Мен үшін - ТРАГЕДИЯ!
Қазір курс жұмысымен бас қатып жүр. Уақытым зулап өтуде. Кешке әдет бойынша жазбаларыма жазылған пікірлерді оқимын. Кейде ұялғаннан кірер тесік таппай, кейде көздерім «банкадай» аң-таң күйге бірақ түсемін. Жарайды, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сынның да сыны бар. Осы жұмадағы ең керемет жаңалығым ауылдан анам келді. Есіктің алдынан қарсы алып, құшақтап «ботақаным» деген сөздерін есту арман еді. Ішіне кіріп кете жаздадым.
Осы кезде есіме бір жайт түсті. Бөлісе кетейін. Сабақ беретін апайымыз аналар жайлы бейнероликті көрсетті. Бар көңіліміз сонда. Шуға толы аудитория үнсіз бола қалды. Бір кезде қыздардың мұрындары пысылдап, көздерінен моншақтап жас кетті. Еріксіз өздерін ұстай алмады. Мен болсам, отырмын. Көзімнен тамшы бір жас ақпайды, тек аяушылық. Негізі жылауға «мәстер» едім. Кинодағы басты кейіпкерлер (ит, мысық. кез келген жануар болсын) өліп қалса, мен үшін үлкен «трагедия» болатын. Ойлана келе, жылаған қыздардың көпшілігі алыс жердікі екен. Үйлеріне барғысы келсе де бара алмай, аяқ-қолдары байлаулы отыр. Кейбірі әлі бірінші қыркүйектен бері бармапты. Сағыныш сезімі әсер етті. Сонда не үшін жылады? Соншалықты не көрсетті? сияқты сұрақтар туындайды. Онда тек әуен ғана болды. Астында сөздерді оқып отырдық. Нақты айтсам, сұрақтар мен жауаптарды. Басты кейіпкер — АНА! Анаңыздың ең сүйікті асы қандай? Ең соңғы рет қашан кешкі ас іштіңіздер? Соңғы әңгімеңіз не жайлы болды? Сіз анаңызға сүйетіңізді айттыңыз ба? Міне, ойландырып тастаған қарапайым сұрақтар осы. Құдайға шүкір, аталмыш сұрақтардың барлығына жауап бере алады екенмін. Ал, сіздер жауап бере аласыздар ма?
P. S. Бұл дүниенің жарығын сыйлаған, махаббатқа бөлеген — АНА! Бізді жақсы түсінетін, жалғыз жан! Егер осындай бағалы қазынамызды бағаламасақ, неше жыл бірге тұрып сүйікті тағамдарын білмесек ұят. Періштем менің, АНАШЫМ, барына шүкіршілік айтам!
2 пікір