ЖЕТІМ ҚОЗЫ

Қазақта баласын «қошақаным», «құлыншағым», «ботақаным», «лағым», «балапаным», «күшігім» т.б. аттармен еркелетету әдеті барын кім де болса мойындары сөзсіз. Халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті де атасы «Қоңыр қозы» деп еркелеткенін білеміз.
Бірақ мұнымен ешкім де баласын малға теңеп жатырмын деп ойламайды, керісінше кез келген төлдің сүп-сүйкімді, адамды өзіне баурап алатын қасиеті барын мойындайды. Сондай әппақ, сүйкімді қозының бірі біздің үйде де болды. Қозы кімде жоқ дейсің, ауылдағы әр үйден табуға болады деп ойласаңыз қателесесіз. Біздің қозымыз жетім еді.
Бірде қыс ортасында үйдегілер әлдеқандай шаруамен Шардара жаққа кеткен. Шаруаларын бітіріп, түнде үйге қайтып келе жатқан кезде жолдың жиегіндегі қарайып жатқан бірдеңені байқайды. «Бұл не екен» деген қызығушылықпен тоқтап қараса, кіп-кішкентай, жаңа туған қошақан екен. Өзінің түрі аянышты. Тегінде, қой сыртта жүріп қозылап, оны қойшы көрмей қалған болуы керек. Қарны ашып, жаурағаннан мәңіреп, шарасыз халде тұр. Ағаларым біреудің отарынан адасып кеткен болар деп жан-жағына қарайды, бірақ түн ортасында атыраптан оны іздеп жүрген ешкім байқалмайды. Не істемек керек? Көлікке салып алып кетейін десе, ұрлық жасаған болып шығады. Тастап кетейін десе, қошақан таңға дейін суық пен қарны аштықтан өліп қалуы мүмкін. Әлгі қозы да «Мені тастап кетпей, өзіңмен ала кет» дегендей арттарынан қалмайды дейді. Содан, не де болса тәуекел деп әппақ қошақанды көлікке салып үйге алып келеді.
Үйге келген соң оны жылы үйге кіргізіп, пештің жанына орналастырдық. Өзі сондай кішкентай, сүйкімді. Бөтелкеге сүт құйып, емізікпен тамақтандырдық. Алғашында мынауың не дегендей жатырқағанмен, артынша үйреніп алды. Солайша сол қошақанды бір аптадай үйдің ішінде асырадық. Күнде белгілі уақытта емізікпен сүт береміз. Жағдайы жақсарған қозымыз аз-ақ күнде ет жинап, қойларға қосуға жарап қалды. Сонда ғана оны қыста сыртқа шығарылмай, қорада қолдан шөп беріп отырған отардың арасына қостық. Бірақ әлгі қошақанымыз адам көрсе артына еріп кете баратын. Оны құдды бір қой емес, адам туғандай еді. Қойлардың арасына барып дауысыңды шығарсаң болды, жүгіріп жетіп келеді. Оны жұрттың бәрі танып алды. Тіпті, бір күндері қойларға ілеспей қалып, сиырлармен бірге өріске шығатын болды. Ол аз десеңіз, тауықтарға ұқсап, үйдің айналасына келіп, итпен достасып, екеуі күннің астында жатады. Төбетіміз де оны көргенде «е, сен бе?» дегендей, үріп, қуып мазасын алмайтын. Оны бірінші рет көрген кімде болса таң қалып, күлуші еді.
Уақыт деген жүгенсіз ат емес пе?! Оны ұстап тұруға ешкімнің құдіреті жетпеген. Жетпейді де. Біздің баладай өбектеп, қолдан тамақтандырып, кішкентайларымыз қызық көріп ойнап жүрген сол қошақанымыз өсіп, тоқтыға айналды. Енді ол балаларға да бұрынғыша қызық емес. Ешкім де оны ермек қылмайды. Бірақ ол бәрібір адамға жақын болды. Осынау дүниеге келген сәтінде алғашқы жылулықты, мейірімді адамнан көргеннен болар, «мені жатсынбаңдаршы» дегендей көзі жәудірей, кешірім сұрағандай, үйдің алдынан кетпейді. Дегенмен, өмірдің жазып қойған заңы бар. Оны өзгерту ешкімнің қолынан келмесі анық. Күндердің күнінде әлгі тоқтымыз қозылап, саулыққа айналды. Өзі де ана болды. Қозысын туғаннан бастап жалап, өбектеп, үстіне түсіп кете жаздады. Өзі анасынан көрмеген мейірімді баласынан аямайын дегені болар. Бір кездері қорғансыз, айдалада қалған қозы екенін ұмытып, бүгін өз баласына қамқор болып, оның қорғанына айналды. Қошақаны маңыраса болды, жетіп барады. Осылайша өмір жалғасын тауып, жануарлар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы өз ретімен жүріп жатты.
Бұл жалғанда мәңгілік кештеңе жоғы тағы ақиқат. Егер біздің өміріміз мәңгілік болса, онда мән-мағына қалмас еді. Әр өмірдің соңы бар. Баяғы бір замандарда анасынан ажырап айдалада қалып, Алланың қалауымен адамдардың мейірімділігінің арқасында өмірін жалғап, қозысын емізіп, еміренген қой өзінің бір күндері қонақтың арнайы сыбағасы ретінде емес, арам өлуден сақтап пышаққа ілініп кете барарын көз алдына елестетіп те көрмеп еді…
Бөлісу:

3 пікір

Daniar-Alan
Уақыт деген жүгенсіз ат емес пе?!
Жоқ.
meirman_kz89
қарайып жатқан бірдеңені байқайды. сөйтсе ол әппақ қошақан екен)))
Tushtan
Қап қара еді, бірден әппақ болып кеткен ғой :)