Жақында еңбек демалысын алып, ел көрейін, жер көрейіндеген мақсатпен Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласына барып қайтқан болатынмын. Бас-аяғы бес күн жүріп, ол жақтағы жағдайды біздің елмен салыстырып, ойша сараптап көрдім. Назарларыңызға көрші ел жайлы аз-кем мәліметті беруді жөн санадым.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН — 1
Өткенде Өзбекстанға барған сапарымда сол жақтағы кісілермен біраз сұхбаттас болып, екі елдің жағдайы жайлы сөйлесіп, ой бөлістік. Сонда бір аға айтады (ұлты қазақ. Балаларының оқуына байланысты ата қонысқа оралуды кештетіп отыр):
— Назарбаев қазақтарға барлық жағдайды жасап қойды. Бизнеске жол ашып, жеңілдіктерді көбейтіп, бар мүмкіндікті берді. Неге енді соны дұрыс пайдаланбайсыңдар? Бізде сәл көбірек ақша тауып, айналаңды сезіктендірсең үш әріп соңыңа түсіп, қудалап, соңында бүкіл дүние-мүлкіңді тәркілеуден тайынбайды. Көңіліңе тисе де айтайын, жалқаусыңдар!, — дейді.
Рас қой. Ала шапанды ағайындардың елінде бәрі әйтеуір бір тірлікпен айналысады. Нан жауып наубай болса да, сиыр сауып айран-сүт сатса да, үйде отырып тігіншілікпен айналысса да тіршілік жасап жатқан халық. Жер үйде тұратын әр үйдің бақшасында қыанақ, болгар бұрышы, баклажан, ащы бұрыш, көктер, баклажан жайқалып тұр. Керегін жұлып алып, жей береді. Ал көпқабатты үйде тұратын алыстау құдағиымыз жасы 60-тан асса да тастардан түрлі әшекей бұйымдарын жасап сатып, ақша тауып отыр.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-2
Өзбекстанда тұратын ағайын өздеріндегі уақытпен таңғы 6-да тұрады. Жұмыс жасаса да, демалыста болса да, қалып бара жатқан жұмысы жоқ болса да қызықтырмайды. Таңғы 6-да тұрып, тірліктерін жасайды. Қыздары есік алдына су сеуіп сыпырады (көпқабатты үйде тұратындар подъезді, сыртын сыпырады), ер адамдар үйдің анау-мынау тірлігін жасайды. Қысқасы таңғы 7.30-8-де отбасы мүшелері төрт көзі түгел отырып таңғы шайды ішеді. Түске дейін анау-мынау тірліктерін бітіріп, үйде отырғандары түсте демалады. Ал кешке 9-10-дарда қақпаларын бекітіп, әрқайсысы өз бөлмесіне кіріп кетеді.
Өзбекстанда бәрі осылай деп айтуға болмайды, әрине. Әйткенмен мен көрген тұрмыс салты осылай.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-3
Бір күні нағашымның үйіне тамаққа шақырды. Сол баяғы палау. Содан тамақ үстінде әңгімелесіп отырмыз. Нағашым сұрақ қойып жатыр, мен жауап беріп отырмын. Бір кезде менен екі жас үлкен баласы: «Неге сендердің әйелдерің тумайды? Мемлекет ақша беріп тұрған кезде туып алмайды ма?» дейді. Сөйтсем оларда бала туған әйелге көк тиын да берілмейді екен ғой. Оны білмейді екенмін. Тіпті, алдағы уақытта бала санын көбейтіп жібергендерге айыппұл салынуы мүмкін деп те айтылып жүрген ұқсайды.
Өз-ағамның еліндегі тәрбие басқа. Әсіресе, демографиялық жағдайға ерекше мән береді. Баланы асырай алмаймын, не беріп тамақтандырамын деген ой жоқ сияқты. Неге десеңіз, қай шаңыраққа кірсеңіз де топырлап жүрген балаларды көресіз. Әйелдері жастары 40-қа келсе де ешкімнен қысылмай-ақ бала табуға шамасы жетсе туа береді. Тәрбие солай. Көбінесе әйел адамдар үйде отырады. Үйдің шаруасымен айналысып, бала тәрбиесіне көбірек мән береді. Кешке күйеуін «Яхши келдингизми?» деп күтіп алып, көк шайын ұсына қояды.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-4
Өзбекстаннан үйренетін, үйренуге тиіс бір нәрсе бар! Маған олардың үйленгендері қызық. Сіздер бірден олардың туысқандарына үйленетінін естеріңізге алдыңыздар ма? Мен ол жайлы айтпаймын.
Ол жақта жігіт пен қыз үйленерден бұрын толықтай медициналық тексеруден өтеді. Басынан аяғына дейін тексеріліп, денсаулықтары жақсы, екеуінен бала болмай қаупі жоқ екендігіне көздері жеткен кезде ғана үйлендіреді. Өздерінің айтуынша, бұрындары «дені сау» деген анықтамаларды таныс-біліс арқылы, ақша арқылы оңай жасатып алып жүрген екен. Бірақ соңғы уақытта түрлі жаман аурулардың шығуына байланысты дәрігерлердің өзі қанша ақша берсе де жасап беруден бас тартып жатыр екен. Әсіресе, СПИД кеселіне шалдыққандар көптеп шығып жатқан ұқсайды. Ресейге барып жұмыс жасап келетіндер жұқтырып келеді дейді мамандар. Рас-өтірігі белгісіз. Мен өзім естігенімді ғана жазып отырмын.
Қысқасы, үйленерден бұрын жақсылап тұрып қаныңызды тапсырып, УЗИ-ге түсіп, әр дәрігердің алдына жеке-жеке шығып, «Денсаулығы жарамды» деген анықтаманы алғаннан кейін болашақ жарыңызбен бірге дәрігерге кіріп, резус-факторыңызды анықтатып, бала болатынын естігеннен кейін ғана некеге тұра аласыз. Сондай-ақ молдалар АХАЖ-дың неке жайлы куәлігінсіз неке оқымайды.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-5
Айтпақшы, өзбектерге ақыл кіре бастапты. Бұрынғыдай әмәкісінің, холасінің қызын әперуді қойыпты ұлдарына. Ол жайлы арнайы заң да қабылданғанға ұқсайды. Общым, туысқандардың туысқандарға үйленуіне тыйым салынған. Сосын, мектеп бітіре салып (ол жақта орта білім 9 сыныппен аяқталады. 11 сынып жоқ) қызын күйеуге беруден бас тартуларына тура келеді. Кәмелет жасына толмаған, сосын колледжде оқитын қыздарға тұрмықа шығуға заңмен тыйым салыныпты.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-6
Өзбекстанда Жоғары оқу орнына түсу деген қиямет-қайым! Рас айтамын. Егер біліміңіз тасып, қалтаңыз қалың болып, дөкейдің баласы болмасаңыз жоғары білім аламын деп армандамай-ақ та қойыңыз. Ал грантты түсіңізге де кіргізбеңіз. Ол жақта орта білім 9 сыныппен аяқталады. Одан кейін жалынсаңыз да мектепке кіріп оқи алмайсыз. Тәртіп солай. Кез келген оқушы тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін арнаулы колледждерге («касб-хунар» колледжи дейді өздері), бұрынғы тілмен айтқанда училищелерге оқуға түседі. Онда белгілі бір кәсіпті меңгеріп шығады. Мәселен, аспаздықты, дәнекерлеуші дегенді. Ал «крутой» колледждерге түсу де ақшаны талап етеді. Дейді сонда тұрып жатқан халық. Колледжді бітіріп шыққаннан кейін мамандығына сай жұмыс жасай береді. Ал университетке түсу екінің біріне бұйырмайтын бақ!
Ұзынқұлақтарға сенсек, биыл ТошМИ-ге (медакадемия біздің тілде) түсу үшін әжептеуір көлемдегі АҚШ долларын сұрапты. Онда да ол грантқа түсу үшін емес. Жай ғана емтиханнан өтіп, ақылы бөлімге түсесіз. Ао оқу ақысы олардың ақшасымен миллионнан асып жығылады. Жыл сайын өсетіні тағы бар. Олар «контракт» дейді оны. Өткенде мен барған кезде оқуға түскендердің тізімі шығатын уақыт болған екен. Университеттердің сыртына ұзыннан-ұзақ орналасқан тақтайшаларға жабыстырылған қағаздардан фамилияңызды тапсаңыз қуана беріңіз. Сіз тәләбасіз… Жоғары оқу орнының дипломын алу қандай бақыт екенін ойша елестете беріңіз! Уот солай! Біздегі сияқты ҰБТ-дан өте алмай қалғандар да жекеменшік университеттерде оқи алмайды.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-7
Менің Өзбекстанға, оның ішінде Ташкент халқына бір нәрседе қызыға да қызғана қараймын. Ол — медицина! Ташкенттің ТошМИ-і өзінің мықтылығымен талайды мойындатқаны анық. Республикалық аурухана деген аты болмаса, халықаралық аурухана сияқты. Қазақстандық бауырлар да топырлап жүр. Ол жақтың дәрігерлері өте сыпайы. Жылы сөз — жанға дауа екенін жақсы біледі. Асты-үстіңе түсіп, бәйек болып, барлық нәрсені нақтылап, толық түсіндіріп береді. Дүңк ете қалмайды. Өз азаматтары үшін қызмет көрсету су тегін! Таңғы 8.30-дан түскі 14.30-ға дейін қабылдайды дәрігерлер. Қазақстан азаматтары үшін өздерінің белгіленген ақысы бар. Толықтай кассаға төлейсіз. Шынымды айтайыншы, дәрігерлері аурудың себебін, қалай күтініп, емделу қажеттігін айтып жатқан кезде тыңдай бергің келеді. Асыра мақтады демеңіздер. Расында да солай. «Сен өзбек емессің, Қазақстаннан келдің» деген ой жоқтығы қызметкерлердің өз мамандықтарына шын берілгенін дәлелдейтін сияқты. Біздің кей дәрігерлер сияқты ұзыннан ұзақ дәрілерді тізіп жазып бермейді. Тек нақты 3-4 дәріні жазады да береді.
Жалпы, ТошМИ-де емделіп жатқан да, тексеріліп жүрген де қазақтар өте көп. Өткенде қазақша сөйлеп отырсам бір жігіт ағасы келіп, «Сіздер де Қарақалпақстаннансыздар ма?» дейді. Тіліміз ұқсас болған соң солай айтып жатыр екен.
Біздің дәрігерлер таппаған диагнозды олар тауып, бізде жазылмаған науқастар сонда барып жазылып жатқан жайлары бар екені өтірік емес.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-8-9
Менің Өзбекстанға барған кезде бірінші баратын жерім — тамақтанатын орын мен кинотеатр.
Өздеріңіз де дәмді самса немесе палау жегілеріңіз келсе өзбек асханасын жағалайтын кездеріңіз болатын шығар иә? Мен де солай. Бізде әлдеқандай етіп «заказ самса» деп сатып жүрген самсалар өз-ағамдардың самсасының алдында түк емес. Ташкентте тамақтанатын орындары өте көп. Ал самсаны әр аттаған қадам сайын таба аласыз. Сонымен қоса өте арзан. Ресторан, кафе деп әспеттемей-ақ жай ғана асханасына кіріп тамақ ішсеңіз де көңіліңіз толып шығады. «Чорсу» деген базар бар, сол базарда үлкен бастырма бар. Уот, сол бастырманың астында бірнеше адам ошағын құрып, суын ағызып алып, палау бар ма, мантыбар ма, кәуап бар ма, самса бар ма — бәрін «сайратады».
Өткен жолы 3 адам болып қымбат кафеге бардық. Кәуап, тамақ, салат, суы мен шайын, нанын, самсасын алып жеп алдық (3 адамбыз). Ішімнен «мынау пәленбай ақша болатын болды ғой» деп ойлап қоям. 50 мың сом болыпты! Ол кездегі курспен біздің 2000 теңгеден сәл-ақ асады. Заказ самсасының біреуін жеп-ақ тойып қаласыз. Айтпақшы, ол жақта асхана, кафелерде той палауын жасайды екен. Яғни, тойдың палауын жегіңіз келсе (тойға жасалған палау өте дәмді, ерекше болады) сағат 10.00, 11.00-ден бастап дәмхана жағалай беруіңізге болады. Әрқайсысының өз дайындау уақыты бар. Ал біздің қазақтың тамағы деп жүрген нарын дегені ерекше. Асхана болсын, кафе болсын, бір шетінде нарыншылар тұрып, көз алдыңызда турап береді. Шаштай майда, дәмі тіл үйіреді қысқасы. Біздің қамыр ауқатымыз да жүр мәзірде. Бірақ өзіміз сияқты қатырмайды екен. Ал оның атауын естісеңіз не күлесіз, не ашуланасыз. «Шылпылдақ» (Чилпилдақ). Қызмет көрсету сапасы өте жақсы. Өзекеңдер іші-бауырыңа кіріп кете жаздайды.
Ал киносына келейік енді. Мен өзбектердің киносын сүйіп көремін. «Оңбаған, намыссыз» деп сөге жөнелмеңіздер. Расы сол. Біздің қазақтың жақсы кинолары енді ғана шығып жатыр ғой, шүкір. Ал Өзбекстан кино шығарудан көш ілгерілеп кеткені анық. Кинолары тәрбиеге, өздерінің ұлттық болмысына, салт-дәстүріне тұнып тұр. Кез келген киносын қарасаңыз да өздерінің Отанына деген махаббатын әйтеуір көрсетіп қалады. Бір ғана мысал келтірейін, біз көрген «Тағдыр ойыны» киносында жетім қызды балалар үйіне тапсырған кезде бір кейіпкердің «Жетім балаларымызға қамқорлық көрсетіп, мейірім беріп жатқан мемлекетіміздің барына шүкір» дейді. Өзіме осы сөз әсер етті.
Жалпы, ол жақта кинотеатр көп. Және біздегідей «Мега» сияқты ойын-сауық орталықтарында емес. Бұрынғы «Шымкент», "Қазақстан" сияқты кәдімгі мемлекеттің меншігінде. Бірнеше залда түрлі кинолар көрсетіліп жатыр. Басым бөлігі өздерінің отандық өнімдері. Ал билет бағасы 7000 сом.Ол біздің теңгемен есептегенде 300-350 теңге. Рахаттанып кино көріп қайтасың. Біздегі бағасы удай 1 киноға ол жақта 4-5 кино көріп шығуға болады.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-10
Өзбекстанның саясатының бір ұнаған жері — өздерінде өндірілетін өнімнің басқа түрлерін сырттан кіргізбейді. Былайша айтқанда сырттан зат алмай, өздерінде өндіреді. Бір ғана автокөлікті алып қараңыз. Өздеріндегі нексия, матиз, дамаз, шевролет сынды көліктерден көз сүрінеді. Арасында москвич, жигулилерді көзіңіз шалып қалады. Ал бізде екінің бірі мінетін мерседес, тойота дегенді емге таппайсыз. Тек той серуеніне жүретін жерден ғана бірлі-жарым «Мерседес» пен «Рэнж роверді» көзіміз шалып қалды. Неге сатып алмайды деп ойлайтын боларсыздар? Рұқсат жоқ! Шетелдік көліктерді кіргізуге рұқсат етілмеген. Әйтпесе, өздерінің көліктерін де удай бағаға сатып алып мініп жүр. Айтпақшы, ол жақта көлік сатып алу үшін кезекке тұрасыз. Иә, кәдімгідей кезекке тұрып ақшасын төлейсіз. Зауыттан көлік шыққан кезде ғана ала аласыз. Кейде жұрттар ақша төлеуге таласып қалады деп жатады. Білетіндердің айтуынша, ең соңғы үлгіде шығып жатқан көліктері 40 мың АҚШ доллары тұрады. Аз ақша емес. Шертіп жүріп менмін деген көлікті таңдап мінетіндей ақша. Самарқанд қаласындағы машина шығаратын зауыттың қызметкерлерін 3 айға шетелдерге жіберіп оқытып алады екен. Демек, маманды да шеттен іздеп әуре болмайды. Пысықтар енді тоңазтқыш, кондиционер, желдеткіш, планшеттерді шығаруды қолға алыпты. Метроларға, көпшілік орындарға отандық өнімдерін қойып, жарнама жасап қойған. Демек, алдағы уақытта сырттан бұл заттарды да шектеп кіргізуі мүмкін. Бірақ оларда шетелдік компаниялардың техника құралдары бізге қарағанда қымбат екен.
Күнделікті тұтынатын ас-ауқаттары да отандық өнім. Әрине, баклажкадағы тәтті суларын біздегімен салыстыруға келмейді. Бірақ сырттан да кіргізбейді. Киімдерді де өздері тігіп шығарады. Біздің киіп жүрген халатымыз бар, басқамыз бар, төсек жаймаларын сол жақтан көп әкелінеді. Және пласмассадан жасалатын өнімдері өте танымал және өтімді екен.Өздерінің өнімдерін сатуға шығарып, сырттан кіргізбеу саясатын ұстанып ел экономикасына үлкен пайда әкеліп отыр. Жалпы, мен көрген жағдай осы болды. Кәмпиттері де, басқасы да «Сделано в Узбекистане».
Олардың өздеріне тән пәтір наны, тәтті тағамдары (аттарын ұмытып отырмын) сырттан келгендердің назарын өзіне аударып, қызығушылығын оятады. Дайындалу жолы құпия тағамдарды кімнің де болса татып көргісі келетіні анық.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-11
Ташкентте тәртіп сақшылары күндіз-түні жұмыс жасайды. Тәртіп қатал. Метрода да, саябақтарда да, көшеде, базарда, адам көп жүретін орындарда қолдарына рация ұстаған тәртіп сақшылары көп жүреді. Әсіресе, метроға түскен кезде үлкен сөмкелерді тексереді. Метрода суретке түсуге рұқсат жоқ. Жалпы, айналадан сәл ғана сезікті нәрсені көзі шалып қалса бірден әрекетке көшеді. Негізінен, Қазақстанның шекарасынан Өзбекстанға кіргеннен-ақ қатал тәртіпті бірден байқайсыз. Кеденде де олардың тексерістері біздікіне қарағанда қатты жүреді. Қайда бара жатқаныңды сұрайды. Ол жаққа өткен кезде міндетті түрде декларация толтырасың. Аты-жөніңнен бастап қанша ақшаң бар, кімге бара жатырсың, бәрін жазып бересің. Үйге қайтарда тағы да толтырасың. Сонда ол жаққа кірген ақша шыққан ақшадан аз болмауы тиіс. Қазақстанға келетіндер көбірек ақша алып өтсе қайдан алғанын, қайда апара жатқанын сұрап мазасын алады. Сонымен бірге діни кітаптарды алып өтуге тыйым салынады. Өздеріндегі тыныштық, сақтық үшін өте жақсы саясат. Әлеуметтік желілер де бақылауда.
Тәртіп қаталдығы дін саласында да анық көрінеді. Рас-өтірігін қайдам, Өзбекстанда діни білім беретін медреселер жабылып, институт қана қалғанға ұқсайды. Сақалды, қысқа балақты, орамалдыларды қатаң тексере бастапты. Олардың бір артықшылығы – секта, ағымдарға еркіндік беріп қоймаған. Біреуден, қандай да ұйымнан сезіктенсе дереу тобасына таяндырады. Нағашымның ұлы «Бірде достарыммен қыдырып жүріп, мешіттің жанынан өтіп бара жатқан едік, тәртіп сақшылары бізді ұстамақ болды. Қашып құтылдық. Сондағы жазығымыз – мешіттің алдында жүргеніміз» дейді. Әйел адамдар қызметке тұрғанда орамалды иектің астынан тағуға болмайды. Артына байлайды. Әйтпесе, жұмысқа кіре алмайды. Соңғы уақытта жиһадшылардың көбейіп, түрлі діни келеңсіздіктердің шығуына байланысты болса керек, қарапайым ғана «Жұма мүбәрак болсын» деген мәтіні бар плакаттар, діни суреттер салынған заттарға да шектеу қойылып, тексеріліп, айыппұл салып жатыр деген әңгіме бар. Қысқасы, тәртіп, елдің тыныштығына қатты мән беріледі. Тыныш жатқан елдің арасына іріткі салып, бүлік шығарғандарды аямайды дейді. Керек десеңіз, шындап кіріссе телефоныңыздағы суреттерді, басқа да материалдарды да тексеруі мүмкін.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-12
Тамыздан бастап Өзбекстанда МУСТАҚИЛЛИҚ (Тәуелсіздік) мерекесі басталады. Қыркүйектің 1-не тойлайтын мерекені тамыздан бастап жібереді. Қалаға плакаттар, билбордтар ілуден бастайды. Телеарналарында құттықтау роликтері көрсетіліп, арнайы бағдарламалар, фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Мереке жақындағанда елге кірушілер мен шығушылар қатаң тексеріле бастайды. Жұмыс істеуге кететіндердің санын шектей бастайды. Олар үшін Мустақиллиқ байрами үлкен мереке. Өзіне тән тәртібі, ерекшелігі бар оларда.
Кеізнеде ата-аналарымыз мақтаға барғанын айтып отырады ғой. Бізге қызық. Ал Өзбекстанда мақтаға барады. Қыркүйекте оқу басталғаннан студенттерді жинап алып мақта теруге алып кетеді. Әрине, ақшасын төлейді. Кімге тергізсең оған тергіз деген әңгіме жоқ. Оқу орындарынан бөлек, орта мектептен де, түрлі мекемелерден де адамдарды алып кетеді екен. Әрқайсысы артүрлі уақытқа жібереді екен. Қызметкерлер 10-15 күн терімде болса, студенттер қазан-қараша айларында қайтады екен. Құрылысқа кететін азаматтарды да мақта терімі кезінде елден шығармайтын көрінеді. Менің естігенім осы.
Сосын оларда оқуға түспеген жігіттерді әскерге алып кетеді екен.
Мен Алматыға барған сапарымда еліміздегі алғашқы метроға ғой қызық үшін мінгенмін. Басынан аяғына дейін 9 станциясы бар метроның әр станциясына жеке-жеке түсіп тамашалағаным да өтірік емес. Ал ғұмырымда эскалатор, метро дегенді алғаш рет Ташкентте көргенмін. Мектеп оқушысы едім ол кезде. Ташкентте жұрт метроға қызық үшін емес, көлік ретінде мінеді. Ұзыннан-ұзақ станциялары өз алдына, ол жақта метроның 3 линиясы бар екен. Жақында білдім. Кейде бір линиядан екіншісіне ауысуға тура келеді. Бағасы 40 теңге.
Ал қоғамдық көліктерінің тәртібі қызық.Бір жақсысы – біздің қаладағыдай бір-бірімен жарысу, жолаушыларға таласу, айқайлап аялдамаларды айту атымен жоқ. Қалалық автобустарда кондуктор бар. Бірақ жол ақысын бірден жиып алмайды. Түсетін кезде бересіз. Кей автобустарда және газельдерде кондуктор атымен жоқ. Түсетін кезде ақшаңызды жүргізушіге төлеп, алдыңғы есіктен түсіп кетесіз. Жол көлік қозғалысы сондай салмақты, асығыс емес. Сонда да ақшасын бермей қашып кету, алдап кету деген атымен жоқ. Кез келген жерге автобус та, газель де тоқтап кете береді. Бастысы түсетін немесе мінетін жолаушы болса болғаны. Айтпақшы, жол ақысы 1000-1200 сом. Таксилері арзан.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-13
Абай атамыз өзінің бір қара сөзінде қазақтың менсінбеген ұлттары еңбек етіп, кәсіп етіп қазақтан озып кеткенін айтқан еді. Мен де өзбектердің бір артықшылығына тоқтала кетейін. Біздің қазақ тіліміз 24 жылдан бері жетімдік көріп келе жатқаны өтірік емес. Өзгені қойып, бастары қосылса өзге тілде шүлдірлейтін қандастарымыз аз емес. Өзбектер ол жағынан мықты. Кез келген жарнама, плакаттар, дүкен, кафелердің атауы толығымен өзбек тілінде жазылған. Халқы да өзге тілде шүлдірлемей, тек өзбек тілінде сөйлейді. Онда жүрген қандастарымыз үйінде қазақ тілінде сөйлескенмен, қоғамдық ортада өздері өмірсүріп жатқан елдің тілінде сөйлейді. Менің көргенім Өзбекстанның астанасындағы жағдай. Бірлі жарым орысша сөйлейтіндер де кездеседі. Бірақ олар орыс пен кәрістер. Соның өзінде өзбекше түсінеді, өзбеше амандасып, өзбекше қоштасып, рахмет айтады. Өз тілдерін ерекше құрметтейді.
Айта кетер тағы бір нәрсе – ақсақалдар кеңесі ол жақта жақсы жұмыс жасайды. «Сарыағаш» газетінің Бас редакторы Кеңес Балықбаев ағам жақсы айтып еді осы жайлы. Әр ауылда «Махалла кеңесі» бар. Яғни ауылдың ішінде болып жатқан кез келген мәселені ақсақалдар кеңесі бірінші қарайды. Ажырасқалы жатқан ерлі-зайыптылар болса ауыл болып татуластырып, түзу жолдан тайғандарды бірігіп отырып жөнге салып, біреудің үйінде той-жиын болса ауыл болып көмектесіп, көтеріп тастайды. Жақсы емес пе?! Бірден милицияға, сотқа жүгірмей жақсылап талқылап, кеңеседі. Сосын барып іске көшеді. Үлкендерінің алдын кесіп өтпейді, әке-шешенің сөзінен аспайды. Бір-бірін көргенде өліп қала жаздайды. Банк, дүкендерде бір-бірін танымаса да амандасып, бауыр екенін сездіріп тұрады.
Біздің қазақтың бойында тектілік, намыс бар. Бірақ соны дұрыс көрсете алмай жатқанымыз өкінішті. Бір ауыз сөзге тоқтамайтын, қит етсе атысуға бейім жастардың көп екені қорқытады. «Өзі білемін» деп орға түсіп жатқан жастарды көргенде жүрегім ауырады.
МЕН КӨРГЕН ӨЗБЕКСТАН-14
Енді бірер кемшіліктері мен нашар тұстарына тоқтала кетейін. Өзбекстанда жалақы аз. Біз сырттан әжептеуір ақшамаен барғандықтан бәрі арзан, тоқшылық болып көрінгенмен де, күнін әрең көріп отырған халықтың бары жасырын емес. Жалақы аз. Жұмыс табу қиын. Облыстарда тұратын ер азаматтардың құрылысқа бекерден-бекерге кетпейтіні де сондықтан. Бәленбай жыл мемлекетке жұмыс істеп, зейнетке шыққанда 30 мың теңгенің ар жақ бер жағындағы зейнетақы алу қалай екенін өздеріңіз ойлап көріңіздер. Басқа елден барғандардың азаматтық алуы да қиын. Осыдан біраз жыл бұрын біздің ауылдан көшіп кеткендердің айтуынша, әлі күнге дейін азаматтық алмаған. Жалпы жағдай осылай. Мен тек жақсы жағын көруге тырыстым. Нашар жағы болса өздеріңіз тауып аларсыздар.
Не десек те, қалай айтсақ та өз Қазақстанымызға жетпейді! Әркімнің туған жері өзіне жұмақ. Өзге елдерге қарап аузымыздың суы құрымай, еліміздің гүлденіп, дамуы үшін, өзгелерге үлгі болуы үшін әр азамат үлесін қосуы тиіс. Бойымыздағы жалқаулық пен енжарлықты сілкіп тастап, еліміздің патриоты болайық, ҚАЗАҚТАР! Жаса ҚАЗАҚСТАН!
Әсел ЕРЕЖЕПОВА.
Қандай тақырып қойсам деп отырдым да, Асхат братымның хештегінен басқа ойға келмеді. Қоя берші, енесінің, сол соншалықты маңызды ма.
Биылғы жаз футболи оқиғаларға сондай бай болды десем жаңа құрлық ашпаспын, иә. Әдетте, жаз мезгілінде қазақ жанкүйерлері тек мундиальда, Европа біріншілігінде белсенді болатын. Футболдың ең өзекті тақырыпқа айналатын кезі де осы оқиғаларға байланысты еді. Ал биылғы жаз басқа жаздандар өзгерек. Не болғанын, қалай болғанын бәріміз білеміз. Енді не болады дегенге бас қатырып көрейін.
Ертеде Қазақ жерінде аты белгісіз бір ауылы болыпты. Бұл ауылдың жері кең, шөбі шүйгін, суы мол болған. Адамдары да бір-бірімн достық қарым қатынаста өмір сүріпті. Қазақ болғандықтан әрине мал асырайды. Төрт-түліктің басы жыл сайын көбейіп жатады. Бұл ауылдыың басты артықшылығы осы жерде елде жоқ қос тұлпар мекен еткен. Бұлардың алтын қанаты менен сүйір мүйізі болған. Оларды көрген адам сұлулықтарына көзі тоймай ұзақ қарап тұра береді екен. Әрине алтын пырақты қос тұлпар мекендеген ауылға, өзге елдер де көз салып жүреді. Жәй ғана көз салып қоймай, бұл ауылды қиратып, екі тұлпарды алып кетуді көздеді. Осындай арам ойын көп ұзатпай іске асырмақшы болады. Сөйтіп жау қолы күн батып, айнала қарйғанда, қазақ ауылына екі жағынан шабуыл жасайды. Ештеңеден хабарсыз жатқан ауыл адамдары әбден абдырап қалады. Жалмауыздай жамырап, көз алдындағысын жаймап келе жатқан жау колы бүкіл ауылды қиратып үлгерді. Жалғыз ғана ауыл шетінде жас отбасы тұратын киіз үй аман қалды. Жау қолы енді осы үйге қарай беттеп келе жатты. Сол-ақ екен қос тұлпар жалғыз шаңырақтың екі шетіне тұра қалды. Бұлар, шауып келе жатқан жау қолына алтын қанаттарын жайып қалғанда, жаудың көздерін қараңғылық басып ештеме көрмей қалды. Сөйтіп екі тұлпар жалғыз шаңырақты аман алып қалыпты. Кейіннен бұл шаңырақтан ұрпақ тарап қазақ халқының саны көбейіп жаңа Қазақстан мемілекеті құрылды деседі. Жұлдызды түнде жалғыз шаңырақты қорғап тұрған қос тұлпардың бейнесі, сол елдің таңбасы болып қала береді. Әлі күне дейін бұл таңба Қазақстан Республикасының Елтаңбасы болып есептеледі.
— Босағада тұрғаныңыз қалай? Төрге шығыңыз апа? Қазір әкем де келіп қалар. Сізді көрсе қатты қуанатын шығар.
Әлия анасының қолын алып төрге шығаруға тырысып еді, екі иығынан ауыр нәрсе бастырып тастағандай қозғала алар емес. Бірнеше адым жер болғанымен, анасымен арасы километрдей көрінді.
Ал шешесі босағадағы орнынан қозғалар емес.
— Сіздің келгеніңіз жақсы болды, апа — дейді қызы. Өгей шешемнің қорлығына шыдай алмай, сізді жылап шақырғанымды естіп келген екенсіз ғой. Сіз кеткеннен соң жарты жылдан соң әкем үйленді. Есімі -Гүлбаршын. Жүзінде жылуы жоқ, көздері бадырайған, бойшаң қараторы әйел. Көрсеңіз сізге мүлдем ұнамас еді. Алыс туыстарымыз сүйек жаңғыртамыз деп, оның үстіне маған қарайласады, ер адамға қыз балаға қарау қиын деп сол Гүлбаршынды алып берген болатын. Келе салысымен сіздің бүкіл заттарыңызды отқа жақты.
-Тиме, апамның заттарына дегеніме пысқырып қарамады да.
-Сорлы жетім, апаң келмейді. Қашанғы оны күтіп жүресің, келмейді ол.
— Келеді апам, көресің әлі. Ол келген соң сені бұл үйден қуып шығады…
***
Анасының қайтқанына 10 жылдан асты, Әлия 17 жасқа толды. Көрсе кісі қызығатындай, әппақ жүзді, бойшаң, рәңді қыз болып өсті. Осы он жыл уақыт ішінде өгей шешесінен талай қорлықты да көрді. Гүлбаршынның еш себепсіз кезекті айғайынан соң Әлия үндемей қалмады. Екеуі қатты ұрысты.
-Ақымақ, жетім. Сен кімге керексің енді. Шешең жоқ. Қиялға берілмей үйдің жұмыстарын тындырсаң етті. Жүз жыл күтсең де келмейді анаң, — деп кекетті.
-Күтемін, — дедім, -Жүз жыл емес, мың жыл күтемін, — дедім.
Ызаға булығып, өксікке тола үйден атып шықтым. Қораның артына барып еңіреп, айқайлап жыладым.
— Қайдасыз, апа! — деп бар дауысыммен айқаладым. Қанша уақыт қорада отырғанымды білмеймін, үйге келген бетім осы. Сіз келіп қалыпсыз. Гүлбаршын көрші әйелге кеткен болуы керек. Екеуі өсек соққанды жақсы көреді. Ол сізді көрсе не дер екен. Кісімсіп, осы үйдің қожайынындай сезінуші еді өзін. Енді сіз оны осы үйден қуып шығасыз.
Анасы үндемеді. Қызының сөзін тыңдаған бойы босағада тұр.
— Неге үндемейсіз апа, деп қызы жылап жіберді.
Анасы есіктен шығып көшеге қарай бет алды. Ауылдың ортасынан тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолдың бойымен ақ түйеге мінген анасы кетіп барады. Артына бұрылып та қарар емес. Қызын жалғыз тастап кетіп барады…
-Апа! Апа! — деп артынан Әлия қуып келеді. Жылап, өңешін жырта жаздай айқайлап шыққан қызының ащы дауысына аяулы анасы бұрылар емес…
***
Қыз өз дауысынан өзі шошып оянды. Кәдімгі қора. Кеш қарайып мал өрістен келетін уақыт болып қалыпты.
Ал, шындығында Әлия анасы Бәтимаға, Гүлбаршынның өгейлікпен істеген істерін айтқанда, Бәтиманың сай-сүйегі сырқырап еді. Қаншама жұбату сөздерін айтқан да болатын. Бірақ өлген адамның көзінен ешқашан жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер естімейді. Әлия болса:
-Шешем, түсімде де тіл қатпады, — деп қапалы.
Бүгінде Әлияның жасы 51-де. Тұрмысқа шыққан. Үш баланың анасы. 2 немеренің әжесі
«Менің атым Кхан» атты болливудтың кинофильмін көрген боларсыздар. Сондағы бір сюжетте, Кхан есімді жігіт жолдан өтіп бара жатып, сары түс жанғанда немесе такси автокөліктері өткенде, жынданып, тәлтіректеп, айқайлап кететін эпизод бар…
Өзіме кезек берсем, сары түске тақырып таба алмай жүргенде осы бір ой сап ете қалды. Неге сары түстің аутист адамдарға әсерін жазбасқа? Жоғарыда айтылған киноны көргенде, мен де «сары түс аутисттерді қоздыратын түс екен» деген пікірде қалған болатынмын. Ал, ендеше, шындығына көз жеткізейік…
Интернет жалпы жақсы нәрсе ғой, үйден шықпай көп іс тындыруға болады. Сол секілді мен де deti-indigo74.ru/ сайтына сұрақ қою арқылы материал таптым. Сұрақ мынадай(орысша жаздым): Посмотрел фильм «Меня зовут Кхан», фильм про одного аутиста, там есть такой момент, что он не любит жёлтый цвет. Почему именно жёлтый? Или они просто могут не любить какой-то определённый цвет?
Мағынасы түсінікті болар, қазақшаға аудармадым.
Көп күтпей-ақ жауап та келді. Негізі жауап қысқаша болды. Тағы бір екі сұрақ қою арқылы қанағаттанарлық жауап алдым. Айта кетерлік, сұраққа белгілі маман-психолог, аутизммен ауыратын балалармен 10 жылдай жұмыс жасап келе жатқан кісі жауап берген болатын. Сондықтан, «ешқандай пікірталас тумас» деген ойдамын. Жауап ,әрине, орыс тілінде келді, мағынасы сай аударуға тырысып бақтым.
Шыдамдарыңызға тимей жауабын жазайын: "Аутизм — бұл дегенің қоғаммен, адамдармен қарым-қатынастан қорқудан туатын салдар. «Адам тек өзімен шектеліп қалады» деп те айтуға болады. Барлық аутисттерде тағамға, түске, дыбысқа өзіндік әуесшілдіктері немесе антипатиялары(ұнатпаушылық) бар. Бұлар жеке индивидтік жағдайлар. Барлығында бірдей аты аталмыш қасиеттер байқалмайды. Мен сізге бір аутист бала туралы айтып берейін. Ол сары түсті өте жақсы көреді. Алғашында, сары түсті бояуларды тамақ ретінде жеп қоятын. Кейіннен оған «бояу» жеу үшін емес, сурет салу үшін арналғанын түсіндірдік. Ал сары түске анық антипатия болғанын жолықтырмаппын.
«Сары түс» туралы «аңыз» өтірік болып шықты.
Аутисттердің кейбірінде, белгілі бір затқа қатты жек көрініштілік болу қасиеті бар екенін ескерттік. Мысалы, бір аутист киімнің түймелерін жақтырмайды екен, біреу ойыншықтарды ұнатпайды, ал енді біреуі сандарды көрсе қашады екен. Демек, ол кез-келген зат, құбылыс болуы мүмкін. «Сары түс» де болу мүмкін деп ойларсыздар, ия, әрине, бұл таңдауды да қаперден алып тастай алмаймыз. Алайда, тақырыпта айтқандай, «барлық аутизммен ауыратындар сары түсті көрсе қашады екен» деген пікірде қалу — теріс пікір екен.
Кеше Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Кеңес отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтеру жөнінде тұжырымдамалық ұсыныстарды әзірлеу үшін сұхбаттасу алаңы болуды көздейді.
Отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі «Нұр Отан» партиясының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бизнестің, қоғамдық бірлестіктер мен меморгандардың күш-жігерін біріктіру Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің міндеті болады.
Отырыс барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының жеке меншікке қол сұқпауды, ашық бәсекелестікті, қолайлы инвестициялық ахуал құруды, өңірлердің үйлестірілген дамуын, инновация мен экспортты ынталандыруды, экономиканы диверсификациялауды, инфрақұрылымды дамытуды жақтайтынын атап өтті.
«Бизнес экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновацияның негізгі бастаушысы болып табылады. Бизнес орта таптың негізі мен азаматтық қоғамның тірегі бола отырып, жұмыспен қамту бойынша маңызды әлеуметтік миссияны атқарады. Сондықтан «Нұр Отан» отандық бизнесті жан-жақты қолдауды қуаттайды. Билеуші партия ретіндегі біздің мақсатымыз отандық бизнес пен кәсіпкерлік рухты күшейтуге ықпал ету, ұлттық бизнес үшін қолайлы жағдай жасау, сол арқылы ұлттық экономиканы дамыту», — деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Қазақстан ЕАЭО пен ДСҰ интеграциялық бірлестіктеріне кіру жағдайында отандық бизнес үшін жағдайлар түбегейлі өзгерді. Бірігудің арқасында қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО-ның 170 миллиондық нарығы, ал бүгінгі күні — ДСҰ мүше 160 елдің нарығы ашылды. Алайда ішкі нарықтың ашылуымен бәсекелестік күшеюде, бұл отандық бизнес үшін күрделі сынақ болып отыр.
Партияның Сайлауалды тұғырнамасының мониторингін іске асыру үшін құрылған «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау» сарапшылар тобы, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес болып өзгерді. Аталған Кеңеске сарапшылар тобының жұмысын жемісті басқарып келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясының мүшесі Айгүл Соловьева басшылық етеді. Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің құрамына Парламент депутаттары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы, бизнес-қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың және белгілі сарапшылардың өкілдері кірді.
«Нұр Отан» партиясының жанындағы кәсіпкерлікті қолдау бойынша Республикалық қоғамдық кеңестің жұмысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастық негізінде құрылған. Бүгінгі күні ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумның шеңберінде партия мен ҰКП арасында тиімді жұмыс жүргізілуде, «Мықты бизнес – Қуатты мемлекет» жобасы іске асырылуда.
Анықтама үшін:
«Нұр Отан» партиясының жанында депутаттардың, Мәжілістегі фракция мүшелерінің басшылығымен әрекет ететін үш республикалық қоғамдық кеңес бар. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес (СЖҚКРК), төрағасы – Қайырбек Сүлейменов, құқықтық мәселелерді шешуге бағытталған Құқықтық кеңес, басшысы – Нұрлан Әбдіров, мәдениет пен өнерді дамыту мәселелелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңес, төрағасы – Мәулен Әшімбаев, жұмыс істейді. Республикалық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің қызметін құру барысында аталған қоғамдық кеңестердің оң тәжірибесі ескерілетін болады.
Сонымен, асыл достарым. Өткенде «музей түні» кешінде атамыз хан Абылайдың бекзат иығына ілінген шапанының суретін салып едім ғой. Сол үш ғасырдың көзін көрген асыл шапанның бүгінгі күнге қалай жеткені маған өте қызық болған еді. Білдім, қызық болсын деп айта отырсам.
Сөйтіп, осы бір аңызға бергісіз күн сәулесінің шашақтары кейпіндегі алтын оюлармен өрнектелген қызыл-күрең шапан барқыттан тігілген. Абылай шапанын хан қайтыс болған соң, Айғаным ханшайым аманат бойынша ру атасы, қадірменді би Байдалыға сыйлаған екен. Содан ол атадан балаға мирас болып, бүгінде Байдалы бидің ұрпағы Хамза Сәтжановтың қолына жеткен. Орталық Қазақстан тұрғыны көзінің қарашығындай ұқыпты сақтаған шапаны қазіргі күні Астанадағы ұлттық музей залына тапсырылған. Қазақ рухын асқақтатқан бабамыздың көзін көріп қайтыңыздар. Күш береді.
Естеріңізге сала кетсем, Абылай (Әбілмансұр) хан — (1733—1737) билік құрған. Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Ол патша өкіметінің губернаторларының ыңғайына жүрмей, Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білген қолбасшы, қайраткер.
Міне, биыл соғыстың аяқталуына 70 жыл толып жатса да, біздің мақтанышымыз Рақымжан Қошқарбаевты әлі де мойындамайтындар көп. Тек Отандық бұқара ақпарат құралдарында ғана батыр атамызды еске алып жазады, ал мысалы өзге ТМД мемлекеттерінің газет-журналдарында, интернет-сайттарында қазақты мүлде жоққа шығарған. Анығына көзімді жеткізу үшін қазіргі жазып жатқан ақпараттарды толықтай дерлік қарап шықтым…
Айта кетерлік жәйт, лейтенант Берест деген кісіні естулеріңіз бар ма? Біздің тарих кітабымызда тек Г. Булатов пен Р. Қошқарбаев деп жазылған(ол тек біздің кітаптарда). Кей кісілер соғысты көрген, ту тіккенде қастарында болған қандас достарынан алған мәлімет бойынша, мүлде елеусіз қалған Берест жайлы көп жазған.
Бір мәлімет бойынша, рейхстагқа Жеңіс Туын «сержант Михаил Егоров пен кіші сержант Мелитон Кантария тіккен» деседі. Бірақ бұл топты лейтенант Алексей Бересттің өзі басқарған екен.
Жоғарғы Әскери Басшылық Жеңіс Туына қатты көңіл бөлгендіктен, ең сенімді деген материалдан тігіп, рейстахқа келе жатқан дивизияларға үлестіріп берілген. Жалпы Тудың саны 9 болған. Сондықтан, рейстахқа тек бір Ту тігілген жоқ…
Отандастардың айтуынша, рейхстахтың негізгі кірер үйіне ең алғаш боп Қызыл Туды қазақстандық Р.Қошқарбаев пен россиялық Г.Булатов тіккенін алға тартады.
"Әр елдің салта басқа" демекші, әркім өз жағын тартқанымен, біздің білуімізше, алдыда аталған совет әскерлері де және де біздің Рахымжанға да атақты Қызыл Туды тігу оңай соққан жоқ. Сондықтан, тарихшылар бұл ерлікке қатысқан солдаттарының бәрінің есімін қалдырмай жазғаны дұрыс болар…