Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

Мен сені алғаш көргенде сен сондай сұлу едің! Көркіңе керемет таң қалдым. Арқаның сарышұнақ аязына тоңып, жаурап, ұшақпен ұшып жеткен едім. Бұл жаққа көктем келіпті. Күн жып-жылы. Алдымнан шықтың. Төбеден күн сәулесін төгіп тұрды. Асқар Алатау міз бақпай, сіресіп тұр екен. Басында ағарып мәңгі қар жатыр. Айналаның бәрі жап-жасыл, жылғалардан сылдырлап аққан су күн сәулесіне шағылысып, көзімді қарып барады.

Құшағың толған гүл еді…
— Алыңыз, бұл сіздікі,
— дедің бір құшақ гүлді ұсынып, күліп тұрып. Жүрегім дір ете қалды. Мен саған ғашық болып қалдым. Содан бері қаншама уақыт өтті, көптеген жерлерде тұрдым. Әлемді шарлап шықтым десе де болады. Өте суық жақтарда да тұрдым, өте ыстық жақтарда да болдым. Бірақ ешбір жерде тұрақтай алмадым. Сені ешқашан ұмытқан емеспін, Алматы!

Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

1991 жыл. Жастық шақ. Қазақтың көгінен аққан жұлдыздай болып өте шыққан бард әнші ән салса, төңіректің бәрі тым-тырыс болып, күрсініп, мұңая қалады. Бүгін де ол ән салып отыр:

Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,
Жақсылық күтем, жақсылық күтем, тек сенен.
Жаман бір ойлар жаныңды шарпып өтсе егер,
Мен жақтан саған суық бір хабар жетсе егер,
Жалғызым менің қайтер ең?

– деп жырлайды ол.
Қайтушы едік, шын сүйсек іздеп барамыз да. Біз іздеп бардық. Сібірге, ну орманға, белгісіздікке…
Бәрін басынан бастайыншы.
Бізбен көрші бөлмеде бір қыздар тұратын. Табағымыз да, тамағымыз да бір, араласып, ойнап-күліп жүре беретінбіз. Сол қыздың біреуінің бір жігіттен аяғы ауыр болып қалыпты. Аты — Шолпан. Оңтүстіктің қызы болатын. Жаны таза, әдемі бойжеткен еді. Ақындығы тағы бар. Сезіміне ие бола алмай қалыпты. Біз білмегенбіз. Айы-күні жақындағанда бір-ақ айтып тұр. Кейіннен босанып, шекесі торсықтай ұл туды. Баланың атын Елжан деп қойдық. Елін сүйген ер болсын дегеніміз. Кейін бала мен ананы ауруханадан шығарып алып, студенттік стипендиядан үнемдеп, сәбиге киім, ойыншық алып жүрдік. Ал жігіттен хабар жоқ. Оқуын бітіріп, еліне кетіп қалыпты.
Бұрын ата-бабаларымыз ғашық болмай-ақ, күйдім-сүйдім деп бас қатырмай-ақ «шешесіне қарап, қызын ал» деп қалың малын төлеп, үйлене беріпті. Шыңғыс ханның әкесі Есугей батыр баласына қалыңдық алғанда қандай қызды таңдау керектігін айтып, ақыл үйреткенде бүй депті:
Аяқ-қолы балғадай, қысық көз қызды таңда, — дейді ол ұлына. Саны жуан, бөкселі әйелдің рахатын сен әлі білмейсің, кейін түсінесің. Қысық көз қыздар күйеуіне адал, тілалғыш болады. Көзі үлкен қыздардан қорық. Олар байын билеуге тырысып тұрады, — дейді ол.
Сөйтіп, бала Шыңғыс бір топ қыздың ішінен қоңыраттың қызы Бөрте апамызды таңдапты. Сол қыз алтын асықтай төрт ұл туды. Үлкені — Жошы. Қазақтың ханы.
Әр заманның сұлулық өлшемі әр түрлі. Бірде ақындар ғашықтарын суреттегенде «қыпша бел, оймақ ауыз» десе, бірде «күлім көз», «ботагөз» деп жырлайды. Бірде әдемі гүлге теңейді.
Бірақ әйел деген тек әдемі ақ, қызыл гүл ғана емес, оның тікенектері де бар. Қара гүл де болады:
«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой,
болады екен ғой, тағдыры»
… деп жырлаушы еді бард әнші — Табылды ақын.
Шолпанның тағдыры тікенегі бар, қара гүлді еске сала ма, қалай өзі? Бірақ қандай болса да гүлдің аты гүл, күтпесең солып қалады. Бізге жас келіншек пен сәбидің тағдыры қымбат. Әйелдің күйеуі, баланың әкесі болуы керек. Бұл — табиғат заңы.
Жүріп жүрген қызым екеуміз ақылдаса келе жас келіншекті баласымен ана жігіттің үйіне апарамыз деп шештік. Шолпан да қарсы болмады. Оңтүстіктің заңы қатал. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейді. Бір жағынан «жолдан бала тауып алыпты» деген сөзге қалғанша «бір-екі күн болса да сол үйде тұрсын, кейін ажырасқан дей салуға оңай» деген ой да жоқ емес бізде.
Бір қуанарлығы, жігіттің адресі бар екен. Соған қарағанда «жігіттің ойы дұрыс болған, бірақ бір жәйттер себеп болып келе алмай жүр ме екен?» деп те ойлап қоямыз. Мекен-жайы Краснояр өлкесі, Ресей елі. Енисейдің жағасы…
Жолға жақсылап дайындалып, Алматыдан Красноярға ұштық, Красноярдан Енисеймен кемемен, кейін вездеходпен, әрі қарай қар жатыр, жол жоқ, ит жеккен шанамен, қойшы әйтеуір, бес күн дегенде жеттік-ау өліп-талып…
Қайран, Енисей! Орыстың «Волга – матушка река» дегені секілді түріктің «ана суы» едің. Сібірдің басты өзені кемерінен асып, шалқып ағады екен. Екінші жағасына қарасаң көз жетпейді, жанарың талады. Ата-бабам талай суыңды ішті, балығыңды жеді. Суыңа малын суарып, жанын бақты. Бірақ неге екенін, жерсінбей, Сарыарқаға кетіп қалды. Сөйтіп, сен өгей шешеге айналдың. Енді, міне біз келе жатырмыз. Сәлем саған, Енесай!
Жуырда теледидардан «Бақытты адамдар» деген үш сериалы фильм көрсетілген болатын. Кинода Сібірде, Енисейдің жағасында, ну орманның ішінде тұрып жатқан адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмірі, адамдары туралы айтылады. Негізгі мағынасы — табиғатпен қоян-қолтық, етене өмір сүріп жатқан адамдардың қандай бақытты болатынын көрсету. Шынында да сондай әсер аласың.

Блог - asaubota: Жас келіншек, Тайга, Бұғы... (1-бөлім)

Біз Алматыдан шыққанда жаз болатын, келсек кәдімгі қыс! Тайга. Бұғылар, бұғының терісін киген адамдар. Маңайдың бәрі қар, ну орман, ағаш, ағаш тағы да ағаш…
Тоңа бастадық. Бір жерге келгенімізде бала жылап қоя берді.
«Елжан елін сезіп келе жатыр-ау», — деді шана айдап келе жатқан адам. Сезсе сезіп келе жатқан шығар, бізге дәл қазір баланың әкесі керек, көрсек түтіп жейтіндей болып келеміз.
Бір уақытта бес-алты күрке ме, киіз үй ме, ағаш арасындағы бір елдімекенге келдік.
«Баланың әкесі осы үйде тұрады», — деді жаңағы кісі. Кірдік. Іште ешкім жоқ. Отырдық. Ортада от жанып тұр. Жағалай төсек-орындар, киімдер ілінген. Шошалада бұғының терісіне оралған ет, шикі балықтар қаланып тұр. Бір бұрышта ыдыс-аяқтар жиналыпты. Төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр. Көне, ескірген екен. Бояуы кетіп, оңа бастапты.
Шамалыдан соң бір үлкен кісі кіріп келді. Үстінде бұғының терісі, беті дұрыс көрінбейді. Сақал-мұрты ап-пақ. Қар ма, қырау ма бірдеңе. Түсі сұп-суық көрінді. Өзімен бірге үйдің ішіне де суық ала кірді. Сосын, баланы бас салды. Зәреміз ұшты. Сасқанымнан пештің жанында жатқан қолыма ілінген бір ағашпен періп қалдым.
«Ойбай!» деген жан дауысы шықты.
Әй, мынауың қазақ қой, — деп ойлап үлгердім.
Жүрегім тынышталып, көңілім орнына келейін деді. Ал ол болса баланы жоғары көтеріп алып, иіскеп, сүйіп жатыр.
— Сіз кім боласыз?
— Атасы боламын.
— Біз келеміз деп жеделхат салған едік, алдыңыз ба?
— Рациямен айтқан.
— Баланың әкесі қайда?
— Келіп қалуы керек. Оған да айтылған.
— Қашан жетеді?
— Красноярда жұмыс істейді, ертең келіп қалар.
Бір уақытта күркеге адамдар жинала бастады. Көбі қазақтар секілді. Баланы көтеріп, кезек-кезек құшақтап, иіскеп жатыр. Көңілім біраз жайланайын деді. Өйткені «бізді қалай қарсы алады екен, қабылдай ма?» — деп алаң көңілмен келгенбіз ғой. Маңайдың бәрі орман, тайга…
Ұрса не істейміз, өлтіріп, анау ағаштың түбіне көме салса ше? Кім іздеп табады сені?..
Бір жақсысы жиналған адамдардың бәрі қуанышты секілді, атасы немересін қолынан тастамай жүр, құйрығынан, әтпішінен сүйіп, иіскеп, иіскеп қояды ғой…
Бір уақытта атасы «өй, күшік неме» деп еркелетіп, жоғары көтеріп еді, бала бетіне «шаптырып» жіберді. Айызым бір қанды-ау!
Кейіннен білдім, «көбі қазақтар секілді» деп ойлағаныммен, олар сахалар болып шықты. Бұларды орыстар бертінге дейін якуттар деп атап келгені белгілі.
Бұғы әкелінді. Сойды. Бәрі қанын сол бойда-ақ шикідей ішіп жатыр. Біз де дәмін татып көрдік. Кешке қарай дастархан жайылды. Балықты шикідей жейді екен. Оны да жеп көрдік.
Сахалар балықшыны «балықсыт» дейді екен. Адамды да біз секілді «кісі» дейді. Түбірі бір. Түркі тармағына жататын туыс тіл. Түрлері де ұқсас. Оюлары да бірдей. Менің «төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр» деп жүргенім де осыдан екен.
Мен киіз үйге, күркеге ұқсайды деген үйім «яранга» деп аталады. Жазда «урас» деген жеңіл жаппада тұрады.
Сөз арасында құлаққа таныс «қарғыс», «дуа» деген сөздерді де естіп қалдым.
— Құда іш, іш құда, — деп төрге отырғызып, арақты өкіртіп құйып жатыр. Ішпесіңе тағы қоймайды. Әлі баламын, қатты сыйлағанға мәз болып, тартынып отырғаным жоқ. Бір уақытта «біздің жақта былай ішеді» деп бөсіп, араққа нан турап ішіп отырғанымды білемін, арғы жағы есте жоқ…
Түс қайта тұрсам, күйеу жігіт те келіпті. Таныстық. Баланы көтеріп алыпты. «Өй, әкеңнің...» дедім іштей. Жас келіншек те жымиып жүр. Қуанғаны түрінен көрініп тұр. Есіме Мағжан түсті:

Жел едім, ұштым,
Талайды құштым,
Кетіппін сені ұмытып.
Бүгін сен көріп,
Қолыңды беріп,
Қайғыменен қарайсың:
«Сендім мен жазған,
Сүйгенің жалған,
Алдадың!» — деп жылайсың.
Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат,
Сүйгенім хақ,
Куә мына көп жұлдыз!
Ұлы ақыннан асырып кім айтыпты?


Біз де ештеңе дей қойғанымыз жоқ. Біз де қуаныштымыз. Той тойға ұласты…
Тайгада адамдар бұғы өсіреді екен. Бұғы жесең — тамақ, мінсең — көлік. Ішсең — дәрі. Екінші тамақ — балық. Енисейдің балығы-ай, шіркін! Балықтың көптігі сондай суға сыймай жүр. Және бәрі де ірі-ірі балықтар. Күрекпен күреп ала беруге болатын секілді. Күннің суықтығы сондай жылқының өзі төтеп бере алмайды екен бұл жаққа. Қазақтың жылқысы қыс бойы тебінде болып, өз шөбін өзі қардың астынан аршып жей береді ғой. Бірақ бұл жаққа көндіге алмайды. Суыққа шыдамай ағаштар жарылғанда кішігірім бомба жарылғандай әсер қалдырады. Қасқыр, аю — тайганың қожайындары. Басқа ешқандай жан-жануар шыдас бере алмайды бұл жаққа. Сондықтан адамдар бұғы өсіретін болған. Бұғының терісінен тігілген киімнен жылы киім болмайды. Күн елу градус суық болғанда да бұғы терісін киген адам тоңбайды екен. Таң атқанша шанасында отырып, бұғыларды қасқырлардан күзетіп, далада жүре береді.
Иттері де мықты екен. Шикі, қатқан балыққа сылқия тойып алған олар аязыңды місе тұтатын емес. Жүндері қап-қалың, булары бұрқырап, қар үстінде жалпиып жатады екен. Қасқырдан қаймықпай, тіке шабатын арландар екені түрлерінен көрініп тұр. Басқа иттер, ілеуде біреуі болмаса, қасқыр түгілі оның исін сезсе болды кіретін тесік таппай қалады. Ал мыналардың аюмен арпалысатындары да болады екен. Бірақ біз оны көргеніміз жоқ. Естігенімізді айтып жатқанымыз ғой.
Тайганың түні тып-тыныш болады. Лүп еткен жел жоқ. Аспан шайдай ашық. Мыңдаған жұлдыздар жымың-жымың етеді. Барлығы маған қарап қалыпты. «Сен бұл жақта не істеп жүрсің?» дейтін секілді. Мені танып тұр-ау. Бала күнімде жазда далада ұйықтайтын едім. Сонда көпке дейін аспандағы жұлдыздарға қарап қиялдап, неше түрлі ойларға беріліп, ұзақ жататын едім. Бірақ ол жұлдыздар басқаша секілді еді. Бұлар басқаша. Қол созым жерде.
Сықырлаған аяз. Төбеде Шолпан жұлдыз ап-анық көрінеді.
Ау, Шолпан жұлдыз. Біз Шолпанды әкелдік. Көріп тұрсың ба? Жас сәбиі бар. Енді біз оларды саған тапсырамыз. Қарап жүр. Сенен сұраймыз. Сарыарқаға айтып барамыз. Ол жақта да бір Шолпан бар екен деп. Шолпанды саған тапсырдық дейміз. Жарай ма?
Міз бағатын емес. Әлде естімеді ме? Не де болса саған тапсырдық, Шолпан. Саған аманат.
Бұл жақта қайдан жүрсіздер, құда? — деймін бір реті келгенде.
Біздің әкелеріміз баяғы ұжымдастыру, байларды тәркілеу заманында осы жаққа жер аударылған екен. Көрсеткен өз ағайындары болса керек. Содан қатты ренжіп, көрместей болып кетіпті. Осы жерде ағаш кесумен өмірін өткізген. Ұрпақтарына да «енді Қазақстанға жолаушы болмаңдар» деп өсиет тастаған екен. Сонымен, жүрміз, міне…
«Айтпақшы, менің әкем елге қанша өкпелеп кетсе де, Арқаны сағынады екен, бірнеше рет көшпекші де болыпты, бірақ тағы да көзге түсіп, сотталып кетемін бе деп қорыққан екен. Менің әкем кезінде елде танымал болған адам. Соның елді, туған жерді сағынғанда жазған бір өлеңі бар еді. Соны саған берейінші. Елге ала бар. Оқы, керек болса қажетіңе жарат, бірақ кімдікі екенін айтпай-ақ қой», — деді.
Жарайды, — деп келістім.
Оқушы дәптеріне қолмен жазылған өлеңнің сиясы оңып, қағазы сарғайып, мүжіле бастаған екен. Жарты ғасырдан артық уақыт бұрын жазылған сол бір парақ қағазда елінен жырақта, айдауда жүрген адамның мұң-зары, сағынышы мен көз жасы, арманы қатар өріліпті:

Сарыарқа жерім, самал-ау желің,
Айдауда жүріп қайысты-ау белім.
Бір көріп сені, өлсем де мейлі,
Сағындым сені, туған жерім!

Сарыарқа елім, сағындым керім,
Көзіме бір рет көрінер ме едің?
Қадіріңді сенің түсіндім енді,
Ыстықсың қандай туған елім!

Құс болып ұшып, бір барар ма едім,
Жүйткіген желмен аралар ма едім.
Туған елім-ау, туған жерім-ау,
Ай болып саған бір қарар ма едім?

Бұлт болып көшіп, бір барар ма едім,
Ақ жауын болып, бір жауар ма едім.
Туған елім-ау, туған жерім-ау,
Жұлдыз боп саған бір қарар ма едім?

Сарыарқам менің, жайлауым менің,
Бітпей-ақ қойды-ау, айдауың сенің.
Атаңа нәлет, қу Сталин,
Қаншама қатал, байлауың сенің!

Сарыарқа жерім, Сарыарқа елім,
Қош, аман бол, ағайын дедім.
Арманым жоқ, айтарым жоқ,
Тек өзіңнен бұйырсын кебін!

Сарыарқам менің, сарғайды сенім,
Таусылып төзім, бүгілді-ау белім.
Алты мың батпан азабыңнан,
Құтқара көрші, Тәңірім менің!

Ақыры елге қайттық. Бір кездері алыста, айдауда жүріп, туған елі мен жеріне деген сағынышын жеткізе алмаған адамның сөзін еліне кеш те болса біз жеткіздік.
Арманының, мұң-зарының туған елінің құлағына жеткенін сезгенде қабірінде бір аунап түскен шығар жарықтық!
… Жиырма жылдан кейін жас жұбайлар елге көшіп келді. Баяғы біз апарған бала бойы екі метр үлкен жігіт болыпты. Шанхайда модель болып істейді екен. Сол жүгірмек жапон қызына үйленіп, бас құда болып барғаным, ол енді бір бөлек әңгіме…

Тұрсынбек Әлиұлы
Астана


Жалғасы
Бөлісу:

19 пікір

ANAZERKE
КЕРЕМЕТ! Ғажап бір сезімге бөлініп отырмын! ТАМАША! +100!
ken
шынымен болған уақиға ма?
asaubota
шынымен болған
MERmukhanov
"Көзі үлкен қыздардан қорық."

ойыбууу, KerimAyankyzy қалқам-ай… ))
MERmukhanov
Оқығам бұрын. Супер просто!
zholantai
жыладым,
зор,
авторға рахмет
Енисейді көргім келеді,
ATursynbek
Сізге ұнаса мен де қуаныштымын.
VKM
маған осы әңгіме керемет ұнады, күлкілі де, аянышты да.
ken
Саха жылқылары мынадай болады екен:


VKM
кіп-кіттей екен ғой
ken
«кіттей» деп ШҚда айтады ма не? «кіттәй» дегенді қызылордалықтардан естуші едім.
VKM
Жалпы Шығыста айта ма білмеймін, біздің үйде айта береді. Әңгіме туралы: мен басында таңқалдым, Шолпанның аяғы ауыр болып қалды ғой, сонда оның ата-анасы қалай білмейді? Шолпанның солай болғанын, Елжанның әкесі неге білмейді? Автор қызы екеуі апармаса, сонда мына оқиға да, Елжанда әке де болмайтын еді ғой… бррррр
asaubota
Алматыда оқуда ғой Шолпан, ал әкесі ерте бітіріп (оқуды) кетіп қалған
ANAZERKE
нағыз, аязға шыдамды, төзімді аттар екені түрлерінен көрініп тұр.
Danial
Өлеңді оқығанда көзге еріксіз жас келеді екен
ANAZERKE
иә, өлең керемет