Жапырақ ем тағдырымнан үзілген...

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,
Ұрламашы,
Ұрламашы күзімнен
Неге келіп мазалайсың түсіме,
Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.

Ақ шәлі едім,
Ақ бұлт жерге түсірген,
Аппақ қардай көз алдыңа тізілген.
Қарайтпашы, қарайтпашы жанымды
Қабағыңа қатқан мұздың жүзімен

Жаңбыр ма едім
Жолдарыңа жауатын,
Талып кетті,
Талып кетті қанатым…
Мен қонатын биік енді белгісіз,
Мен киетін киім де енді қара тым.

Құс тартатын ноталарын қайғы — әнім
Жүрегіңде болған едім…
Қайдамын?..
Жылатпашы,
Жылатпашы жанарды
Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.

Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,
Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың
Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,
Өмір сүріп жүрген менің құр атым.

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.
Әрі қарай

ЖЕТІМ ҚОЗЫ

Қазақта баласын «қошақаным», «құлыншағым», «ботақаным», «лағым», «балапаным», «күшігім» т.б. аттармен еркелетету әдеті барын кім де болса мойындары сөзсіз. Халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті де атасы «Қоңыр қозы» деп еркелеткенін білеміз.
Бірақ мұнымен ешкім де баласын малға теңеп жатырмын деп ойламайды, керісінше кез келген төлдің сүп-сүйкімді, адамды өзіне баурап алатын қасиеті барын мойындайды. Сондай әппақ, сүйкімді қозының бірі біздің үйде де болды. Қозы кімде жоқ дейсің, ауылдағы әр үйден табуға болады деп ойласаңыз қателесесіз. Біздің қозымыз жетім еді.
Бірде қыс ортасында үйдегілер әлдеқандай шаруамен Шардара жаққа кеткен. Шаруаларын бітіріп, түнде үйге қайтып келе жатқан кезде жолдың жиегіндегі қарайып жатқан бірдеңені байқайды. «Бұл не екен» деген қызығушылықпен тоқтап қараса, кіп-кішкентай, жаңа туған қошақан екен. Өзінің түрі аянышты. Тегінде, қой сыртта жүріп қозылап, оны қойшы көрмей қалған болуы керек. Қарны ашып, жаурағаннан мәңіреп, шарасыз халде тұр. Ағаларым біреудің отарынан адасып кеткен болар деп жан-жағына қарайды, бірақ түн ортасында атыраптан оны іздеп жүрген ешкім байқалмайды. Не істемек керек? Көлікке салып алып кетейін десе, ұрлық жасаған болып шығады. Тастап кетейін десе, қошақан таңға дейін суық пен қарны аштықтан өліп қалуы мүмкін. Әлгі қозы да «Мені тастап кетпей, өзіңмен ала кет» дегендей арттарынан қалмайды дейді. Содан, не де болса тәуекел деп әппақ қошақанды көлікке салып үйге алып келеді.
Үйге келген соң оны жылы үйге кіргізіп, пештің жанына орналастырдық. Өзі сондай кішкентай, сүйкімді. Бөтелкеге сүт құйып, емізікпен тамақтандырдық. Алғашында мынауың не дегендей жатырқағанмен, артынша үйреніп алды. Солайша сол қошақанды бір аптадай үйдің ішінде асырадық. Күнде белгілі уақытта емізікпен сүт береміз. Жағдайы жақсарған қозымыз аз-ақ күнде ет жинап, қойларға қосуға жарап қалды. Сонда ғана оны қыста сыртқа шығарылмай, қорада қолдан шөп беріп отырған отардың арасына қостық. Бірақ әлгі қошақанымыз адам көрсе артына еріп кете баратын. Оны құдды бір қой емес, адам туғандай еді. Қойлардың арасына барып дауысыңды шығарсаң болды, жүгіріп жетіп келеді. Оны жұрттың бәрі танып алды. Тіпті, бір күндері қойларға ілеспей қалып, сиырлармен бірге өріске шығатын болды. Ол аз десеңіз, тауықтарға ұқсап, үйдің айналасына келіп, итпен достасып, екеуі күннің астында жатады. Төбетіміз де оны көргенде «е, сен бе?» дегендей, үріп, қуып мазасын алмайтын. Оны бірінші рет көрген кімде болса таң қалып, күлуші еді.
Уақыт деген жүгенсіз ат емес пе?! Оны ұстап тұруға ешкімнің құдіреті жетпеген. Жетпейді де. Біздің баладай өбектеп, қолдан тамақтандырып, кішкентайларымыз қызық көріп ойнап жүрген сол қошақанымыз өсіп, тоқтыға айналды. Енді ол балаларға да бұрынғыша қызық емес. Ешкім де оны ермек қылмайды. Бірақ ол бәрібір адамға жақын болды. Осынау дүниеге келген сәтінде алғашқы жылулықты, мейірімді адамнан көргеннен болар, «мені жатсынбаңдаршы» дегендей көзі жәудірей, кешірім сұрағандай, үйдің алдынан кетпейді. Дегенмен, өмірдің жазып қойған заңы бар. Оны өзгерту ешкімнің қолынан келмесі анық. Күндердің күнінде әлгі тоқтымыз қозылап, саулыққа айналды. Өзі де ана болды. Қозысын туғаннан бастап жалап, өбектеп, үстіне түсіп кете жаздады. Өзі анасынан көрмеген мейірімді баласынан аямайын дегені болар. Бір кездері қорғансыз, айдалада қалған қозы екенін ұмытып, бүгін өз баласына қамқор болып, оның қорғанына айналды. Қошақаны маңыраса болды, жетіп барады. Осылайша өмір жалғасын тауып, жануарлар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы өз ретімен жүріп жатты.
Бұл жалғанда мәңгілік кештеңе жоғы тағы ақиқат. Егер біздің өміріміз мәңгілік болса, онда мән-мағына қалмас еді. Әр өмірдің соңы бар. Баяғы бір замандарда анасынан ажырап айдалада қалып, Алланың қалауымен адамдардың мейірімділігінің арқасында өмірін жалғап, қозысын емізіп, еміренген қой өзінің бір күндері қонақтың арнайы сыбағасы ретінде емес, арам өлуден сақтап пышаққа ілініп кете барарын көз алдына елестетіп те көрмеп еді…
Әрі қарай

Қайрат Нұртас сырты алтынмен қапталған машина сатып алды

Сәлем қаззақтар! Бүгін әлеуметтік желіде сынақ жасап көрдім.
Әлеуметтік желі болғанда да бала — шаға жиналған вк да емес, өздерін қазақтың майлы қаймағымыз деп есептейтін Фейзбукта.

Қайрат Нұртастың инстаграмдағы парақшасынан алтын түсті машинамен түскен суретін алдым да
Блог - AydinKenes: Қайрат Нұртас сырты алтынмен қапталған машина сатып алды
instagram.com/p/3711-wM5xe/?taken-by=kair_n

Фейзбуктағы бір группаға "Қайрат Нұртас алтын жалатқан машина сатып алыпты". деген тақырыппен салып жібердім.

Блог - AydinKenes: Қайрат Нұртас сырты алтынмен қапталған машина сатып алды

Бір сағат ішіндегі нәтиже:
  • 70 тен астам лайк;
  • 120 шамасында пікір;
  • Оншақты бөлісу.

Бірі мақтап, бірі даттап жатыр. Мынау рас ақпарат па? деп тексеріп жатқан бір адам жоқ.

Қорытынды:
Шошқа секілді алдарыңа келгенді жей бермей сәл ізденсеңдерш уоптывмоадожадр ау!
Әрі қарай

"Нұр Отан" партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасындағы басты 5 нысана

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы 2015 – 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірледі. Қоғамдық талқылауға ұсынылған Бағдарламаға бастауыш партия ұйымдары, өңірлік филиалдар, ҚР Парламенті депутаттары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдардан 800-ден аса ұсыныс түскен. Бағдарлама жобасы мемлекеттік органдармен келісімделіп, партияның Мәжілістегі фракциясы, партияның барлық өңірлердегі кеңестерінде бірауыздан қолдау тапты. Ұсыныстар ескеріліп, толықтырылған бағдарлама 2014 жылдың 11 қарашасында «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданды.

Антикоррупция: Нұр Отан партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасындағы басты 5 нысана

Осы бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа үлкен соққы жасалуы күтілетін 5 басты нысананы талқылап көрейік.

1. Жоғары Оқу Орындары
– 2015 жылдан бастап жыл сайын кешенді әлеуметтік зерттеулер негізінде жоғары оқу орындарының сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша жария рейтингін түзу;

– онлайн-портал құру, жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру арқылы ЖОО жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету;

ЖОО-лар және жалпы білім саласы қазір парақорлық кең тараған салалардың бірі. Арнайы сайт құрылып, парақорлық рейтингі жарияланып тұратын болса жағдай біраз түзеліп қалады.

2. Бизнес
– 2015 жылдан бастап шағын және орта бизнеске жасалатын барлық жоспарлы тексеруді алып тастау, сондай-ақ, жоспардан тыс бақылау қажеттілігін объективті көрсететін кәсіпкерлік саласындағы тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесін енгізу;

– 2015 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жою рәсімдерін жеңілдету;

– 2016 жылдан бастап хабардар ету тәртібіне және өзін-өзі реттеуге көшіру жолымен берілетін рұқсаттар санын 50%-ға қысқарту;

– мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын заңнамалық жолмен қысқарту.

Бизнеске жасалатын әкімшілік кедергілерді азайту — орта және шағын бизнестің дамуы үшін жақсы себеп болмақшы. Бұл саладағы бюрократиялық кедергілерді, рұқсаттарды мейлінше азайту және заңнамаларды жеңілдету арқылы жемқорлықтың алдын алуға болады.

3. Мемлекеттік қызмет
– 2015 жылдан бастап барлық рұқсаттарды электронды түрде беруді қамтамасыз етуге;

– 2016 жылға қарай әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді 100% электронды пішімге көшіруге;

– 2020 жылы мемлекеттік қызметтің кем дегенде 80%-ын, 2025 жылы 100%-ын электронды түрде көрсетуге;

– 2025 жылы мемлекеттік қызметтердің кем дегенде жартысын «бір терезе» қағидатымен (ХҚО-лар арқылы) көрсетуге;
Тұрмыстық жемқорлықты азайту арқылы халықтың билікке деген сенімін нығайтуға болады. Қағазбастылықты азайтып, электронды қызметтер арқылы уақыт үнемделуі жолға қойылса — бұл нысанадағы мақсаттар жүзеге асады деген сөз.

4. Құқық қорғау
– сот залдарын 2020 жылға қарай аудио, бейнежазба жүйелерімен толық жарақтандыру;

– үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, барлық сот процесіне қатысушылар мен кәсіби заңгерлердің арасында өткізілетін, алынған нәтижелердің жариялылығын және 2016 жылға қарай соттар мен судьялар рейтингін жасауды қарастыратын мерзімдік әлеуметтік зерттеулермен барлық соттарды пара-пар қамту;

– 2015 жылдан бастап азаматтық қоғам институттарының, оның ішінде құқық қорғау органдарының қоғамдық кеңестері өкілдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта өткізілетін іс-шараларға міндетті түрде қатысуы қажет деп есептейді.
Құқық қорғау органдары және сот жүйесі — сыбайлас жемқорлық кең бойлаған салалардың бірі. Аталмыш аралар жүзеге асатын болса, халықтың құқықтық сауаты артатын болса — билікке сенім арта түседі және мөлдірлік, жариялылық арқылы осы саладағы жемқорлық азаяды.

5. Мемлекеттік сатып алу
– конкурстық ресімдерді қолданусыз және бір көзден тәсілімен мемлекеттік сатып алулар кезінде тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер тізбесін қысқарту;

– квазимемлекеттік секторда қаржыны тиімді жұмсау үшін сатып алу және бақылау үдерістерін реттеу.
Мемлекет қаржысын дұрыс игермеу, мемлекеттік сатып алулардың бақыланбауы, бағалардың қадағаланбай әділ бәсекелестіктің болмауы — қазіргі үлкен мәселелердің бірі. Триллиондаған теңгенің босқа шашылуына жол бермеу арқылы мемлекет қаржысын дұрыс жұмсау, үнемдеу, нақты бағаға сәйкес сапалы қызмет алу — бұл нысананың басты мақсаттары болмақ.

Антикоррупция: Нұр Отан партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасындағы басты 5 нысана

Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін көзқарас пен құқықтық сананы қалыптастыру, мемлекетті, қоғам мен бизнесті осы әлеуметтік кесапатқа қарсы жұмылдыру болып табылады.

Мемлекет, қоғам және бизнестің сенім, өзара жауапкершілік, әріптестік, айқындық, ашықтық пен есептілік қағидаттарына негізделген жаңа үлгідегі қарым-қатынасын қалыптастыру – Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізудің өзекті шарты.


Бағдарламаның толық нұсқасын мына жерден қарай аласыз: nurotan.kz

Антикоррупция: Нұр Отан партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасындағы басты 5 нысана
Антикоррупция: Нұр Отан партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасындағы басты 5 нысана
Әрі қарай

Мен саған ғашықпын...

  • Kaztube
Kaztube: Мен саған ғашықпын...
Kaztube: Мен саған ғашықпын...… Бүгін қуанышымда шек жоқ. Ала жаздай еңбек етіп, күн демей, түн демей еткен еңбегіміз бен төккен теріміз ақталған күн болды. Әкем ерекше мәз. Қыстақтағылардың да бетіне қан жүгіріп, кішкене балаларға дейін бұл қуаныштың мәнін ұққандай. Енді осы мәпелеп өсірген құлпынайымызды базарға шығарып сатсақ, біраз қарызымыздан құтылар едік. Қыстағымыздың да ажары кіріп қалар еді-ау. Әйтпесе жаңа ғана иесі келіп кетті. Әдеттегідей апшыны қуыру ғой. Базарға шығарамыз деп қойған құлпынайдың бәрін салып ап кетпекші. Сонда бізді немен күн көреді деп ойлайды екен?! Қарызын қалай жабамыз сосын?! Әйтеуір үйтіп-бүйтіп, уақытты создық-ау! Енді базарға шығу ғана қалды...

Базарға әкем екеуміз барамыз. Ауылда қалатын Клауидің мені кекетіп, мұқатқанын да елер емеспін. Өмірден көрген теперіштерін бейне бір мен істегендей, жауығатынын әлі түсінген емесін. Етім үйреніп кеткен секілді. Оның үстіне өзім де көңілдімін.

Kaztube: Мен саған ғашықпын...Айтпақшы түнде түс көрдім. Сол түсіме қарағанда аспаннан бір жақсылық келіп менің басыма орнайтындай. Білмеймін өтірік шынын, бірақ аспаннан салбырап түсетініне сенбесем де, өмірімде бір жаңалық болатынын түйсінгендеймін.

Ал кеттік… Кенет жолда бір нәрсе тарс ете қалды. құлпынай тиелген машинаның бортына бір нәрсе құлағандай болды. Әкем екеуміз кабинадан аты шығып қарасақ, сатамыз деп үміттеніп келе жатқан құлпынайларымыз жерге құлап, Kaztube: Мен саған ғашықпын...құламағандарын бір нәрсе езіп тастапты((

Тоқтай тұр..! Машинаның үстіне кенеп секілді бірдеңе көрінеді ғой. Мен жалма жан әлгі ақ кенепті көтере бергенім сол еді… Астынан… Астынан бір бозабаланың шыға келгені. Көзін-ай… Жалт етіп қарағанда, неге екенін білмеймін, бойымнан тоқ жүгіріп өткендей болды… Не ашудан, не басқа бір сезімнен дір-дір етіп тұрып қалдым…

Құрметті, көрермендер! Бұл — 31 арнадан көрсетіліп жатқан «Мен саған ғашықпын» атты телехикаядағы сюжет. Дәл осы сериалды әрмен қарай көргіңіз келсе, басты кейіпкердің жан-дүниесін сезініп, әлгі аспаннан түскен бозбаланың кім екенін білгіңіз келсе, KazTube порталынан қарауыңызға болады. Барлығы да сіздер үшін!)
Әрі қарай

Қазақта шоу-бизнес немесе шоубизнесмен болған ба?

  • Kaztube
Kaztube: Қазақта шоу-бизнес немесе шоубизнесмен болған ба?
Ия, тақырыпқа қарап, мынауың жынды ма дейтініңізге күмән жоқ. Әлбетте, қалай ойласаңыз да өз еркіңіз, бірақ сәл тоқтай тұруға кеңес берер ем :)
Ең алдымен шоу бизнес деген не? Соны біліп алайықшы. Аты айтып тұрғандай, ол шоу арқылы бизнес жасап, ақша табу. Осыны кәсіп ету. Ал шоу деген жай ғана өнер көрсетіп қоймай, көрермен көңілінен шығу. Демек өзінің өнерін көрсетіп, қазақ арасында шоу жасағандар жоқ дегіңіз келе ме?


Жо жоқ, қателестіңіз, 3D лазерлік шоу ұйымдастырмаса да, домбыра тартып отырып, құйрығымен жорғалап жүріп, киіз үйдің ішін аралап шығатын, әр ән айтқан сайын әннің сөзіне орай бет әлпетін мың құбылта отырып, өнер көрсететіндерді не деп атар едіңіз?!
Kaztube: Қазақта шоу-бизнес немесе шоубизнесмен болған ба?Әлгі Сәкен Жүнісов жазған «Ақан сері» романында Шашубай баланың жұртты асқа шақыратын жері бар еді ғой: «Уа, жарандар, жарандар, бәрің де маған қараңдар! Аттарыңа мініңдер, тауға қарай жүріңдер!» деп, атының мойнына оратылып, бауырына сыпырылып түсіп-мініп келе жатқаны ше?

Сері демекші, қазақта «Сал-сері» деген ұғым бар. Сол ұғым қазіргі «шоу-бизнесмен» дегенге әбден келеді. Біржан сал, Кемпір сал дегенді естіп пе едіңіз? Естісеңіз дәл өзі! Өнер көрсетіп, сол өнерінің арқасында ат мініп, шапан киетін олар үнемі сол әнімен, сәнімен жүруге тырысқан. Олар туралы жазылған шығармалардың қайсысын алып қарасаңыз да, көзіңіз жетеді.
Kaztube: Қазақта шоу-бизнес немесе шоубизнесмен болған ба?Салдардың өмір сүру салты да дәл қазіргі шоубиз өкілдерінің өмірі секілді болған екен :) Айнала толған қыз-қырқын, той-думан, қалың нөкер және шашбауын көтерген халық. Ұқсастық бар ма?)

Сонымен қатар, салдар туралы ауыздан-ауызға жеткен аңыздар бойынша олар да бір бірінен ерекшеленуге қатты тырысқан. Ең бірінші киімнен. Мысалы Кемпір сал бір тойға түгелдей тек киізден тігілген киім келіпті. Ал Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында Құдайбердінің баласы Әмірдің салдық құрып жүргенін суреттейтін жері бар. Киімдері алабажақ, шалбарының балағы жерге сүйретілген ұзын, алдынан келе жатқан нөкерлер жолды бөгеген халықты дойырмен ұрып, қуалап жол ашып, оған халықтың ашуланбай, қайта сақылдап күліп қашып жүргенін бейнелемей ме? Дәл қазіргі әншілердің жанындағы күзетшілері мен иін тірескен фанаттары есіңізге түсіп отырған шығар))

Kaztube: Қазақта шоу-бизнес немесе шоубизнесмен болған ба?Кемпір сал демекші, ол туралы тағы бір аңызды еске түсіп отыр. Бірде той болып жатқан ауылда бай-бағыланның жас мырзалары Кемпір сал үйге кіргенде орын бермеуге келіседі. Кемпір кіріп келсе, бәрі шалжиып жатып алған, ешкім төрге шық демейді. Әдетте оның шылауына оралып, аттан көтеріп түсіретіндердің ісіне ызаланған ол, сыртқа шығып, қазан басындағы әйелдерге "Әй, маған самаурын әкеліңдер, ақшамен самаурын қайнатамын" деп айқай салады. Не болар деп қызықтап әкелген самаурынға қалтасынан бір бума ақшаны шығарып, тұтатып, тастап жібергенде, бәрі шу ете қалады. Әлгі үйде жатқандар «шынымен ақшамен тұтатып жатыр ма?» деп далаға тұра ұмтылады. Ал Кемпір сал болса, әлгілердің орынан асықпай жантая кеткен екен дейді.
Бұл да бір ерекшеленудің белгісі емес пе? Салдар да кез-келген жерге бармайды, өздеріне құрмет көрсететін жерге ғана тоқтайды. Халықтың үстінен күн көріп, халықтың еркесі атанады.

Міне, қазаққа өнер атаулының бәрі таңсық емес. Атауы шетелдік болғанмен, барлығы басынан өткен деуге болады емес пе?! Тек шетелдік мәдениетті ғана биік санайтын ойдан арылатын кез жетті.
Әрі қарай

Қызыл туфли

Мен оның алдымен қызыл туфлиін көргенмін. Иа, рас! Адамның басын көрмей қалай алдымен аяғын көреді дейсіз ғой, шамасы?! Кезекті жұмыс күнінен шаршап, мойныма ауыр жүк байланғандай, көзімді жерден алмаған күйі отыр едім. Есік қағылды… Сары үрпек балапандай, қатты сөйлесең үркігенін қойшы, дәл қазір-ақ күл паршасы шығып үгітіліп, үлпілдеп тұратын бақбаққа ұқсас талдырмаш хатшы қыз шығар деп, басымды көтермеген күйі: -Кіре бер-дедім енжар күйде. Тық-тық етіп басылған аяқ дыбысы әдеттегіден өзгеше. Тықылдаған дыбыс жиілеп, жиілігі сағат соғысындай бірдей ырғақпен қайталанып келе жатыр. Өзіне нық сенімді адамның жүрісі. Жерге әр қадамын санамалап басады. Басымды көтермеген күйі еденге қарадым, маған аяңдап келе жатқан адамның аяғына қарадым. Қып-қызыл биік өкшелі туфли, балтырдың бәрі оқтаудай түзу болуы міндетті емес қой дегендей, аздап қисықтау келген аяқтарын еркелей басады. Басымды көтермеген күйі, қызыл туфли иесінің бет-әлпетін ойша өрнектеп алдым. Шашын жоғарыға түйіп, ерінін де шоқтай қып-қызыл етіп жандырып бояп алған шығар, сірә? Кірпіктерінің қысқалығына күйініп, аяусыз сүрмелеген болуы мүмкін. Ал, қасы… Керілген қарылғаштың қанатына теңеуге «патша көңілім» сараңдық танытып, көздің формасына сәйкес сыза салған әншейін бір сызық болсын деп түйдім… Осылай өз ойымдағы бейнені суреттеумен әуреленіп отырғанда: — Уақытыңызды алсам кешірерсіз,- деген немқұрайлы дауыс иесін еріншек біреу шығар деп түйіндеп те үлгердім. Уақытымды алғанына шын көңілмен ыңғайсызданып тұрмаған болу керек, арғы жағында «уақытыңызды алсам да, алмасам да бәрібір мені тыңдауға тиістісіз» деген өзіне сенміділікті аңғардым: -Ал, келіңіз, тыңдап отырмын. Алдына келіп тұрған әйел затының бетіне қарамастан сөйлеп отырған бұл қандай еркек деп таңғалғандай, біраз үнсіз тұрып қалды: -Сіздерге жіберген шығармаларымды неге жарыққа шығармағандарыңызды білуге келдім,-деді. Есіме түсті. «Адалдықты ойлап тапқан өзіміз...» деп басталатын шығарманың авторы болуы керек. Өмірдің көлеңкелі тұстарын ғана суреттейтін шығарманы басуға оң ниет танытпам едім. Өзі де еңсесі түсіп жүрген адамдарды әлдекімнің солқылдақ ойлы, күңгірттеу пікірлерімен улағым келмеген. Жанымдағы столға келіп отырғанда ғана, алдымдағы адамның бейнесін өз-өзіме тосын сый жасағандай көргім келіп, басымды көтердім. Еріні шоқтай қызыл болмаса да, қызғылт далаппен бояп реңін келтіріп қойыпты. Кірпігін аяусыз бояған деген ойым тым артықтау екен, мүлдем боялмапты. Қасын суреттеуге неге сараңдық танытқанымды өзім де түсінбеймін, әлде уысыма түспей жүрген әдемілікке ызаланғаным ба? Қара қасты, қой көзді, аққұба келген қыз алдымда тұр. Ал, шашын суреттеуден қателеспеген екенмін. Ұзақ қарап қалғаныма өзім ыңғайсызданып: — Отырыңыз, отырыңыз,- дей салдым, аяқ астынан әбігерге түсіп. Отырған соң, алдымдағы үстелде бетін теріс қаратып жаба салған Абайдың кітабына ұзақ қарап отырды да: — Мен де оқимын. Бірақ оқып іздегенімді енді таптым деген кезде, үнемі жоғалтып аламын,-деді жұмбақтау үнмен. — Нақтырақ нені? — Мысалы адалдықты. Оқып отырып адалдықтың барына сенемін, ал кітапты жауып тастап шынайы өмірді көргенде тітіркенемін. Неге дейсіз ғой, адалдық, біреудің ала жібін аттамау туралы үнемі айтып жүретін ағайым мал ұрлығымен сотталып кеткенде-ақ көзім жеткен. -Жақсылықтан Үміт үзу — адамның ең соңғы амалы құрығандағы әрекеті. Бірақ бұл әрекет арқылы да Өмір тоқтайды. Сенім керек. — Сену дейсіз бе?! Ертегіге ұқсас әңгіме… Менің бала көңілім Алладан шын ниетіңмен тілеген тілегің орындалады дегенге де сенетін… Күнде кешкісін арақ иісі мүңкіп келетін әкемнің есіктен кіргенінен-ақ үйдің мазасы қашатын. Бүгінгі күннің ойраны тағы бұзылатынын табалдырыққа жығылып құлаған кезде жарда ілулі тұрған заттардың салдыр-гүлдір құлаған дыбыстарынан сезетінмін. Әкем жұмыстан қайтар уақыт жақындаған сайын, екі көзімді тарс жұмып алып, ішімнен жүз, кейде мың қайтара Алладан папамның үйге сау келуін тілейтінмін. Анам да Алладан тілеп әбден ығыры шықса керек, «Айым, сен періштесің ғой әлі, періштелердің тілегі қабыл болады. Папам үйге сау келсін деп тілеші» дейтін кейде. Періштесің деген бір-ақ сөз аппақ Үміт оятатын кеудемде. Алланың мені еститініне күмәнім қалмайтын. Ал, жұмыстан қайтқан әкемнің сүйретіле басып, жер дүниені «төңкеріп» келе жатқанын көргенде, аппақ гүл бейнесіндегі Үміт кенет қап-қара киімді шайтанға айналып, «Сені алдадым тағы» деп сақ-сақ күлгендей болатын. — Қызық екен, бірақ бәрі бірдей олай сәтсіз бола беруі мүмкін емес, бір күні адалдық құшағын айқара ашары анық,- деп өз пәлсапамды тықпалай бастадым: — Бір-екі сәтсіз оқиғаларға қарап,өмірдің бүкіл болмысының бағасын беруге болмайды. Бұл дәлелсіз пікірімді бағаламағандай, иығын енжар қиқаң еткізді: — Білмеймін. Кітап басқа, өмір басқа. Бір-бірімізді босқа алдаймыз. Қарап отырып, дау туып, ал өзімнің сөз таба алмай қынжылғаныма іштей өкпелесем керек, Абайдың кітабын қолыма алып, қайта жаба салдым. -Егер адалдық, ар-ұят, намыс туралы ұғым болмаса, адамдар әлдеқашан хайуанға айналып, ал Өмірдің ат қорадан айырмасы болмас еді? — Ал, әдемі рөлдерді ойнап, жай ғана әртістердей жүргеніміз Өмір ме? -Сіз өзіңіз ойлағандай емес бәрі. Бір адамның көзқарасымен барлық адамзаттың бейнесі ашылмайды. Адалдық бар, кітапта жазылатын әдемі өмірлер кездеседі. Ол осы пікірімді де құрғақ деп тапқандай енжар күйде: -Мүмкін солай да шығар,-деді. Ойланып қалдым, мына қыз жын ба, пері ме? Келе сала осы уақытқа дейін жианаған өмірлік ой-тұжырымыма қарсы пікір айтты. Өз көзқарастарымның дұрыстығына күмәнданып қалғандаймын ба? Аң-таңмын. Әй-шәй жоқ есіктен ене сала, мені ойландырып тастаған бұл кім?… Біздің әңгіме осылай басталған. Содан кейін қызыл туфли мен былғарыдан тігілген қара бәтеңке жұптасып тротуарды кезді әуелі. Содан кейін ресторанның табалдырығын аттады. — Әңгімемен жарты күнім өтіп кетті,-деді ол жанарына түсініксіз мұң қамалып. — Босқа өткіздім деп ойлайсың ба? Үйде ұйықтаумен де өтіп кететін уақыт емес п? Ал, біз қаншама пікір алмастық. — Ғұмырдың соңғы нүктесі қойылар сәтте барлық өткен уақыттардың мыңнан, тіпті миллионнан бірін кері қайтарса ғой деген ақырғы тілек болады екен адамда. Тіпті бір жұтым ауа үшін бір ғана тыныстауға зар болуы мүмкін. Әр сәтті бағалау керек. — Өз басым дәл қазіргі сәтімді бағалаймын! — Бағалауға тұрарлықтай еткізіп өткізу бізге байланысты болуы мүмкін. Жұмбақтау жымиды. Күле алады екен. Және әдемі күле алады. Бетінің екі ұшындағы пайда болған ойық су бетіне тас лақтырғанда пайда болған дөңгелек көріністей тез пайда болып, тез жоғалды. Жымиғанын доғара қойды, демек. — Күліп жүрші үнемі… — Кім үшін? — Ешкім жоқ болса, мен үшін күліп жүрші… Миығынан мырс етті, сөзімді тағы да арзанға балағаны. Ішілген шараптың ба, әлде келелі әңгіменің әсері ме, бойымды, ойымды әлсіздік билей бастады. Екеуміз де табиғаттың алдында дәрменсіздік таныттық. Ол әйел, ал мен ер екенімді қанша елегіміз келмегенмен, бізге дейін жазылып қойған заңдылыққа қарсы тұруға қайратымыз жетпеді, әлде өзіміз солай болғанын қаладық па? Бағалы әңгімелер іштей жүректерді жақындастырды, пайда болған жақындық жылылық шақырды. Ал өзіңе жылы тартқан бейнеге сүйсінбеу мүмкін емес. Адалдыққа мүлдем жат болса да, дәл қазіргі тәтті кезеңді жіберіп алып, кейін өкінгім келмеді.… Май шамның әлсіз сәулесі түсіп тұрған бөлмеге ендік. Есік ашылып жабылғандағы леппен майшамның оты дір етіп өшіп бара жатты да, кейін маздап кетті. Қабырғаға түскен екеуміздің көлеңкеміз де дірілдеп тұрды да, кейін еңсесін тіктеп алды. Табалдырықты аттамас бұрын пайда болған күдік те сейілді. Қызық, көргеніме көп болмаған Айым көптен танитын адамымдай болды. Мен оны зарыға күтіп, жаңа табысқандай болдым. Талай жыл бірге болған адамың жаныңа дәл осылай жылу сыйлай алмауы мүмкін. Ол бауырыма тығыла түсіп, күрсінді. Оның да бұл сәтті жібергісі келмейтіні белгілі еді. Мүмкін қарсылық танытар деп әлі де сенімсіз күйде маңдайынан сүйдім… Май шам еріген сайын лаулай түсті. Еріген балауыз кемерінен тасып барып төгіліп жатты, жиі-жиі шығарған демімізден оты жалп ете өшіп, бықсып барып, қайта жанады. Қабырғаға түскен көлеңкеміз әлдеқашан бір денеге айналған. Бірде баяу, бірде үзіліп барып қайта жалғасатын, тіпті әлденеден қашқан адамның тез-тез жүгірісіне ұқсап, кері біразға дейін қимылсыз қалатын мына қабырғадағы көлеңкелердің бейнесіне қарап, бұларға тап қазір ешкім де, еш нәрсе де бөгет болмайтынын түсінерсіз. Мейлі ертеңгі күнді ұлы қасірет күтіп тұрса да, дәл қазіргі ләззат үшін ештемеден де бас тарту мүмкін емес еді. Денемнен әл кеткен сайын, белгісіз сиқырдың арбауына сүңгіп бара жаттым… Ол киініп, үсті-басын дұрыстап, кетуге ыңғайланды: -Тағы да біраз қалсаңшы. -Жұбайыңыз күтіп қалар. Бір ғана сөз есімді жиғызды. Адалдық бар деген пікірім желге ұшты ма? Ол қоштаспастан шығып кетті. Асығыс басқан қызыл туфлидің тықылы алыстай берді. Жұмбақ күйде пайда болып, белгісіз күйде жоғалып кеткен Айымды елеңдеп күтіп жүрдім. Жолымда ақ та, қызыл да туфли кездесіп қалып жатты. Бірақ ешқайсысы да ыстық болмады.… Машиналардың қосалқы бөлшектерін сататын қара базарға керекті заттарымды іздей бардым. Іші-бауырыңа кіріп, тіпті, дәл қазір көлігіңді өзі-ақ жөндеп беретін адамдай асты-үстіме түсіп жатқан жігіт ағасының қолын қайтару мүмкін емес еді. Әркім өз кәсібінің шебері. — Кілтті алып бере салшы,- деген сөзді аяқтамай жатып-ақ, зілдей темірді көтеріп әкелген әйел ерінің алдына қолындағысын тастай салды: -Осы ма? Оны да самарқау айтты. Сөзге сараң қандай жан еді өзі? Бетіне қарадым. Айым! Алтынды тот баспайды деуші еді ғой. Тот басқаны былай тұрсын, әбден жеп қара түтігін шығарыпты. Жұмбақ жымиятын мұхиттай терең көзқарасы жаңбырдан кейін қалған қаққа ұқсап жай ғана мәнсіз жылтыңдайды. Әйтеуір, көз деген аты ғана болғасын, жан-жағына енжар қарап тұр. Қызыл туфлиімен әуен ойната басатын аяқтарды айтсаңшы?! Жұп-жуан түйенің аяғы дерсің. Самайына ақ шаш кірген шығар десем, демінен шыққан ыстық бу салқын ауаға араласып, шашына қырау болып тұрып қалған екен. Ақша санауға бейімдеп кесіп тастаған қолғабының ұшынан көрініп тұрған сұп-сұр саусақтары суыққа әбден үйренген болуы керек, тоңатын түр танытпайды. Бетінен бұрынғы Айымның жұрнағын да таба алмадым. -Айым, қалайсың? Бетіме бажырая қарады. Көзінің оты адамды өртеп жіберер найзағайдай жарқ еткенде, жүрегім тіксініп кетті. Бекер айттым. — Ә, сен бе? Аздап жымиғандай болды, екі бетінің ұшында пайда болатын әдемі ойық бұл жолы көрдің үңгіріндей суық еді… Күндегі сұрамсақ көршісін көргендей ешқандай таңданбады да. Жанындағы ер адам жолдасы болса керек, мынау кім дегендей қарап тұрды да, өз ісіне көшіп, саудасын қыздыра берді. Мен кетуге ыңғайландым. -Адалдық бар ғой. Мұрнының астынан міңгір ете қалды.Өзге адамның түсінуі мүмкін емес еді: -Бірақ аппақ болуы міндетті емес,-деді тағы, әкелген темірлерін ауыстырып жатып, — Әп-әдемі аяқталуы да шарт емес. — Оған өткенім маңызды емес, бүгін, сосын алдағы уақытта дақ түспесе болды арамызға,- деді басын күйеуіне қарай елеусіздей бұрып, — Осылай бақытты шығармын. Ештеме дей алмадым. Іздеген заттарым да жайына қалды. Теріс бұрылып кете бардым. Жүн байпақ киілген жуан аяқтарға қызыл туфлиді ойша қиыстыра алмай, миым солқылдап ауырып кетті. Біреуге өкпелегендей болдым. Әдемілікті жұтып қойған уақытқа ма, әлде жолы ауыр адалдыққа ма, қиялымда әдеміліктің анық бейнесін сомдап қойған алдамшы қызыл туфлиге ме? Белгісіз…
Әрі қарай

Асығыңыз. «Нұр Сұңқар» республикалық байқауы басталды

Биыл тұңғыш рет радиожурналистер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпты көтерген БАҚ қызметкерлері марапатталады

Блог - Abylaikhan_Kalnazarov: Асығыңыз. «Нұр Сұңқар» республикалық байқауы  басталды

«Нұр Сұңқар» – бұл жыл сайынғы дәстүрлі үрдіс – партия мен БАҚ өкілдері арасында әріптестік пен ынтымақтастықты дамытуға үндейтін ел аумағындағы барлық журналистерге арналып өткізілетін ашық байқау.

Байқау жұмыстарының тақырыбы – партияның аса маңызды бастамаларын, партияның жастар саясатын, партия мен оның филиалдары, маслихаттардағы фракцияларының жұмысын, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының қызметін жария ету.
Өткен жылы еліміздің барлық аймағынан «Нұр Сұңқар» конкурсына қатысуға 221 өтініш келіп түсті. Байқауға Елбасы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттерінің іске асырылу барысы, «Қазақстан-2050» стратегиясының басымдықтары, партия Доктринасының ережелері, сондай-ақ партиялық бастамаларды жариялаған журналистердің еңбектері қабылданды. Былтырғы жылы Байқау комиссиясы шараның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 114 жұмысты іріктеп алды.
2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 11 маусымға дейін жарияланған немесе эфирге шыққан материалдар және де жарияланымдар мен бағдарламалар циклдері түрлі жанрларда (очерк, сұхбат, мақала, телевизиялық және радио бағдарламалар, журналистік зерттеулер және басқалары) қабылданады.
Материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады. Байқауға материалдарды қабылдаудың соңғы күні – ағымдағы жылдың 12 маусымы (алынатын күн). Жеңімпаздар Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында елордамыз – Астана қаласында марапатталады.
Биыл сыйақы тізбегіне радиожурналистер мен жемқорлыққа қарсы тақырыпты көтерген тілшілер үшін жаңа номинациялар қосылып отыр.
Осылайша, жеңімпаздар 9 номинацияда анықталатын болады:
1) «Ерекше пікір» – Ең үздік телевизиялық журналист
2) «Сөз шебері» – Ең үздік газет журналисі
3) «Медиа-профи» – Ең үздік ақпараттық агенттік журналисі
4) «Көзқарас» – Ең үздік блогер
5) «Аймақ айнасы» – Ең үздік өңірлік корреспондент
6) «Қоғам үні» – Ең үздік радио журналисі
7) «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін»
8) «Партия қызметі туралы ең үздік материал үшін»
9) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы ең үздік материалдар үшін».
Айта кетейік, былтыр «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысында партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы қабылданған болатын. Оның мақсаты – бүкіл қоғамда коррупцияның кез келген көрінісіне төзімсіздік ортасын қалыптастыру арқылы халықты жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту.

Жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі.
Байқау Ережесімен мында танысуға болады: www.nurotan.kz/kz/news/9274.
Материалдарды Байқаудың ұйымдастыру комитетіне жолдау керек: 010000, Астана қаласы, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты, Д.Қонаев көшесі, 12/1, №705 каб., тел.: +77172 55 55 96, +77172 55 55 63,, электрондық пошта мекен-жайы: nursunkar2015@nurotan.kz.

Ақпарат көзі: nurotan.kz
Әрі қарай

Қарты бар үйдің қазынасы бар!

Блог - ErzhanKhamitov: Қарты бар үйдің қазынасы бар!
Менің атам Ибраев Хамит Ыбырайұлы 90 жастан асып өмірден қайтты. Немере, шөберелері қасына жиналып дастархан басында отырғанда апама қарап: — Осылардың қызығын көрсек! Екеуіміз енді жүзге келсек — деуші еді. Апам да қалжыңдап: — Еще өзінің жүзге келетін ойы бар деп күліп отыратын) Дегенмен, мықты болды. Бір қисайып белім деген емес. Қасқайған бетінде өтті. Бір жылдары ауырып емханаға апарғанда «кәрі адам, ота жасай алмаймыз, жүрегі шыдамайды» дегенде болмай жасатқызғанбыз. Жүрегі шыдады! Дәрігерлердің тезірек құтылғылары келді ма қайдам, «әрі кетсе бір-екі апта өмірі қалды үйлеріңізге жеткізіп алыңдар» деді. Шыны керек дайындалдық. Бірақ, шыдамдылығының, сабырлығының арқасында, берген дәріні уақытылы ішіп, жақсы күтім жасағанының арқасында дертке төтеп берді. Одан кейін он шақты жыл қасымызда болып тағы 3 шөбересін қолына ұстап кетті.

Жастайынан жетімдікті көріп, жігіттік жасқа енді келгенде соғысқа барып, кейін ел ісіне араласқан атам туралы бір кітап жазатындай ақпаратым бар. Әзірше соғыс туралы әңгімесін біле отырыңыздар)

Баламыз ғой. Соғыс дегеннің қалай болатыны қызық. Көңіл-күйі бар-ау дегенде сұрақты жаудырамыз: «Соғыс туралы айтыңызшы», «неше неміс өлтірдің», «қандай мылтық ұстадың» деген сияқты. Есіне түсіріп,қай-қайдағы ойға оралмасын дейтін шығыр, жымиып қана қоятын. Тек бір-екі әңгімесін ғана қайталап айтып отырушы еді.

1942 жылы Қарқаралы қаласындағы 42 азаматпен соғысқа аттанады. 3 ай дайындықта болып кейін майданға жіберген. – Біздің әскер үшін ең қиын кезеңдердің бірі еді. Немістер «Біз сендерді жеңеміз! Өмір сүргілерің келсе беріліңдер» деген қағаздар тарата бастады. Окоптарымыздың арасы 60-70 метр ғана болатын. Көз алдымда бір орыстың және бір қазақтың жігіттері неміс жаққа өтіп кеткендерін көрдім – дейтін. Қақтығыстардың бірінде замандасы Ақтаев Рымбайдың: «Хамит, Хамит, аяғымды жұлып кетті..» деген дауысын естиді. Жаудың бетін қайтарып, дәрігермен қасына барғанша ол жүріп кеткен. Соның алдында ғана «Хамит, мыналарға еріп кетіп жүрме! Немістерге сатылма!» деп отыратын дейді. Сол күні атам да екі қолынан ауыр жарақат алып госпиталге түседі. 3 айдан астам уақыт сонда жатып 1942 жылдың соңына қарай еліне қайтарған. – Менен кейін Аймақов Әділхан және Омаров Айташ деген екі азамат еліне оралды. Қалған 39 Қарқаралылық майданда қалды – дейтін. Соғыстан келгеннен кейін көп ұзамай қазіргі #Қарқаралы ауданына қарасты #Темірші ауылында еңбек етіп көп жылдар бойы бухалгер болып қызмет атқарды. Зәбира апаммен отбасын құрып 6 бала тәрбиеледі. Сол Темірші ауылын айдаладағы Семейге қосып жіберейін деп тұрған жерінен аман алып қалып, жақын жердегі Қарқаралы ауданына қосуға ат салысқан. Өзінің айтуы бойынша Қарағандыдағы алғашқы ағаштарды отырғызған екен. Ол жеке әңгіме.

P/S: «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Қазақстанда 5015 соғыс ардагері қалыпты. Қашанғы жүрер дейсіз. Қадіріне жетіп құрмет көрсетейік. Өткендегі Азамат деген ақымақтың ардагерге қол жұмсағанын көріп күйіп кеттім. Тарихын білмеген, тәрбие көрмеген тексіздер ғана сондай қылыққа барады! Ардагерлерімізді аялайық ағайын!

Барлығымыз абыройлы болсақ игі,
Бірге жүріп тоқсанға толсақ игі.
Әй бірақ біздің арман таусылмайды
Дүниеге әкелсек те он сәбиді.
Мен өзім атам тірі болса деймін,
Атам да атам тірі болса дейді)
Қ. Алагөзов
Әрі қарай