Сол кездер

— Өй, қу сүйектің майын сорасың ба?!
— Қане, сақам, алшы, тауха түсе ғой!
— Өй, Мергенбай...!
— Қарызға бір мүжік тікші, ұтсам екі асық қылып қайтарам…
— Сақаңды бере тұршы, ұтсам екі майлы асық беремін…
— Арқарыңды (сақа) неше асыққа айырбастайсың?
— деген жаңғырықтар мен бірге ойнаған балалардың бейнелері санамда ақ-қара түсті деректі кино таспалары секілді айнала береді. "Үш табан", «алтыатар»,«шік-бүк», «черта» ойындарын ойнап, у-шу болып жататын едік. Асық ойнаудың екі тәсілі бар: бірі шынға, екіншісі өтірікке. Шынға ойнасақ, тігілген асықты ұтылсақ, қайтарылмайды; өтірікке ойнасақ, қайтарып аламыз. Дүниені ұмытып, туп-тура асықтан әлем чемпионты секілді шынымен дауласамыз. Ара-тұра төбелесіп аламыз. Арамызда «Пәленшемен шығасың ба? Түгеншемен бірге-бір тұрасың ба?» деп шағыстыратын түлендер табылады. Жауап былай: «Шығам», «тиіссе қарап тұрмаймын», «білмеймін».
Футбол. Көгалға барып екіге бөлініп, доп тебеміз. "Қақпамыз" екі үлкен тас. Қақпада жасы кіші балалар тұрады. Біз бес-алтыншы сыныпта оқысақ, қақпашылар бірінші-екінші сыныпта оқитын балалар. Бейне бір әлем чемпионатында ойнағандай еліреміз кеп. Жіліншіктен, тізеден жәй ғана теуіп жіберіп, талайды ойбайлатқаным есімде. Өтірік күліп: «Кешір» деп басынан сипап, құшақтап алдай саламын. Добымыз жыланы бар тоғанға түсіп кетсе, қақпашыларды аяқтарынан салбыратып, допты алдырамыз. )))) Футболымыздың соңы кейде төбелеспен аяқталады. Бітімге келіп, татуласып, қайта ойнаймыз. Футболдан соң, біраз тынығып, жас мөлшері, дене бітіміне қарай жұптасып күресеміз.
Карта. Алтылық және қара қатын ойнаймыз. Жабылып кеткен картаның бәрі демей-ақ қояйын, көбі (көзірлер) менің жеңімде болады. Ұтылып бара жатсам дау шығарамын. Картаның соңы шатақпен аяқталып, бір-бірімізді қуалап, тебісіп кетеміз.
Қисалақ немесе қиса. Сол кезде жасы 17-18 мөлшеріндегі бойжеткен бар еді. Аз-мұз жеңілтек, қара ағашша қатқан арық, маймақ, былқ-сылқ етіп қисаңдап жүргеніне қарап "қиса, қиса, қиса-еу" деп артынан шулайтын едік. Ол пысқырмай жүретін, күшіктер секілді шәуілдесіп қаламыз.
Мен көрген түріктің тарихи сериалы. Осман сұлтандығы, кресшілер, апыр-топыр. Есімде қалған кейіпкер — Оруч баба.
Даллас. Джеа. Жағымсыз әрі отты кейіпкер. Оған қарап: «Бәттібай, тағы сытылып шықты» дейсің амалсыз.
Дункан Маклауд. Шотландия тауларында 400 жыл бұрын туған бас шапқыш. ))))
Зена. Сол қатынды көру үшін сабағымды тез-тез оқып тастайтынмын. Зена қиқулап, айғайлап төбелескенін көріп, ырза боламын.
Юсуф Миролу. Юсуфтар өлмейді. © Құсшы
Жаңа киім кигенді «и, жыртыс» деп жамырасып қарсы алатын едік. 90ж. аяғында жаңа киім киетіндер аз, кигендер мақтанып жүреміз, олай жүріп, былай жүріп.
Құрбы қыздар. Бөлек әңгіме. Құрбыларға қырындаудың бір тәсілі олармен бірге жасырынбақ және кәртүшке ойнау.
Мектепке кіру үшін кезекте тұрып та төбелесіп кетеміз. Бізге бәрібір.
«Тезірек өсіп, азамат боламын» деп балалықтың қадірін білмедім, құнттамадым. Тоңған кезде жанымды жылытатын, ащыны тәтті ететін қайталанбас сәттерді күлімдеп есіме аламын. Қайран, сол кездер!
Бөлісу:

9 пікір

VKM
сөз жоқ, күшті. Көз алдыма елестеттім
Beytanis
НЕ істесек те, соңы төбелеспен аяқталатыны қызық ))
merekeee
Кластас балалар асық ойнаймыз деп сабаққа кеш кіріп, бір-бірінен "қарызға" асық алып, төбелесіп жүретін. Азарт қой ). Бірақ, асық ойнамаған балаларға обал…
ademi_alem
Міне бір балалық шаққа саяхат. )) Мен де Зенаны көретінмін, сосын тағы бір телехикая бар. Жүзігін айналдырса тілегі орындалады, уақыт машинасымен анда-мында барады. Атын ұмытып тұрмын. Әйтеуір солай болуы мүмкін екеніне қатты сеніп, тілек орындайтын жүзікті армандайтынмын үнемі. )))))))))))
merekeee
Арабелла )
ademi_alem
иә иә иәәәә есіме түсті. Сондай жүзік болса ғой менде ))))))
MamaAya
Мықты қандай, қазіргідей бір-бір телефонның экранына телмірмей, комптың ойынына еніп кетпей, реально өткен балалық қой))) Ана сериалдар менің де есімде)))
bake
Тағы бір рет оқып шықтым да балалық шаққа экскурс жасағанға тағы бір себеп таптым.
Нағашым:
-Мәссаған біз қандай ақымақ болғанбыз? Арқанды қолтығымыздың астынан өткізіп мойнымызға іліп алып ат боламыз, жүгендеген атты айдағандай артыңда екі арқанның үшін ұстаған бала бар. Біреуіміз атқа, екіншіміз атқа салт мінгенге еліктеп жүрдік, -депті.