Туған күнгі тілек
Голливудтың есінде бар санаулы актерлердің бірі – Кирк Дуглас. Киноға түспегеніне бес-алты жыл өтіп, жасы жүзге таяп қалса да бұрынғы қалпын сақтап, тың ойлар айтады. Сіздерге оның 97 жасқа толғанда жазған хатын ұсынбақпыз.
«Бүгін менің ТОҚСАН ЖЕТІНШІ туған күнім. Мен бақытты адаммын. Аннамен отбасы құрғаныма 60 жылға жуық уақыт өтіпті. Соған қарамастан ол мені әлі де таңқалдырумен келеді.
97 жасқа келгенде өткен өміріңе көз жүгіртіп, ғасырлық ғұмырың үйреткен сабақтарды ой елегіңнен өткізуге болады.
Қартаю оңай деп айта алмаймын. Бірақ бұл кезеңде жас кезіңде жіберіп алған кейбір мүмкіндіктерге жол ашылатынын ұқтым. Мен үнемі әлдеқайда асығып жүретінмін: түсірілім алаңы, іссапарлар… Мен үшін орындау қиынға соғатын істің бірі — бір орында дамылдап отыру еді.
Қазір мен үшін жан тыныштығы маңызды: кітап оқып, өзім еккен раушан гүлдерін тамашалаймын. Аспандағы ақша бұлттарға қарап, Аннамен бірге күн ұясына батқан шақты қызықтаймын.
Бүгінгі туған күнімде өзімнен «Туған күніңе не қалайсың?» деген сұрақ қойдым. Не қалайтынымды да білмеймін… Маған жан жарым мен отбасымның амандығы, мықты денсаулығынан басқа ештеңе керек емес сияқты.
Кенет басыма «Мен не қалайтынымды білемін. Немерелерімнің болашағы жарқын болуын, олардың жақсы әлемде, жақсы заманда өмір сүргенін қалаймын!» деген ой келді.
Сіз өміріңізде туған күніңізге арналған тәтті тортқа 97 шырағдан орнатып көрдіңіз бе? Бұл Сіздің қолыңыздан келе қоймас. Мен де он шырағданмен ғана шектелуді жөн көрдім. Әрбір шырағданда менің өмірімнің он жылы бар. Мінекей, менің туған күндегі тілегім:
Үлкенді-кішілі қарулар күштің емес, әлсіздіктің белгісі болатын заман болсын.
Дін биліктің басқару айла-шарғысы емес, құндылық болатын заман болсын.
Ауасы таза, суын ішуге болатын, ал тағамы адам ағзасына зиян келтірмейтін заман болсын.
Кедейшілік деңгейі тұрғындардың ең аз мөлшердегі пайызын ғана құрайтын заман болсын.
Білім мен денсаулық сақтау қолжетімді болатын заман болсын.
Таптық, діни, ұлтаралық алауыздық болмайтын заман болсын.
Темекі шегу өткен шақта қалған күлкілі нәрсе ғана болып қалған заман болсын.
Тән ауруы өмірдің бір бөлшегіне айналудан қалып, кез келген дерттің шипасы бар заман болсын.
Технология бізді емес, біз технологияны басқаратын заман болсын.
Сараңдық жақсы қасиетке баланбайтын заман болсын.
Ал енді шырағданды үрлеуге рұқсат етіңіздер!
9 пікір