Мәңгілік әуен

Блог - Daniar-Alan: Мәңгілік әуен

Блогтурымыз әуежайдан «Медиа жұлдыз» қоғамдық қоры басшысы Самал Смайлованың күтіп алуымен басталды. Блогтурдың жоспары, бағдарламасымен танысқан соң екі автобусқа жайғасып, блогшылардың бір бөлігі Қызылорданың оңтүстігіне, бір бөлігі батыс бағытқа жылжыды. Біздің топта белгілі медиа тренер Қанат Әуеспай, белгілі журналист Нұрбек Бекбау бар бас-аяғы он екі адамнан тұратын блогшылар тобы болды. Алғашқы аялдама қаладан 160 шақырым шамасында орналасқан "Қорқыт ата" мемориалдық кешені.

"… Елеу Көшербаев деген ақсақалдың ұйғарымымен жасалынған..."

"Қорқыт ата" кешенінде музейдің ғылыми қызметкері Мағауия Бердібекұлы күтіп тұр екен. Мағауия аға кешеннің бұрынғы, қазіргі жағдайын таныстырып шықты. Айтуынша, кешен 1980 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев деген ақсақалдың ұйғарымымен жасалынған. Қылышынан қан тамған кеңес үкіметі кезінде мұндай іс ерлікпен парапар еді. Елеу ақсақал қазіргі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі. Сол кезеңде биіктігі 8 метр етіп Б.Ә. Ыбыраев, С.И. Исатаев жасап шығарған нұсқасына алдымен 1997 жылы, кейін 2014 жылы Елбасының тапсырмасымен реконструкция жасалды. Реконструкция деген аты болмаса, кешен толығымен жаңарған.
Сырдың бойында Қорқыт ата мазары болыпты баяғыда, бірақ өкінішке орай 1952 жылдары су арнасынан асып, шайып кетіпті. Жалпы жоғарыдан қараса қобызды елестететін кешеннің ортасы (шанағы) — 2000 адам сияқтын амфитеатр секілді жасалған. Амфитеатрдың акустикасы өте жоғары. Микрофон не болмаса сондай секілді дауыс күшейту қондырғысын пайдаланбай ақ түрлі шаралар өткізе беруге болады. 4 жылда бір рет өтетін түркі халықтар арасындағы фестиваль дәл осы жерде ұйымдастырылады. Амфитеатр айналасында 18 плита орналасқан. Ол плиталарда келешекте 18 түркі тілдес тайпаның өз тілдерінде ақпараттар жазылады.
Блог - Daniar-Alan: Мәңгілік әуен
Бұрынғы ескерткіштің биіктігі 8 метр болса, қазіргісінің биіктігі — 14 метр. Ортасында жел соққанда қобыз дауысы сарындас дыбыс шығаратын 40 түтікше орналастырылған. Ескерткіш жел мен суға төзімді Қазақстанда жасалған граниттен жасалған. 92 блоктан тұрады. Ескерткіштен сонадай жерде «Ақсақ қыз» мұнарасы тұр. Аңыз бойынша, Арқадан шыққан қырық қыз Қорқыттың қобызының дыбысын естуге келе жатады. Арасында бір ақсақ қыз болады. Жанындағы қыздар ақсақ қызға «Жете алмайсың»,-деп күледі екен. Алайда қалған қыздар Бетпақдалада өліп, ешкісіне мініп, сүтін ішіп жүріп жалғыз осы Ақсақ қыз жетеді. Қорқыттың бір күйін естіген соң сол жерде жан тапсырады да, артынан ел басына мұнара тұрғызады. Жалпы "Қырық қыз" туралы аңыздар тек Қызылордада ғана емес, еліміздің әр-әр жерінен қылаң береді. Бұл туралы толыққанды зерттеу бар ма, жоқ па екенін білмейді екенмін… Жалпы "қырық" деген қазақта «көп» деген мағына беруінің (Қырықтың бірі қыдыр, Қырымның қырық батыры т.б.) өзі біршама зерттеулерді талап етеді ғой…
Аңыз желісін бәріңіз білесіздер ғой, оны қайталаудың қажеті жоқ шығар. Қорқыт бабаның өлімнен қашып келіп мәңгілікке саябыр тапқан мекені осы Сыр бойы. Неге дәл осы жерге?! Дәл осы Сыр бойы Мағауия ағаның айтуынша Орта Азиядағы ең биік нүкте екен. Космомспен тікелей байланыс бар. Байқоңырдың дәп осы жерге салынуында да бір мән бар шығар?!..
Блог - Daniar-Alan: Мәңгілік әуен
Блог - Daniar-Alan: Мәңгілік әуен
Қазалыдан 20 шақырым жерде Жанкент (Яныкент) деген қала болған ертеректе. Оғыз тайпасының астанасы болған шаһар. Мына экспонаттар сол қаладан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған. Жәдігерлер IX-X ғасырларға тура келеді. Шаһар саз балшықтан тұрғызылған, қазірге дейін тек орны ғана сақталған. Қорқыт ата 3 ханның тұсында кеңесші болыпты. Мүмкін осы қалаларға да талай келген шығар…
Айтпақшы, тағы бір қуанышты жаңалық, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нысандар тізіміне Байқоңыр қаласымен бірге «Қорқыт ата» кешені де енді. Осы музейдің өзінде «Деде Қорқыт» кітабының бірнеше тілге аударылған нұсқалары тұр. Көзі қарақты, мәдениеті жоғары адам Қорқытты білуі тиіс деген ойдамын. Сәйкесінше кешенді де айналып өтпеуі тиіс.
Әрі қарай

"Əлем барлау қызметтері. ФСБ. Ресей. "Рязаньдағы қант" ісі

Профессоинализмнің ақырғы күндері

Ресей билігі тігінен жəне көлденеңінен ылғи чекистерден қалыптасып бітті. Билік енді — түрлі күштер мен ағымдардың өзара тепе-теңдігінен тұратын қоғ амдық институт емес, бар болғаны корпоративтік бизнеске айналды. Тіпті совиеттер бұдағының билігінің өзі сонша қасаң болғанымен, қандай да күштік құрылымның тым күшейіп кетуінен қорқып,
Әрі қарай

Бірыңғай мектеп формасы турасында 2 мәселеге 2 шешім

Білім және ғылым: Бірыңғай мектеп формасы турасында 2 мәселеге 2 шешім

Биыл бірыңғай мектеп формасы біраз шу болды. Формалардың бағасы мен сапасы және діни мотивтегі киімдерге тыйым салынуы турасында әсіресе. Мұндай даулар алдағы уақытта да болмауы үшін Білім және Ғылым Министрлігі нақты шаралар қолдануы тиіс деп ойлаймын. Бұл тұрғыда өз ұсыныстарымды жазбастан бұрын мамандардың пікірлерін қарап шығайық.

БҒМ былай дейді:

Форма білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы тиіс, сондықтан «мектеп формасының үлгісі мен түсі классикалық стиль талабына сай болуы, біркелкі әрі ашық емес, ұстамды реңкте және үш түстен артық түсті араластырмай тігілуі тиіс».
Қыс мезгілінде ұлдар мен қыздарға «водолазка» мен тоқыма бешпет, ал қыздарға бұған қоса, сарафан киюге рұқсат етіледі. Ал жылдың өзге мезгілінде ұлдар – пенжек (пиджак), бешпет (жилет), шалбар, жейде, қыздар — классикалық үлгіде тігілген көйлек, шалбар немесе юбка, бешпет пен пенжек киюі тиіс.
Хиджаб, ниқаб, бурка (киiзден я терiден жүнiн сыртына қаратып тiккен жеңсiз шапан), пәренжі, сикх сәлдесі мен иудей тақиясы («кит» деп аталады) сияқты белгілі бір діни конфессияға қатысты белгілері бар киім киюге тыйым салынады.

Евгений Цай — «Қамқорлық» ұйымының жетекшісі
Мен бірыңғай форма болғанын құптаймын, бірақ бұл мәселені азды-көпті болсын, дұрыстап шешу керек қой. Мүмкін оны алуан түрлі үлгіде және сапалырақ етіп тігу керек шығар әрі мұндай қатаң шектеу қойылмауы тиіс деп ойлаймын. Мүмкін жұрттың шамасы жететіндей қара костюм-шалбар болғаны жөн шығар, әйтпесе бұл шаруа біреулер үшін ақша жасау көзіне, бизнеске айналып кетеді. Шенеуніктер «балалардың қамын ойлап жатырмыз» деп жар салады, ал іс жүзінде өз қалтасының ғана қамын ойлайды, балалардың есебінен пайда табуға тырысады.

Айнұр Әбдірәсілқызы — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры
Мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар. Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді, яғни «бұлақ бастан бұлғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ.

Досай Кенжетай — философия және теология ғылымдарының докторы, профессор
Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Бүгінгі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан, орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар мектептен білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.

Мұхитдин Исаұлы — теология ғылымының докторы, исламтанушы
Мектеп – киелі орын. Бүгінгі таңда мектептің киім формасы «хиджабқа» сәйкес келмейді деп, бүлдіршін сәби баланы Алланың ең маңызды парыз еткен ілімінен айыруға болмайды. Баланы мектепке жібермей «жаһил» ету, яғни қараңғы, надан ету – ең үлкен күнә. Ілім алмаған ұрпақтан күні ертең «жаһил», қараңғы қоғам шығады. Біз осыны мықтап түсініп алуымыз қажет.

Ершат Оңғаров — философия және мәдени антропология ғылымдарының Ph.D докторы, исламтанушы
Біріншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді.
Біз діндар азаматтарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз, өйткені бұл қадам орта мектептердегі киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім болып табылады.
Екіншіден, жалпы орта мектеп оқушыларына қатысты ортақ киім формасы туралы жаңадан шығарылған бұйрықты бұра түсіндіріп, қолдан дау жасап, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Елімізде берік орныққан тұрақтылық пен тыныштыққа қызғанышпен қарайтын белгісіз топтар осы бір сәтті пайдаланып, ақпараттық құралдар мен түрлі әлеуметтік желілер арқылы ел арасына бүлік салуға тырысуда. Сондықтан, әрбір іске сабырмен, байыппен қарау керек.
Үшіншіден, ҚМДБ заң бойынша діни бірлестік болып есептеледі. Ал діни бірлестіктер мемлекеттік мекемелердің саясатына араласа алмайды. Бұл – заң талабы. Діни басқарма қоғамнан бөлек өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекеттің шығарған әрбір заңына дін қызметкерлері қашанда құрметпен қарайды.
Төртіншіден, ҚР Білім және ғылым министрлігі шығарған бұйрықта мектеп формасының үлгісін қоғамдық кеңестер, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі бірлесе қарап, өз ұсыныстарын айтуларына болатындығы көрсетілген. Яғни қыздарының ұзын етек-жеңі бар, мектептің талаптарына сай киім киюін қалайтын ата-аналарға өз ұсыныстарын айтуларына мүмкіндік қарастырылған. Мен осы орайда жергілікті мектептерде киім үлгісін қабылдауда мұсылман жамағатының да тілегі ескерусіз қалмайды деп сенемін.

Айдар Әбуов — философия ғылымың докторы, профессор
Бұл, ең біріншіден, мемлекеттің әртүрлі этникалық және конфессиялық ерекшеліктерге ие азаматтардың ортақ білім алуына жағдай жасау қажеттілігінен туындайды. Егер мемлекет белгілі бір діннің мүддесіне басымдық берер болса мұндай жағдай басқа конфессияларды ұстанушыларға әділетсіздік болар еді. Ал екінші жағдайда, яғни барлық конфессия өкілдеріне білім беру мекемелерінде киімге қатысты толық таңдау беріліп, еркін форма ұсынылатын жағдайда әрбір конфессия өкілдері өздерінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысып, оқушылар арасында қайшылықтықты қарым-қатынас орын алған болар еді. Мектеп формасына қатысты бекітілген жаңа талаптарға жекелеген діндар азаматтардың біржақты сыни пікір танытуы көрініс беруде. Мұндай сыңаржақ көзқарас ұстануды қате деп санаймын, өйткені әрбір діндар азамат өзінің діни сеніміне барынша құрметпен қарайтын мемлекеттік органның ұстанымдарына түсіністік танытып, өз бойындағы рухани-адамгершілік қағидаттарды жетілдіруге және толық білім алуға талпынуы тиіс. Ең бастысы, бұл талаптар мектеп оқушыларына ғана қойылып отырғанын ескеруіміз қажет.

Әлбетте, бірыңғай форма қазіргі заман талабы. Бірақ, осындай мәселелерді қазірден шешіп алмаса болмайды деген ойдамын. Сондықтан бұл 2 мәселеге менің ұсынарым мыналар:

1. Форма дизайнын, түстерін БҒМ өзі бекітіп, нақты бір пішінмен кәсіпкерлер палатасында реестрде тұрған мекемелерге тапсыруы керек. Бір пішін, бір сапа, бір баға. Ал жеке мектептер ғана өз эмблемаларымен өз формаларын шығара алатын болады. Формалар 3 типте болуы тиіс деп ойлаймын: бастауыш, орта және жоғары сыныптар. Әр қайсысының түстерінде және дизайнында аздап ерекшелік болса — оқушының қай сыныптарда оқитыны белгілі болады.

2. Діни атрибутикамен мектепке келуге болмайтыны белгілі. Бірақ діни дәрістерді тереңдетіп оқытатын арнайы мектептер ашып, бұл мәселені шешуге болады. Ондай мектептерге оқушы қыздар орамалмен барар еді. Дінмен қатар басқа қатарластары сияқты өзге пәндерді де бірге оқып шығады. Түркиядағы «Имам хатип» мектептерін мысалға алуға болады бұл тұрғыда.
Әрі қарай

Цельций температура шкаласы

Ауаның, судың медицинада дененің қызуын өлшейтін термометрдің өлшеуіш шкаласы Цельсий градуспен бөлінгені көпшілігімізге белгілі.
Бізге мектептен „қалыпты атмосфералық қысымдағы„ мұздың еріп суға айналу құбылысын 0 (нөль) Цельсий градуста және судың қайнауын 100 Цельсий градуста орын алатын құбылыс дегенді үйретті. Қорытып айтқанда Цельсий шкаласының негізінде судың бір фазадан екінші фазаға өтудің температуралық шекарасы жатқанын түсіндірді.

1742 жылы швед ғылымы Андерс Цельсий осы температуралық шкаласын ұсынғанда бәрі керісінше болатын. Судың қайнауы 0 градус Цельсий, мұздың еруі 100 Цельсий градустың (шкаланың) бірлігіне тең болған. Көп ұзамай Цельсий шкаласы қарама-қарсы бағытқа бұрылды. Осылайша қазіргі кезде қолданатын Цельсий шкаласы және осындай шкаласы бар термометр дүниеге келді. Термометр ішінде қызуға қатытысты көлемін өзгертетін сұйық зат ретінде сынап қолданылды. Термометр шыны қабығы бүлінгенде ішінен сынап сыртқа төгіліп адам денсаулығына қауіп төндіретіні белгілі болған мезеттен оны („сұйық металл„-ды) алмастыратын «сұйықтық» іздестірілді. Соның біреуі 2013 жылы патенттелген «галинстан» атты сұйық зат. Қазір термометрлер жасауға соны қолданады деген сыбыс бар.

Бірақ, Цельсий градус шкаласының жасап шығудың осал жері бар. Судың қайнауы атмосфералық қысымға байланысты болуында. Дәл қазір сізді қоршап тұрған атмосфералық қысым қалыпты, яғни, сынап бағанасы бойынша 760 мм болуы екі талай. Оның шамасы ауа-райына қарай бір күннің ішінде сынап бағанасының 4-5 мм дейін өзгеруі мүмкін.
Жәнеде физикада бекітілген «қалыпты» атмосфералық қысымнан басқа географиялық орналасуыңызға байланысты жергілікті «қалыпты» атмосфералық қысымда болады.
11.09.2016 жылы сағат 12-00 Өскемен қаласында ауа қысымы сынап бағасы бойынша 735 мм тең. Бүгін 24.09.2016 сағат 12-00 атмосфералық қысым сынап бағанасы бойынша 738 мм.
Яғни, Өскемендіктер үшін ауаның сынап бағанасы бойынша қысымы күз айында 735-740 мм тең болуы қалыпты жағдай.
Осындай атмосфералық қысымда су құйылған беті ашық қазан астына от жағып оның ішіндегі суды қайнатсақ оның температурасы 99 градус Цельсийге жетпей қайнайды.
Өскеменде термометр шкаласын 0..100 Цельсий градусқа судың бір фазасынан екінші фазасын өтуін негіз етіп алып бөлсек 1 градусқа қате өлшейтін термометр шкаласын аламыз. Дұрыс шкала алу үшін, мысалға, барокамераны қолдануға болады.
Андерс Цельций сынапты термометрді жасап шығарғанда оларды бірдей өлшеуіш шкаларымен жабдықтаудың жолын ашты. Қолында сынапты термометр жасауға қажет барлық мүмкіншіліктер болса, онда Андрес Цельцийдің әдісімен оны температура шкаласымен жабдықтау арқылы дәл сондай басқа термометрлерге сай өлшейтіне сенімді боласың.
Әрі қарай

Жұрттың баласымен салыстыру неге дұрыс емес?

Әдетте қазақтың қоғамын жамандаушылар көп кездеседі. Қазақтың барын көрсеткіштігі, мақтаншақтығы жиі тілге тиек болып жатады. Алайда біздің қоғамда кең таралған, орысша айтқанда понт және көре алмаушылықтың себебі неде? Осы тақырып жайында менің видео-пікірімді көре отырып мүмкін жаңа ой ести аласыз. Келіспесеңіз өз ойыңызды қалдырыңыз, жаңа пікір оқуға әрқашан ризамын.
Әрі қарай

Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Қазақстанның үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласына алыс-жақын жерлерден қонақ келсе, шыны керек, қыдыртып алып баратын жерлерді әркімнен сұрап, тапырақтап қалатынымыз рас. Әйтсе де, қаламызда баратын жерлер өте көп. Виртуаль және реалдағы достарымның арасында өзімше сауалнама жүргізген болатынмын. Сұрақ «Егер де Шымкентке басқа өңірден жақын достарыңыз қыдырып келсе, қаланың қай жерлеріне алып барар едіңіз?.» Әркім өз ойымен, барып жүрген жерлерімен, алып барған орындарымен бөлісті. Сонымен Шымкентке келе қалсаңыз Сіз бару керек 10 жер төмендегідей…

Бәйдібек би ескерткіші маңы мен Жайлаукөл саябағы.

Сауалнамаға қатысқандардың 100 пайызы осы орынды атады. Жақында ғана бой көтерген «Жайлаукөл» демалыс аумағының салтанатты ашылуын облыс әкімінің өзі ашып берген болатын. Демалыс аумағына келушілер үшін 20 атракцион мен 50 метр биіктікте орналасқан Орта Азиядағы ең биік «Altyn eye» дөңгелегі қызмет етеді. Сонымен қатар бұл маңда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумен бой көтерген.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Дендросаябақ.

Аумағы 117 гектарды құрайтын, Қазақстандағы екінші дендросаябақ 1979 жылдан бастап бой көтерген. Ағаштар саны 500 мыңға, шөптесін өсімдіктер саны 1 млн 360 мыңға жеткен. Қала халқы мен қонақтарына демалу үшін таптырмас орын. Барлық үйленген жас-жұбайлардың той алды серуені осы жерден бастау алады.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Mega Center SHYMKENT

Mega SHYMKENT-қаламыздағы ең ірі сауда ойын-сауық орталығы. 2007 жылы ашылған орталық Тәуке хан даңғылы мен Қонаев гүлзарының қиылысында орналасқан. Сауда ойын-сауық орталығында 54 бутик, 2900 шаршы метрді алып жатқан гипермаркет, 300 орынға арналған ресторан алаңқайы, 6 кафе және ресторан, балалар ойын-сауық залы, 5 залды кинотеатр, 385 шаршы метр мұз алаңы, 250 көлікке арналған жер асты паркинг жұмыс істеуде.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Мадлен.

Алғашында тәтті тоқаш пісіріп, сатумен айналысқан Мадина мен Лена бүгінде Қазақстанның (Алматы, Астана, Шымкент, Тараз) 23, Шымкенттің 11 жерінен өз дәмханасын ашқан. Қала халқының ғана емес қонақтарының да ықыластарына бөленген «Мадлен» ең көп келетін орынға айналғалы қашан. Мадленде 580 өнім шығарылады, оның ішінде тәтті тағам 120. 1997 жылы 8 адам жұмыс істесе, бүгінде 850 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Көксарай.

Шығыс үлгісінде салынған ресторан палауы мен кәуабы, самсасы мен тандыр наны арқылы көпшілікке танылған. Егер де Шымкентке жолыңыз түсе қалса, Көксарайдың көк шайы мен палауын дәм татып кеткейсіз.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Rixos Хадиша Шымкент.

Қаламыздағы ең қымбат әрі сәнді қонақ үйге түнеп шығуға кез-келген адамның қалтасы көтере бермесі анық. Алайда, «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде орналасқан караоке клубына кірмей қайтпағайсыз.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

«Север» балмұздағы.

Кезек күтуде «Халық» банкімен бірдей тұратын, қала халқы ең көп баратын орын «Севердің» балмұздағы. Өзінің дәмінің ерекшелігінің арқасында тұрғындарды баурап алғаны рас.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Тәуелсіздік саябағы.

Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай салынған саябақ, қаланың ең көрікті жері саналады. Саябақта «Ел бірлігі» монументі мен «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясы орын тепкен. Қаламыздағы ең бірінші «билейтін» субұрқақ осы саябақта ашылған.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

«Боулинг» орталығы

Қонаев гүлзарының бойында орналасқан «Боулинг» орталығы қала жастарының ең көп баратын орынына айналған. Бір ойында 300 балл жинасаңыз 150 000 теңге қаржылай сыйлық сіздікі.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

«Сауран» демалыс кешені.

Жаз айында демалатын ең қолайлы орын – «Сауран» демалыс кешені. 150 орындық ресторан, өзен жағасындағы тапшандар, караоке, лоундж бар, аква парк мұның бәрі Сіздер үшін.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Блог - meirman_kz89: Шымкентте Сіз көру керек 10 жер.

Суреттердің авторы Мақсат Шағырбаев және интернеттен алынған.
Әрі қарай

«Темір жол» ойыншығы. "Транспорттық ойын" ойнауға үйрету

«Темір жол» ойыншығы баламның қолына тиіп:
-Папа мынау не? -дегенде, жан-жағыма қарап жауапттан жалтартар жай таппай өмірден түйгенімді түйсігімде әрі-бері сапырып темір жолға қатысты «не бар-ау?», деп қарап шықтым. Іздегенім табылмады. Бағыма қарай қойын қалтада жүрген смартфон есіме түсіп соны қолданып жібердім, сұрақ жауабы оңай табылды. Қалтасына сұрақтың жауабын жасырған оқушыдай:
-Вагондар түрі әр түрлі болады. Мынауда вагонның бір түрі, атауы хоппер. Үсті ашық ұнтақ затты тасымалдауға арналған. Мұндай вагондар көмір тасымалдау үшін ыңғайлы. Ұсатылған тас көмір вагонның үстігі тұсынан тиеледі. Тиелген көмір вагонның астыңғы жағындағы люк ашылғанда төмен төгіліп вагонды босатады. Тиелген көмір осылайша вагон астынан түсірледі.
Сұрақ жауабын тапқанға асыққанымда бір білгенім бар.
Үйдің төрінде «темір жол» ойыншығы пайда болмағанда «хоппер» вагон атауын біліппін бе? Өмірімде бір-екі рет теміржол арқылы жүк тасымалдауды ауызша сипаттау қажет болған. Сонда ойдағыны ауызша жеткізгенге қиналғанмын. Іздеген сөз ауызға түспей «анау-мынау»-дей бере кеңістікті есіген қол вагон кескінін салып ойымды әзер жеткізгенім есте қалыпты. Көбінде оқушы балалар мұндай кезде:
-Біліп тұрмын бірақ айталмаймын, -дейді. Ех, қайдан айтсын! Егер сөз қорында қажет сөз табылмаса. Түйсігі болса көз алдындағы әрекетті түсінуге жетіп-ақ тұр! Жеткізгенге сөз жоқ.
Ойыншықты қарастыруға оралайық.
Бала поъезді жүргізуге асығып вагон дөңгелектерін рельске дұрыс орналастырмай локомотивті іске қосып жібергенде поъезді құраған тіркеме қозғалысқа келіп тіркемедегі вагондары бірінен соң бірі жолдан шығып ауып төңкерілді.
Блог - bake: «Темір жол» ойыншығы. Транспорттық ойын ойнауға үйрету
Мұндай кішігірім жазмыш оқиға орын алмау үшін шағын «Вагонға дөңгелектері қалай бекіген екен?» атты зертеу жұмысын баламен жүргізген жөн-ақ.
Зерттеу жұмысы басы оның атауынан шығып-ақ тұр. Ол үшін хоппер немесе басқа бір вагонды қолға алып оның астындағы төрт жұп құраған сегіз дөңгелек қалайша вагонға бекігеніне көңіл аудартсақ болғаны.
Бала вагонды қалай рельс үстіне дұрыс орнатуға болатынын түсініп алған соң «темір жол» ойыншығымен ойынды әрі қарай жалғастырады.
Блог - bake: «Темір жол» ойыншығы. Транспорттық ойын ойнауға үйрету
Осының бәрін жаза отырып келесі ой қорттым:
1) «Темір жол» ойыншығымен ойнаудың қызығы вагон дөңгелектерін «рельс» үстіне орналастырғаннан-ақ басталады.
2) Ойын барысында балаға поъезд құраған вагондардың атауымен және қолданыс мақсатымен таныстырған жөн.
Локомотив. Моторлы вагон. Мотор түріне қарай локомотив атауы әр түрлі келеді:
-электр моторлы;
-жылу қозғалтқышты (суретте ТЭ33А локомотиві).
Локомотив өзіне тіркелген вагондарды сүйреп қозғалтады.
Цистерна немесе танк. Сұйық затты тасымалдауға арналған вагон түрі.
Платформа. Жан-жағы ашық жауын-шашынан қорғалмаған вагон. Онымен ұнтақталған пайдалы қазба, контейнер, ауыл шаруашылық техникасын тасымалданады.

* Біздің үйдегі «темір жол» ойыншығының поъезі жүретін жолы 16 пластмассалық бөліктен жиналады. Яғни, шеңбер 16 секторға бөлінген, сол секторлардан поъездің жолы түзеледі.
**Екі дөңгелек бір білікке орнатылғанын білдіріп «жұп түзеп тұр» дедім.

P.S.: «Темір жол» ойыны т с. с. жаңа ойынды бастағанда үлкенің біреуі балаға бас-көз болса онда кейіннірек өздігінен қызықты, танымды ойындарды ұйымдастыратына сенімдімін.
Сурет www.railways.kz/ru/node/3200 бетінен алынған.
Әрі қарай

Жеріну-2

Жағалығына жазығы беймәлім қызыл түлкіні өңгеріп алған ана әртіс жігіт нағыз өнердің киесін ұққан майталман екен. «Балқадишаны» зарлана айтып, көмейінен өксік толы әуенді әуелеткенде тойда отырған кейбір қатындар сүйегі қурап кеткен Балқадишаны қарғады-ай келіп, «Осындай жігіттің төресін еңіретіп қойған Балқадиша бетбақ екен» десті. Ән аяқталысымен ду-ду соғылған шапалақ пен қошеметке мас болған әртіс жігіт күлімдеп, самайынан тамшылай аққан терін иығындағы түлкінің құйрығымен бір сүртіп тастап, қолын кеудесіне қойып еңкейіп жұртшылыққа ілтипатын білдіруді ұмытқан жоқ. Өнерің үстем болсын деп нағашылар, құдалар, достар, жұмыстастар атынан беріліп жатқан шашуларды түлкі шапанының қалтасына сүңгітіп жатты. Шапан қалтасы әдейілеп терең етіп тігілсе керек.
Той қауымына қызмет етіп жүрген даяшы Әсемгүл аққұман ұстаған білегі дір-дір етіп әртіс жігіттен көзін ала алмады. Жасы елуді еңсеріп қалса да ашық-шашық иығына қоса омырауын ақырып кеткен қамырдай төгілтіп қойған сары шашты әйелдің жалаңаш етіне шай құйып алды. «Ах, ты, саплячка!» деп басталған айқай әртіс жігітке көрсетіліп жатқан қошеметтен асып түсті.
Дәретханадағы айнаның алдына келіп еңкілдеп жылады Әсемгүл. Табанынан таусылып жүріп табатыны екі мың теңге, оның үстіне долы әйелдердің айқайы мен сылқым қыздардың еркелігі жүйкесін жұқартатынын қосыңыз. Әнші болып туылса жаңағы әртіс жігіттей бұның да қалтасы қампаяр еді, гүлді көйлек киіп бұл да тойдың гүліне айналар еді. Жылап тұрып айнаға қарады. Домбығып ісіп кеткен сығыр көзі мен әлсін-әлсін су ағып пышылдап тұрған тәмпіш танауы әншіліктің ауылы алыс екенін айтып-ақ тастады.
«Сексен қыз серуенге шықса дағы...»
Жаңағы қоңыр әдемі дауыс дәл қасынан шықты. Шапанын шешіп тастап, ақ көйлек, ақ шалбар киген әртіс жігіт дәл жанына келіп тұр.
-Жылама, атың кім?
-Әсемгүл.
-Әсемгүл… Әсемгүл… – қапелімде бұнымен аттас қызға шығарылған әндер ойына келмеген соң басын қиқаң еткізіп бір қозғады да, — той біткенше кетіп қалма,-деп қалтасына қолын салып жіберіп, әркімнің алақанының тері мен кіріне тойып тұрған үш-төрт қағаз ақшаны уыстап алды Әсемгүлдің алақанына тастай сала асығыс шығып кетті.
Торғайға тұзақты қалай құрушы еді? Жем тастайтын алдына алдаусыратып… Әсемгүлдің жем, торғай, тұзақ туралы ойлауына әлі ерте, ақыл-ойы пісіп жетілмеген педагогикалық колледждің екінші курс студенті еді бар болғаны…

Той аяқталды. Өнер көрсеткен әртістер өзара даурығып алған.
-Сен бүгін Сәкеннен көп тапқан сияқтысын ақшаны.
— Сәкенге жете алмадым.
-Сәкенге оң мың жетпей қалды, — деп тапқан табыстарын Сәкеннің межесімен салыстыруларына қарағанда орталарындағы мерейі үстемі де, беделі биігі де Сәкен болса керек.
Жаңағы маңғаз, асқар таудай биік өнер иелері той тарқасымен пәс болып қалған. Әр үстелден артылып қалған орта шөлмек арақтарды бір-біріне араластырып ішіп, шеті тістелген тауықтың бұттарын ұрттары бұлтыңдап кеміріп отыр.
Тойхананың кіреберісінде тұрған Әсемгүлді көп күттірмей Сәкен де шықты сыртқа.
Іші толған домбыра, гитара, микрофон, темір-терсек, тіпті үкілі сәукелеге дейін тиелген машина отырып Әсемгүл Сәкенмен бірге келе жатыр. Қайда барамыз деп сұрау да ойына келмеді Әсемгүлдің.
Құрқылдайдың ұясындай бір уыс жатақхананың бөлмесіне ертіп алып келді.
-Ән айтып беремін,-деді Сәкен ішке кірерінде. Ән айтудың соңы Әсемгүлдің жігіт атаулымен алғаш рет сүйісуіне ұласты.
«Апам біліп қалса ше, апам біліп қалса ше? Өлтіреді мені» деп тұншыға сыбырлағаны Сәкеннің жағымсыз ыңыранған дауысынан асып кете алмады, өзінен басқа ешкім де естімеді. Қызығушылық пен қорқыныш алма кезек ауысқан сезімнің еркіне еріп есі кіресілі-шығасылы Әсемгүл жағдайды пайымдап та үлгермеді.
Сәкеннің салмағына езіліп, мыжғыланып, жансызданып қалған екі санын сипалап отырып:
-Біз үйленеміз ғой, иә?-деді Әсемгүл.
Сәкен жуап қайтармады. Орынынан тұра беріп, аяқ астына шалқасынан жатқан домбыраға сүрініп қала жаздады да, теуіп жіберді. Дыңғыр-дыңғыр етіп түсініксіз әуен шығарған домбыра өкпелеп қалғандай бір бұрышқа сарт етіп барып құлады.
Әсемгүл де темір кереуетті сақыр-сұқыр еткізіп жалп етіп етпетінен сұлқ құлады да, сыңсып жылап қоя берді.
-Тағы да ақша берем, үстіңе күшті көйлек сатып аласың,- деген Сәкеннің сөзін естімеді де.
Әрі қарай

Керек-Ринг 31/07/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

Керек-Ринг ойынына қатысушылар әр ойын сайын көбейіп келеді. Кешегі ойында командалар саны 8 болды. Залда 7 команда + Шымкенттен онлайн 1 команда. Біз үшін рекордтық көрсеткіш. Ойынға алғаш рет қатысқан Фортуна командасы 3-орын алды, дебютанттар үшін өте жақсы көрсеткіш. Тәжірибелі ойыншылардан құралып, алғаш рет бір команда болып жиналған Әйел бақыты 2-орында қалды. Ал соңғы кезде нәтижесіз ойын көрсетіп кеткен, Керек-Ринг ойындарында ең көп жеңіске жеткен Бақсы командасы кешегі ойында 19 мүмкіндіктен 12 ұпай алды!

1-тур сұрақтары asaubota

1. Жазғы Олимпиада ойындары әдетте жазда өтеді аты айтып тұрғандай. Алайда, бір рет ойындар қыркүйек айында өтті және бұл кез ол елде көктем мезгілі болатын. Бұл Олимпиада қай қалада өткен еді?

2. Картада көкпен белгіленген елдерде бұның пайыздық өлшемі өте төмен. Қараларда өте жоғары. Сарыдан қоңырға дейін деңгейі аса бермек. Картада ненің деңгейі белгіленген?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

3. Юморист Стас Янковскийдің пікірінше Үкіметтің Қылмыспен кезекті күресінде тағы да кім жеңді?

4. 2007 жылы Ирактан танымал болып оралған әскер Колби Баззелді Esquire журналы жұмысқа алды. АҚШ қарулы күштерінің сарбазы Колби Баззел Ирактағы әскери қызметі кезінде не жүргізген еді?

5. Суретте ненің жарнамалық постері?
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

6. Бұл ойынның шығарушылары болып ақ-қара киімді бір католик орденінің мүшелері саналады. Діни қызметкерлерге құмар ойындары тыйым салынғандықтан осы ойынды ойлап тапқан деседі. Ойынды бастар алдында Тәңріні ұлықтайды. Тіпті ойынның аты Тәңрінің латын тіліндегі атауынан шыққан. Италияда шыққан бұл қандай үстел ойыны?

7. Қазіргі Олимпиада ойындарының құрушысы Пьер де Кубэртен ойындарға тек әуесқой ойыншылардың қатысуын қалады. Осылайша алғашқы ойындарға кәсіпқой спортшылар қатыстырылмады. ІІ Дүниежүзілік Соғыстан кейін бұл ереже өзгере бастады. Ал қазір тек жалғыз бір спорт түрі ғана әуесқойлық ережесімен өткізіледі. Қай спорт түрі?

8. Ашылғанына биыл 10 жыл болған Twitter бұл смайликті ең көп қолданылған ретінде атап өтті. Твиттершілер бүгінге дейін твиттерінде және пікірлерінде 14,5 млрд рет пайдаланған екен. Ал Оксфорд сөздігі 2015 жылы бұл смайликке “Жыл сөзі” атағын берді. Иә, иә, сөз емес, смайликке. Өйткені, зерттеулер бойынша бұл 2015 жылы ең көп қолданылған эмодзи екен. Жауап ретінде смайликтың атын емес, өзін ғана жіберіңіз.

9. Бұл күнді жапондар Жер Күні деп атайды. Ал еуропа халықтарының біразында көнеримдіктерден қалған Сатурн күнімен байланысады. Білім және ғылым министрі Сағадиевтің айтуынша, мұндай өте маңызды күн бұрын біздің оқушыларда болған жоқ. Бірақ, енді жаңа бағдарламаға сәйкес болатын болды. Бұл қандай күн?

2-тур сұрақтары MERmukhanov

1. 1970 жылы Қазақстан милициясы тауда тығылып жүрген адамжегіш маньякты іздеуде аса табысқа жете алмады. Әскер тікұшақтары да шарасыз болды. Сол кезде жергілікті милиционерлер республикада әзір жоқ, бірақ Мәскеуде бар секциядан көмек сұрады. Бұл секцияда немен айналысатын еді?

2. Бразилиядағы соңғы 1,5 – 2 жылда пайда болған сыралардың бірі 7,1 пайыз алкогольдан тұрады. Бірдей әріптен басталатын екі сөзден тұратын оның қазақша атауын дәл атаңыз.

3. Қазақстанның бір қаласында отыз бес жылдық мерейтойына орай 2006 жылы ОЛАРҒА арнап ескерткіш орнатты. Доцент Женя кезінде бұл қалада гастрольда болыпты, сол себепті жылы оңтүстік қаласы есте қалып, репликаны сол ұсыныпты деседі, алайда айтқан Раднэр болатын. Сава болса, АҚШ-қа көшіп кетті.
Ескерткіш кімдерге орнатылған?

4. Марк Твеннің сөзін толықтырыңыз:
_______ _______ — бізге қалған 364 күнде кім екенімізді еске салатын күн.

5. Назар аударыңыздар, ойбастар!
Морин Эванс өз рецепттерінде ОНЫҢ екі түрін жазу үшін сөз басында кіші және үлкен әріпті пайдаланып ажыратады.
Геральдикада ОЛ — бейбітшіліктің белгісі, ал оның төрттік «досы» — соғыстың белгісі деседі.
Орта ғасырлардағы саяхатшы пилигримдер өзімен бірге тек ең қажетті нәрселерді алған. Олардың әрқайсысында шағын ашылмалы бақалшық болған екен. Бұл бақалшықтар ОНЫҢ қызметін атқарған.

6. Бұл суреттер Лондонда жасалған, алайда Нью-Йоркте, Барселонада, Тайпейде, Алматыда, Новосибирскте және тағы басқа қалаларда осы тақылеттес суреттерді сала беруге болар еді.
Сіз көріп отырған суреттерден біз алып тастаған фонның не екенін екі сөзбен атаңыз
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 31/07/2016

7. Орыс жұмбағын шешіңіз.
Бір аптада алтын және жас ұлан
Неге ақбас кәріге ол айналған?
Сонсоң тағы қос күнде
Тақыр бас боп кеттің бе?

8. Қазақстандық «Ross Limited» компаниясының негізін қалаушы, жас кондитер Әділхан Сартаев әлемдегі ең қымбат кәмпиттер шығарды. 6 шоколад кәмпиті салынатын қара вулкандық әйнек қорабының әрқайсысы 14 мың доллар тұрады. Кәмпит фольгасының орнына 585 пробалы жұқа алтын қатпар пайдаланылған. Әр кәмпит түрлі формада және түрлі стихияны білдіреді: тетраэдр – отты, октаэдр – ауаны, куб – жерді, икосаэдр – суды, додекаэдр – эфирді, ал сфера формадағы – ОСЫНЫ. Осыншама ысырапты түсіне алмаған сұрақ авторының пікірінше, кондитердің басында да – ОСЫ.
Соңғы сфера тәрізді кәмпит нені білдіреді?

9. Орта ғасырларда медициналық әдебиетте ОЛ «Құдайдың көмегімен» дегенді білдірген. Картографияда ауылды білдірген. Инженер үшін ол – «сегіз тарам» немесе «сегіз алаң», музыкант үшін диез белгісі – «нотаны жарты тонға көтеруді» меңзейді. Американлық үшін шетелдік валютаның бірін білдіре алады.
Ал біз оны жиі қалай атаймыз?

10. Нэнси Астордың үйінде көп танымал адам жиналатын. Бірақ соған орай, Чарли Чаплин «Өзімді басқа әйелге келгендей сезінемін» дейтін.
Ендеше, сол басқа әйел туралы сұрақ:
Мари Гросхольц 1760 жылы туды. Ол сол кездің өзінде-ақ тыныш және ерекше түгі жоқ Бейкер стриттегі ғимараттың иесі еді. Ұнатқан жігіті Франсуаға күйеуге тиген шағы да сол болатын.
Франсуаның фамилиясын атаңыз.
Әрі қарай

Саршаян жөніндегі "ұзақ" әңгіме

Зоологтың бастан кешкендері: Саршаян жөніндегі ұзақ әңгіме
Бұл дала кезген адамға сабақ болар оқиға.

Кәсібімізге байланысты кеміргіш індеріне көп үңілеміз, тіпті жалаң қолымызды сұғып жіберіп, қармап жатамыз. Қорыныштысы кеміргіштер емес… Ін аузындағы қуыстарды неше түрлі ұсақжәндіктер қоныстанады. Неше түрлі қоңыздар, құмырсқалар, кірпі, тасбақа, жылан – бәрін кездестіріп жүрміз. Бұл «квартиранттардың» кейбірі ін қожасына пайда әкелсе, екіншісінің пайдасы да, зияны да жоқ, ал үшіншісі қожайынның арқасында күн көреді. Біз үшін қауіптісі інге тығылатын улы жыландар, бүйі мен саршаяндар.

Күн қатты қызған кезде сексеуілді тоғайдың шетіне шатыр құрып дем алғанбыз. Түс ауып, кешкі салқынмен жүрмек болып, астымызға жайған брезент жаймамызды жинап алсақ, құмға көміле жиналған он шақты саршаянды байқадық. Екеуі ірі, қалғандары мап-майда болып, жыбырлап жатыр. Ұсақтарының бірін шырпы қорабына салып алдым. Бұл әлі тісі шыпаған бөлтірік сияқты, шағуды білмейтін кезі…

Саршаян – өрмекші тұқымдастарының ертеден келе жатқан түрі. Түріне қарап, өрмекшіге ұқсату қиын, есесіне жұрттың бәріне таныс. Бунақ-бунақ ұзын құйрығы мен алдыңғы аяқтарындағы қысқаш-шымшуырлары оны өзге тұқымдастарынан ерекшелеп тұрады. Ұсақ жәндіктерді қысқаштарымен ұстап алса, ірлерін құйрық ұшындағы улы бізбен шаншып, жансыздандырады.

Менің қолымдағы саршаян әлі әлсіз, күнге қарасаң ішек-қарны көрінетіндей мөлдір. Бұлар кейде тірілей туып, кейде жұмыртқадан жарып шығады. Қырық-елу шақты кішкентай шаяндар енесінің арқасына жабысып, бір-екі апта тәрбие алады. Түсіп қалмау үшін бұл кезде аяқтарында тырнақ емес, сорғыш жабысқы болады. Осы бір-екі аптаның ішінде тырнақтары өсіп, сыртқы қабыршақ қабаты қатқылдана бастайды. Алдағы бір-бір жарым жыл ішінде қабыршағы (хитин) әлі алты-жеті рет ауысуы тиіс. Содан кейін ғана саршаян ересек шағына жетеді.

Саршаян түн жәндігі. Күннің нұры тайған бойда қорқынышты қысқаштарын ұмсындырып, бунақты құйрығын бұлғақтата азық іздеуге аттанады. Қысқаштарында орналасқан өте сезімтал талшықтар ықтимал жемтікті қалт жібермейді. Шап беріп ұстаған құрбаны әл бермейтіндей болса, бунақты құйрық іске қосылады. Бір шанышқаны жеткілікті. Аздан соң жемтіктің қарсыласар шамасы қалмайды. Қатты ашыққан кезде саршаян өзінен кіші, әлсіздерін де жеп қоя салады. Тағы бір қасиеті тамақсыз да ұзақ уақыт өмір сүре алады.

… Әлгі қорапша далада киген күртенің қалтасында жүре беріпті. Іссапардан оралып, есеп-қисабымды өткізіп жүргенде жұмысшылардың бірі шырпы сұрады (темекі шекпесем де, қалтамда міндетті түрде сіріңке жүреді). Ойымда ештеңе жоқ, қалтамдағы қорапты ұстата салдым. Темекі тұтатпақ болған жігіт ойбайлап атып тұрғаны. Аузындағы темекі бір жаққа, шырпы қорабы бір жаққа ұшты. Жігітке емес, қорапшаға ұмтылдым. Ішінде бас жағы езіліп қалған саршаян жатыр екен. Осыдан жиырма күн бұрын қолға түскен әлжуаз жәндік жауына қарсы тұра алатын «сарбаз» болып өсіпті. Аш құрсақ күндер тіпті әсер етпеген.

Мұратбай Алашбайұлы
Әрі қарай