Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (2-бөлім)

Басы
Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (2-бөлім)
2011 жыл. Астана. Әлемдегі ең суық елордада тұрып жатқанымызға жиырма жыл болды. Жұбайым оңтүстіктің қызы. Анау, менімен бірге Сібірге барған қыз бар ғой, сол. Сол әңгімеде мен айтпай кеткен бір жәйт болды. Ол қызымның Сібірден маған қатты ренжіп қайтуы еді. Біреуді қосамын деп жүріп, өзім ажырасып кете жаздадым. Әңгіменің «құда, іш, іш құда» деп арақты өкіртіп құйып жатыр, әлі баламын, тартынып отырған мен жоқ» деген жері бар. Сол ішкеннен үш күн ішкенбіз ғой. Сібірдің адамдарының арақ ішкенінің жанында біздікі жай екен. Айтуға ұят.
Содан ол «менің жігітім нән алқаш екен ғой» деп шошып кетсе керек. Барарда барлық киімдерімізді бірге салып, бір чемоданмен барған едік, қайтарда бөлек-бөлек салып, екі чемоданмен қайттық. Ренжуі қатты енді. Осымен бәрі де біткен шығар деп ойлағам…
Киноға шақырамын, бармайды, гүл сыйлаймын, алмайды. Кезінде сыйлаған заттарымның бәрін беріп жіберіпті біреуден. Жағдай, қорқынышты. Енді не істесем екен деп басым қата бастады.
Қой, бүйтіп жүре бергенше Целиноградтан қарындасымды алдырайын, болашақ қайынсіңілісін көргенде бір жібір жүрегі деген ой келді.
Жеделхат кетті. «Тез жет» деген. Бар болғыр, жетіп-ақ келді. Содан «пәленшенің қарындасы келіпті» деген сөз оған да жетпей ме? Қонаққа шақырып келіп тұр бір күні…
Осылайша Алпамыс батыр жырында айтылатын:
«Жиделі, Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты...»
деген жердің құсын қондырдық қолымызға. Кейіннен Ақмолаға құдалар келді. Қызымыздың тоқыған кілемі деп ұзындығы алты метр, салмағы бір тонна кілемді көтере келіпті. Келген жұрттың бәрі таң қалды. Кілем тоқитын қызды көрмек түгілі естімеген де жұрт, бұл кілемді расымен де сен тоқыдың ба? деп алыстан іздеп келіп, көрушілер көбейді. Бір байшыкеш бір уыс долларға сатып та алмақ болып еді, бермедім.
Менің жанымның өнерін жұрт көрсін деп ойладым санда бар, сапада жоқ салақ қатындар еске түсіп…
Ол кезде қазіргідей дәмхана, тойхана деген жоқ. Үйдің алдынан далаға палатка тігеді. Той күшті өтті. Бір машина арақ түгел ішілді. Ақыры қырғын төбелес болды. Үш жігіттің басы жарылған, екеуінің қолы сынған, біреуінің қабырғасы сынған, біреуі жан тапсыра жаздап, ауруханадан бір-ақ шыққан.
Бес-алты жерде төбелес қызып жатыр екен, ағам да жетті. Келді де «аруақ!» деп төбелестің ортасына кіріп кеткен, қазір бәрін қыратын шығар деп мен тұрмын, қарасам, екінші шетінен бір-ақ шықты… тыр жалаңаш…
Мен бірақ татып алмадым. Пәлесінен аулақ. Бір рет басқа тиді.
Кейін Мақтаралға, қайын жұртқа есік ашып, алғаш рет бардым жалғыз өзім жұбайыммен. Әлі бұл жақ құдалық жасамаған кез. Күн күйіп тұр. Шілде айы болатын. 40 градус бар-ау! Жанып тұрған пештің ішіне кіріп кеткендей болдым.
Кішкентай кезімде іс тігіп отырған шешем инесін сабақтауға бергенде оны өте ұп-ұзын қылады екенмін. Сонда анам сен келінді өте алыс жақтан әкелесің-ау дейтін. Айтқаны айдай келді.
Біздің ата-бабаларымыздың жүрмеген жері жоқ шығар. Сонау Мысырға барып сұлтан болған Бейбарыс бабамызды енді ғана танып, біліп жатырмыз. Оның жанында Ташкенттің түбі деген не тәйірі.
Сонда да болса айтайын, қайын жұртыма барғанша екі мың шақырым жол жүреді екенмін.
Қош дейік. Сонымен қайын жұртқа да келдік. Қыздар ма, келіншектер ме, мені көргенде иіліп сәлем салады. Алғашқыда олардың не істеп жүргенін түсіне қойған жоқпын. Бұлар не істеп жатыр деп ойлап қоямын.
Саған сәлем салып жатыр ғой, — дейді жұбайым.
Ә?
Тағы да біреу иіледі.
«Өркенің өссін, бақытты бол» деп айт, — дейді келіншегім.
Cәлем салған сайын оларға «рахмет, рахмет» деп қоямын.
Біздің жақта бұндай салт-дәстүрдің болмағанынан кейін таңырқап жатқаным ғой. Кейіннен үйреніп кеттік.
Тіпті, өзіңді құрметтеп, сәлем салып жатқанда риза болады екенсің. Орыстың ықпалына көбірек ұшыраған арғындарда бұл әдет ұмыт болса да жаңғыртатын-ақ нәрсе екен деп ойлаймын.
Жаңа айттым ғой, күн күйіп тұр деп. Бара салып, шешініп тастап, бұтымда тек дамбал ғана бар, далаға атып шықтым. Ойым — суға шомылу.
Бірақ далада жаңа ғана біраз адамдар жүрген сияқты еді. Әрі қараймын, бері қараймын, ешкім көрінбейді.
Бұлардың бәрі қайда кеткен?
Бір уақытта келіншегім келді.
«Ой-бүүүүй, бар айт, анау күйеу балаға, келіндер далаға шығудан қалды ғой, киінсін», — деп айтып жіберіпті апам.
Кешке қарай карта ойнадық. Атамнан да жоғары жаққа, төрге шығып алғанмын. Қайнағам ұтылып қалса «сен қара қатынсың, қара қатын, қара қатын» деп мазақтап, арқасынан бір саламын ғой…
Жұрттың көзі атыздай. Кейбіреулері күліп жүр. Осындай бір уақиға болған. Қазір еске түссе еріксіз езу тартамын…
Кейін бізді шақырды. Бардық бір топ адам болып құдалыққа. Көк шай деген болады екен о яқта. Соны қызық көріп бір апамыз іше берсе керек, қайтып келген соң қатты құлады. Жүріп кететін шығар деп ойлағанбыз. Қызының, менің жеңгемнің «көк шай ішіп өлетін болдың ғой, апам-ау» деп жылаған дауысы әлі күнге дейін кетпейді құлағымнан…
Алғашқы кезде әйелім үйрене алмай жүрді бұл жаққа.
«Бұл жақта орта жоқ екен, қазақша сөйлесетін адам таппайсың. Құрысын, кетейік Алматыға», — дейтінді шығарды.
Бірде туған жердің ыстық, суығы болмайды, біз Алматыға емес, Алматы осында келетін болады дедім де қалалық газетке «Ақмола Астана бола ма?» деген мақала жаздым. Шықты. Жұрт гу ете қалды. Содан 5 жылдан кейін шынында да Ақмола Астана болып шыға келді. Бұл енді жай кездейсоқтық болар деп ойлаймын.
Ал бүгін Астана қандай керемет қалаға айналды. Ол кезде орысы көп, масасы орысынан да көп, жүдеу қала болатын. Бұрын менсінбейтін адамдар қазір «Астанаға бара жатырмын, Астанадан келе жатырмын» деп мақтанатын болыпты. Осыны білгендей-ақ бірде мына өлеңді жазған едім:

Ерке Есіл, Нұрлы Нұра даласы,
Мекен еткен алты Алаштың баласы.
Айдай ару, күндей көркем Астана,
Қазағымның қиялдағы қаласы!

Ерейментау, Көкшетаудың арасы,
Киіктердің киелі кең даласы.
Бурабайым, Қорғалжыным қорығым,
Теңіз көлі, Сілетінің саласы!

Сарыарқам-ай, сағынышым, сағым-ай,
Жаралғансың бар қазақтың бағына-ай!
Бәйтерегі – бар тілегі қазақтың,
Көк бөрілер көптен күткен сағына-ай!

Нұр Астана, Нұрлы Астана, Астана
Елордамыз, Ақордамыз — Астана!
Бағзы қала, байтақ қала, бай қала,
Жасыл қала, Асыл қала, Астана!


Бірде мой мир, агент шыққан кез, есіме баяғыда Сібірге біз апарған жас келіншек Шолпан түсті. Іздеп көрдім. Бар екен. Күйеуімен, екі ұлымен түскен суреті тұр. Қуанып кеттім. Хат жазып жібердім. Жауап келді. Ұмытпапты. Қатты қуанып жатыр.
«Ұлымыз үйленіп жатыр. Баяғыда өздерің апарған бала. Біз қазір Қазақстанда тұрамыз. Бірақ келін қазақ емес. Қалғанын кейін айтамын. Бас құда болып барасың. Дайындал» депті. Мәссаған…
Айтқан уақыттарында темір тұлпарымды тізгіндеп алып, жолға шықтық. Ерейментау-Павлодар арқылы Ертістің оң жағалауына жеткенде аттың басын жіберіп-жіберіп алдым. Спидометр 140-150-ді көрсетіп келеді. Құстай ұшып келеміз. Шолпанды, Елжанды сағындық. Қандай болды екен деп ойлап келемін. Есіме, жиырма жыл бұрын болған оқиға түсіп, көзіме жас келді. Біз сендерді сағындық… Шолпан… Елжан… Арман… (күйеуі).
Барған соң білгеніміз, баяғыда біз апарған бала — Елжан қазір Шанхайда тұрады екен. Қазақстанда жүргенде қытайлардың қонақ үйінде жұмыс істепті. Сол жерде оны бойы ұзын болғаннан соң қытайлықтар байқап қалып, біздің жақта модель боласың деп, өздерімен бірге ала кетіпті. Ол сол жақта жүргенде бір жапон қызымен танысып, енді соған үйленіп жатыр екен.
Құдалыққа бірінші жапондықтар келді. Жас жұбайлар қыздың тойы өз жағында өткен соң келеді, деді Шолпан. Құдалар кіп-кішкентай екен. Уызына жарымаған жетім қозылардай ап-арық келеді екен. Бас салып «құда, құда» деп, сүйіп жатырмыз шөлпілдетіп. Сүйген сайын олар бойларын ала қашады. Сүйген жерімізді дереу сүртіп тастайды. Екі қолдарымен кеудемізден итеріп-итеріп қояды. Бірақ ыржалақтап күле береді екен. Оған қарап жатқан біз бар ма, одан сайын құшып, қысып сүйеміз-ай келіп…
Цун чаң, хуй иа, инчих пших дей ме, ачиң бтш хуа цпих дей ме? (маған әйтеуір солай естілді). Өздерімен бірге барлығын ала келіпті. Жататын төсектері, ішетін суларына дейін көтеріп жүр ғой.
Құда келеді деп семіз жылқы сойған екен біздікілер. Үш елі шығыпты. Қазы қарта, жал жая. Үстел майысып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар.
Бірақ құдалар татып алмады. Иохо, иохо дейді де отыра береді.
Екінші күні әбден қарындары ашты-ау деймін. Бір келі күріш пен екі балық әкеліп қуырып жеді. «Өй, әкеңнің...» дедім іштей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеп өскен жапон… Қор болған қазы-қартам-ай…
Бір жақсысы күтулері оңай екен. Жатып алған жоқ үйде. Қазекем секілді. Бір қора болып келіп. Кешке қонақ үйге кетті.
Тойда Шолпанның күйеуінің апасы «Тұрекең болмаса екеуің қосылмайтын едіңдер» деп жиналған мың сан жұрттың көзінше бетімнен келіп сүйіп, иығыма шапан жапқаны, ой дариға-ай, десейші…
Бір айдан кейін біз бардық. Шанхайға. Ол жаққа тіке рейс жоқ екен, Алматыдан Дубай арқылы ұштық. Бес адам болып. Көп адам алуға жол алыс, билет қымбат екен. Түсінікті. Мына тұрған Ақтау емес қой. Арабтар құм далаға қала салып, айды аспаннан бір-ақ шығарған жоқ па? Жұрттың бәрі сол жақта жүр. Өзіміз күнде көріп жүрген түйеге мінгеніне ақша төлеп, ел жүр еліріп. Біз де міндік. Құмына да бардық. Тек күнінің ыстығын-ай! Астанамның аязын сағындым сол кезде.
Келін бірінші өзінің жұмыс істеп жүрген жерінде той жасайды екен. Бұндай ұзын жапон қызын бірінші рет көруім. Бойы 155 см екен. Туфлимен. Жігіттің белінен келіп тұр. Мықын, бел деген болушы еді, олар бұл жаққа әлі келмеген-ау деймін.
Мені бір нәрсенің таң қалдырғаны, олар шақыру билетіне «біз сізді тойымызға шақырамыз, сіз құны осынша тұратын сыйлық алып келуіңіз керек» деп жазады екен. Екі мың теңгесін алып, тойға жетіп келетін кейбіреулерге құлаққағыс…
Елжан қазақ тілін білмейді екен. Бұнысына мен ренжіп қалдым. «Біз сенің атыңды неге Елжан деп қойдық. Елін, жерін сүйген ер болсын дегенбіз. Сенің бұның ұят екен» деп ұрсып салдым. Құлағына дейін қызарып кетті. Бір жағынан алғанда оның кінәсі де жоқ. Алыста, Сібірде жат жұрттың арасында өсті. Еліне ер жеткенде бірақ келді. Сонда да болса…
Әне, жапон келіннің өзі түспей жатып, біраз қазақ сөзін жаттап алыпты. «Амансыз ба, жақсы, сау болыңыз» деп тілі бұралып жүр. Сені мен екінші рет көргенде менімен қазақша сөйлесетін бол дедім.
Жарайды, жарайды деп қалды.
Төңіректің бәрі тұман. Біз бес минуттық мәшиналардың кептелісіне ыза болып жүрсек, бұл жақта адамдар кептелісте тұрады екен. Бірінші бағдаршамнан бір миллионы өтіп алады, сосын екінші миллионы өтеді. Осылай кезек-кезек. Құрысын. Адамдардың көптігі жаман екен.
Одан Токиоға ұштық. Одан Хоккайдо…
Бұл жер маған таныс. Менің «Сатқын» деген бір әңгімемде совет ұшқышының қашып келіп қонатын жері. Сол ұшақ әлі тұр.
Қайран жапон елі. Ат баспаймын деген жерін үш рет басады деп айтып отырушы еді баяғыда әкем. Көрем деген жерім бе едің?..
Ал бауырларым, барған соң кім көрінгенді бас салып сүйісе жөнелгенді қойыңдар, өткенде көрдіңдер ғой, ұнатпайтын секілді, бөтен ел, бейтаныс жұрт деп ескертіп қойдым. Сондықтан бұл жолы қырғын сүйіс болмады. Тек иіліп, басымызды изеп сәлем берумен шектелдік.
Той кәдімгідей өтті. Біздікіндей. Қазір әлемдегі халықтың бәрі араласып кеткен ғой. Ерекше ештеңе байқай қойғанымыз жоқ. Сол лимузин, қалыңдық, ақ көйлек, гүл, тост сөйлеу, би…
Бірақ қарынымның ашқаны-ай. Үстел толған тамақ. Бірақ ауызға салар бірдеңе жоқ. Ап-ащы бірдеңелер. Балық, шаян, күріш тағы да бірдеңелер… Жеуге болатын еді бірақ ащы-ақ бәрі! Шөлдің қысқаны-ай!
Құдалар қалай тұрады екен, қайда тұрады екен, ол жағын көргеніміз жоқ, қонақ үйден күтіп алды, қонақ үйден шығарып салды. Ертеңінде құйрық бауыр жеуге үйіне шақырған да жоқ, біз барғанымыз да жоқ. Әйтеуір, бір түсінгенім, жас жұбайлар тағы да біраз Шанхайда тұрып, Қазақстанға көшіп келетін болды. Әкесі Алматыдан үй де алып қойыпты.
Жапонияң керемет дамып кеткен екен. Зәулім үйлер, қым-қиғаш жолдар, қаптаған техника, құжынаған адам…
Ерекше әсер еткені, біз таңертең жұмысқа кетсек, кешке үйге келеміз ғой, ол жақта адамдар жұмысында тамағын ішеді, сол жерде киімдерін ауыстырады, жуады, үтіктейді, сол жерде ұйықтайды екен. Үйлеріне тек жексенбі күні ғана қеледі. Айлықтары жақсы енді. Орташа айлық 10-15 мың доллар. Бұндай ақша төлесе мен үйіме айына бір рет қана келуге бармын)))
Біз «қыздың қалың малы» деп бір бума доллар апарған едік, жапон құдалар алмады. «Ұят болады, қызын сатыпты» деп айтады деді. Бұнысы бізге жақсы болды. Бала кезімде армандап, кие алмай кеткен «Аляска» деп аталатын куртка бар еді, соны сатып алдым.
Қайтарда Ресейге, Қазақстанға ұшақ жоқ. Кемемен Владивостокка келдік. Находка қаласына әдейі ат басын бұрдым. Бұл жерде менің жан жолдасым жатыр. Басына барып, құран оқыдым. Елден ала барған бір уыс топырағымды бейітінің басына шаштым. Алыс ел, бейтаныс жер, алда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі деп жолға шыққанда ала салған бір уыс туған жердің топырағы саған бұйырды досым!
Жан досым Темірлан Қиыр Шығыста, осы жерде екі жыл армияда болып, елге қайтқан болатын. Бірақ кезінде кемелердің жүгін түсіретін кранда істейтін бір қызбен жүрген екен, сол қызды алып келемін деп кетіп, қалып қойып, оншақты жыл тұрып, былтыр қазаға ұшыраған еді. Екеуіміз хат жазысып тұратынбыз. Елден келген бізді сезді ме екен?
Одан ТрансСібір теміржолымен пойызбен Хабаровск, Чита, Улан-Удэ, Иркутск, Краснояр, Новосибирск, Омбы арқылы жарты әлемді шарлап, жалпы алғанда бір ай дегенде елге де жеттік.
Жолда пойыз Енесайдың үстінен өтеді екен. Маңайдың бәрі тайга. Бұғылар жүр жайылып…
Ауууу, Енесай, жиырма жылдан кейін қайтадан біз келеміз, сәлем саған деп жастық шақ, өткен күндер елесі еске түсіп еріксіз көзге жас келіп, жылап қалдық…
Астанаға келсек, қар жауыпты. Маңайдың бәрі аппақ. Менің көңілімдей кең дала жатыр көсіліп…

Тұрсынбек Әлиұлы
Астана

facebook.com
Әрі қарай

Қазақ футболы қашан дамиды?

Қазақстан — Исландия матчынан кейін қоғамда қазір үлкен дерт болып отырған қазақ футболы туралы оқырмандар пікірін алған едік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқырман хаттарына құлақ түрелік.

Блог - Rafaello: Қазақ футболы қашан дамиды?

Жалғас Е. — Жарнама қызметкері (Алматы қаласы)
— Жалпы біздегі футбол футболға ұқсап келеді. Шетелдегідей үлкен, 30 мыңдық стадион салынды, тек аздап шөк ексе жақсы болар еді. Шетелдік футболшылар мінетіндей комфорт автобустары да бар. Автобустардан шетелдегідей әдемі құлаққаптармен музыка тыңдап түседі. Люкс отельдерде жатып, шетелде оқу-жаттығу да өткізеді. Шетел командаларындағыдай тақырбас қақпашымыз бар, кішкентай бойлы техникасы мықты хавбектеріміз бар, пресс-конференцияда сөйлей алатын капитандар да бар. Менің ойымша ұзыншашты, қою сақалды және қысқа шашын тікірейтіп гельдеген 3 ойыншы керек. Сонда нәтиже болады деп ойлаймын.

Гүлім апай — Футболшы аналары ҚБ атқарушы директоры (Қарағанды қаласы)
— Біздің балаларымызды қорлау қашан аяқталады? Әр ойыннан кейін футболшы аналары, әйелдері, әкелерінің аузы неге боқталады? Құрамаға түгелдей шетелдік легионерлер алынуын қалаймыз. Үкімет қайда қарап отыр? Ойланыңыздар, ертең сіздің де балаңызды бұл құрамаға алып кетуі мүмкін!

Тендербай — Қоғам қайраткері (Лондон қаласы, Ұлыбритания)
— Қазақстан футболына өкпем жоқ. Әр ойынына қомақты сома тігудеміз. Шүкір, Исландиядан да жеңіліп, қойған ақшамызды 89 пайызға көтеріп берді.

Данияр А. — блогер (Созақ ауданы, ОҚО)
— Қазақстан футболына блог-турлар жетпейтін сияқты. Блогерлер барып, көрсін, мәселелерін анықтасын, футболшылармен таныссын. Мысалы ойын басталар алдында ойыншылар құрамы жарияланған кезде олардың көбін тіпті комментаторлар танымайтын сияқты. Футболшыларға әлеуметтік желілерден парақшалар ашайық, блог жүргізуді үйретейік.

Рымбек І. — кәсіби бәс тігуші (Байғанин ауданы, Ақтөбе облысы)
— Қазақстан келесі ойынын жеңеді! Мен мұны үнемі айтудамын. Амандық болса бір күні жеңеді. Мартингейл жүйесі ғылыми дәлелденген нәрсе.

Сатыбалды К. — жұмыссыз (мекенжайы белгісіз)
— Қазақ футболының дамуы жаман емес. Қараңыз, Астанада бір уақытта 30 мың студентті толтыруға болатын зәулім стадион салынды. Бұл бір. Қарағандының Шахтеры Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Бұл екі. Елімізде балалар және жасөспірімдерге арналған футбол академиялары ашылып жатыр. Бұл үш. Ақтөбенің Ақтөбесі жыл сайын топтық кезең алдындағы плей-оффтарға жетіп, Еуропа грандтарынан ұтылып жүр. Бұл төрт. Ертістің бас бапкері Черышевтың баласы Испанияның танымал клубы Вилляреалдың ойыншысы және Қайраттағы Вайсстың баласы да Словакия құрамасының белді ойыншысы. Бұл бес. Ал атақты Газзаевтың баласы Ақтөбеде жұмыс істеп жүр. Бұл алты. Біз кезінде Сербия құрамасын жеңдік. Бұл жеті. Бұрын Уотфорд, Милан, Удинезе сияқты танымал клубтардың формасын киіп көрген Меркель деген ойыншыны әкелдік Ұлттық Құрамамызға. Бұл сегіз. 1998 жылы Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатыстық. Тоғыз! Жарайды, онға жеткізе алмасам да 9 факт айтып бердім. Демек жағдай әлі жаман емес.

Әйгерім К. — педагог (Астана қаласы)
— Ұлттық Құрамаға белгісіз ойыншыларды ала бергенше мысалы неге Мессиді, Криштиану Роналдуды алмайды? Ақша жоқ емес, бар ғой. Сонда біз бәрін жеңер едік. Мен солай ойлаймын.

Абылай Ә. — оқушы (Ақтау қаласы)
— Өй, аналар кілең қатты ойнайтындарды жинап алып келген ғой. Олай болмайды ғой. Келесіде біз де апарайық қатты ойнайтындарды.

Ермұхаммед М. — журналист (Тараз қаласы)
— Біз өз ойынымызды емес, конфедерациямызды таба алмай жүрген шығармыз бәлкім? Азияны көрдік, Еуропаны көрдік. Енді Африка немесе Океания Конфедерацияларына кіріп көру керек. Бір жерден тесіп шығарымыз анық.

Нұрберген Ң. — хард-әдебиетші (Атырау қаласы)
— Не зат?! Қайдағы футбол? таста анассс!


Элеонора Марсельқызы
«Сыр ақшамы» газеті
Әрі қарай

Блогқұрылтай - 2015

Жылдағы дәстүр бойынша 5-ші Блогқұрылтай 21-23 наурыз аралығында Талдықорған қаласында өткен болатын. Жалпы 3 күнге созылған Құрылтайдың мақсаты: Журналистер мен блогшылардың, медиа мамандардың пікір алмасып, тәжірбие бөлісуі. Бұл шараға жан-жақтан 70 ке жуық адам келіп қатысты. Құрылтайдан әсіресе, жастардың түйгені көп болды деп ойлаймын. Сонымен қандай қызықты сәттердің куәсі болдық, берері не болды, әсері қандай? Осы сұрақтарға жауап ретінде өз ойым бойынша бөлісе кетсем:
(Білем, ақсақ қой түстен кейін маңырайды деп уақытты өткізіп алған соң жазып отырмын. Реті бүгін келді, алған әсерді 1-2 жыл өткен соң бөліссе де ештеңе етпейді деген ойдамын… Бастысы, оның ойыңда, бойыңда ұзақ сақталуы.)

Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015
Сонымен, бірінші күн:

Сарыөзектегі Шоқан Уәлиханов атындағы музейді тамашаладық. Ауыл әкімдігі арнайы қарсы алды. Дәстүр бойынша апаларымыз қонақтарды шашу шашып, жеті шелпекпен күтіп алды! Арнай оркестр ойнап тұрды. Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015Алдымен Музей алдындағы Шоқан.У ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік, содан соң музей ішін тамашалауға көштік.
Мағлұматтарды көрсетіп, аралатқан Музей қызметкері: Абишева Сәуле Нұртасқызы болды. Не көрдік, не естідік? Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015

* Шоқанның өмірі, туғандары, достары жайлы мәлімет.
* Оның пайдаланған заттары, суреттері.
— Шоқан 1835 жылы Қостанай облысы, Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Негізі есімі — Қанапия. Шешесі, оны бала күнінде жотада үнемі шоқиып отырғандығынан «Шоқиған Шоқаным» деп атап кеткен екен. Оның 1858 жылы Қашқарияға барғанда таққан белдігі, пайдаланған тостағаны және күміс қасығы осы күнге дейін сол жерде сақтаулы тұр. Және Шоқанның сызған карталары сақталған.
Шоқан және Достоевский өте жақын достар болған. Достоевский оған: «Мен сізді жақсы көретінім соншалық туған бауырымнан да артық жақсы көремін» деп хат жазған. Басына тас орнатқан да осы Орыс достары болады. Оны бір адам қолдиірменін жасауға кескелі жатқанда, көзіне тас ұшып қайтыс болады екен. Кейін ол тас мұражайға әкеліп қойылады.
Өзімен қоса інісі Жақып та керемет суретші болған. Шоқан қайтыс болған соң әйелі Айсараны дәстүр бойынша Жақыпқа үйлендіреді. Одан 1 ұл, 2 қыз қалады.
Суретте Шоқанның 1856 жылы Қырғыз еліне барып, сұхбаттасып отырған сәті бейнеленген.Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015Қолынан қаламы мен қағазы түспеген Шоқан олардың «Манас» поэмасын зерттеген.
Шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, фольклоршы Шоқанның Қазақ еліне, ғаламға сіңірген еңбегі зор! Небәрі 29 жасында дүниеден өтеді. Оған дейін артына өшпес мұра қалдырды…
Маған әсер еткен әңгіме Шоқанның қайтыс болғанын әкесіне естіртуі болды. Жылап жібере жаздадым… Шоқанды өлді деуге ешкімнің ауызы бармай бірнеше үлкендер жиналып әкесіне зарлы күй тартуы арқылы білдіреді. Бірнеше күйден кейін ғана түсінген әкесі «аһ» ұрып қайғырып жатып қалады…
Екінші күн:
— Жұрт қатарлы Наурыз тойын тойлап, тамашаладық. Ән айтылып, би биленді, кигіз үйлерде арнайы дастархан жайылып дәм ауыстелді. Алтыбақан құрылып, балуан күрестірді. Бұрыңғы кітаптарды көп оқығандықтан, қыздар мен жігіттердің әнмен бір-бірін сынап жарысуы, бимен жарысуы оқығандарымды елестетуге жақсы әсерін береді. Сондықтан, ондай көріністерді тамашалау өзіме ұнады! Бір сөзбен айтқанда барлығының көңіл-күйі тамаша, жақсы тойланды.
— Талдықорғанның біраз жерін араладық. Бәрін айтып шықсам мыжып кетем қазір. Ерекше ұнағандары:
Аңсаған Мұстафаның сурет көрмесін тамашалау. Арманым ақыры орындалды! Мағыналы, терең ойлы суреттер…

.Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015
Тынышбаев атындағы музейді араладық. Жетісудың табиғатымен таныстық. Көргендеріміз:
* Өлкетану бөлімінде: Жер асты қазба байлықтары; Іле тауында мекен еткен жануарлар мүсіні, Алтын адам, қорықтар мен көлдердің суреттері т.с.с
* Тарих бөлімі: Жібек жолындағы Рабат ауылының көрінісі; хан сайлау рәсімі; батырлардың дуылға, сауыттары, оның ішінде Балпық бидің дуылғасы; 1906 жылы табылған "Құран" кітабы, зеңбіректер, соғыс құрал-жабдықтары, Мұқан Төлебаевтың күй сандығы т.б. Сонымен қоса көркем өнер галлериясын тамашаладық. Мә, суреттер күшті енді. Небәрі 3-4 курс студенттері салған екен. Тамсанып қайттық.

Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015
Бейсен Құранбек Жетісудағы жаңа медиамен таныстырды. Сонымен қоса Жетісудағы Жетікереметті айтып өтті:
1. Таза ауа;
2. Айнала егіс алқаптарына толы. (қызанақ, қияр, картоп, алма) Натуралды тамақтарды пайдаланады;
3. Қысы жайлы. Шубасыз жүрсең болады;
4. Баспана мәселесі;
5. Қалада пробка жоқ;
6. Бала тәрбиелеуге ыңғайлы. Барлық үйірмелер қарастырылған. Мықты мектептер бар;
7. Табиғаты. Ойланбай Қаратал өзенінен балық аулайсын, талды жерге серуенге шығасын.
Бейсен Құранбектің ұстанымдары, Жапондардың 6S қағидалары бойынша:
1. Жұмысына керек нәрсенің бәрін ұйымдастыр;
2. Заттарыңды ұқыпты ұста;
3. Сынып қалды ма. бірден қалпына келтір;
4. Тәртіпке айналдыр.
Креслоға отырмау екі себебі:
1. Журналист екеніңді ұмытып кетесің;
2. Жалқаулық басады.
Домалақ үстелінің құпиясы, «Кірпікшешен принціпі:»
1."?" белгісі: мені не қызықтырады деген сұрақ әркімде болу керек
2. «1» саны: сол нәрсемен 1 ші орында бола аламын ба?
3. "$" ақша: Осы арқылы «Ақшаны қалай табамын? Ақша таба аламын ба?» — деген сұрақтар жеке компанияларда да және әрбір жеке адамда да болу керек, — деді.

Блог - KerimAyankyzy: Блогқұрылтай - 2015
Кешке спорт кешенінде Волейбол, Футбол ойындарын ойнап бір серпіліп қалдық. Мен үшін ерекше сәті болды. Жеңімпаздар арнайы дипломмен марапатталды. Және қатысушылардың барлығы кішігірім сыйлықтарға ие болды: спорт киімдері, қалам, кружка…

3 ші күн: «Дәстүрлі БАҚ және Жаңа медиа» тақырыбында журналистер, блогшылыр пікір алмасты. Серікқазы Кәкілбаланов мына мәселелерді атап кетті:
— Интернет сапасына көңілі толмайды;
— Журналистер блогерлерді, блогерлер журналистерді менсінбит, бұл дұрыс емес;
— Интернетте жүргендер еркін жазады, журналистерде шектеу көп;
— блогердердің кемшілігі — сауатсыздық;
Осы жәйттәр төңірегінде үлкен әңгіме болды. Осыдан ақ біраз мәліметтерге қарық болдық. Бейсен Құранбек те өз ойымен бөлісіп отырды. Назгүл Қожабекова «Жаңа медиа проблемаларына» тоқталды.
Блогерлердің сабағы өтті. Әркім өз қалаған тақырыбына бөлініп, сабақ алды, сұрақтарына жауап алды. Өз басым Жалғас Ертайдың, Ернар Бекеннің, Асқар Базарбаевтың, Абылайдың сабақтарына қатыстым. Үйренгенім:
— Сайттарға мақаланы қалай салады?
— Интернет деген не?
— Журналис пен интернеттің қарым — қатынасы;
— Интернетті құрал ретінде пайдалану;
— Мақала тақырыбының өзектілігі;
— Видео, аудио, суретпен қамту;
— Ілмек сөздерді қолдану;
— Сурет салу, видео салу әдістері, суретті өңдеу;
— Жас блогерлер жібермеуі тиіс кемшіліктер;
— Соңғы, бастапқы сөйлемге мән беру:

Сонымен қорытынды ретінде жабылу рәсімі болды, Наурыз Доданың жеңімпаздары марапатталды.
Енді,қонақ үйге орналастырылуы, тамағы, ұйымдастырылуы барлығы керемет болды. Ұйымдастырушы блогшылар мен облыс әкімдігіне, жастар саясатына барлығына ризамыз! Біз интернет, блогерліктен басқа рухани құндылықтарды да көріп қайттық. Жан-жақтың музейін аралау жоспарымда болған, аяқ асты орындалып кетті, Аңса Мұстафаның суреттерін тамашалауда жоспарда болғантын, Бейсен ағаймен жолығу да) Ойларым тура-тура келе қалды.) Мен психологияға сенемін!) Өз басым ерекше әсермен қайттым. Лә-лә, трәлә-трәләлә үшін емес, өзіме кішкене болсын сабақ болғанына.«Адам саяхаттан өзгермесе, демек саяхат қызықсыз болғаны» деген сөз бар. Бұл саяхат менің алға қойған мақсаттарымның дамуына үлес қосты, менің пікірім өзгерді. Барлық нәрсе өз қолымда екенін түсіндім. Білетінім 09 білмейтінім 9 999 екенін түсіндім. Бұл түсіну мені әрқарай ізденуге, қарайып қалмауға ұмтылысқа жетелейді. Бәрінен бұрын өзімді қалыптастыруға, өзіме есеп беруге тырыстым… Тіпті, "өмірде осындай адам бар екен ғой" — деп ойлап көрмеген адамдарды кезіктірдім. Адамдардың түр-түрі болады екен ғой) Жан-жақтағы жастармен пікір бөлісіп, достасып, әңгімелескеннің өзі көп нәрсеге үйретті. Мысалға: отыра берсең түк шықпайтындығына) Көрдім, білдім, ұқтым, сездім… Бұлардың өзі рухани байлыққа көмегі зор деп ойлаймын… Барлығы тамаша өтті. Көрген-білгендерімді жан-жақты дамытуға, білмейтін нәрселерімді білуге тырысамын!


P.S Кебір суреттер Архун Архунс, Асқар деген азаматтардікі.
Әрі қарай

Кіржиген көзқарас: Жайдарман, бiрiншi 1/8 финалдық ойын

Өнер-білім бар жұрттар: Кіржиген көзқарас: Жайдарман,  бiрiншi 1/8 финалдық ойын
Жайдарман — жайдары ойын, жақсы ойын. Маусымашарға барғалы да бірер айдың жүзі болды. Содан кейін Жоғары лиганың маусымын қадағалаймын дегенім енді өзіме жүк болды.
Осы уақыт ішінде әлдебір ерекше ештеңе бола қойған жоқ, аса бір мейірбандана қойған да жоқпын. Сондықтан, көзі қарақты демесек те, көзі кіржиген көрермен ретінде өткен ойындар жайлы өз ойыммен бөлісуді жалғастырамын.
Сөзсіз, бұл пікір жеке менің интеллектуалдық санама, әзіл түсіну қабілетіме және тәжірибеме негізделген. Бірақ, көптің бірі, пікір әртүрлі деп, жылы жаба салуға болатын жай емес. "Қырықтың бірі — Медиум Қыдыр" деген… Оның үстіне, менен өзге фундаменталдыға жуық шолу жасап жүрген пенде көргем жоқ, сондықтан күллі көрермен атынан жазылған мақала деп қабылдаңыз. Назар аударыңыз: көрермен, жанкүйер емес. Жанкүйерлерге, әдетте, объективтіліктің иісі мұрнына бармайды. Біз — ақиқаттың ақырғы Ақыртасы болмасақ та, бүйрегіміз ешкімге бұрып тұрған жоқ.
Әрі қарай

Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

Мен сені алғаш көргенде сен сондай сұлу едің! Көркіңе керемет таң қалдым. Арқаның сарышұнақ аязына тоңып, жаурап, ұшақпен ұшып жеткен едім. Бұл жаққа көктем келіпті. Күн жып-жылы. Алдымнан шықтың. Төбеден күн сәулесін төгіп тұрды. Асқар Алатау міз бақпай, сіресіп тұр екен. Басында ағарып мәңгі қар жатыр. Айналаның бәрі жап-жасыл, жылғалардан сылдырлап аққан су күн сәулесіне шағылысып, көзімді қарып барады.

Құшағың толған гүл еді…
— Алыңыз, бұл сіздікі,
— дедің бір құшақ гүлді ұсынып, күліп тұрып. Жүрегім дір ете қалды. Мен саған ғашық болып қалдым. Содан бері қаншама уақыт өтті, көптеген жерлерде тұрдым. Әлемді шарлап шықтым десе де болады. Өте суық жақтарда да тұрдым, өте ыстық жақтарда да болдым. Бірақ ешбір жерде тұрақтай алмадым. Сені ешқашан ұмытқан емеспін, Алматы!

Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

1991 жыл. Жастық шақ. Қазақтың көгінен аққан жұлдыздай болып өте шыққан бард әнші ән салса, төңіректің бәрі тым-тырыс болып, күрсініп, мұңая қалады. Бүгін де ол ән салып отыр:

Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,
Жақсылық күтем, жақсылық күтем, тек сенен.
Жаман бір ойлар жаныңды шарпып өтсе егер,
Мен жақтан саған суық бір хабар жетсе егер,
Жалғызым менің қайтер ең?

– деп жырлайды ол.
Қайтушы едік, шын сүйсек іздеп барамыз да. Біз іздеп бардық. Сібірге, ну орманға, белгісіздікке…
Бәрін басынан бастайыншы.
Бізбен көрші бөлмеде бір қыздар тұратын. Табағымыз да, тамағымыз да бір, араласып, ойнап-күліп жүре беретінбіз. Сол қыздың біреуінің бір жігіттен аяғы ауыр болып қалыпты. Аты — Шолпан. Оңтүстіктің қызы болатын. Жаны таза, әдемі бойжеткен еді. Ақындығы тағы бар. Сезіміне ие бола алмай қалыпты. Біз білмегенбіз. Айы-күні жақындағанда бір-ақ айтып тұр. Кейіннен босанып, шекесі торсықтай ұл туды. Баланың атын Елжан деп қойдық. Елін сүйген ер болсын дегеніміз. Кейін бала мен ананы ауруханадан шығарып алып, студенттік стипендиядан үнемдеп, сәбиге киім, ойыншық алып жүрдік. Ал жігіттен хабар жоқ. Оқуын бітіріп, еліне кетіп қалыпты.
Бұрын ата-бабаларымыз ғашық болмай-ақ, күйдім-сүйдім деп бас қатырмай-ақ «шешесіне қарап, қызын ал» деп қалың малын төлеп, үйлене беріпті. Шыңғыс ханның әкесі Есугей батыр баласына қалыңдық алғанда қандай қызды таңдау керектігін айтып, ақыл үйреткенде бүй депті:
Аяқ-қолы балғадай, қысық көз қызды таңда, — дейді ол ұлына. Саны жуан, бөкселі әйелдің рахатын сен әлі білмейсің, кейін түсінесің. Қысық көз қыздар күйеуіне адал, тілалғыш болады. Көзі үлкен қыздардан қорық. Олар байын билеуге тырысып тұрады, — дейді ол.
Сөйтіп, бала Шыңғыс бір топ қыздың ішінен қоңыраттың қызы Бөрте апамызды таңдапты. Сол қыз алтын асықтай төрт ұл туды. Үлкені — Жошы. Қазақтың ханы.
Әр заманның сұлулық өлшемі әр түрлі. Бірде ақындар ғашықтарын суреттегенде «қыпша бел, оймақ ауыз» десе, бірде «күлім көз», «ботагөз» деп жырлайды. Бірде әдемі гүлге теңейді.
Бірақ әйел деген тек әдемі ақ, қызыл гүл ғана емес, оның тікенектері де бар. Қара гүл де болады:
«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой,
болады екен ғой, тағдыры»
… деп жырлаушы еді бард әнші — Табылды ақын.
Шолпанның тағдыры тікенегі бар, қара гүлді еске сала ма, қалай өзі? Бірақ қандай болса да гүлдің аты гүл, күтпесең солып қалады. Бізге жас келіншек пен сәбидің тағдыры қымбат. Әйелдің күйеуі, баланың әкесі болуы керек. Бұл — табиғат заңы.
Жүріп жүрген қызым екеуміз ақылдаса келе жас келіншекті баласымен ана жігіттің үйіне апарамыз деп шештік. Шолпан да қарсы болмады. Оңтүстіктің заңы қатал. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейді. Бір жағынан «жолдан бала тауып алыпты» деген сөзге қалғанша «бір-екі күн болса да сол үйде тұрсын, кейін ажырасқан дей салуға оңай» деген ой да жоқ емес бізде.
Бір қуанарлығы, жігіттің адресі бар екен. Соған қарағанда «жігіттің ойы дұрыс болған, бірақ бір жәйттер себеп болып келе алмай жүр ме екен?» деп те ойлап қоямыз. Мекен-жайы Краснояр өлкесі, Ресей елі. Енисейдің жағасы…
Жолға жақсылап дайындалып, Алматыдан Красноярға ұштық, Красноярдан Енисеймен кемемен, кейін вездеходпен, әрі қарай қар жатыр, жол жоқ, ит жеккен шанамен, қойшы әйтеуір, бес күн дегенде жеттік-ау өліп-талып…
Қайран, Енисей! Орыстың «Волга – матушка река» дегені секілді түріктің «ана суы» едің. Сібірдің басты өзені кемерінен асып, шалқып ағады екен. Екінші жағасына қарасаң көз жетпейді, жанарың талады. Ата-бабам талай суыңды ішті, балығыңды жеді. Суыңа малын суарып, жанын бақты. Бірақ неге екенін, жерсінбей, Сарыарқаға кетіп қалды. Сөйтіп, сен өгей шешеге айналдың. Енді, міне біз келе жатырмыз. Сәлем саған, Енесай!
Жуырда теледидардан «Бақытты адамдар» деген үш сериалы фильм көрсетілген болатын. Кинода Сібірде, Енисейдің жағасында, ну орманның ішінде тұрып жатқан адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмірі, адамдары туралы айтылады. Негізгі мағынасы — табиғатпен қоян-қолтық, етене өмір сүріп жатқан адамдардың қандай бақытты болатынын көрсету. Шынында да сондай әсер аласың.

Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

Біз Алматыдан шыққанда жаз болатын, келсек кәдімгі қыс! Тайга. Бұғылар, бұғының терісін киген адамдар. Маңайдың бәрі қар, ну орман, ағаш, ағаш тағы да ағаш…
Тоңа бастадық. Бір жерге келгенімізде бала жылап қоя берді.
«Елжан елін сезіп келе жатыр-ау», — деді шана айдап келе жатқан адам. Сезсе сезіп келе жатқан шығар, бізге дәл қазір баланың әкесі керек, көрсек түтіп жейтіндей болып келеміз.
Бір уақытта бес-алты күрке ме, киіз үй ме, ағаш арасындағы бір елдімекенге келдік.
«Баланың әкесі осы үйде тұрады», — деді жаңағы кісі. Кірдік. Іште ешкім жоқ. Отырдық. Ортада от жанып тұр. Жағалай төсек-орындар, киімдер ілінген. Шошалада бұғының терісіне оралған ет, шикі балықтар қаланып тұр. Бір бұрышта ыдыс-аяқтар жиналыпты. Төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр. Көне, ескірген екен. Бояуы кетіп, оңа бастапты.
Шамалыдан соң бір үлкен кісі кіріп келді. Үстінде бұғының терісі, беті дұрыс көрінбейді. Сақал-мұрты ап-пақ. Қар ма, қырау ма бірдеңе. Түсі сұп-суық көрінді. Өзімен бірге үйдің ішіне де суық ала кірді. Сосын, баланы бас салды. Зәреміз ұшты. Сасқанымнан пештің жанында жатқан қолыма ілінген бір ағашпен періп қалдым.
«Ойбай!» деген жан дауысы шықты.
Әй, мынауың қазақ қой, — деп ойлап үлгердім.
Жүрегім тынышталып, көңілім орнына келейін деді. Ал ол болса баланы жоғары көтеріп алып, иіскеп, сүйіп жатыр.
— Сіз кім боласыз?
— Атасы боламын.
— Біз келеміз деп жеделхат салған едік, алдыңыз ба?
— Рациямен айтқан.
— Баланың әкесі қайда?
— Келіп қалуы керек. Оған да айтылған.
— Қашан жетеді?
— Красноярда жұмыс істейді, ертең келіп қалар.
Бір уақытта күркеге адамдар жинала бастады. Көбі қазақтар секілді. Баланы көтеріп, кезек-кезек құшақтап, иіскеп жатыр. Көңілім біраз жайланайын деді. Өйткені «бізді қалай қарсы алады екен, қабылдай ма?» — деп алаң көңілмен келгенбіз ғой. Маңайдың бәрі орман, тайга…
Ұрса не істейміз, өлтіріп, анау ағаштың түбіне көме салса ше? Кім іздеп табады сені?..
Бір жақсысы жиналған адамдардың бәрі қуанышты секілді, атасы немересін қолынан тастамай жүр, құйрығынан, әтпішінен сүйіп, иіскеп, иіскеп қояды ғой…
Бір уақытта атасы «өй, күшік неме» деп еркелетіп, жоғары көтеріп еді, бала бетіне «шаптырып» жіберді. Айызым бір қанды-ау!
Кейіннен білдім, «көбі қазақтар секілді» деп ойлағаныммен, олар сахалар болып шықты. Бұларды орыстар бертінге дейін якуттар деп атап келгені белгілі.
Бұғы әкелінді. Сойды. Бәрі қанын сол бойда-ақ шикідей ішіп жатыр. Біз де дәмін татып көрдік. Кешке қарай дастархан жайылды. Балықты шикідей жейді екен. Оны да жеп көрдік.
Сахалар балықшыны «балықсыт» дейді екен. Адамды да біз секілді «кісі» дейді. Түбірі бір. Түркі тармағына жататын туыс тіл. Түрлері де ұқсас. Оюлары да бірдей. Менің «төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр» деп жүргенім де осыдан екен.
Мен киіз үйге, күркеге ұқсайды деген үйім «яранга» деп аталады. Жазда «урас» деген жеңіл жаппада тұрады.
Сөз арасында құлаққа таныс «қарғыс», «дуа» деген сөздерді де естіп қалдым.
— Құда іш, іш құда, — деп төрге отырғызып, арақты өкіртіп құйып жатыр. Ішпесіңе тағы қоймайды. Әлі баламын, қатты сыйлағанға мәз болып, тартынып отырғаным жоқ. Бір уақытта «біздің жақта былай ішеді» деп бөсіп, араққа нан турап ішіп отырғанымды білемін, арғы жағы есте жоқ…
Түс қайта тұрсам, күйеу жігіт те келіпті. Таныстық. Баланы көтеріп алыпты. «Өй, әкеңнің...» дедім іштей. Жас келіншек те жымиып жүр. Қуанғаны түрінен көрініп тұр. Есіме Мағжан түсті:

Жел едім, ұштым,
Талайды құштым,
Кетіппін сені ұмытып.
Бүгін сен көріп,
Қолыңды беріп,
Қайғыменен қарайсың:
«Сендім мен жазған,
Сүйгенің жалған,
Алдадың!» — деп жылайсың.
Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат,
Сүйгенім хақ,
Куә мына көп жұлдыз!
Ұлы ақыннан асырып кім айтыпты?


Біз де ештеңе дей қойғанымыз жоқ. Біз де қуаныштымыз. Той тойға ұласты…
Тайгада адамдар бұғы өсіреді екен. Бұғы жесең — тамақ, мінсең — көлік. Ішсең — дәрі. Екінші тамақ — балық. Енисейдің балығы-ай, шіркін! Балықтың көптігі сондай суға сыймай жүр. Және бәрі де ірі-ірі балықтар. Күрекпен күреп ала беруге болатын секілді. Күннің суықтығы сондай жылқының өзі төтеп бере алмайды екен бұл жаққа. Қазақтың жылқысы қыс бойы тебінде болып, өз шөбін өзі қардың астынан аршып жей береді ғой. Бірақ бұл жаққа көндіге алмайды. Суыққа шыдамай ағаштар жарылғанда кішігірім бомба жарылғандай әсер қалдырады. Қасқыр, аю — тайганың қожайындары. Басқа ешқандай жан-жануар шыдас бере алмайды бұл жаққа. Сондықтан адамдар бұғы өсіретін болған. Бұғының терісінен тігілген киімнен жылы киім болмайды. Күн елу градус суық болғанда да бұғы терісін киген адам тоңбайды екен. Таң атқанша шанасында отырып, бұғыларды қасқырлардан күзетіп, далада жүре береді.
Иттері де мықты екен. Шикі, қатқан балыққа сылқия тойып алған олар аязыңды місе тұтатын емес. Жүндері қап-қалың, булары бұрқырап, қар үстінде жалпиып жатады екен. Қасқырдан қаймықпай, тіке шабатын арландар екені түрлерінен көрініп тұр. Басқа иттер, ілеуде біреуі болмаса, қасқыр түгілі оның исін сезсе болды кіретін тесік таппай қалады. Ал мыналардың аюмен арпалысатындары да болады екен. Бірақ біз оны көргеніміз жоқ. Естігенімізді айтып жатқанымыз ғой.
Тайганың түні тып-тыныш болады. Лүп еткен жел жоқ. Аспан шайдай ашық. Мыңдаған жұлдыздар жымың-жымың етеді. Барлығы маған қарап қалыпты. «Сен бұл жақта не істеп жүрсің?» дейтін секілді. Мені танып тұр-ау. Бала күнімде жазда далада ұйықтайтын едім. Сонда көпке дейін аспандағы жұлдыздарға қарап қиялдап, неше түрлі ойларға беріліп, ұзақ жататын едім. Бірақ ол жұлдыздар басқаша секілді еді. Бұлар басқаша. Қол созым жерде.
Сықырлаған аяз. Төбеде Шолпан жұлдыз ап-анық көрінеді.
Ау, Шолпан жұлдыз. Біз Шолпанды әкелдік. Көріп тұрсың ба? Жас сәбиі бар. Енді біз оларды саған тапсырамыз. Қарап жүр. Сенен сұраймыз. Сарыарқаға айтып барамыз. Ол жақта да бір Шолпан бар екен деп. Шолпанды саған тапсырдық дейміз. Жарай ма?
Міз бағатын емес. Әлде естімеді ме? Не де болса саған тапсырдық, Шолпан. Саған аманат.
Бұл жақта қайдан жүрсіздер, құда? — деймін бір реті келгенде.
Біздің әкелеріміз баяғы ұжымдастыру, байларды тәркілеу заманында осы жаққа жер аударылған екен. Көрсеткен өз ағайындары болса керек. Содан қатты ренжіп, көрместей болып кетіпті. Осы жерде ағаш кесумен өмірін өткізген. Ұрпақтарына да «енді Қазақстанға жолаушы болмаңдар» деп өсиет тастаған екен. Сонымен, жүрміз, міне…
«Айтпақшы, менің әкем елге қанша өкпелеп кетсе де, Арқаны сағынады екен, бірнеше рет көшпекші де болыпты, бірақ тағы да көзге түсіп, сотталып кетемін бе деп қорыққан екен. Менің әкем кезінде елде танымал болған адам. Соның елді, туған жерді сағынғанда жазған бір өлеңі бар еді. Соны саған берейінші. Елге ала бар. Оқы, керек болса қажетіңе жарат, бірақ кімдікі екенін айтпай-ақ қой», — деді.
Жарайды, — деп келістім.
Оқушы дәптеріне қолмен жазылған өлеңнің сиясы оңып, қағазы сарғайып, мүжіле бастаған екен. Жарты ғасырдан артық уақыт бұрын жазылған сол бір парақ қағазда елінен жырақта, айдауда жүрген адамның мұң-зары, сағынышы мен көз жасы, арманы қатар өріліпті:

Сарыарқа жерім, самал-ау желің,
Айдауда жүріп қайысты-ау белім.
Бір көріп сені, өлсем де мейлі,
Сағындым сені, туған жерім!

Сарыарқа елім, сағындым керім,
Көзіме бір рет көрінер ме едің?
Қадіріңді сенің түсіндім енді,
Ыстықсың қандай туған елім!

Құс болып ұшып, бір барар ма едім,
Жүйткіген желмен аралар ма едім.
Туған елім-ау, туған жерім-ау,
Ай болып саған бір қарар ма едім?

Бұлт болып көшіп, бір барар ма едім,
Ақ жауын болып, бір жауар ма едім.
Туған елім-ау, туған жерім-ау,
Жұлдыз боп саған бір қарар ма едім?

Сарыарқам менің, жайлауым менің,
Бітпей-ақ қойды-ау, айдауың сенің.
Атаңа нәлет, қу Сталин,
Қаншама қатал, байлауың сенің!

Сарыарқа жерім, Сарыарқа елім,
Қош, аман бол, ағайын дедім.
Арманым жоқ, айтарым жоқ,
Тек өзіңнен бұйырсын кебін!

Сарыарқам менің, сарғайды сенім,
Таусылып төзім, бүгілді-ау белім.
Алты мың батпан азабыңнан,
Құтқара көрші, Тәңірім менің!

Ақыры елге қайттық. Бір кездері алыста, айдауда жүріп, туған елі мен жеріне деген сағынышын жеткізе алмаған адамның сөзін еліне кеш те болса біз жеткіздік.
Арманының, мұң-зарының туған елінің құлағына жеткенін сезгенде қабірінде бір аунап түскен шығар жарықтық!
… Жиырма жылдан кейін жас жұбайлар елге көшіп келді. Баяғы біз апарған бала бойы екі метр үлкен жігіт болыпты. Шанхайда модель болып істейді екен. Сол жүгірмек жапон қызына үйленіп, бас құда болып барғаным, ол енді бір бөлек әңгіме…

Тұрсынбек Әлиұлы
Астана


Жалғасы
Әрі қарай

Көңіл-күйден түссең, оқисың

Ал сол кезде...: Көңіл-күйден түссең, оқисың

  • Әлдекім үшін сен өмірдің мәнісің
  • Сенің күлкің сені ұнатпайтын жандарды да қуантуы әбден мүмкін
  • Әлдекім әр түні ұйқыға жатар алдын сені ойлайды
  • Біреу-міреудің сені жек көруіне жиі себеп: ол саған ұқсағысы келеді
  • Жер бетінде сен үшін жанын қиюға даяр кемінде 2 адам бар
  • Кемінде 13 адам сені өзінше жақсы көреді
  • Әр күні өкінішпен оянуға өмір тым қысқа
  • Сондықтан да сенімен дұрыс араласатын адамдарды жақсы көр, ал сені жаратпайтын адамдарды ұмыт және бәрінің де себебі бар екенін біл
  • Өміріңде ең үлкен ағаттық жіберсең де, сол қателіктің соңынан бір жақсылық келеді
  • Өмір өзіңнен теріс айналды деп ойласаң, онда өмірге басқа қырынан қара
  • Әрдайым жадыңда ұста: өмір саған тағы бір мүмкіндік берсе, онда сенің жолың болады!
  • Егер саған мүмкіндік берілсе, оны пайдалан! Егер осы мүмкіндік сенің өміріңде өзгертсе, онда сол өзгертуге рұқсат ет.
  • «Бұл — оңай» деп айтқан ешкім жоқ. Олар мұның тәуекел етуге лайық екенін айтты.


дереккөз: ADME
Превью мен посттағы суреттер Freeimages сайтынан алынды
Әрі қарай

Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Иә, шынымен, мерейтойға бергісіз өтті. Банкет, мол дастархан, табақ тарту, бас ұсыну, сыйлық сыйлау, шапан жабу… Додасы бар, доданың жеңгені бар, ән, би… Көңілді. Бірақ әңгіме онда емес.

1-күн

20-түнгі препатиден титықтап шыққан біздер, шаршағанымызға қарамастан 21 күні «Талдықорған, қайдасың» деп тартып отырдық. «Шаршағанымызға қарамастан» деп қоям өзімше, дайын автобус тұрғанда. Жол ұзақ екен. Жолай тау арасына бұрылып, Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік музейіне соға кеттік. Шоқанның көзіндей боп қалған эксклюзив экспонаттарды тамашаладық.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Сол жерден түскі ас ішіп алып, кешке облыс әкімінің атынан берілген асқа топ ете қалдық. Оркестр…

2-күн

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Таңғы асты іше сала наурыз тойлауды бастап кеттік, алаңда мерекелік шаралардың куәсі боп, концерт көрдік. Одан кейін Алматы облысы өлкетану мұражайы, Алматы облысы көркемөнер галереясы,

BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

Тіл сарайы, медиаорталық
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
т.б. жерлерді аралап, жаңадан салынған спорттық кешенде волейбол, футбол ойындарына кірістік. Тіпті су жаңа формамызға дейін дайын екен.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой

Жалғас пен Абылайдың бойындағы жауапкершілікке ризамын, автобуста «ертеңгі ресми бөлімнің форматына уайымдаймыз» деп отырған, кешкілік әлі де көп нәрсенің мәнісіне жете алмай жүрген жастарды жинап алып, жақсылап инструктаж өткізді. Жастармен жақынырақ таныстық. Ертеңгі мастер-кластарда жасқанбай сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісуге кеңес берілді. Тура сол отырыс дұрыс шешім болды, себебі қыз-жігіттердің кескіндерінен «уфф» деген бір жеңілдік байқағандай болдым.

3-күн

Тіркелдік. Папкідегі бұйымдарды көріп жымыңдасқан жамағат. Мына жақта додекаэдр үстел, ана жақта сессиялар. Кешегі отырыстан соң ба, Жалғастың мастер-классына қызығушылық танытқандар көп. «Жалғас ағай, Жалғас ағай» болды да қалды оЧм. Абылай «HTML шәйнектерге» тақырыбына мен аздап көмектескен болдым. Гастаның мастер-классы интервьюге ұласты.
BlogCamp: Блогкемп. 5 жылдық мерейтой
Өзгелердікіне қатыса алмадым.
Ресми бөлімдегі сессиялар аздау секілді, бірақ бірдеңе үйренем деушілерге жеткілікті болды деп ойлаймын. Әрі қарай өз қабілеттеріне қарай көре жатар.

Ұнағаны: жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық, қонақжайлылық, жастар саясаты басқармасының кез-келген уақытта жанымыздан табылуы, әкімшіліктегілердің қарапайымдылығы, бізге көрсетілген зор құрмет.

Ұнамағаны: тағы да жастар саясаты басқармасының қыз-жігіттерінің кез-келген уақытта (тіпті, қажетсіз кезде) жанымыздан табылуы, балабақшаның балаларындай қақпайлауы, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік бермеуі. Оларды да түсінуге болады дегенмен біз де есі дұрыс адамдармыз ғой.

Осы бары. Негізі бұл формат шаршаған. Блогкемптен блогтурға қарай ауысып бара жатыр. Бір тың серпіліс керек.
Әрі қарай

Әлеуметтік желі блогерлеріне арналған жарыс: «Қазақия-2015»

Блог - asaubota: Әлеуметтік желі блогерлеріне арналған жарыс: «Қазақия-2015»

«Қазақия-2015» блог-cапар шарттары

Бұл не байқау?
«Қазақия-2015» бұл – 14 тәулікте Қазақстанның 8 облысы мен республикалық маңызы бар қаласын, 12 стансасын темір жол бойымен басып өтетін блог-байқау.
«Қазақия-2015» бұл – 1 000 000 теңгелік жүлде қоры бар, сапалы интернет-контент жасай алатын, әлеуметтік желі белсенділерінің бірегей сайысы

Байқаудың мақсаты не?
Байқаудың мақсаты – әлеуметтік желі белсенділерінің көзімен Қазақстанды ең алдымен өзіміз үшін жаңа қырынан таныту, қазақ тілді интернет кеңістікті (әлеуметтік желі) сапалы мәтіндік, бейне, фото контентпен толықтыру.

Қашан болады?
Байқау іріктеу кезеңдерін қоса алғанда, 26 наурыз бен 25 сәуір аралығында өтеді. Блог-сапардың өзі 10 сәуір мен 24 сәуір аралығында өтеді.

Кім қатыса алады?
Байқауға әлеуметтік желіде (оның ішінде Фейсбукта) белсенді, тұрақты пост жазушы (кем дегенде аптасына 1 пост), сапалы контент қалыптастыра алатын кез келген азамат қатыса алады.
Байқау тілі – қазақ тілі.

Қалай іріктеледі?
Қатысуға ниет білдірген интернет-белсендінің кем дегенде 2000 интернет-досы болуы тиіс. Әрбір үміткер өз парақшасында осы ақпаратпен бөліседі және «Қазақия-2015» байқауының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған жаңалықтарды бөлісіп, таратуы тиіс.

Байқау 3 кезеңнен тұрады:
Алғашқы кезең – интернеттегі іріктеу (26-31 наурыз, 2015)
Байқауға қатысуға ниет білдірген азаматтар qazaqia2015@gmail.com поштасына: аты-жөні, туған күні, жылы, әлеуметтік желідегі профиліне сілтеме және байланыс құралдары (телефон) туралы ақпаратты жолдайды.
Және іріктеу мақсатында қатысуға үміткерлерге келесі бағыттар бойынша 2 пост (фото, бейне, мәтін) жазу сынағы беріледі.
1. «Көктемгі позитив»
2. «Өзіңнен баста!»
3. «Менің жерім»
4. «Ата-анама құрмет»
5. «Отбасым – Отаным»

Ұйымдастыру тобы өтініш білдіргендердің ішінен байқау шарттарына сәйкестігі мен интернеттегі белсенділігі мен тартымдылық индексіне қарап, 50 адамды іріктеп келесі кезеңге өткізеді. Бұл тізім ресми парақшаларда жарияланады.

Келесі кезең – арнайы байқаудың қазылар алқасы осы елуліктен блог-сапарға аттанатын ондықты (12-13 адамға дейін болуы мүмкін) анықтайды.
Бұл ондыққа ілігу үшін әрбір қатысушы сапар бойынша өзінің болжамды жоспарын ұсынуы тиіс. Жоспарда маршрутқа сәйкес стансалардың атауы мен ол жерде өзі жазатын посты, түсіретін фото-видеосының тақырыбы мен кейіпкері, формасына байланысты ақпарат болуы керек. (5 сәуірге дейін, 2015)

Үшінші кезең – блог сапар (10-24 сәуір, 2015 )
Блог сапарға аттанатын топқа қосылған байқау қатысушылары – пойызбен жолсапарға шығады. Байқау қатысушыларының еңбегі интернеттегі жазбасының тартымдылық индексі (пост, перепост, like, комментарий) ескеріле отырып, қазылар алқасының қорытынды шешімімен анықталады. Сапар маршруты мен нақты байқаудың ережелері және байқаудың қазылар алқасының құрамы қосымша жарияланады.

Жоба демеушісі – Altel 4 G GSM компаниясы
Қосымша сұрақтарыңыз бен ұсыныс-өтініштеріңіз бойынша: qazaqia2015@gmail.com, +7 701 958 59 45
Әрі қарай

НаурызДода байқауына жазылған посттар

Блог - asaubota: НаурызДода байқауына жазылған посттар
Блог-Құрылтай қарсаңында өткізілген НаурызДода байқауына қатысқан блогерлер және посттары

Айдана Пункитбайқызы
Орбұлақ шайқасы лайықты бағасын алған жоқ
Ою-өрнекті орынды қолданып жүрміз бе?
Қазақ ғаламторының болмысы қандай?

Айдос Рымқұл
Қазақстан территориясының өзгеру тарихы
«Көсеге» – қазақтың көктен түсен дәстүрі емес
Әлеуметтік желіден әлеуметтік жобаға

Айсұлтан Жақыпов
Иманақ
Әмеңгерлік
Қарағандының интернет провайдерлеріне шолу

Асылбек Ещанов
Биыл расымен мерейтой ма?
Біз білмейтін дәстүрлер
Бәріміз де «агенттің» жастары едік

Асылхан Үйсінбаев
Бір апталық қана бақыттары...
Ұмытыла бастады-ау қазағымның салт-дәстүрі
Торына баурап, байлап алған — "Ғаламтор"!

Аяжан Сарбасова
Қойшылар алгебрасы
Білгенге маржан

Балжан Смаилова
Тарих. Тауқымет. Тәубе
Әр елдің салты басқа
Адамды аватарына емес, жазбасына қарап таны

Гимсен Мекпал
Қазақ оюлары...

Дина Абдигалиева
Асыл бейнең өзгермейді,өшпейді
Құмалақ батар күн!
Бір апталық шолу

Инабат Алдияр
Аяқтап болып, махаббат дейтін сапарды...
Ата заңымның анасы болған дәстүрім...
Танымал болу туралы ойламаған...

Исламбек Салиев
ХІХ-ХХ ғасырлардығы қазақ халқы
Бүгінге керек салт-дәстүр
Қазақстанда ғаламтордың пайда болуы

Керім Аянқызы
Кестелітастағы Кестелі тастар
Аңшылық ұмыт қалып бара ма?
Интернетпен танысып, үйленгендер

Қожакелді Алданов
Мұхтар Әуезов һәм қазақ футболы
«Кредит келін» атамасының пайда болуы немесе той туралы ой
ҒАЛАМТОРдың бір күні

Ләззат Ғали-Мәнсүрқызы
Наурыз — жастар көзімен!
ГЦВП...
Миллионға бір қадам...

Марал Демеу
«Қазақ ауылы» немесе «Тәшеновтің үйі»
Бұл жайлы не білеміз?
Селфи — індет пе, әлде...

Медет Жансанов
Қазақ хандығының тарихына қысқаша шолу
Қазақ халқының салт-дәстүрі
Сайт деген не?

Нұрлыхан Қалқаманұлы
Арқа археологиясының айтары бар
Дәстүрдің озығы мен тозығы бар...
Газет — журналға онлайн жазылу әдісі

Сәния Қуанқызы
Ұлы Отан соғысының сирек кездесетін суреттері
ІnstaДәстүр
Саяхатты ғаламтормен жоспарлау тиімділігі

Сейдалы Дүйсебайұлы
Қосмола шыңы туралы аңыз немесе аңшы
Әрі қарай