғана жүрді. Сөйтіп таң атты. Қалтамда екі мың теңге ғана бар. Қарным аш. Адамдардан сұрастырып жүріп «Жоғарғы базар» жаққа бардым. Қандай автобус баратынын айтты. Келіп тамақтанып алдым. Кеш болды. Аялдамада отырмын. Сол жерде «Пальма» деген кафе бар екен. Ішінен бір күзетші шығып: «Неге отырсың?» деп сұрады. Шамасы, мені жаман қыз деп ойлаған болуы керек. Жылап жібердім. Ол ішке кіргізіп шай, тамақ берді. Үйден қашып кеткенімді, баратын жерім жоқтығын айттым. Жаңағы күзетші «Менің бір әпшем бар, соған бала күтуші керек. Бірақ оған екіқабат екеніңді айтпа. Кейін бір мәнісі болар» деді. Ол әйелге бала күтуші өте қажет екен. Түнгі 10-да шақырды. Барсам үйінде үлкен әже жүр. Сол үйдің тірлігін істеп жүрдім. Үш-төрт күннен кейін әже «сенің жүрісің жаман» деді. Мен қорықтым да шынымды айттым. Әже маған: «Бұл жайды ата-анаңа айту керек қой. Саған үйде жүргеніңе ақша төлемейміз. Үй жинап, тамақ істеп, баланы балабақшаға апарып келесің» деді. Уақыт өтіп жатыр, үшінші ай болды. Үйдегілер мені полициямен іздеп жатыр. Сол үйдегі әпке медбике еді. Менің жағдайымды кейіннен білді. Отырып ақылдастық. «Үйге барсам мамам мен папам ұрсады» деп жыладым. «Бопты, онда жүре бер. Сені бұл жерден ешкім таба алмайды» деді. Сосын күзетші жігітке хабарласып, жұмыс тауып беруін өтіндім. Ол «Жоғары базарға» шақырды. Ыдыс жуушы болып орналастым. Үш күннен кейін шаршадым. Себебі, аяғым ауыр, үшінші айға кетіп бара жатыр ғой. Кафеге аяғым тартқан жоқ. Даяшы жоқ, соның орнында уақтыша жұмыс істей тұр деді. Бірде есікті аша салайыншы деп артқа қарасам менттер тұр екен. Олар негізі тамақтануға келген. Бері кел деп шақырды. Мені іздеп жүрген полицейлер екен деп ойлап өзімнен өзім: «Екіқабат болған соң үйден қашып кеттім» деп айттым. Олар ауылға алып кетті. Ол кезде ата-анам Алматыға кетіп қалған. Полицейлерге «Ата-анама айтпаңдаршы, ұрады, қорқам» деп жалына бастадым. Ақыры, сырым белгілі болды. Мамам «баланы тумайсың, алдырып тастайсың» деді. Жігітімді шақырды, сот болды. Экспертизаға алып барды. Бірақ, білмеймін, кейіннен сол сот жабылып кетті. Жігітім «бала менен емес» деп мойындамай қойды. Олардың үйі мен біздің үйдегілер сөйлесті. Сол кезде мен тұрған үйдегі әже бәріне айқайлап «өзім қараймын» деп ұрсып тастады. Мамам да, ол әже де жылады. Сөйтсем, ол әже әлгі үйге бөтен екен. Оның маған жанашырлық білдіріп жүрген себебі, ішімдегі баланы алғысы келіпті. Тіпті, мамама «сенімхат жазайық» деп нотариусқа да барыпты. Сөйтіп сол үйдің қызы болып жүрдім. «Босанғанша осында тұрасың» деген. Бәрібір баламды ешкімге бермейтін едім. Арада сегіз ай өтті. Тоғыз айға жақындаған кезде үй жұмыстарынан шаршай бастадым. Маған «ыдыстарды неге жумайсың, туалет, ваннаны тазалап қоймайсың ба?» деп ұрса бастады. Сөйтіп ол үйден де қашып кетіп, қайтадан жоғары базарға келдім. Қайда барарымды білмедім. Сол жерде туннель бар еді, бір апай пәтер жалға береміз деп тұр екен. Жақындап бардым да: «Әпше менде қазір 2000 теңге бар. Күйеуім Алматыда, жақында келеді. Қалған ақшаны сол кезде беремін» деп алдадым. Үш күндей сол пәтерде тұрдым. Төртінші күні толғағым келді. Қиналып жатырмын, кімге айтарымды да білмеймін. Телефонға толғағым келіп, жете алмай кеттім. Үйдің егесі біраз уақыттан кейін жедел жәрдем шақырды. «Күйеуің қайда, неге осындай кезде қасыңда болмайды?» деп ұрсып тастады. Сосын «Дарханға» алып келді. Төлқұжатымды 16 жасар екенімді біліп қояды деп жасырып қойғанмын. Оларға «1994 жылғымын» деп айттым. Компьютерге салып көрді де неге алдайсың деді. Мен болсам толғағыммен әлек болып жатырмын. Таңғы алтыда бардым. Жұма күні түске қарай босандым. Міне, перзентханадан шыққалы осы «Аналар үйіндемін».
— Қалай сонда сені ата-анаң ештеңе болмағандай іздемейді және осында әкеліп тастай салады? Әлі түсінігім жетпей отыр.
— Мамам-папам жақсы кісілер. Өзім қателестім. Мамама ешқандай кінә артпаймын. Қызымды тудым деп өкінбеймін, тек ата-анамның абыройына кір келтірдім деп өкінемін. Қазір олай етпегенімде бәрі басқаша болар ма еді. Жоғары оқу орнына түсіп, өзім қатарлас құрбыларыммен күліп-ойнап жүрер ме едім. Маған осы қызымды өсірсем, жетілдірсем болды, басқа ештеңе қызық емес. Өзіме алмасам да қызыма сатып алғым келіп тұрады. Ата-анамнан кешірім сұрадым. Біраз жағдайымды жасап алайын, ата-анамды қасыма әкеп аламын. Ертең үйге кезекке тұрамын, көмектесемін оларға. Себебі, ағам үйленіп, әпкем тұрмысқа кетсе ата-анам бәрібір жалғыз қалады. Кейде қызым түнде жылайды. Сол кезде бәрі есіме түсіп кетіп «Мамам да мені осылай өсірген бе екен» деп ойлаймын. (Осы жерде жылады). Бірде қызым қатты мазасызданып жылай берді. Айтайын десе әлі кішкентай. Ашуым келіп, өз-өзімді ұстай алмай «Неге жылай бересің?» деп ұрып тастадым. Біраз уақыттан соң неге ұрдым деп өз өзіме жыным келді. Содан кейін ұрмаймын, қорқамын.
Жігітің кешірім сұрап келсе оған қосылар ма едің? Ол қызын көрді ме?
— Байқайсыз ба, қызым маған емес, әкесіне көбірек ұқсайды. «Инстаграмм» желісіне қызымның суреттерін салғанмын. Әкесі көрді деп ойлаймын. Ол маған келіп аяғыма жығылып кешірім сұраса да оған қайтып бармаймын. Себебі, мені екіқабат кезде қалай ұрып-тепкілегенін айтып жеткізе алмаймын. Сол кезде баламның түсіп қалмағанынан таң қалам. Бір жарым айлық бала бар ішімде. Тіпті, «алдырып таста» деп ақша да әкеліп берді. Ақшаны лақтырып, жартысын жыртып тастадым. Туамын деп тұрып алдым. Көзіме ештеңе көрінбеді. Мектепте оқуым бар, не істеймін деп уайымдасам да, бәрібір туамын деген ой көлбеңдеп тұрып алды.
Сонда аттестатыңды қалай алдың?
— Аттестатымды кейіннен Оксана апай алып берді. Қазір кешкі мектепте оқып жатырмын әрі бір кафеде ыдыс жуушы болып жұмыс істеймін.
-Жалпы, құрбыларыңа осындай жағдайға ұрынып қалмауы үшін қандай ақыл-кеңес айтқан болар едің?
— Өзіммен жастыларға кейде ақыл айтқым келіп кететіні рас. Себебі, менімен жастылар күліп-ойнап жүр, әлі ештеңені түсінбейді. Өзіңе байланысты екен бәрі. Негізі, жігіттер қыздарды көрсе ұшып тұрады ғой. Сол кезде қыздар өз өзін ұстаса ештеңе болмайды. Тек қатты күш қолданса ғана ол зорлыққа жатады. Айтпағым, ер балаға себеп бермеу керек. Мысалы, менің қыздығымды алған кезде зорлық көрсетті. Мен ол туралы алдында ештеңе білмедім. Егер білгенімде басқаша болар ма еді. Ер адам көбіне «таныссам, құшақтасам, жүрсем» деп ойлайды. Ал қыз қашанда өз абыройын ойлауы керек екен. Жігіттердің көзіне түсуге тырысқанша, қарапайым болып жүргені дұрыс. Былай көп жағдайда қыздар алданып қалады. Анаммен де сөйлесіп, сырласқанымда ғой. Өздігімнен шешім қабылдап, үйдегілерге айтпай қорқып қашып кеттім.
-Ал сен неге анаңа өзің қадам жасап, айтуға тырысып көрмедің?
— Өйткені мамам маған «өйт, бүйт» деп көп ұрса беретін. Ашуланшақ. Сөйлесе алмайсың, «нервный» боп қалған. Мамам мені сыртқа көп шығармайтын. Үйде отыратынмын. Қазір қалаға келдім, өмірім мүлдем басқа. Қалада неше түрлі қыздарды көресің, адамдарды көресің. Жалпы, қыз балаға кішкене еркіндік беру керек деп ойлаймын. Мен тек бір жігітті көрдім, ойым сол ғана болды. Жақсы көрдім. Сіз жаман ойлап қалмаңыз, қыздар тек бір адаммен ғана шектелмей жігіттерді салыстырып көру керек екен. Қу болатын жерде қу, шындық айтатын жерде шындықты айту керектігіне көзім жетті. Аңқау болсаң әркім алдап кетеді. Болашақта қызыммен ашық сырласып, сөйлесемін. Басымнан өткен жағдайды сабақ қылып, абайла деп айтамын.
-Мұнда енді қалай, жағдайларың жақсы ма? Бәрі жеткілікті ме?
— Бір айға балаға деп 60-70 памперс береді. Жегім келеді, осындай жейікші деген нәрселеріміздің бәрін өзінің қалтасынан болсын шығарып, әкеп береді. Барлық мейрамды атап өтеміз. Бұл жердің демеушілері бар. Оның үстіне небір байлар бар ғой, осында таза киімдер әкеліп тастайды, соны бөлісіп аламыз.
Ертең бұл жерден кетсең қалай күн көрмексің?
— Осында жатқан біраз қыздармен шығатын кезіміз сәйкес келеді. Солармен бірігіп пәтер жалдап, жұмысқа кеткен кезде бір-біріміздің балаларымызға қарасамыз деп отырмыз.
Екінші кейіпкеріміз Зарина (аты өзгертілді): Блог - Zhan: «Аналар үйі» қажет пе?
— Шымкент қаласында туып-өстім. 16 жасымда жүкті болдым. Мектепке кеш барғанмын. 8 сыныпта жүргенде бір жігітпен танысып, жүре бастадым. Бес айдан кейін мен одан екіқабат болып қалдым. Оған айтып едім, үйленемін деді. Әке-шешесімен таныстырды. Бірақ, олар әке-шешемнің ішетіндерін жақтырмай қалды. Ал өзім оларға ұнаған едім. Сосын олар «Әке-шешесі ішеді екен, ондай отбасы бізге керек емес, алмаймыз» деді. Екі ай өтті. Олар кетіп қалды. Мамама аяғым ауыр екенін айттым. Мама басында жақтыратын еді, кейін «Неге бір өзіңсің? Неге сені ешкім тұрмысқа алмайды?» деп тиісе бастады. Оларға: «Мен кінәлі емеспін. Сіз ішкеннен кейін мені ешкім алмай жатыр» дедім. Тоғыз ай жұмыс істедім. Себебі, ата-анам жұмыс істемейді, үш сіңлім бар. Асханада ыдыс жудым.
-Қалай сонда, сенің ішің білінбеді ме?
— Жұмыста ешкім байқамады. Ішім онша білінбейтін. Тоғыз айдан кейін перзентханаға түстім. Онда он күндей жаттым. Себебі, баламның туу туралы куәлігі жоқ еді. Мамам перзентханаға мас болып келді. Сол жерде дәрігерлер «Аналар үйі» бар екенін айтты. Мен оларға «Керек емес, үйімде бәрі жақсы» дедім. 28 ақпанда босансам, 13 наурызда перзентханадан шықтым. Әке-шешем күн сайын ішіп келеді. Папам балаға жолаған да жоқ. 19 наурыз күні олар маған: «Сен де, балаң да керек емес, үйден кет» деді. Қайда барамын десем, «Білмеймін, қайда барсаң, онда кет» деп айтты. Сосын «азанға шейін үйде қалайыншы, ертең кетемін» дедім. Сол кезде дәрігердің Оксананың телефон номерін бергені есіме түсіп, жылап осында хабарластым. «Осылай, жағдайым қиын, көмектесіңізші» деп. 20 наурыз күні осы жерге келдім. 8 ай болды. Мұнда ата-анам іздеп келген емес. Себебі, мекенжайын білмейді. Бірақ, осындай үйге орналасқанымды біледі.
Сонда сенің ата-анаңа бәрібір ме?
— Білмеймін.
-Қазақ па олар?
— Жоқ, әкем — орыс, анам — өзбек. Баламның атын Сергей қойдым. Жігітім қазақ, ол отбасында жалғыз бала.
Жігітің жақтан баланы іздеуі мүмкін бе?
— Араласпаймын, баста екі рет хабарласқан.
-Кейін балаңды алып барасың ба соларға? Жігітің қайтадан үйленем деп келіп тұрса не істейсің?
— Білмеймін. Негізі, баламның барына өкініп жатқан жоқпын. Алданғаныма өкінемін.
— Құрбыларыңа сақтандыру үшін қандай кеңес айтқан болар едің?
— Білмеймін не айтатынымды. Енді біреуге сенуге болады, біреулерге сенуге болмайды, сәл абай болу керек. Көбіне қыздар алданып қалады.
Сұхбат соңында Оксана Анатольевнаға осында жұмыс істеп жүріп, не түйдіңіз? Жалпы, ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз деп сұрақ қойдым. Блог - Zhan: «Аналар үйі» қажет пе?
«Иә, ата-аналар ақша тауып балаларын асырау керек. Кейбірі кешкісін ауыр жұмыстан шаршап келіп, шай іше салып ұйықтауы мүмкін. Балаларды өсірем деп олармен сөйлесуге мұршасы болмайды. Айтарым, қанша жерден шаршап келсеңіз де балаңызбен сөйлескеніңіз дұрыс. Алдында осы жобаға келмей тұрғанда өзім де сондай едім. Осындағы түрлі тағдыр иелеріне қарап түйгенім, дастархан жиналмаса жиналмай кетсін, бәрін кейінге қалдырып, қызыммен сөйлесуге тырысатын болдым. Кез келген ата-ана балаларымен ашылып, жүрекпен сөйлессе осындай мәселелер орын алмас па еді деп ойлаймын. Мұндағы қыздардың көбісіне зорлық көрсетілген, кейбірінің ата-анасы жұмысбасты, маскүнем т.б. Нан табуға уақыт табылады, тек баланыз сізге сенім артпаса ертең бәрі кеш болады. Қысқасы, әрбір ата-ана балаларын жақсы көріп, сүйіп, бақылап отыруы керек».
Түйін: Сарапшылар кәмелет жасына жетпеген жүкті және босанғандардың көбін тұрмыстық зомбылықтың құрбаны екендігін анықтаған. Оларды (13 пен 17 жастағылар) туыстары жасырады немесе үйінде босандырып алады, баланы сатуға, туыстарына беруге, болмаса қуып жіберуге тырысады. Мұндай қыздардың әрине ешқандай құжаты жоқ, білімі де толық аяқталмаған, психикасы бұзылғандығы байқалады.
Екінші, Балалар үйі мен Жасөспірімдер үйінің қоғамға бейімделмеген тәрбиеленушілері 24 пайызын құрайды. Үшінші, кәмелет жасына жеткен жалғызбасты аналар 70 пайызға жеткен. Оның ішінде 21 жасқа дейінгілер ата-анасынан жүктілігін жасырады. Көбіне баланы алдыртуға немесе перзентханада баласынан бас тартуына мәжбүрлейді. Сондай-ақ, тұрмыста болса да түрлі себептермен көшеде қалған, басына түскен қиыншылықпен қалай күресерін білмейтіндер құрайды. Бұл аздай, қоғамдық қорға екі баласы бар, үшіншісі әлі шақалақ әйелдер де көмекке жүгініп жатады екен.
Сонымен қатар, мақала жазар алдын біраз азаматтардың пікірін сұрастырып шықтым. Кейбірі мұндай қамқорлыққа алған баспана қыздардың бұзылуына, «осындай паналайтын жерге бара саламын деген ойға алып келеді» дегенді алға тартса, ал кейбірі «Жоқ, бала тастанды болғанша анасымен болғаны дұрыс, мұндай үйлер қоғамға қажет» деп жақтап шықты.

Айтпақшы, кейіпкерлердің кейбір сөздерін оқырманға шынайы жеткізу мақсатында (аймақтық диалектикалық ерекшеліктер болуы мүмкін) өзгеріссіз қалдырдым.

Қиын жағдайда қалған жас қыз-келіншектер мына телефон нөміріне хабарласуына болады:

8-800-080-77-71 немесе 8-747-311-40-17.

www.dom-mamy.kz/

Жансая Сыдықбай, Шымкент қаласы
Әрі қарай

Анама айтқым келген еді...

Мама неге мені кінәлайсың? Ия мен қателестім, үйде болмаған жылуды даладан іздедім. Таптым. Бірақ ол маған ешқашан толықтай тыныштық сыйлаған емес. Бұдан кейін де жаным жай табарына сенімсізбін.

Әрі қарай

Өмірдің өзі үйреткен сабақ

Әке… Осы бір адамға деген ертеден келе жатқан теңеулер көп-ақ. Әке — біздің негізігі тірегіміз, арқа сүйер адамымыз, анамыздың сүйген адамы, ата-әжеміздің сүйікті ұлы, т.б. кете берері сөзсіз. Әсіресе, әке қыз баланың өмірінде, жүрегінде ерекше орын алады. Халық "Әкесіне ұқсаған қыз бақытты болады" деп жатады.
Мен де әкемнің сүйікті қызы болып өстім. Кішкентайымнан мойнына асылып, еркелей бой жеттім. Мен дүниеге келгенде әкем жас болатын. Кейде ер кісі болғандықтан, достарымен жиналса да, қасынан қалмайтынмын. Өңкей жігіттер болып түскен суретте әкемнің аяғына жабысып мен тұратынмын. Әкем де қалдырмайтын, қайда болса да үнемі ертіп жүретін. Бастауыш мектепте оқып жүргенде, таңертең әкем оятпаса тұрмайтынмын. Тәтті балалық шақтың еміс-еміс елестері ғана есімде… Сол кездерді есіме түсіргім келіп, ойлаған сайын, жүрегің қатты соғып, көзіңе жас келіп, сағынышың арта бастайды… Кейуана болып отырмасақ та, балғын балалықтың қайта келмейтінін түсінгесін, қадіріне жетіп, сағынасың…
Бірақ, ер жете келе әкемнен алшақтай бастадым. Өтпелі кезең уақытында сөзге келіп қала беретін болдық. Кішкентайымнан қасында жүрсем де бойжеткен кезімде ол кісінің шылым шеккеннен кейінгі иісі ұнамайтын болды. Сол секілді, ұсақ-түйек мәселелерді көбейте бердім. Ортамызда алшақтық пайда болды. Бірақ… бәрін енді түсіндім.
Мен Алматыға оқуға кетерде, әкем жібергісі келмеді. Менің грантқа Алматыға түсерім анық болып тұрса да, өзіміздің университетке түсіп кетсе екен деп тілейтін. "Әр сенбі сайын келіп тұрасың" деп әңгіме айтып отыратын. Айтып-айтпай не керек, мен Алматыға кеттім. Сонда әкем үнемі хабарласып тұратын, бірақ айтпаса да «сені сағындым, сен қиналма, сен жылама» деп хабарлама жазып жіберетін. Соны көргенде қалай ағыл-тегіл жылағаным есімде…
Алматыда көптеген адамдармен таныстым, шынайы өмірді көріп, тани бастадым. Сондағы білген оқиғаларым:
1. Еркелеп өскен қыздың қайтыс болған әкесіне деген сағынышы туралы блогты оқыдым.
2. Үйінің кенже жалғыз ерке қызы. Әкесі 13 жасында көз алдында жүрек талмасынан қаза тапқан.
3. Ата-әжесінің жалғыз көзінің қарашығы. Әкесі ол дүниеге келер-келместен өзі білмейтін себептермен қаза тапқан, анасымен етене араласпайды.
4. Өнерлі, белсенді, сондай көңілді қыз. Ата-анасы жоқ. Ол туралы айтқысы келмейді. Бірақ, үнемі бақытты!
5. Ашық-жарқын журналист қыз. Түнде жұмыс жасайды. Анасы жұмыс жасауға денсаулығы жарамайды, әкесімен араласпайды. Оқудың ақшасын төлейтін адамы жоқ. Бірақ, әкесі қалаған мамандықта оқиды.
Қаншама адам бар, сонша тағдыр бар.
Сессияның уақытында әкем қатты ауырып жүрді, ота жасату керек екен. Біздің демалысымызды күтіп жүр екен. Сол уақытта маған ешқандай емтихан да, басқасы да керек болмай қалды. Емтиханды алдын-ала тапсыру жөнінде өтінішпен қанша жүгірсем де, қолымнан ештеңе келмеді. Сөйтіп жүріп, үйге де жеттім. Сол кездегі әкемнің «жаным-ау» деп құшақтағаны ешқашан ұмытылмас ерекше сезім. Ұзақ уақыттан кейін әкеңнің махаббатын сезу, ол — керемет сезім!
Қысқа ғана демалыс бітіп, оқуға қайтып келдім. Әкем отаның кезегін әлі күтіп жүрген болатын. Ол күн де келді. Ой сан-саққа жүгіріп, маза қашты. Ота 3,5 сағат болды. Одан наркоздан оянғанын күттік. Сол кездегі жүрек соғысы да, іштегі бұлқынған сезім де басқаша еді. Дүниенің еш кереметі әке-шешеңнің қасында болып, қолдау көрсеткеніңе жетпейтінін түсінесің. Содан кешке қарай әкем оянды, шамалы күннен кейін ауруханадан да шықты. Қазір әупірімдеп жазылып келе жатыр. Аллаға шүкір!
Жалпы, қазіргі күнім үшін Аллаға шүкір! Ата-анамызды жақсы көрейік, мейірімді болайық! Ата-анаңыздың жағдайын сұрап тұрыңыз! Шүкіршілік етуді ұмытпаңыздар!
Әрі қарай

Бір қолымен әлемді тербеткендер

Блог - MERmukhanov: Бір қолымен әлемді тербеткендер
Аруларға аша алсам жыр қақпаны —
Толқиды сезімімнің бұрқақтары.
Мүмкін емес сіз жайлы сыр тоқтауы,
Хауа Ананың аяулы ұрпақтары!

Бала кезден ең үздік көркем ісім —
Мен түсінгем орныңды еркек үшін.
Мен ұға бастағанмын қадіріңді,
Тыңдап жүріп әжемнің ертегісін.

Әйел сыйлау сор емес саналы ұлға,
Анадан туылған бар адамың да…
Пайғамбар сүннетімен білемін мен,
Жұмақ кілті — анамның табанында…

Махаббат – ешбір тоқтау қылмаған із,
Ол жайлы ауылда әлі тұнған аңыз:
Мен туарда анамды әкем сүйген,
Әкемізді бақытты қылды анамыз.

Әкемізді бақытты қылды анамыз,
Сол сезімнен туыпты бұл балаңыз.
Бір аруды сүйгеннен туған ұл ем,
Өзімнің де сүйгенім — бір ғана қыз…

Маңызың санамнан еш кетер емес,
Бұл қалай тілектерге жетелемес?
Нұр көктемді сіздің төл мерекеңіз
Бастауы да, негізі, бекер емес!

Бұйырыпты бір мейрам түсіп (ол шын),
Сол мейрамда бір жылдың күші болсын!
Үш жүз алпыс бес күннің бір күнінде,
Үш жүз алпыс бес бақыт құсы қонсын!

Бұл қазақ – жаулық сыйлар ел еді дөп, —
Мен сөйлейін қазақтың өрені боп:
Сізге бақыт тілеймін шын баянды,
Бізге бақыт сіз барда керегі жоқ!

Сіздерсіздер – бақытты селдеткендер,
Біздің үмітімізді өрлеткендер!
Бір қолымен бесікті тербеткенде,
Бір қолымен әлемді тербеткендер!
Әрі қарай

Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?

Болашақ күтпейді, жаңа күн түнге кезегін береді. Осылайша болашақтың бір күні өтіп, «Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?» — деп батқан күнге қарап, болашақты болжауға үміт береді.
Ішім қуатқа толы. Тың істерді атқаруға дайынмын. Мектеппен қоштасқалы жаз, күз, қыс, көктем, жаз болыпты. Тура бір жыл. Жиырма күнде оқуымды жалғастыруға қайта ораламын.
Күз де келді. Жаздың ыстық күнінде анық көрінген тау бөктері енді көкшіл реңге боялған.
Блог - bake: Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?
Әрі қарай

Жердегі періштеміз - АНАмыз!

Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағың!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың! (М.Мақатаев)
-деп, бірінші блогымның тұсауын ешқандай асыл тасқа жетпейтін АНА деген жанға арнадым. АНА деген қасиетті, күміспен қапталған, алтынмен аптаған сөз. Бірақ біз сол «ана» дегеннің орнына «мама» деп қолданып кеткеніміз өкінішті-ақ. Алайда, қай тілде айтылмасын — ол асыл сөз мағынасын өзгертпейді. Біз неге махаббат дегенде бір жақты ойлап қаламыз, Анамызға деген махаббатты ұмытпадықпа?! Қайтседе, тек Ана ғана бізді 9 ай құрсағында, 3 жыл алақанында және өмір бойы жүрегінде әлпештеп өтеді. Ия, әрине бірінші — Алланы, екінші Пайғамбарымызды(С.А.С), содан сон Анамызды, Әкемізді сүйуіміз керек.
Бірде пайғамбарымызға Мұхаммед (с.ғ.с)ге біреу кеп:
-Ең алдымен жақсылықты кімге істейсің десе,
-АНАМА!,-депті.
-Жарайды, ал сосын кімге десе,
-АНАМА!,-депті.
-Иә түсіндім ғой, ал сонан соң ше? десе
-Тағыда АНАМА депті!
Жұмақтың кілті ананың табанының астында демекші оған аса қамқор көрсетіп, бөлек, ерекше көңіл бөлейік! «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген дана қазақ халқы.
Ана туралы Бір кішкене видеоролик немесе сурет көріп қалсам көзіме жас ұйыла кетеді, бұл Мейірімі Шексіз, Рахымды Аллаһ Тағаланың жүрегіме берген мейірімі ма?! Сол сәтте өз анам есіме түсіп, жүгіріп құшақтап алып Рахметімді айтып, қалай бақытты қыла аламын деп сұрағымда келіп тұрады.
Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген. Мен анамды өзімнің өмірлік идеалым деп санаймын. Әлпештеп, аялап, төрт ұйқысын төрт бөліп өсірген Анама бас иемін!
1997 жылғы сурет. анам - Мира және Мен.
Соңына айтарым анаға махаббат жүрегінің түбінде, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ, жәй ғана сөз айтпай амалын жасайық!
P.S. Әкемді де ұмытқан жоқпын, оны да ерекше жақсы көремін!

Бір де бір мақсатымызға жеткеніміз аналарымыздың арқасы Аллаһ қалауымен.
 Жердегі періштем — АНАм!
Әрі қарай

Шираз шарабы

Бейсембай Кенжебаев Оңтүстік Қазақстан, Ордабасы ауылының тумасы. Ғалым қазақ әдебиеті тарихын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген. М. Мағауин, Ә.Кекілбаевтардың ұстазы болғандығын бұрын білетінмін. Менің қолыма алғаш тиіп отырған «Асау жүрек» атты кітабында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірінен жазылған деректі әңгімелері, ой толғамдарымен бірге шетел жазушыларынан аудармалары топтастырылған еңбегі арқылы жазушыны аз да болсын танып қалғандаймын. Бұл қазақшаға аударылған әңгімесі Бехазин атты жазушыға тиесілі екен.
Анам маған Шираздан — Хафиз қаласынан, тәтті қиял қаласынан екі шөлмек шарап жіберіпті…
Мен оған еш уақытта шарап жібер деп айтқан емес едім. Тіпті, ондай ниет те білдірген жоқ едім.
Қашан көрсең жайнамаз үстінде көзіне жас алып отыратын анамның мұндай «Нуна» істеуі ананың баласына деген қамын, махаббат күшінің құдыреттілігін байқатады.
Әрі қарай

8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!!!

Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қарындастар! Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек. Қашаннан бергі дәстүріміз бойынша біз бұл күні Сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға ең ыстық құттықтауларымыз бен ең ізгі тілектерімізді жолдаймыз.
Әлемде нәрестеге өмір сыйлап, оны алғашқы қадам басуға үйрететін қасиеттеріңізге тең келер адам жоқ. Сіздердің төзімділіктеріңіз бен махаббаттарыңызға алғысым шексіз!
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.
Алаштың ұлтжанды азаматтары, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де, діңімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін қыздарымыз. «Бәрі де адамның өз қолында, ал адам әйелдің алақанында» деген сөз әлемді билейтін де, тербейтін де әйел екенін білдіреді.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-әпке, сіңлілеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Ерекше төзімді кәдімгі қазақтың Ұлт аналарына деген құрметімді білдіріп, қолымды жүрегімнің тұсына қойып, иіліп тәжім етемін.
Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болсын. Ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер.
Көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Өңір халқының әл-ауқатын жақсарту жолында атқарып жатқан еңбектеріңізде табыстарға жетіп, үлкен биiктерден көрiнулерiңiзге шын жүректен тілектеспін.
«Күннің шуағы – жылы,
Ананың құшағы – жылы», – дегендей, дүниеде ананың балаға және барша азамзатқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ. Ананың аялы алақаны мен жылы құшағын сезініп өскен сәбидің арманы не?! Сіздерге биылғы жылы да қуанышы мен қызығын ала келген төл мерекелеріңізді шадыман көңіл күймен қарсы алып, құшақтарыңыз гүлге толсын деген ақжарылған тілегімді білдіремін.
Әрі қарай

Түн

ТОСЫП ЖҮРМІНТүн. Айлы түн… Қара түн…
Түн дегенде, алдымен, көз алдымызға айлы түндегі қол ұстасқан қос ғашық елес береді. «Желсіз түнде жарық ай» соның куәсіндей. Бұл – баршаның ойы. Ал, мен үшін, түн – қорқынышқа толы түнек басқан қара түн. Сол бір түнді есіме алсам, өзгеше күйге бөленіп, ұзақ сонар ойға батамын. Алайда, ойлаған ойымның шешімін таба алар емеспін. Осынша терең ой соңына салған сол бір түн жайынан сыр шертейін.
Балалық шағым. Бірде ата-анамды жолдастары қонаққа шақырады. Мені амалсыздан ерте кетеді. Қал десе де, қалмаймын. Өздері де менің жыламсыраған жүзіме қарап, тастап кетуге қимайды. Ата-анамның тұла бойы тұңғышымын. Алғаш көрген қызықтары…
Түнделетіп қонақтан кеш қайттық. Аяндап келеміз. Жол ұзақ емес. Анам мен әкем қонақта болған жайларды сөзге тиек етіп келеді. Мен қолдарынан қатты қысып, қорқып келемін. Қорыққанымды білдірмеуге тырысамын. Ұйқы қысып, жүргім келмей келеді. Аяқ істен шықты. Анам сәл аялдап, демалып алайық деді. Сол бетпен жол бойы мен оқитын мектептің алдындағы аялдамаға қарай тақала бердік. Аялдама ішіндегі орындыққа отырып, енді ғана «уф» деп демала берген едік, кенет анам айқай салды. Әкем «не боп қалды?» деп ишарат еткендей еді, сәлден соң оның да жүзі бұзыла бастады. Анам мені құшағына алып, жүзімді омырауына басты. Ештеңе түсінбедім. Анамды қатты қысып, мойынына асыла түстім. Баяғы бәсең жүрісті қойып, жорғалата бастадық. Әкем анам екеумізді құшақтап келеді. Анам мен әкем біреуден қашқандай болды. Байқаусыз артыма қарап қалдым. Көзіме қара түнде бір нәрсе шалынғандай болды. Жүрегім дүңкілдеп қоя берді. Көзімді тарс жұмдым. Аялдама ішінде жас бала жатыр. Басына тақия, үстіне қамзол киген. Кішкентайлығына қарап, бала деп ойласам, бала болмай шықты. Қарт кісі деуге де келмейді. Жын ба, пері ме? Білмеймін. Әйтеуір, адам тектес бірдеңе. Жүзінен мүсәпірлік білінеді. Жалынып, көмек сұрағандай. Бар аңдағаным – осы. Ал, ол болса бізге назар аудармады. Жатқан қалпы қозғалмады.
Қорқып келемін. Қорыққанымды айта алар емеспін, тілім күрмеліп, дауысым шықпайды. Үйге жеткенше көзімді ашпадым. Қайта көруден сескендім. Бөлмеге кіріп, төсегіме жаттым. Анам жарықты сөндіріп, есікті тарс жауып кетті. Төрт қабырға, төрт бұрыш. Жалғызбын. Қорқып жатырмын. Көзімді қайтадан тарс жұмдым. Түпсіз қараңғы. Ұзақ жаттым. Тұла бойым қалшылдап, өзімді-өзім ұстай алар емеспін. Дөңбекшіп жатырмын. Түн өтер емес. Көз ілінер емес. Таң атар емес. Не деген ұзақ күн?! Өмірімнен де ұзақ, неткен түн! Қара түн… Тылсым сыр…
Бетіме жылы леп сезілді. Көзімді ашсам, таң атыпты. Үй іші абыр-сабыр. Даңғыр-күңгір. Жамыраса сөйлеген дауыстар. Арасында анамның «Тұрсаңшы, ботақаным! Сабағыңнан қаласың?» деген сөздері еміс-еміс естіледі. Басым мең-зең. Сабаққа барғым келмей жатыр. Түндегі елесті есіме алсам, бойым түршігеді. Қорқамын. Ақыры сылтауратып бармадым. Сол түнннен бастап, аялдаманың қасынан айналып өтетін болдым.
Арада біраз жылдар өтті. Ер жетіп, азамат болдым. Аялдама баяғы бәз қалпы. Талай рет күндіз барып, қарап, бақылап жүрдім. Елесті қайта көре алмадым. Түнде баруға батылым бармайды. Уақыт өткен сайын оны көруге деген ынтығым арта түсті. Оны қайта көрсем қорықпастан қасына барып, сөйлесіп, мән-жайын білер едім.
Бір күні бар күш-жігерімді жиып, баруға бел байладым. Кеш батып, түн болды. Қорықпастан бардым. Тас қараңғы түн. Аялдама ішінде жалғыз отырмын. Елесті күтіп отырмын. Келмеді. Көрінбеді. Өзімді-өзім ұмытып, терең ойға баттым. «Ол өзі кім? Одан сонша неге қорқамын? Оның адамдарға қорқыныш сыйлайтын қандай қасиеті бар? Мейлі ол жын, мейлі елес болсын делік, онда олар неге күндіз көрінбейді? Бәлкім, күндіз болғанда қасына қорықпай барар ма едім? Түннің тылсым сыры неде? Түн неге адамдарға қорқыныш сыйлайды?» Осы сындас сан алуан сұрақтарға жауап таба алмай ұзақ отырдым.
Әлі күнге таба алмай жүрмін. Сол қара түндегі елесті тосып жүрмін...
Әрі қарай