Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық

Мектеп бітіріп, редакцияны жағалап жүрген кезім. Қалалық «Сарыарқа» газетінің редакциясы ақ сарайдай көрінетін. Журналистер тым қауырт, өте маңызды, аса тәкаппар. Маңдарына көп жолата бермейді. Тек машинистка Гүлнар апай оларға ұқсаймайды — жайдары, биязы. Бірақ қолы көп босай қоймайтын. Қашан көрсең тықылдатып мақала теріп отырғаны. Арасында зырт еткізіп Ятрань машинкасының сырғытпасын сырып қояды. Үстел үстінде үнемі шимай-шимай қағаздар үйіліп тұратын. Гүлнар апайды бала-шаға ғана емес, адуынды журналистер де сыйлаушы еді. Әншейінде қабағы түксиген, сөзі қатаң журналистер Гүлнар апайдың алдында сызылады да қалады. Редакцияға жол түссе, Гүлнар апайға сәлем беруге кіріп шығатын едім. Алайда қазір Гүлнар апайым да, оның Ятрань машинкасы да жоқ. Себебі қазір хатшы-машинист мамандығы жоқ. Журналистер мақалаларын электронды пошта арқылы редакторға жөнелте салады.
***
Ал телефон будкалары ше? Студент кезімізде Қазақтелекомға барып, телефонист апайға үйдің телефонын жазып, будкада күтіп отырасың телефон тұтқасына сағынышпен қарап.
— Жезказган на линии, — дейді телефонист апай бір кезде.
— Алло, Мама!
— Бектай сенбісің?..
***
Өзіміз куә болған 15-20 жылдың өзінде біраз өзгерістер болды. Алдағы 20 жылда жоғалатын 20 мамандық туралы ой тарқатып көрейік. Сонымен Астана қаласында жақын келешекте қандай мамандықтарға сұраныс болмайды?

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық1. Кондуктор.
Бұл мамандық алдағы 2-3 жылда-ақ жоғалуы мүмкін. Қазір Астанада ASTRA PLAT жүйесі толық қызмет етуде. Жолаушылар төлемақыны карта арқылы электронды түрде жасай алады. Карта арқылы төлем экономикалық жағынан да тиімді, әрі ұсақ ақша қайтару мәселесі мүлдем туындамайды, бюджет айқындылығын да қамтамасыз етеді. Жол сұрау немесе бағыт көрсету керек болса, Astrabus қосымшасы бар. Демек, кондукторлар функциясын электронды жүйе толығымен алмастыра алады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық2. Нотариус.
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев биыл халықпен есептік кездесуінде айтқан болатын. «Мысалы, блокчейн технологияларын жылжымайтын мүлік тізіліміне енгізу, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеуде нотариус қызметтерінің толығымен қажеттілігін жояды, себебі, цифрландыру есебінен бұл реттегі амалдар қайта қарастырылады». Бұл шара заңсыз құжаттарды куәландыру, заңдастыру, жемқорлық мәселелерін де шешуі тиіс.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық3. Риелтор, маклер.
Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев блокчейн технологияларын жылжымайтын мүлік реестріне енгізу нәтижесінде заңнама талаптарына сай келмейтін тұрғын үйді саудаға қою мүмкін болмайтынын айтқан. Барлық деректер электронды форматта сақталады және оны редакциялау мүмкін болмайды. Яғни заңсыз әрекеттерді жасау, тұтынушыны алдау мүмкін емес. Бұл «ақ» не «қара» риелторлар қажеттілігін жояды. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру, алу сияқты деректерді делдалдарсыз ашық ресурстардан алуға болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық4. Күзетші.
YouTube-те жасырын камерамен түсірілген видеолар кеңінен танымал және көрілімді. Лифт ішіне, банкоматқа, жол жиегіндегі бағанға, кеңсе офисінде орнатылған камералар фобия тудыруы да мүмкін. Бастысы ештеңені жасыру мүмкін емес. Бейнебақылау, сигнализация күзетшілерден әлдеқайда жылдам әрі сергек. Көптеген кеңселерде күзетші штаты әлдеқашан қысқарған. Смарт қаланың күзетшісін елестете аласыз ба? ;)

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық5. Билетер.
Кино, театр, сауық-сайран орталықтарына кіргенде билетіңізді тексеретін адамның функциясын қарапайым чиптер мен турникеттер атқара алады. Адамнан гөрі тиісті техниканы орнату әлдеқайда арзанырақ әрі ақша жымқыру фактісін болдырмайды. Қазірдің өзінде Астананың бірқатар көңіл-көтеру орындарында бұл процесс автоматтандырылған.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық6. Call орталықтарының диспетчерлері.
«– Қызмет көрсету тілін таңдау үшін бірді басыңыз. Негізгі қызметтер туралы ақпарат алғыңыз келсе екіні басыңыз». Таныс қой иә? Бұл жүйе мобильді операторлар, банк жүйесі, ірі компанияларда қолданылып келеді. Болашақта жасанды интеллект пен цифровизация нәтижесінде диспетчерлер толығымен жойылады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық7. Корректор.
Қазірдің өзінде Microsoft Office бағдарламаларында мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясын тексеретін функциясы бар. Бұл жүйе әлеуметтік желілерде, мессенджерлердің көпшілігінде де орнатылған. Қаласаңыз онлайн сервистер мәтіннің грамматикасын, стилистикасын, орфографиясын тексеріп бере алады. Мәтіннің семантикалық анализі технологиясы қарқынды дамуда. Қазақ тілін де функционалдан көретін күн алыс емес. Сондықтан корректор мамандығын бағдарламалық жасақтамалар алмастырады деп нық сеніммен айтуға болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық8. Экскурсовод, гид.
Астана қаласындағы бірқатар сауда орталықтарында, мәдениет кешендерінде, музейлерде онлайн гид жүйесі орнатылған. Былтыр «VISIT ASTANA» компаниясы былтырғы жылдан бастап электронды гид қызметін енгізді. 2 қабатты автобус астаналықтарды, қала қонақтарын, туристерді тарихи жерлерге, ең танымал орындарға апарады. Ал Арнайы орнатылған электронды гид 6 тілде қала тарихын, көрікті жерлері туралы қызықты ақпаратты экскурсоводтан кем түспей баяндап береді. Электронды гидтің адам гидтен артықшылығы білім базасы үнемі жаңартылып отырады, ақпаратты бұрмаламай, жаңылыспай жеткізеді. Аудармашыны қажет етпейді. Ал адамдар ақпаратты осындай аудио, визуал көздерден алуға бейімделіп келеді. Қазірдің өзінде бірқатар мобильді қосымшалар, онлайн ресурстар Астананың көрікті жерлерінде өзіңіз тұрғандай әсер беретін VR экскурсиялар ұсына алады. Демек, цифровизация тағы бір мамандықты жоя алады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық9. Логист, диспетчер.
Соңғы уақытта онлайн сауда көлемі күрт артты. Тауар айналымы артып, көлік инфрақұрылымы күрделене түсуде, жүк тасымалы ұлғайып, жекізу жылдамдығы да арта түсті. Тұтынушылар өз жүктерін онлайн бақылағанды жөн көреді. Күннен күнге бұл ағын күшейіп келеді. Мұндай міндеттерді шешу адам қолынан келмеуі мүмкін. Сондықтан логистика саласындағы компаниялар жаппай автоматтандыруға көшуде. Жүктердің тасымалы түрлі датчиктермен қадағаланып, спутниктік жүйемен мониторинг жасалып отырады, интеллектуалды бағдарламалар оңтайлы бағдарларды сызып береді. Егер бірнеше маманның жасайтын жұмысын бір бағдарлама орындайтын болса, ол мамандықтың не қажеті бар? Сондықтан диспетчерлер мен логисттерді болашақта бағдарламалық жасақтамалар жұтуы заңды құбылыс.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық10. Аудармашы.
Семантикалық аударма жасайтын бағдарламалар дамуы таң қалдырады. Қазір қарапайым мәтінді қазақшаға аудару қиын іс емес. Бағдарламалар тек мәтін ғана емес, сурет және аудио форматын да аударуға қауқарлы. Технология қарыштап дамып жатқандықтан болашақта көркем әдеби аудармамен немесе күрделі салалық аудармамен айналысатын біліктілігі жоғары мамандар ғана қалып, қарапайым аудармашылар басқа кәсіп іздеуіне тура келеді.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық11. Вахтер.
Вахтердің негізгі міндеті тұрғын үйге және қызметтік ғимараттарға бөгде адамдардың кірмеуін қадағалау. Қазірдің өзінде Астана қаласындағы тұрғын үйлердің 90%-да домофон орнатылған. Тұрғын үй кешендерінде, кеңсе ғимараттарында бейнебақылау орнатылған. Әрбір адамның кіріс-шығысы чиптер арқылы тіркеліп отырады. Сондықтан Астана қаласында вахтер мамандығы жақын арада жоғалуы мүмкін.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық12. Жол-патруль қызметкері.
Астана қаласында қазір 6365 бейнебақылау камералары орнатылған. Жалпы жоспар бойынша қалада 13 мың бейнебақылау камерасы іске қосылмақ. Астана қ. ІІД мәлімдеуінше «Сергек» бақылау жүйесінің көмегімен 1 656 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыс ашылған. Бүгінде «Сергек» жүйесі Астанадағы жол-көлік қозғалысын қатаң қадағалап, құқық бұзушылық фактілерін оперативті түрде арнайы реестрде тіркеп тұрады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық13. Есептеуіш көрсеткішін бақылаушы.
Су, электр энергиясын, газды тұтыну көрсеткіштерін тіркейтін есептеу құралдарын тексеретін маманды алмастыратын жүйе болашақта іске қосылады. Әр пәтерді аралап жүретін маман жұмысын автоматтандырылған жүйе ортақ базаға тіркеп тұрады. Бұл жүйе жақын арадағы 3-5 жыл көлемінде іске қосылуы тиіс.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық14. Бухгалтер.
Бұрындары бухгалтер мамандығына бірнеше жыл оқитын болса, соңғы жылдары бұл мамандықты бірнеше ай ішінде игеріп алу мүмкіндігі туынады. Қазіргі жаңа бухгалтерлік есептер жасау, төлемдерді төлеу, кіріс-шығысты тіркеу жүйесі бір ғана бағдарламалық жасақтама көмегімен жүзеге асады. Оның үстіне арнайы софтбухгалтерлік есеп пен аудит бойынша операцияларды жылдам орындап, функционалы қарапайымдана түсуде. Болашақта барлық процесс автоматтандырылып, бухгалтер мамандығы мүлдем қажет болмауы мүмкін.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық15. Несие жөніндегі менеджерлер.
Бүгінгі таңда сайт арқылы немесе мобильді қосымша арқылы несие алу өтінімін онлайн жіберуге болады. Клиент туралы барлық деректер, оның несие тарихы арнайы базаға енгізіледі. Сондықтан да болашақта несиені беру туралы шешімді арнайы компьютерлік бағдарламалар қабылдайтын болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық16. Стенографист.
Дыбысты тану және оны мәтінге айналдыру жүйесі қазірдің өзінде көптеген салаларға енгізілген. Іздеу жүйелері, роботтар, диктофон жазбалары, тағы көптеген салаларда мұндай функцияны байқаған боларсыз. Болашақта бұл жүйе одан әрі жетіліп, іс жүргізу процесінде стенографист мамандарды толығымен алмастыра алады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық17. Мемлекеттік қызмет операторлары.
Қарапайым тілмен айтқанда халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар. Қазірдің өзінде Мемлекеттік қызметтер порталы мен «Электронды үкімет» сервистерінің, азаматтық краудсорсингтің дамуы арқасында көптеген анықтама, құжаттарды кеңсеңізден шықпай-ақ онлайн түрде алуға болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық18. Провизор.
Көптеген дәріханалар интернет-ресурстар арқылы жұмыс жасауға көшуде. Көптеген тұтынушылар дәрі-дәрімекті дәрігер нұсқауы бойынша немесе интернет деректеріне сүйеніп таңдай алады. Ал логистикалық қызметтер тәуліктің кез келген уақытында сатып алынған дәрі-дәрімекті жеткізіп бере алады. Қазір провизорлар өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын адамдармен немесе төтенше жағдайларда адамдарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін қалды. Алайда 2020 жылдарға қарай провизор мамандығына деген қажеттілік барынша төмендейді.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық19. Лифтер.
Қазіргі лифт жүйелері (жаңа тұрғын үй кешендеріндегі) интеллектуалды жүйемен жабдықталған. Бұл жүйелер өздігінен диагоностика жасап, ақаулды анықтап отырады. Лифтерге қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары автоматтандырылса, лифтер мамандармен де хош айтысамыз.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық20. Паркинг қызметкері.
Соңғы автокөлік өнімдері интеллектуалды паркинг жүйесін іске қосқан. 2020 жылға қарай жаңа автомобильдердің 80% автомобильді басқаруда жасанды интеллект жүйесін қолданатын болады. Осылайша, осы кәсіп иелерінің қызметін өздігінен автоматтандырды. Ал біздің түсінігіміздегі паркинг қызметкері, яғни автотұрақ қызметі үшін ақы алатын адамдар қызметін ASTRA Parking сервисі де атқарады. Парковкаларды басқару да автоматтандырылады. Бұл функцияны бақылау камералары, автоматтандырылған шлагбаумдар мен парковка автоматтары орындайтын болады.

Ғылыми техникалық даму, цифрландыру бұл мамандықтарды жойғанымен жаңа мамандықтардың пайда болуына да септеседі. Болашақта сирек мамандықтарға айналатын немесе мүлдем жойылатын мамандықтар жиырмалығы осы. Ал қазір қажетті мамандықтар тізімін мына постан көре аласызар.

Адамды адам еткен - арақ

Блог - patick: Адамды адам еткен - арақДарвиннің теориясы бойынша маймылтектес тіршілік иелері еңбек арқылы саналы адамға айналды. Бірақ еңбек етпес бұрын маймылдар ағаш басынан жерге түсуі керек қой. Дәл осы тұста арақ көмекке келеді.

АҚШ-тағы Дартмут колледжінің зерттеушілері осындай тұжырым ұсынып отыр. Оны мен өзіміздің National Geographic Қазақстан журналынан оқып қалдым. Осы қуанышты жаңалықпен бөліскім келіп кетті.

Мақаладан үзінді келтірейін:
«Берклидегі Калифорния университетінің физиологі Роберт Дадли – «мас маймыл» болжамы жайлы алғаш ой ұсынған адам. Оның ойынша, ағаштан жерге түсуге батылы барған примат жемістің жаңа түріне қол жеткізді-міс. «Егер сен алкогольдің иісін сезіп, жемісті өзгелерден бұрын алсаң, ол – сенің артықшылығың, – дейді Дадли. – Сен өзіңді жеңімпаз сезініп, калорияға да қарық боласың». Бұл өзгеріс өз кезегінде жаңа өмір салтының пайда болуына итермеледі.[1]».

Оны мен қалай елестетем? Он шақты миллион жыл бұрын ата-бабаларымыз жердегі жыртқыштардың кесірінен ағаш басында тіршілік етеді. Бірақ ағаш басындағы азық шексіз емес, сондықтан пісіп жетілген, иісі бұрқылап жерде шашылып жатқан жеміс-жидектерге қалай да қол жеткізу қажет болады. Сосын ішінен бір батылы аса сақтықпен жерге түсіп, бұзыла бастаған жемістің дәмін татып көреді. Бұзылған жеміс ашытқы бөлетіні белгілі. Ал ашытқы дегеніміз бүкіл алкоголь атаулының негізі. Көп жеп қойғаннан кейін әлгі примат бабамыз аздап көңіл-күйі көтеріліп, тіпті маңайдағы жыртқыштарға сес көрсетіп қояды. Сосын ол енді жемісті жерден теріп жеуді әдетке айналдырады. Өйткені ол әрі тәтті, әрі көңіл-күйді көтеріп, ерекше сезімге бөлейді. Артынан басқа приматтар да оның ісін қайталайды. Оларға да ұнайды. Уақыт өте келе „адам болғысы“ келген маймылдар уақытының көп бөлігін жер бетінде өткізуге бейімделеді. Ал әрі қарайғы эволюцияны менсіз-ақ өздерің білесіңдер: тас қарулар, от жағып үйрену, пісіріп үйрену, дәнді-дақылдар теру мен оны егу және ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы.

Алкоголдің адамзат дамуы үшін рөлі бұнымен бітпейді. Көне дәуірдің ғұламалары қалдырған, біздің заманымызға дейін сақталған тарихи һәм мәдени мұралар мен жәдігерлер арақ-шараптың көмегімен дүниеге келгенге ұқсайды. Өйткені алкоголь адамға шабыт сыйлайды. Шабытсыз бұл жақұттар пайда болмас еді. Тағы да НатГео дерегіне жүгінеміз:

»Шынтуайтында, жер-жаһанда дәнді-дақылдардың түр-түрінен жасалған алкоголь жайлы деректер өркениеттің алғашқы кезеңінен бастау алады. Пенсильвания университетінің биомолекула археологі Патрик МакГоверн: «Мұның бәрі жай сәйкестік емес», – дейді. Оның айтуынша, Тас дәуіріндегі ғұрыптардан бермен адамның ақыл-есін өзгертіп жіберетін ішімдік атаулы шығармашылыққа шабыт бітіріп, тіл мен өнердің дамуына серпін берген. Адамзат тарихының шар­уашылық жүргізуден бастап, жазудың пайда болғанына дейінгі дәуір аралығына көз жіберсек, оның қай-қайсысында да ішімдікпен бір байланыстың болуы әбден ықтимал. «Әлемнің әр түкпірінен табылған бұлтартпас деректер алкогольді ішімдіктің адамзат мәдениеті үшін маңызды роль атқарғаны анық, – дейді МакГоверн. – Отыз жыл бұрын бұл дерек дәл бүгінгідей мақұлдана қоймаған еді». Әзіл-шынын араластыра сөйлеген МакГоверннің айтуынша, ішімдіктің адамзат баласының ажырамас бір бөлігіне айналғаны сонша, біз енді өзімізді «Хомо ішкіштер» деп атасақ та болатындай.[2]".

Осыдан келіп адамдардың араққа құмарлығының себебі де анықталатындай. Демек бұл біздің қанымызға сіңген әуестік, бізді ғасырлар бойы алға жылжытып келген инстинкт. Ендігәрі ішкішті кінәлауға асықпа, өйткені бұл геніне программаланып қойылған нәрсе.

Ендеше алкоголь өнімдерін жеккөрінішті қылып көрсету әдетімізден арылып, оның адамзат тарихындағы маңызды рөлін мойындайтын кез келді, ағайын.

Сілтеме:
[1][2]: «Тоғыз мың жылдық құштарлық» © National Geographic Қазақстан, 2017
Әрі қарай

Ажырасқандарға айыппұл салу қажет!

Блог - nurbolkarataev: Ажырасқандарға айыппұл салу қажет!

2016-шы жылы елімізде 140840 неке тіркелсе, 51775 отбасы ажырасып кеткен.Бұның себебі неде? Ажырасуға себеп ретінде статистика мына жағдайларды келтіреді:

Ажырасу себептері;

— Отбасылық кикілжің, (ұрыс-керіс, бір-бірін түсініспеу).
— Көзге шөп салу, (опасыздық).
— Күйеуінің жұмыссыз жүруі,
— Әйелінің не күйеуінің ішімдік, есірткіге салынуы.
— Ене мен келін арасындағы жанжал.
— Күйеуі не әйелінің жұмысбастылығы.
— Перзенттің болмауы, (бедеулік).
— Тұрмыстық жағдай.

Күйеуге тиіп, бір бала тауып алсам.

Бұл ажырасудың басты себептері ретінде айтылыпта жазылыпта жүр. Бірақ біз айта бермейтін мына жайтты басты назарға салғым келеді.Ол қазіргі қыз-келіншектердің «күйеуге тиіп бір бала тауып алсам, кейін ажырасып кетемін» –деген жеңіл ойдың пайда болуы. Өкінішке орай біз бұл тақырыпты әліде ашық айтуға ұяламыз. Егер бұл тақырыпты бүгін біз көтермесек, ертеңгі күні статистика биылғы жылы ажырасқандар саны өткен жылға қарағанда артты деген деректі ғана оқып отыра беретін күнге жетеміз. Әлемдік рейтингке назар салсақ Қазақстан ажырасу бойынша 10-шы орынды алады екен. Бұл Отбасы Институттарының жоқтығы ғана емес, адамдар арасындағы сенімнің аздығы. Отбасын ажырастырмаудың тиімді жолының бірі. Ажырасқан отбасыларға орташа көлемде айыппұл салу қажет.

Айыппұл көлемі қандай болады?

Мысалға 50-200мың теңге көлемінде. Егер күйеуінен кінә болса 100мың, әйеліне 50мың теңге. Әйелінен кінә болса керісінше. Айыппұл екі жаққада салынады. Бұл екі жақтың ажырасуға шешім қабылдағанда ғана сот арқылы жүзеге асырылады. Ал екі жақ араға жыл салып қайтадан бірге болуды қалап некеге тұрса салынған айыппұлдың 50%-ы екі жаққа да қайтарылады. Бірақ екінші рет ажырсқан жағдайда айыппұл еселеніп салынады, және қоғамдық жұмысқа тартылатын болады. Бұл ажырасқан отбасы үшін өте үлкен жаза болар еді.

Айыппұл қайда кетеді?

Айыппұл мемлекетке салық ретінде түспейді. Мемлекеттік емес ұйымдар жанынан Институт құрылып ақша тікелей сол ұйымға түседі. Институттың басты жұмысы отбасылы адамдардың ажырасуын болдырмау. Ал, айыппұлдан түскен ақшаны Институт атынан ашылған порталдан онлайн бақылауға болады.
Ажырасу бүгінгі қоғамның басты дертіне айналып бара жатыр. Ал сол дертті қоғам болып бірге жеңуіміз қажет.
Әрі қарай

Арон Бракаш: "Атамбаевты тасташы, бізді орыстар лақтырып кетті!"

Өткен муаххаламызда Үнді Қарулы Күштері 15 жыл бойы жүргізген тендер ақыры аяқталып, жеңімпаз анықталғанын айтып өткен едік және оған AKY ештеңе демеген болатын.

Қарулар: Арон Бракаш: Атамбаевты тасташы, бізді орыстар лақтырып кетті!

Бүгін Kerekinfo.kz, Defense Club арқылы үнді әскери техника сарапшысы, Үнді Әскери-теңіз флотының бұрынғы адмиралы Арон Бракашқа хабарласып, Атамбаев туралы айтқанда, ол:
Әрі қарай

"Ой-Зерек" радиобағдарламасының 2017 жылғы 16 қыркүйектегі шығарылымындағы сұрақтар

«Ой-Зерек» радиобағдарламасының 2017 жылғы 16 қыркүйектегі шығарылымында 2-айналымның кезекті ойыны өтті. Қонаққа келген «Жаңа астаналықтар» командасы (Айдана Сегізбаева, Жәнібек Әмірхамзин, жаңа құрамда — Абылай Дусеков, Әсет Оразов) ойынды 5:6 есебімен аяқтады.

Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2017 жылғы 16 қыркүйектегі шығарылымындағы сұрақтар
Ойында мынадай сауалдар қойылған болатын:

1. «Король Артурдағы» шайқастардың бірінде түсірілетін соғыс эпизодтарының тығыз болғаны соншалық, ИКСке дулыға кигізіп, қалқан ұстаған отрядпен қоршауға тура келді. ИКСті бір сөзбен атаңыз.

2. Бірде бір үш жасар қыз ОНЫ суықтан дірілдеп тұр деп ойлайды. Ал Мәскеуде өткен ғасырдың басында пайда болған ОЛАРдың алғашқыларының бірі алғашқы «Эскимо» деп аталды. Қазақстанда соңғы жылдары ОНЫң ескілеріне сұраныс артып кеткені де бар. ОЛ не?

3. Блиц:
3а. Үшінші буынның мобильді интернетін желідегі бірнеше қолданушы белгілі спортшының атымен байланыстырады. Спортшыны атаңыз.
3ә. «Шетелге сапарым болса да, Головкиннің жекпе-жегін көремін». ©
17 қыркүйек күні ол кісі жабық ғимараттардағы жекпе-жек өнері бойынша V Азия ойындарына барады екен. Цитата авторын атаңыз.
3б. Жекпе-жек төрешілерінің есімдері аталған соң, Головкиннің промоутері Том Леффлер былай дейді: «Геннадий өзімен бірге тағы екі жеке төрешісін ала келмекші». Промоутердің меңзегенін атаңыз.

4. Жүсіп Баласағұни ОНЫ елшінің қылышы деп атаған. Бұл зат есімді етістік түрінде ұқсақ, неге олай аталғанын түсінуге болады. Ол не?

5. «Экстрасенстер» фильмінде іс жүргізуге келген полиция қызметкерлерінің бірі экстрасенс, доктор Кларенсиге: «Одис келді. Сенен кейінгі ең жақсы қызметкеріміз» дейді. Сонан соң бәрі Одистің артынан жүреді. Сұрақ: Одистің басқа қызметкерлерден ерекшілігін атаңыз.

6. Дүниеде бір жәндік бар үйретілген,
Мойнында жібекарқан сүйретілген.
Алдыңа тапқыш болсаңсала айтайын,
Қолға алсаңкөп жұмысты сол бітірген.
Қазақ жұмбағын шешіңіз.
Интеллектуалдық ойындар: Ой-Зерек радиобағдарламасының 2017 жылғы 16 қыркүйектегі шығарылымындағы сұрақтар
7. Балтинвестбанктің жарнамалық плакаттарының бірінде аквариумды түгел алып жатқан балықтың суреті бейнеленген. Бұл плакаттың не жарнамалайтынын түп-түбірі грек тілінен шыққан сөзбен атаңыз.

8. 2012 жылы еуропалық астаналардың бірінде белгілі спортшыға көзі тірі кезіндегі ескерткіш орнатылды. Ол ескерткіш жасалған материал, бұйым, құрал – көптеген құрылыс материалдары дүкендерінде сатылады. Спортшыны немесе бұйымды бір сөзбен атаңыз.

9. Түс жору кітабына сәйкес, егер сіз ОНЫ түсіңізде оқып, зерттеп отырсаңыз, онда өңіңізде өзіңізге және өз күшіңізге деген сенімділік жетіспейді, сондықтан сіз айналаңыздағылардан қолдау іздейсіз деген сөз. ОНЫ атаңыз.

10. Медынь қаласына кіреберісте орнатылған монументте қаланың негізі қаланған жыл жазылған, және жылдың әр цифрі геометриялық фигурамен қоршалған. Қандай фигура?

11. 2011 жылы Керекинфо блог-тұғырнамасында техносиндром никті блогер (Ерлан Оспан) ғылыми, неологизм сөздерді блогтұғырнама шеңберінде талқылай отырып, аударуды ұсынады. Осы қауымдастық ашылады, және қауымдастыққа, жобаға танымал шетелдік фильмнің атауын қояды. Ол фильмді бір сөзбен тауып көріңіз.

Ойынның фейсбуктегі трансляциясы бар. Негізі, инстаграмда да ойын уақытында эфир болады.
Эфир аудиожазбасын ресми сайттан тыңдауға болады.
Әрі қарай

Экспресс саяхат: Өскемен-Астана-«EXPO-2017» көрмесі

Әне-міне дегенше 10-шы қыркүйекте EXPO көрмесі жабылады. Жаз бойы оңтайлы сәтті күттім. Жаз өттіп күз келді. Үйдегілер менің қалауымнан хабардар. Күндер өтіп барады.
Тамыздың 28. Отбасылық кеңес. Сонда саяхаттың бюджеті және ұзақтылығы бекітілді. 29 тамызда Астанаға қарай жолға шықтым. Саяхатымды бастағанға күн сәтті болыпты. 31 тамызда қайтып оралдым. Шығарған шығын бар-жоғы 20 000 теңге! Соның ішінде позитивті көңіл-күйге шығынданыппын. Қысқа есеп осындай.
Осыдан 3 жыл бұрын көрме орны темір қаңылтырмен қоршалған алаң болған.
-Көрмені көрмей қалдым, кейіннен өкінетін шығармын, -деп шешім қабылдауға шарасыздық танытқандар қатарынан бөлініп шыққаныма қуандым!
-Туысқандар EXPO-ға барып келді. Солардан біліп отырмын. Астанада болдым, бірақ, «EXPO»-ға соқпай қайтып кеттім. Маған ұнамайтынын білдім, -дегенді көзі ашық қазақ ұлт иесінен естідім. Негізі ол кісі өзін патриот санайды. Бірақ патриотизм деген сөзде «П»-дан басқа әріптер барын ұмытқандай.
Әрине, көрмеге барып келгендер көрме туралы әр түрлі пікір білдіреді. Бірақ, «Нұр Әлемді» сыртынан, ішінен көргендер. Оған бір сәт болсын, қандайда бір ерекшелігіне тамсанбай кетпегенін көрген емеспін. Керсінше оның тамашалауға тұрарлық тұсын естіп көрмеге әдейлеп келгендерді көрдім.
«Не қызықтырары бар» десең ойланып көрші. Біріншіден диаметрі 80 метрлік шар пішіндегі әлем бойынша жалғыз ғимарат.
Оны сыртынан және ішінен тамашалауға тұрарлық. Басқа мемлекет астанасында мұндай архитектуралық керемет жоқ, оны естен шығарма.
Өткен жазбаларымда Минск қаласында болғанымды жазып кеткенмін. Мысалға, ондағы Ұлттық кітапхана орналасқан шыны кубтың суретін көрсеткенмін. Осы ғимарат беларусь халқының руханият діңгегінің символы десемде қателеспеймін. Егер, архитектура жағынан біздің үлкен шарымызды, дәлірірек сферамыз беларустардың куб пішінді ғимаратымен салыстырсақ оның одан әлдеқайда ілгері тұрғанына көзіңді жеткізесің.
Жай ғана ғимарат емес. Монумент дер едім. Өзінің аурасы бар -Мемлекетіміздің болашағын қалайтын азаматтарға күш-қуат беретіндей. Ұлттық рухтың қуаттандырғышы.
Жазғанымды пафосты деп санаңдар. Тіпті ғимаратымды қазақстандық архитектор жобаламады деп кінә тағындар.
-Иә, Бәйтерекпен қатар тұрарлық ғимаратты неміс архитекторы Альберт Шпеер (кенжесі) жобалады. Бірақ ғимарат неміс елін емес біздің елді ұлықтап тұр.
Сфера, яғни, геометриялық пішімі ұнатпауы мүмкін сізді.
-Неге сфера?
Сфера болса әлемдегі жер қойнауынан шыққан соңғы мұнай тамшысын бейнелейді. Бұл ойды жеткеншек балаға көрменің екінші тематикалық павильоны жақсы жеткізеді. Неге жеткіншек балаға? Қырыққа келген мен «әлемді өзгертемін» деп ойламаймын. Мен болсам:
-«Мұнай бағасы» қымбаттап өскенін қалап, доллардың теңге қатысты курсына күнде көз салып күйбең өмір кешкен жанмын.
Жеткеншек балаға арналған тематикалық павильондағы (2-ші тематикалық) шоу тамаша ойластырылған!
Блог - bake: Экспресс саяхат: Өскемен-Астана-«EXPO-2017» көрмесі
Жеткеншек балаға сұрақ қойылады:
-Жердің жүрегі мұнайсыз (табиғи газсыз, көмірсіз) қалай соғады?
Және сол сұраққа тамаша жауап беріледі.
Бұл болса -әдейлеп ойластырылған көрме элементтері. Сол үшін ғана көрмені бала-шағамен тамашалауға тұрарлық.
Қандайда бір кеңес берген өңбейтін іс. Жақпай қалуың мүмкін. Соған қарамастан жалғыз кеңес бергім келеді.
Жалпы көрмеге алғашқы рет бара жатып одан не күтетіңізді «алдын-ала шешіп алғаннан гөрі» оның босағасын аттай сала атмосферасын сезуге тырысыңыз.
Көрме аяқталғанға 7 күн қалды.
Әрі қарай

Тәртіп - тәрбие емес.

ТӘРТІБІҢІЗГЕ ҚАНДАЙ БАҒА АЛДЫҢЫЗ?

Кезінде бастауыш  сыныпта «Тәрбие сағаты» деген болатын. Апта сайын оқушының тәртібіне де күнделікке арнайы  баға түсетін: «Тәртібі: 5»-деген  сынды...Қазір біз сол тәрбие мен тәртіпті шатастырып  алмадық па??? Ылғи белгілі бір тәртіппен өмір сүріп, жоспармен әрекет ететін адамдар бар. Олар аяғын аттап басса, болжап, алды-артын байқап отырады. Олар аяқ астынан шешім қабылдамайды, кеңеспей әрекет етпейді. Көшеде сырын білмейтін қызға жақындағанша, ортақ таныс арқылы немесе жұмыста танысқан дұрыс,- дейді. Тіпті даусын шығарып, шынайы күлуді де әдепсіздік санайды. Өмір сүрудің өз тәртібі бар деп біледі. Ұйқыдан оянған соң бірден жатын орнын жинайды, сосын барып беті-қолын шайып, кешке дайындап қойған киімін киеді. Таңертең көңіл-күйі өзгеріп, сәйкесінше басқа киім киіп кету — тәртіпке бағынбаудың белгісі. Сол сынды үйдегі тұрмыстық заттардың да орны ешқашан өзгермейді,  барлық қажетті заттар да алдын-ала сатып алынған. Ештеңені лақтырмаған дұрыс, ертең керек болып қалуы әбден мүмкін. Жұмысы  тындырымды, қоғамға пайдасы болсын-болмасын, оқыған мамандығының иесі болу — әлдеқайда артығырақ. Өйткені «тәртіпке бағынған құл болмайды».  Міндетті түрде дұрыс жаста тұрмыс құрып, әулетке дұрыс қызмет ету керек. Баланың тәрбиесі де тәртіпке негізделсе, адам болады. Тәртіптен басқа таңдау жоқ!  Жақында бір танысым «енді жағдайыңды жасап тастадың, тұрмысқа шық, жаққсыыы жігітпен таныстырайын»- дегесін, келістім. Саған хабарласады деген соң, суретіне де қарамай, ештеңе сұрастырмастан, мақұл дедім. 3-4 күннен соң мырзам хабарласып (таңғы8:30-да), кешке 18:30-да жұмыс жағыңызға келемін деді. (Бәрін сұрап-біліп алған ғой). Тәртіппен жүретіні көрініп-ақ тұр. Ойбай мұнысы несі, кешке жұмысым нешеде бітеді, эфир уақыты әрқалай, шығармашылық саладамыз дегендей, — деееп ойланып, мен отырмын. Ұйқым да шала ашылған, даусым қырылдап тұр))) Сосын не де болса кешке хабарласыңыз 18:30да, жауабын берем дедім. Сонымен 18:30. Хабар жоқ… звондамағасын, келмес деп үйге жиналдым. Сөйтсем әлгі жігіттің тәртіптілігі сонша,  18:30-да  шығып, 19:00-де менің жұмысымның алдындамын деп  звондап тұр. Күннің суығында маған бола келді-ау,- деп шықтым кездесуге. Түріне қарасам,  соннндай  тәртіпті! Өзім сәл тұмаулап тұрғам, қара суықта ең болмағанда кофе ішеміз-ау деген ойым да жоқ емес. Сөйтсем, бейтаныс адамдар өздеріне аса жұрттың көзі түсе бермейтін, кең жерде тілдескен дұрыс деген «ереже» бар екен) Сол «тәртіп» бойынша дірдектеп туфлида мен келем… Ол өзінің «тәртіпті» өмірінен сыр шертуде… Жалпы өмірде өз принциптерімді өзгертпеймін,- дейді… Еее, ережесі көп екен,- деп түйіп қойдым.Құдай-ау, ананы істеуге болмайды, былай еткен бұрынғылар, ана қылық қоғамға  қарсы, мына образ қызға жараспайды дегенде, ұялтады-ау басында… соңында ішім  пысып кетті. Е қошы-ей дегің келеді. Әркімнің өз таңдауы бар ғой, санасы мен есі жеткен жерге дейін бақытты болсыншы, шаршамашы енді,- дегің келеді. Тал бойы сондай тәртіпті, кеудесінде жаны бар, «жыны» жоқ сондай адамдарды жек көрем. Бойыңды еркін ұстап, асықпай керіліііп, рахаттанып күліп алшы, -дегің келеді. Меніңше, адам өзін тәртіпке бағындырам деп, қатты қорламауы тиіс. Өзі ме, өзге ме, ойлап тапқан «образдың» құлы болудың қажеті жоқ. Қоғам бізге белгілі бір принциптерді таңып тастағаны анық. Әрине, тұрпайылық пен дөрекілікті насихаттаудан аулақпын, жалпыға ортақ рухани ұстанымдар бар. Бірақ тәлім мен тәрбиені темірдей тәртіпке, қатып қалған қағидаға ауыструдың еш қажеті жоқ-ау.
Әрі қарай

#EXPO2017: ЭКСПО АЛАҢЫНА БАРАТЫНДАР ҮШІН НҰСҚАУЛЫҚ



Бүгін Астана ЭКСПО мамандандырылған халықаралық көрмесінің ашылғанына 5 күн. Ресми ашылу салтанатынан бері сонда жүргеніммен, қолымның компьютерге жетіп жазуыма енді ғана мүмкіндік туды. Бұл жазбамда қосымша түрде ЭКСПО-ға алғашқылардың бірі болып барған адам ретінде кішігірім нұсқаулық ұсынбақпын ;)
Әрі қарай

Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жиырмасыншы ғасырдың арғы-бергі кезеңдерінде түсірілген үлкенді-кішілі «Мумияларды» білесіз бе, жоқ па — ол жағынан хабарым жоқ, бірақ 1999 жылы жарық көрген, кейінірек екі сиквелге, бір приквелге һәм мультсериалға ұласқан «Мумия» жайында естігеніңіз анық. Әйтеуір, жоқ дегенде Арнольд Вослу ойнаған тірі өлік есіңізде бар шығар.

Universal Pictures басшылығы шым-шытырық оқиғалар мен суперқаһармандар жаулап алған кинематографқа жаңа "әулетті" әкеліп тықты. «Франкенштейн», «Франкенштейннің қалыңдығы», «Дракула», "Қасқыр-адам", "Қара лагунадан шыққан мақұлық", «Көрінбейтін адам» және осы «Мумия» секілді студияның классикалық хоррор-кейіпкерлері кіретін бұл жоба «Түнек әлем» деп аталады.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Студия «Түнек әлемнің» алғашқы фильмі ретінде 2014 жылы «Дракуланы» көрсеткісі келген болатын, алайда кейінірек оны бөлек жоба етіп, циклді «Мумиядан» бастауды шешіпті. Екі туындыны да көрген адам ретінде олары дұрыс болған екен деп отырмын.

Осындай арқалаған ауыр жауапкершілігі бар, DC мен Марвелдің сансыз кейіпкерлерін санап, шатаса бастаған көрерменді мүлдем жаңа ғаламмен таныстырмақшы болған «Мумия» осы аптада Қазақстанның прокатына шықты.

Жылдың басты фильмдерінің бірі саналған бұл ремейк, менің ойымша, сәтті шыққан жазғы блокбастерлердің біріне айналуы тиіс. Ұлы дүние күтудің қажеті жоқ, әлбетте. Драйв, экшн, үрей, флешбектердегі Аманет ханшайымның сұлулығы мен археолог әйелді ойнаған Аннабелль Уоллистің сүйкімділігі, бірді-екілі сәтті әзіл — әдемі аттракцион.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Арнайы әсерін айтып, талдап жатпайын. Үлкен студия бұл қиындық туғызбауы керек. Сюжеті де қарапайым. Дәл қазір қызығы — актерлер.

«Ел жатса да, енекем жатпайды» деген жұмбақтың жауабына келетін, сай-файы бар, экшны бар түрлі жобалардың тұрақты қонағы Том Круз мұнда бас рөлге ие. Ник Мортон дейтін арамзалау, ақымақтау, жалдамалы әскер болып жүріп, барған елінің тарихи құндылықтарын үптеп кетуге тырысатын кейіпкерді ойнайды. Жанында тарихи құпияларды жаны сүйетін, Ежелгі Египетті зерттейтін Дженни Холси есімді археолог болады. Бұл екеуі туралы мақтап яки даттап әлдене дей қою қиын, өздеріне берілген міндеттерді белгілі бір деңгейде орындап шыққан.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жеке ойым, фильмнің ең әсерлі жері — Аманет ханшайым туралы, оның өткенін суреттейтін сәттер, құр сүйегі қалған мумиядан бұрынғы бейнесіне оралатын жерін көрсететін кадрлар. Тегі алжирлік София Бутелла «Кингсманда» көрген жерімнен ұнап еді, «Мумиядан» кейін болашағанынан үміт ететін сүйікті актрисама айналды.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Аманеттен кейінгі тамаша — Рассел Кроудың ойнауындағы доктор Генри Джекил. Құбыжықтарға қарсы күресетін құпия ұйымның басшысы генри Джекилдің өзі — монстр. Бұл кейіпкер туралы керемет туындылар алды әдебиетте, қала берді кинода бар, гуглдатып көруге кеңес беремін.

Юниверсалдың жаңа әлемінен үлкен үміт күтемін. «Dark Universe» жаһандық әдебиеттің классикалық шығармаларындағы кейіпкерлерден тұрады — бұл ересек аудиторияның жанына жағады деп ойлаймын. Жоғарыдағы Том Круз бен Рассел Кроу, одан бөлек Джонни Деп пен Хавьер Бардемм бар әлем жаман болмауы тиіс.

Әрі қарай

Д.А.-ға Үшінші хат #QazzaqSexism

Өй, қатын! деп айтса сізге, намысыңызға тиеді ғой, ә? Ал мені жақындарым мақтағанда "Еркексің!" дейді…
Блог - Basic: Д.А.-ға Үшінші хат #QazzaqSexismСурет Архун Архунустікі
Хатыма кіріспес бұрын, сұрақтарыма жауап беріңізші:
— Әйел саясаткерді, бастықты, бизнесменді жалпы табысты әйел затын көргенде бұл жетістікке таза өз күшімен жеткеніне сенімдісіз бе? (еркектерді ше)
— Сіз өзіңізден 7 жас үлкен, ажырасқан, екі баласы бар әйелді алар ма едіңіз? (бұл ұсыныс емес, әлбетте :D)
Бүкпесіз жауап бергеніңізге алғыс, енді мені шынымен мазалайтын сұрақтарға көшейін.
— Неліктен қазақ қоғамына Францияның болашақ президенті Эммануэль Макронның экономикалық даму, тең мүмкіндіктер беретін «Макрон заңы», оңшылға да, солшылға да жатпайтын «En marche» («Алға») саяси қозғалысы, бестселлерге айналған «Революция» кітабы қызық емес, ал оның 24 жас үлкен әйелі қызық? Құдды Франция президентінің жұбайлық міндетін ендігәрі өздері атқаратындай.
— Неліктен Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 500 жуық әйел қайтыс болады (БҰҰ деректері)? Ал 2016 жылы тұрмыстық зорлыққа шыдамай 316 әйел өзіне қол салған (ҚР Бас прокуратурасының деректері).
— Неліктен отбасының ажырасуының басты себепкері әйел бола береді? Баянның ажырасуына содыр күйеуі емес, Баян кінәлі, Айқын бала-шағасын тастап кетсе, Баянның шәкірті Жұлдыз кінәлі. Әлгі еңку-еңку жер шалған ер образы қайда? Ноқталанған бұзаудай еріп кете бере ме? Тіпті әйел байғұс зорланса да, «бар бәле өзінен», «ашық-шашық киінбесе, зорланбас еді», «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» мақалына тіреп қояды. Түптеп келгенде күйеуінен таяқ жеген әйел "қоқысын" сыртқа шығарса, «бөрік ішіндегі сынған басты, жең ішіндегі сынған қолды» еске аламыз. Ал әйелінің намысы үшін таяқ жеген «сүмелекті» ел болып аяп, жылу жинауға дайынбыз.
— Неліктен күйеуі кетіп қалып, баласын асырап отырған жалғызбасты ана біздің қоғам үшін қалыпты жағдай да, әйелі кетіп қалып өз балаларын бағып отырған әке — қаһарман? Тастанды сәбилер ше? Баласын тастаған көкек аналар жазаланып, халықтық қарғысқа ұшырағанда әкелерінің тасада қалуы дұрыс па? Оң жақта отырып бала тапқан қыз сүйекке таңба да, тірі баласын қаңғытып жіберу абырой ғой ә?
— Неліктен қыздар қазіргі сән үлгісімен киінсе, "ұятсыз, батысқа еліктеген сұмырай" болып шыға келеді? Аталарымыздың мәйкішең, (шорты) дамбал киген суретін мен де көрмеппін.
— Ау, google-дың өзі неліктен қазақ қыздарын аңди береді? Қазақ қыздары деп тере берсеңіз қайда кетіп барасың тіркесі сумаң ете қалады. Қазақ жігіттері десеңіз, өлең мен эссе ғана шығады. Бетпақтық танытып теріп көріңізші "қазақ жігіттері қайда барасың деп)))
Блог - Basic: Д.А.-ға Үшінші хат #QazzaqSexism
Бұл хатымды орташа есепті қазақ жігіті түсінбес. Сексист қоғамнан жырылып қайда барар дейсіз. Ал сіз, үш қыздың әкесі ретінде не дейсіз?
Құрметпен Femina.B
Әрі қарай