Ұялы байланыстан үнемдейміз

Блог - Erbol: Ұялы байланыстан үнемдейміз

Осыдан жиырма жыл бұрын адамдар «Желі ұстамай тұр», «Менің телефоныма ақша салшы», «Саған жаңа ғана телефонмен хат жібердім, алдың ба?» немесе «Телефонымды үйге қалдырып кетіппін, хабарласа алмадым» дегенді естісе, ақыл-есі ауысқан деп ойлауы мүмкін еді. Қазір ұялы телефонсыз өзімізді жалаңаш қалғандай сезінеміз. Почтаны тексеріп, чатқа шығып, баратын мекен-жайымыз туралы білуді смартфонсыз елестете алмаймыз.

Алайда, мұндай «ғажайып құрылғы»қазір арзан болғанымен, біз ұялы байланыс пен қосымша қызметтер мен қосымшаларына өзіміз байқамастан әжептәуір қаражат жұмсаймыз. Өзіміз бен айналамыздағы адамдардың ұялы байланыс шығынын есептеп көргенде смартфонды орта деңгейде белсенді қолданушы айына 5 000 теңгені сөйлесу мен интернетке жұмсайтынын байқадық. Бір отбасында бірнеше адам белсенді пайдаланушы болса, отбасылық бюджетке кәдімгідей шығын болары анық. Мысалы: үйдегі 4 адамның екеуі айына 5000, екеуі 3000 жұмсаса, отбасылық бюджет 16 000 теңгеге азайып отырады. Бұлай болмауы үшін не істеу керек? Үнемдеу жолдарын қарастырып көрейік.

Бірінші – тарифті дұрыс таңдау
Менің таныстарымның жартысынан астамы тарифке мән бермейді екен. Өйткені тариф таңдау қарапайым нәрсе емес. Жалпы білетіндер «жақсы» немесе «жаман» тарифтердің болмайтынын айтады. Өйткені ұялы байланыс операторлары адамдардың түрлі санаттарына арнап, тарифтерді жоспарлайды. Тек өзіңіздің қажеттілік деңгейіңізді анықтап, тарифті таңдауға тырысыңыз. Тарифті таңдау үшін өзіңіз жиі жүргізетін негізгі операцияларды анықтап алыңыз. Бұл үшін тарифтік навигаторды қолдансаңыз болады. Оған сіз қажетті параметрлерді енгізесіз. Ол сізге қолайлы тарифті анықтап береді. Тарифтік онлайн-навигатор қызметін шетелдік, қазақстандық көптеген ұялы байланыс операторларының көпшілігі ұсынады. Егер сіздің операторыңыз мұны қарастырмаса, «қолмен» түзетуге тура келеді. Тариф таңдау үшін анықтап алатын параметрлер:

• Қандай нөмірлерге жиі хабарласасыз (өзіңіздің операторыңыз, басқа операторлар, қалалық нөмірлерге)
• Бір қоңырауға орташа алғанда қанша уақыт жұмсайсыз?
• Бір күнде шамамен қанша рет қоңырау шаласыз?
• Қалааралық және халықаралық қоңырауларға қаншалықты жиі қоңырау шаласыз?
• Сізге роуминг қажет бола ма?
• Ұялы интернетті қолданасыз ба және шамамен қолданатын трафик мөлшері қандай?
Өзіңізге қажетті жауап алған соң барлық ұялы байланыс операторларына мониторинг жасап, өзіңізге ыңғайлы тарифті таңдаңыз.

Менде 3 байланыс операторының нөмірі бар. Жақында бірін ғана қалдырғым келіп, тарифтік навигатордың көмегіне жүгіндім. Таңдау Tele2-нің Супер+ тарифіне түсті. Өйткені 702-ден басталатын нөміріме бірлік шақ келмейді. Салғаныңды жұтып алып қарап отырады. Үшінші нөмір басында жеке оператор ретінде шыққан еді, кейін басқа оператормен қосылып, тарифтері қымбаттап кетті. Маған қолайсыз. Tele2-нің Супер+ тарифін біраз қоладнғаннан кейін шынымен қолайлы екендігін байқап, отбасымызбен таңдадық. Тегін нәрселер көп екен: Желі ішінде қоңырау шалу, 9000 смс, басқа операторларға 90 минут, 5Гб интернет, тегін. Интернетінің жылдамдығы да көңілден шықты.

Тариф туралы толығырақ оқимын десеңіз.

Тағы бір маңызды нәрсе – өзіңіз таңдаған оператор ұсынатын акциялардың соңынан жүгіре бермеңіз. Мұндай акциялар (мысалы: сүйікті нөмір, бірліктерді екі еселеу т.б) сіздің шығындарыңызды азайтуы мүмкін. Бірақ, өмір бір орнында тұрмайды. Өзіңіздің ішкі немесе айналаңыздағы қажеттіліктер өзгереді. Сіз таңдаған тариф бір жылдан кейін маңыздылығын жоғалтып, тиімді ұсыныс болудан қалуы мүмкін. Ұялы байланыс нарығында бәсекелестік жоғары, сондықтан тиімді жаңа тарифтер жиі пайда болады.

Екінші – SMS-ті ұмытыңыз, MMS-ті тіпті ойламаңыз
Қазіргі кезде ұялы байланыс арқылы хабарлама жіберу арзан тұрады. Тіпті кейде кейбір пакеттермен бірге тегін болады. Бірақ, тегін мессенджерлер бар кезде, ол үшін төлем жасаудың қажеті не? Ұялы телефоныңызға Viber, WhatsApp, Telegram-ды орнатып, достарыңызға тегін хат қана емес, фото, видео мәліметтерді жібере аласыз. Бұл қосымшалар өте қарапайым жұмыс істейді. Ұялы телефоныңызға орнатасыз. Қосымша автоматты түрде кітапшаңыздағы нөмірлерді табады, әрі қарай бұл бағдарламаны орнатқан достарыңызбен сөйлесе берсеңіз болады. Viber-де тегін қоңырау шалсаңыз болады. Мұнда тек трафик үшін төлеу керек. Бірақ, бұл бәрібір арзан. Әрі қазір көп жерлерде Wi-Fi деген «ғажайыптың» барлығын ұмытпаңыз.

Үшінші кеңес – интернетте үнемдеңіз
Қарапайым бірінші кеңес: Wi-Fi-ды жиірек қолдануға тырысыңыз. Қазіргі кезде ол көптеген жерлерде тегін. Жаңартулар мен қосымшаларды жүктеуді тек Wi-Fi бар жерде жасауға тырысыңыз.
Екінші, егер мұндай мүмкіндік болмаса, жоғарыда айтылғандай өз қажеттілігіңіздің «мөлшерін» анықтай отырып, тиімді тарифті таңдаңыз. Егер интернетке кірмейтін болсаңыз, лимитсіздік үшін төлеудің қажеті жоқ.

Үшінші, ұялы телефоныңызға ұялы интернет үшін арнайы бағдарламалық шешімдерді орнатыңыз: мысалы, web-парақшаларды сығымдап, 3G-интернетті үнемді жасайтын браузерді немесе электронды поштаңызды сығымдалған нұсқада көруге мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны.
Ең соңғысы, егер лимитсіз интернетті қолданып, тұрақты Wi-Fi қолдансаңыз – қажет емес ұялы қызметтерді өшіріп тастаңыз. Мысалы: ауа-райы, анекдоттар үшін текке ақша төлеудің қажеті не? Бұлардың барлығын интернеттен тегін-ақ көре аласыз.

Төртінші кеңес- роумингті бақылаңыз
Шетелден оралған соң көптеген абоненттер байланыс үшін қарыз болып қалғанына шағымданады. Кейін туыстары шалған жиі қоңыраудан немесе интернетті жиі қолданғаннан байқаусызда минусқа кетіп қалғаны анықталады. Бұл көптеген адамдардың тарифтерін немесе роумингтегі «әрекетін» бақыламағаннан немесе өз смартфонының жұмыс принцптерін түсінбегеннен болады. Смартфондардың көпшілігі дұрыс жұмыс істеуі үшін өздігінен интернетке қосылып, бағдарламаларды жаңартып, жүктейді. Мұндай «еркіндікті» шектеу үшін 3G өшіру жеткіліксіз, желіге GPRS және EDGE арқылы кіруге де шектеу қою керек.

Шетелде жүрсеңіз, мүмкіндігінше әуежай, қонақ үй, кафелерде болатын Wi-Fi-ды қолдануды ұмытпаңыз. Егер интернетті мүлдем қолданбайтын болсаңыз, оффлайнды жұмыс істейтіндерден бөлек барлық қосымшаларды өшіріңіз.
Егер саяхатыңыз ұзаққа созылатын болса – жергілікті оператордың сим картасын алыңыз, бұл сізге арзандау болады. Бірақ, хат жазу, фото, видео жіберу барысында мессенджерлерді қолдануды ұмытпаңыз.

Ең соңғы және сәл мағынасыздау кеңес: өзіңізге қажет кезде ғана қоңырау шалыңыз! Ұялы телефон ұзақ сөйлесуге арналған құрал деген ереже жоқтығын да ұмытпаңыз)
Әрі қарай

#ББББ. Нағыз инвестициялық шолу

Инцес… Инфоцессс… Инвестициясы несі, а? © Қалдыбек
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуБала туғалы жатқан қатынның соңғы серпінінің алдындағы бір күшенуі секілді, блогиаданың жетінші туры да қылаң берді. Бұл жолғы тақырып, әй жоқ, шәй жоқ, «Инвестиция» деп былш етіп түсті-ау жарықтық. Біз секілді қарабайыр, қос дәрет арасындағы ажалды оқырман үшін тым күрделі тақырып болғанымен, оны да оқып көрмекке бел буып, құйрық тіреп, қол босаттым.
Уа, гений және сіредний, суфий және сүкий жамағат! Мен бұл тақырыптан гөрі Дженна Хейздің туындыларын көбірек білем, сіз де аса қатты файнаншел-білгір емессіз-ау. Алайда әлеуметтік маңыздылығы, мемлекеттік өзектілігі де ықтимал, сарабдал тақырып екенін мойындаймын. Сондықтан, рұқсат етсеңіздер, байсалды бағыттағы блогерлер жазбасына бір уақ "өз кәйпімнен" тыс шығып, ми салып оқып көрейін. Рұқсат етпесеңіздер де — кеш, бастап кеттім.
Маралбек Сағынғанов үлестік инвестициялық қорлар жайлы жазыпты
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуЖазыпты дегенде, әуелгі скриніңізді айтам. Маған да мұндай жанашыр бауырлар/сестралар жиі жазып тұрады. Әрине, спам, тіпті боттар жазып жатыр ма деймін, ол да мүмкін. Бірақ осылай негізгі тақырыпқа өтудегі мағыналық линиясы тірі блогерлік әдіс екенін атап өту қажет.
Жазба тілі жетік, грамматикасы — ретімен. Безендіруі бірыңғай. Оқырманға түсінікті жеткізілгенімен, сюжеттік бояуы тым терең қаузалмаған. Механизмдік сауалдар туған оқырманға ары қарай жітірек өздерің зерттеңдер деген ниеттегі бағыттық пост болып шыққан. Танымдық, өзіндік жазбагерлік жүйе бар, «Серъезность бар. Бірақ кішкене құрғақтау екен» деген қазының сөзінде гәп бар ғой.
Тақырып ҮИҚ болғандықтан, қордың үш түрі аталған шақта кірішкесіз һәм кіршіксіз көңіліме сол үштіктің барлығы жайлы көбірек ақпар берілуі тиіс секілді көрінді. Сіз екі қор жайлы «Интервалдық қорларда мұндай операцияны нақты белгіленген уақыттарда ғана жүзеге асыра аласыз. Ал, үшіншісіне қор құрылып жатқанда ғана кіріп, нақты белгіленген уақыт мәресіне жеткенде ғана шығып кете аласыз. Оның үстіне интервалдық және жабық қордан үлес сатып алу тым қымбат» дегеннен аса қоймадыңыз. Оның себебі — бұл екі қаржылық жолдың оқырманға қымбаттығы мен механизмдік қолжетімсіздігі деген аргументтерді айтқаныңызды ескере отырып, бұл жағдайда жалпы жазба атауы/тақырыбы — «АҮИҚ» болуы қисындырақ еді. Қалған екеуі сонда жалпы кіріспе бөлімшенің бөлшегіне айналмақ керек, шамасы.
«Хижра бойынша 1425 жылдан бері.»дегеніңіз ұнады. Оу, е, баламалы ойлау мысалы!
«Неғайбіл» сөзі осылай жазылмайды-ау буын үндестігіне орай. Әлде мен шатасып отырмын ба?
Танымдық ақпарат… Әрине, әйтпесе, Маралбек болармысыз?..
Міне, соңына да келіп қалдық. Жалпы, қарапайым идея ұтқыр жеткізілген. Аяқталуы басталуымен байланысты, сондықтан қисынды, тапқыр. Трольшық! Спамның күні спаммен деген осы!
Әйгерім Кеулімжай, "Инвестиция". Қаржыны қайда құям?
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуӘйгерім Кеулімжай, ҰҚК мен өсекшілердің соңғы мәлімет бойынша, берекең кіргір БӨРІБАЕВА, әңгімесін «Маңдай термен тапқан артық ақшаны қайда құюға болады?» деп бастайды. Ашығын айтайық, маңдай термен таппаған қаржыны да құя беруге болатынын біздің елдің әккі мырзалары біліп қойған…
Жазба қызық, тақырыпқа орай әдіс-түрлерінің біразы/бәрі қамтылыпты. Суреттер сирек, ой жинақы.
"Қазақстаның депозиттерге кепілдік беру қоры" — Менің Қазақстаным, сенің Қазақстаның. :)
"… төмендетілмейтін қалдықтың аз болуы" тіркесін басым әлі қақпай отыр. Жарайды, назар аудармаңдар маған. Оқи түсейін, түсініп қалармын.
«Мәдина, тәуекел-менеджер» — ықықы. Тәуекел-менеджер! Ықықықы. Көне қазақ жазбалары Тәуекелдің (1583 — 1598 ж.ж. билеген) шынымен тәуір менеджер болғанын растайды.
«Дегенмен, Қазақстанда ҮИҚ – тиімсіз болып табылады» — Маралбе-ек??? :)
Жазбаңыз ұнады, тіпті шадыман көңіл «Мәдина там, Мәдина здесь» деп әндетуге бейіл.
Кеттім. Тағы бір шиша алуға. ©
Асқар Базарбайдың атауы ұзақ тағы бір шағын шедеврін оқуды бастадым
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуОй, оқу деп қоямын. Анимация! Маған жұмысты жеңілдеткеніңіз, бір жағынан, қандай жақсы!
Посттың тілі даусы… Ақақақақақақақақа, дауыстар, дауыстар менің басымда! GoAnimate-ті пайдалануды бастаңдар, креативбектер!
Фантастика! Ана бала кәмелетке толмағандығымен де фантастика. :)
Эх! Иә, сосын Дубля*ж дегендегі жұлдызшаны байқаған жалғыз мен бе? :)
Жюридің пікірін шолдым. Неге жюриді біркелкі, бірсарынды қылудан шаршамайсыз? Маған да шолу жасауға аса қатты маневр қалдырмадыңыз. Жалпы, анимациялық фильмнің өз ішінде, фильм есебінде конструктивті сын жасауға болар еді, бірақ тақырыптық көзқарас пен шешімнің шогы оған мүмкіндік бермей отыр.
Сонда да бір далбаса жіліктейін бе?
«Менің балмұздағым жақсы, себебі ол басқалардікімен салыстырғанда, ерімейді» — бұл тіркес Асқардың посттары жайлы.
«Сау бол, балақай!» — ал бұл қарсыластарға айтылған «давайдасвитания».
«Басы артық ақшамды енді қалай пайдаға асырсам екен?» — дейді Асқар өз даусымен миллион алған соң. Болды.
Мөлт еткен мульт. Бәрекелді-і-і! *Мұрынды қысып тұрып оқу керек*
Эльвира Ерғалина үйге инвестиция салу жайлы қалам тербейді
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуЖазба қызық, өзекті. Тап-тұйнақтай пост. Жеңіл оқылады. Суреттер… жәрәйді енді. Тақырып желісі жеке көзқарасқа негізделген, бірақ блогерге абсолют объективтілік қажет емес. :)
Мына бір жерде: "өзің үйде «потологқа түкіріп жатасың»" — Өзің үйде сексапотолоГқа түкіріп қойып жатасың. :)
Одан бөлек, маған артықшылықтары мен кемшіліктерінің салмақ категориялары "үйірейіп" тұрып болмаса да, аздап әртүрлі секілді көрінді. Басқа айтарым жоқ. Сапалы!
p.s. Сіздің жазбаңыз арқау болып, уа, Эльвира ханым, мен анекдот ойлап таптым:
Алматыдағы жер сілкінісі пәтер деген мүліктің сондай бір жылжымайтын емес екенін дәлелдеп берді. :)

Осымен, тәмам. Жазбаларда ешкім мазмұндық жаңалық ашпаған, оған тақырыптың тартыныстылығы да, жаңалық ашу қажеттілігінің жоқтығы да себеп шығар. Айқын ойды әдемі, шым-шытырықты, әртүрлі алып келуге болады. Бірақ қазы келіншектің «кэптей» беруінің де гәбі мен діті бар-ау.
Жаңалық ашпағанда, технологиялық-көрнекі жаңалық, әрине, болды. Анимациялық фильм. Мен соңғы турда да посттардан көзімнің майы құрғайды деп сенемін.
Сондай-ақ, айтып кетейін: блогтарда пунткуациялық ақаулар болып тұрады енді, оны бірақ ешкім оқып отырмайды ғой. Оның үстіне, олар жай «ачепятка», әйтпесе, шынымен білмей жазады дегенге мен де, Назгүл ханым да Ctrl+Хтамайды екенбіз.
Жалпы, #ББББ бойынша, тұғырдың екінші сатысы үшін айқас соңғы турға қалып отыр. Қанды қоймалжың арпалысты жақсы көрем өзім. Гызляр, сәттілік!
Иә, әнебір сайтта блогерлерді бағалаған жюри саны бірдей емес. Қане, қане, табыңдар, қай жазбагерді бәрі жапа-тармағай бағалап тастады? :)
Қорыта отыра, соңғы турға кіріспе тастай келе, тақырып жөнінде мынаны айтқым келеді. Блогиадашылар! Сіздердің жыл бойы іздеген қазбаларыңыз бен жазған жазбаларыңыз, төккен тер мен кеткен шер, ой мен дене еңбегінің барлығы — қазнеттің ертеңіне салған инвестицияларыңыз. Тек, бұл ұзақ мерзімді инвестициялар жалғыз сіз үшін ғана салынған салым емес. Нағыз инвестициялар. Сондықтан да менің шолуым — нағыз инвестициялық шолу.
Жарайды, жаңа жыл жуық, блогиада бітпек. Сіздердің құрметтеріңізге де, өзіме де жұмыстан демалыс беріп, тойлауға кеттім. Батылдық үшін салафизмнен басқа да нәрсе қабылдауға болатынын дәлелдеп қайтайын. Жеңісті күндерде жуысқанша!

p.s. Айтып жіберіңдерші, кісінің туған күніне сыйлық алу үшін сол кісінің өзінен қарыз алу инвестиция болып санала ма?…
Әрі қарай

Сол кездер

— Өй, қу сүйектің майын сорасың ба?!
— Қане, сақам, алшы, тауха түсе ғой!
— Өй, Мергенбай...!
— Қарызға бір мүжік тікші, ұтсам екі асық қылып қайтарам…
— Сақаңды бере тұршы, ұтсам екі майлы асық беремін…
— Арқарыңды (сақа) неше асыққа айырбастайсың?
— деген жаңғырықтар мен бірге ойнаған балалардың бейнелері санамда ақ-қара түсті деректі кино таспалары секілді айнала береді. "Үш табан", «алтыатар»,«шік-бүк», «черта» ойындарын ойнап, у-шу болып жататын едік. Асық ойнаудың екі тәсілі бар: бірі шынға, екіншісі өтірікке. Шынға ойнасақ, тігілген асықты ұтылсақ, қайтарылмайды; өтірікке ойнасақ, қайтарып аламыз. Дүниені ұмытып, туп-тура асықтан әлем чемпионты секілді шынымен дауласамыз. Ара-тұра төбелесіп аламыз. Арамызда «Пәленшемен шығасың ба? Түгеншемен бірге-бір тұрасың ба?» деп шағыстыратын түлендер табылады. Жауап былай: «Шығам», «тиіссе қарап тұрмаймын», «білмеймін».
Футбол. Көгалға барып екіге бөлініп, доп тебеміз. "Қақпамыз" екі үлкен тас. Қақпада жасы кіші балалар тұрады. Біз бес-алтыншы сыныпта оқысақ, қақпашылар бірінші-екінші сыныпта оқитын балалар. Бейне бір әлем чемпионатында ойнағандай еліреміз кеп. Жіліншіктен, тізеден жәй ғана теуіп жіберіп, талайды ойбайлатқаным есімде. Өтірік күліп: «Кешір» деп басынан сипап, құшақтап алдай саламын. Добымыз жыланы бар тоғанға түсіп кетсе, қақпашыларды аяқтарынан салбыратып, допты алдырамыз. )))) Футболымыздың соңы кейде төбелеспен аяқталады. Бітімге келіп, татуласып, қайта ойнаймыз. Футболдан соң, біраз тынығып, жас мөлшері, дене бітіміне қарай жұптасып күресеміз.
Карта. Алтылық және қара қатын ойнаймыз. Жабылып кеткен картаның бәрі демей-ақ қояйын, көбі (көзірлер) менің жеңімде болады. Ұтылып бара жатсам дау шығарамын. Картаның соңы шатақпен аяқталып, бір-бірімізді қуалап, тебісіп кетеміз.
Қисалақ немесе қиса. Сол кезде жасы 17-18 мөлшеріндегі бойжеткен бар еді. Аз-мұз жеңілтек, қара ағашша қатқан арық, маймақ, былқ-сылқ етіп қисаңдап жүргеніне қарап "қиса, қиса, қиса-еу" деп артынан шулайтын едік. Ол пысқырмай жүретін, күшіктер секілді шәуілдесіп қаламыз.
Мен көрген түріктің тарихи сериалы. Осман сұлтандығы, кресшілер, апыр-топыр. Есімде қалған кейіпкер — Оруч баба.
Даллас. Джеа. Жағымсыз әрі отты кейіпкер. Оған қарап: «Бәттібай, тағы сытылып шықты» дейсің амалсыз.
Дункан Маклауд. Шотландия тауларында 400 жыл бұрын туған бас шапқыш. ))))
Зена. Сол қатынды көру үшін сабағымды тез-тез оқып тастайтынмын. Зена қиқулап, айғайлап төбелескенін көріп, ырза боламын.
Юсуф Миролу. Юсуфтар өлмейді. © Құсшы
Жаңа киім кигенді «и, жыртыс» деп жамырасып қарсы алатын едік. 90ж. аяғында жаңа киім киетіндер аз, кигендер мақтанып жүреміз, олай жүріп, былай жүріп.
Құрбы қыздар. Бөлек әңгіме. Құрбыларға қырындаудың бір тәсілі олармен бірге жасырынбақ және кәртүшке ойнау.
Мектепке кіру үшін кезекте тұрып та төбелесіп кетеміз. Бізге бәрібір.
«Тезірек өсіп, азамат боламын» деп балалықтың қадірін білмедім, құнттамадым. Тоңған кезде жанымды жылытатын, ащыны тәтті ететін қайталанбас сәттерді күлімдеп есіме аламын. Қайран, сол кездер!
Әрі қарай

"Қазақтелекоммен" өткен үш күн: Өскемен

Блог - Daniar-Alan: Қазақтелекоммен өткен үш күн: Өскемен
… ертеңіне таңмен таласа тұрып Өскеменге тарттық. Семей мен екі ортадағы жол өте нашар екен. Жолда ұйықтаймыз деген ойымыз орындалмады. 10-дардың шамасында қалаға кіріп бардық. Кірер тұста Қабанбай батыр ескерткіші жанына суретке түсуді де ұмытпадық ;) Жан-жағына тратуар төсеп, абаттандырып жатыр екен.
Бірден Қазақтелекомның офисіне тартып кеттік :) Алғашқы кіргеніміз ID-орталық болды. Қазақтелекомның барлық жеріндегідей кірсең шыққысыз :) Бұл жердің «фишкасы» ретро байланыс құралдары екен. Тұра қалып блогерлер суретке түсе бастады :)
Облыстық филиалда жалпы 3 000-ға жуық адам қызмет атқарады екен. «Ауылдық елді мекендерді телефонмен қамту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында 763 ауыл телефонмен, 418 (55 пайызы) ауыл кең жолақты интернет қызметіне қосылыпты.
2014 жылдың аяғына дейін жалпы қашықтығы 333 шақырым оптикалық байланыс желіжолының құрылысын аяқтамақшы екен.
Қазір 30 000-нан аса ıD net, 15 000 жобасында iD tv, 6 000 нан аса абонент ıD Phone қызметтерін пайдалануда екен.

Блог - Daniar-Alan: Қазақтелекоммен өткен үш күн: Өскемен

Анықтама қызметіне талай хабарласқан шығарсыздар ә? :) Ал мен ОЛАРдың кім екенін көрдім ;)

Блог - Daniar-Alan: Қазақтелекоммен өткен үш күн: Өскемен

Қаланың өзін жөндеп көре алмадық. "Қазақстан" деген жазуы бар төбенің жанынан 2 рет өтсек те уақыттың тығыздығына байланысты тоқтай алмадық. Бірер күн бұрын сол төбеде әнұран сөздері қате жазылған дегенді фейсбукте бір кісі айтып еді… Көзбен көруге мүмкіндік болмады.
Онан бөлек тура сол біз жолда кезде шыққан Өскемен орыс жері деген мақаласымақты тексермекші де болғанбыз (төөуухх деЩ). Тексергенде… жәй көшедегі өзге ұлт өкілдерінен сұрастырып, пікірін білмекші едік…
Болмады. Тіпті таныстарға барып үлгермедік барып тұрып.
Келе жатқанда бізбен барған орыстілді блогердің «баруға жүкті болып қалдық» деген пікірін оқыдым :) Қайтып барып асықпай аралайтын жер екен… Бұйыртса…
Әрі қарай

Дезинформация немесе халық неге сенгіш?

Блог - aikarakoz: Дезинформация немесе халық неге сенгіш?
Instagram желісін бірден шарлап кеткен құрттаған KFC өнімі естеріңізде ме? Одан кейін әлеуметтік желінің бәрі «шулап» жатты. «Ойбай, Астанадағы KFC дәмінен құрт табылыпты, құрысын, фастфудтан аулақ жүрейік!» деп ұрандатқан халық ақпараттың рас-өтірігі жайлы ойланған да жоқ, әйтеуір «халықты алдап-соққан» киэфсиліктерді жек көре берді.
Негізі ол фотоның әу бастағы мақсаты сол болатын — танымал KFC брендінің репутациясына нұқсан келтіру, тұтынушылар санын азайту. Қыркүйек айының басында шетелдік сайттардың бірінде қасақана пайда болған бұл фото бізге бір айдан соң жетті. KFC өніміне жасалған қастандық шетелдегі халықты да сендірген сияқты. Алайда, аталған фастфудтың Фейсбуктегі ресми парақшасы «суреттегі тағамның өз өнімдеріне түк қатысы жоқ екенін, әдейі таратылған жалған ақпарат» екенін хабарлады.
Әрине бұл шу арқылы қанша зардап шегіп, табыс пайызы нешеге азайғаны тек өздеріне ғана аян. Әйтеуір Астанадағы Керуен мен Хан шатырдың футкордына келген халықтың жартысы KFC алдында тұрушы еді, "құрттаған" фото шыққалы бері 4-5 адам қарасын ғана көретін болыппын. Мүмкін халық аз жүретін уақытқа тап келген шығармын, кім біледі…

Мұны несіне есіме алдым? Бұл әрекет — дезинформация деп аталады. Яғни, қандай да бір арам пиғылмен, біреуге (немесе тауарға, т.б.) зиян тудырып, репутациясына нұқсан келтіру үшін, халықтың ойын теріске бұру үшін таратылған жалған ақпарат.
Дезинформация — [ фр. des — теріс, фр. information- ақпарат] — қоғамдық сананы жаңылыстырып, онда қандай да бір реакция тудыру мақсатын көздеп, ақиқат ретінде таратылатын жалған ақпарат. (Википедия)

Дезинформация саясатта да, тұрмыста да, бизнесте де, барлық салада кездесе береді. Оны таратушының журналист болуы шарт емес. Дезаны сіз де, ол да, тіпті, мына біз — блогерлер де тарата аламыз.

Блогер демекші… өзіміздің Ернар Бекенов пен Дінмұхамед Зиядиннің 1 сәуір қарсаңында жасаған "әзілін" де ұмыта қойған жоқ шығарсыз? Kinostan.kz сайтына «Шақан-шері» киносының түсірілетінін, оның Голливудта экранизацияланатынын жазған еді. Әп-сәтте жаңалық таратушы «алып» сайттарымыз көшіріп басып, халықтан «сүйінші» сұрап жатты. Артынан дезинформация екенін айтқанда, дереккөзін тәптіштеп тексеріп алмағанына талай редактор өкініп қалды-ау. Қайта сабақ болды десек те, халықтың сенімін арқалаған журналистер жауапкершілікті әлі де сезінбейтін секілді ме, қалай?

Жалған ақпаратты жеткізушіні жазғырмай қоя тұрайық, жалған ақпаратты қабылдап алушы біздің халық кез келген инфоның бәрін жұта бере ме? Неліктен сенімді кейіппен жазылған жазбаның бәрін шын деп ойлайды? Өмірде де солай ма екен әлде бұрмаланған жаңалыққа сендіру қиын бола ма?

Осы сәтте төбемдегі «лампочка» жана қалсын! Адамдардың ақпаратты виртуал мен өмірде қалай қабылдайтынын тексеріп көргім келді. «Ақпаратты растауымды талап етіп, қандай да бір сұрақ қояр ма екен» деген оймен аз-маз эксперимент жасадым.

Блог - aikarakoz: Дезинформация немесе халық неге сенгіш?

Әпкемнің «той саған да жұғысты болсын» деп сыйлаған жүзігін атсыз саусағыма тағып алдым да, суретін Фейсбукке жариялап жібердім. Ал, ақ батасын жаудырсын жұрт. Әрине, бақытты болуымды тілеген виртурал достарыма алғысым шексіз. Бірақ, басылған 346 лайк пен жазылған 75 пікірдің арасынан 1-2 ғана «менің күйеуге шығатыныма» күмән келтіріп, жекеде 1 адам ғана тұрмыс құратынымның рас-өтірігін нақтылады. Неге шылдыр шүмегіме жүзік тақсам, той болуы керек? Жүзік сол саусағыма ғана шақ болса ше? Неге адамдар өзінің қабылдағанын шындық деп ойлайды? Өзімнен неге нақтылап сұрамасқа? :)

Мүмкін экраннан «есіткен» ақпараттың астындағы пікір басқа адамның қабылдауына әсер ететін шығар?! Бәлкім, қасына келіп, «жаңалық» айтқанда ғана оған күмәнмен қарап, ақпараттың «шығу тегін» сұрайтын болар?! Соны анықтамаққа камераны алып, көшеге шықтық.

(Астанада күн суық, осылай бүрсеңдеп жүрдік. Ол жалған емес енді :) )

Дезинформацияны қалай анықтауға болады?


Виртуалда қандай да бір ақпаратты көзіңіз шалса, оны таратпастан бұрын:
— алғашқы дереккөзін немесе ақпаратты ресми сайттардан іздеңіз;
— оқиға орын алған жерде түсірілген фото не видеоны іздеңіз;
— ақпарат жарияланған сайттың салмағына қараңыз. Жақында ғана ашылған, жазбасы аз сайттарға күмәнмен қараңыз;
— митинг, апат, шабуыл, тағы сол сияқты шаралар орын ала қалса, сол жерде смартфоны бар кез келген адам фото не видео түсіріп, жүктейді. Бірнеше адамнан фото/видео іздеңіз;
— ақпаратты шет тілінде іздеп көріңіз;
— фотоны URL-ы арқылы тексеріңіз.
Осы әрекеттердің бәрі ақпаратты расқа шығарса, ойланбастан халыққа тарата беруіңізге болады :)

Өмірде біреу сізге келіп, қандай да бір ақпарат айтып жатса:
— алдымен оның аты-жөнін, мамандығын сұраңыз;
— журналист болса, қай баспа, арна, сайттан келгенін сұрап, оны растайтын құжатын талап етуіңізге де болады;
— сізге ақпаратты жеткізгендегі мақсатын сұраңыз;
— сізді қандай да бір шараға шақырса, бірден келіспеңіз, интернеттен сол шара туралы ақпарат іздеңіз. Арнайы ұйымдастырылған бүліктің құрбаны болып шығуыңыз да мүмкін;
— бөтен жандар ұсынатын тегін нәрсеге, себепсіз сыйлыққа күмәнмен қараңыз.

Сақтанғанды Құдай сақтайды, жалған ақпарат жолықпасын!
Әрі қарай

#ББББ. Ақырғы аламанның алғашқы айналымы: Қай блогыңды қыршиын?

Барлық игі жақсы атеистер мен активистерге дұғай сәлем!
Барлық игі бақсы, адвентистерге дұға сәлем! Сақалы балағынан төмен бауырларға да хай, мэн!
Білгір блөгірлер, амансыңдар ма? Оларды оқып жүрген, нокиа ұстап, роллтон жеген қарапайым қазақтар, есенсіңдер ме? Көптен жазыспадық, оқыспадық.
Ой, тым эмоционалды амандасып жіберіппін. Енді, түсінесіздер ғой… Өзім аман-сау, шүкір. Ажалым жалқаулықтан болмасы анық деп, екі апта еңбек демалысында жүрмін. Қайбір ресми еңбек демалысы дейсің, сол өзіме өзім жасап алған, прорабты ескертіп кеткен жай-дағы. Біз блогер емеспіз ғой, ресми жұмысымыз да, біз үшін тұрып беретін эстрада тобы аттас ұйымымыз да жоқ.
Ал Блогиадада атышулы жеті апта басталды. Жиналатын да, қиналатын да кезең — финал атында. Тақырыпты білесіздер. Былш еткізіп жазуға беті жоқтардың бетперделері жайлы. Бетпердундар! Фейктер, кейіпкерлер, образдар. Жыным келеді негізі фейктерге. Олар дегенде валерианка ұрттаған мысықтай тіксініп қалам. Аямай артын ашып тастасаңыздар екен!
Оның үстіне, шаршаусыз шабатын соңғы аламан емес пе?!
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Ақырғы аламанның алғашқы айналымы: Қай блогыңды қыршиын?
Жалпы, финал келгеніне мен де қуанам, негізі. Төртеудің тақпағын талқылау алтаудың аманатын арқалағаннан оңайырақ қой. Шолақ тізім — ниқұрмовый, қысқасы.
Енді, шолақты шолайық…
Маралбек Сағынғанов виртуал бетпердені шығармашылық қайнары деп санайды екен.
Бұл жөнінде жазылған жазбаның тілі жетік, стилистикалық мүдіру жоқ. Баяндау, танымдық стиль. Жинақы. Ха, жоқ, қазір бір нәрсе табам.
«Виртуал бетперде әлдебір мақсатты көздеген болса ғұмыры ұзақ болмайды. Ал егер, нақты нысанасыз, тек өз кайфы үшін жазса ұзаққа шабады» — осы тұжырымыңыз ұнады. Ақылға қонымды.
Ал 37-нің сеңгіріндегі арыз жазғыш аноним көршілер жайлы абзацта «Бірақ, бұл анонимдер немесе бетперделі тұлғалар бірінші кезекте өзінің артын жабу үшін ұзақ өмір сүре алмайтыны түсінікті» деген сөйлемді шайнап, ыждаһаттай алмай отырмын. Өз артын жабу үшін бетін ашып қояды дегеніңіз бе, әлде шынымен өліп қалады дегеніңіз бе? Айтылмақ ой ең сәйкес, орнықты тәсілмен жеткізілмеген сияқты. Сосын жалпы «Виртуал бетперде — шығармашылық қайнары» деген тақырып контексінде солақай арыз иелерін біртүрлі қабылдап отырмын. Қаз… Цинизм мен шығармашылық еркіндікке салып көрейін… О, енді «нәрмәлні» қабылдап отырмын. :)
«Алайда, бұл жерде де бетперде кию талап етілгенде ақырына дейін жанталасатындардың саны көп болар еді деген күдігім бар.» — Солай ма, Михалыч! Мхм… Негізі, иә, келісемін. Ойыңыз жөн, анонимдік байқау көрігін қыздырып, әділетке жақынырақ келуші еді. Бірақ қтөнің қтө екенін стилі, қолтаңбасына қарап-ақ тауып алар едік пе, кім білсін, ә? :)
Иә, не ғой, сіз жариялаған байқау не болып жатыр? Біреу-міреу жұмыстарын жіберіп жатыр ма? Жалпы, поштаңызды жазбасаңыз, бәрі біледі дегенге сенімдісіз бе? :) Кәментшілер көлденең бөрене (бұтақ деп оқу мұстаһап) қойып кеткен секілді көрінді.
Пост бетперделілердің бетмоншағы үзілмейтіндігі, шығармашылық беталыстары басым болатындығы жайлы қозғалыпты.Тақырып терең қаузауды талап етпесе де, жазбаңызда сараптау шеберлігінің ұшқыны көрініп тұр. Найс.
Мәке, мен сізге сенем! Қияттармен туыстығымыз бар. :)
Әйгерім Кеулімжай неге үнемі тек өз атынан жазады?
Себебі, сен крутаясың! Әлде жазбада басқаша себептер бар ма? Қарайық…
«Барлық форум, блогтұғыр, әлеуметтік желілерде сол Әйгерім Кеулімжай деген бір атым.» — Қое, Кеулімжай деген псевдоң емес пе не? :) Қалайша осындай блогерде фейк не мәскі жоқ? Пара алмайтын маишник сияқты екенсіз-оу… :)
Жылы, «свойский» пост. Постша. «Кел-кел, бырат, ішеміз» деп шақырып алатын Нәкөштің аурасы… Фррр, не деп кеттім? Жазба тілі еркін. Ал тақырып таңдалуы еркіндіктен емес. Маралбек жазбай кеткен қырларыңызды жазып тастапсыз. :) Сонда да соны жазайын-ау деп таңдағанызға күмәнім бар. Тақырып тамырыңызды баспаған сияқты. Дамбалшаң жүргеннен классикалық джинсиде неше түйме болатынын сұрап не керегі бар дегендей… Өзіңіз айтпақшы, сіз бетпердесіз болғандықтан, бетпердесізДІК жайлы жазбасқа не шара...
"Әлеуметтік желіде жазбаларыма қалдырылған сүйкімсіздеу пікірлерді өшіре саламын. Енді қайтем? " дейсіз-ау. Шынымен де ей, заңмен тыйым салынбаған нәрсені жасауға кім кедергі, иә? :)
"Өз басым да біреуге аноним «бригол» ұстап тырқ-тырқ күліп отырудан кетәрі болмас ем, егер келесі пункт болмағанда." Егер келесі пункт болмағанда! — Охо, осынау өткеліңіз ұнады. Стилистикалық, құрылымдық көркем боп көрінді.
Сосын ше, мен бақылау құрметіне ие жалғыз жюридің (төраға оның үстіне) кәментіне қаттым. күмәнсіз, мәнді, мағыналы, болашақта сіздің шығармашылығызға пайда тиетіндей ақыл-кеңеске толы кәмент. :) «Иии, мұрныңнан шымшып алса осы». :)
Меніңше, сауалнама жүргізген еңбегіңіз бағалауға лайық. Оған аз-ақ рөл бергеніңіз, бір жағынан — кемшілік. Екінші жағынан, тақырып аясында дұрыс та сияқты. Жазбаңыздағы тұжырымдар логикаға сай, сенбеске шара қалдырмайды. Жалпы, тәп-тәуір, пәшти автобиографиялық жазба. Алдағы жазбаларға әлде де ізденіс қосыңызшы, иә мә? :) Әйтпесе ана сайтан қыз озып кетеді :)
Ә, иә, айтпақшы, классикалық джинсиде 5 түйме болуы тиіс.
Эльвира Ерғалина виртперде деген спруттың сегіз аяғын бір жіпке буыпты.
Бууын буған ғой, негізі, осы постта ше, факт жүзінде екі атау болған кезде, «немесенің» алдында үтір болуы керек пе? Соны әйел қазыдан сұрай салыңдаршы, мыңжасағырлар, иә мә?
Мә-ә, ең басындағы шынайылығыңыз ұнап қалды. Өзіңіз де сау сусиырдың сирағы емес екенсіз ғой. :) Бәсе деймін-ау, қайдан шыққан энерджайзер бұл деп…
«Бетперденің әшкере болу пайызы өмірден гөрі монитордың арғы бетінде аздау, сенімдірек». Мағынасын түсініп алдық, ұғынықты. Бірақ бұрқылдар болсақ, осы сөйлемдегі соңғы екі сөз бірыңғай сөйлем мүшелері ретінде: бірі жоғалса да, екіншісі жеке тұрып та сол мағынадан ауытқымау керек екенін айтар ек. «Сенімдірек» жалғыз қалса, кішкене қисынын кетіріп тұр.
Жазбаңыз маған ұнады. Әлде де мәйекті тілмен беруге болар еді, бірақ ол шарт емес. Жеткізілуі тиіс ойдың қалыс қалуы жоқ. Тек, классикалық тролльдар жайлы ойландырып тастадыңыз. Осындай жеке категорияға кіре ме екен олар, м? Бір жағынан, ойландырып тастасаңыз, бей-жай қалдырмаған жазба болғаны ғой. :)
Тағы не? Жіктеу посттары сізде бұрыннан бар, игергенсіз. Біршама құрылымды, сапалы жіктепсіз. Ал цитаталар күлкі ұялатты. Бетперделілер түрлерін сипаттаудағы сықақтау стилі сізде бұрын қатты дамымаған сияқты еді, осы жолы «прям-прям» салмақты.
Психологыңыз да жарайсец екен, барлық типке сипаттама беріпті. Үйлесімді, қисынды. Өзім қатты сенбеймін, бірақ бәрібір маман деген аты жазбаға масса қосқан екен. Так держать!
Пост жақсы. Тек тақырыпты қорыту, тоқетері, көрерменге сауал, қалжыңды тұжырым жетпей тұр. Соңы бір категорияның емімен бітпеуі тиіс сияқты. «По крайней мере, мы, работяги, так не поступаем». :)
Асқар Базарбай бетперде сататын дүкен ашып жібере жаздағанын еске түсіреді
Содан ғой, "ҚАЙ БЕТПЕРДЕМДІ ШЫМШИЫН?!" деп ақырғаны. Не болды соншама, тақырыбын жазғанда капслогыңызға тоғын қыстырылып қалды ма? :)
Айтпақ ойыңызды түсіндім. Жарайды, мен оқуды доғара тұрайын. Таңертең келіп, тағы оқимын бірақ.
… Жазбаның соңғы жағы ұзақ сөйлемдерден тұратындықтан, ауыр көрініп кеткені рас. Қазір таза баспен келіп, тым тәуір пост екенін түсініп отырмын.
Білесіз бе? Интернеттегі жалпы бетпердені сыпыра отырып, өзіңіздің сол интернеттегі, оның салдары ретінде өмірдегі адами қатынастар туындысы есебіндегі өзге адамдардың сізге көзқарасы алдындағы бетпердені сыпырыпсыз (фуууф, не деген ұзақ сөйлем). Осыған тәнтімін. Гаста Терминатор, Робокоп, Халк, монстр емес екен ғой. Асқар да қолдау, қолпаштау, өзгелер пікірінің жайлылығын іздейді екен. Шынайылығыңыз үшін, өзіңіздің де өлімді өрмекші екеніңізді жасырмастан айқарғаныңыз үшін ризашылығым арта түсті. Әку қандай мықты екенін жазса, сіз соған керісінше жасапсыз. :)
Жалпы, эго жайлы айтқаныңызбен келісемін. Ол аш қасқыр, тамақтандырып отыру керек. Тек инет маскасы мен өмірдегі рөлдердің параллельдігі ондай сәтті теңеу емес секілді көрінді. Рөлдер адами борыштан туады, ал виртперде — … аздап басқа себептерден. Жалпы рөлдік сыртқы ұқсастығы жазсаңыз, онда жарайды.
Айтпақшы, «Интернет-бетперденің ерекшелігі» деген бөлімше атауы не жазып қойды? Кіші әріппен жазатындай… :)
Жазбадағы сенімді кеңес бергендей тұжырымдар — бір жағынан класстың көрінісі де, екінші жағынан кәдімгідей психология, кәдімгідей тәжірибе. Алты аккаунт дегенін жасайды ғой енді :)
Жазба тілі жағынан жеңіл де емес, бірақ күрделі тағы ештеңесі жоқ сияқты. Суреттік безендіру көңілден шығып тұр. Қорытынды ой орнында. Меніңше, жеке басқа қатысты болғасын, ең терең тінткен пост болды. Постты үсті-үстіне жетілдіре беру қасиетіңіз де қатты ұнайды. Рақмет!

Болдық қой, иә? Сонымен, маған финалдың бастамасы жаман емес сияқты. Төрт жазбаның біршама тар ауқымды тақырыпта айтар ойы әртүрлі болғаны тәтті, сәтті, шатты. Блогерлер ешкімнің бетпердесін шешуге ұмтылмайтынын былай да сезгем (қайда-аа ол, білмесең қиын, білсең — антиморали ғой), әйтсе де жалпы виртперделіктің сипаты мен себебін, салдары мен салмағын саралайтынына күмән болған жоқ. Шын, жазбалар оқырмандық қарапайым миыма ұнады.
Енді бір қарапайым оқырманнан көтініш тыңдасаңыздар екен. Осы жерде мен нұрлы жүзді төрттікке базыналайын деп едім. Сіздер — финалиссіздер. Алты Алашты ауыздарыңызға саусақтарыңызға қаратып отырғандықтан, жазба тиянақтылығын максималды сақтасаңыздар екен. Пунктуацияға дейін жіті қарасаңыздар екен. Яки, сипаты суық, идеалға жуық қылып салсаңыздар уәжіп секілді, Назгүлжарболғырлар дейм де! :) «Ачепятка» сөздер, қақыр-шүкір, дефис-үтірге дейін қарап қойыңыздар. Сосын кей блогердің (2 де 2 делік) суреттермен әспеттеу жағы да көңілімнен шықпады. Мұны сіздерге талай тұсқағаз жапсырған, талай қасбет сылаған маман айтып отыр деп қабылдаңыздар :))) Сосын жюри де тезірек бағалап отырса күшті болар еді. Олардың пікірін шолып қояйын деген сұмпайы ниет қой сол баяғы. Әйтпесе, олар менің шолуымды күтіп жүр, ориентир алу үшін деп ойлап қалам. :))) Уф, болды. Миии, айтып-айтып тастадым-ей… :)

Осымен, тайм-аут. Гендерлік теңдік жағдайында аламанның ақырғы айналымы келіп жетті. «Екі блогердің екеуі де тамаша болса, төсі үлкенірегін таңда» деп бабам Фрейд айтып кетпекші, енді тек кілең тамаша посттар күтеміз. Арда емген арғымақтар, шә-әп деймін! Сіздерге сериозни сәттілік!
Кеттім, сіздердің саулықтарыңыз үшін аздап сыралатып қайтайын. Көріскенше!
p.s. Менің атым Бөрібай, және мен террорист бетперде емеспін!

Сурет Сальвадор Далидің жеке мұрағатынан алынды.
Әрі қарай

Эльвира Ерғалина. Әлеуметтік эксперимент: Селфиге халықтың реакциясы

Эльвира Ерғалина енді астаналықтардың селфиге қалай қарайтынын сынап көрді. Айтпаса да түсінікті, жастар жағы оны өте жақсы біледі. Ал, үлкен кісілер телефонын алып, жүгіріп келе жатқан адамға қалай қарайды екен? :)

Әрі қарай

Туған күнгі тілек

Блог - ademi_alem: Туған күнгі тілек

Голливудтың есінде бар санаулы актерлердің бірі – Кирк Дуглас. Киноға түспегеніне бес-алты жыл өтіп, жасы жүзге таяп қалса да бұрынғы қалпын сақтап, тың ойлар айтады. Сіздерге оның 97 жасқа толғанда жазған хатын ұсынбақпыз.

«Бүгін менің ТОҚСАН ЖЕТІНШІ туған күнім.
Әрі қарай

Блогиада #22. "Бақсы-шмақсы" (с)

Бұл пост өзім туралы материалдар сериясының соңғысы болсыншы :)

Блог - patick: Блогиада #22. Бақсы-шмақсы ©
Тәуелсіздік алып, елге Ислам кеңінен тарай бастағанда бәрі бақсы-емшілерді жек көре бастапты, байқаймын. Ол, аздай бәрін топтастырып, бір категорияға енгізіп жіберіпті. Әйтеуір, шариғатқа сай келмейтіндердің барлығы кәпірлер, шайтандар, міскіндер, басқа да зұлымдар.

Менің түсінігімдегі халық емшілері мүлдем басқаша. Әрине алаяқтары да кездеседі, бірақ ол туралы кейінірек. Емшілер біздің өңірде (Атырау облысы) бірнеше санатқа бөлінеді: сынықшылар (адамның, малдың қираған сүйектерін жинайды), үшкірушілер (көз тиюден емдейді), тәуіптер (ғылымға белгілі сырқат түрлерін халық тәсілімен емдеу), т.б. осылай кете береді.

Ислам жолында жүргендерге бұл әңгіме ұнай қоймас, ал реалисттер тіпті күліп қарауы мүмкін. Бірақ бұндай нәрсе айтылуы тиіс және ғылыми болсын, басқа да болсын тараптардан өз бағасын алуы тиіс деп есептеймін.

Батыста «аруақ» деген ұғым бар. Ол Оңтүстіктегідей «елес», «жын» немесе ұран шақыруды білдірмейді. Ол қасиет деген мағына береді, сәйкесінше бойына ерекше қасиет дарыған адам — «аруақты» деп аталады. Менің өз жұртымда да, нағашы жұртымда да осындай адамдар болған, қазір де бар. Мен оларға сенбес те едім, егер менің өмірімде бұл жайт орын алмаса.

Нағашы атам — Займолла, Ұлы Отан соғысының ардагері, коммунизммен тәриеленген адам. Бірақ сынықшылықпен айналысуына бұл кедергі бола алмады. Бұл қасиет анасынан берілген. Ал оның анасы Атырау облысына белгілі Сәт бабаның ұрпағы екен. Батыста «Иә, Сәт!» деп сыйынып жатады, ежелде өмір сүрген осы адам туралы небір аңыздар өте көп.

Нағашы ата
Блог - patick: Блогиада #22. Бақсы-шмақсы ©
Нағашы атам Кеңес кезінде де емдеген. Бұл қасиетті адам өзі қаламайды, түрлі аяндармен беріледі екен. Бірде тентек коммунистердің бірі менің нағашы атамның үстінен арыз түсіріпті, «кісі емдейді», "үйінде отырып алаяқтықпен пайда табады" дегендей мотивтері бар екен. Үйге милиция келгенде атамның айтқаны:
— Мен бойымдағы күшті ешкіммен бөліспесем ауырып қаламын, — деп жауап беріпті. Шындығында, нағашы атам ешқашан ақша алған емес.

Әкемнің әңгімесі
Блог - patick: Блогиада #22. Бақсы-шмақсы © — 1980 жылдары мотоциклдің астында қалып, бір аяғым қирап қалды. Операция жасалып, бірнеше айдан кейін гипстелген аяқпен үйге шықтым. Кейін анықталғандай, сынған сүйектің екі бөлшегі орындарынан ығысып, бірінің үстіне бірі шығып кетіпті. Бір аяғым содан қысқа болып қалды. Сүйек сынықтары бекімей жатып, операцияны екінші рет жасаймыз деді. Бұған шыдай алмаған мен ауылға кетіп қалдым. Қайын атамның үйіне барып, сол кісіден ем алғым келді.
Ол мені төсекке жатқызып, аяқ жағымда отырды. Қолын да тигізген жоқ. Бірақ сирағымдағы қираған сүйек бөлшектерінің «кілт-кілт» етіп қозғалып жатқанын сезіп жаттым. Көзбен-ақ, жинап берді. Ауылға екі балдақпен барып, қалаға 21 күннен кейін таяққа сүйеніп қайттым.

Қазір әкем шауып жүр. Бұрын бір аяғы іске жарамай қалды дегенге сенбейсің. Есімде, бала болып өтірік айтсақ бәрін біліп отыратын. Ойнап жүріп, қолдың, тобықтың буынын ауыртып аламыз ғой. Сонда атам марқұмның алдына барамыз. Ол кісі осындай жағдайға қалай душар болғанымызды егжей-тегжейлі біліп отырады.

Жылан аруақ
Қасиеті Сәт бабадан тараған адамдардың бәрінде ортақ бір тіршілік иесі бар — жылан. Кейбір адамдар менің нағашымды «Жылан аруақ» деп те атайды. Бұл қалай көрініс табады?
Блог - patick: Блогиада #22. Бақсы-шмақсы ©
Мысалы, қолыңызды оқыс сындырып алдыңыз делік. Аруаққа сенетін адам болсаңыз, қиналғанда «Сәт баба қолдай гөр», «Займолла атаның аруағы» деп жалбарына бастайтыныңыз анық. Сол түні міндетті түрде түсіңізге жылан енеді. Ол маңайызда жүруі мүмкін, немесе ауырған жеріңізде жатуы мүмкін. Бұл жақсылықтың белгісі.

Айтпақшы, жылан кейде маған да енеді кейде. Түсімде ешқашан шағып көрмепті, менің бойымда да қорқыныш болмайды, керісінше бір жақындықты, мейірімділікті сеземін.

Марқұм нағашы атам сұрайтын: «Жылан түсіңе енді ме?». Жауабы маңызды емес, өйткені енгенін ол біледі ғой, білген соң сұрап отыр.

Негізі аруақ нағашы атама анасынан мұра болып қалған. Одан бөлек екі бауырына да беріліпті. Бірақ мен білетін туыстардан нағашы атамның қасиеті ең мықтысы болыпты. Ол туралы анам былай дейді:

Анамның әңгімесі
Блог - patick: Блогиада #22. Бақсы-шмақсы © — 1990 жылдары көк мұздақта тайып құлап, екі жамбасым шығып кетті. Төсек тартып жаттым, отыра да алмаймын, жүре де алмай қалдым. Бұл хабар ауылдағы әкеме де жетті. Телефонмен қажетті ем-домын айтып жіберіпті. Сол айтқан нәрселерін жасап 9 күн жаттым. Бірде көзім ілініп кетіпті. Бөлмеге ұзын жылан арқалаған үш қыз кіріп келе жатыр екен. Шошып ояндым. Бірнеше минуттан кейін тағы көзім ілініп барады, әлгі картина тағы қайталанды. Осы түстен кейін диванда екі қолыма сүйеніп отыр едім. Алдымен бірінші жамбасым, содан кейін екінші жамбасым «тырс» еткен дыбыс шығарды. Сөйтсем, белім өздігінен орнына түсіпті.
Аздап өзіме келген соң ауылға бардым. Әкем беліме қарап отырып, мырс етіп:
— Қап, бір жамбасың бәрібір түспей қалыпты, — деді бірдеңе біліп тұрғандай дауыспен. Менің ойымша, жылан ұстап келген қыздар әкемнен келген сигналдар болса керек. Сөйтіп, алыста отырып емдегені ғой.

Атам қайтыс болғанда өз қабілетін менің анама табыстапты. Бірақ, бұл энергия да әр адамға әр түрлі деңгейде беріледі ма деймін. Анамның өзі де айтады, қасиеттің көрініс табу деңгейі адамның ниетіне де, өзін күтіп ұстауына да байланысты деп. Анам күні-түні жұмыста, үйге шаршап жетеді. Сондықтан да шығар атам секілді ерекше сынықшы емес. Бірақ келген адамның бетін де ешқашан қайтарған емес. Біздің сенімде ем-дом үшін ақы алуға қатаң тыйым салынған. Ауырып келген адам нияз байлап, аздаған тиын-тебенін мұқтаж жандарға береді немесе "қолыңыз ауырмасын" деген ниетпен менің анама тастап кетеді. "Қанша беремін?" деп қалтасына қолын салып ыңғайланған адамның талай рет айқай естігенін талай көргенмін.

Алаяқтар
Оларды тану қиын емес, бұндай емшілер ел кезіп, өзін жарнамалайды. Жасаған еміне ақы алады. Сосын 100 пайыздық жақсы нәтижеге кепілдік береді, әрине ауызша. Нағашы атам соларды жек көрсе де, өзі соның құрбанына айналды. Ел кезіп, ақыға кісі емдеп жүрген бір жас жігітті үлкен ұлы алып келіп, төсекте жатқан атамды емдетпек болды. Ешбір нәтиже болмады. Көп кешікпей Атырау өңірінің бүкіл батыс бөлігіне ерекше қасиетімен атағы шыққан атам бұл өмірмен қоштасты. 2000 жылдардың басы болатын.

Енді бұны не деп атаймыз? Дін тұрғысынан бұл күнә, ал ғылымда, мен білсем, нақты түсіндірме жоқ. Әйтеуір бұл қасиеттің ерекше энергия екені белгілі. Қалай десек те, бұл біздің ұлттық культіміз, Исламға дейін де болған, Ислам келгенде онымен конфликтіге түспей қатар өмір сүріп келген. Менің ойымша, бұндай ерекшелік әрі қарай да өмір сүруге толық құқылы.

Бәрі Алланың әмірімен болады дейді ғой, мүмкін бұл да Құдайдың берген сыйы шығар. Жоғары айтылған әңгімеде аздап бұрмалау болуы әбден мүмкін, бірақ аталған қасиеттердің өтірік екеніне ешбір нұқсан келтіре алмайды. Бәрі шынымен, осы өмірде орын алған оқиғалар.

P.S. Жоғарыда Х-адамдар әлемі кейіпкерінің суреті иллюстрация ретінде бекер таңдалған жоқ. Менің ойымша, шын аруақты адамдар да Марвелдің мутанттары секілді ерекше жандар :)
Әрі қарай

Блогерлер күні

Құрметті блогерлер! Мереке құтты болсын!!!

BlogCamp: Блогерлер күні
Сіз білесіз бе? Blog сөзі 3108 деген сандарға ұқсас екен. Сондықтан, блог (блогерлер) күні 8 айдың 31 күніне белгіленген екен.

Ұсыныс:
1. Өзіңіз жақсы көретін 5 блогерді атап өтіңіз;
2. Өзіңіз жақсы көрген, осы жылдағы 5 үздік жазбаны атап өтіңіз;
3. Блогер күніне орай, 1 жазба жариялау қиын деп есепетемесіңз, 1 жазба жариялаңыз!
4. Өзіңіз үшін үздік 5 блогплатформа;
5. Жоғарыдағы пункттерге #blgoday2014, #блогкүні2014 хэштегтерін қосуды ұмытпаңыз. Іске сәт!
Әрі қарай