Саршаян жөніндегі "ұзақ" әңгіме
Бұл дала кезген адамға сабақ болар оқиға.
Кәсібімізге байланысты кеміргіш індеріне көп үңілеміз, тіпті жалаң қолымызды сұғып жіберіп, қармап жатамыз. Қорыныштысы кеміргіштер емес… Ін аузындағы қуыстарды неше түрлі ұсақжәндіктер қоныстанады. Неше түрлі қоңыздар, құмырсқалар, кірпі, тасбақа, жылан – бәрін кездестіріп жүрміз. Бұл «квартиранттардың» кейбірі ін қожасына пайда әкелсе, екіншісінің пайдасы да, зияны да жоқ, ал үшіншісі қожайынның арқасында күн көреді. Біз үшін қауіптісі інге тығылатын улы жыландар, бүйі мен саршаяндар.
Күн қатты қызған кезде сексеуілді тоғайдың шетіне шатыр құрып дем алғанбыз. Түс ауып, кешкі салқынмен жүрмек болып, астымызға жайған брезент жаймамызды жинап алсақ, құмға көміле жиналған он шақты саршаянды байқадық. Екеуі ірі, қалғандары мап-майда болып, жыбырлап жатыр. Ұсақтарының бірін шырпы қорабына салып алдым. Бұл әлі тісі шыпаған бөлтірік сияқты, шағуды білмейтін кезі…
Саршаян – өрмекші тұқымдастарының ертеден келе жатқан түрі. Түріне қарап, өрмекшіге ұқсату қиын, есесіне жұрттың бәріне таныс. Бунақ-бунақ ұзын құйрығы мен алдыңғы аяқтарындағы қысқаш-шымшуырлары оны өзге тұқымдастарынан ерекшелеп тұрады. Ұсақ жәндіктерді қысқаштарымен ұстап алса, ірлерін құйрық ұшындағы улы бізбен шаншып, жансыздандырады.
Менің қолымдағы саршаян әлі әлсіз, күнге қарасаң ішек-қарны көрінетіндей мөлдір. Бұлар кейде тірілей туып, кейде жұмыртқадан жарып шығады. Қырық-елу шақты кішкентай шаяндар енесінің арқасына жабысып, бір-екі апта тәрбие алады. Түсіп қалмау үшін бұл кезде аяқтарында тырнақ емес, сорғыш жабысқы болады. Осы бір-екі аптаның ішінде тырнақтары өсіп, сыртқы қабыршақ қабаты қатқылдана бастайды. Алдағы бір-бір жарым жыл ішінде қабыршағы (хитин) әлі алты-жеті рет ауысуы тиіс. Содан кейін ғана саршаян ересек шағына жетеді.
Саршаян түн жәндігі. Күннің нұры тайған бойда қорқынышты қысқаштарын ұмсындырып, бунақты құйрығын бұлғақтата азық іздеуге аттанады. Қысқаштарында орналасқан өте сезімтал талшықтар ықтимал жемтікті қалт жібермейді. Шап беріп ұстаған құрбаны әл бермейтіндей болса, бунақты құйрық іске қосылады. Бір шанышқаны жеткілікті. Аздан соң жемтіктің қарсыласар шамасы қалмайды. Қатты ашыққан кезде саршаян өзінен кіші, әлсіздерін де жеп қоя салады. Тағы бір қасиеті тамақсыз да ұзақ уақыт өмір сүре алады.
… Әлгі қорапша далада киген күртенің қалтасында жүре беріпті. Іссапардан оралып, есеп-қисабымды өткізіп жүргенде жұмысшылардың бірі шырпы сұрады (темекі шекпесем де, қалтамда міндетті түрде сіріңке жүреді). Ойымда ештеңе жоқ, қалтамдағы қорапты ұстата салдым. Темекі тұтатпақ болған жігіт ойбайлап атып тұрғаны. Аузындағы темекі бір жаққа, шырпы қорабы бір жаққа ұшты. Жігітке емес, қорапшаға ұмтылдым. Ішінде бас жағы езіліп қалған саршаян жатыр екен. Осыдан жиырма күн бұрын қолға түскен әлжуаз жәндік жауына қарсы тұра алатын «сарбаз» болып өсіпті. Аш құрсақ күндер тіпті әсер етпеген.
Мұратбай Алашбайұлы
3 пікір