Гастарбайтердің 2014-і

Бұрын жыл соңында қорытынды пост жазу, өз алдыңда есеп беру үшін болса да, блогер үшін расында да маңызды дәстүр болатын. Бүгінде арнайы сервистер мен әлеуметтік желілердің арқасында қорытынды жасау, біріншіден, барынша жеңілдесе, екіншіден, қажеттілігін де жойғандай. Дегенмен, эстафета бұтағы маған берілді, ал есімде қалғандары мынау:

2014 жылдан 10 естелік:

1. 4-жылдан бері алғаш отбасыммен жаңа жылды қарсы алдым.
2. Алматыда өткен "Қыстық психоанализ мектебіне" қатыстым.
3. Блогиадаға тіркелдім.
4. Түркістандағы кіші Палау-патиде Жәнібек Нұрышты алғаш көрдім.
5. Алғашқы блогиада-пати. «Көне» корештармен қауқылдасып, Абзал Сариев, Жандос Құсайын, Өркен Кенжебек және басқа да сырттай таныс блогерлермен жүздестім.
6. «Eleven Group» -пен кездестік.
7. Ұлды болдым.
8. Екінші мәрте бажалы болдым.
9. Алматыдағы Медиақұрылтай.
10. Блогиаданың жеңімпазы атандым.


Эстафеталар: Гастарбайтердің 2014-і

Әлеуметтік желіде тіркелген кез-келген блогердің жыл бойына жазған статусы мен суреттерін ерікті еріксіз-қарап жүрген адам қорытындының қандай болатынын да біліп отырады. Менің жағдайымда да ешқандай ережеден тыс айырықшалық жоқ деп ойлаймын, сондықтан фейсбуктағы 235-ке жуық жарияланым мен осындағы 30 посттан сырт қалған жаңалық өте аз және олар көбіне тек өзімнің жеке өміріме қатысты егжей-тегжейлер ғана.
Эстафетаны қалаған керекші жалғастыра берсе болады. Сұрақтарыңыз болса, төменде пікір ретінде жауап беремін.
Алдағы 2015 жыл құтты болсын!
Әрі қарай

ТӘУБА-пост

Райымбек даңғылынан төмен, әл-Фарабиден жоғары өмір жоқ деп өскен қала қызы едім. Кейін білдім ғой, өмір барын… Әл-Фарабиден жоғарыдағы өмірді армандамай-ақ қоюға болатынын білсем, Райымбектен төменгі өмірді де армандайтын адамдар бар екенін де енді түсініп жатырмын.
Бүгін күні бойы ауыл араладым. KCell компаниясының қолдауымен «Шұғыла» қоғамдық қоры жағдайы төмен отбасыларға көмір таратты. Біреуге бір тонна, біреуге үш тонна… Біреу риза, біреу тағы болса дейді.
Көргенім мен сезгенім бөлек әңгіме.

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына әйелдің жасы алпыста. Ішімдікке салынып, қылмыс жасап жүрген ұлы бар екен. Тұратын үйі — малқорадан да жаман. "Қарашаның басында бір тонна көмір әкеп беріп едім, нашар екен, жанбайды. Енді мына көмір қандай екенін құдай білсін. Сонда да рахмет. Маған «Шұғыладан» басқа ешкім көмектеспейді" деп отыр.
Көз алдыма өз шешем келді. Ол да алпыста. Мейлі, құндыз тон кигізіп, торғын шәлі жауып, шетелге саяхатқа жібермесем де, биыл Қытайдағы төркініне барып келетін қаржы тауып бере алмай сөзге қалсам да, оюлы камзолын киіп, ақ жаулығын тағып, немересін жетектеп қонаққа барып жүргенінің өзі бақыт екен ғой.

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына әйелді бес жасар баласымен екіқабат күйінде күйеуі тастап кетіпті. Қазір ұлы он жаста, қызы төрт жарымда. Жұмыс таба алмай, табылған жұмысты кішкентай қызын қарайтын адам таппай істей алмай, пұшайман күйде отыр. «Маған жұмыс тауып беріңдер, оған дейін ай сайын күнкөріске ақша беріп тұрыңдар» дейді. Біреудің босағасын паналап отыр. Ұлының мектебіне жаңа жылға бес жүз теңге сұрапты. Бере алмадым дейді. Мен бір мектепке бес мың, екіншісіне — он мың өткіздім. ТӘУБА. Пұшайман халге түскенде көмек қолын созған, «мына жұмысты сенен басқа ешкім істей алмайды» деп жұмыс берген достарым, балама баc-көз болған туыстарым бар.

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына отбасында бес бала, алтыншысы шешесінің ішінде. Тұратын үйлері — сегіз шаршы метр бөлме. Қызылордадан көшіп келіпті. «Неге келдіңдер?» десем, «осы жақта да тұрып көрейік деп» келдік дейді. Бір жағынан ызам келді. Күніңді көре алмасаң неге келдің? Бір жағынан қызықтым))))) Сегіз шаршы метрде тұрып жатса да сәбилі болудан тартынбайтын не деген жұбайлық махаббат десеңші!

Апталық Піздүк пост номинациясы: ТӘУБА-пост
Мына үйге үнсіз кіріп, үнсіз шықтық. Үй анасы «ләм» деп аузын ашқан жоқ. Тек фотоаппарат пен камераға қарап күлімсіреп отыра берді. Жағдайын айтып байбаламдамады, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Тек бойжетіп қалған қызы ғана бетін жасырып, теріс қарай берді. Бұл отбасында тоғыз бала бар. Үлкені жиырмада, кішісі — анау сүт еміп жатқаны. Тұратын үйлері — осы бір бөлме, алдында сенегі бар. Табалдырықтан аяқ киіммен аттауға батпай, етігімізді сыртқа шештік. Тазалыққа таң қалдық. Шкафтың үстінде тазалап қатталып оралған кішкентай баланың жөргек, киімдеріне көзім түсті. Апайдың өзінің өңін бермеген әдемілігіне сүйсіндім. Тоғыз баламен осындай тоқмейіл тірлік кешіп отырған адамды көргенде, өз тірлігіме тағы ТӘУБА дедім.

Мұндай кедей тірлікті тек Майлиннің шығармаларынан ғана оқыған шығармыз. Мен көргенім — тек шет жағасы ғана ғой. Көрген көріністен ішім удай ашып кетіп еді, қалаға қайтар жолда хан сарайындай мейрамхана тұр екен. Сөйтсем, бәрі біз көргендей жаман емес екен ғой, бар екен ғой бай-бақуатты адамдар, ТӘУБА.

Суреттер e-event агенттігінен алынды, авторы — Николай Судаков
Әрі қарай

ЖЕЗӨКШЕЛІКПЕН АЙНАЛЫСУДЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Ескерту: Мен бұл репортажды Астанаға қоныс аудармай тұрғанда жазған болатынмын, тек жарияланбаған ешқайда… Сонымен, осы жұмыс істеп тұрған орталықтарға өзім бардым. Жеңіл жүрісті жолмен табыс табатын қыздармен пікірлеспестен бұрын, менде үнемі «олар, неліктен мұндай жолға барады?» деген көкейімде сауал болды. Сөйлескеннен кейін оларды кінәлай кетуден бұрын бұл жолға итермелейтін салдар мен себеп бар екенін ұқтым. Сосын бұл қыздардан алақандай пікірді алуым оңайға түспегені рас. Және қандай жолмен пікір алғанымды ашып айтпауды жөн санап отырмын. Себебі, керекинфода бұдан әріректе жарияланған бір жазбамды жеке өміріммен байланыстырып, сыртымнан әңгіме қылғандарды естіп, ренжігендей болғаным бар. Сол себепті кей жерлерін күңгірттеу етіп тастап кетіп, тек артық пікірімді тықпаламастан айтылар ойды маман ауызынан естігендеріңізді құп көрдім… Мархаббат, ендеше...

Керек тілші: ЖЕЗӨКШЕЛІКПЕН АЙНАЛЫСУДЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?<img
Әлеуметтанушы уәжі


«Жезөкшелік – жастарды құндылық-моральдық тұрғыдан тәрбиелей алмауымыздан» дейді әлеуметтанушы. Алайда студент қыздар мұндай жолға әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен баратындарын айтады.

«Қыз-келіншектерді мұндай жолға түсуге итермелейтін нәрсе – ол салыстырмалы түрде оңай жолмен жақсы ақша табу мүмкіндігі. Макродеңгейде бұл құбылыс елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты десек те, негізгі себебі соңғы 20 жылда біздің құндылықтық-моральдық тұрғыдан жастарды бейімдей алмауымыздан туындап отыр. Яғни құндылықтық дағдарысымыздың деңгейінің көрсеткіші» дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбайұлы.

Алайда Алматыдағы «Paradise», «Золотой Дракон» сынды ойын-сауық орталықтарында жұмыс істейтін студент қыздар жезөкшелікпен айналысып, қосымша ақы табуға мәжбүр болуының негізгі себебі қаржылық тапшылық екендігін айтады. Өздерін официант-аниматор деп атайтын олар тек Кореядан, Жапониядан, Қытайдан келген шет елдік азаматтарға қызмет көрсетеді. Бір кеште қызмет көрсету ақысы айтуларынша 300 бен 500 доллардан кем емес. Жұмыс уақыты кешкі жетіден түнгі бір сағат шамасы аралығы. Олар жылу батареялары істен шыққан караокенің жертөлесінде қонақтардың келуін күтеді. Караокеге көңіл көтеруге келген қонақтар алдына қаздай тізілген қыздардың арасынан келушілер көңіліне жаққанын таңдап алады. Әлгі «шекесінен шертіп жүріп таңдап алу» деген нақ осындайда айтылса керек.

Мұнда жұмыс істейтін жасы отызға жетпеген қыз-келіншектердің жарымы студент, біразы отбасынан ажырасқан балалы әйелдер. Официант-аниматор қыздар өздерін әр түрлі шет елдік лақап есімдермен атайды.

Кәсіби маман сөйлесе

Керек тілші: ЖЕЗӨКШЕЛІКПЕН АЙНАЛЫСУДЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Алматыдағы ірі караоке орталығының бірінде жұмыс істеп келе жатқанына жеті жыл болған Алина С. Асфендияров атындағы медицина университетінің студенті. Жұмысым сабақ үлгеріміме кері әсер етпейді дейді ол.

«Сабақтан да қалмаймын, ақшам да бар. Тіпті осы шет елдік клиенттерімнің арқасында тіл үйрену үшін Америкадағы жазғы тіл үйрету мектебінде оқып келдім былтыр. Дубайда дем алып келдім. Өзіме ұнайды. Машинам да бар. Бастысы келісті фигураң мен әдемі түрің болса бәрі сенікі. Бұл караокені екі жылдай болды полициялар мазаламайды. Соған қарағанда мықты «крыша» тапқан болу керек біздің бастық. Бұл жерде қорқынышты ештеңе жоқ. Ұжым болып жұмыс істейміз. Әртүрлі мерекелерде бастығымыз қыздарға сыйлық береді. Осындай кішкене көңіл бөлгенінің өзі қуаныш» дейді Алина. Ол жеті жылдың ішінде талай рет полицияларға ұсталған. Бірақ оларға да тілегені мен сұраған ақшасын берсең оңай босатып жіберетіндігін айтады.

Ал мұнда екі жылдық стажы бар Хабиби Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінің төртінші курс студенті. Ол жақында тұрмысқа шықсам, бұл жұмысымды біржолата тастаймын дейді.

«Әкем мен шешем кішкентайымда ажырасып кеткен. Өзім ақылы бөлімде оқимын, өзім төлеймін. Мен біреудің ақшасын ұрлап жатқан жоқпын ғой. Өз күшіммен ақша тауып жүрмін. Сондықтан менің өмірімнен хабары жоқ біреудің маған сын, ескертпе айтуына еш қақысы жоқ. Сосын мұндағы шет елдіктер жергілікті қазақстандықтардан көп төлейді. Қазақстандықтар келмейді де. Бізге Кореядан «Samsung» компаниясының бастықтары келеді. Басқада шет елдік мықты компаниялардың қызметкерлері жиі келіп тұрады. Бірақ жаңадан жұмыс істеуге келген қыздарға бас тартуларын айтамын. Себебі бір сағат жезөкше болып істесең, мәңгілік жезөкше болып кеткенің» дейді.

Хабибидің жақын құрбысы Зара ҚазЭУ-нің 3 курс студенті. Олар Талдықорғанда мектепте бірге оқыпты. Зараның айтуынша бұл жерде тұрмыстық қиындықтарды басынан кешкендер жұмыс істейді екен.

«Жеке өзімді айтар болсам, оқуымның ақшасы, квартирамның ай сайынғы төлемі, өмір сүруіме керек ақшамен ата-анам қамтамасыз ете алмайды. Өздерінің кредитін төлей алмай отыр. Үйіме ай сайын елу мың тг жіберіп тұрамын.Біреу ерігіп мұнда жұмыс істемейді. Еріккендер істей алмай екі күннен соң кетіп жатады. Күндіз жарты ставкамен мамандығым бойынша бухгалтер болып жұмыс істеймін. Кешке осы жұмыстамын. Әрине қиын, бірақ уақыт өте келе үйреніп кетесің» дегенді айтады.

Психолог уәжі

Керек тілші: ЖЕЗӨКШЕЛІКПЕН АЙНАЛЫСУДЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Психолог Бақыт Дастанқызы мұндай жолмен қосымша ақы табуға мәжбүр студент қыздардың бұл жолға келуінің әр түрлі себептері бар дейді. Мысалы, отбасы жағдайының дұрыс болмауы, материалдық жағынан қиындық көруі, жеке факторлар, ортасындағы адамдардан алдануы, жігіттерге қатысты алданып қалуы, ауылдан келген қыздардың қалада жүргенде өз орындарын таба алмай қиналған кездегі оңай жолды іздеуі немесе алданып қалуы және т.б. факторлар әсер ететіндігін айтады.

Психолог Бақыт Дастанқызының ойынша, «студент қыздардың жезөкшелікпен айналысуының негізгі себебі осы жолда жүрген тұлғаның жеке мінезінен немесе оның тәуелділігі есебінен, замандастарымен қарым-қатынасының күрделігінен, білімде, карьералық өсуде талпыныстың жоқтығынан. Сондай-ақ, материалдық және тағы басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында осы жолға түсуі мүмкін. Бізде қазір материалдық құндылық бірінші орынға шығып кеткендіктен, рухани құндылықтар екінші орынға қалып жатады».

«Ол қыздарға неліктен мұндай жолға түсуіне қатысты, қалай азайту керкетігі жайлы жалпылама ештеңе айта алмаймыз. Психологтар индивидуалды ерекшеліктеріне қарай отырып, әр қайсысын жеке тұлға ретінде тыңдап, мәселелерімен таныса отырып қана көмек қолын соза аламыз» дейді психолог.

ІІД-нің айтуынша 2014 жылы қаңтар айында Алматы қаласында жеңгетайлық ісі бойынша сегіз факт тіркелген, оның төртеуі қылмыстық іс негізінде танылып, сотқа жолданса, 2013 жылы 65 іс тіркеліп, 19-ы қылмыстық әрекет болып танылған.

P.S: Суық жертөледе топтанған қыздар әңгіме айтып отырды. Сонда әрқайсысы өз армандарын ортаға салды. Біреуі тұрмыс құрғым келеді дейді, біреуі шет елге кеткім келеді дейді. Сонда тұрып ішіндегі біреуінің айтқаны ғой:
Мен аристократтардың арасында осы жұмысымды істегім келеді, күшті ғой.


***Өзiм түсiрген суреттерiм дәл қазiр қолымда болмағандықтан репортажға көркемдiк мақсатта немiс көркем суретшiсi Отто Дикс шығармалары пайдаланылды. Суретшiнiң туындылары жалпыадамзаттық құндылықтар мен әлеуметтiк маңызы бар тақырыптарды бейнелеуiмен ерекшеленедi. Бiрiншi картина «Проститутки» деп аталса, екiншi картина «Светские дамы», «Люди» атты суреттерi.

Ая Өмiртай
Әрі қарай

Жас шенеуніктің анықтамалығы. 1. Қызметтік күлкі негіздері

Әкім айтатын әнек үнемі күлкілі. Ол күлкілі екенін езуімен білдіреді. Жағдайға қарай жымию, сықылықтау, кеңкілдеу немесе тарқылдау керек.

Келесідей күлу алгоритмі кең тараған, жас шенеунікке осы инструкциямен күлуді ұсынамыз:

a. Әкім әнегін айтып болады да, бір көзін сығырайтып, бірінші орынбасарға қарайды. Сақ болыңыз! Мұндай жағдайда бірінші орынбасардың реакциясын күтіңіз! Одан ерте күліп қоймаңыз!


b. Егер әкімге алдағы мәслихатта хуяк келейін деп тұрса, бірінші орынбасар ойлы көздермен күледі. Бірден байқайсыз: көздер — «Шәуешектен қашу» фильмінде комиссияға дахуясыншы рет келіп отырған Морган Фримандікі, ал езу — Джим Керридікі. Ондайда жас шенеуніктерге күлуге қатаң тиым салынады.


c. Егер әкім лауазымдық табель тәртібін бұзып — күліп жатып бірінші орынбасарына емес, бірден ұсақ шенеуніктерге қараса — жақын арада бірінші орынбасарға еменнің үлкендеу бұтағы опырылып түскелі тұрғаны. Шек-сілеңіз қатып, күлкіден дем жетпей сұлап түсіп, талып қалуға рұқсат.


d. Көбіне тәжірибелі, әбден ысылған әкімдер күлкілі тұсына өздері меңзейді, мысалы, «ой, шегімнің қатқаны-ай», «осы жерде трибунада сөйлеп тұрған жерімде тігіліп түстім», «саунаның есігін құшақтай құладым» деп, әңгіменің күлкілі тұсына емеурін білдіреді. Бұл жерде бас салып жыртылуға болмайды. Оталып барып күліңіз: жай бастасаңыз, күлкіңді сап тыю да оңай. Себебі бірден тарқылдап күлсеңіз, кейде: «бұтағыма күлесің бе ептібайымайд, сенің бөлімің жасаған боқты тазалап жүрмін, күледі ғой шешеңң!» деп қалуы мүмкін. Осы кезде инерциямен әлі күліп жатсаңыз — J-7 санатындағы әлжуаз маман деңгейінде жұмыстан қуылуыңыз мүмкін. Білә, әкімшілікте істегендерді құлақ деп, ешкім жұмысқа алмайды сосын, сақ бол!


e. Ешқашан да әкім айтқан әзілдің жалғасы барын айтып, күлдіруге әлек болмаңыз! Себебі сенің айтатын жалғасың әкімнің айтқанынан күлкілі болып кетуі мүмкін, онда құрыдың.


f. Кейде әкімдер шыны керек, болмайтын нәрсеге күледі. Мысалы, «жеңгеңнің ішін жарып бара жатқан ақша да баяғы, хе-хе-хе», "қалтада жүз-екі жүз мың жүргенін кім жек көреді дейсің, ху-ху-ху" деген сияқты. Білә дейсің шешесстің, егін орағы тастақтың түбінде тұр, халық су сұрап, гытыканы шақырып бүкіл елге масқара қылып жатыр, мынаның әңгімесін қара дейсің ішіңнен. Стоп! Мұндай жаста ішіңнен ойлап тұрғаның — бетіңнен қалқып шығады! Сақ бол! Ішкі күйзелісті білдіріп алмауға тырыс емес, білдіріп алма! «Оооо шешесс аға, бұл әйелдерді қой: келініңіз де жеңгейдің көшірмесі ендеше!», «төс қалтада төрт мың жатса да көсіліп-көсіліп сөйлейтініміз рас» деп, өзімен жарыса күл. Есіңде ұста жас шенеунік! Әкім үй-отбасына байланысты әзілдерді тек өзіне жақын тартқан адамдарға айтады!



(Тасы. Ертайы — келесі санда)
Әрі қарай

Астана қонақтарының назарына: "Керуен" vs. "Хан шатыр"

ОҒМ жазбалары: Астана қонақтарының назарына: Керуен vs. Хан шатырАстанамыз күн санап өсіп келеді. Өскен сайын қалаға келетін қонақтар саны да артуда. Алматыдағыдай керемет табиғат, көңіл көтеру орындары болмаса да, мәдени орындар (театр, музейлер) көптеп ашылуда. Дегенмен қалаға келгендердің басым бөлігі ең алдымен «Хан шатыр» немесе «Керуенге» беттері анық. Бұл екеуі – қаламыздың басты сауда және ойын-сауық орталықтары. Сыртқы архитектурасы мен ішкі безендірілуі жағынан талайды таңдай қақтырады. Ал басқа қандай артықшылықтары бар екен? Бір-бірімен де салыстырып көрейік.ОҒМ жазбалары: Астана қонақтарының назарына: Керуен vs. Хан шатыр

Орналасуы
Негізі екеуі де сол жағалауда, бір-бірінен бәлендей қашық та емес. Дегенмен «Керуеннің» орналасу орны қолайлырақ, меніңше. Дәл қасында Бәйтерек те тиіп тұр. Жаяу қыдырыстайтын «Нұржол» бульварының ең әсем жерлері осы Керуенді жағалайды.

«Керуен»-«Хан шатыр» 1:0.


Дария, қала тұрғыны: «Мен үшін «Керуен» ыстық. Өйткені «Керуен» — алғашқы таныстықтардың басталған жері.»

ОҒМ жазбалары: Астана қонақтарының назарына: Керуен vs. Хан шатырШопинг
Негізінен мұндай сауда орталықтарында бірдей брендті бутиктер болатыны себепті, баға жағынан айырмашылық жоқтың қасы. Алайда «Хан шатырдың» басымдығы – бутиктер саны әлдеқайда көп, сондықтан ұсыныс та мол. Ауылдағы кішкентай бауырларыма көңілге қонымды бағамен базарлық алатын «LC Waikiki» бутигі «Керуенде», мысалы, жоқ. Киім-кешектен бөлек түрлі сирек бұйымдар, тұрмысқа қажетті заттардың бәрі осы жерде.
Мақсатыңыз тек қана сауда-саттық болса, еш ойланбастан «Хан шатырға» барыңыз. Қолжетімді бағамен іздегеніңізді табатыныңызға сенімім мол.

Осылайша «Керуен»-«Хан шатыр» 1:1.


Асаубек, қала тұрғыны: «Хан шатыр» жақсы ғой. Іздегеніңді (тауар) жылдам табасың, көңіл көтеруге де ыңғайлы. Бағалары да көңілге қонымды.

ОҒМ жазбалары: Астана қонақтарының назарына: Керуен vs. Хан шатырСауық
Балаларды ойнатуға «Хан Шатырда» аттракциондар көбірек. Сонымен қатар әдеттегі «Хэппилон», «Бэбилон» тектес ойыншықтардан бөлек мұнда «Dinopark», «Құбыжықтарды аулау» қорқыныш бөлмесі бар. Балалардың ойыннан жалықпайтыны белгілі ғой, дегенмен абайлаңыз, өзіңіз шаршап, әбден басыңыз ауыруы мүмкін.
«Хан шатырда» сонымен қатар «Sky beach club» жасанды тропикалық жағажайы бар. Өздерінің айтуынша, құмы Мальдив түбектерінен әкелінген.
«Хан шатырдың» бірінші қабат холының кеңдігі себепті апта сайын түрлі концерттер, қайырымдылық шаралары өтіп тұрады. Есесіне қаладағы бірден-бір энтузиастік ұлттық шоу — домбыра пати әр бейсенбі сайын «Керуеннің» алдында өтеді. Өкініштісі, тек қана жаз маусымында.
Екі кешенде де кинотеатр бар. Бірақ 3D IMAX — тек қана «Керуенде». Қала жастары кино көруге негізінен «Керуенге» барады. Оған себеп келесі пунктте. Ал әзірге екеуіне де бір-бір ұпайдан қостым,

«Керуен»-«Хан шатыр» 2:2.


Саясат, қала тұрғыны: «Қыдырысқа «Керуен» жақсы, себебі біздің жасымызда ойнау мен көңіл көтеруден бұрын тыныш әңгімелесу, жайлы отырыс ұйымдастыру жақсырақ. Ал сауда жасауға әрине «Хан шатыр»

ОҒМ жазбалары: Астана қонақтарының назарына: Керуен vs. Хан шатырФуд-корт
Екі орталықта да атаулары бірдей тамақтану нүктелері бар, ал баға жағынан пәлендей айырмашылық жоқ. Жастар сүйіп жейтін KFC екеуінде де бар. Бірақ «Керуеннің» фуд-корты әлдеқайда кең, соның әсерінен еркін тыныстайсың десең де болады. Қаңғыр-күңгір шуы да азырақ. Ұлттық нақыштағы әдемі залы — достармен кездесуге таптырмайтын орын. Бірнеше үстелдерді қосып жіберіп рахаттана уақыт өткізуге болады.
«Хан шатырда» қымбат та әдемі мейрамханалар көбірек, бірақ қандай да бір романтикалық немесе іскерлік кездесу үшін өз басым қаламыздағы қаптаған жекелеген мейрамханаларды таңдар едім. Сондықтан бұл жағынан басымдықты «Керуенге» беремін.

«Керуен»-«Ханшатыр» 3:2.


Ая, қала тұрғыны: «Екеуінің де атауы мен үшін ерекше сауда орындары. Алайда алғаш көргенімде «Керуеннің» ішкі дизайны, қазақы нақышы таң қалдырған болатын. Себебі Алматы, өзге қалалардан мұндай нақыштағы қоғамдық орындарды кездестіре бермейміз. «Керуенде» кездескен таныстарымның жақсы болғандықтан ба «Керуен» қолайлы, тамағы дәмді көрініп тұрады. «Хан Шатырдың» іші ала көлеңке, шулылығымен мені тез-ақ шаршатып жібереді. Өзім Астана қаласына жақында келгендіктен де артықшылық-кемшілігін біле қоймаған болармын.»

ОҒМ жазбалары: Астана қонақтарының назарына: Керуен vs. Хан шатырҚызмет
Екі сауда орталығында да автотұрақ бар. Банкомат, түрлі терминалдармен қамтамасыз етілген, авиа және теміржол кассалары, фотосалондар бар. «Керуенде» «Galmart», «Хан шатырда» «Green» гипермаркеттері бар. «Керуенде» «Халық банк» болса, «Хан шатырда» «Цеснабанк».
Айырмашылығы, «Хан шатырда» бұларға қоса кір жуу, киім тігу, кілт жасату, аяқ-киім шеберханасы тектес қызметтер қарастырылыған. Сондықтан бұл тұрғыда ұпайды «Хан шатырға» бергім келіп отыр.

Нұржол, қала тұрғыны: «Хан шатыр» жақсы. Себебі, онда жақсы сауда бутиктері бар және қолжетімді. Үлкен. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, аттракцион, тамақтану орындары, супермаркет және қажет болатын қызмет түрлерінің арнайы орындарына баруға болады. Мәселен, телефон операторлары, интернет операторлары, банктер.»

Сонымен, «Керуен»-«Хан шатыр» 3:3.


Достық жеңді деуші ме еді мұндайда? Қарап тұрсаңыз бірінен бірінің артық-кемі жоқ, айырмашылықтары ғана бар. Бәрі де тек тұтынушылардың қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Қайда баруды өзіңіздің мақсатыңызға байланысты таңдайсыз.

Сауда сәтті, қыдырыс тәтті болсын!

Алғашқы екі сурет интернеттен алынды
Әрі қарай

Сезімім неткен менің кіршең еді

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Сезімім неткен менің кіршең еді

Сезімім неткен менің кіршең еді!
Бір жанады өзіңе, бір сөнеді.
Көзден кетсең, көңілден кететіндей,
Бұл сезім менен де өткен дүмше ме еді?..

Сезімім неткен менің кіршең еді!
Жаралаудың боп аппын шын шебері…
Өзгеге бұйырып жүр
Менің үшін
Сен жайған дастарханның күлшелері.

Дер едім жаным сенсіз мұң шегеді,
Мұң шегеді, сол мұңнан гүл семеді.
Бірақ өзім сезімге сенбей тұрсам,
Сені сүйем дегенге кім сенеді?

Дер едім уайымымның бір сен – емі.
Бірақ бұл сезім неткен кіршең еді!
Ұқпайтын сенің аппақ пейіліңді
Қабылдауың керек ал кімше мені?

Шарасыз екенімді білсең еді…
Кешірші. Сезім үнсіз тұрса – өледі.
Қайтемін, бағынбайтын дүние ғой,
Бәрінің де бар шығар бір себебі…
Әрі қарай

Миллионер болам десең ғылым қу!

Біздің университетте ғалымдардың өз «ғылымиадасы» бар. Иә, иә, олар да жылдың басынан бастап желтоқсанға дейін ғылыми мақала жазып, фавориттері жыл соңында ақшаға қарық болады. Бірақ мақаланың сапасын арнайы комиссия бағаламайды және сапа мақалаға қойылған «лайк» санымен анықталмайды. Мұндағы көрсеткіш – мақала жарық көрген журналдың импакт-факторы.

Импакт-фактор дегеніміз не?
Импакт-фактор (ағылш. impact – «әсер», factor – «коэффициент», «көрсеткіш») —ғылыми журналдың сандық көрсеткіші яғни «авторитеті» болып табылады. Қандай да бір журналдың биылғы 2014 жылғы импакт-факторы сол журналда 2012-2013 жылдарда жарияланған мақалаларға жасалған сілтемелер санын сол жылдары жарияланған мақалалар санына бөлумен есептеледі.
Қандай да бір журнал деп айтқаным әрине артықтау, себебі бұл басылымдардың нақты тізімі бар және оны америкалық Thomson Reuters компаниясы «Journal Citation Reports» қосымшасының көмегімен жасайды. Олардың басым көпшілігі ағылшын тілінде екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Қазақстандық бір де бір журнал әзірге бұл тізімде жоқ. Әйтсе де үмітсіз шайтан ғана.
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
Мұндай басылымдарға мақаланы «өткізу» оңай емес. Тіпті сол журналдың редакторымен әлдебір шетелдік конференцияда танысып, «фуршеттес» болсаңыз да ол сіздің шимайыңызды өз журналында басып шығарады деген сөз емес. Себебі ол алдымен журналдың беделін ойлайды және оның импакт-факторының төмендеуін қаламайды. Керісінше әр қабылданған мақала журналға жасалған сілтеме мен дәйексөз келтірулерді арттыра түсуі керек. Тіпті мақаланың басылымға қабылдану-қабылданбауын көп жағдайда редактор шешпейді, себебі әр түскен мақала тәуелсіз рецензенттерге жіберіледі. Ал рецензенттер ретінде сол саланың майын ішкен азуы алты қарыс ғалымдар тағайындалады. Мақаланың ғылыми маңызы мен оған жұмсалған еңбекті солар анықтайды. Кейбір журналдардың мақаланы қабылдау мерзімі 2 жылға дейін барады.
Осы бір импакт-фактор соңғы жылдары еліміздегі ғалымдардың және жалпы ғылымның халықаралық дәрежедегі әлеуетін анықтайтын басты көрсеткіш болып тұр. Ең аяғы PhD қорғау үшін де тым құрығанда 1 мақалаңыз импакт-факторлы журналда жарияланған болуы керек. Бұл талап негізінен PhD бітіруші жас ғалымдардың сапасын арттыру үшін қойылады дегенмен бір жағынан Қазақстан атынан импакт-факторлы журналдарға шығатын мақалалар санын көбейту үшін жасалған қулық сияқты, ИМХО.

«Ақша – басты қозғаушы күш»
Ғалымдарының импакт-факторлы журналдарда жариялаған мақала санының көбеюі университеттің де беделін көтере түседі. Сондықтан кез-келген ЖОО, ғылыми орталық бұл санның неғұрлым жоғары болуына мүдделі. Осы мақсатта біздің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2010 жылдан бері импакт-факторлы журналға жарияланған әр мақала үшін сыйақы тағайындау дәстүрге енген. Осыған орай ғылым бөлімінің бастығы Әсел Сейпішеваны сөзге тарттым.
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
«Университет ғалымдарға жарияланған мақалалары үшін журналдың импакт-факторына байланысты 50 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы береді. Сыйақы тағайындау туралы арнайы бекітілген ережеміз бар, содан ауытқымаймыз. Әлбетте, бұл ғалымдар үшін жақсы мотивация, жылдан-жылға сапалы мақала жазатын ғалымдар саны артып келеді. Олардың ішінде жас ғалымдар да бар».
Ал енді соңғы үш жылдағы мақалалар санының өсуін көре қойыңыз:
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
Миллионер болам десеңіз...
ЕҰУ бойынша, тіпті жалпы Қазақстан бойынша бұл көрсеткіштен ең бірінші орында тұрған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұл екен. Ағамыз халықаралық жоғары импакт-факторлы басылымдарда бас-аяғы 103 мақала жариялапты! Соңғы екі жылда жарияланған мақалалары үшін 10 миллиондай сыйақы алған екен.
Миллионер ғалым болудың құпиясын білу үшін көрші корпусқа Рәтбай ағайды іздеп бардым. Ол кісіні орнынан табу қиын болмады. Түскі асқа бармастан кабинетінде жұмыс істеп отыр екен.
«Мұнда тұрған ешқандай құпия жоқ, қызым. Кейбір әріптестерім «сен бір мықты канал тауып алғансың, сол арқылы мақаланы түйдек-түйдегімен шығарып жатырсың» деп әзілдеген болады. Бұл жерде еңбек пен табандылық қана қандай да бір нәтиже бермек» деді ол.
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
«Негізгі мақсат ақша болмаса да оның стимул беретінін жоққа шығаруға болмайды. Бұрын жылына 3-4 импакт-факторлы мақала жариялап тұратынмын, ал қазір жылына 40 мақалаға дейін барады».
Әңгіме соңында өзімнің де жас ғалым екендігімді айтып едім, бірден «импакт-факторлы мақалаң бар ма?» деп сұрады. Биыл өліп-талып біреуін әзер шығарғанымды қысылып айтқанымда, «Несі бар, жастар үшін бұл да жақсы нәтиже. Әлі талай биікті бағындырасың. Тек осы қарқыныңнан тайма, ғылымды тастама!» деп батасын беріп шығарып салды. «Әумин!» дегеннен басқа не дейміз?
Әрі қарай

Саннан сапаға өту үшін бұрынғы қателіктерді қайталамау керек

БлогКэмп осымен 4-ші рет өтейін деп жатыр. Демек артта біраз тәжірибе қалды деген сөз. Сол бұрынғы қателіктерді, кемшіліктерді қайталамай, биыл атына заты сай Құрылтай өтсе екен деп тілеймін.

BlogCamp: Саннан сапаға өту үшін бұрынғы қателіктерді қайталамау керек

Менің ойымдағы БлогКэмп — блогерлердің жәй жиыны. Бір бірімен оффлайнда танысу, қауышу, тәжірибе алмасу, араласу, бірге көңіл көтеру. Ал біздің көретініміз қандай БлогКэмп? Бұрын қандай қателер жасадық?

Ресмилік
Лауазымды тұлғалар, меморган басшылары, қоғам қайраткерлерін шақырып, оларға сөз беріп тым ресмилендіріп жібердік. Қарапайымдылық жоқ. Тым байсалды болып кетті.

Формат
БлогКэмпты көп адам ІТ-форумдармен шатастырып кетті. Ұсынатын, тыңдағысы келетін тақырыптар да блогосфера аясынан шығып кететін тақырыптар. Ондай ІТ тақырыптар үшін Шымкенттегі TechX, Астанадағы АИФ жеткілікті сияқты. Блогкэмпта блогерлер өз жазу техникаларымен, жарнамалау әдістерімен, пост жазу барысында қолданатын онлайн сервистер туралы, мультимедиа құралдары туралы әңгімелегенін қалар едім.

Контингент
Тақырыптан тым алыс жүргендердің келгенін қаламас едім. Блогосферамыз мықты болуы үшін алдымен элитар орта құрылуы тиіс. Жұрт сол шеңберге кіруге талпынуы керек. Сапа сол кезде артады.

Ынталандыру
Старт-аптардың не үшін өтетінін түсінбедім және солардың нәтижелерін де көрмедім. Егер демеушілерден түскен қаражат бар болса оны Алматыдағы алғашқы Құрылтайдағыдай түрлі номинациялар бойынша блогерлерге бөліп беру керек. Осындай ынталандырулар қажет.

Шығындар
Ұйымдастырушылар келушілердің жол және жатын орын шығындарына бас ауыртпаулары қажет деп ойлаймын. Әркім өзі үшін келетін болғасын әркім өз мәселесін өзі шешуі қажет. Шығындар мейлінше азайтылса біреуге тәуелділіктен де, жоғарыда айтылған ресмиліктен де құтылуға болады. Өткізетін орын, кофе-брейк, атрибутика шығындарын жергілікті органдарсыз-ақ 1-2 демеушінің көмегімен өткізуге болады деп ойлаймын.
Әрі қарай

Бердібек Уэлс. "Көлеңкемен төбелес"

Преәлгібула

Бірде інімді спорт мектебіне тапсырайын деп жатсам. «Тегін-ақ, қатыса берсін. Тек мен де бір Хард-әдебиетке әңгіме айтайынш деп едім!» деді спорт мектебінде барлық спорт түрінен жаттықтырушы боп жүрген Бердібек. Менің сенімсіздігімді бетімнен оқып қойған Бекең:
Әрі қарай

Пыртфолио. Ақләйлек Эванджелиста.

Мұндай күйде адам бір-ақ рет, жақсы, үш рет бола ма деймін.

Жаңадан ашылған гипермаркетті — оның дүкеншілерімен бірге зерттеп жүргем. Сүттер әлі де көкөніспен, сабындар әлі де
Әрі қарай