Білгірлер бәйгесі. "Керекинфо" командасының барлық ойыны және бірер сын

Өздеріңіз білетіндей /білмесеңіз осы посттан біліңіз/, бір топ блогер қауым "Қазақстан" ұлттық арнасының эфирінен берілетін «Білгірлер бәйгесі» атты зияткерлік сайыстың 2016 жылғы маусымына қатысты.
Жалпы, ойын дәрежеміз жаман болған жоқ: 32 команданың ішінде біз жартылай финалға дейін жетіп, 3-4 орынға тұрақтадық.
Ойындар қызық, дегенмен біртекті емес. Мысалы, естеліктерден: түсірілімдердің бірі қарсылас команданың қиғылық салуымен, айғай-шумен өтті. :) Ал соңғы ойынымызда Алмас Алтайдың тойы қабаттасып, Маралбек ұшып кетті, сол жартылай финалды ойнай сала артынан мен де асығыс ұштым Ақтауға. Бірақ жеңілісіміз соған байланысты деп тұрғам жоқ. :J

Қазақ телевизиясына интеллектуал жобалар қажет-ақ. Ол факт. Дегенмен, сапалы дүние — жоқтың қасы.
Біз қатысқан бұл сайыстағы сұрақтардың біразы — «ХХ ғасыр көшбасшысы» кезіндегі жұрнақтан қалған сауалдар сияқты. Дәл қазір 27 жасымда мен 16-ымда айтып кеткен «Функцияның экстремумдары» немесе "Қабысу, матасу, жанасу" секілді тіл элементтері туралы жауаптар бергім келмейді. Дегенмен, иә, бұндай сауалдардың болу/болмау мәселесі — талқыланатын, дауласуға тұратын, дәлелдеуді талап ететін сұрақ. Яки, бір жақты емес, әрине.

Сауалдардың және жауаптардың формулировкасы кейде сәл қисынсыз. Соңғы турда кейде не сұрап отырғанын, қандай стильде жауап беру керегін ұғыну да қиын. Бізде жауап іздеуде тым терең қазу мәселесі кездесті. Тым.

Жобаны ең басты екі кемшілігі бар.

1) Жылдамдыққа иек арту — оңай сұрақтарды, мәселен, кімнің қолы шапшаң, сол ала бермек. Біз ҚазҰУ-мен алғашқы ойынымызда сөйтіп жеңдік. Бұл — дұрыс емес, кейбір командалар сол әлеуеті ашылмаған күйі жобадан шығып кеткен шығар.

2) Сұрақтар бөлінісінде бағалау — бұрыс. Ойындардың бірінде, 2-турға, түркілердің «Бөрі» таңбасы туралы сауал келді. Бұрын бастық та жауап бердік. Сол үшін 50 (!) ұпай берді. Ал шартты түрде Рио де ла Плата өзені жайлы сұраққа 5-10 ұпай. Бөрі айуаны түркілердің белгісі екенін білу неге арнасы ең жалпақ өзенді білуден 5-10 есе артық бағаланбақ?

Одан бөлек, өзіндік себептермен біз жоба жеңімпазының адалдығына («Болашақ» командасы) жалпы күмән келтірдік және ұйымдастырушылардың немқұрайлылық ситуациясына іш тартпадық. Жеке өзім жүргізушіге де көңілім толмайды.

Жобаның алғашқы жүлдегерлерін қайдам, өзіміз олардың эфирін жасап бергеннен басқа марапатқа ие болғанымыз жоқ. Жақсы, мен аздап эгомды қасып алдым. Бірақ ұйымдастырушылар қаражатты қалай жұмсағаны қызық.

Жалпы, осы не осындай жоба бір қатар түзетулер мен өзгерістермен эфирде үнемі болғаны жөн деп ойлаймын. IQ-і салмағынан аспайтын бұл қоғам мүшелерін дамытудың бір жолы ТВ-жобалар екеніне кәміл сенемін.

p.s. Өзіміз тек сынай бермей, бір толық серия (оннан аса ойын) жүргізілген «Керекринг» жобасының негізінде іріктелген командалармен жаңа жобаны бірер орындарға ұсынып көргенбіз. Сұрақтар — терең зияткерлік деңгейде (ресейлік «Что? Где? Когда?» бағдарламасының шамасындағы сауалдар), жоғарыда аталған кемшіліктер жоқ. Соған орай кей тв-мамандардың «Шоу-бизнес, әншілер қатыса ма?» деген сыңайдағы сұрақтар болғаны күмілжітті. Әзірге, деңгейміз сол.
Мүмкін, ол жоба да өз уақыты мен арнасын күтіп жатқан шығар.
Бірінші іріктеу кезеңі:

Екінші іріктеу кезеңі:

1/4 финал:

1/2 финал:
Әрі қарай

Отандық сериал неге нашар?

Осы сұрақты сценарист ретінде жиі естимін. «Білеміз ғо сендердің жазатындарыңды!». «Бәрі нашар!». «И, брат, не анау?!» дегенді қолына қалам алып жүргендердің біразы естіген. Естімесе оны ешкім сценарист деп бағаламайды. Жалпы сен жаздың ба, кінәлісің. Отыз секундтық роликтен толық метр фильмге дейін жазып көрген адам ретінде айтайын. Сонымен біздің сериалдар неге нашар? Себептері:

Блог - kozildirik: Отандық сериал неге нашар?

1. Отандық сериалдардың көпшілігін отандық авторлар жазбайды. Парадокс, бірақ солай. Себебі «ауылдағының аузы сасық». Көбіне «шығыс еуропа» авторлары жазады. Олардың елдерінде қандай сценарист екені беймәлім, бірақ атын, еңбегін біз естімегеніміз анық. Ал «еуропалықтар» біздің менталиетті білмейді. Сапасы біз күткеннен сәл кеміді. 100% сапа 95% ға түсті.

2. Ол сценарийлер сосын аударылып, бейімделеді. Бірақ бұл жерде де отандық сценаристер араласуы сирек. Оған әдетте редактор-аудармашы жалданады. Енді түсіндірме: сценарист-сериалдың жалпы құрылымын, стратегиясын көретін адам. Редактор-тактик. Ол сөздің, сөйлемнің құрылымын түзейді, ал драматургияны бейімдеу кезінде көмегі шамалы ғана. 95% тен 85% ке түстік.

3. Алаңдағы редактор жоқ. Айтпақшы бар, бірақ аз. Сондықтан кейіпкерлер өмірден тым алшақ, әдеби сөйлейді. Редактордың міндеті тұрмыстағы ауызекі тілді актердің аузына салып беріп, дәл автор ойлаған акцентпен айтуына жағдай жасау. Жасалмайды ма, актер өз білгенімен қылады. 75% деген көрсеткіш осы жерде пайда болады.

4. Актер мінездемені оқымайтын сияқты әсер қалдырады. Образға кірмейді. Немесе театр актеры ойнаса тым әсірелендіріп, театралдандырып жібереді. Бір эпизодта көңілді жүрсе, келесі эпизодта тұнжырап отыруы мүмкін. Себебі екеуі екі күнде түсірілуі мүмкін, ал актер кейіпкерінің мінездемесін ұмытып қалған, тіпті білмейтін де шығар, сол жердегі өз көңіл күйін бере салады. Жасандылық осыдан шығады. 60% көрсеткішке қош келдіңіз!

5. Ал сонда режиссер қайда? Алаңда! Ол барлық міндетін әдемі картинка алып шығуға жұмсап, контентке басын да ауыртпайды. Себебі ол не айтылып жатқанын түсінбейді. Ия, дұрыс, біздегі режиссерлардың да көбі «шығыс еуропалықтар». Режиссердан талап болмаса актер басын ауыртып жынды ма? Бұл үшін неше пайыз алып тастауды өзің шеш…

Бұл әрине барлық сериалдарға қатысты емес, сәтті шығатындар да жетерлік. Бірақ сәтсіз шығып жатқанын көрсеңіз бірден титрларын оқыңыз. Бәріне көзіңіз жетеді.

Айтпақшы. Сценарист болам десеңіз жақсы, жаман демей барлық киноны қарап, драматургиясы мен құрылымын зерттеп жүріңіз. Бәрібір ең оңайы диалог жазу :)
Әрі қарай

Айқынның өлеңдерінің мәтіні неге айқын болмай тұр?

Жақында Кенжебек Жанәбіловтың орындауында «Адалдық өткелі » атты әнін тыңдап отырып досыма, мына әннің сөздері қандай керемет деп тамсанып айтсам, досым «білмейм ән текстіне назар аудармаймын, маған әдемі әуен болса болды» деп жауап қайтарды.Соған қарап қазіргі жастардың барлығы әннің мәтініне назар аудармайтын болған ба, не тыңдап жүргендерінен өздері де хабарсыз ба деп ойладым.Өйткені қазір қазақ эстрадасында мәтіндері сапасыз, мәнсіз әндер көбейіп кетті.Мысалға, Қазақ эстрадасының «жарық жұлдызы» Айқын Төлепбергеннің жаңа (мүмкін ескі болар, мен жақында естідім) «Сен барда » деген әнін естіген боларсыздар. Сәл бұрынырақта дәл осы әншінің «ПаҺ паһ» деген әнінің сөздері белгілі қоғам қайраткерлері мен ақындар тарапынан қатаң сыналып, басы дауға қалған болатын. Бірақ Айқын мырзаның бұл оқиғаға қатты қайғырып қапаланбаған ұқсайды. Неге десеңіз келесі әндерінің сөздеріне аса қатты мән бере қоймапты. Төменде «Сен барда» әнінің сөздеріне қараңыз





Сұлу жүзіңнен, нәр аламын мен
Мас болып калып, тәтті деміңнен
Бұйра шашыңнан айналдым еркем
Қара қасың жерге төгілген.

Алғашқы үш жолға қатты сын айтпай ақ қояйын, ұйқастыру жағынан Қалқаман Сариннің деңгейінен жер мен көктің арасындай арақашықтықта болса да әйтеуір мәні бар сияқты. Ал төртінші жол. Қара қастарың жерге төгілен. Бұл жолдарды кім жазса да сұлулық салонында қастарын жұлдыртып жатқан қыздарға қарап шабыттанып отырып жазған болу керек. Басқа анықтау таба алмадым.

Жүрегім тулап, кеудем от болды
Күйіп, жанып турып, күлі шыгып, тұт болды.
Жаным балқыды, жаным айыққандай
Саған ғашықпын айтам жасқанбай.
Жаным айыққандай, тұт болды деген сөздің мағыналарын түсінбедім. Қазақ тілінің сөздік қорында жаңа ұғымдар еніп кеткен бе?

Сен барда, батырмын
Сен барда, ақынмын
Келші, келші күлімдеші
Әніммен, тәніммен мен ғашықпын

Қайырмасына no comments

Қос жанарыңнан,қиғаш қастарың
Беліңнен қылдай, жаным балқыды
Қара шашыңа жарасып бұрымың
Қуантар көзді тәтті қылығың
Ерніңнен сүйсем кұмарым қанбас
Ақыл есімнен тандырады, мені біраз
Махаббатым да сен, жүрегім де өшпес
Ағын сумен жуса дағы кетпес.

Хмм қара шашыңа жарасып бұрымың… Шаш ол шаш, бұрым сол шашты сәндеу үлгісі. Бұрым сол шаштың өзінен жасалып отырса, ол қалай шашқа жарасуы мүмкін? Әдетте мына шаш үлгісі саған жарасады деп айтады емес пе? Шаш үлгісі адамды сұлуландырады, ажарландырады, бет пішінін өзгертеді. Белгілі бір шаш үлгісі шашқа емес адамның өзіне жарасу үшін жасалады. Сондықтан бұл жерде тал бойыңа жарасады бұрымың десе орынды болады.
Жалпы әннің мәтінін тұтастай алып қарайтын болсақ, бірінші класс оқушыларының жазған шимай шатпағы секілді.Қазір сыншыл ақындар Төреғалидің әндерінің текстіне тиісіп жүр. Бірақ бұрын айтыскер ақын болған Төрештің әндерінің сөздері, мынаған қарағанда шедевр.
Жарайды мен кәсіби критик емеспін. Сөздің жілігін шағып, майын ішкен тіл мамандары, ақын- жазушылар бұл әннің мәтінін талдап кеп жіберсе қателер шұбырып шығатыны күмәнсіз. Айқынның әндеріне мәтін жазатын кісі не шегеді екен?)))
Әрі қарай

Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдар

Жора-жолдастармен кездесе қалып, сериал туралы әңгіме бола қалса — әркім өз сүйіктісін айта жөнеледі емес пе? Мен де сөйтейін дедім (реалда өзеуреп сөз бермейсіңдер ғой, сондықтан осы жерге жазайын жақсылап). Неге күшті сериалдарды мен ғана көре беруім керек, достарым дауылбай құсап нашар телешоуларға мәз болып қашанғы жүре береді деген ізгілеу ниет қой, баяғы :D

11.22.63

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдар8 эпизодтан тұратын фантастикалық мини-сериал. Стивен Кингтің аттас романына негізделген.

Сюжетте Джейк Эппинг есімді мұғалім туралы баяндалады. Әйелінен ажырасып, көңіл-күйі болмай жүрген кезде, күн сайын тамақтанатын дәмхананың иесі бір құпияны ашады: оның шолананда өткен шаққа апаратын қуыс бар. Бір ерекшелігі — уақытты да, жерді де таңдай алмайсың, қашан кірсең де тек 1958 жылдың 9 қыркүйегіне ғана тап боласың. Тағы бір ерекшелігі — өткен шақта қанша жыл өткізсең де, қайтып оралғанда қазіргі шақта 2 минут қана өтеді. Яғни, сағат 12:00-де аттанған болсаң, қартайып бүкіл өміріңді өткізіп келсең де өзіңнің заманыңды сағат 12:02 -ні көрсетіп тұрады. Үшінші ерекшелігі — әрбір саяхатың бұрынғы саяхатыңды «нөлдетіп» жібереді. Яғни, өткен шақты күрделі өзгерістерге ұшыратып келдім делік: тиісті адамдарыңызды құтқардыңыз, жаман адамдардың көзін құрттыңыз, болашаққа кері әсерін тигезген оқиғалардың алдын алдыңыз, сөйтіп ерекше мақтанышпен өз уақытыңызға оралдыңыз. Кенет тағы да сапарлағыз келіп кетті де, жаңағы қуысқа кіріп кеттіңіз делік. Сол кезде осыған дейін істегендеріңіздің барлығы жойылады. Бәрін басынан бастау керек болады.

Қысқаша айтқанда, дәмхана қожайыны Джейкке өтініш жасайды — ол бастаған істі жалғастыру. Дәмхана иесі бірнеше жылын өткен шақта өткізіп, президент Джон Кеннеди өлімінің алдын алмақ болған екен. Президентке оқ атқан адамды да анықтаған. Тек сол оқиғаны болғызбау керек. Мұғалім келісім береді.

Басты рөлді Джеймс Франко сомдайды.

*****

Ұятсыздар | Shameless

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарБритандық сериалға негізделген америкалық ремейк. Бірақ білетіндердің айтуынша — түпнұсқадан да керемет болып шыққан. Бұны нақты бір жанрға байлап қою қиын, жылатарлық сәттері де, шек сілеңді қатыратын тұстары да бар. Нағыз ересектерге арналған сериал дер едім, өйткені цензурасыз түсірілген өнімдердің бірі.

Негізгі оқиға Галлагерлер отбасының төңірегінде өрбиді. Осылардың арқасында Американы басқа қырынан танисыз — зәулім ғимараттар жоқ, кинодағыдай штампттар болмайды. Кір-қожалақ, лас, азғын, жарлы Америка. Чикагоның жерүйлерінде тұрып жатқан халықтың өмірі. Өз басым, осы сериалдан кейін Голливуд салып кеткен көптеген стереотиптерден арылдым.

Фрэнк деген алқаш, нашақор әке бар. Әйелі басқа біреумен кетіп қалған. Алты баланы асырап отыр. Асырап отыр деген жай сөз ғана, негізінде олардың бәріне баяғыда еменнің үлкен бұтағын қойған. Бар ауыртпалық 23 жасар үлкен қыздың мойнында. Тағдырдың тауқыметін қанша тартса да, балалар өмірден тыс қалмауға тырысады, ауыр тұрмыстарына қарамастан түрлі қызықтарды бастан бастан өткізеді. Кейіпкерлер саналуан және әрқайсысы жеке әлем, сондықтан әрбір персонажға жеке сериал түсіруге болатын шығар.

Сериал 2011 жылдан бері көрсетіліп келе жатыр. Қазірше 6 маусымы бар, жетіншісі келесі жылы шығады.

*****

Біртүрлі жағдайлар | Stranger Things

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарСериалды жасаушы Росс Даффер және Мэтт Даффер есімді егіз мамандар "ұзақ кино" түсіруді мақсат еткен екен. Шынымен де кино көріп отырғандай әсерде боласыз: 80 жылдардың атмосферасы, оператор мен композитордың керемет жұмысы, т.б. детальдар сериалдың алғашқы минутынан-ақ баурап алады.

Көптеген танымал кино мамандары бұны тіпті феномен деп бағалап жатыр. Әсіресе, Вайнона Райдердің шеберлігі ерекше аталуда.

Ағайынды режиссерлер фильмге сценарий жазу барысында Спилбергтің, Карпентер мен Крэйвеннің жұмыстарынан шабыт алғандарын жасырмайды. Стивен Кингтің де шығармаларын оқып шығыпты.

Оқиға 1983 жылы Хокинс деген қалашықта орын алады. Достарымен қараңғы түскенше ойнап қалған бала үйге қайтар жолда із-түссіз жоғалып кетеді. Тергеу жүргізген полиция оны өлдіге санайды. Ал түрлі тылсым құбылыстарға мән берген анасы қайғылы оқиғаның растығына сенгісі келмейді. Баланың достары тіпті өз тергеулерін жүргізеді.

Бастапқыда 8 эпизодты мини-сериал деп жарияланған болатын. Бірақ финалдағы сюжет әрі қарай дамытуға мүмкіндік бергендіктен, оның үстіне жобаның үлкен танымалдығы екінші маусымға жол ашып беріп отыр.

*****

Картадан тұрғызылған үй | House of Cards

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарСаясатты ұнататындар үшін тамаша туынды :). Ұнатпайтындарды да жалықтырмайды деп ойлаймын. Саяси драмада басты рөлдерде Америка киносының алыптары — Кевин Спейси мен Робин Райт ойнайды.

Оқиғалардан шынайы тұлғаларға ұқсастықтар іздемей-ақ қойыңыз. Сериал АҚШ-тың Ақ үйі төңірегіндегі оқиғаларды суреттейді демесеңіз, тұлғалар да, сюжеттік желі де ойдан құрастырылған, идеясы ВВС-дің аттас сериалынан алынған.

Сюжат жайлы қысқаша: Демократиялық партияның конгрессмені, қолынан іс келетін Фрэнк Андервудқа ерекше ұсыныс түскен еді: ол Гаррет Уокерге президент болуға көмектеседі, соның сайлауалды кампаниясына қызмет етіп, ұйымдастыру шараларымен айналысады, ақысына ертең Уокер президенттікке сайланған соң Андервудқа Мемлекеттік хатшы қызметі берілуі тиіс болатын. Бірақ Гаррет президент болғаннан кейін уәдесін ұмытып кетеді. Ашуға булыққан Фрэнк президентті орнынан кетіруге уәде береді. Әрине жария түрде емес — өз-өзіне. Бұл үшін оның бойында барлық алғышарттар бар еді — ол ақылды, алдын болжағыш стратег, адамның ішіндегісін ұғатын айлакер, жеке пайдасы үшін тайынбайтын сұм адам. Әйелі де өзіне сай азулы қаншық. Сөйтіп екеуі билік үшін астыртын жоспарларын іске асыруға көшеді.

Сериалда ерлі-зайыпты саясаткерлердің жеке амбициялары ғана көрсетіліп қоймай, Американың ішкі және сыртқы саясатына, саяси тұлғалар арасындағы интригалар мен бәсекеге, түрле шиеленістерге мән беріледі.

2013 жылдан бері 4 маусымы көрсетілді. Бесіншісі 2017 жылы шығады.

*****

Marvel мен Netflix бірлестігінің суперқаһармандарға арналған сериалдар легі

Киностан: Менің достарымның назарынан тыс қалған күшті сериалдарМарвелдің кино әлемінен әзірге орын таба алмаған, бірақ көңіл бөлуге тұрарлық төрт қаһарманына сериал жасау туралы шешім қабылданады. Сөйтіп Marvel мен Netflix арасында мәміле жасалады. Келісімге сәйкес: Daredevil, Jessica Jones, Luke Cage және Iron Fist есімді төрт персонажға арналған төрт бөлек сериал, сонымен қатар осы төртеуінің басын біріктіретін тағы бір кроссовер-сериал түсірілуде.

Қазір бастапқы екеуіне арналған тележобалар жарық көріп үлгерді. Қалған екеуіне арналған жобалар және бәрін біріктіретін кроссовер енді шығады. Бір қызығы — аталған қаһармандар Кек алушылар әлемінде өмір сүреді, сериалда тіпті олар туралы да бір-екі ауыз айтылып кетеді. Төртеуі де бір қалада өмір сүреді және бір-бірін таниды.

1. Басбұзар / Daredevil
2015 жылдан бастап шықты. Екі маусымы көрсетілді, үшінші маусымына тапсырыс берілді. Ол аз десеңіз — осы сериалдың жоспардан тыс тағы бір спин-оффы туралы айтылып жатыр. Сериалда көрсетілген Жазалаушы (The Punisher) деген антиқаһарман көрермендер арасында ерекше танымал болғаны сонша, ол туралы бөлек жоба түсіруге шешім қабылданыпты.
Басбұзар, яғни Мэтт Мердок бала кезінде қайғылы оқиғадан кейін көзі көрмей қалады, есесіне басқа сезу мүшелерінің жұмысы бірнеше есеге артады. Күндіз ол — қарапайым адвокат, түнде қылмыспен күресуші.

2. Джессика Джонс / Jessica Jones
2015 жылы шықты. Бір маусымы көрсетілді, екіншісі әзірленіп жатыр. Джессиканың ерекше қасиеттері: биікке секіре алады, күші көп, машиналарды оп-оңай көтеріп жүре береді. Жекеменшік детектив ретінде түрлі қылмыстарды тергейді.

3. Люк Кейдж / Luke Cage
Алғашқы маусымы биыл 30 қыркүйектен бастап көрсетіледі. Бір эксперименттің нәтижесінде ерекше қасиетке ие болған. Оған оқ дарымайды, соққы батпайды, терісіне зақым келмейді. Бұның да күші көп. Комикс бойынша Джессика Джонстың күйеуі.

4. Темір жұдырық / Iron Fist
2017 жылдан бастап көрсетіледі. Кунг-фуді жетік меңгерген қаһарман. Мистикалық күшке ие.

5. Қорғаушылар / The Defenders
Жоғарыда аталған төрт кейіпкерді біріктіретін жоба. 2017 жылы шығуы тиіс.
Әрі қарай

Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Биыл білім саласында біраз өзгерістер болғалы тұр. Үш тілде оқыту туралы жазбай-ақ қояйын. Өзім ұстап, оқып, тексеріп көрген «жаңалықпен» бөлісейін. Балалары мектепке баратын ата-аналар жақсы түсінеді. Баланы мектепке жинау тек қалтаға ғана емес, жүйкеге де, қимыл-тірек аппаратына да салмақ салады. Киім-кешегін, портфелін, дәптер-қаламын сатып аласың ау, әупірімдеп. Содан соң кітап жыры басталады. Математиканы «Атамұрамен», орыс тілін «Алматыкітаппен», ағылшын тілін «Просвещениемен», ән «Мектеппен» кете береді осылай… Жүргенің сосын қаланың бүкіл кітап дүкенін жағалап…
Биылғы оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары бірыңғай оқулықтармен оқитын болады. Яғни, барлық мектептің бірінші сынып оқушылары бір кітаппен оқиды. Мейлі Nazarbayev зияткерлік мектебі болсын, Дарын мектебі болсын, Созақ ауданының Иманов атындағы орта мектебі болсын. Қателеспесем 2019 жылғы мектеп оқушыларының барлық сыныптары осындай бірыңғай оқулықтарымен қамтылады ғой деймін.

Кітаптардың авторлық құқықғы БҒМ тиесілі болады. Баспалар әртүрлі. Мысалы, «Сауат ашу» оқулығын «Атамұра» баспасы, орыс тілін «Алматыкітап» баспасы шығарады. Неге дәл осы оқулықтар десеңіз, бұл министрліктің еркелігі емес. Былтыр 30 мектепте өткізілген, 9 баспа үйінің оқулықтары сараланып, ата-аналар, оқушылар, педагогтар, сарапшылар қатысқан эксперменттің нәтижесі. Ең үздік кіаптарды Білім және ғылым министрлігі бекітіп, енді барлық білім беру мекемелеріне ұсынып отыр.

Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Қызым биыл бірінші сыныпқа барады. Сондықтан бұл кітаптарды өзім сынап көрдім. Енді артықшылығы мен кемшіліктерін айтайын.
Артықшылықтары:
1. Енді әр баспаның есігін сығалап, дүкен аралаудың қажеті жоқ. Барлық кітаптарды мектептен аламыз.
2. Бір оқулық, бір бағдарламамен дайындалғандықтан, біріңғай ұлттық тестілеуде жауаптардың әр алуандығы болмайды. Былтыр мектеп оқушылары ҰБТның 289 сұрағына шағымданған болатын. Мысалы, Ұлы Отан соғысының басталуы бір оқулықта 22 маусым түнгі сағат 3-30 десе, енді бір оқулықта таңғы сағат 4-01 минут, енді бірінде 3-50 минут деп беріледі.
3. Оқулықтардың авторлық құқықтары ҚР Білім және ғылым минстрлігіне тиесілі. Енді кітаптан қателік кетіп жатса, бұрынғыдай баспаға ысыра салмайды. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Соған қарағанда оқулықтардың сапасына да сенімді болар.
4. Тең мүмкіндіктер. Маған білім және ғылым министрі Е. Сағадиев бір сұхбатында «элита мектептер немесе әлсіз мектептер болмауы тиіс! Қазақстан мектептерінің деңгейі әртүрлі. Қайсібірінің айырмасы жер мен көктей. Біздің барлық мектептердің деңгейі жоғары болуы қажет.» деген еді. Ауыл баласы қашанғы ауылдық квотасына алға тарта береді. Ауылдағы білім нашар деген стереотипті бұзатын уақыт жетті. Мақсат ауыл баласын квотадан айыру емес, тең мүмкіндіктер беру. Барлығы бір оқулықпен оқиды, қосымша білім алам десе, бәрекелді. Мұғалімдер оны да бере қояды.
5. Жемқорлыққа жол жоқ. Бұрын мейілінше көп мектептің бір баспа кітаптарын алғаны «біреулерге» жақсы болатын. Мысалы, бір мектеппен келіссеңіз, онда кемінде 5-6 мың бала білім алады. Оқулықтың ең арзаны 500 теңге. Бір ғана оқулықтан 25 000 000 теңге. Ал аудандық білім беру басқармасымен сөйлессеңіз, құдай жарылқады дей беріңіз. Тегін емес, әрине… Ал енді бірегей кітап болған жағдайда, кітабыңыз не тізімге енеді, не ешбір пара көмектеспейді. Сіздің кітабыңыз бекітілуі үшін еш конверт көмектеспейді, тек кітап сапасы маңызды.

Кемшілігі.
1. Бағдарлама бірдей. Сенде бар оқулық барлық мектептерде бар. Ал енді бәйгеден озып келер жүйріктерді дайындай ғой. Бұл жерде бар салмақ мұғалімге түсетін сияқты. Сондықтан енді элита мектептерге емес, білікті мұғалімге сұраныс арта түседі. Хм, мұны енді кемшлік деуге келе ме екен… Бірақ жақсы ұстаздар әрқашан аз ғой.
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Енді оқулықтардың өзін сынап көрейік. «Сауат ашу» оқулығы. 1-сынып оқушыларына арналған.
Артықшылықтары
1. Оқулық атауын байқадыңыздар ма? Әліппе де емес, Ана тілі де емес, Сауат ашу. Бұл оқу мен жазу оқулығының интеграциясы депті жасақтаушылар. Бұрын бірінші сыныпта мен өмірі естімеген ақын-жазушылар жүретін еді. Бұл оқулық мазмұнынан мін таба алмадым. Жарасқан Әбдірашев, Мариям Хакімханова, Бауыржан Жақып сияқты ақындардың өлеңдерін көріп қуанып қалдым.
2. Қате жоқ!!! Шынымды айтсам оқулықты ежіктеп екі күн оқыдым. Дәлірек айтсам қате іздедім. Таппадым)) Айтпақшы, екі томдық кітаптан түсінбегенім тек бір жұмбақ қана болды. Бір күн бойы бас қатырған жұмбақтың жауабын Аршат Ораз бірден тапты.
3. Кітап көлемі, бұрынғыдай кішкентай Б5 емес, Б4 форматы. Мәтін мен суреттер кеңінен орналастырылған. Дизайны көзді талдырмайды.
4. Бет көлемімен қоса, шрифті де үлкейген.
5. Суреттерінің сапасы тым жақсы. Түстер тым қанық емес, көзді шаршатпайды. Пастель тондар қолданылған. Бұл психикалық жағынан да балаға жағымды сияқты.
6. Кітапта топтық жұмыс, жұппен жұмыс, өз бетімен іздену, ойнау, ойлау, күрделі тапсырма, тыңдау, жазу, тағы басқа командалар белгіленген.
7. Авторлар. Беделді әрі білікті. Педагогика ғылымдарының докторы Әзия Елеупанқызы Жұмабаева, Абай атындағы ҚазҰПИ бастауыш сыныптарға білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры Гүлнар Инаматқызы Уаисова. Кітап сапасына, мазмұнына қатысты күмәнім қалмады. Сізде ше?
8. Жеңіл. Қағаз сапасы жоғары. Бір оқулық салмағы 100 грамнан аспайды.

Кемшіліктері
1. Мұқабасы жұқа. Ойлана келе кітап жеңіл болуы үшін мұқабасы жұқа болды ма дедім. Қалың мұқабалы кітаптарды рюкзаңына салып мықшыңдаған қызымды елестетіп, бұл пункт кемшілік емес, артықшылығы шығар дедім.
2. Ағылшын тілі оқулығының ғана электронды нұсқасы бар екен. Басқа кітаптардың электронды нұсқасы жасалса ше? Әй бірақ баланы онсыз да планшеттен айыра алмай отырғанда бұл дұрыс емес шығар. Оның үстіне ватсапта баланың есебіне жабылып шығаратын ата-аналар елестеп, мұның да болмағанына шүкір дедім.
Әзірше осы. Баланың да менің де болашағым олардың алған біліміне байланысты. Қартайғанда зейнетін көру үшін балаңыздың біліміне зер салыңыз. Айтпақшы, бала білім мен тәрбиені тек мектепте ғана емес, үйде де алады. Ертең балаңыз ержеткенде мұғалімін емес, сізді асырайды ғой иә? Сондықтан бала тәрбиесін мектепке, мұғалімге ысыра салмаңыз. Бірақ, бала үшін сабақ оқып, тапсырма орындаудың да қажеті жоқ.

Айтпақшы, қызық жұмбақтың жауабын тауып көріңіз ;)
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері
Әрі қарай

Керек-Ринг 31/07/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

Керек-Ринг ойынына қатысушылар әр ойын сайын көбейіп келеді. Кешегі ойында командалар саны 8 болды. Залда 7 команда + Шымкенттен онлайн 1 команда. Біз үшін рекордтық көрсеткіш. Ойынға алғаш рет қатысқан Фортуна командасы 3-орын алды, дебютанттар үшін өте жақсы көрсеткіш. Тәжірибелі ойыншылардан құралып, алғаш рет бір команда болып жиналған Әйел бақыты 2-орында қалды. Ал соңғы кезде нәтижесіз ойын көрсетіп кеткен, Керек-Ринг ойындарында ең көп жеңіске жеткен Бақсы командасы кешегі ойында 19 мүмкіндіктен 12 ұпай алды!

1-тур сұрақтары asaubota

1. Жазғы Олимпиада ойындары әдетте жазда өтеді аты айтып тұрғандай. Алайда, бір рет ойындар қыркүйек айында өтті және бұл кез ол елде көктем мезгілі болатын. Бұл Олимпиада қай қалада өткен еді?

2. Картада көкпен белгіленген елдерде бұның пайыздық өлшемі өте төмен. Қараларда өте жоғары. Сарыдан қоңырға дейін деңгейі аса бермек. Картада ненің деңгейі белгіленген?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

3. Юморист Стас Янковскийдің пікірінше Үкіметтің Қылмыспен кезекті күресінде тағы да кім жеңді?

4. 2007 жылы Ирактан танымал болып оралған әскер Колби Баззелді Esquire журналы жұмысқа алды. АҚШ қарулы күштерінің сарбазы Колби Баззел Ирактағы әскери қызметі кезінде не жүргізген еді?

5. Суретте ненің жарнамалық постері?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

6. Бұл ойынның шығарушылары болып ақ-қара киімді бір католик орденінің мүшелері саналады. Діни қызметкерлерге құмар ойындары тыйым салынғандықтан осы ойынды ойлап тапқан деседі. Ойынды бастар алдында Тәңріні ұлықтайды. Тіпті ойынның аты Тәңрінің латын тіліндегі атауынан шыққан. Италияда шыққан бұл қандай үстел ойыны?

7. Қазіргі Олимпиада ойындарының құрушысы Пьер де Кубэртен ойындарға тек әуесқой ойыншылардың қатысуын қалады. Осылайша алғашқы ойындарға кәсіпқой спортшылар қатыстырылмады. ІІ Дүниежүзілік Соғыстан кейін бұл ереже өзгере бастады. Ал қазір тек жалғыз бір спорт түрі ғана әуесқойлық ережесімен өткізіледі. Қай спорт түрі?

8. Ашылғанына биыл 10 жыл болған Twitter бұл смайликті ең көп қолданылған ретінде атап өтті. Твиттершілер бүгінге дейін твиттерінде және пікірлерінде 14,5 млрд рет пайдаланған екен. Ал Оксфорд сөздігі 2015 жылы бұл смайликке “Жыл сөзі” атағын берді. Иә, иә, сөз емес, смайликке. Өйткені, зерттеулер бойынша бұл 2015 жылы ең көп қолданылған эмодзи екен. Жауап ретінде смайликтың атын емес, өзін ғана жіберіңіз.

9. Бұл күнді жапондар Жер Күні деп атайды. Ал еуропа халықтарының біразында көнеримдіктерден қалған Сатурн күнімен байланысады. Білім және ғылым министрі Сағадиевтің айтуынша, мұндай өте маңызды күн бұрын біздің оқушыларда болған жоқ. Бірақ, енді жаңа бағдарламаға сәйкес болатын болды. Бұл қандай күн?

2-тур сұрақтары MERmukhanov

1. 1970 жылы Қазақстан милициясы тауда тығылып жүрген адамжегіш маньякты іздеуде аса табысқа жете алмады. Әскер тікұшақтары да шарасыз болды. Сол кезде жергілікті милиционерлер республикада әзір жоқ, бірақ Мәскеуде бар секциядан көмек сұрады. Бұл секцияда немен айналысатын еді?

2. Бразилиядағы соңғы 1,5 – 2 жылда пайда болған сыралардың бірі 7,1 пайыз алкогольдан тұрады. Бірдей әріптен басталатын екі сөзден тұратын оның қазақша атауын дәл атаңыз.

3. Қазақстанның бір қаласында отыз бес жылдық мерейтойына орай 2006 жылы ОЛАРҒА арнап ескерткіш орнатты. Доцент Женя кезінде бұл қалада гастрольда болыпты, сол себепті жылы оңтүстік қаласы есте қалып, репликаны сол ұсыныпты деседі, алайда айтқан Раднэр болатын. Сава болса, АҚШ-қа көшіп кетті.
Ескерткіш кімдерге орнатылған?

4. Марк Твеннің сөзін толықтырыңыз:
_______ _______ — бізге қалған 364 күнде кім екенімізді еске салатын күн.

5. Назар аударыңыздар, ойбастар!
Морин Эванс өз рецепттерінде ОНЫҢ екі түрін жазу үшін сөз басында кіші және үлкен әріпті пайдаланып ажыратады.
Геральдикада ОЛ — бейбітшіліктің белгісі, ал оның төрттік «досы» — соғыстың белгісі деседі.
Орта ғасырлардағы саяхатшы пилигримдер өзімен бірге тек ең қажетті нәрселерді алған. Олардың әрқайсысында шағын ашылмалы бақалшық болған екен. Бұл бақалшықтар ОНЫҢ қызметін атқарған.

6. Бұл суреттер Лондонда жасалған, алайда Нью-Йоркте, Барселонада, Тайпейде, Алматыда, Новосибирскте және тағы басқа қалаларда осы тақылеттес суреттерді сала беруге болар еді.
Сіз көріп отырған суреттерден біз алып тастаған фонның не екенін екі сөзбен атаңыз
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

7. Орыс жұмбағын шешіңіз.
Бір аптада алтын және жас ұлан
Неге ақбас кәріге ол айналған?
Сонсоң тағы қос күнде
Тақыр бас боп кеттің бе?

8. Қазақстандық «Ross Limited» компаниясының негізін қалаушы, жас кондитер Әділхан Сартаев әлемдегі ең қымбат кәмпиттер шығарды. 6 шоколад кәмпиті салынатын қара вулкандық әйнек қорабының әрқайсысы 14 мың доллар тұрады. Кәмпит фольгасының орнына 585 пробалы жұқа алтын қатпар пайдаланылған. Әр кәмпит түрлі формада және түрлі стихияны білдіреді: тетраэдр – отты, октаэдр – ауаны, куб – жерді, икосаэдр – суды, додекаэдр – эфирді, ал сфера формадағы – ОСЫНЫ. Осыншама ысырапты түсіне алмаған сұрақ авторының пікірінше, кондитердің басында да – ОСЫ.
Соңғы сфера тәрізді кәмпит нені білдіреді?

9. Орта ғасырларда медициналық әдебиетте ОЛ «Құдайдың көмегімен» дегенді білдірген. Картографияда ауылды білдірген. Инженер үшін ол – «сегіз тарам» немесе «сегіз алаң», музыкант үшін диез белгісі – «нотаны жарты тонға көтеруді» меңзейді. Американлық үшін шетелдік валютаның бірін білдіре алады.
Ал біз оны жиі қалай атаймыз?

10. Нэнси Астордың үйінде көп танымал адам жиналатын. Бірақ соған орай, Чарли Чаплин «Өзімді басқа әйелге келгендей сезінемін» дейтін.
Ендеше, сол басқа әйел туралы сұрақ:
Мари Гросхольц 1760 жылы туды. Ол сол кездің өзінде-ақ тыныш және ерекше түгі жоқ Бейкер стриттегі ғимараттың иесі еді. Ұнатқан жігіті Франсуаға күйеуге тиген шағы да сол болатын.
Франсуаның фамилиясын атаңыз.
Әрі қарай

Қазақстандық сақтандырушылар туризм саласын қалай өлтіруде?

Біздің елдің жаңалықтары: Қазақстандық сақтандырушылар туризм саласын қалай өлтіруде?
Әңгіме автомобиль иесін міндетті сақтандыру жайында. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанға Ресейден өз машинасымен келетін туристер міндетті сақтандыруға қомақты қаржысын тастап кетеді.

Менің ойымша, бұл жерде сақтандырушы компаниялардың лоббиі жүріп кеткен. Бұрын 15 күндік тариф 970 теңге тұрған екен. Енді жаңа заңға сәйкес елімізге машинамен келген Ресей азаматы 15 күнге 8153 теңге төлейді.

Бұны кездейсоқ біліп қалдым. Қайын ата биыл біздің ауылға барған екен. Сонда кеден посты жанындағы сақтандырушылардың біріне сондай сома қалдырыпты. 15 күнге 8 мың — бұл сұмдық, меніңше.

Айта кететін бір мәселе бар: Ресейге барған біздің отандастарымыз біздікінен де көп сома төлейді (теңгеге шаққанда 9-10 мың). Бірақ мынаны ескеру керек: Қазақстанда 17 млн халық тұрады, Ресейде 140 млн. Оларда халық та тығыз, жолдары да көп. Сәйкесінше жол апатына ұшырау мүмкіндігі жоғары. Ал біздің сазды-шебенді супержолдарымызда қарсы бағытқа шығып кету қорқынышынан гөрі, дөңгелегіңді жарып алмай, тиісті жеріңе жетіп алу қорқынышы басымырақ. Айдалада қайдағы апат, нақ?

Туризмді дамытуға тағы бір кедергі табылды. Дұрыс жолмен келе жатсыңдар, отандастар.

Мынау былтырғы және биылғы тарифтардың салыстыру кестесі («Алау» ақпараттық порталы alau.kz/):
Біздің елдің жаңалықтары: Қазақстандық сақтандырушылар туризм саласын қалай өлтіруде?
Әрі қарай

Саршаян жөніндегі "ұзақ" әңгіме

Зоологтың бастан кешкендері: Саршаян жөніндегі ұзақ әңгіме
Бұл дала кезген адамға сабақ болар оқиға.

Кәсібімізге байланысты кеміргіш індеріне көп үңілеміз, тіпті жалаң қолымызды сұғып жіберіп, қармап жатамыз. Қорыныштысы кеміргіштер емес… Ін аузындағы қуыстарды неше түрлі ұсақжәндіктер қоныстанады. Неше түрлі қоңыздар, құмырсқалар, кірпі, тасбақа, жылан – бәрін кездестіріп жүрміз. Бұл «квартиранттардың» кейбірі ін қожасына пайда әкелсе, екіншісінің пайдасы да, зияны да жоқ, ал үшіншісі қожайынның арқасында күн көреді. Біз үшін қауіптісі інге тығылатын улы жыландар, бүйі мен саршаяндар.

Күн қатты қызған кезде сексеуілді тоғайдың шетіне шатыр құрып дем алғанбыз. Түс ауып, кешкі салқынмен жүрмек болып, астымызға жайған брезент жаймамызды жинап алсақ, құмға көміле жиналған он шақты саршаянды байқадық. Екеуі ірі, қалғандары мап-майда болып, жыбырлап жатыр. Ұсақтарының бірін шырпы қорабына салып алдым. Бұл әлі тісі шыпаған бөлтірік сияқты, шағуды білмейтін кезі…

Саршаян – өрмекші тұқымдастарының ертеден келе жатқан түрі. Түріне қарап, өрмекшіге ұқсату қиын, есесіне жұрттың бәріне таныс. Бунақ-бунақ ұзын құйрығы мен алдыңғы аяқтарындағы қысқаш-шымшуырлары оны өзге тұқымдастарынан ерекшелеп тұрады. Ұсақ жәндіктерді қысқаштарымен ұстап алса, ірлерін құйрық ұшындағы улы бізбен шаншып, жансыздандырады.

Менің қолымдағы саршаян әлі әлсіз, күнге қарасаң ішек-қарны көрінетіндей мөлдір. Бұлар кейде тірілей туып, кейде жұмыртқадан жарып шығады. Қырық-елу шақты кішкентай шаяндар енесінің арқасына жабысып, бір-екі апта тәрбие алады. Түсіп қалмау үшін бұл кезде аяқтарында тырнақ емес, сорғыш жабысқы болады. Осы бір-екі аптаның ішінде тырнақтары өсіп, сыртқы қабыршақ қабаты қатқылдана бастайды. Алдағы бір-бір жарым жыл ішінде қабыршағы (хитин) әлі алты-жеті рет ауысуы тиіс. Содан кейін ғана саршаян ересек шағына жетеді.

Саршаян түн жәндігі. Күннің нұры тайған бойда қорқынышты қысқаштарын ұмсындырып, бунақты құйрығын бұлғақтата азық іздеуге аттанады. Қысқаштарында орналасқан өте сезімтал талшықтар ықтимал жемтікті қалт жібермейді. Шап беріп ұстаған құрбаны әл бермейтіндей болса, бунақты құйрық іске қосылады. Бір шанышқаны жеткілікті. Аздан соң жемтіктің қарсыласар шамасы қалмайды. Қатты ашыққан кезде саршаян өзінен кіші, әлсіздерін де жеп қоя салады. Тағы бір қасиеті тамақсыз да ұзақ уақыт өмір сүре алады.

… Әлгі қорапша далада киген күртенің қалтасында жүре беріпті. Іссапардан оралып, есеп-қисабымды өткізіп жүргенде жұмысшылардың бірі шырпы сұрады (темекі шекпесем де, қалтамда міндетті түрде сіріңке жүреді). Ойымда ештеңе жоқ, қалтамдағы қорапты ұстата салдым. Темекі тұтатпақ болған жігіт ойбайлап атып тұрғаны. Аузындағы темекі бір жаққа, шырпы қорабы бір жаққа ұшты. Жігітке емес, қорапшаға ұмтылдым. Ішінде бас жағы езіліп қалған саршаян жатыр екен. Осыдан жиырма күн бұрын қолға түскен әлжуаз жәндік жауына қарсы тұра алатын «сарбаз» болып өсіпті. Аш құрсақ күндер тіпті әсер етпеген.

Мұратбай Алашбайұлы
Әрі қарай